ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРАТЫН ӨЗГЕ ҰЛТТАР МЕН ЭТНОСТЫҚ ТОПТАР



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРАТЫН ӨЗГЕ ҰЛТТАР МЕН ЭТНОСТЫҚ ТОПТАР КУРСОВАЯ

ЖОСПАРЫ
КІРІСПЕ
1. ПАТША ӨКІМЕТІНІҢ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ
2. КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ. ХАЛЫҚТАР ДЕПОРТАЦИЯСЫ
3. КЕҢЕСТІК ДӘУІРДЕГІ ЖОСПАРЛЫ МИГРАЦИЯЛАР
4. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨП ҰЛТТЫЛЫҚ
5. ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ АССАМБЛЕЯСЫ
ҚОРЫТЫНДЫ
ҚОЛДАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

КІРІСПЕ

1. ПАТША ӨКІМЕТІНІҢ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ
Әскери-казактық отарлау. Қазақстанның көп ұлтты құрамы өлкені үнемі және
жүйелі түрде отарлау саясаты нәтижесінде қалыптасты. Қазақстанға басқа ұлт
өкілдерінің қоныстануы:
1) Патша өкіметінің көші-қон саясаты,
2) Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты негізінде жүзеге асты.
Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің қоныстану тарихы әр түрлі кезеңде
жүзеге асқан миграциялық үрдістерге байланысты. Миграция бір мемлекет
көлемінде алғанда — ішкі және сыртқы болып бөлінсе, белгілі бір мерзімдік
белгілері бойынша — уақытша, қайтып оралмайтын (“Бір бағытқа ғана алынған
билет”), маусымдық, сағат тілі (маятник) тәріздес болады. Ал жүзеге асыру
формаларына қарай: ұйымдасқан, стихиялы, өз еркімен және күшпен жүргізілген
миграцияларды бөліп көрсетуге болады.
ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап Қазақстанның көп ұлтты аймаққа айналу
үрдісі басталды. Қазақстан аумағына көшіп келу әр кезеңде әр түрлі сипатта
жүрді: әскери-казактық отарлаудан жаппай шаруалардың қоныс аударуы
қозғалысына ауысты. Ал Кеңес өкіметі тұсында да көші-қон саясаты жалғаса
берді. Қазақстанның көп ұлтты құрамы жер аударылған кулактармен, сталиндік
қуғын-сүргін және депортацияға ұшыраған халықтармен, тың және тыңайған
жерлерді игеруге келгендермен, Одақтық ведомствоаралық өкіметтің ұйғаруымен
және басқа келушілермен толықты.
Қазақстан жеріне басқа ұлттардың алғаш келіп қоныстануы ХVІ ғасырдан
бастау алады. Бұған дейін де Алтын Орда мен Орыс мемлекетінің арасында
болып тұрған екі жақты барыс-келістер туралы айта кеткен жөн. Ал казактық
отарлау Украинадан, Ресейдегі басыбайлылық қанаудан қашқан шаруалардың
казак еркін жұртына қосылып, Жайық пен Ертіс өңіріне келуінен басталады.
Бұл “еркін адамдар” (казактар мен татарлар) қашқын, босқындар баю
мақсатында, жаңа жерлерді тартып алу мақсатында келе бастады.
Тегі түркілік болып табылатын славян казактары ХVІІІ ғасырдан бастап І
Петр тұсында орыс мемлекетіне түпкілікті бағынды. Казактар христиан дінін
қабылдап, орыстанып алғаннан кейін, Ресейдің геосаяси стратегиясын жүзеге
асыруға белсене қатысты.
Жергілікті халықтардан тартып алынған ұлан-байтақ жер иеліктерін, балық
аулайтын сулы-нулы өңірді, тұз және басқа кәсіпшілікті уысында ұстай
отырып, әр түрлі артықшылықтарға ие болған казактар империя шебіндегі
патшалық тәртіптің сенімді тірегі болды. Тарихтың қатал шындығы казактардың
қаналған халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарын аяусыз басып-жаншитын
патшалықтың екпінді күшіне айналғандығын айғақтайды.
Қазақстан аумағында құрылған Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу
казактарына Оралдың, Солтүстік Қазақстанның, Ертістің және Жетісудың ең
құнарлы, шұрайлы жерлері бөлініп берілді. Қазақтар осы аймақтағы
қыстауларынан, жайылымдық, шабындық алқаптарынан айырылды.
Ермактың Сібір хандығын жаулап алуы “бос жатқан” қазақ жеріне шаруалар,
саудагерлер, кәсіпкерлердің ағылуына жол салды. Қазақстанға жалпы саны 200
мыңдай казактар келіп қоныстанды.
Казактық отарлаудан кейінгі әскери-әкімшілік отарлау кезінде тірек
пункттер есебінде әскери қоныстар бой көтерді. Бұл қоныстардан әскери
шептер пайда болды. Бастапқы кезде әскери қоныстар Орал, Ертіс сияқты өзен
арналарын қамтыды. Осындай қозғалыстың үдере жүргізілгендігін қала
бекіністерінің тез өскендігі дәлелдейді. Мәселен, бекініс есебінде 1640 ж.
Гурьев қалашығы, 1613 ж. Орал бекінісінің, 1716 ж. Омбы қаласының, 1718 ж.
Семей, 1720 ж. Өскемен, 1752 ж. Петропавл қалаларының, 1735 ж. Орынбордың
негізі салынды. Осылайша ХVІІІ ғасырдың орта тұсына қарай әскери
бекіністердің ұзын дәлізі қалыптасты. Содан кейін де өлкенің ішкі
аудандарында тұрақты әскери бекініс құрылыстары жүргізілді. Орта және Ұлы
жүз аумағындағы ХІХ ғ. бірінші жартысында ашылған округтік приказдардың
орталығы есебіндегі бекіністерге әскери адамдармен қатар қоныс аударушы
казактар мен шаруалардың келуі үздіксіз жүріп жатты. Тек 1714—1864
жылдардағы әскери әкімшілік отарлау кезінде 100 мыңдай адам қоныс аударып
келді.
Алғаш бекіністерге орналастырылған казактардың жағдайының ауыр
болғандығын мына деректен аңғаруға болады. Сібір әскерінің қолбасшысы,
генерал Шпрингер 1763 ж. сенатқа хабарында казактардың тұз шығару, отын
тасу, пошта жүргізу, баржаларға жүк тиеп-түсіру, мал бағу, жер жырту, қол
диірмен тарту, қамалдар құрылысын жүргізу және оны жөндеу сияқты барлық
жұмыстарды атқаратындығын айта келіп, Сібір казактарының санын және
төлемақысын көбейтуді ұсынады. Олар кейбір жағдайда орыс шаруаларынан яғни
қолдан жасалған казактармен толықтырылып отырды (“Выписные казаки”).
Казактар мен шаруалардың көші-қон саясаты алғашында басып алынған мол
аумақта берік табан тіреу мақсатын көздеді. Ал бұл міндетті тек казак
қоныстары арқылы ғана толық орындау мүмкін емес еді. Сондықтан Ресей
империясының әкімшілік билігін нығайту мақсатында шаруалардың қоныс
аударуына кең жол салынды.
Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуы, негізгі кезеңдері. Оңтүстік
Қазақстанды әскери отаршылдық жолмен өзіне қосып алған Ресей өзінің
саясатын алыстағыны көздейтін саяси мүдделерін басшылыққа ала отырып
жүргізе бастады. Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталғаннан кейін
миграциялық ағымдардың отаршыл сипаты айқындала түсті.
Қазақстанның ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы этнодемографиялық
құрамының өзгеруіне қоныс аудару қозғалысы зор ықпал етті. Патша өкіметінің
көші-қон саясатының әлеуметтік-саяси салдарлары өте ауыр болды.
Қазақстан тарихында қоныс аудару қозғалысының кезеңдері туралы біржақты
пікір жоқ. Дегенмен, қоныс аудару қозғалысын шартты түрде үш кезеңге бөліп
қарауға болады: 1) 1861—1885 жылдар; 2) 1886—1905 жылдар; 3) 1906—1917
жылдар.
Қоныс аударудың бірінші кезеңі. Жүз мыңдаған орыс, украин, белорус
шаруаларының Сібір, Қазақстан және Орта Азияға қоныс аударуы Ресейдің
аграрлық саладағы саясатымен тікелей байланыста дамыды. 1861 жылғы
реформадан кейін Ресей самодержавиесі жер мәселесін помещик-дворяндардың
пайдасына шешіп берді. Помещиктер шаруаларды “азат ету” барысында олардың
бұрын пайдаланып келген жерінің басым бөлігін тартып алды. Себебі 1861
жылғы реформадан кейін помещиктер өз пайдасына шаруалардың реформаға дейін
өңдеп келген жерінен кесінді алуға құқықты болды. Кейбір губернияларда
шаруалар жерінің 13, тіпті 25 бөлігін помещиктер тартып алды. Сонымен
қатар, жер үлесі үшін тым жоғары өтемдік төлемдер талап етілді. Жер
тапшылығынан шаруалар помещиктерден, қазынадан жерді жалға алуға мәжбүр
болды.
Демек жер тапшылығының шиеленісуі, “азаттық” алған шаруалардың
қайыршылық күйі, құрғақшылық, орта шаруалардың кедейленуі, өтемдік төлемдер
мен салықтардың ауыртпалығы шаруалардың туған жерлерін тастап, Оралдың арғы
жағынан жер мен “жақсы өмір” іздеуге мәжбүр етті. Кейбір зерттеушілер,
мысалы А.А.Кауфман қоныс аударудың басты себебін жаңа шаруашылық жүйесіне
бейімделе алмаудан, жер құнарлығының төмендігінен деп түсіндіреді. Ал
шаруаларда топырақтың құнарлығын тыңайтқышпен қайта қалпына келтіруге қаржы
да, құрал-сайман да жоқ еді.
Әуелгі кезде патша үкіметі шаруалардың шет аймақтарға қоныс аударуына
қарсы болып, шектеулер қойып көрді. Алайда 1891—1892 жылдардағы Ресейдегі
аштыққа байланысты өз бетімен еркін қоныс аудару көлемінің өсуіне орай,
патша үкіметі қоныс аударуды заңдастырып, ырқында ұстауға тырысып бақты.
Жетісу облысының губернаторы Г.А.Колпаковскийдің басшылығымен 1868 ж.
“Жетісуға шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелер” қабылданды. 1883
жылға дейін өз күшін сақтаған бұл ереже бойынша жан басына (ер адам) 30
десятина мөлшерде жер белгіленіп 15 жылға алым-салықтардан босатылды.
Ал 1883 ж. қабылданып, 1885 ж. бекітілген ережеде Жетісу облысына жаңа
келушілер мен Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер үшін
жаңа нормалар бекітілді. Енді жан басына берілетін жер үлесі 30 десятина
емес, 10 десятина болып белгіленді, бірқатар жеңілдіктер енді 3 жылға дейін
ғана сақталды. Ресми деректер бойынша 1861—1885 жылдары Орал арқылы 300 мың
қоныс аударушы келген.
Қоныс аударудың екінші кезеңі. Қазақстан тұрғындарының ұлттық
құрамындағы өзгерістер. 1889 жылғы 13 мамырдағы “Ережеде” село тұрғындары
мен мещандарын Тобыл, Том губерниялары мен Жетісу, Ақмола, Семей
облыстарына өз еркімен қоныстандыру белгіленді. Үкімет қоныс аударуға
шектеулердің кейбіреулерін алып тастады. Дегенмен ресми түрде қоныс
аударғандардан гөрі өз бетімен келгендердің ағыны үздіксіз өсе түсті.
Шаруаларды қоныстандыру Ақмола, одан соң Жетісу, Семей, Орал, Торғай
облыстарында ХІХ ғасырдың 60-жылдарының ортасынан басталып, 1892 ж. Сібір
темір жол комитеті құрылғанға дейін жалғаса түсті. Ақмола облысында
1870—1895 жж. 87 шаруа қоныстары пайда болып, отырықшы халық саны
шаруақоныс аударушылар есебінен 2 есеге артты.
Әсіресе қоныс аударушылардың басты легі Жетісу өлкесіне келді. Сырдария
облысының Шымкент, Ташкент, Әулиеата уездерінде орыс, украин шаруаларының
1884—1892 жылдар аралығында 37 қонысы болса, 1906 жылға дейін Түркістан
өлкесінде қоныс аударушылар қонысы 137-ге жетті, Жетісу облысынан 752 мың
десятина жері, Сырдария облысының 160 мың десятина жері жергілікті тұрғын-
дардың еркінен тыс тартып алынды.
ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Еуропалық Ресей мен Украинадан
мигранттардың келуі есебінен халықтың ұлттық құрамы өзгерді. Қазақ,
қырғыздармен бірге орыс, украиндар, татарлар, тәжіктер, түрікмендер,
башқұрттар, шуваштар, қараноғайлар, армяндар саны өсе түсті.
ХІХ ғасырдың 70-жылдарында орыстар мен украиндар барлық Қазақстан мен
Қырғызстан тұрғындарының 8%-ын (246,9 мың) құрады. Бұдан барлық облыстарда
жергілікті тұрғындардың бірден-бір жоғары үлес салмағын анық байқауға
болады.
1897 ж. Қазақстан тұрғындарының саны 4 млн 150 мың адамға жетті.
Солардың ішінде қазақтар 3 млн 400 мың адамды құрады. Қалған 750 мыңдай
адамдар басқа ұлт өкілдері болды. Орыс шаруаларының көбі Ақмола облысына
келген. Сондай-ақ ең көп орыс және украин тұрғындары Омбы, Петропавл,
Көкшетау, Қостанай уездерінде тіркелген. Торғай облысында да басқа ұлт
өкілдерінің саны өсе түскені байқалды. Жетісу облысында басқа ұлт
өкілдерінің үлес салмағының өскендігі әсіресе Верный, Лепсі, Пржевальск,
Пішпек уездерінде ерекше байқалды. Ал Сырдария облысында орыстар мен
украиндардың үлесі жалпы халық санынан ең төменгі деңгейде болды.
Өлкенің негізгі тұрғындары — қазақтардың үлес салмағы төмендеп, 1897
жылдары 81,7%-ға жетті. Ал орыстардың үлес салмағы жоғарыда көрсетілгендей
— 10,9%, украиндар — 1,9% өсіп, татар, ұйғыр, өзбек сияқты ұлттардың да
үлес салмағы арта түсті.
ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Жетісуға Құлжа өңірінен ұйғырлар мен
дүнгендер қоныс аударды. 1897 жылғы санақ бойынша ұйғырлар мен дүнгендердің
саны 71 мың (56 мың ұйғыр, 15 мың дүнген) адамға жетті.
Қоныс аударудың үшінші кезеңі. Ресей экономикасындағы аграрлық дағдарыс
патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатын күшейте түсті. Қазақстан
аумағындағы артық жерлерді есепке алу мақсатында Ф.Щербина, В.Кузнецов,
П.Румянцев экспедициялары жұмыс істеді. Экспедициялардың барлығы көшпелі,
жартылай көшпелі, отырықшы қазақ тұрғындарына қатысты жер көлемін азайтып,
болыстардың иелігіндегі “бос жерлерді” есепке алумен айналысты.
Ресей орталығындағы аграрлық қайшылықтардан шығудың жолын министрлер
кеңесінің төрағасы П.А. Столыпин ойлап тапты. Ол 1906 ж. 6 қарашада
шаруалардың қауымнан шығып, хуторға енуі туралы жарлық шығарды. Ол Ресейдің
ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару үшін шаруалар қауымын таратты, сөйтіп
қауымдық жерлерді кулактардың басып алуына жағдай жасады. Помещиктік жер
иеленуді сақтауға тырысқан үкімет қоныс аударуға бостандық берді. Қоныс
аудару саясатындағы бұл жаңа бағытқа көшуге 1905—1907 жылдардағы бірінші
революция мен аграрлық толқулар өз ықпалын тигізді. Столыпиннің жарлығы
негізінде шаруа өз үлесін сатып, еркін түрде басқа жаққа кетуге мүмкіндік
алды. Осылайша Ресейдің орталық аудандарындағы әлеуметтік жіктелудің
тереңдей түсуі күйзелген, жерсізденген шаруалардың миграциялық ағымының кең
қанат жаюына әкелді.
1905 ж. қоныстандыру мәселесін реттеу мақсатында қоныстандыру мекемелері
Басқармасы құрылды. 1905—1917 жылдардағы мекеменің он екі жылғы қызметі
нәтижесінде бір миллионға жуық қоныс аударушылар жерге орналастырылды.
1908 ж. қоныс аударушылар толқыны ең жоғары деңгейге жетті. Жылына 665
мың қоныс аударушы келді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты қазақтардың
шаруашылығына нұқсан келдірді. Тек 1906—1915 жж. Жетісу мен Сырдария
облысындағы қазақтардан 2,5 млн дес. жер тартып алынып, қоныс аударушыларға
бөліп берілді. Қазақстанда тартып алынған жер 1906—1912 жылдар арасында 17
млн дес., ал 1917 жылға қарай 45 млн дес. жетті. Жеке меншік жүздеген
учаскелер мен хуторлар бой көтерді. Патша офицерлері, кулактар, көпестер
ірі жер учаскелеріне ие болды. 1905—1907 жылдардағы Ресейдегі бірінші
буржуазиялық-демократиялық революциядан кейін үкімет барлық шектеуді жойып,
барлық шет аймақтарға қоныс аударуға жол ашып берді.
Осылайша ХІХ ғ. екінші жартысында Қазақстан тұрғындары көп ұлтты
құрамының қалыптасу үрдісі белсенді түрде жүргізілді. Патша өкіметінің көші-
қон саясаты әскери-казактық және әскери-әкімшілік отарлау саясатынан
басталып, шаруалардың жаппай қоныс аударуына ұласты.
Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның көп ұлтты құрамы қалыптасуының
қайнар көздеріне қысқаша шолу жасар болсақ, ХІХ ғ. 70-жылдарында казак
әскерлерінен (Орал, Сібір, Жетісу) тұратын тұрғындардың құрамы қалыптасып
үлгерді. Қазан төңкерісіне дейін олардың құрамы толықтырылып тұрды.
Дегенмен 1870—1917 жылдардағы қоныс аудару Қазақстан тұрғындарының өсу
динамикасына онша әсер ете қойған жоқ.
Ал қоныс аударушы шаруалар саны Н.В. Алексеенконың есептеуі бойынша,
барлығы 44 жыл (1870—1914 жж.) ішінде әр түрлі ұлт өкілдерінен 1 млн 200
мың адамға жетті. Қоныс аударушылардың ең көп бөлігі Ақмола облысына қарай
ағылғаны байқалады. Барлық қоныс аударушылардың 56,2%-ы осы облысқа
келуінен шаруалардың саны 6 есеге өсті. Негізінен халықтың жалпы санының
өсуіне табиғи өсім емес, миграциялық қозғалыс күшті ықпалын тигізді.
Сонымен қатар, ХІХ ғасырдың соңында Украинадан келгендердің рөлі арта
түсті. Мәселен, 1906—1912 жылдары тек Украинадан барлығы 300 мың қоныс
аударушылар келген. Жалпы алғанда Қазақстан ХХ ғ. басында миграциялық ағым
бойынша Сібір мен Қиыр Шығыстан кейінгі екінші орынға шықты.

2. КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ. ХАЛЫҚТАР ДЕПОРТАЦИЯСЫ
Соғысқа дейінгі кезеңдегі саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы.
Социалистік заманда Қазақстанды, Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-
қайсысы да сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси
қуғын-сүргіннен сау қалған жоқ.
Кеңес өкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері
ғана емес, тұтас бір халықтар — сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына
жатқызылып, тарихи Отанынан күштеп жер аударылды.
Депортация — латынша deportatіo — “қуғындау”, “көшіру” деген мағынаны
білдіреді. Халықтар депортациясын белгілі бір ұлт өкілі адамдарының белгілі
бір іс-әрекеттеріне байланысты елден қуылуы деп түсіну қажет. Ал шет тілден
енген сөздер сөздігінде “депортация” — қылмыстық және әкімшілік жаза
ретінде мемлекеттен қуылу, көшіру, жер аудару деп көрсетілген.
1920—1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіп-қондыру — сталиндік қуғын-
сүргіннің негізгі құрамдас бір бөлігіне айналды. Жалпы КСРО-да депортацияға
ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 млн адамға жетті. Ең
көп орын алған жаппай қуғын-сүргіндік миграциялардың КСРО-да төмендегідей
түрлері қолданылады:
— Этностық белгілері бойынша депортация (“жазаланған халықтар”,
“шекараларды тазалау”, “сенімсіз халықтар”).
— Әлеуметтік-таптық белгілері бойынша депортация (1934 жылға дейінгі
кулактарды жер аудару) кезінде келгендерді арнайы көшірілгендер
(спецпереселенцы) деп атады.
— Саяси мотивтер негізіндегі 1934—1944 жж. көшірілгендерді “еңбек
қоныстарындағылар” деп атады. 1944 жылдан бастап “арнайы қоныс
аударылғандар” деген атау қолданылды.
Жоғарыда аталған күшпен жүргізілген депортациялардың ішінде мерзімі
жағынан большевиктік, әлеуметтік-таптық геноцид бірінші болып жүзеге
асырылды. Кубань казактары, зиялылар, діни адамдар алғашқы большевиктік
тәжірибенің құрбанына айналды. Одан кейін кулактар мен байларды тап ретінде
жою басталды. Оларды үш санатқа бөлді. Солардың ішінен екінші санатқа
жататындарды КСРО-ның алыс аудандарына жер аудару көзделді. Жоспарлы түрде
әкімшілік күшпен алып келіп қоныстандырудың мұндай ауқымы этностардың
гендік қорына нұқсан келтірді, миллиондаған шаруалар ұжымдастыру жылдарында
аштықтан қырылды. Жаппай ату жазаларына ұшырады және лагерь қапастарына
қамалды. Дәл емес мәліметтерге қарағанда Қазақстандағы байларды тәркілеу
барысында 5500 отбасы сыртқа жер аударылса, Қазақстанға Орта және Төменгі
Еділ бойы, Орталық қаратопырақты және Мәскеу облыстары, Солтүстік Кавказ
өңірінен 1932—1933 ж. мыңдаған адамдар жер аударылды. Қазақстан “Сібір”
сөзінің синониміне айналды. Осылайша халықтарды күштеп көшіру соғысқа
дейінгі кезеңде басталып, әр түрлі әлеуметтік топтар мен сословиелерді,
этностық топтарды КСРО-ның орталық аудандарынан 20—30-жылдары Қазақстан,
Орал, Орта Азия, Сібір, Қиыр Шығысқа жаппай көшіріп-қондыру қызу жүргізіліп
жатты.
Кулак деп аталған миллиондаған таңдаулы шаруалардың көзін құртқан
этнодемографиялық дағдарыс халықтарға зор зиянын тигізді. Қазақстанда
ұжымдастыру науқаны кезінде жер аударылған кулактардан тұратын арнайы
көшірілгендердің 100-ге тарта қоныстары болды. Олар арнайы комендатураларда
есепте тұрды. ГУЛАГ қызметі жүйесіне күшпен тартылып, көмір өндіру, металл
өндірісі, темір жол мен электростанциялар, НКВД құрылыс объектілерінде,
мақта өсіру, қызылша, қант өндірістерінде және т.б. жұмыс күші ретінде
пайдаланылды. Мәселен, 1930—1931 жж. көмір өндіру сияқты өте ауыр қара
жұмыстарда және Қарағанды темір жол құрылысында 30 мыңнан астам күштеп жер
аударылғандар еңбек етті. 20—30-жылдарда КСРО-ның орталық аудандарынан
жоғары сословие өкілдері, дін адамдары, сондай-ақ, барлық мал-мүлкінен
айырылған ауқатты шаруалар, әр түрлі желеулермен тұрақты мекендерінен
корейлер, парсы-ирандар, күрділер жаппай қуылды. 1931 ж. мамыр-маусым
айларында Қазақстанда аштық белгілері бола тұра, Қарағанды мен Семей
облысының 8 ауданына Ресейден жер аударылған 150 мың адам орналастырылды.
Барлығы ұжымдастыру жылдарында Қазақстанға көшірілгендер саны шамамен 250
мың адамға жетті.
Арнайы қоныс аударылғандардың азаматтық құқығы сақталды, қоныстанған
әкімшілік аудан көлемінде жүріп-тұруына рұқсат етілді. Бірақ қоныстанған
жерінен кету құқығы болмады. Олардың тұрмыстық-шаруашылық мәселелерін шешу
НКВД-ның, ГУЛАГ басшыларына жүктелді.
30-жылдардың ортасында жаппай саяси қуғын-сүргіннің тереңдеуіне
Сталиннің “Троцкий—Зиновьев” топтарымен, оңшыл оппортунистермен күресі
түрткі болды. Орталықтағы болып жатқан бұл оқиғалар ұлт республикасында,
өлкелерде тұрғындарды жаппай саяси қудалауға жол ашып берді. Осы үлгімен
мұнда да “халық жауларын” — “ұлтшыл-фашистерді” әшкерелеу қолдан
ұйымдастырылды. Елде сталиндік жаппай қуғын-сүргіннің кең етек алуына негіз
қалады. Мәскеудегі үрдістері тәрізді жазықсыз адамдарға жала жауып,
күнделікті әлеуметтік және саяси-шаруашылық науқандарда орын алған
кемшіліктерді “қаскүнемдік”, “зиянкестік”, “сатқындық”, тіптен “шпиондық”
деп сипаттады. Сталиндік қуғын-сүргін мен геноцид кезінде қазақ
зиялыларының көп бөлігі Кеңес Одағының басқа аудандарына айдалды. Сондықтан
сталиндік зұлматтың барлық зардаптарын басынан өткерген қазақ қоғамы басқа
халықтың тағдырына қатысты бұл қасіретті жақсы түсінеді.
Батыс Украина мен Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандар.
1936 ж. КСРО ХКК құпия қаулыларының негізінде Батыс Украинадан Қазақ АКСР-
не 15 мың поляк және неміс шаруашылықтарын көшіріп-қоныстандыру басталды.
Олардың көп бөлігі Солтүстік Қазақстан, ал бір бөлігі Оңтүстік Қазақстан
облыстарына орналастырылды. Ресейдің ішкі аудандарынан, Украинадан,
Белоруссия мен басқа республикалардан арнайы қоныс аударылғандардың жалпы
саны 1936 жылға қарай 360 мың адамға жетті. (Депортированные в Казахстан
народы: время и судьбы. Алматы, 1998. 317-б.)
Еділ өңірі немістерін Сібірге депортациялау идеясы 1915 ж. туса да, оны
жүзеге асыруға көптеген кедергілер кездесті. Ал 1937—1938 жж. неміс
мәселесі қайта жандана бастады. Патша жүзеге асыра алмаған идеяны қолға
алуға ыңғайлы кезең туғандай еді. Қазақ-стандағы “Кіші Қазан” кезінде босап
қалған жерлерге корейлерді, финдер мен поляктарды орналастырғаннан кейін,
кезек немістерге де келді.
Соғыстың алдында Қазақстан аумағына тағы да поляк ұлты өкілдерінің
екінші толқыны көшіріліп қондырылды. 1939—1940 жылдары Гитлер армиясының
Польшаға басып кіруіне байланысты Батыс Украина, Белоруссиядағы поляктар
қосымша қашып келе бастайды. 1940—1941 жылдары поляктардың осы бөлігі
Қазақстанға көшірілді. Дегенмен 1936 жылғы көшірілгендер мен 1940—1941
жылдары көшірілген поляк азаматтарының құқық жағынан айырмашылықтары болды.
Соңғы келгендер “поляк осадниктері мен босқындары” ретінде өмір сүрді.
Кеңес үкіметі КСРО аумағына келген поляктардан армия құрып, гитлерлік
Германияға қарсы қою жағын да ойластырған еді. 1940—1941 жылдары 200 мыңдай
поляк Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған,
Жамбыл, Алматы облыстарына қоныстандырылды. Кейін поляк-кеңес пактісіне қол
қойылғаннан кейін олардың көп бөлігі Владислав Андерс бастаған поляк
армиясының қатарында әскери қимылдарға қатысты. Андерс армиясына енгісі
келмегендердің бір бөлігі Қазақстан аумағында қалды. Соғыстан кейін олардың
көпшілігі еліне қайтқанымен, 30-жылдарда депортацияланған бөлігі қалып
қойды.
Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық
корейлер ілікті. Олардың кейбір белсенді бөлігін 1935—1936 жылдары күштеп
әкімшілік қоныс аударуы басталды. Ал жаппай көшіріп-қоныстандыру екі
кезеңнен тұрды. Біріншісі, 1937 жылдың күзінен — 1938 жылдың көктеміне
дейін созылды.
ҚазКСР-ның НКВД бөлімдеріне: лагерь, еңбек қоныстары мен түрмелеріне
1937 ж. 90 эшелонмен 98,4 мың адам көшірілді. Олар қыста уақытша
жертөлелерге, қоймаларға, атқораларға, шошқа фермаларына, бұрынғы
түрмелерге орналастырылды. Осылайша 1937 жылдың қыркүйек айының соңынан
бастап алғашқы эшелондармен бірге Қазақстандағы корейлердің тарихы
басталды. “Жапон шпионы” деген жала жапсырылған корейліктерді қазақтар
жанашырлықпен қарсы алып, олардың аянышты халдеріне түсіністікпен қарады,
құшағын жайып қарсы алып, қиын жағдайда қол ұшын беруден тайынған жоқ.
1938 жылдың көктемінде корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталды. Енді
олар тұрақты мекендерге орналастырылды. Негізгі бөлігі жойылып кеткен
совхоздар мен игерілмеген жерлерге орналасқандықтан, тұрғын үй, жұмыспен,
еңбек құралдарымен қамту жағы жетіспеді. Жаппай күшпен қоныс аудару корей
халқын өзінің тарихи отаны — Кореядан көп жылдарға қатынасын үзіп, білім,
тіл, мәдениет саласында орны толмайтын шығынға ұшыратты. 1938 ж. 1
қыркүйекте барлық корей тіліндегі мектептер, Қазақстандағы педагогикалық
училище, 1939 ж. Қызылордадағы корей педагогикалық институты жабылды, корей
тіліндегі оқулықтар жойылды.
70 корей колхоздары республиканың 8 облысында — Қызылордада, Алматы,
Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік
Қазақстанда орналасты. Олар балық кәсіпшілігімен, ауыл шаруашылығымен
айналысты.
Құжаттарға қарағанда, депортация барысында жүздеген корейліктер қуғын-
сүргінге ұшырап, “жапон шпионы” ретінде атылған, НКВД-ның ГУЛАГ жүйесінде
қапасқа қамалған.
Осылайша кеңестік корейлер КСРО-ның Қиыр Шығыс саясатының құрбанына
айналды. 1937 ж. Жапонияның Қытайға басып кіруіне байланысты гоминдан
үкіметі Кеңестер Одағымен жақындасып, Жапонияға қарсы КСРО мен Қытай
арасындағы достық актісіне қол қойылады. Кеңес-қытай келісіміне қол
қойылған дәл сол күні корей халқын көшіру туралы қаулыға да қол қойылыпты.
Кеңестер Одағы өзінің Қытаймен одағының берік екендігін көрсету үшін
осындай әрекетке барды. Корея Жапонияның қол астында отарлық тәуелділікте
болатын. Сондықтан кеңестік корейлер “жапон шпиондары” болып шыға келді.
КСРО-ның ұлт саясатында 30-жылдардағы қуғын-сүргінге иран ұлты да
ілікті. Түрікменстан, Әзірбайжан, Грузия және Армения аудандарында тұрып
жатқан ирандықтар 1938 ж. қазан-қараша айларында Алматы, Оңтүстік Қазақстан
облысына көшірілді. Кеңес азаматтығын алған 6 мың адам арнаулы қаулы
негізінде 1710 шаруашылық (отбасы) Оңтүстік Қазақстан облысы аудандарына,
300 шаруашылық Алматы облысы аудандарына орналастырылды.
Күрділердің Қазақстанға депортациясы да соғысқа дейінгі кезеңнен
басталады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кавказ өңіріндегі
күрділердің аз бөлігі Ресей империясының қол астына қарады. Кеңес өкіметі
орнағаннан кейін Әзірбайжан құрамында 1923 ж. Күрдістан автономиялы
республикасы құрылғандығы белгілі. Алайда 1936 ж. күрділердің ғасырлар
бойғы арманы аяқ асты етіліп, өздері “сенімсіз халықтар” қатарына
жатқызылды. 1937 жылдан бастап ешбір негізсіз 7,3 мың күрділер Армения,
Әзірбайжан аумағынан көшіріліп, Орта Азия мен Қазақстанға қоныстандырылды.
Күрділердің озық ойлы демократиялық бөлігі тұтқындалып, ату жазасына
бұйырылды. Күрділерді көшірмес бұрын олардың дүние-мүлкі, малдары
тәркіленіп алынды. Өздері НКВД-ның қатаң бақылауында жүк вагондарымен
әкелініп, облыс пен аудандарға бөліп орналастырылды.
Соғыс жылдарындағы саяси қуғын-сүргін және халықтар депортациясы. Екінші
дүниежүзілік соғыс басталған соң, ізін ала Прибалтика, Батыс Украина, Батыс
Белоруссия, Бессарабиядан “жағымсыз элементтерді” күштеп көшіп-қондыру
қолға алынды. Егер соғысқа дейін бұл әрекет мемлекет қауіпсіздігін күшейту
қажеттігімен түсіндірілсе, соғыс кезінде ұлттық-аумақтық автономиялары бар
тұтас халықтар қуғын-сүргінге ұшырады. Сөйтіп, тоталитаризмнің таптық
саясаты жаңа “сапалық” деңгейге өткен еді. КСРО Жоғарғы Кеңесі
Президиумының 1941 ж. 28 тамыздағы “Еділ өңіріндегі немістерді көшіру”
туралы бұйрығында депортацияны немістердің жаппай диверсиялық және шпиондық
фактілерімен байланыстырады. Демек, олар Германиядан келген бұйрық бойынша
диверсия (қастандық) ұйымдастырмақ болған көрінеді. Немістердің ішінде көп
санды диверсант пен шпиондар бар екендігі Кеңес басшылығына белгілі, ал осы
фактілер туралы хабарламаған, өз ортасында халық жауын жасырған барлық
неміс халқы кінәлі деп табылды.
Басқа халықтар да дәл осындай “логикалық актілермен” депортацияға
ұшырады. Бас кезінде олардың кейбіреулерінің немесе көпшілік бөлігінің өз
Отанын сатқандығы атап өтілді, артынан аталған халықтарды тұтастай шығыс
өңірлерге көшіру туралы шешім қабылданды. Дәл осындай “сценариймен”
қарашай, қалмақ, шешен, ингуш, балқар және т.б. Солтүстік Кавказ, Грузия,
Қырым өңірінен халықтар көшіріліп, ұлттық автономиялар жойылды. Басқаша
айтқанда, олардан ұлттық мемлекеттілігі тартып алынды. Бұл конституцияның
15-бабына қарама-қайшы келетін еді. Гитлермен жақындасқан деген айыппен
оларды Қазақстан, Шығыс Сібір сияқты аймақтарға күштеп көшірді.
30—40-жылдардағы халықтар депортациясы болмай қоймайтын жаңа қоғамдық-
әлеуметтік форманың жоспарлы акциясына айналды. Теориялық тұрғыдан адам
психикасына әсер ете отырып, халықты ұлттық менталитетінен, тамырынан
айыруды ойластырған тағылық эксперимент, ғаламды қайта құру тәжірибесі
болды.
Соғысқа дейін және соғыс кезінде Қазақстанға 98,4 мың корейлер, 420 мың
немістер, 109,3 мың месхеттік түріктер, 37 мың гректер, мыңдаған күрділер,
200 мыңдай поляктар, 406 мың шешендер мен ингуштар, 4,5 мың қырым
татарлары, 2 мыңнан аса қалмақтар, 45,5 мың қарашайлар, 4,6 мың балқарлар,
6 мың ирандықтар — ұзын саны 1,5 миллион адам жер аударылды.
Күштеп қоныс аудару кезінде, жол бойында, арнайы лагерьлер мен
тұрақжайларда бұл халықтардың жартысына жуығы апат болды.
Оларды бір сәтте туған жерінен айырып, мал сияқты жүк вагондарымен
Қазақстанға әкеліп, 24 сағаттың ішінде бүтіндей халықтарды көшіріп
орналастырып үлгерді.
Кеңес Одағында социалистік құрылыс тереңдеген сайын таптық күрес
шиеленісе түседі деген желеумен мемлекеттік езіп-жаншу тәртібі орнықты.
Қоғамдық санада “халық жаулары” деген түсінік, ұлттық белгі бойынша
адамфобиясы құбылысы орын алды. Фобия — қауіп, қорқыныш, үрей деген мағына
береді. Демек, бір немесе бірнеше халықтар Кеңестер елін сатып кетуге
дайын, сондықтан мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту үшін оларды ішкері
аймақтарға көшіру қажет. Үрей туғызу арқылы ықпал ете отырып, жаппай
жазалау тоталитаризмнің құрамдас бөлігіне айналды.
Сталиндік қуғын-сүргін кезінде жоғарыда аталған халықтардың алдыңғы
қатарлы зиялыларына қарсы “үлкен террор” жасалды, ұлттың бетке шығары
түбірінен жойылды. Жер-жерлерде ұлттық мектептер, газет-журналдар жабылды.
Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым, Қалмақ өңірінен күшпен жүргізілген
депортациялар да өзінің көлемі жағынан ауқымды болды. 1942 жылдың күзіне
қарай Кеңес әскерлері шығысқа қарай шегіне отырып, Еділ жағалауы мен Үлкен
Кавказ қыраты алқабына жақындады. Шешен-ингушияның бір бөлігі, сондай-ақ,
қарашай, балқар, қалмақтар мекендейтін аймақ жау қолында қалды. Тек
Сталинград және Курск түбінде Гитлер армиясын талқандағаннан кейін ғана
Солтүстік Кавказ өңірі жаудан азат етілді. Алайда, жаудан азат ету аяқтала
салысымен, фашистік басқыншылармен жақындасты деген желеумен саяси қуғын-
сүргін басталды.
1943 ж. Қарашай автономиялы республикасы жойылып, қарашайларды көшіру
туралы қаулы қабылданды. Жалпы саны 45,5 мың адам Қазақстанның Жамбыл және
Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Қалған отбасы Қырғызстанға,
Өзбекстанға аттандырылды.
Депортацияның қайғылы қасіреті балқарларға да келіп жетті. 1936 ж.
құрылған Кабардин—Балқар АКСР-нан 1944 ж. наурыз айында 650 мыңдай шешен,
ингуш, қалмақ, қарашайлар көшірілді. Бүкіл техника, НКВД құрамалары, армия
бөлімдерінен 19 мыңдай офицер мен әскерлер қатыстырылған бұл операцияны
Ішкі істер Халық комиссары Берияның өзі басқарды. Жалпы саны 40 мыңдай
балқарлардан Солтүстік Кавказ түгелдей “тазартылды”. Жалпы саны 46,6 мың
балқар отбасы оңтүстік облыстарға қоныстандырылды. Қалғандары Қырғызстанға
жөнелтілді. Балқарларды көшіргеннен кейін республика Кабардин АКСР-і болып
атала бастады.
Кавказ өңіріндегі саны жағынан ең көп саналатын шешен-ингуш халқын
көшіру де осындай әдістермен жүргізіледі. Ішкі істер халық комиссары Берия
көшіру операциясын 1944 ж. ақпан айына жоспарлап, 40 эшелон мен 6000
автомашина дайындалды. 1944 ж.
1 наурызда 478,4 мың адам (олардың 91,2 мыңы ингуш) эшелондарға тиеліп,
жаңа қоныстарға аттандырылды. Алғашқы эшелондар Қазақстанға наурыз айының
ортасында келіп жетіп, Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік
Қазақстан, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарына бөліп
орналастырылды. Бір мыңдай ингуш пен шешен кеңестерге қарсы әрекеті үшін
тұтқындалды.
1944 ж. ақпан айынан кейін Қызыл армиядан босатылған шешен және ингуш
ұлтының әскери адамдары НКВД-нің арнайы қоныстарының қарамағына өтті. Дәл
осындай жағдай майданда жүрген депортацияланған халықтардың барлығына
қатысты болды. Олардың барлығы өздерінің туған-туыстары тұрып жатқан
қоныстарға немесе Орал, Сібір өнеркәсіп өндірісіне жіберілді. КСРО-ның
басқа НКВД лагерьлеріндегі шешендер мен ингуштер Қарағанды лагеріне
ауыстырылды. Дағыстан АКСР-да, Грузияда, Әзірбайжанда, Краснодар өлкесі,
Ростов, Астрахань облысында тұрып жатқан шешендер мен ингуштар да
депортация қармағынан аман қалған жоқ, көшіріп-қондыру 1945 жылдың соңына
дейін жалғасты. 1945 жылға қарай Қазақстанға көшірілген шешендер мен
ингуштардың жалпы саны 406,3 мың адамға жетті. 1944 ж. 7 наурыздағы КСРО
Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен Шешен-ингуш АКСР жойылды. Барлық аудан аттары
өзгертілді. Шешен-ингуш АКСР-нің орнына Грознен облысы құрылды. Облысқа
дейін барлық жергілікті халықтың 58%-ын құраған шешен мен ингуш халқы
осылайша туған жерлерінен қол үзді. Грознен облысына ондаған мың орыстар
мен аварлар, осетиндер, украиндар әкелінді. 1944 ж. Орта Азия мен
Қазақстанға Грузиядағы күрділердің екінші толқыны, 1948—1950 жылдары үшінші
толқыны күштеп көшірілді. Әзірбайжанда қалған күрділердің біраз бөлігі
қуғын-сүргінге ұшырау қаупінен қорқып, құжаттарын өзгертіп, әзірбайжан
болып жазылуға мәжбүр болды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін майданнан
қайтқан майдангер-күрділер өз туғандарын таба алмай әуре-сарсаңға түсті.
Олардың өзі 50-жылдардың соңына дейін арнайы қоныстардағы НКВД органдарына
айына 2 рет белгіленіп тұруға міндетті болды.
1943 жылғы 28 қазандағы бұйрық негізінде Қалмақ АКСР-нен 2,2 мың адам
Қызылорда облысына орналастырылды.
Фашистік Германия оккупациялаған аумақтар азат етілген сайын сол
жерлердегі халықтарды депортациялау ісі де жалғаса берді. 1944—1945 жылдары
азат етілген Украина, Белоруссия және Балтық өңірінде бұрыннан мекендеп
келе жатқан немістер Сібір мен Қазақстанға көшірілді. 1945 жылдың соңына
қарай Қазақстанға 9 мың неміс отбасыларын орналастырды.
Ел басшылығындағы шовинистік пиғылдардың ұлт саясатындағы белгілері
жекелеген халықтар мен ұлт азшылықтарын “жағымсыз элемент” ретінде
көшірудің белең алуынан көрінді. Әңгіме бірінші кезекте Қырым және Грузия
аудандарындағы халықтарды тарихи Отандарынан көшіру туралы болып отыр.
1921 ж. құрылған Қырым АКСР-інде орыстар, украиндар, қырым татарлары,
гректер, болгарлар, армяндар мекендеді. 1944 ж. Берияның бұйрығымен Қырымды
“кеңестерге қарсы элементтерден” тазартуға 2000 жүк машинасы әзірленді.
1944 ж. мамырда 50 эшелонға тиелген татар ұлты өкілдері түгелдей Қырым АКСР-
нен қуылды. Депортация барысында Қазақстанға 4501 татар, 7 мың болгар мен
гректер әкелінді. Депортацияға ілінген месхеттік түріктер Грузияның
оңтүстік-батыс аудандарынан 1944 ж. қарашада Қазақстанға әкелінді. Жалпы
1943—1944 жылдары Қаз КСР-не 109,3 мың отбасы арнайы қоныстандырылды.
Қазақстан — лагерьлер өлкесі. Қазақстан жері сан жылдар бойына
тоталитарлық жүйенің тәжірибелері жасалатын орасан зор концлагерьге
айналды. Кешегі тоталитарлық қоғамның төл туындысы ГУЛАГ жүйесінің
Қазақстанда кең тамыр жайғаны белгілі. Ресми құжаттарда “Қарлаг”, “Степлаг”
деген атпен белгілі болған лагерьлер осы ГУЛАГ (Главное управление лагерей
и колоний) жүйесінің бір бөлімшесі болып табылады.
ГУЛАГ жүйесі 1934 ж. құрылған Ішкі істер Халық Комиссариатының (НКВД)
құрылымына берілді. Ал ГУЛАГ-тың құрамына әр түрлі салалық өнеркәсіп
басқармалары енді. Осылайша НКВД жазалау-күштеу органы бола отырып,
шаруашылық-экономикалық мекемелердің жұмысын атқаратын болды. Қазақстанда
1939 ж. 21 еңбекпен түзету лагерьлері мен колониялары болды. ГУЛАГ
құрамының ең үлкені — Қарлагта 35 мыңдай адам ауыл шаруашылық жұмыстарын
атқарды. Қарлагтың әкімшілік аумағындағы бөлімшелер Қарағанды ГРЭС-і,
Қарағанды темір жолы, шахталар құрылысында жұмыс істеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ГУЛАГ жүйесі одан әрі кең қанат жая түсті.
Оның құрамында 56 еңбекпен түзету лагерьлері, 910 лагерь бөлімшелері, 424
еңбекпен түзету колониялары болды. Соғыс уақытында 40 еңбекпен түзету
лагерьлері жаңадан құрылды. Оларда 1944 ж. 1 шілдеде 1,2 млн тұтқын болса,
оның 43%-ы саяси мотивтер бойынша сотталғандар еді. Соғыс жылдарында ГУЛАГ
жүйесі көптеген халықтардың есебінен толықты. “Еңбек армиялары”,
“Жұмысшылар колонналары” деп аталынғандар НКВД объектілерінде және басқа
халық комиссариаты өндірістерінде еңбек етті.
Соғыстан кейін де КСРО-да түрме мен лагерьлер жүйесі өсе түсті. КСРО-да
арнайы қоныстарда барлығы 2 млн 750 адам болды. Арнайы қоныстардағылардың
арасында саяси мотивтер бойынша жазаланғандар санаты пайда болды. 1944—1952
жылдары Батыс Украинадан отбасыларымен бірге Украина ұлтшылдар ұйымы (УҰҰ)
мүшелері, 1946—1947 жылдары “власовшылдар”, 1949 ж. Қара теңіз жағалауынан
(Грузиядан, Одессадан және Қырымнан) гректер және т.б. күштеп көшірілді.
1953 ж. 1 қаңтарда Қазақстанда 1 млн жуық арнайы қоныс аударылғандардың
13 мыңдайы лагерьлерде, колония және түрмелерде тұтқында отырды. Арнайы
қоныстардың ішінде 450 мыңдай неміс, 245 мыңдай шешен, 80 мыңдай ингуш, 37
мыңдай грек, 35 мыңдай поляк, 33 мыңдай Грузиядан келгендер, 6,5 мыңдай
Қырымнан келгендер, 8 мыңдай УҰҰ мүшелері, 1,3 мың власовшылдар және т.б.
болды.
Соғыстан кейін ГУЛАГ жүйесінде “қауіпті мемлекеттік қызметкерлер
ұсталатын” ерекше қатал тәртіпті лагерьлер мен түрмелер құрылды. Оларда
бұрынғы саяси негіздегі қылмыскерлерге қосымша шпионаж, терроризм, диверсия
үшін сотталғандар мен ұлтшыл және кеңестерге қарсы ұйымдардың мүшелері
ұсталды. 1948—1952 жылдары КСРО бойынша құрылған 12 ерекше лагерьлердің 4-і
Қазақстанда ұйымдастырылды. Қарағанды облысында барлығы 40 мың тұтқыны бар
N4 (“Далалық лагерь”), N8 (“Құмдауыт лагері”), N9 (“Жазықтық лагері”),
Павлодар облысында 1952 ж. құрылған 5 мыңдық N11 (“Шеткі лагерь”) ерекше
қатал тәртіпті лагерлері бой көтерді. Тұтқындар аса ауыр дене еңбегімен
шұғылданды. Жұмыс уақыты 10 сағатқа созылды, емдеу-сауықтыру қызметін
ұйымдастыруға ешкім де басын ауыртқан жоқ. Ерекше тәртіптегі лагерьлер ірі
халық шаруашылығы объектілері құрылысында, Жезқазған, Қарағанды, Балқаш,
Ақтөбеде жұмыс күші ретінде пайдаланылды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың халық санына тигізген әсері. Еңбек
армиялары. Екінші дүниежүзілік соғысының дауылында Қазақстан аумағына көшіп
келушілер тасқыны шұғыл артты. Қазақстанға елдің батыс бөлігінен 536 мың
адам эвакуациямен келді.
Майданда 410 мың қазақстандық жауынгерлердің мерт болуы мен 125 мың
адамдардың хабар-ошарсыз кетуі, концлагерьлерде азаппен көз жұмуы сияқты
соғыстың зардабы орасан зор болды. Белгілі демограф М.Тәтімовтың болжауы
бойынша, мұндай соғыстың зардабы 125 жылға дейін созылады екен. Мыңдаған
отбасылардың шаңырағы ортасына түсіп, балалар жетім қалды. Қазақ
балаларының табиғи туу және өсімінің қарқыны төмендеп, 1944 ж. 1000 адамға
шаққанда 47 мыңдық деңгейге түсті.
Соғыс жылдарында Қазақстаннан 1 миллион 200 адам майданға шақырылды.
Бұлардың 630 мыңы алғашқы аттанғандар болды. Ал алғашқы соғыс жылдарында
әскердің шегінуіне байланысты адам шығыны көп болып, армия қатарын
толықтыру қажеттігі үнемі сақталып тұрды. Сондай-ақ, еңбек колонналарына
шақыруды қоспағанда Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға әрбір бесінші
қазақстандық шақырылды.
Соғыс басталған кезден бастап 1941 жылдың соңына дейін, 1942 жылдың жазы
мен күзінде әскери қимылдар болып жатқан аймақтардан шығысқа өнеркәсіп
өндірістері, колхоз, совхоз, МТС дүние-мүлкі мен малдар эвакуацияланды.
Қазақстанға 312 өнеркәсіп өндірісі мен жарты миллионнан астам адам көшіріп
әкелінді. Бұл өндірістердің 142-сі ғана іске қосылды.
Өнеркәсіп өндірісіндегі еңбек армиялары басқа республикалардан
келгендермен қатар, соғысқа дейінгі арнайы қоныстардағылар, сондай-ақ
Қазақстанға депортацияланған халық өкілдері контингентімен толықтырылып
тұрды.
Тұтастай алғанда моральдық-саяси белгілері бойынша майданға шақырылмаған
халық өкілдерінен еңбек армиясы құралды. Еңбек армиясының арнайы жұмыс
колонналары неміс, фин, румын, корей халық өкілдерінен тұрды. Мәселен,
соғыс жылдарында еңбек армия-сына 121 мың неміс, 30 мың корей ұлты өкілдері
шақырылды. Еңбек армиясында тек арнайы қоныстандырылғандар ғана болған жоқ,
негізгі бөлігі колхоз тұрғындары болып табылатын 200 мыңдай қазақтар да
шақырылды. Олардың барлығы Орал және Сібір зауыттары мен Ақмола — Павлодар,
Қарағанды — Ақмола, Орынбор — Арыс, Басқұншақ — Мақат темір жол құрылысында
еңбек етті. Мыңдаған тұтқындар Доссор — Астрахань, Орск — Қандыағаш мұнай
құбырлары құрылысына терін төкті.
Соғыс жылдарында барлығы 700 мыңнан астам қазақстандықтар — қазақтар,
немістер, украиндар және т.б. еңбек колонналарына шақырылды. Соғыстың соңғы
1,5 жылында еңбек армиясының қатарына Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым,
Қалмақ елдерінен көшіріп-қоныстандырылған бөлігі қосылды. Еңбек
армиясындағы адамдардың тұрмыстық-материалдық жағдайы өте ауыр болды.
Арнайы қоныстандырылғандардың көп бөлігі ауру мен аштықтан қырылды.
Мәселен, 420 мың неміс ұлты өкілінің соғыс біткен соң 330 мыңы ғана қалды.
Сонымен, еңбек колонналарында екі категориядан тұратындар, біріншілері —
азаматтық тұрғындардан тұратын еңбек армиясы, екіншілері — тұтқын
жағдайындағы арнайы қоныстандырылғандар болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға және қорғаныс өнеркәсібіне әрбір
төртінші қазақстандық алынды. Ұлы Отан соғысының майданында 350 мың қазақ
жауынгерлері қаза тапты, 150 мың адам жау қолында тұтқынға айдалды немесе
хабар-ошарсыз кетті. Соғыстың ауыр жылдарында демографиялық депопуляциялық
жолмен (туудың төмендеп, өлімнің артуы) 100 мың адамға кеміді. Сөйтіп,
екінші дүниежүзілік соғыс тек қазақ халқының өзінен барлығы 600 мың адамға
азаюына кері ықпал етті.
1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6,9 млн адам тұрса, соғыс аяқталған
соң эвакуациямен келген және депортацияланған халықтар есебінен бұл
көрсеткіш шамамен 7,5 млн болды.
Жергілікті халықтың үлес салмағы 1939 жылмен салыстырғанда 38%-дан 30%-
ға кеміп кетті. Тіптен кейбір аймақтарда қазақтардың үлес салмағы 2 есе
азайды. Мәселен, 1959 жылғы халық санағы бойынша қазақтар Орталық
Қазақстанда барлық халықтың 45 бөлігін құрады; орыстар — 47,4%; немістер —
10,9%; украиндар — 9,6%; татарлар — 2,5%; корейлер — 1,2% және басқа ұлттар
— 9,3% болды.
Сталин қайтыс болғаннан кейін 1954—1956 жылдары заңсыз қуғын-сүргінге
ұшыраған халықтар, таптар және басқа кеңес азаматтарын ақтау үрдісі
басталды.

3. КЕҢЕСТІК ДӘУІРДЕГІ ЖОСПАРЛЫ МИГРАЦИЯЛАР
Тың және тыңайған жерлерді игерудің демографияға әсері. Соғыстан кейінгі
және 50-жылдардағы азық-түлік проблемасын шешуге бағытталған тың және
тыңайған жерлерді игеру қолға алынды. Осыған байланысты республикаға аса
ірі көш-қон тасқыны қайта басталды. Мұның өзі уақыт жағынан алып
өнеркәсіптік құрылыстар жүруімен тұспа-тұс келді. Өнеркәсіп, құрылыс және
көлік үшін жұмысшы күшін ұйымдасқан түрде тарту арқылы 1954—1965 жылдары
республикаға 0,5 млн адам көшіріліп әкелді. Сөйтіп, республикаға қажетті
жұмысшы күшінің 80%-ы сырттан әкелінді.
Қазақстанға Ресей мен Украина, Белоруссия және басқа да Одақтас
республикалардан тыңды жаппай игерудің бірінші кезеңінде (1954—1956 жж.)
640 мың адам келді. Бұлардың ішінде 391,5 мың ауылшаруашылық
механизаторлары, 10,8 мың тракторшылар, 50 мың құрылысшы, 3 мың денсаулық
сақтау қызметкерлері, 1,5 мыңдай мұғалім, 1 мыңнан астам сауда қызметкері
және басқалар болды. Олар негізінен Ресей, Украина, Белоруссиядан келген
қыздар мен жігіттер болатын. Комсомол жастардың интернационалды екпінді
бригадалары құрылды.
Баспасөз беттерінде тың игерушілер қатарына қосылуға шақырған үндеулер
жиі басылып тұрды. Тың игеруге қатысқан адамдарды материалдық ынталандыру
қолға алынды. Тың игеруге келгендердің жолы тегін болды, әр отбасына
500—1000 сомға дейін, әр мүшесіне 150—200 сомнан бір реттік көмек
көрсетілді. Үй салу үшін (оның 35 пайызын мемлекет берді), мал сатып алу
үшін несие берілді. Тың игерушілер 2 жылдан — 5 жылға дейін ауылшаруашылық
салығынан босатылды. Бұл көтерме көмекті тек славян ұлты өкілдері ғана
пайдалана алды. Көбінесе отбасымен көшіп келушілер көп болды.
Алғашында олар ен далада бой көтерген палаткалы қалашықтарда, шағын
вагондарда, жертөлелерде тұрды. Алғашқы екі жылда ғана Қазақстанның тың
жерлеріне 200 мыңдай отбасы қоныстанды.
Тың аймағындағы МТС, совхоз директоры сияқты басшылық жұмыстарға сырттан
келген мамандар тағайындалды. Орталық комитеттен бастап, аудандық партия
комитеттерінің бірінші хатшысы қызметіне дейін орталықтан жіберілді.
Қазақстан тыңын игеруге 1954—1955 жылдары орталықтан 26 мыңға жуық
коммунист жолдамамен келді. Тың игеру шын мәнінде ұйымдастырылған қоныс
аудару болды. Орталықтың ұйғаруымен әкімшіл-әміршіл басқару әдісімен асығыс
жүргізілді. Әрине, тыңды бағындыруға келгендердің қиындықтарға қарамастан
қажырлы еңбек еткендігін жоққа шығаруға болмайды. Алғашқы тың игерушілердің
ерен еңбегі сөзсіз тарихта қалады.
Тың жерлерге Кеңес әскері қатарынан қайтқан жауынгерлер де көптеп
тартылды. Олардың күшімен Көкшетау облысында “Тамановец”, Қарағанды
облысында “Индустриальный” және басқа совхоздар құрылды.
Тың және тыңайған қазақ жерлерін ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау
Этникааралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің саяси типологиясы
Қазақстандағы ұлт саясаты: мәселелері және келешегі
Қазақстандағы жаһандану кезіндегі ұлтаралық қатынастар
Көпэтностық қоғамдағы дін: толеранттылыққа жетудің жолдары
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы
Жастармен жұмыс жүргізудің теориялық негіздері, БАҚ-тағы көрінісі және жастармен жұмыс жүргізу технологиясы
Қазақстандағы көп ұлттылық
ҰЛТ САЯСАТЫНЫҢ БАСТАУЫ
Қазіргі таңда Қазақстанның саяси және экономикалық өрлеу кезеңінде ҚХА құрылу және даму қажеттілігі
Пәндер