Тыңның тарихы


Жоспар
Кіріспе1
Тыңның тарихы2
Қорытынды14
Қолданылған әдебиеттер15
Кіріспе
1953 жылы наурызда КСРО-ны басқарып келген И. В. Сталин қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай билік басына Н. С. Хрущев отырды. Ол соғыстан кейін барлық жағынан толық даму сатысына көше қоймаған халық шаруашылығын өркендетудің сол кезеңдегі жолы ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытудан бастау қажет деп есептеді. Осы мақсатпен Н. С. Хрущев 1953 жылдың қыркүйек айында КОКП Орталық Комитетінің Пленумын шақырып, онда осы мәселені күн тәртібіне қойып, колхоздар мен совхоздарды ұйымдастыру жағынан нығайту арқылы астық өндіру мен мал басын молайту туралы шешім қабылданды. Ауыл шаруашылығының өркендетудің өзекті мәселесі - астық өндіруді молайту деп табылды, ал оны шешу үшін игерілмей жатқан құнарлы жерлерді өндіріске енгізу керектігі жаңа шешім қабылдауды қажет етті. Партияның Орталық Комитетінің ақпан-наурыз Пленумы таяудағы 2-3 жыл ішінде астық дайындау және сатып алуды 1953 жылға қарағанда 35-40 пайызда арттыру міндетін қойды. Ол үшін Солтүстіік және Солтүстік-Батыс Қазақстан, Сібір далаларында және Еділ мен Орал өңірінде, Солтүстік Кавказда ғасырлар бойы қозғаусыз жатқан тың жерлерді игеру туралы шешім қабылданды.
1954-1955 жылдары Кеңес Одағы бойынша 13 миллион гектар тың жер игерілуі тиіс болды. Ал, оның 6, 3 миллион гектары Қазақстанның үлесіне тиді.
Тыңның тарихы
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы жатақтардың, одан кейін билікке келген кеңестік колхозшы-шаруалардың қажыр-қайтарының біраз қайтарым беруіне қарамастан, 1953 жылға дәнді дақылдар өнімі күрт кемуіне орай елге ашаршылық қаупі төнді, ауыл адамдары қалаларға барып, басқа республикалардан әкелінген астықты қымбатқа сатып алып күнелтіп жүрді. Әсіресе, аса бағалы азық-түліктік тағам - ақ бидай наны жетіспеді. Жұрт тамақ қыратын сұлы нанын талғажу етті. Сонымен бірге ұлан-асыр тың ғасырлап жинақталған құнарын бойына бүгіп босқа жатты. Бұл жерлерге бидайдың аса бағалы қатты және күшті сорттарын орналастыру арқылы одан мол астық өндіруге мүмкіндік бар-ды. Осындай мақсатпен Одақ бойынша бастама көтеріліп, жастар жаңа аудандарға барып, тың, тыңайған жерлерді игерудің игі істеріне шақырылды. 1954 жылдың көктеміне Қазақстан тыңына жалын оты лаулаған 250 мың жас келді. Тыңға баруға тілек білдіргендердің жалпы саны сол жылдың маусымына төрт жүз мыңға жетті. Екі жыл ішінде (1954-1956) тың және тыңайған жерлер игерілген аудандар 640 мың жұмысшы қолымен толықты. Олардың 391, 5 мыңы механизатор, 17 мыңы агроном, инженер-механик, елу мыңы құрылысшы, үш мыңдайы медицина қызметкерлері, бір жарым мыңы мұғалім еді. Бір мезгілде одақтас республикалардағы кәсіптік-техникалық механизация училищелерін бітірген 66, 5 мың түлек қызметке кірісті. Байырғы тұрғындар барлық келушлерді қошеметпен қарсы алып, қоржын тамының төрін берді. Сондай бір қуанышты сәтті Солтүстік Қазақстан облысына келіп, шаруашылықтарға бөлу кезінде Ленин атындағы совхоздың инженер-электригі қызметіне тағайындалған Ю. С. Корнюшин өздерін жаңа ұжымға қарсы алу сәтін еске алып: "Бізді ақ пейілмен қабылдады", - деп жергілікті халықтың жайсаң көңілін жасырмады. Бүгінде бұл жердегі Вагулин селосында ынтымағы жарасқан жиырма ұлттың өкілі тату тұрады, қажырлылықпен еңбек етеді.
"Қазақстанның Ресеймен шектесетін Омбы облысына жақын орналасқан Көкшетау облысындағы "Горький" совхозы тұрғындары қазақтар мен немістер тыңға келушілерді байырғы таныстарындай қарсы алулары елеулі толғаныс туғызады", - деп баяндады өз әсерін бұл шаруашылықтың бұрынғы басшысы Н. Ф. Козинец.
Алғашқы тыңгерлер легінде Ақмола облысының "Киев" совхозына келіп, құрылыс маманы болып қызметке орналасқан Василий Рагузов теміржол станциясынан алынған құрастырмалы үй материалдарын жаңадан шаңырақ көтерген шаруашылыққа әкеле жатқанда қатты боранда адасып, айдалада жан тапсырды. Осы облыстағы "Дальний" совхозының тракторшысы Даниил Нестеренко ең шалғайдағы шаруашылыққа жанармай жеткізу кезінде жазғытұрғы аласапыранда Жанысбай өзенінің мұзы астына кетіп бақи болды. Жолдастары оның алға қойған мақсатын орындап, совхоз бойынша мемлекетке жыл сайын орта есеппен бір миллион пұттан астық тапсырды. Осылай Отан игілігі жолында аянбағандар аз емес-ті.
Республикамыздың бүгінгі астықты өңірінде алғашқы шатылар тігіліп, тыңға шабуыл басталған сәтте Жетісу жеріндегі сағым қалықтаған шөл даланы құт мекеніне айналдыру ниетімен алғашқы екі шаруашылық ұйымдастырылды. Соның бірі бүгінде жетісулықтардың мақтанышына айналған "Қаскелең" совхозы болатын. Шаруашылықтың орталық қонысына Қаскелең және Ақсай өзендері аралығындағы ашық алаң таңдап алынды. Сондықтан село "Междуреченск" аталды. Үш жүздей адам шатырларда тұрып еңбек етті, табиғат қытырмылыған қажырлылықпен жеңді. Соның нәтижесінде тұңғыш рет түрен салынып, тың және тыңайған жерлер игерілген 1954 жылдың өзінде-ақ аталмыш шаруашылық мемлекетке 2486 тонна астық тапсырды.
Баспана жетпеген жерлерде жергілікті халық кең пейілділік танытып төрін берді. Мәселен, "Путь к коммунизму" колхозына келген П. И Таранның отбасын Сабынды селькомы Елеусіз Алпысбаев отбасына орналастырылды. Қос отаудың адамдары ортақ шаңырақ астында тату-тәтті тұрды. Петр Ивановичтің ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, бірден трактор-егіс бригадасы бойынша төрт мың гектар жер жыртылды, дереу тұқым себіліп, тым тәуір өнім жиналды. Бригадирдің қызметіне көңілі толған халық келесі жылы Таранды селолық Кеңес депуттаттығына сайлады.
Бірақ барлық жерде бірдей тыңгерлерді жатқызатын пәтер немесе жатақхана табыла бермеді. Көп балалыларын қазақ отбасылары өз үйлеріне қабылдады, ішпек тамақтарымен бөлісті, ата-бабаларының дарқан дәстүрін жалғастырды.
Өз тарапынан жергілікті органдар тың игеруге келгендерді орналастырудың басқа мүмкіндіктерін де қалт жібермей қарастырып бақты. Мәселен, 1954 жылдың 6 наурызында өткен Көкшетау облыстық кеңесінің бесінші мәслихаты жаңа совхоздарға 375 жылжымалы үйшік жіберу жөнінен жоғары органдарға сұрау салып, қаулы қабылдады. Қостанай облысындағы Урицкий сельаткомы осы аттас совхозға жоспардан тыс екі және төрт кісілік шатыр бөліну жөнінде аудандық атқару комитеті атына ұсыныс түсіріп, оның орындалуына айтарлықтай атсалысты. Мұндай жанды жұмыс кең-байтақ республикамыздың барлық жерінде жүргізіліп, тыңға келушілердің тұрмыстық-мәдени мұқтажы мүмкіндігінше шешіліп жатты. Республика Министрлер Кеңесі жергілікті жерлерден түскен өтініштерді ескеріп, 1954 жылдың жоспарына қосымша екі мың дана шолақ тон, 24, 2 мың комбинезон, 13 мың пар пима және етік, 40 мың қолғап, 628 мың метр төсек-орын матрасын бөлгізді. Жергілікті Кеңестер бұл көмектің орындалуын қадағалады әрі ұйымдастырды.
Тың жерлердегі кең ауқымды әлеуметтік-мәдени мәселелерді шешуде мемлекет тарапынан да жәрдем жасалды. Мәселен, Павлодар облысының шеңберінде жаңадан құрылған М. Горький ауданына 1954 жылға 200 мың сом қаржы бөлініп, соның есебінен "Березов", "Плодородный" совхоздарында аудандық тұрмыстық қамту комбинатының киім тігу, аяқ-киім жөндеу, шаш қию, суретке түсіру жөніндегі филиалы ашылған.
Жергілікті Кеңестер еңбекшілермен тығыз байланысын өздерінің селолық, ауылдық буындарына арқа сүйей отырып, ішкі мүмкіндіктерді іздеп іске қосу жолымен де жүзеге асырды. Қостанай облысының Ново-Алексеевка селолық кеңесі өз белсенділері көмегімен Киров атындағы колхоз диқандарын күнделікті өмірде тұтынуға қажетті құралдармен қамтамасыз етуде елеулі іс тындырды. Күнілгері жасалған кестемен трактор-егіс бригадаларының ұжымдары мәселені ішкі мүмкіншіліктер есебінен шешуге күш салды. Мәселен, Ақмола облысындағы "Ижевский" совхозының В. Неживенко басқаратын үшінші трактор-егіс бригадасының дала қосы жатып-тұруға жайлы, өндіріп еңбек етуге қолайлы көк белдеу десе болғандай еді. Жұмыстан оралған механизаторлар мұнтаздай жиналған, өз үйіндегіден кем емес жағдайы бар жайлы бөлмелерде тынығады, үш рет тамақтандыратын асхана қызметі де көптің талап-тілегінен шықты. Қызыл бұрышта - радио қабылдағыш, музыкалық аспаптар, стол үстіндегі ойындар құрал-саймандары бар. Механизаторлардың дала қосында салқын күндері бөлмелерді жылытатын пеш, жуынатын жер, кітапхана, медпункт жұмыс істеді. Жақсы ұйымдастырылған мәдени-тұрмыстық қызмет механизаторлардың өндіріп еңбек етулеріне қолайлы жағдай қалыптастырды. Соның айғағы ретінде тың жерлерді жаппай игерудің алғашқы, 1954 жылы Қазақстан еңбеккерлері Отан қамбасына 250 миллион пұт астық құйды. Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда үш есе артық өндірілген өнім еді.
Қолға алған істің алғашқы құт-берекесі диқандар қауымын бұдан былай да еселі еңбекке жігерлендірді. Сондай күш-қайрат құлшынысы тұңғыш тыңгер Михаил Довжиктің де бойын биледі. Астық молшылығын жасауда өзі басқаратын трактор-егіс бригадасының ұжымы қосқан қомақты үлесі алдағы жылдарда да биік болуын көздеп, көптен толғандырып жүрген мәселе - дала қосын жақсы етіп жабдықтауды асқан ыждағаттықпен қолға алды. Өйткені, бригададағы еңбек өнімділігі қолайлы тұрмыстық жағдаймен тығыз байланысты екені кім-кімге де белгілі. Осындай мақсатпен трактор-егіс бригадасының дала қосынан айнала ағаш отырғызылды, жай төңірегі жасыл желек жамылды. Санитарлық тазалық мәселесін қолға алып, оның жайын бригада басшысы күнбе-күн қадағалады. Диқандардың жуынбай бөлмеге кіруіне тыйым салды. Себебі таза төсекті ластау - бұл да бұзақылық. Еңбек қарқынында кідіріс болмас үшін дала жұмыстарында жүрген адамдарға тамақ танап басында берілді. Осындай ұйымдастырудағы ұсынақтылық бірінші жылдың өзінде бригада бойынша 4000 пұт дән дайындауға қол жеткізді.
Жаппай тың жерлерді игерудің бастапқы кезінде қатаң тәртіп, талаптан тайсақтап кері қайтқандар да кездеспей қалған жоқ. Довжик болса алға қойған мақсатты орындамай тұрып, тыңнан қия баспаймын деп түйді ойын, өз ұжымына қараған жігерлі жастарды жанқиярлық жұмысқа жұмылдырды. Бұл бағытта қиыншылық та кездеспей қалған жоқ: қаңтар мен ақпанның қақаған аязында ашық аспан астында жүріп техника жөндеу, көз бермейтін боранда танаптарға қар тоқтату, тамыздың ми қайнатқан ыстығында темір тетіктер ортасында тұрып егін ору, астық бастыру, аңыз көтеру. Мехнатпен келген абырой да аз емес. Бірнеше рет Ақмола облыстық, сосын Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаттығына сайланды.
Қазақстан тыңымен өз тағдырын мәңгі-бақи табыстырғандардың қатарында В. Дитюк, В. Акуленко, Н. Карпухин секілді өз ісіне шын берілген, дән тауын тұрғызуда жан аямай еңбек еткендер де бар. Сол кезде және 70-ші, 80-ші жылдарда да олар басқаратын трактор-егіс бригадаларында шаруашылық дербестігі, экономикалық еркіндік болған емес. Тек творчестволық еңбекпен тыныстау тың табыстарға жетеледі. Бүгінде олардың үлгісімен тәуелсіз қазақ елі диқандарының жаңа ұрпағы тәрбиеленуде.
Мұндай маңызды мәселелерді шешуде мемлекет әлеуметтік сала мәселесіне баса көңіл бөлді. Қазақстанның өз ішінен тың игеруге тілек білдіргендерге қарағанда сырт республикалардан келетіндерге көптеген жеңілдіктер жасалды. Оларға жаңадан қоныстаған жерлерінде үй жай, қора-қотан салып алуға 10 мың сомға дейін несие беріліп, 35%-ы мемлекеттің есебінен өтелді де, қалғанын он жыл ішінде қайтару міндеттелді. Осындай талаппен тек 1955 жылы ғана тың жерлерге қоныстанушыларға 375 миллион сом қаражат бөлінді. Бұнымен бір мезгілде совхоздар құру кең қанат жайды. Оларға орталық салуға қолайлы жерлер таңдау, ондаған мың адамдар өмірі, өндірістік еңбегі өтетін бөлімше, бригада, дала қосы маңындағы су қорын, топырақ, табиғат жағдайын анықтау тәрізді күрделі міндеттерді жүзеге асыру белсенділікпен жүргізілді. Мемлекеттік міндетті орындау барысында жергілікті органдар асқан белсенді қызмет атқарды. Қостанай облыстық Кеңес атқару комитеті 1954 жылғы 10 ақпандағы шешімімен 278 мың гектар мемлекет жерінде сегіз совхоз құрылғанын құқыландырды. Ал оның аудандық, ауылдық буындарындағы қызметкерлер халықты жанды іске жұмылдырды. Соның нәтижесінде 1954 жылдың өзінде-ақ Қостанай облысының тың жерлерді игерген өңірінде алғашқы 19 астық совхозы құрылды. Келесі маусымда олардың саны 75-ке жетті. Облыс халқының саны жүз мыңнан асты.
Жергілікті Кеңестердің жоғарыда көрсетілген қомақты істерімен бірге, тың игерудің бастапқы сәттерінде орын алған олқылықтарды да айтпасақ әбестік болар. Соның бір дәлелі ретінде айта кеткенде, Хрущев даңғазалы рухта "Қазірге кезде Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлері алдына жаңа үлкен міндет - 6 миллион гектардан астам тың және тыңайған жерлерді игеру міндеті қойылып отыр", - деп жар салғанда оны қолпаштаған қызыл белсенділер Қазақстанда да көп болды. Солардың қолпаштауының соңы неге соқтыратынын күнілгері ойламай құба дүзді беталды құлата, қопарттыра берді. Бір ғана дерек: Ақтөбе облысындағы Мұғаджар, Ойыл, Жем, Сағыз өзендері өңірлерін жаппай түренге турату салдарынан аталмыш аймақ мал жаюға да жарамай қалды. Көтерілген тың көлемі жиырма миллион гектарға жетті. Ұлан-байтақ қазақ даласындағы тыңы көтерілген елді мекендер маңында бұзау жайылатын да жер қалмаған өңірлер кездесті. Асыра сілтеуден совхоз орталықтары 1931-1932 жылдардағы адамдары аштықтан қырылып, аумағы қаңырап қалған жерлерден салынды. Тың игеруге дейін әжептәуір колхоз орталығы болып келген қазақ ауылдарының шеңбер-шегі енді бөлімше орталығы болып қалды. Кішігірім колхоздарды біріктіру негізінде құрылған совхоздардың (1954 жылы 337-сі ұйымдастырылса, 1955 жылдың соңына олардың саны 661-ге жетті) малдары оңтүстік аудандарға ығыстырылғанда қазақ ауылдарының тұрғындары жұмыссыз қалды. Көп кешікпей мұндай "болашағы жоқ" ауылдарда қазақ мектептері жабылды, жастар жан-жаққа босты. Жүздеген мың адамдарды басқа аймақтардан Қазақстанға қоныстандыру республика халқының этникалық құрылымын елеулі деңгейде өзгертті, елуінші жылдар аяғына қазақтар саны өздері туып-өскен ата қонысында 28%-ға шақ жетті.
Мұндай негативтік миграция тұрғылықты халықтың тілі мен мәдениетінің өрісін тарылтты. Хрущевтік солақай саясаттың тағы бір салдары "Осы сахарада жергілікті халық бар-ау, олардың рухани сұранысымен есептесу керек қой" деген ой Хрущев секілді "көсем" есіне кіріп те шықпады. Сондай пасық пікір тыңға келушілерде де қалыптасты. Өйткені, бұқаралық баспасөз беттерінде қазақ даласы бұрын адам баспаған, жеріне диқан қолы тимеген, ал оның халқын бір бейшара, мүсәпір етіп көрсету сарыны қаптап кетті. "Тұңғыш тың игерушілерге көп ретте, - деп көрсетті Н. Назарбаев Қазақ КСР-нің 70 жылдығына орай жасаған баяндамасында, - сендер жабайы және құлазыған аудандарға бара жатырсыздар деген бағдар берілді". Сондықтан сырттан келгендерді жергілікті халықтың тарихы мен ұлттық мәдениеті қызықтырмады. Мұның ауыл шаруашылығының рухани және мәдени деңгейіне кері ықпалы да аз болмады.
Осылай Хрущевтің қиялынан туындаған, өмірмен жанаспайтын нұсқаулар мен шешімдер, тұжырымдар мен қағидалар күн санап тасқындап жатты. Оның тың игеруге шақырған даңғаза ұрандары бүкіл Отан халқын тамсандырды, ал оларға қажетті жағдайлар барлық жерде бірдей жасалып жатпады. Мәселен, Қостанай облысының Калинин атындағы колхозына келген тың игерушілер алғашқы күндері жер кепелерге жайғастырылып, тәулік бойы отын, су, тамақсыз қалған кездері жиі кездескен. Бұған бірден-бір кінәлі Рыспай селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Ю. Егоров еді. Оның енжарлығы жайлы жұртшылықтың жоғарғы жаққа жолдаған арыз-шағымдарына облыстық атқару комитетінің қызметкерлері селқос қарап, жеңіл-желпі жауап жазып, жылы жапқан.
Бірақ жалғыз-жарым кемшіліктерге қарап, барлық жерде ұйымдастыру - шаруашылық жұмыстары бетімен жіберілді деуден аулақпыз. Керісінше, көптеген жергілікті органдар тың игерушілердің тұрмыс-тіршілігімен танысып, ауқымды ұйымдастыру-шаруашылық жұмыстарын тындырғаны баршаға белгілі. Халық құрметіне бөлену нәтижесінде кеңес органдары қатары күн санап көбейді. Жаппай тың жерлерді игерудің бастапқы екі жылында тек Қостанай облысында селолық және аудандық Кеңестер саны 39-ға көбейді, 867 депутат жаңадан сайланды. Солардың қатысумен колхоздар мен совхоздарға өндірілген астықтың әр центнерінің өзіндік құны 10 сом 25 тиынға төмендеді. Өндіріс өрге басқан шаруашылықтарда әлеуметтік-мәдени жұмыстар тың өңіріндегі ауылдар бейнесін адам танымастай өзгертті.
Тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру барысында жіберілген кемшіліктерді жасырудың да жөні жоқ. Солардың бірі - сырттан келген басшылардың жергілікті жерде жинақталған тәжірибеге қыңыр қараушылығы болатын. Бұл жөніндегі жергілікті басшылардың ұсынысы Хрущевке кемтар көрінді де тұрды. Керісінше, Қазақстан жағдайындағы ауыл шаруашылық дақылдарын қалай өсіру агротехникасын үстірт білушілігіне қарамастан Хрущев қысыр кеңесін беруден жалықпады. Бүкілодақтық жиналыстарда сөйлеген сөздерінде Қазақстанның астықты Украинадан кем беруге құқы жоқ деп көкіді. Оған бұрынғы Одақтың батыс аудандарында қолданылған агротехниканы қазақ даласында қаз-қалпына нгізуден озық әдіс-тәсіл жоқтай көрінді. Қара ақылы қаншалық қымбатқа түскенінің бір-ақ дәлелі - тың игерудің алғашқы он жылдығында тоғыз миллион гектар жердің эрозияға ұшырауы.
Тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру барысында жергілікті органдар жаңа совхоздардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды кезек күттірмейтін мәселе етіп қойды. Бұны жедел орындау жоғарғы өкімет органдары тарапынан тез көмек көрсетуді талап етті. Соның нәтижесінде жаппай тың игерудің бастапқы бес жылында Қазақстанға 129 мың трактор, 82 мыңнан астам комбайн, жүздеген мың топырақ өндейтін, тұқым себетін машиналар әкелінді. Алайда ауыл шаруашылық техникасы көптеп келтірілгенімен, оларды жүргізетін кадрлар жетіспеді. Республика МТС-теріндегі механизаторлар саны қажеттің 56 пайызын ғана құрап, колхоздарға 11 мыңға жуық тракторшы, 3500 комбайншы жетіспеді. Олардың орнын толтыру үшін қысқа мерзімді механизаторлар курсын ашу жөніндегі жергілікті өкімет органдарының бастамасы халық тарапынан қолдау тапты. Дәулетті өмір сүргісі келетін ел жастары дүрліге тыңға аттанды. Бұл отан халқын тың астығымен қамтамасыз етуден туындаған серпіліс еді. Адал еңбегімен ел байлығын молайтуда жан аямай еңбек етушілермен қатар тыңға көп табыс табу үшін аттанып, техниканы төпелеп пайдаланып, салдама еткендер де кездесті. Қызмет барысында жалпыхалықтық "жорықтың" үш жылынан кейін 18 мың трактор істен шықты. 1956 жыл егін орағында Қазақстан бірінші миллиард пұт астығын жинады. Бірақ бұл миллиард үшін бүкіл шаруашылықтардың қолында қалуы керек жем мен тұқымдық қорға дейін мемлекет қоймасына құйылды. Бәрібір келесі маусымда көптеген шаруашылықтар алақан жайып, тұқым сұрап жүрді. Астық өндірісін дұрыс ұйымдастыра алмаудан қаншама астық қар астына кетті. 1957 жылдың 7 наурызындағы Қазақстан КП Орталық комитетінің бюросы "Қостанай облысында 460 мың тонна, Көкшетау облысында 250 мың тонна, Ақтөбе облысында 73 мың тонна бидай далада қалып, шіріп кеткен", - деп қаулы қабылдады.
Тыңға Кеңес Армиясы қатарынан көп адамдардың күшпен жіберілгенін, сондай-ақ ауыл шаруашылығына байланысты және сқған жақын мамандығы барлардың қылмысын өтеу мерзімінен бұрын түрмеден босатылып, арнайы бұйрықпен Қазақстанға жөнелтілгенін бұған дейін халықтан құпия болған. Республика диқандарына көмектескен екі миллионнан астам адамды түгелдей дерлік патриоттар және еріктілер етіп көрсетілген.
Республиканың тың игеруші аудандарына келген 800 мың адамның ішінде қазақтар саусақпен санарлықтай болды. Себебі қазақтарды тыңға шақыру назардан тыс қалды. Сондықтан қазақтардың үлес-салмағының республикада одан әрі азая түскенін 1959 жылғы санақ қорытындысы көрсетіп берді. Осылайша отырықшы халық өз аумағында ересен азайғанын бір-ақ білді. Кейіннен республикада қазақ тіліне мемлекеттік статус беру мәселесі қозғалғанда тың "идеологтары" көпе-көрнеу қарсы шықты. Тіптен республиканың солтүстік аймағының Қазақстанға қарайтынына күмәнданушылар табылды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz