ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛЫ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 5 бет
Таңдаулыға:   

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛЫ

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туын тіккеніне - 10 жыл. Осы мерзім ішінде өткен күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси процестер халықтың демографиялық ахуалына да өзіндік ықпал жасады. Қазақстан Республикасының қазіргі кезеңдегі демографиялық ахуалындағы басты ерекшелік - тұрғындар санының күрт кемуі.

Соңғы халық санағының мәліметтеріне қарағанда, елдегі тұрғындар саны 1 миллион 246 мың адамға, 7, 7%-ға азайған. 1989 жылы қазақстандықтардың саны 16 миллион 199 мың адам болса, қазір 14 миллион 953 мың адамды құрайды. 2724, 9 мың шаршы км. жерді алып жатқан Қазақстанның әрбір шаршы километріне 5, 5 адамнан келеді. Бұл Қазақстанның әлемдегі халық аз қоныстанған елдер қатарында екендігін аңғартады. Тұрғындар санының күрт кемуі Қарағанды (335230 адамға немесе 19, 1%), Шығыс Қазақстан (236201 адамға немесе 13, 4%), Ақмола (228135 адамға немесе 21, 5%), Қостанай (206115 адамға немесе 16, 7%), Солтүстік Қазақстан (186085 адамға немесе 20, 4%), Павлодар облыстарында (135330 адамға немесе 14, 5%) анық байқалуда. [1] Қазақстандықтар санының кемуі өлке тұрғындарының демографиялық құрылымындағы ерекшеліктерге байланысты. Дәлірек айтқанда, орыс тілді тұрғындардың өз атамекеніне көшуінен және табиғи өсімнің төмен деңгейде болуынан туындауда.

Ресми статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстан тұрғындарының 56%-ы қалаларда, 44%-ы ауылды жердерде тұрады. Тұрғындардың урбанизациялану деңгейіне қарай Қарағанды (қала халқының үлес салмағы 82, 2%), Маңғыстау (78, 4), Павлодар (63, 4%), Қызылорда (60, 5), Шығыс Қазақстан (58, 8%), Атырау (58, 2%), Ақтөбе (56, 2%), Қостанай (54, 2%) облыстары ерекшеленеді.

Қазақстан тұрғындарының этникалық құрамында қазақтар мен орыстардың үлес салмағы басым. Қазақтардың үлес салмағы жыл өткен сайын өсіп келе жатса, орыстардың саны 70-жылдардың соңынан бері қарай кемуде. Қазақтар 1989 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта 1 488 181 адамға көбейіп, қазір 7 миллион 985 мың 39 адамға жетіп отыр, яғни тұрғындардың 53, 4%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш 1989 жылы 40, 1% болатын. Сонымен 1930 жылдардан соң, қазақтар өз Отанында алғаш рет сан жағынан көп ұлтқа айналды. Қазақтар санының көбеюі мен үлес салмағының артуы олардың табиғи өсімінің нәтижесі және елден қазақ емес ұлттардың көшуіне байланысты. Сондай-ақ оған қазақтардың алыс (Қытай, Моңғолия, Иран) және таяу (Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан) шетелдерден елге оралуы да әсер етуде. Орыстар 1989 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта 1582399 адамға кеміді. Олардың қазіргі саны 4479620 адамды құрайды. Осылайша орыстардың елдегі үлес салмағы 37, 4%-дан 30%-ға түсті. Елдегі кейбір басқа этностардың да саны кемуде. Немістер-593414 адамға, украиндар-328637 адамға, татарлар-71793 адамға, белорустар-66011 адамға, әзербайжандар-10656 адамға, кәрістер-1074 адамға азайды. Ал, Қазақстандағы өзбек пен ұйғыр халқының саны мен үлес салмағы артуда. Өзбектер 39621 адамға, яғни 2, 5%-ға көбейіп, 370663 адамды; ұйғырлар 28839 адамға, яғни 1, 4%-ға көбейіп, 210365 адамды құрады.

Республикадағы ұлттарда жыныстық арасалмақ әркелкі. Ерлердің үлесі 1000 әйелге шаққанда қазақтарда 978, ұйғырларда 999, орыстарда 843, татарларда 842, украиндарда 872 адамнан келеді. Әзірбайжандар мен өзбектер арасында ер азаматтардың саны басым. 1000 әйелге әзірбайжанның 1014 ер азаматы, өзбектің 1015 ер азаматынан келеді. Ауылды жерлердегі қазақтар арасында ерлердің саны басымырақ. Орта есеппен онда 1000 әйелге 1020 ерден келеді. Бұл Маңғыстаудан басқа облыстардың бәріне тән. 1000 әйелге Қызылорда облысында 1058, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысында - 1040, Шығыс Қазақстан облысында - 1029, Ақмола облысында - 1026, Жамбыл облысында - 1023, Ақтөбе облысында - 1021 ер азаматтан келеді. [2] Барлық облыстар бойынша қалалардағы әйелдер саны басым болып, жыныстық арасалмақтағы үйлесімсіздік тереңдей түсуде. Мәселен, 1989 жылы қалаларда ер адамдар тұрғындардың 47, 5%-ын құраса, 1999 жылы 46, 7% деңгейіне түсті. 1989 жылы 1000 әйелге 907 ер адамнан келсе, 1999 жылы 879 ер адамнан келді. [3]

Республикада туудың төмендеуіне байланысты тұрғындардың жастық құрылымында ересек адамдардың санының артып, қартаюы белең алуда. 1990 жылы 9 жасқа дейінгі балалар тұрғындардың 22%-ын құраса, 1999 жылы 17, 8%-ын құрады. Жалпы 19 жасқа дейінгі жастардың үлес салмағы 41%-дан 37, 8%-ға түсіп кетті. Керісінше 60 жастан асқандар 1990 жылы 9% болса, 1999 жылы 10, 8%-ға көтерілді. Мұндай жағдай көбінесе орыс, украин және белорус халықтарына тән. 60 жастан асқандар орыстар арасында 17%, украиндар арасында 24, 7%, белорустар арасында 23, 8%. Қазақтар тұрғындар ішіндегі жас халық, орташа жасы-25, себебі олардың басым көпшілігі - балалар мен жастар.

Халықтың өсіп-өнуіне тұрғындардың жастық, жыныстық құрылымы тікелей әсер етеді. Тұрғындар неғұрлым жас болса және жыныстар арасындағы үйлесімділік қолайлы болса, солғұрлым өніп-өсу қарқынды жүреді. Ал табиғи өсім - Қазақстан үшін тұрғындар саны өсімінің бірден-бір көзі. 80-жылдардың соңынан республикада туу төмендеп, керісінше өлім-жітім көбейе түскен-ді. Соның нәтижесінде табиғи өсім қарқыны бәсеңдеді. Бұрын табиғи өсім коэффиценті 18, 1 промилль болса, 1999 жылы 4, 4 промилльге төмендеді. Ауыл тұрғындарының табиғи өсім деңгейі қалалықтарға қарағанда 4, 3 есе жоғары. Республикадағы ұлттар арасында табиғи өсім біркелкі емес. Табиғи өсім өзбектер (22, 0) мен қазақтар (13, 5) арасында жоғары. Ал, орыстар (-4, 9), украиндар мен белорустар (-8, 6) арасында соңғы жылдары туудан өлім жоғары болып тұр.

90-жылдары тұрғындар арасында некелесу коэффиценті күрт төмендеді, ол жыл сайын үш еседен астам қысқарды. Қазіргі кезде ауылды жерлерге қарағанда қалаларда некелесу 1, 2 есе көп болып тұр. Сондай-ақ ажырасу да біршама азайды. Қазіргі кезде тіркелген 3 некенің біреуі ажырасуда. Ажырасқандардың төрттен бірі (23, 8%) бес жылға дейін некеде тұрған.

1988 жылдан бастап республикада туу азая бастады. Қазақстанда бүгінде бір әйелге 2, 5 баладан келеді. Ең төменгі көрсеткішке Алматы қаласы (бір әйелге 1, 5 баладан) мен Солтүстік, Шығыс өңірлерінің (бір әйелге 1, 8 баладан) тұрғындары, ал жоғары көрсеткішке Оңтүстік өңір (бір әйелге 3, 4 баладан) тұрғындары ие. Тұрғындарының басым көпшілігін қазақтар құрайтын Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында балалар көп туылуда. Көпке дейін қазақтар арасында туылудың азаюы ашық байқала қойған жоқ еді, тек 90-жылдардың ортасынан туу көрсеткіші бәсеңдей түсті. Қазақ әйелдерінің туу коэффиценті қазір 3, 1%-ға тең. Бала туудың бәсеңдеуі Оңтүстік Қазақстан өңірлеріне де тән бола бастады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында бір әйелге орта есеппен 3, 2-ден 3, 6 баладан келеді. [4] Бұл қазақтардың да біртіндеп көп балалықтан бас тарта бастағанын аңғартады. Орыс, украин әйелдері қазақ әйелдеріне қарағанда әлдеқайда аз босанады. Олардың бір әйеліне 1, 7 баладан келеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіндегі демографияның орны
Қазіргі таңдағы Қазақстанның демографиялық жағдайы турасында
Демографиямыздың талғары
Қазақстандағы ұлт саясаты: мәселелері және келешегі
Әлеуметтік және демографиялық статистика
Қазақстан Республикасының тәуелсіз жылдардан кейінгі демографиялық жағдайы
Әлемдегі түркі халықтардың өсу деңгейі
Көші-қон
Экологиялық мәселенің мәні
Қазақ халқының демографиялық өткені мен болашағы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz