Патша өкіметінің көші-қон саясаты туралы


Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   

ЖОСПАР

Кіріспе1

Патша өкіметінің көші-қон саясаты1

Жер мәселесі10

Қорытынды15

Қолданылған әдебиеттер тізімі16

Кіріспе

Шіркін қазақтың жері кең ғой, бірақ оған қызықпаған мемлекеттер аз. Жоңғарлармен талай арпалысып жеңіп шыққанымен әлсіреп қалған елімізге Ресей самұрығы келіп қонды. Арпалысып жүріп 150 жылда әрең жаулап бітті, бірақ Кене сынды хандарымыз қасық қаны қалғанша оларға қарсы тұрды.

Осындай оңтайлы сәтті тауып орыс империализмі біздің даламызға шаруаларды қоныстандыру арқылы жерімізді тартып ала бастады. Мұның асқынып кеткен жылдары тың мен «Кіші Қазан» зобалаңы десек, Столыпиннің аграрлық саясаты кезеңінде де орыстар көптеп қоныстанды. Бірақ түбегейлі саясатқа айналды.

Ресей боданында тіпті елдігімізден біржола айырылып қала жаздадық. Қазақ өз жерінде азшылыққа ұшырап, дініміз жойылып, тіл, мәдениет, салт-санамыз тіптен ахуал - тіршілігіміздің өзі жатқа айналып бара жатты.

Патша өкіметінің көші-қон саясаты

Әскери-казактық отарлау. Қазақстанның көп ұлтты құрамы өлкені үнемі және жүйелі түрде отарлау саясаты нәтижесінде қалыптасты. Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің қоныстануы:

1) Патша өкіметінің көші-қон саясаты,

2) Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты негізінде жүзеге асты.

Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің қоныстану тарихы әр түрлі кезеңде жүзеге асқан миграциялық үрдістерге байланысты. Миграция бір мемлекет көлемінде алғанда - ішкі және сыртқы болып бөлінсе, белгілі бір мерзімдік белгілері бойынша - уақытша, қайтып оралмайтын (“Бір бағытқа ғана алынған билет”), маусымдық, сағат тілі (маятник) тәріздес болады. Ал жүзеге асыру формаларына қарай: ұйымдасқан, стихиялы, өз еркімен және күшпен жүргізілген миграцияларды бөліп көрсетуге болады.

ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап Қазақстанның көп ұлтты аймаққа айналу үрдісі басталды. Қазақстан аумағына көшіп келу әр кезеңде әр түрлі сипатта жүрді: әскери-казактық отарлаудан жаппай шаруалардың қоныс аударуы қозғалысына ауысты. Ал Кеңес өкіметі тұсында да көші-қон саясаты жалғаса берді. Қазақстанның көп ұлтты құрамы жер аударылған кулактармен, сталиндік қуғын-сүргін және депортацияға ұшыраған халықтармен, тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендермен, Одақтық ведомствоаралық өкіметтің ұйғаруымен және басқа келушілермен толықты.

Қазақстан жеріне басқа ұлттардың алғаш келіп қоныстануы ХVІ ғасырдан бастау алады. Бұған дейін де Алтын Орда мен Орыс мемлекетінің арасында болып тұрған екі жақты барыс-келістер туралы айта кеткен жөн. Ал казактық отарлау Украинадан, Ресейдегі басыбайлылық қанаудан қашқан шаруалардың казак еркін жұртына қосылып, Жайық пен Ертіс өңіріне келуінен басталады. Бұл “еркін адамдар” (казактар мен татарлар) қашқын, босқындар баю мақсатында, жаңа жерлерді тартып алу мақсатында келе бастады.

Тегі түркілік болып табылатын славян казактары ХVІІІ ғасырдан бастап І Петр тұсында орыс мемлекетіне түпкілікті бағынды. Казактар христиан дінін қабылдап, орыстанып алғаннан кейін, Ресейдің геосаяси стратегиясын жүзеге асыруға белсене қатысты.

Жергілікті халықтардан тартып алынған ұлан-байтақ жер иеліктерін, балық аулайтын сулы-нулы өңірді, тұз және басқа кәсіпшілікті уысында ұстай отырып, әр түрлі артықшылықтарға ие болған казактар империя шебіндегі патшалық тәртіптің сенімді тірегі болды. Тарихтың қатал шындығы казактардың қаналған халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарын аяусыз басып-жаншитын патшалықтың екпінді күшіне айналғандығын айғақтайды.

Қазақстан аумағында құрылған Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу казактарына Оралдың, Солтүстік Қазақстанның, Ертістің және Жетісудың ең құнарлы, шұрайлы жерлері бөлініп берілді. Қазақтар осы аймақтағы қыстауларынан, жайылымдық, шабындық алқаптарынан айырылды.

Ермактың Сібір хандығын жаулап алуы “бос жатқан” қазақ жеріне шаруалар, саудагерлер, кәсіпкерлердің ағылуына жол салды. Қазақстанға жалпы саны 200 мыңдай казактар келіп қоныстанды.

Казактық отарлаудан кейінгі әскери-әкімшілік отарлау кезінде тірек пункттер есебінде әскери қоныстар бой көтерді. Бұл қоныстардан әскери шептер пайда болды. Бастапқы кезде әскери қоныстар Орал, Ертіс сияқты өзен арналарын қамтыды. Осындай қозғалыстың үдере жүргізілгендігін қала бекіністерінің тез өскендігі дәлелдейді. Мәселен, бекініс есебінде 1640 ж. Гурьев қалашығы, 1613 ж. Орал бекінісінің, 1716 ж. Омбы қаласының, 1718 ж. Семей, 1720 ж. Өскемен, 1752 ж. Петропавл қалаларының, 1735 ж. Орынбордың негізі салынды. Осылайша ХVІІІ ғасырдың орта тұсына қарай әскери бекіністердің ұзын дәлізі қалыптасты. Содан кейін де өлкенің ішкі аудандарында тұрақты әскери бекініс құрылыстары жүргізілді. Орта және Ұлы жүз аумағындағы ХІХ ғ. бірінші жартысында ашылған округтік приказдардың орталығы есебіндегі бекіністерге әскери адамдармен қатар қоныс аударушы казактар мен шаруалардың келуі үздіксіз жүріп жатты. Тек 1714-1864 жылдардағы әскери әкімшілік отарлау кезінде 100 мыңдай адам қоныс аударып келді.

Алғаш бекіністерге орналастырылған казактардың жағдайының ауыр болғандығын мына деректен аңғаруға болады. Сібір әскерінің қолбасшысы, генерал Шпрингер 1763 ж. сенатқа хабарында казактардың тұз шығару, отын тасу, пошта жүргізу, баржаларға жүк тиеп-түсіру, мал бағу, жер жырту, қол диірмен тарту, қамалдар құрылысын жүргізу және оны жөндеу сияқты барлық жұмыстарды атқаратындығын айта келіп, Сібір казактарының санын және төлемақысын көбейтуді ұсынады. Олар кейбір жағдайда орыс шаруаларынан яғни қолдан жасалған казактармен толықтырылып отырды (“Выписные казаки”) . Казактар мен шаруалардың көші-қон саясаты алғашында басып алынған мол аумақта берік табан тіреу мақсатын көздеді. Ал бұл міндетті тек казак қоныстары арқылы ғана толық орындау мүмкін емес еді. Сондықтан Ресей империясының әкімшілік билігін нығайту мақсатында шаруалардың қоныс аударуына кең жол салынды.

Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуы, негізгі кезеңдері. Оңтүстік Қазақстанды әскери отаршылдық жолмен өзіне қосып алған Ресей өзінің саясатын алыстағыны көздейтін саяси мүдделерін басшылыққа ала отырып жүргізе бастады. Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталғаннан кейін миграциялық ағымдардың отаршыл сипаты айқындала түсті.

Қазақстанның ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы этнодемографиялық құрамының өзгеруіне қоныс аудару қозғалысы зор ықпал етті. Патша өкіметінің көші-қон саясатының әлеуметтік-саяси салдарлары өте ауыр болды.

Қазақстан тарихында қоныс аудару қозғалысының кезеңдері туралы біржақты пікір жоқ. Дегенмен, қоныс аудару қозғалысын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады: 1) 1861-1885 жылдар; 2) 1886-1905 жылдар; 3) 1906-1917 жылдар.

Қоныс аударудың бірінші кезеңі. Жүз мыңдаған орыс, украин, белорус шаруаларының Сібір, Қазақстан және Орта Азияға қоныс аударуы Ресейдің аграрлық саладағы саясатымен тікелей байланыста дамыды. 1861 жылғы реформадан кейін Ресей самодержавиесі жер мәселесін помещик-дворяндардың пайдасына шешіп берді. Помещиктер шаруаларды “азат ету” барысында олардың бұрын пайдаланып келген жерінің басым бөлігін тартып алды. Себебі 1861 жылғы реформадан кейін помещиктер өз пайдасына шаруалардың реформаға дейін өңдеп келген жерінен кесінді алуға құқықты болды. Кейбір губернияларда шаруалар жерінің 1/3, тіпті 2/5 бөлігін помещиктер тартып алды. Сонымен қатар, жер үлесі үшін тым жоғары өтемдік төлемдер талап етілді. Жер тапшылығынан шаруалар помещиктерден, қазынадан жерді жалға алуға мәжбүр болды.

Демек жер тапшылығының шиеленісуі, “азаттық” алған шаруалардың қайыршылық күйі, құрғақшылық, орта шаруалардың кедейленуі, өтемдік төлемдер мен салықтардың ауыртпалығы шаруалардың туған жерлерін тастап, Оралдың арғы жағынан жер мен “жақсы өмір” іздеуге мәжбүр етті. Кейбір зерттеушілер, мысалы А. А. Кауфман қоныс аударудың басты себебін жаңа шаруашылық жүйесіне бейімделе алмаудан, жер құнарлығының төмендігінен деп түсіндіреді. Ал шаруаларда топырақтың құнарлығын тыңайтқышпен қайта қалпына келтіруге қаржы да, құрал-сайман да жоқ еді.

Әуелгі кезде патша үкіметі шаруалардың шет аймақтарға қоныс аударуына қарсы болып, шектеулер қойып көрді. Алайда 1891-1892 жылдардағы Ресейдегі аштыққа байланысты өз бетімен еркін қоныс аудару көлемінің өсуіне орай, патша үкіметі қоныс аударуды заңдастырып, ырқында ұстауға тырысып бақты.

Жетісу облысының губернаторы Г. А. Колпаковскийдің басшылығымен 1868 ж. “Жетісуға шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелер” қабылданды. 1883 жылға дейін өз күшін сақтаған бұл ереже бойынша жан басына (ер адам) 30 десятина мөлшерде жер белгіленіп 15 жылға алым-салықтардан босатылды.

Ал 1883 ж. қабылданып, 1885 ж. бекітілген ережеде Жетісу облысына жаңа келушілер мен Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер үшін жаңа нормалар бекітілді. Енді жан басына берілетін жер үлесі 30 десятина емес, 10 десятина болып белгіленді, бірқатар жеңілдіктер енді 3 жылға дейін ғана сақталды. Ресми деректер бойынша 1861-1885 жылдары Орал арқылы 300 мың қоныс аударушы келген.

Қоныс аударудың екінші кезеңі. Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамындағы өзгерістер. 1889 жылғы 13 мамырдағы “Ережеде” село тұрғындары мен мещандарын Тобыл, Том губерниялары мен Жетісу, Ақмола, Семей облыстарына өз еркімен қоныстандыру белгіленді. Үкімет қоныс аударуға шектеулердің кейбіреулерін алып тастады. Дегенмен ресми түрде қоныс аударғандардан гөрі өз бетімен келгендердің ағыны үздіксіз өсе түсті. Шаруаларды қоныстандыру Ақмола, одан соң Жетісу, Семей, Орал, Торғай облыстарында ХІХ ғасырдың 60-жылдарының ортасынан басталып, 1892 ж. Сібір темір жол комитеті құрылғанға дейін жалғаса түсті. Ақмола облысында 1870-1895 жж. 87 шаруа қоныстары пайда болып, отырықшы халық саны шаруақоныс аударушылар есебінен 2 есеге артты.

Әсіресе қоныс аударушылардың басты легі Жетісу өлкесіне келді. Сырдария облысының Шымкент, Ташкент, Әулиеата уездерінде орыс, украин шаруаларының 1884-1892 жылдар аралығында 37 қонысы болса, 1906 жылға дейін Түркістан өлкесінде қоныс аударушылар қонысы 137-ге жетті, Жетісу облысынан 752 мың десятина жері, Сырдария облысының 160 мың десятина жері жергілікті тұрғындардың еркінен тыс тартып алынды.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Еуропалық Ресей мен Украинадан мигранттардың келуі есебінен халықтың ұлттық құрамы өзгерді. Қазақ, қырғыздармен бірге орыс, украиндар, татарлар, тәжіктер, түрікмендер, башқұрттар, шуваштар, қараноғайлар, армяндар саны өсе түсті.

ХІХ ғасырдың 70-жылдарында орыстар мен украиндар барлық Қазақстан мен Қырғызстан тұрғындарының 8%-ын (246, 9 мың) құрады. Бұдан барлық облыстарда жергілікті тұрғындардың бірден-бір жоғары үлес салмағын анық байқауға болады.

1897 ж. Қазақстан тұрғындарының саны 4 млн 150 мың адамға жетті. Солардың ішінде қазақтар 3 млн 400 мың адамды құрады. Қалған 750 мыңдай адамдар басқа ұлт өкілдері болды. Орыс шаруаларының көбі Ақмола облысына келген. Сондай-ақ ең көп орыс және украин тұрғындары Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай уездерінде тіркелген. Торғай облысында да басқа ұлт өкілдерінің саны өсе түскені байқалды. Жетісу облысында басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағының өскендігі әсіресе Верный, Лепсі, Пржевальск, Пішпек уездерінде ерекше байқалды. Ал Сырдария облысында орыстар мен украиндардың үлесі жалпы халық санынан ең төменгі деңгейде болды.

Өлкенің негізгі тұрғындары - қазақтардың үлес салмағы төмендеп, 1897 жылдары 81, 7%-ға жетті. Ал орыстардың үлес салмағы жоғарыда көрсетілгендей - 10, 9%, украиндар - 1, 9% өсіп, татар, ұйғыр, өзбек сияқты ұлттардың да үлес салмағы арта түсті.

ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Жетісуға Құлжа өңірінен ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аударды. 1897 жылғы санақ бойынша ұйғырлар мен дүнгендердің саны 71 мың (56 мың ұйғыр, 15 мың дүнген) адамға жетті.

Қоныс аударудың үшінші кезеңі. Ресей экономикасындағы аграрлық дағдарыс патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатын күшейте түсті. Қазақстан аумағындағы артық жерлерді есепке алу мақсатында Ф. Щербина, В. Кузнецов, П. Румянцев экспедициялары жұмыс істеді. Экспедициялардың барлығы көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы қазақ тұрғындарына қатысты жер көлемін азайтып, болыстардың иелігіндегі “бос жерлерді” есепке алумен айналысты.

Ресей орталығындағы аграрлық қайшылықтардан шығудың жолын министрлер кеңесінің төрағасы П. А. Столыпин ойлап тапты. Ол 1906 ж. 6 қарашада шаруалардың қауымнан шығып, хуторға енуі туралы жарлық шығарды. Ол Ресейдің ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару үшін шаруалар қауымын таратты, сөйтіп қауымдық жерлерді кулактардың басып алуына жағдай жасады. Помещиктік жер иеленуді сақтауға тырысқан үкімет қоныс аударуға бостандық берді. Қоныс аудару саясатындағы бұл жаңа бағытқа көшуге 1905-1907 жылдардағы бірінші революция мен аграрлық толқулар өз ықпалын тигізді. Столыпиннің жарлығы негізінде шаруа өз үлесін сатып, еркін түрде басқа жаққа кетуге мүмкіндік алды. Осылайша Ресейдің орталық аудандарындағы әлеуметтік жіктелудің тереңдей түсуі күйзелген, жерсізденген шаруалардың миграциялық ағымының кең қанат жаюына әкелді.

1905 ж. қоныстандыру мәселесін реттеу мақсатында қоныстандыру мекемелері Басқармасы құрылды. 1905-1917 жылдардағы мекеменің он екі жылғы қызметі нәтижесінде бір миллионға жуық қоныс аударушылар жерге орналастырылды.

1908 ж. қоныс аударушылар толқыны ең жоғары деңгейге жетті. Жылына 665 мың қоныс аударушы келді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты қазақтардың шаруашылығына нұқсан келдірді. Тек 1906-1915 жж. Жетісу мен Сырдария облысындағы қазақтардан 2, 5 млн дес. жер тартып алынып, қоныс аударушыларға бөліп берілді. Қазақстанда тартып алынған жер 1906-1912 жылдар арасында 17 млн дес., ал 1917 жылға қарай 45 млн дес. жетті. Жеке меншік жүздеген учаскелер мен хуторлар бой көтерді. Патша офицерлері, кулактар, көпестер ірі жер учаскелеріне ие болды. 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі бірінші буржуазиялық-демократиялық революциядан кейін үкімет барлық шектеуді жойып, барлық шет аймақтарға қоныс аударуға жол ашып берді.

Осылайша ХІХ ғ. екінші жартысында Қазақстан тұрғындары көп ұлтты құрамының қалыптасу үрдісі белсенді түрде жүргізілді. Патша өкіметінің көші-қон саясаты әскери-казактық және әскери-әкімшілік отарлау саясатынан басталып, шаруалардың жаппай қоныс аударуына ұласты.

Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның көп ұлтты құрамы қалыптасуының қайнар көздеріне қысқаша шолу жасар болсақ, ХІХ ғ. 70-жылдарында казак әскерлерінен (Орал, Сібір, Жетісу) тұратын тұрғындардың құрамы қалыптасып үлгерді. Қазан төңкерісіне дейін олардың құрамы толықтырылып тұрды. Дегенмен 1870-1917 жылдардағы қоныс аудару Қазақстан тұрғындарының өсу динамикасына онша әсер ете қойған жоқ.

Ал қоныс аударушы шаруалар саны Н. В. Алексеенконың есептеуі бойынша, барлығы 44 жыл (1870-1914 жж. ) ішінде әр түрлі ұлт өкілдерінен 1 млн 200 мың адамға жетті. Қоныс аударушылардың ең көп бөлігі Ақмола облысына қарай ағылғаны байқалады. Барлық қоныс аударушылардың 56, 2%-ы осы облысқа келуінен шаруалардың саны 6 есеге өсті. Негізінен халықтың жалпы санының өсуіне табиғи өсім емес, миграциялық қозғалыс күшті ықпалын тигізді. Сонымен қатар, ХІХ ғасырдың соңында Украинадан келгендердің рөлі арта түсті. Мәселен, 1906-1912 жылдары тек Украинадан барлығы 300 мың қоныс аударушылар келген. Жалпы алғанда Қазақстан ХХ ғ. басында миграциялық ағым бойынша Сібір мен Қиыр Шығыстан кейінгі екінші орынға шықты.

Қазақстан халқы. ХХ ғ. басы Қазақстан халқы санының жедел өсуімен сипатталады. Ол жергілікті тұрғындардың табиғи өсуі, сондай-ақ, ішкі ресейлік губерниялардан келген миграциялық толқын арқылы жүрді. Тек 1877-1917 жылдар аралығында, яғни Ресей империясында жүргізілген алғашқы жалпы халық санағынан кейін жиырма жылдың ішінде Қазақстан тұрғындарының саны 25, 7%-ға өсті.

Мұндай өсу қарқыны жалпы өлке тұрғындарына тән болғанымен, оның негізгі жергілікті халқының жағдайы өзгеше-тін. Жиырма жыл аралығында қазақтардың Ресей империясы халықтары құрамындағы үлес салмағы 1897 ж. 3, 02%-дан 1917 ж. 2, 3%-ға төмендеп кетті. Ал Қазақстандағы қазақтар саны 1897 ж. 3384 мың адам болған болса, 1917 ж. 3615, 1 мың адамға, яғни жиырма жылда 231, 1 мың адамға ғана өсті.

Қазақ халқының демографиялық ахуалының нашарлауының бірнеше себептері байқалады. Біріншіден, көшпелі тұрмыс жағдайында түрлі жұқпалы аурулардың кең таралуы, ал дәрігерлік қызмет жүйесінің жоқтығы, соған сай өлім-жітімнің жоғары деңгейде болғандығы еді. Бұған 1916 ж. көтерілістен кейін патшалық жазалаушы күштері қолынан көтеріліске қатысушылармен қатар мыңдаған жазықсыз бейбіт тұрғындар (қарттар, әйелдер және балалар) қаза табуы өз әсерін тигізді. Орыс әскерінің қаһарынан ыққан мыңдаған қазақ отбасылары Қытай, Монғолия, Түркия және басқа елдерге көшіп кетті, тек Жетісу облысынан ғана 1916 ж. шет елдерге 150 мыңнан астам қазақ қоныс аударуға мәжбүр болды. Үріккен халықтың басқа елдерге көшуі Сырдария және Семей облыстарында байқалды.

ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. бас кезінде қазақ халқының басым бөлігі, яғни 70%-ы оңтүстік және батыс аймақтарында орналасты. Сырдария және Жетісу облыстарында 1897 ж. 1, 2 млн қазақ, яғни өлкедегі халықтың 36, 0%-ы тұрды. Бұл көрсеткіш 1917 ж. 34, 3% болды. Батыс аймақта (Торғай және Орал облыстары, Ішкі орда және Маңғыстау өңірі) 1917 ж. қазақтардың 35, 4%, Шығыс және Орталық Қазақстанда 17-18%-ы, ал Солтүстік Қазақстанда - 13%-ы өмір сүрді. ХХ ғ. бас кезінде Қазақстанның барлық аймағында қазақ халқының үлес салмағы кеми түсті.

Қазақ халқының өз еліндегі үлес салмағының кемуіне әсер еткен негізгі жағдай империяның ішкі аудандарынан орыс, украин және басқа ұлттар өкілдерінің Қазақстанға қоныс аударуы еді. Столыпиннің аграрлық реформасы нәтижесінде империяның шет аймақтарына қоныс аударғандардың 24, 9%, яғни төрттен бір бөлігі (1301, 4 мың адам) Қазақстанға келді. Соның нәтижесінде 1917 ж. Қазақстандағы орыс және украиндар 1745 мың адамға жетіп, өлке тұрғындарының 29, 4%-ын, яғни үштен бір бөлігін құрады. Олардың үлес салмағының бұл өсу қарқыны бұдан кейінгі жылдарда да сақталды. ХХ ғ. басында Қазақстанда аталған халықтардан басқа татар, ұйғыр, өзбек, дүнген, мордва және басқа халықтардың да өкілдері өмір сүрді.

Қазақстан тұрғындарының 90%-ы ауылдық жерде тұрып, мал және егін шаруашылығымен айналысты. 1917 жылға шейін Қазақстандағы қалалардың саны 28-ге жетті. Олардың бесеуі, яғни Шымкент, Әулиеата (Тараз), Түркістан, Перовск (Ақмешіт) және Жаркент көне қалалар санатына жатты, ал қалғандары Ресей құрамына енгеннен кейінгі уақытта қалыптаса бастады. Қала тұрғындарының басым бөлігі орыс, қазақ және татарлар болды.

Жер мәселесі

Жоғарыда баяндалғандай қазақ жерінде казак-орыс қоныстарын құру, әскери бекіністер салу патшалық биліктің қазақ жерін отарлауындағы бастапқы өтпелі кезең ғана еді. Ресейде 1861 жылғы 19 ақпанда жарияланған орыс шаруаларын кіріптарлықтан босату жөніндегі реформалық шаралардан соң патшалық билік Қазақстан сияқты империяның шет аймақтарына жерсіз орыс шаруаларын мейлінше көбірек қоныстандыру әрекетіне көшті. Мұндай шара арқылы үкімет өзара тығыз байланысты екі мақсатты көздеді. Біріншіден, реформалық шараларды іске асыру барысында ішкі губернияларда қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті жерге мұқтаж орыс шаруаларын Қазақстан және басқа отарлық тәуелділіктегі аймақтарға қоныс аударту арқылы бәсеңдету болса, екіншіден, қоныс аударушы орыс және басқа еуропалық тұрғындарды жаңа қосып алған аумақта өзінің саяси-әлеуметтік тірегіне айналдырып, солардың көмегімен жергілікті отарлық билікке қарсы күштерді басып, болашақта отарланған жұртты орыстандыру арқылы оның этностық аумағын біржола империяның географиялық құрамдас бөлігіне айналдыру еді.

Мұндай аса маңызды мемлекеттік шараның заңды негізі де жасалды. 1868 ж. 21 қазанда патша бекіткен “Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша ереженің” 210-бабы бойынша “қазақтар қоныстанған жер мемлекет жері есептеліп, қазақтарға қоғамдық пайдалануға беріледі” деп көрсетілді.

1886 ж. 12 маусымда бекітілген “Түркістан генерал-губернаторлығын басқару жөніндегі Ереже” Сырдария және Жетісу облыстарындағы қазақ жеріне байланысты 1868 жылғы Ереженің баптарын қайталады. Оның 270-бабында: “Көшпенділердің қоныстары орналасқан мемлекет жерлері, олардың дәстүрі мен осы Ереже баптары негізінде мерзімсіз уақытқа көшпенділердің қоғамдық пайдаланылуына беріледі” делінді. Бұл осы уақытқа шейін тек қазақ еліне ғана тиесілі, басқа көрші мемлекеттер соның ұлттық меншігі есебінде мойындап келген қазақтардың атамекенін Ресей үкіметінің зорлықпен тәркілеуі еді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстандағы демографиялық процестер туралы ақпарат
Патша өкіметінің көші-қон саясаты
Әскери-казактық отарлау
Қазақстанға қоныс аударушыларды орналастыру:мақсаты, әдісі, салдары
Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістері: тарихи-демографиялық аспект (1917-1991 жж.)
Қазақ ұлтының негізін құраған қайнар көздер
ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРАТЫН ӨЗГЕ ҰЛТТАР МЕН ЭТНОСТЫҚ ТОПТАР
Қазақстанның XX ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Отарлық қоныстандыру саясатының күшеюі. Столыпин аграрлық реформасы
Қазақтардың басты тауары - мал мен мал шаруашылығы өнімдері
Қазақстан халқының КСРО уақытында ашашрылқта болған жағдайы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz