Жаз жаны қандай жомарт


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   

Биiк бәйтеректер терең тамыр тартады

Адам - құдайдың құлы, пайғамбардың үмбетi . . .

Қай кезде де жұмыр басты пенденiң тiршiлiк танымына қатты қызығып, оған оң қабақ танытып, бүйрек бұрып қайырлау таудың Мұхаммедке келуiндей орасан оқиға. Мамыражай өмiр өзенiнiң кенет тас-талқан, бұрқ-сарқ қайнап, кенерiнен асып-тасуы ғажап алапат көрiнiс болып, төбе-шашты тiк тұрғызғанмен асау сезiмдi жiбек жел желпiп өткендей. Ұзақ уақыт бойы мәжуси-шамандықтан ислам қағидаттарына ауысқанда бұлқыныс болмаса, қара халық онша қасiрет қамытын кимедi. Көшпелi күйiнде өктем мезгiл уағызын мойындағандай. Дала мәдениетi көп нәрсенi күн нұрындай бойына сiңiрдi. Мұсылмандықтың таза табиғаты тұрмыс-тiршiлiкке оңтайлы келiп, одан болмыс қойнауындағы ұшқындауға дайын қоз-қоламтаны әлдекiм бiртүрлi көсеп жiбергендей.

Әрқашан гүл күнге қарап ашылады! Адам мен жер тағдыры астасып ұштасып кеткенде қыртыс пен терең қабаттардан сүзiлiп шыққан қуатты қайнарлар кездейсоқ сарқылуы мүмкiн бе? Қаймағы әлi бұзыла қоймаған қазақ жанын ислам әлемi айқарғалы қашан. Ғаламат ғасырлар сыр шерте ой шалқары шайқалып, сезiм шымырлайды. Көктен түскен қасиеттi төрт кiтап (Зәбiр, Тәурат, Iнжiл, Құран) тәжiрибелердi жинақтап, имандылық иiрiмдерiне бойлатып, әдеп пен әдет әлiппесiн алға тартты. Қайсысының да жасампаздың жаратылысын нәзiк тап басып таныған ата-бабалар адаспай, Аллаһтың ақ жолын таңдауы таңқалдырады, бұл қайталанбайтын құбылыс. Қазiргi жарты миллионнан астам қандас қаракөз шаласауат шоқынған жастардың күнi үшiн шөре-шөре күн кешiп, басқа дiн ағымдарының жетегiнде жүргенi ерiксiз жаға ұстатады. Таным тайыздығын көрсетiп, жад жадау тартып, таза түйсiктi соқыр тұман тұмшалауы шығар. Тiлiмiз кәлимаға келiп тұрғанда жиi қайталайтынымыз: бiз - құдайдың құлы, пайғамбардың үмбетiмiз, iншалла!

Ұлттың сөз өнерi ұдайы соны ту етiп, асқақ рухтай биiк көтердi. Егер жалғыз жаратқанның мың есiмi болып, соның 99-ы аталса, олар қазақ поэзиясында аз көрiнiс тауып жүрген жоқ. Жiтi зер салған кiсi оларды қапысыз байқар едi. Пәлсапашы Ғ. Есiм “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” эпосын тек ескерткiшке сiлтеме жасай келiп, бiр орайда Қозы бөлек, ал, Баян басқа дiнде едi деген асығыс тұспал жасайды. Бiздiңше, жыр жаратылысында бұл байқалмайды. Хақ тағаланың ныспысы “Қозы Көрпеште” (Жанақ нұсқасы) - 127 рет, (Шөже нұсқасы) - 31, “Алпамыс батырда” - 23, “Қамбар батырда” - 30, “Қыз Жiбекте” - 67, “Қобыланды батырда” - 65, “Ер Тарғында” - 25 мәрте қайталануы жәй темiрқазық қайырма емес туынды тұтастығын ұстап тұрған ұстындай дәреметтi дәнекер.

…Баянның барады ендi дәуiрi өтiп,

Құдай қойды байғұсты әуре етiп.

Күнi-түнi зар қылып тiлегенде

Баба Түктi Шашты Әзiз келдi жетiп, -

деп “Қозы Көрпеш-Баян сұлудың” бiр кейiпкерi өзеуреп мiнәжеттi басынан өткерсе, өзге дастандардағы оқиғалар да соған ұқсас өзектен өрiлiп, өрбiп жатады. Ер Едiгенiң оныншы ұрпағы Ер Тарғын туралы әлқисса “Қырымда қырық мың мешiт бар едi” деп басталуының өзi одан әрi не болар екен деп құмарттырып, тосын құлақты елең еткiзедi. Тек көшпелiлер ғана емес, XIX ғасырда ескi Еуропаның ең таңдаулы зиялы қауым өкiлдерi де исламның ибасы мен инабатын көрсетiп, адамзат үшiн аса мәңгiлiк мазмұнын атап өттi. “Бiздер, Еуропа халықтары мәдениетiмiздiң айрықша дамығанымен, хазiрет Мұхаммедтiң ұлылығының ең бiрiншi сатысында ғана тұрмыз, - деп жазды бар табиғатымен үлкен тұлғаға риясыз тағзым етiп Гете - оған ешқандай шүбә келтiруге болмайды. Және бұдан кейiн де одан ешкiмнiң аса алуы да мүмкiн емес”.

Бұл өмiр мәңгiлiгiн мойындау. Биiк бәйтеректер терең тамыр тартқаны құнарлы топыраққа түскен дәннiң дәреметiн танытпай қоя ма? Бұл адамзат өркениетiне өгей құбылыс еместiгiне меңзейдi.

Бiз, табиғаттың еркебұлан перзенттерi түздiктер, жағамыз жайлау, бодандықта аяқ-қолымыз байлау болып жүрiп тау мен дала қасиетiн әншейiнде бiле беремiз бе? Сол сапарда айқын көзiм жеттi . . .

Күн шуағын жер бетiне мөймiлдетiп құя салғандай. Жаз жаны қандай жомарт! Тау iшiне рауан реңк кiрiп, қырмызыдай құлпырып, жайнап кетiптi. Сәндiтал, қараағаш, жыңғыл, жалбыз, жусан, шағыр мен алуан шөптiң қою исiне елiтiп, құйқылжытқан құстар үнi ерiксiз елеңдетедi. Қаратауды талай мәрте көрiп жүрiп, дәл мұндай керемет кейпiн кездестiрген емеспiн. Тәкен аға (Әлiмқұлов) екеумiз салт атпен бiр апта бойы армансыз аралағанда, оның көркем көркiне көз тоймай, көзге оттай ыстық басылатын бiртүрлi сұлулығына сұқтана беремiн. Барған сайын тау құшағы қырық құбыла ашылып, жанаттай жалт-жұлт етiп ажарланып шыға келiптi. Үп еткен самал желпiген Үсiктас желкесiндегi жотада отырып, өткен-кеткенге ой жiберiп, Бүркiттiнiң үстiмен Құрттыбұлақ пен Есектiбұлақты кесiп өтiп, Жылыбұлаққа қарай құлдап келе жатырмыз. Баба Атадан шыққан бұлақ пен шыққан соқпақ Баба Түктi Шашты Әзiздiң кесенесiне ат басын бұрғызды. Бұл Т. Әлiмқұловтың талай-талай шиырлап, шаңдағына аунап, шағылын шарлап жүрген жерлерi. Ақбөкен андыздап, қарақұйрық қаптаған қыр: Мырзабай даласы, ар жағы Үшкөкше құмы, одан соң Бетпақдала мен Сарыарқа. Бәрiн-бәрiн бетегесiне дейiн зердеге тоқып келемiн. Ол да ойға шомып, әлдененi есiне алатын шығар. Оқыс ол Лермонтовты жатқа оқыды. Не үшiн?

. . . Анам менiң ұлан-ғайыр кең дала,

Әкем болса, шексiз-шексiз көк аспан.

Одан кейiн ұзақ үнсiз қалды. Анда-санда көңiл хошы келгенде артына бұрылып тiл қатып қояды. “Сол жақта атышулы Баба Түктi Шашты Әзiздiң күмбезi қалып барады” деп жазды ол бiр хикаятында. Менiң мiнген қарагер құнаным тау-тасты тосырқап, сүрiншектеп, баяу басады. Әлдеқайдағы қашықтан бұлдыраған сары сағым арасында Қорқыт Ата күйлерi күмбiрлеп, Ықыластың қара қобызы сарнап тұрғандай. Сағынышты саз оятып, Сүгiрдiң аққу қанат домбырасы сұңқылдайды. Ол ыстық ынтазар әлди әуендi Төлеген, Файзолла мен Генерал iлiп әкетiп жатқандай. Қаратаудан үзiлмей көш келедi әлi. Уақыт көшi!. . Соған Баба Түктi Шашты Әзiздiң көне кесенесi үнсiз куә болып, заманалар желi ұйытқып соққандай.

Баба Түктi Шашты Әзiз! Түгел түркi рухи әлемiнде оған соқпай кететiн жыр, дастан, әфсана аңыз бар ма?!.

Ана бiр жылы түнде адасып жүрiп, Темiрқазыққа қарап жол таппай, Мұхтар Әуезов данаға бiткен кең жазық маңдайымен қасқайып тұрып, осында тыныстап, зиярат етiп, бұл қасиеттi топыраққа тәу еткенi көз алдына келедi. Кейiн бiр келгенде Сәбит Мұқанов та баба басына арнайы ат басын бұрып, әруақты әспеттеп, тұлғаларға тағзым еткенi, ендi жырақ жаңғырықтай. Күш атасы Қажымұқан да бұнда келiп бас иген. Ары-берi өткенде халқымыздың бiртуар азаматы Дiнмұхамед Ахметұлы да iштей сыйынып, киелi кесенеге бұрылмай кеткен кезi кемде-кем. Бұл қасиеттi құт мекенге келiп-кеткендер қаншама! Әлi жанына жалау, шуақ пен қуат iздеп, көңiлге медет тiлейтiн жандар қисабына кiм жетiптi? Әлiмсақтан солай. Қай ұлттың рухи өмiрiн алсақ та, алдымен қаһармандық пен сұлулықты марапаттап, ерлiк пен елдiктi әспеттеп жатады. Мәңгiлiк асыл мұраттар көкейдi нұрландырып, маздап тұратыны содан шығар, бәлкiм. Бұлардағы бекзат әулиелер бейнелерi, түсте аян беру қыдырма сюжет салдары болса да, басты-басты оқиғалар өрбуiне септiк тигiзiп, әлуеттi ықпал ететiнiн айтпау мүмкiн емес. Қазақ батырлар жырының алтын қайнарында тұрғандар шөп те өлең, шөңге де өлең дей бермей, ел-жұртына қаһарман болып, қиын-қыстау күнде құрбандыққа елгезек дайын тұратын жаужүрек жандардың елсүйер елдiгi мен баһадүр батырлығын таңуды таңға ұрып жырлап, тамаша тәлiм-тәрбиеге тамызық тұтатып, үстiнен құс ұшырмай, қадiр-қасиетiн қатты дәрiптейдi, қастерлейдi. Бұл -асқақ ой, асыл сезiм “Қамбар батыр”, “Алпамыс батыр”, “Қобыланды”, “Ер Едiге”, “Ер Тарғын”, “Ер Қосай”, “Шора батыр” және басқалар да негiзгi арқау болып тартылады. Олардың бәрi де қолдан-қолға көшiп, жүрек тербеп, бiрнеше нұсқада айтылып, тарам-тарам оқиғалар бас кейiпкердiң айналасына шоғырланып, батырлар ел мен жердi қорғауда көзсiз ерлiк жасайды. Мәселен, ақыл мен жыр кенi Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға Едiгенi былай таныстырады:

Ұлы атасын мен айтсам,

Баба Туқлас қарт едi.

Қағбада патшалық құрған нарт едi.

Халық арасындағы небiр жауһар жақұт пен гауһарларды сүзген де, түзген де зиялылар әулетiнiң iрi өкiлi Қаныш Сәтбаев болатын.

“Шоқан бастап жиған осы Едiге батырдың әңгiмесiнде де тарих, әдебиет жақтарынан қарағанда, қазақ ескi сөздерiнiң iшiнде маңызды орын алуға лайық деп бiлетiндiгiм үшiн оның жыр уәзiндерi мен толғауларын тiзiп, жазу түрiн қазақшалдыруды (жаңа харiпке көшiрудi - А. ) дұрыс деп таптым, - ол 1927 жылы Мәскеуде жарық көрген “Ер Едiге” жинағының алғысөзiнде осылай толғайды. Көпшiлiк қашан да әдiл, тура айтады, онда бұлталақ болмайды. Бiреудi сүйсе, оны тым ардақтайды, бойына жапсырмайтын қасиетi болмайды: теңiздей терең ақыл, болаттай берiк қажыр, таудай биiк дәреженiң бәрiн де оның басына үйiп-төгедi. Едiге осындай ел сынының шын сүйген, шын ардақтаған ерлерiнiң бiрi”.

. . . Мұрын Сеңгiрбайұлы жырлаған “Қырымның қырық батырында” түп-тұқиянын тексерген Сыпыра жырауға Едiге өзiн таныстырғанда бүй дейдi:

Атам атын сұрасаң,

Ала тайлы Аңшыбай.

Баба Түктi Шашты Әзiз

Аңшыбайдың баласы.

Шашты Әзiздiң баласы

Барпария сұлтан хан едi,

Өз әкемдi сұрасаң,

Құттықия бек едi,

Өз атым Едiге . . .

Кiм болса да ол тарихи тұлға. Үлкен Кеңес анықтамалығында қанқұмар етiп көрсетiп, қасақана қиянат жасап, тақ-тұқ қысқа қайырады:

“Едiгей (1352-1419), Ақ Орданың әмiрi Маңғыт тайпасынан шығып, Ноғай ордасының негiзiн қалады. 1399 жылдан Алтын Ордаға билiк жүргiздi. 1408 жылы Руське қарсы жорық жасады . . . Едiгенiң шынайы тарихи тұлғасы эпостағы мiнездеуге сәйкес келе бермейдi”. Иә! Едiгенiң бiр басына жететiн қарама-қайшылығы қыруар. Алайда, оның жеке дара жаужүректiлiгi, әйгiлi әскербасылығы мен марқасқа мәмiлегерлiгiн баса айтпай кетуге болмайды. Тек жалғыз Мәскеудi бiрнеше мәрте өртеп жiбергенi үшiн жазығы жоқ. Ежелден әдебиетте әсiрелеу, бейнелеу мен суреттеуде әр түрлi көркемдiк тәсiлге жол берiлуi бек мүмкiн екенiн кiм терiске шығарады? Бiрақ, ел зердесi мен жүрегiндегi ер Едiге шын мәнiндегi шым-шытырық шайқастарда шарболаттай суарылып, шамырқана шыңдалған құрыш кейiпкер. Ол айтты деген нақыл, ол шештi деген дау-дамай тек құр қиялдан тумағаны ақиқат. Елi сүйген жiгiт сұлтаны қалай шалқыса да жарасады:

Құмкент шәрi қасында

Баба Түктi Шашты Әзiз

Менi сонда тауып ап,

Едiге деп ат қойғанда,

Едiге атым құрысын . . .

Мiнезi қандай өр! Сөзi қандай кесек! Болмыс-бiтiмi бөлек жан ғана осылай тау суындай ақтарылады. Дала дауылындай долырады.

. . . Жер жүрегi мәңгi лүпiлдейдi. Болашақ тағдырына алаңдайтын шығар. Оның бетiне небiр алпауыт мемлекеттер келiп, кетiп жатады. Атлантида сияқты мұхитқа iзiм-қайым жұтылып кеткендерi де бар. Еуразия кеңiстiгiндегi Алтынорда да мүлде iз-түссiз жоғалған жоқ. Аты бiржолата өшкенменен, құрылықтар, халықтар, ұлттар, ұлыстар мен адамдар тағдырында терең iз қалдырып, тарихқа айналды. Қаратау қойнауының терiскейiндегi көне Құмкентте ат жалын тартып мiнiп, Ұлытауда ақырғы тыныс тапқан есiл Едiгенiң атағы да сол Алтынорданың дәуiрлеу мен құлдырау кезеңiмен тұстас келедi.

Кiмсiң Едiге десе Едiге едi. Едiге (орысша Едиге, Идигу, Идике) ешқашан ұмытылмайтын тарихи тұлға болса да, оның ғұмырында ақиқаттан гөрi аңыз көп. Не ықылым хиссалар, дастандар мен толғауларда айтылатын әулие Баба Түктi Шашты Әзiздiң бұл баласы (кейде немересi дейдi) 1352 жылы дүниеге шыр етiп түсiп, итарқасы қияндағы Едiл мен Жайықтың арасын емiн-еркiн ен жайлап, 1419 жылы көзi жұмылып, талқаны таусылып, кебiн кигенше iрi кiсiлiк келбетiн танытып, даңқы жер жарып өттi. Қаршадайынан қағынып бес қаруын мойнына асынып, ата жолын қуып, Сырдың суы сирағынан келмей, жұлығынан кешiп, әйгiлi әмiр болып, қисапсыз қарақұрым әскер басқарып, қуыршақ хандардың бiрiнен кейiн бiрiн ауыстырып бақ қондырып, таққа отырғызып, талайының басынан бағын тайдырды.

. . . Халық жыры Тоқтамыспен ат құйрығын шорт кесiсiп кетiп, ашу қысып, қаһарына мiнген, кесек кейiпкердi солай суреттейдi. Бұндай өр мiнез, тек бiрбеткей өжет марқасқа жандарға ғана тән.

Бiр кезде қос құрылық Еуропа мен Азияның бiрнеше мемлекетiн аяғынан тiк тұрғызып тiтiрентiп, билiктiң биiк шыңына шыққан Алтынорда, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, қырым татарлары, башқұрт және өзге көне түркi тайпалары мен рулары қоныс еткен керегесi кең, шаңқан шаңырақты, “керегесi алаш, ұраны - алаш” жалпақ жұрт едi. Олардың құрамында көшпелiлер де, отырықшылар да бар болатын. Бату (1256 ж. ө. ), Берке (1257-1266 ж. ж. ), Мөңке Темiр (1266-1280 ж. ж. ), Туда Мөңке (1280-1287 ж. ж. ), Төле Бұқа (1287-1291 ж. ж. ), Тоқты (1291-1312 ж. ж. ), Өзбек (1312-1342 ж. ж. ), Жәнiбек (1342-1357 ж. ж. ) хандар кезiнде ол нағыз шарықтау шыңына жеттi. Мәдениетi өркендеп, кең қанат жайып, өмiрдiң басқа салаларында да тамаша табыстарға жеттi.

Жошы баласы Батудың әулетi ұлы хандықтың алтын қайнар бастауында тұрып, оны 130 жылдан астам уақыт басқарса, Беркеден кейiн жиырма жыл iшiнде Орда Ежен, Шайбақ және Тоқай Темiр ұрпақтарынан кейiн кезек-кезек он бес хан аласапыран ауысты. Өмiр өгей, опасыз болатын. Айрандай ұйып, мейманасы асып отырған Алтынорданың дәуренi өтiп, күнi көкжиекке қарай еңкейiп батып келе жатқан едi. Қуаты кетiп, шала-жансар кесiрткедей әлсiрей бастаған мемлекет 1391-1395 жылдарғы Әмiр Темiрдiң тегеурiндi соққысынан кейiн тiптi ес жия алмай, қатты тұралап, ақыры ыдырап тынды. Бiр кездерi дүркiреп тұрған алып ел Қазан, Қырым, Сiбiр, Астрахан қазақ хандықтары мен Үлкен Ноғай ордасына бөлiнiп, өз алдына кiшi-гiрiм отау тiгiп, жеке-жеке күн кешiп кеттi. Қанша ел iргесiн тастай бекiтiп, шаңырағын шайқалтпауға тырысып, әлуеттi әрекет еткенмен, бiр кенеуi кеткен шаруаның бұрынғы қалпына келуi екiталай. Қайран кете бастағанын сезгендей, ендi Едiге Хорезм маңайына дейiн жорық жасап, Үргенiштi жаулап алып, Темiр әулетiнiң өкiлдерiмен жұлқысып, шайқасып, кейде мерейi үстем түсiп жатқан кезi де болды. Ақыры өзiне оңаша бұзау көксеген ұрпақтар жаңадан Үлкен Ноғай ордасын құрып, бiр-бiрiнен билiктi қызғанып, тұқымы тұздай құрып тынды. “Жыланды қанша кессе де, кесiрткелiгi әлi бар”. Бұл үрiм-бұтақтың бiр жағы Әбiлқайырды қолдаса, ал, ендi бiрсыпырасы Керей мен Жәнiбектiң жанынан табылып, әлi күштi болатын. Бауыры Бақастың басын Қожас өлiмге қиса, Қожасты Бақас бидiң балалары Мұса мен Жаңбыршы қысастық жасап, қапияда ажал құштырды. 1555 жылы Сары Жүсiптi (Сүйiнбикенiң әкесi) туысы орыстардың қолжаулығы әнжi Смайыл өлтiрдi. Бұнда кiсәпiрлiкпен қоса, сайқал саясаттың салқыны жатыр, әрине.

“Егер Алтынорданың құлауына бiрден-бiр себепкер Темiр болса, соған жанталаса ықпал еткен Алтынорданың атақты мансапқоры әрi жансызы Едiге мырза едi. Билiк тiзгiнiн ол қолына алғаннан кейiн ұдайы арандатып, хандарды қақпақылдай ауыстырып, сәл оңтай ретi келгенде алмастырып отырды, - қазақ зиялысы тарихшы, темiржолшы Мұхамеджан Тынышбаев өзiнiң “Қазақ халқының тарихында” тоқ етерiн осылай тұжырады. - Оның саясатын ұстанған ұрпақтарының кезiнде де хандар тағдырымен ойнау үйреншiктi дағдылы әдетке айналды. 1419 жылы Едiге мен Тоқтамыстың ұлы Қадiрбердi дүние салған соң Алтынорда ханы болып, Тоқай Темiрден тараған Ұлы Мұхаммед таққа отырды”.

Алайда, Едiгенiң ел үшiн еткен еңбегiн, қажымас қайраткер, сара саясаткер болып, ерен ерлiгiн қалыс қарсыластарының өзi де амалсыз мойындап, ақиқаттың ала жiбiн аттамайды. Оның алдында бәрi құрдай жорғалады. Тағы да тамыз. 1399 жылғы 12 жұлдызында Барысқылы (Борскла) өзенiнiң бойында Литва кнәзi Ойтопыт (Витовт) пен тақтан тайдырылған Тоқтамыстың бiрiккен қалың қолы шабынған бурадай құрыштай шеп құрып жатты. Оған Едiге аз күшпен қарсы шығып, дұшпандарын дала тәсiлiне салып, тас-талқан етiп жеңiп, әскери өнердiң үздiк үлгiсiн көрсеттi. Сонда оны қандай ұғым жетеледi екен? Кейде тiптi, кедiр-бұдыр жаза беретiн орыс тарихшысы Н. М. Карамзиннiң (Қара мырза) өзi де бұндайда шындық шырайын бүркей алмайды:

“Керек болса, Шыңғысхан да, Бату да мұндай жеңiске жете алған жоқ . . . Егер түрiк пен татар халықтарының тарихын зерттеп көрсең, олардың қаһарман да қайсар, дарынды, бiрақ, бiрлiгi жоқ ел екенi аңғарылып тұрады”.

Қанша ғайбаттағанмен, Едiге мырза Алтынорда дәуiрiнде аз тер төккен жоқ. Ол уақытша болса да батыс пен шығыс арақатысын тепе-тең сақтап қалуға бар жан-тәнiмен қызмет еттi. Жастық қызуы басылып, ақыл-парасат тоқтата бастаған шағынан ел мен жер, айналасының қамын жеуге бел байлады. Күнi кеше ғана қырғи қабақ болып қырқысқан Литва кнәзiне үш жампоз бен жиырма жетi жүйрiк жiберiп, үш бу хатты жолдауы соны көрсетедi:

“Бек ғұзырлы кнәздiң назарын мынандай жәйттерге аударғым келедi. Екеумiздiң де ақырғы күндерiмiз таялып, өз өмiрiмiздiң екiндiсiне жуықтап тұрмыз. Қалған ендiгi қысқа ғұмырымызды ынтымақ пен бейбiтшiлiкте өткiзсек қайтедi? Бiздiң жанжалдарымыз бен лағынеттерiмiздi жел ұшырып әкетсе екен. Осыған дейiн арамызда болған алауыздық пен дұшпандық отқа күйсiн! Кезiнде бiз екеумiздiң елдерiмiз арасында өршiген өрттi топан су өшiргенi игi . . . ”.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Екі қабат әйелге қамқорлық
КӨҢІЛДІ МЕРЕКЕЛЕР ЖӘНЕ ҚЫЗЫҚТЫ ЕРТЕҢГІЛІКТЕР
Ғали Ормановтың табиғат туралы өлеңдеріне әдеби талдау
Ыбырай Алтынсариннін білім философиясы
Қазақ балалар поэзиясының көрнекті өкілі Т.Молдағалиев шығармашылығын зерттеу
Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұрасының мағыналық, көркемдік, ағартушылық құндылығы
Молдағалиевтің балаларға арналған өлеңдерінің өзіндік ерекшеліктері
Тұманбай Молдағалиевтің балаларға арналған өлеңдерінің басты тақырыптары
Тұманбай Молдағалиевтың балалар әдебиетіне қосқан үлесі
Халық педагогикасындағы отбасы тәрбиесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz