КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ, ХАЛЫҚТАР ДЕПОРТАЦИЯСЫ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 12 бет
Таңдаулыға:   
2. КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ. ХАЛЫҚТАР ДЕПОРТАЦИЯСЫ
Соғысқа дейінгі кезеңдегі саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы.
Социалистік заманда Қазақстанды, Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-
қайсысы да сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси
қуғын-сүргіннен сау қалған жоқ.
Кеңес өкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері
ғана емес, тұтас бір халықтар — сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына
жатқызылып, тарихи Отанынан күштеп жер аударылды.
Депортация — латынша deportatіo — “қуғындау”, “көшіру” деген мағынаны
білдіреді. Халықтар депортациясын белгілі бір ұлт өкілі адамдарының белгілі
бір іс-әрекеттеріне байланысты елден қуылуы деп түсіну қажет. Ал шет тілден
енген сөздер сөздігінде “депортация” — қылмыстық және әкімшілік жаза
ретінде мемлекеттен қуылу, көшіру, жер аудару деп көрсетілген.
1920—1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіп-қондыру — сталиндік қуғын-
сүргіннің негізгі құрамдас бір бөлігіне айналды. Жалпы КСРО-да депортацияға
ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 млн адамға жетті. Ең
көп орын алған жаппай қуғын-сүргіндік миграциялардың КСРО-да төмендегідей
түрлері қолданылады:
— Этностық белгілері бойынша депортация (“жазаланған халықтар”,
“шекараларды тазалау”, “сенімсіз халықтар”).
— Әлеуметтік-таптық белгілері бойынша депортация (1934 жылға дейінгі
кулактарды жер аудару) кезінде келгендерді арнайы көшірілгендер
(спецпереселенцы) деп атады.
— Саяси мотивтер негізіндегі 1934—1944 жж. көшірілгендерді “еңбек
қоныстарындағылар” деп атады. 1944 жылдан бастап “арнайы қоныс
аударылғандар” деген атау қолданылды.
Жоғарыда аталған күшпен жүргізілген депортациялардың ішінде мерзімі
жағынан большевиктік, әлеуметтік-таптық геноцид бірінші болып жүзеге
асырылды. Кубань казактары, зиялылар, діни адамдар алғашқы большевиктік
тәжірибенің құрбанына айналды. Одан кейін кулактар мен байларды тап ретінде
жою басталды. Оларды үш санатқа бөлді. Солардың ішінен екінші санатқа
жататындарды КСРО-ның алыс аудандарына жер аудару көзделді. Жоспарлы түрде
әкімшілік күшпен алып келіп қоныстандырудың мұндай ауқымы этностардың
гендік қорына нұқсан келтірді, миллиондаған шаруалар ұжымдастыру жылдарында
аштықтан қырылды. Жаппай ату жазаларына ұшырады және лагерь қапастарына
қамалды. Дәл емес мәліметтерге қарағанда Қазақстандағы байларды тәркілеу
барысында 5500 отбасы сыртқа жер аударылса, Қазақстанға Орта және Төменгі
Еділ бойы, Орталық қаратопырақты және Мәскеу облыстары, Солтүстік Кавказ
өңірінен 1932—1933 ж. мыңдаған адамдар жер аударылды. Қазақстан “Сібір”
сөзінің синониміне айналды. Осылайша халықтарды күштеп көшіру соғысқа
дейінгі кезеңде басталып, әр түрлі әлеуметтік топтар мен сословиелерді,
этностық топтарды КСРО-ның орталық аудандарынан 20—30-жылдары Қазақстан,
Орал, Орта Азия, Сібір, Қиыр Шығысқа жаппай көшіріп-қондыру қызу жүргізіліп
жатты.
Кулак деп аталған миллиондаған таңдаулы шаруалардың көзін құртқан
этнодемографиялық дағдарыс халықтарға зор зиянын тигізді. Қазақстанда
ұжымдастыру науқаны кезінде жер аударылған кулактардан тұратын арнайы
көшірілгендердің 100-ге тарта қоныстары болды. Олар арнайы комендатураларда
есепте тұрды. ГУЛАГ қызметі жүйесіне күшпен тартылып, көмір өндіру, металл
өндірісі, темір жол мен электростанциялар, НКВД құрылыс объектілерінде,
мақта өсіру, қызылша, қант өндірістерінде және т.б. жұмыс күші ретінде
пайдаланылды. Мәселен, 1930—1931 жж. көмір өндіру сияқты өте ауыр қара
жұмыстарда және Қарағанды темір жол құрылысында 30 мыңнан астам күштеп жер
аударылғандар еңбек етті. 20—30-жылдарда КСРО-ның орталық аудандарынан
жоғары сословие өкілдері, дін адамдары, сондай-ақ, барлық мал-мүлкінен
айырылған ауқатты шаруалар, әр түрлі желеулермен тұрақты мекендерінен
корейлер, парсы-ирандар, күрділер жаппай қуылды. 1931 ж. мамыр-маусым
айларында Қазақстанда аштық белгілері бола тұра, Қарағанды мен Семей
облысының 8 ауданына Ресейден жер аударылған 150 мың адам орналастырылды.
Барлығы ұжымдастыру жылдарында Қазақстанға көшірілгендер саны шамамен 250
мың адамға жетті.
Арнайы қоныс аударылғандардың азаматтық құқығы сақталды, қоныстанған
әкімшілік аудан көлемінде жүріп-тұруына рұқсат етілді. Бірақ қоныстанған
жерінен кету құқығы болмады. Олардың тұрмыстық-шаруашылық мәселелерін шешу
НКВД-ның, ГУЛАГ басшыларына жүктелді.
30-жылдардың ортасында жаппай саяси қуғын-сүргіннің тереңдеуіне
Сталиннің “Троцкий—Зиновьев” топтарымен, оңшыл оппортунистермен күресі
түрткі болды. Орталықтағы болып жатқан бұл оқиғалар ұлт республикасында,
өлкелерде тұрғындарды жаппай саяси қудалауға жол ашып берді. Осы үлгімен
мұнда да “халық жауларын” — “ұлтшыл-фашистерді” әшкерелеу қолдан
ұйымдастырылды. Елде сталиндік жаппай қуғын-сүргіннің кең етек алуына негіз
қалады. Мәскеудегі үрдістері тәрізді жазықсыз адамдарға жала жауып,
күнделікті әлеуметтік және саяси-шаруашылық науқандарда орын алған
кемшіліктерді “қаскүнемдік”, “зиянкестік”, “сатқындық”, тіптен “шпиондық”
деп сипаттады. Сталиндік қуғын-сүргін мен геноцид кезінде қазақ
зиялыларының көп бөлігі Кеңес Одағының басқа аудандарына айдалды. Сондықтан
сталиндік зұлматтың барлық зардаптарын басынан өткерген қазақ қоғамы басқа
халықтың тағдырына қатысты бұл қасіретті жақсы түсінеді.
Батыс Украина мен Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандар.
1936 ж. КСРО ХКК құпия қаулыларының негізінде Батыс Украинадан Қазақ АКСР-
не 15 мың поляк және неміс шаруашылықтарын көшіріп-қоныстандыру басталды.
Олардың көп бөлігі Солтүстік Қазақстан, ал бір бөлігі Оңтүстік Қазақстан
облыстарына орналастырылды. Ресейдің ішкі аудандарынан, Украинадан,
Белоруссия мен басқа республикалардан арнайы қоныс аударылғандардың жалпы
саны 1936 жылға қарай 360 мың адамға жетті. (Депортированные в Казахстан
народы: время и судьбы. Алматы, 1998. 317-б.)
Еділ өңірі немістерін Сібірге депортациялау идеясы 1915 ж. туса да, оны
жүзеге асыруға көптеген кедергілер кездесті. Ал 1937—1938 жж. неміс
мәселесі қайта жандана бастады. Патша жүзеге асыра алмаған идеяны қолға
алуға ыңғайлы кезең туғандай еді. Қазақ-стандағы “Кіші Қазан” кезінде босап
қалған жерлерге корейлерді, финдер мен поляктарды орналастырғаннан кейін,
кезек немістерге де келді.
Соғыстың алдында Қазақстан аумағына тағы да поляк ұлты өкілдерінің
екінші толқыны көшіріліп қондырылды. 1939—1940 жылдары Гитлер армиясының
Польшаға басып кіруіне байланысты Батыс Украина, Белоруссиядағы поляктар
қосымша қашып келе бастайды. 1940—1941 жылдары поляктардың осы бөлігі
Қазақстанға көшірілді. Дегенмен 1936 жылғы көшірілгендер мен 1940—1941
жылдары көшірілген поляк азаматтарының құқық жағынан айырмашылықтары болды.
Соңғы келгендер “поляк осадниктері мен босқындары” ретінде өмір сүрді.
Кеңес үкіметі КСРО аумағына келген поляктардан армия құрып, гитлерлік
Германияға қарсы қою жағын да ойластырған еді. 1940—1941 жылдары 200 мыңдай
поляк Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған,
Жамбыл, Алматы облыстарына қоныстандырылды. Кейін поляк-кеңес пактісіне қол
қойылғаннан кейін олардың көп бөлігі Владислав Андерс бастаған поляк
армиясының қатарында әскери қимылдарға қатысты. Андерс армиясына енгісі
келмегендердің бір бөлігі Қазақстан аумағында қалды. Соғыстан кейін олардың
көпшілігі еліне қайтқанымен, 30-жылдарда депортацияланған бөлігі қалып
қойды.
Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық
корейлер ілікті. Олардың кейбір белсенді бөлігін 1935—1936 жылдары күштеп
әкімшілік қоныс аударуы басталды. Ал жаппай көшіріп-қоныстандыру екі
кезеңнен тұрды. Біріншісі, 1937 жылдың күзінен — 1938 жылдың көктеміне
дейін созылды.
ҚазКСР-ның НКВД бөлімдеріне: лагерь, еңбек қоныстары мен түрмелеріне
1937 ж. 90 эшелонмен 98,4 мың адам көшірілді. Олар қыста уақытша
жертөлелерге, қоймаларға, атқораларға, шошқа фермаларына, бұрынғы
түрмелерге орналастырылды. Осылайша 1937 жылдың қыркүйек айының соңынан
бастап алғашқы эшелондармен бірге Қазақстандағы корейлердің тарихы
басталды. “Жапон шпионы” деген жала жапсырылған корейліктерді қазақтар
жанашырлықпен қарсы алып, олардың аянышты халдеріне түсіністікпен қарады,
құшағын жайып қарсы алып, қиын жағдайда қол ұшын беруден тайынған жоқ.
1938 жылдың көктемінде корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталды. Енді
олар тұрақты мекендерге орналастырылды. Негізгі бөлігі жойылып кеткен
совхоздар мен игерілмеген жерлерге орналасқандықтан, тұрғын үй, жұмыспен,
еңбек құралдарымен қамту жағы жетіспеді. Жаппай күшпен қоныс аудару корей
халқын өзінің тарихи отаны — Кореядан көп жылдарға қатынасын үзіп, білім,
тіл, мәдениет саласында орны толмайтын шығынға ұшыратты. 1938 ж. 1
қыркүйекте барлық корей тіліндегі мектептер, Қазақстандағы педагогикалық
училище, 1939 ж. Қызылордадағы корей педагогикалық институты жабылды, корей
тіліндегі оқулықтар жойылды.
70 корей колхоздары республиканың 8 облысында — Қызылордада, Алматы,
Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік
Қазақстанда орналасты. Олар балық кәсіпшілігімен, ауыл шаруашылығымен
айналысты.
Құжаттарға қарағанда, депортация барысында жүздеген корейліктер қуғын-
сүргінге ұшырап, “жапон шпионы” ретінде атылған, НКВД-ның ГУЛАГ жүйесінде
қапасқа қамалған.
Осылайша кеңестік корейлер КСРО-ның Қиыр Шығыс саясатының құрбанына
айналды. 1937 ж. Жапонияның Қытайға басып кіруіне байланысты гоминдан
үкіметі Кеңестер Одағымен жақындасып, Жапонияға қарсы КСРО мен Қытай
арасындағы достық актісіне қол қойылады. Кеңес-қытай келісіміне қол
қойылған дәл сол күні корей халқын көшіру туралы қаулыға да қол қойылыпты.
Кеңестер Одағы өзінің Қытаймен одағының берік екендігін көрсету үшін
осындай әрекетке барды. Корея Жапонияның қол астында отарлық тәуелділікте
болатын. Сондықтан кеңестік корейлер “жапон шпиондары” болып шыға келді.
КСРО-ның ұлт саясатында 30-жылдардағы қуғын-сүргінге иран ұлты да
ілікті. Түрікменстан, Әзірбайжан, Грузия және Армения аудандарында тұрып
жатқан ирандықтар 1938 ж. қазан-қараша айларында Алматы, Оңтүстік Қазақстан
облысына көшірілді. Кеңес азаматтығын алған 6 мың адам арнаулы қаулы
негізінде 1710 шаруашылық (отбасы) Оңтүстік Қазақстан облысы аудандарына,
300 шаруашылық Алматы облысы аудандарына орналастырылды.
Күрділердің Қазақстанға депортациясы да соғысқа дейінгі кезеңнен
басталады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кавказ өңіріндегі
күрділердің аз бөлігі Ресей империясының қол астына қарады. Кеңес өкіметі
орнағаннан кейін Әзірбайжан құрамында 1923 ж. Күрдістан автономиялы
республикасы құрылғандығы белгілі. Алайда 1936 ж. күрділердің ғасырлар
бойғы арманы аяқ асты етіліп, өздері “сенімсіз халықтар” қатарына
жатқызылды. 1937 жылдан бастап ешбір негізсіз 7,3 мың күрділер Армения,
Әзірбайжан аумағынан көшіріліп, Орта Азия мен Қазақстанға қоныстандырылды.
Күрділердің озық ойлы демократиялық бөлігі тұтқындалып, ату жазасына
бұйырылды. Күрділерді көшірмес бұрын олардың дүние-мүлкі, малдары
тәркіленіп алынды. Өздері НКВД-ның қатаң бақылауында жүк вагондарымен
әкелініп, облыс пен аудандарға бөліп орналастырылды.
Соғыс жылдарындағы саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы. Екінші
дүниежүзілік соғыс басталған соң, ізін ала Прибалтика, Батыс Украина, Батыс
Белоруссия, Бессарабиядан “жағымсыз элементтерді” күштеп көшіп-қондыру
қолға алынды. Егер соғысқа дейін бұл әрекет мемлекет қауіпсіздігін күшейту
қажеттігімен түсіндірілсе, соғыс кезінде ұлттық-аумақтық автономиялары бар
тұтас халықтар қуғын-сүргінге ұшырады. Сөйтіп, тоталитаризмнің таптық
саясаты жаңа “сапалық” деңгейге өткен еді. КСРО Жоғарғы Кеңесі
Президиумының 1941 ж. 28 тамыздағы “Еділ өңіріндегі немістерді көшіру”
туралы бұйрығында депортацияны немістердің жаппай диверсиялық және шпиондық
фактілерімен байланыстырады. Демек, олар Германиядан келген бұйрық бойынша
диверсия (қастандық) ұйымдастырмақ болған көрінеді. Немістердің ішінде көп
санды диверсант пен шпиондар бар екендігі Кеңес басшылығына белгілі, ал осы
фактілер туралы хабарламаған, өз ортасында халық жауын жасырған барлық
неміс халқы кінәлі деп табылды.
Басқа халықтар да дәл осындай “логикалық актілермен” депортацияға
ұшырады. Бас кезінде олардың кейбіреулерінің немесе көпшілік бөлігінің өз
Отанын сатқандығы атап өтілді, артынан аталған халықтарды тұтастай шығыс
өңірлерге көшіру туралы шешім қабылданды. Дәл осындай “сценариймен”
қарашай, қалмақ, шешен, ингуш, балқар және т.б. Солтүстік Кавказ, Грузия,
Қырым өңірінен халықтар көшіріліп, ұлттық автономиялар жойылды. Басқаша
айтқанда, олардан ұлттық мемлекеттілігі тартып алынды. Бұл конституцияның
15-бабына қарама-қайшы келетін еді. Гитлермен жақындасқан деген айыппен
оларды Қазақстан, Шығыс Сібір сияқты аймақтарға күштеп көшірді.
30—40-жылдардағы халықтар депортациясы болмай қоймайтын жаңа қоғамдық-
әлеуметтік форманың жоспарлы акциясына айналды. Теориялық тұрғыдан адам
психикасына әсер ете отырып, халықты ұлттық менталитетінен, тамырынан
айыруды ойластырған тағылық эксперимент, ғаламды қайта құру тәжірибесі
болды.
Соғысқа дейін және соғыс кезінде Қазақстанға 98,4 мың корейлер, 420 мың
немістер, 109,3 мың месхеттік түріктер, 37 мың гректер, мыңдаған күрділер,
200 мыңдай поляктар, 406 мың шешендер мен ингуштар, 4,5 мың қырым
татарлары, 2 мыңнан аса қалмақтар, 45,5 мың қарашайлар, 4,6 мың балқарлар,
6 мың ирандықтар — ұзын саны 1,5 миллион адам жер аударылды.
Күштеп қоныс аудару кезінде, жол бойында, арнайы лагерьлер мен
тұрақжайларда бұл халықтардың жартысына жуығы апат болды.
Оларды бір сәтте туған жерінен айырып, мал сияқты жүк вагондарымен
Қазақстанға әкеліп, 24 сағаттың ішінде бүтіндей халықтарды көшіріп
орналастырып үлгерді.
Кеңес Одағында социалистік құрылыс тереңдеген сайын таптық күрес
шиеленісе түседі деген желеумен мемлекеттік езіп-жаншу тәртібі орнықты.
Қоғамдық санада “халық жаулары” деген түсінік, ұлттық белгі бойынша
адамфобиясы құбылысы орын алды. Фобия — қауіп, қорқыныш, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРАТЫН ӨЗГЕ ҰЛТТАР МЕН ЭТНОСТЫҚ ТОПТАР
Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты
Ақмола облысы аумағына халықтарды депортациялау
Қазақстан тарихынан мемлекеттік емтихан сұрақтары
Қазақстанда неміс тілін коммуникация құралы ретінде сақтау мәселелері
Халықаралық миграция және мемлекеттердің миграциялық саясатын шешу принциптері
Соғысқа дейінгі кезеңдегі саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы
XX ғасырдағы жат мекен немесе жаңа өлке
Қазақ ауылын кеңестендіру
Шешен мен ингуштардың Қазақстанға депортациясы процессі
Пәндер