Тас дәуіріндегі Қазақстан


Тас дәуіріндегі Қазақстан
(б. з. б. 2, 6млн - б. з. б. 3мың ж. )
Адамзат тарихы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұзақ-ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Ол тас дәуірі, мыс (қола) дәуірі және темір дәуірі болып үш кезеңге бөлінеді. Ежелгі тас дәуірі адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл кезде адамның жерден бауырын көтеріп, екі қолдың еңбек әрекетіне бейімделуі іске асты. Мұның өзі алғашқы адам іспеттес тіршілік иелерінің күнкөріс үшін тас құралдарын жасауына мүмкіндік берді. Осы құралдардың қалдықтары адамзат баласының ең ұзаққа созылған тас дәуірінің уақытын шартты түрде белгілеуге негіз болды.
Алғашқы адам басқа ірі жыртқыштарға қарағанда әлсіз болды, өйткені адамның күшті тістері мен тырнақтары болған жоқ. Оның есесіне алғашқы Гоминидтер еңбек құралдарын жасау мен қолдану арқылы сол әлсіздіктерін білдірмеді. Тас ең ұзақ қолданылған құрал болды, ол осыдан б. з. д. 2, 5 млн. жыл бұрыннан б. з. д. 5 мың. жылға дейін адамзат техникасында басты орын алды. Бұл кезеңді археологтар тас ғасыры деп атап, оны екі кезеңге бөлінеді: Палеолит (ерте тас ғасыры) және Неолит (жаңа тас ғасыры) . Олардың арасындағы өтпелі кезеңді Мезолит (орта тас ғасыры) деп атады.
Батыс Еуропаның материалдары негізінде құралған классикалық схема бойынша ежелгі палеолит үш дәуірге: дошелль, шелль, ашель болып бөлінеді. Орта палеолит соңғы ашель, мустье, ал соңғы палеолит ориньяк, солютре және Мадлен болып айырылады.
Ерте палеолит дәуірі.
Қазақстан аумағындағы ежелгі адамдар іздері ерте палеолит (б. з. д. 800-140 мың ж. ) кезеңіне жатады. Бұл дәуір - 600 мың жылдан астам уақытқа созылды.
Ерте палеолит дәуірі алғашқы адамдардың тас еңбек құралдарын жасай білуі, аң аулау, терімшілікпен айналысуы, тобыр болып бірігуі, хайуаннан еңбек құралдарын жасауы нәтижесінде бөлектенді. Климаттың жылы және құрғақ болуы.
Ерте палеолит дәуірінде тас құралдар жасау тәсілі-жарып түсіру техникасы, яғни малтатас мәдениеті деп аталады. Тасты жару үшін жұмыр тас қолданылды. Солтүстік Балқаш өңірінің Семізбұғы мекенінен 1611 тас құрал табылды. Алғашқы еңбек құралдарын ғалымдар чоплер және чопплинг деп атайды. Алғашқы дәуір ашель дәуіріне сәйкес келеді.
Орта палеолит дәуірі.
Орта палеолит дәуірінде (б. з. д. 140-40 мың ж. ) ежелгі адамдар оңтүстікте Қаратау жотасынан солтүстікте Есіл өзенінің жоғарғы ағысына дейін, батыста Сарысу өзенінің орта ағысынан шығыста Ертіс өзенінің жоғарғы ағысына дейінгі аралықты мекендей бастады.
Бұл дәуір от алуды үйрену, алғашқы діни сенімнің қалыптасуы, аналық рулық қоғамның белгілерінің байқала бастауы, неандерталь адамның пайда болуымен ерекшеленді.
Осы кезеңде тас өңдеу әдісі жетілдіріле түсті. Еңбек құралдарын жасау тәсілі - нуклеустік. Дөңгелек өзектастың (нуклеус) шетінен
ортасына қарай жару арқылы тас жарықшақтарын алу. Қырғыш - ең негізгі құрал.
Мустьер дәуірінде қауымның бастапқы нысандары шыға бастады. Мустьерліктер өлген адамның аяғын бүгіп, бір қырымен жатқызып жерлеген. 1938ж. Өзбекстанның оңтүстігіндегі Тесіктас үңгірінен 8-9 жасар неандертальдық баланың қаңқасы табылған. Мустьер кезеңінің археологиялық ескерткіштері Оңтүстік Қазақстаннан, Батыс және Шығыс Қазақстаннан табылды. Орталық Қазақстаннан табылған ескерткіштердің ең көнесі - Обалысай тұрағы.
Кейінгі палеолит дәуірі.
Бұл кезең уақыты: бұдан бұрынғы 35-30 мың жыл - 12-10 мың жылдар аралығы. Бұл - адамзаттың кең тарап қоныстанған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың құрылған кезеңі.
Кейінгі палеолит дәуірінің ерекшелігі, қазіргі адамға ұқсас-кроманьондықтың қалыптасуы, жеңіл найза (дротик), ілмекті сүңгі, болас жасап, баспана сала білуі, өнер мен діни сенімнің дамуы, аналық рулық қауым белгілерінің орнауы.
Бұл дәуірде еңбек құралдарын жасау әдістері одан әрі жетілдірілді. Бір нуклеустен бұрынғыдай 2-4 қалақ емес, 10-даған жұқа өткір тіліктер алынды (пышақ тіліктер) . Тас өңдеу әдістері де жетілдіріліп, тастарды түзету (ретушь) арқылы өңдейтін болды. Тас құралдарын жасау тәсілі - ретушьтік. Осы кезеңде еңбек құралдарының 20-ға тарта түрі болған. Болас-оқ есебінде қолданылатын домалақ тастар. Ірі жыртқыш аңдарды аулағанда пайдалалынған. Кейінгі палеолит алғашқы қауымның толысқан нысандарының қалыптасуымен сипатталады.
Қоғамдық қатынастар жетіліп, адамдардың бірлескен ұйымының алғашқы түрі - аналық рулық қауым қалыптаса бастады. Бұл- матрилиниялық (ана жағынан есептелген) және матрилокалді (ана жағымен тұйықталған) сипатта болды.
Кейінгі палеолит дәуіріндегі адамдар үңгірлер қабырғаларында жылқы, аң аулау сәттерін және би қимылдарын бейнелеген. Сүйектен адам мүсінін ойып жасай білген, әсіресе рудың пірі болып саналатын әйел-ана бейнесі кең тараған. Жануарлардың бас сүйектерін, ортан жіліктерін саз әуен құралын жасарда пайдаланған. Күрделі діни сенімдері - жерлеу кезінде әшекейлік заттарды көму, денеге қызыл бояу жағу.
Қазақстаннан осы кезеңге тән баспаналар табылған жоқ, қазақстандық ежелгі адамдар таулы аймақтардағы үңгірлерді, үңгіме қуыстарды және жартас қалқасын баспана еткен. Үшінші Қарабас тұрағынан 172 порфириттен жасалған заттар, Ертістегі Шүлбі тұрағынан 5000 тас құрал табылды. Негізгі шикізат - халцедон, яшма, шақпақ тас, тау хрусталі.
Мезолит тұрағы.
Мезолит кезеңі шамамен 7мың жылға созылды. Бұл кезең аз зерттелген, сондықтан Қазақстан жерінен табылған ескерткіштер де сирек (20 шақты тұрақтар) .
Бұл дәуірде климат жылынып, мұз еруі басталды, ірі жануарлар азайып, кішігірім аң-құстар пайда болды, жебелі садақ, бумеранг, балық аулау құралдары, қайық шықты, дәнді дақылдарды өсіруге қадам жасалып, жануарларды қолға үйрете бастады.
Мезолит дәуірінің ең маңызды өнертабысы - садақ. Ол 10мың жылдан астам уақыт бойы ең тез атылатын қару болды.
Аңшылық үшін неғұрлым жетілдірілген қару түрлері қажет бола бастағандықтан жебелі садақ пен бумеранг ойлап табылды. Садақтың доғал және домалақ ұштары терісі бағалы аңдардың терісін бүлдірмей аулау үшін қолданылды. Осымен қатар уланған немесе өртегіш жебелер де кең пайдаланылды. Шебер садақшы минутына 20 оқ атты. Садақ оғы 80-100м, күрделі садақ оғы 450м жетті. Садақ пен жебенің пайда болуынан бастап шағын адам топтары мен жеке аңшылар аңшылықпен айналыса алатын болды.
Тас өңдеу әдісі жетілдіріліп, пышақ тілгіштерге ағаштан сап орнату шықты. Балық аулау кең тарап, қайықты ойлап тапты.
Мезолит дәуірінде адам көптеген жерлерді игерді: Еуропа мен Азия, Сібір, бірте-бірте Америка материгі.
Қазақстанда бұл дәуірдің ескерткіштері негізінен солтүстік және орталық аймақтарда кездеседі. Алғашқы аңшылар солтүстікке Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай, Орал өзендерінің бойына қоныс аударды.
Неолит дәуірі.
Бұл кезеңде экономикалық және қоғамдық өрлеу бастады:
- Жабайы жануарларды қолға үйрету. Жер өңдеудің қарапайым түрімен айналысу. Шаруашылық еңбек қалыптасып, өнім өндіру.
Ғылымда бұл құбылыс «Неолит төңкерісі» деп аталады.
Бұл дәуірде жерді өңдеу, мал шаруашылығымен айналысу, қыш ыдыс (керамика) жасау, тігін тігу, кен өндірумен айналысты. Ал неолит дәуірінің басты ерекшелігі - өнімді еңбектің пайда болуы.
Бұл кезең - тас өңдеу техникасының әбден жетілген кезі. Адамдар тасты кесуді, жонуды, жылтыра тегістеуді меңгерді. Еңбек құралдарын дайындаудағы ірі жаңалық - тас сыналар (микролиттер) жасау. Тастың тұтқыр түрлерінен балта, кетпен, келі, келсап, ал граниттен дән үккіштер жасады.
Кен өндірудің алғашқы белгілері пайда болып, мыс, алтын, қорғасын өндіру шықты. Солтүстік-Шығыс Балқаш маңынан табылған құралдар яшма мен кварциттен жасалған. Ботай тұрағынан (Солтүстік Қазақстан) табылған жертөледегі жылқы сүйектері жабайы жануарларды қолға үйрету ісінің басталғандығын дәлелдейді. Сексеуіл тұрағынан (Арал өңірі) табылған жылқы, сиыр мен қой сүйектері де осыны растайды. Сүйек өңдеу жетілдіріліп, біз бен ине жасап, жүннен, өсімдік талшығынан мата тоқып, киім тігуді үйренді.
Неолиттік ежелгі адамдардың жерлеу дәстүріндегі өзгерістер: Железинка ауылы (Солтүстік Қазақстан) маңынан табылған қабірде өртелген мәйіттің күлі (кремация) болған. Қайтыс болған адамды өзі өмір сүрген тұрағында жерлеген.
Бұл дәуір - тайпалар мен тайпалық бірлестіктер құрылған кезең.
Қазақстан жерінде 600-ден астам неолиттік және энеолиттік ескерткіштер бар. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай 4 түрге бөлінеді:
- Бұлақ бойындағы тұрақтар.
- Өзен жағасындағы тұрақтар.
- Көл жиегіндегі тұрақтар.
- Үңгірдегі тұрақтар.
Қазақстанның шөл даласындағы неолиттік ескерткіштердің
ерекшелігі- ашық үңгірлердегі тұрақтар.
Атбасар мәдениетінің тұрақтары шоғырланған жер - Атбасар ауданы (Ақмола обл. ) . Таралған аумағы: Есіл өзенінің аңғары - Қазақтың ұсақ шоқылы өңірінің солтүстік-батысы. (б. з. б. VII мың ж. аяғы - VI мың ж. басы) .
Келтеминар мәдениетінің (б. з. б. IV мың ж. аяғы - II мың ж. басы, Қазақстан және Орта Азия территориясындағы мәдениет) батыс-қазақстандық варианты ерекше болып саналады. Бұл мәдениетке жататын қоныстар 1989-90 ж. ж. Атырау облысынан табылған Шатпақкөл, Құлсары - II-IV, Шаңдыауыл, Қайнар, Сарықамыс т. б. тұрақтары.
Мақанжар мәдениетінің көпшілігі Торғай ойпатының түбінде жатыр.
Энеолит дәуірі.
Энеолит дәуірі - тастан жасалған еңбек құралдарының ығыстырылуы және мыс еңбек құралдарының жасалуы, климаттың ылғал болуымен ерекшеленеді.
Адамзат баласының металдан жасалған құралдарды игере бастауы энеолит (мыстытас) дәуірінен басталады.
Бұл кезеңде металл біз, қашау тәрізді құралдар, бір жүзді пышақтар, иінді бұрғылар пайда бола бастады. Тері өңдеуді тездетуге мүмкіндік беретін бүйірлі қырғыштар басым болды. Ыдыстар саз балшықтан жасалып, оған геометриялық қарапайым әшекейлер салынған. Ыдыс жұқа болса сыйымдылығы 6-7 литрге дейін жеткен.
Энеолит дәуірінде климат ылғалды болып, ірі сүт қоректілер көбейе бастады. Бұл аңшылықты күшейтті. Ботай қонысында 70 мың жылқының сүйегі табылды. Жерлеу ғұрпы мен символдық заттар тотемизмінің, ата-бабаларға табынудың болғанын көрсетеді. Мәйітті қоныстағы ескі тұрғын жайға жерлеп, айналасына қабырғаларды жағалата жылқының бас сүйектерін қойған.
Ботай мәдениеті Ақмола облысындағы Ботай бекеті жанындағы қоныстың атымен аталған. Бұл мәдениет Солтүстік Қазақстанның далалық энеолитін сипаттайды. (б. з. б. III-II мың ж. аралығы) .
Қола дәуіріндегі Қазақстан
(б. з. б. 18-8ғ. ғ. )
Біздің заманымыздан бұрынғы екі мың жылдықта мал және егіншілік шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсібі дами бастады. Мұның өзі Қазақстан жеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды өзгертуге жол ашты. Мал өсіруші тайпалар ірі және қуатты бірлестіктер құрды. Бұлардың арасында әр түрлі себептермен келіспеушіліктер болып, қарулы қақтығыстар да орын алды. Қару енді жабайы аңдарды аулау үшін ғана емес, сонымен қатар тайпалардың соқтығыстарында да жиі қолданылды, қару жасау бірте-бірте металл өңдеудің дербес саласына айналды.
Б. з. б. 2мың жылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола - әр түрлі өлшемдегі мыс пен қалайының, кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балқу температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі болып келеді. Ол еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылады. Қазақстан жерінде түсті металдар өңдеуге, әсіресе, мал өсіруге мықтап көңіл бөлінген. Сөйтіп, б. з. б. 2 мың жылдықтың аяғында - 1мың жылдықтың басында дала халықтары шаруашылықтың жаңа түрі - көшпелі мал шаруашылығына ауысады.
Қола дәуіріндегі экономикалық басты-басты екі бағыттағы: мал шаруашылығы мен металл өңдеу кәсібі.
Қола дәуірінде Сібірдің, Қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ далаларын тегі және тарихы тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар бір үлгідегі, бір-біріне ұқсас мәдениет қалдырды. Олардың қалдырған ескерткіштерінің табылған жері Сібірдегі Ачинск маңындағы Андронов селосының атымен аталатын «Андронов мәдениеті».
Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі - Қазақстан жері. Археологиялық деректерге қарағанда, Андронов мәдениеті дәуірінде халықтың басым көпшілігі отырықшылықта өмір сүрді. Өзеннің, көлдердің жағасында жайылымы мол жерлерге орналасқан рулық-патриахаттық отбасылардың үйлері мен үлкен жер төлелері болған. Олардың жанынан әр түрлі шаруашылық жайлар мен мал қамайтын орындар салынған. Өйткені, бұл кезде мал бағу кәсібі басымырақ болды. Тайпалар малшылық-егіншілікпен аралас шұғылданды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz