Тарихшы Е. Бекмахановтың ісі


ЖОСПАР
Кіріспе3
Республиканың қоғамдық-саяси өмірі3
Тарихшы Е. Бекмахановтың ісі5
Халықтың әлеуметтік жағдайы7
Қорытынды11
Қолданылған әдебиеттер тізімі12
Кіріспе
Әлемді өзінің ажал отымен шарпыған сұрапыл екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Экономиканы бейбітшілік жағдайға бейімдеп қайта құру еңбекшілердің қоғамдық-саяси белсенділігі жағдайында жүргізілді. 1945 жылы қазан айында Алматыда Республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғары Кеңесінің мерекелік сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.
Бірақ шынтуайтқа келгенде бұл алғашқы қуаныштар көп ұзамай су сепкендей басылды. Өйткені соғыста жеңуге тікелей басшылық еткен коммунистік партия деп танылып, енді бұдан былай осы көзқарас тұрғысынан кез келген ірілі-ұсақты оқиғалардың барлығына жаппай бақылау орнатылды.
Біз қарастырып отырған төртінші бесжылдық кезеңде (1946-1950) ел ішінде И. В. Сталиннің жеке басына табыну бел алды. Қандай да болсын табыстың бәрі оның басшылық жасай білуіне, ал ірі кемшіліктер мен олқылықтар «халық жауларына» таңылды немесе үнсіз қалдырылды. Мұның бәрі республиканың қоғамдық-саяси дамуына теріс әсер етіп, ауыр зардаптарға ұшыратты. Даңғаза саяси айдар таңуды пайдаланған әртүрлі ұрандардың көлеңкесінде заңдылық бұзылып, өкімет билігі теріс қолданылып жатты.
Республиканың қоғамдық-саяси өмірі
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртінші бесжылдыққа арналған жоспар бойынша соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының соғыстан бұрынғы дәрежесіне жетіп, одан едәуір асып түсу міндеті белгіленді. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастауға үлкен мән берілді. Халық әлеуметтік бағдарламаға бетбұрыс жасау қажеттігін анық түсіне бастады.
Алайда қоғамдық сананың барлық деңгейлерінде сезіліп отырған жаңарудың кешенді бағдарламасын жасауға тұрақтанған әлеуметтік-саяси құрылым кедергі жасады. Мұның үстіне аса ауыр соғыста жеңіп шығу сол кездегі қоғамдық-саяси жүйенің тиімділігі жоғары деген жалған сезім туғызды, ал елді басқарып отырғандардың көпшілігі билеудің әкімшіл әдістері ел билеудің ең тура жолы деп сенді.
1946 жылғы наурызда өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Жоспарлау Комитетінің төрағасы Н. А. Вознесенскийдің төртінші бесжылдық жоспар туралы баяндамасында осы қағида жетекші партиялық бағыт деп жарияланды. Көз жетерлік тарихи кезеңде коммунизмді орнатуға болады деген қағида кеңес басшылығы тарапынан жиі-жиі айтылатын болды және ол дайындалып жатқан коммунистік партияның үшінші бағдарламасының жобасында өз көрінісін табуға тиісті деп есептелді.
И. В. Сталиннің ВКП (б) XIX съезі ашылуы қарсаңында жарияланған «КСРО-дағы социализмнің экономикалық проблемалары» деген еңбегінде осы бағдарлама теориялық жағынан негізделді.
Сталиннің еңбегінде келешекте қала мен ауыл арасындағы тауар-ақша қатынастарын тікелей өнімдер айырбасы алмастырады деген тезис коммунизмге өтудің негізгі шарттарының бірі деп түсіндірілді және оны ВКП(б) XIX съезі қолдады. И. В. Сталиннің осы «данышпандық еңбегінің» идеяларын жаппай насихаттаушылар социалистік қоғамның «шексіз мүмкіндіктері», оның капитализмнен сөзсіз «артықшылықтары» туралы қалыптасқан сенімге сүйенді. КСРО-да жеңіске жеткен социалистік қоғам тез қарқынмен коммунизмге жетуді қамтамасыз етеді деген ұғым қалыптасты. Сонымен, коммунизмге өту проблемасы ғылымға жат, тұрпайы пікірлермен алмастырылып, оның негізіне өнеркәсіптің кейбір салаларында белгілі сандық көрсеткіштерге қол жеткізу алынды.
Жаңа қоғамдық-экономикалық формацияны күштеу әдістері арқылы жасауға талпыну республиканың табиғи даму жолын бұзды. Насихат құралдары көз жетерлік тарихи кезеңде коммунизм орнату мүмкіндігі туралы пікірді жаппай уағыздаумен айналысты.
Өзгерген омірдің жаңа талаптарына қарамастан, соғыстан кейінгі кезеңде де ауыр өнеркәсіпті бұрынғыдай тез қарқынмен дамыту экономикалық саясаттың басты принципі болып қала берді. Ал халықтың материалдық қажеттерін қанағаттандыру ісі, соғысқа дейінгі кезеңдегідей, екінші кезектегі мәселе болып саналды. Осындай жағдайда насихат аппараты, күнделікті ақпарат құралдары не бары 20 жылдық мерзімде кеңес халқы коммунизмнің көкжиегін көреді деген өтірікті күн-түн демей адамдардың санасына сіңірумен айналысты. Осы «тамаша келешекке» жету жолында еңбекшілер төзімді болуға, аянбай еңбек етуге, қандай азапты қиыншылықтар болса да, ешбір наразылықсыз көтеруге шақырылды.
Ал мұндай жағдайға көнбегендер, насихат аппаратының өтірігіне сенбегендер социализм ісіне қарсы шыққандар ретінде айыпталды. Оларға социализмді «қаралаушылар», идеологиялық «диверсия жасаушылар», ұлы табыстарға күйе жағушылар деген саяси айыптар тағылды. Келеңсіз құбылыстардың себептерін іздеу «кім айыпты?» деген сұрақпен алмастырылды да, қоғамдағы кемшіліктердің жекелеген «айыпкерлері» іздестірілді. Социализм нығайып, дами түскен сайың ел ішінде де, халықаралық қарым-қатынаста да тап күресі күшейе түседі деген сталиндік қағида идеологиялық шиеленісті асқындыра түсуге негіз болды. «Халық жаулары» мен «социализм жауларына» қарсы күрес науқандары үздіксіз жүргізілді. 20-30-жылдарда басталған саяси қуғын соғыстан кейін де жалғастырылды. Саяси қуғын-сүргіннің қатігез шеңгеліне соғыс кезінде әр түрлі себептермен жау қолына тұтқын болып түскен сан мыңдаған солдаттар мен Кеңес Армиясының офицерлері де ілікті. Көптеген «әшкереленген» істердің қатарында қолдан жасалған «Ленинград ісі», «Дәрігерлер ісі», т. с. с. болды. Тіпті, кейбір жұмысшылардың кәсіби мамандығының төмендігінен өндірісте орын алған үлкенді-кішілі апаттар «халық жауларының» әрекеттері деп бағаланды. Осы тұрғыдан біздің республикада осы істердің заңды жалғасы болып табылаптын «істердің» қатарында Е. Бекмахановтың ісі болы.
Тарихшы Е. Бекмахановтың ісі
Жас, талантты тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақ КСР-і тарихын» даярлау үстінде жұмыс істеп жатқан ғалымдардың интернационалдық ұжымының мүшесі еді, бұған А. П. Кучкин, А. М. Панкратова, Б. Д. Греков, Н. М. Дружинин және басқа көрнекті Кеңес тарихшылары кіргенді. 1943 жылы маусымда кітап жарыққа шықты. Сарапшылардың біреулері оны Қазақстанның жинақталған тарихын жасаудағы алғашқы әрі сәтті қадам деп санады, басқа біреулері «Россияға қарсы ұлттық көтерілістерді дәріптейтін орыстарға қарсы кітап» деп сынады. «Тарихтағы» отарлауға қарсы көтерілістерге берілген баға ғылыми кескілескен айтыс тудырды. Е. Бекмахановтың «XIX ғасырдың 20-40 жж. Қазақстан» (1947 ж. ) деген монографиясында айтылған оның өзқарастары буржуазияшыл ұлтшылдардың концепцияларының дамытылған түрі саяси зиянды деп жарияланды. 1950 ж. «Правда» газеті «Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін» деген мақаласында Е. Бекмахановтың кітабын айыптады.
«Правданың» мақаласы Бекмахановқа саяси айып тағып, құртуды тікелей бастап берді. 1951 ж. 10 сәуірде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Правда» газетіндегі мақала туралы қаулы қабылдап, онда мақаланы дұрыс деп тапты және «Бекмахановтың буржуазияшыл-ұлтшылдық көзқарасын айыптады». 1951 ж. маусымда Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Правда» газетіндегі мақалаға қайта оралып, 1951 ж. 10 сәуірдегі қаулыны жүзеге асыру жөнінде бірсыпыра қосымша шаралар белгіледі.
Осылай есін тандырып талқыға салғаннан кейін тарих ғылымдарының докторы Е. Бекмаханов Ғылым академиясынан шығарылды, сөйтіп ол 1951-1952 жж. Жамбыл облысының Шу ауданында бір орта мектепте жұмыс істеді, ал 1952 ж. 4 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы сотының сот алқасы оны 25 жылға соттады. Тек И. В. Сталин өлгеннен кейін ғана Е. Бекмахановты айыптау жөніндегі іс қайта қаралып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан доғарылды. 1954 ж. көктемде ол Қазақстанға қайтып оралды.
40 - жылдары және 50-жылдардың басында «Бекмахановтың ісі» жалғыз болмады. Республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А. Жұбанов, X. Жұмалиев, Б. Сүлейменов, Е. Смаилов, талантты жазушы Ю. О. Домбровский осы сияқты нақақтан таңылған саяси айыптармен жазаланды. Ә. Әбішев, К. Аманжолов, Қ. Бекхожин, С. Бегалин және басқа белгілі ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп дәлелсіз айыпталды. Қудалауга ұшыраған Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті Қ. Сәтбаев пен аса көрнекті жазушы әрі ғалым М. Әуезов Қазақстаннан Мәскеуге кетіп қалуға мәжбүр болды. Космополиттер деп айыпталған бірсыпыра ғалым биологтар да республиканың ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарының кафедраларынан қуылды.
Соғыстан кейінгі жылдары пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамда өзгеріс қажет деген түсінікті әкімшілік жүйе идеологиялық және қудалау сипатындағы бірсыпыра шаралардың көмегімен шебер тұншықтырып тастады. Бірақ 40-жылдардың ортасындағы және 50-жылдардың басындағы рухани көңіл-күй тұншықтырылғанмен жойылмаған еді.
Мәдениет майданында
Халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында республика жазушылары шығармаларының басым көпшілігі Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналды. Ғ. Мүсіреповтың "Қазақ солдаты", Ә. Нұрпейісовтың "Курляндиясы" сияқты соғыс тақырыбына жазылған еңбектерде қазақстандық жауынгерлердің жоғарғы адамгершілік қасиеті, жеңіс жолындағы күресте көрсеткен ерлігі баяндалды. Еңбек тақырыбына жазылған С. Мұқановтың "Сырдария", Ғ. Мұстафиннің "Миллионер", Р. Слановтың "Кең өріс" сияқты туындыларында колхозшы шаруалардың өмірі көрсетілді.
Осы жылдарда М. Әуезовтің "Абай жолы", С. Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов" сияқты көптеген тарихи шығармалар жарық көрді. "Абай" қойылымы үшін Қазақ Академиялық драма театрының ұжымы КСРО мемлекеттік сыйлығын алды.
Музыка мәдениеті өрлеу жолына шықты. М. Төлебаевтің "Біржан-Сара", А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абай", Е. Брусиловскийдің "Дудар-ай", Қ. Қожамияровтың ұйғыр тіліндегі "Назугум" опералары сол жылдарда дүниеге келді. "Біржан-Сара" операсына КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді.
1946 жылы республикада Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне көрнекті ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда Ақтөбе, Гурьев, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент екi жылдық мұғалімдер институттары жоғары бiлiм беретiн педагогикалық институттар болып қайта құрылды.
Жалпыға бірдей жетіжылдық білім беру туралы Заң одан әрі жүзеге асырылды. 1952 жылдың аяғында Қазақстанда жалпыға білім беретін 9 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны жұмыс істеді, бұларда 1, 5 млн. адам оқыды. Алайда, мектептердiң материалдық жағдайы онша болған жоқ. Олардың көпшiлігiнiң ғимараты болмады. Сондықтан оларға ғимарат салу, мектептердің ескірген, тозған үйлерін жөндеуге халықтың, село мен қала еңбекшілерінің тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Сонымен бірге олар клуб, кітапханаларға да жәрдемдесті. Кітап қорларын толықтыру үшін кітап, радиоқабылдағыш, т. б. мәдени құралдарды жинап берді.
Алайда, бұл кезде Казақстанның мәдениеті, әдебиеті, ғылымның одан әрі дамуына ХХ ғ. 50-ші жылдардың басында өзінің шырқауына жеткен тоталитарлық социализм идеологиясы кері әсерін тигізді. Әсіресе БК/б/П Орталық Комитетінің "Звезда" және "Ленинград" журналдары туралы /1946 ж. 14 тамыз/ қаулысы басқаша ойлайтын адамдарды қудалаудың жаңа науқанын ашып берді. Қазақстан партия комитеттері де өз жұмысын осы қаулының ағымына құрды. Республика Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 ж. наурызда өткен пленумы төменгi партия ұйымдарынан Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегі саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауға қарсы большевиктік сынды кеңінен өрістетіп, БК/б/П Орталық Комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі қаулыларын сөзсіз орындауды талап етті.
Халықтың әлеуметтік жағдайы
Соғыс зардаптары өмірдің барлық саласынан көрінді. 40-жылдардың екінші жартысы мен 50-жылдардың басы КСРО азаматтарының басым көпшілігі үшін аса ауыр кезең болды. Осыған қарамастан, аға ұрпақ өкілдері сол уақытты ризашылық сезіммен еске алады, тіпті, оны «алтын ғасыр» деп атайды.
Шындығында да, 1947 жылғы желтоқсанда карточка жүйесі және еңбекшілерді азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерімен өлшеулі қамтамасыз ету жойылды. Сол жылы ақша реформасы жүзеге асырылды. Негізгі өнімдердің, нан және наннан жасалған өнімдердің, еттің, өнеркәсіп өнімінің бағасы арзандады. Кооперативтік сауданың дамуы нәтижесінде базар бағасы да төмендеді. Төртінші бесжылдықта жалпы алғанда баға үш рет арзандатылды. Сомның сатып алу құнының көтерілуімен қатар еңбекшілердің жалақысы да өсті.
Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектеріне, соғыста өлгендердің отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жасы ұлғайғандарға, асыраушысының қаза болуына байланысты және уақытша еңбекке жарамай қалғандарға зейнетақы тағайындалды. Көп балалы және жалғыз басты аналар жәрдем алып тұрды. Шипажайлар мен демалыс үйлеріне, балалар лагерьлеріне айтарлықтай жеңілдіктермен жолдамалар берілді. Осы жылдары кезектен тыс жұмыс істеуге тиым салынды, ақылы демалыс алу қалпына келтірілді.
Мемлекеттік күрделі қаражат пен кооперативтік кәсіпорындарының және басқа ұйымдардың есебінен халық үшін тұрғын үйлер салу өрістеді.
Кеңес адамдарын «әлеуметтік қорғаудың жоғарғы дәрежесі» туралы пайымдаулар мен олардың өмірлік талап-тілектерін қамтамасыз ету жөніндегі мысалдар көп жағдайда қисық айна сияқты болды. Мәселен, карточкалық жүйені жоюдың алдында жеке сауда бағасының реформасы жүргізілді, ал олардың жалпы деңгейі 1940 жылмен салыстырғанда үш есе жоғары болды. Жұмысшылар мен қызметкерлердің айлық жалақысы бір жарым есе ғана өсіп, 1950 жылы 64 сомға тең болды. Ал мұның өз еңбекшілердің сатып алу мүмкіндігін төмендетті. Мұның үстіне сол кезде жаппай орын алған «ерікті түрде» бір айлық жалақы көлемінде әр еңбеккердің мемлекеттік заемдарға жазылуға міндетті болғанын ескерсек, олардың қағанағы қарық, сағанағы сарық бола қоймағандығын түсіну қиын емес. Сондықтан да олардың дүкен сөресінде бар заттарды керегінше сатып алуға мүмкіндіктері болған жоқ.
Әуел бастан негізсіз жасалған, соған қарамастан насихат кеңінен пайдаланған арзандату саясаты халықтың басым көпшілігі тұратын ауыл есебінен жүргізілді. Мәселен, 50-жылдардың басында колхозшы орта есеппен айына 16, 4 сом, немесе жұмысшы мен қызметкердің өз еңбектері үшін алатын жалақысынан төрт есе кем алды. Үкімет жүргізген азық-түлік саясаты да ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын көтеруге қызмет етпеді, өйткені ауылшаруашылық өнімдерін мемлекет өте арзан бағалармен сатып алып отырды. «Алтын ғасыр» туралы, соғыстан кейінгі жылдардағы жеке сауда бағаларын арзандату жөніндегі шындық, міне, осындай. Кеңес тарихшылары 1946 жылы КСРО-ның көптеген аудандарын аштық жайлағанын жасырып келді. Нан, ет өнімдері, сүт жетіспеді, халық арасында аштық салдарынан өлу фактілері орын алды.
Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени-тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету негізінде республика еңбекшілерінің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін одан әрі көтеру көзделді. Қазақстанға бөлінген күрделі қаржы көлемі одақ бойынша үшiншi орынға шықты. Мұнда күрделі қаржы кәсіпорындарды қалпына келтіруден гөрі бұрынғыларын кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар салуға бағытталды. Төртінші бесжылдықта бүкіл елде өнеркәсіп өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсетін болып белгіленсе, Қазақстанда ол 2, 2 есеге арту көзделді. Бесжылдық қорытындысында Қазақстан өнеркәсібінің жалпы өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 2, 3 есе, оның ішінде көмір шығару 2, 5, мұнай-1, 5, газ-1, 9, электр қуатын өндіру 4, 1 есе артты.
... жалғасыСоғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы артелінің жарғысын бұзушыларға қарсы күрес күшейді. 1946-1947 жылдары колхоздарға қарыздар болып келген мекемелер мен ұйымдардан 214 млн. сом ақша, 540 мың гектар жер қайтарылды. Осы жылдарда ұсақ колхоздарды iрiлендiру шаралары iске асырылып, республикада соғысқа дейiнгi 6400 колхоздан 1950 жылғы қаңтарда 3670 колхоз қалды, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды.
Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Төртінші бесжылдықтың аяғына қарай Қазақстан шаруашылықтарында 50 683 трактор, 16 мыңнан астам комбайн, ондаған мың автомашина, шөп шабатын және басқа машиналар істеді. Бұлардың басым көпшілігі ескі, моральдық жағынан да тозып, ескірген техника болатын. Ауыл-селода механизаторлар қатары өсіп, МТС қызметкерлерінің жыл сайынғы орташа саны 10 мың адамға көбейді.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электрлендіру жорығы басталды. Сөйтіп, төртінші бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317 МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталықтары электрленді. Селолық электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2, 8 есе өсті.
Республикада төртінші бесжылдықта егіс көлемі бір миллион гектардан аса ұлғайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы артты. 1950 жылы астықтың жалпы түсiмi 47 654 центнерге жетіп, соғыстан бұрынғы дәрежесінен 89 пайыз асып түсті. Ірі қара малдың, қой мен жылқының жаңа тұқымдары өсіп жетілді. Атап айтқанда, қазақтың ақ бас сиыры, алатау сиыры, қазақтың биязы жүнді қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа тұқым алынды. Малдың жалпы саны өсті: ірі қара-27, қой мен ешкі - 70, жылқы - 71 пайыз көбейіп, шошқа - 2, 7 есе артты. Дегенмен ауыл шарушылығын өркендетуде елеулі қиыншылықтар мен кемшіліктер болғанын да айтуымыз керек. Бұл кезде республиканың мал шаруашылығы мейілінше ауыр жағдайда еді. 1951 жылы бар болғаны 4, 5 миллион ірі қара (1928 ж. 6, 5 млн. болған), 1, 5 млн. жылқы (3, 5 млн. ), 127 мың түйе (1 млн. ) болды. Тек қой саны бойынша, олардың тез өсетіндігі есебінен, 1928 жылдың дәрежесіне жақындады. 1928 жылы 18566 мың қой болса, 1951 жылы қой мен ешкінің саны 18036 мың басқа жетті.
1946 жылы қуаңшылық болып, астық шықпай, халық азық-түлік тапшылығының зардабын шекті. Колхоз, совхоз, МТС-тардағы техника ескірген, еңбек өнімділігі төмен еді. Ауыл шаруашылығының әртүрлі жарғысын бұзушылық етек алды. Колхоздардың меншігі талан-таражға түсті. Колхозшыларға еңбек күнге өнім бөлінбеді. Олардың еңбекке ынталылығы төмен болды. Осыған байланысты әкімшіл-әміршіл жүйе қатал саясат жүргізіп, село тұрғындарын мәжбүрлікте ұстады. Олардың саяси құқықтары аяқ асты етіліп, туған жерлерінен кетуіне тыйым салынды. Еңбек ақы төлеуде теңгермешілік орын алды. Колхоздарда, совхоздарда өндірілген астықтың тұқымдық қордан басқасы мемлекетке дайындық қорына алынды. Колхозшылардың, совхоз жұмысшыларының жеке шаруашылықтарынан ет, сүт, жүн дайындау жүргізілді. Ауыл-селодағы мұндай ауыр жағдайды өзгерту мәселесіне 50-жылдардың орта шеніне дейін көңіл бөлінген жоқ. Сайып келгенде, өнеркәсіпті қалпына келтіру, оны жаңа деңгейге көтеру ауыл-селоны қанау есебінен іске асты.
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz