ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ТІЛІ. ҒЫЛЫМ МЕН МӘДЕНИЕТТІҢ ДАМУЫ


ЖОСПАР
КІРІСПЕ2
ҒЫЛЫМ МЕН МӘДЕНИЕТТІҢ ДАМУЫ3
Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрік3
ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ТІЛІ6
Махмұд Қашғари6
ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ДІНИ НАНЫМДАРЫ8
Ахмед Ясауи10
МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІ ХАҚЫНДА11
ҚОРЫТЫНДЫ13
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР15
КІРІСПЕ
Менің осы жұмысты жазу үшін тақырып таңдау барысында қазіргі қазақ халқының қалыптасып, құрылуына ұйытқы болған ертедегі тайпалардың бірі - қыпшақ тайпасының мәдениеті жайлы тақырып таңдауымның басты себебі - осы аталған тайпа тарихында жаңалық ашу немесе оған бір өзгеріс енгізу емес, керісінше, біздің ата-бабаларымыз болып саналатын осы керемет тайпаның тарихын, мәдениеті мен өнерін, оның рухани байлығынан мұра болып қалған есерткіштерді оқып біліп, аз да болса білім нәрімен сусындау еді.
Тарихымыздан халқымыздың қалыптасып дамуына ұйытқы болған осы қыпшақ халқы қалыптасуы аяқталып бітпей, оны монғол шапқыншылығы үзіп жібергені белгілі. Қазақ халқының құрамына қосылған ежелгі тайпалардың бірі - қыпшақтар қазақ халқының этнос ретінде қалыптасуы мен тілінің қалыптасуында, этногенезінде елеулі роль атқарды. “Қазақ” сөзінің өзі қыпшақтар мекендеген аймақта пайда болды деуге негіз бар. “Қазақ” терминінің алғаш рет таралған аймағы шығыс Дешті Қыпшақпен, қазіргі Қазақстан аумағымен байланысты болды. Осы терминнің еш күмән келтірмейтін бірінші рет қолданылуы 1245 ж. Мысырдағы Мамлюк мемлекетінің қыпшақ ортасында құрастырылған көне қыпшақ шығармасында айтылады. Онда “қазақ” сөзіне еркін, кезбе деген мағына беріледі.
Бұл айтылып отырған Мысыр мамлюктері - Мысырға құл болып сатылған қыпшақ Бейбарыстың онда билікті тартып алып, қыпшақ туын көтеріп, Мамлюктер мемлекетінің негізін қалағаны тарихымыздан баршаға мәлім.
Ал қыпшақ деген атаудың өзі түрліше тілдердегі деректерде әр алуан формада кездеседі: еліміздің ерте заманғы деректерінде хуша, уже түрінде айтылса, орта ғасыр деректерінде шықса, араб-парсы деректерінде қыпшақ, қифшақ, қыпчақ, т. б. түрінде, Батыс Еуропа жазбаларында коман, куман делінсе, орыстар “половецтер” деп атады.
Әйгілі ғалым А. Бернштам: қыпшақтар - қаңлы, үйсін сияқты ежелгі елдердің бірі. Қыпшақтар туралы алғашқы деректер жұңғоның б. з. б. 201ж. “тарихи жазбалар” еңбегінде кездеседі дегенді айтады.
Қыпшақтар VІІ ғасырда Ертіс өзенінің басы мен Алтай тауларын мекендеп, түрік қағандығының құрамында болды. Түрік қағандығы әлсіреген кезде тарих сахнасына ұмтылған қыпшақтар VІІІ-Х ғ. ғ қимақ қағандығының құрамында болып, ХІ ғ. оғыздарды құлатып, билікті өз қолдарына алды. Осыдан бастап олар көптеген тайпалар мен жерлерді бірінен соң бірін басып ала бастады. Сөйтіп, ХІІІ ғасырдың басында күшейген қыпшақтардың территориясы Ертіс өзенінен Дон өзеніне дейін, Орал тауынан Қара теңізге дейін жетіп, астанасы Сырдарияның бойындағы Сығанақ қаласы болды.
ҒЫЛЫМ МЕН МӘДЕНИЕТТІҢ ДАМУЫ
X-XII ғасырларда Қазақстан территориясында тарихи тұрғыда қалыптасқан жағдай: феодалдық негіздердің нығаюы, мемлекеттік құрылымдардың шығуы, отырықшы-егіншілік мәдениеті мен қалалардың өсуі, шоғырланушылық этникалық процестердің күшеюі, Орта Азия, Алдыңғы Шығыс және Шығыс Европа халықтарымен кең шаруашылық және мәдени байланыстар - Қазақcтан территориясындағы халықтар мен тайпалардың рухани мәдениетінің өрлеуіне жағдай жасады.
Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрік
Мен ұлы тұлға Әл Фараби жөнінде айтар болсам, ол белгілі бір дәрежеде орыстар «знаковая фигура» дейді, немесе біздіңше «ұлылардың ұлысы» дер едім. Ол атамыздың руы қыпшақ болған деседі жазба деректерінде. Ұлы тұлғаларды бүкіл замана тудырып олар сол кезеңнің жүгін нар түйедей өңгеріп алады. Мысалы орыс империясының енді дәуірлеу сүрлеуіне шығып бара жатқан тұстағы Ломоносов сонау Холмогордан Мәскеуге, онан кейін Германияға оқу іздеп аттанса және орыс елінің ғылымына ұшан-теңіз еңбегі сіңсе, біздің атамыз ықылым заманда Фарабтан Шашқа (Қазіргі Ташкент) одан сонау халифат астанасы Бағдатқа сапар шеккен.
Қазақстан территориясында туып-өскен философ әрі энциклопедияшы ғалым, мұсылман Шығысында «Екінші ұстаз» (Аристотельден кейін) ретінде белгілі болған Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түріктің қызметі X ғасырға қатысты. Әл-Фараби 870 жылы түрік семьясында Фараби (Отырар) қаласында туды. Оның әкесі, сірә онша жоғары дәрежесі жоқ әскер басы болса керек. Деректі мәліметтер бойынша әл-Фараби орта бойлыдан төмен, мығым денелі әрі батыл, аттың құлағында ойнайтын, садақты жақсы ататын адам болған. Алғашқы қолөнер білімін және ғылым негізін ол, тегінде, Отырар медресесінде алған. Ол өзінің ана тілі, түрік тілінде оқыған. Қалай болғанда да халифаттың мәдени орталығы Бағдатқа келгенге дейін әл-Фараби араб тілін білмеген.
Әбу Насыр Бағдатта ол ежелгі грек философиясы мен математиканы, логика мен медицинаны, музыка мен тілдерді оқып-үйренген. Ол грек ойшылы Аристотельдің еңбектерін зор ынтамен оқып-үйренген. 941 жылдан әл-Фараби басшылары өзіне көп қамқорлық жасаған Дамаск мен Халебте (Алеппода) болды. Тіпті сол кездегі белгілі ақындар мен ғалымдардың арасында да ол оқымыстылығымен және білімінің тереңдігімен көзге түсетін еді.
Түрлі елдерде, әр түрлі этникалық ортада тұрғанымен, әл-Фараби өзінің отанын ұмытқан жоқ, өзінің түріктерден екенін жиі атап көрсетіп отырған. Бірқатар деректемелерде оның туған жерімен қатар ныспысының «ат-Түрки», яғни «түріктерден шыққан» деп көрсетілуі әлдеқалай емес. Әл-Фараби 950 жылы Дамаскіде қайтыс болған.
Әл-Фараби философиясының негізі аристотелизмді эманация туралы неоплатон ілімімен ұштастыру болып табылады. Оның философиясының бірегей, дербес сипатына ешбір күмән жоқ. Мәселен, ол ең жоғары дүниенің бар екенін және оны түйсік арқылы танып-білуге болатынын мойындаған, адамның жанын ол денемен байланысты қараған. Нақ осы себептен де мұсылман ортодокстері философты діннен шыққан деп кінәлаған.
Дүние, әл-Фарабидің көзқарасы бойынша, материалдық элементтерден құралатын заттардан тұрады. Қозғалыс дегеніміз денелердің қасиеті. Заттық дүниенің өзінде қозғалыс мүмкіндігі бар.
Сана туралы ілім әл-Фараби философиясының аса маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады. Ол адамның санасы мен болмысының бірден-бір бастамасы құдайдың дегенімен болған деген объективті-идеалистік түсінікке негіздеп адамның санасы мен болмысының диалектикалық бірлігін ашты. Әл-Фараби жер бетіндегі дүниеге іштей тән және дүниенің заңдылықтарын анықтап отыратын «әрекетті сана» туралы концепцияны ұсынды.
Әл-Фараби ғылымның методологиялық мәселелеріне ерекше мән берді. «Ғылымдардың шығуы» деген трактатында ол ғылым дінге тәуелсіз деген концепцияға сүйенеді, табиғат өз алдына дербес, ал оның себептері өзінің сипаты бойынша табиғи түрде болатынын атап көрсете отырып, құдайды тек қана әлемнің алғашқы себепшісі ретінде ғана бар деп біледі.
Ғылымдар жүйесінде әл-Фараби жаратылыстану, математика ғылымдарына зор көңіл бөледі. Оның математикалық астрономия, музыканың физикалық-математикалық теориясы, сондай-ақ геодезия мен архитектураның математикалық негіздері жөнінде бірқатар іргелі зерттеулері бар.
Әл-Фарабидің адамзат қоғамының шығуы туралы, мемлекеттік құрылыс туралы идеяларының елеулі маңызы бар. Әлеуметтік-этикалық трактаттарында ол философ-билеуші басшылық еткен «рақымшыл қала» туралы ілімді дамыта түсті. Идеалдық әлеуметтік-саяси құрылымға ол тұрғындары тұла бойы жағымсыз карекеттерге толы «надан қалаларды» қарсы қояды.
Әл-Фараби тіл мен ойлаудың, логика мен тілдің өзара байланысы туралы өте маңызды пікірлер айтқан, оның еңбектерінде ұғымдардың және олардың логикалық мазмұнының сөздер мен сөз тіркестерінің семантикалық табиғатымен байланысы атап көрсетіліп, тіл туралы ғылымды топтастыру жайы көрсетілген, бұл ғылымды ол жай сөздер мен сөз тіркестері туралы, жазу, орфоэпия заңдары туралы, өлең құрастыру ережелері туралы білімдердің салаларына саралап бөледі. Оның идеялары одан кейінгі ғасырлардағы лингвистикалық зерттеулердің көп жайларын ашып берді және тіл туралы ғылымның тарихындағы елеулі құбылыс болып табылады.
Әл-Фараби Шығыс музыкасы туралы аса маңызды деректерді қамтумен бірге эстетика, психология, акустика туралы қыруар хабарлар бар тамаша синтетикалық шығарма - «Музыканың үлкен кітабының» авторы ретінде де белгілі.
Ойшылдың дүниетанымында дүниенің материалдылығын және себептілікті түсінудегі материализм мен рационализмнің өркенді бастамалары болды.
Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы Шығыс пен Батыстың ғылымы мен мәдениетінің дамуына, оның ішінде Ибн Туфайл, Ибн Рушд, Ибн Сина, Омар Хайям, Роджер Бэкон, Леонардо да Винчи және басқа ойшылдардың творчествосына зор әсерін тигізді.
Ертедегі орта ғасырларда ойшыл-ғалымдардың өмірге келуі кездейсоқ емес еді, ол Орта Азия мен Қазақстанның тарихи дамуының бүкіл барысында әзірленген болатын, сонымен бірге бұл ғалымдардың творчествосында, ал олардың ішінде әл-Фараби ерекше оқшау тұрған еді. Оның еңбектерінде Шығыстың көптеген халықтарының мәдени және ғылыми жетістіктері өз көрінісін тапты.
ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ТІЛІ
«Құтадғу біліктің» (XI ғ. ) - неғұрлым танымал әдеби ескерткіштің - тілі сол кезде «түркіше» жазатын белгілі әдеби дәстүрдің болғанын дәлелдейді. Қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтарының тілдері негізінде X-XII ғасырларда араб графикасындағы түрік жазуы қалыптасты. Әдебиеттің көптеген ескерткіштері аралас қарлұқ-ұйғыр және қыпшақ-оғыз тілдерінде жазылды.
Махмұд Қашғари
Махмұд Қашғаридің (XI р. ) өмірі туралы деректер Жүсіп Баласағұнидің өмірі жөніндегі деректерден де аз. Махмұдтың, әкесі, Мауараннахрды жаулап алушы Боғраханның немересі Хусейн ибн Мұхаммед Барсханның (Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында) әмірі болған; Махмұд туған кезде ол Қашғарда қоныс аударған болуы керек Махмұд Қашғарда тамаша білім алып, оны Бұхарада, Нишапурде одан әрі жалғастырды. Ол түрік тайпаларының тілдеріне, фольклоры мен этнографиясына айрықша ден қойды, түріктер қоныстанған жерлерді аралап сапар шекті, түріктердің сөздері мен олардың мағынасын, өлеңдерін, жүмбақтарын, аңыз-ертегілерін, әдет-ғұрпын тәптіштеп жазып алды. Жинақтаған байқауларыы Махмұд өз өміріндегі басты еңбегі «Диуан лұғат ат-түркте» («Түрік тілінің сөздігі») қорытындылады. «Мен шығу тегі мен руы жөнінен ең бірінші орын алатын, ең таза тілде сөйлейтін түріктерден шықсам да, - деп жазады Махмұд, мен түріктердің бүкіл елін, қоныстарын, даласын тегіс аралап шықтым. Мен түріктердің, оғыздардың, чигилдердің, яғмалардың, қырғыздардың жүйелі ауызекі сөзін көкейіме түгел құйып алдым . . . Сөйтіп осы кітапты - соншама ұзақ зерттеу мен ізденістерден кейін - мен ең әсем, ең анық тілмен жазып шықтым . . . ».
«Түрік тілдерінің сөздігін» ежелгі орта ғасырлардағы түріктердің халықтық өмірінің нағыз энциклопедиясы деп атауға болады. «Сөздік» қазіргі уақытта, А. Н. Кононовтың сөзімен айтқанда, «XI ғасырдағы түріктердің өмірі туралы: олардың материалдық мәдениетінің бұйымдары, тұрмыс жайлары туралы . . . , этнонимдері мен топонимдері, ру-тайпалары туралы, туыстық және жекжаттық терминдері туралы, түркі қызмет адамдарының титулдары мен аттары, тағам-сусындардың аттары туралы, үй жануарлары мен жабайы жануарлар және құстар, мал шаруашылығы терминдері туралы, өсімдіктер мен дәнді дақылдары туралы, астрономиялық терминдер, халықтық календарь, айлардың және аптадағы күндердің аттары туралы, географиялық терминология мен номенклатура туралы, қалалар туралы, аурулар мен дәрілердің аттары, анатомиялық терминологня туралы, металдар мен минералдар туралы, әскери, спорт және әкімшілік терминологиясы туралы, түрлі тарихи және мифтік қаһармандардың есімдері туралы, діни және этникалық терминология туралы, балалардың ойындары мен ермектері және тағы басқалар туралы көп жағдайда бірден-бір деректеме болып табылады».
Махмұд Қашғаридің «Диуан лұғат ат-түркінде» тілдердің қарлұқ-ұйғыр, сондай-ақ қыпшақ-оғыз топтарына қатысты аса бағалы лексикалық материалдар бар. Ахмед Ясауидің «Диуани Хикметі» өлеңдерінің тілі жоғарыда аталған шығармалардың тілінен XII ғасырдағы қыпшақ тіліне сай лексикасының біртектілігімен ерекшеленеді.
1212 жылы түрік тілінде Құрандық негіздегі «Жүсіп-Зылиха» атты бірегей поэма шықты; оның авторы Әли есімді ақын болды. О бастағы негізі қыпшақ тілі болған поэманың тілі тегінде оғыз тобындағы диалектінің ықпалына ұшыраған болса керек.
Қазіргі Қазақстан территориясының көпшілігінде қыпшақ тілі тарады, тек Қарахан әулетінің қол астындағы аудандарда ғана әдеби қойнау ролін қарлұқ тілі атқарды.
Көшпелі және отырықшы халықтың идеологиясында ежелгі түрік діни нанымдары елеулі орын алды. Ислам одан әрі тарады. Қазақстанның оңтүстік өлкелерінің исламдандырылуы, мұсылман дінінің көшпелі ақсүйектер ортасына терең тамыр жаюы нәтижесінде ежелгі түрік руна жазулары ығыстырылып, араб графикасы негізінде жаңа түрік жазуы қалыптасты. Түрік этносының оқшау тілдік топтары мен варианттарының даму тенденциялары неғұрлым айқынырақ аңғарыла түсті. Сонымен бірге XI-XII ғасырлардағы тіл және әдебиет ескерткіштерінің көпшілігі тайпааралық әдеби тілде жазылып, жалпы түріктік мұра болды.
Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті түрік тілінде және иран тілінде сөйлейтін ортасынан шыққан ғалымдардың, әдебиетшілер мен ақындардың үлкен бір тобы өз шығармаларын сол кезеңде халықаралық ғылыми тілдің ролін атқарған араб тілінде жазды.
ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ДІНИ НАНЫМДАРЫ
«Қыпшақтардың діні туралы сөз қозғасақ, - деп жазған араб саяхатшысы ибн Аль-Асир, - олар шығып келе жатқан күнге табынады»1.
Қыпшақтар діни нанымы жағынан түркі халықтары арасында кең тараған шамандық ұғымдарды тұтынып келген. Олар Көк Тәңіріне, жер, су киелеріне, Ұмайға, отқа, әруақтарға сиынып, тас мүсіндерге табынды.
X-XII ғасырлардағы Қазақстан халқының арасында алуан түрлі нанымдар мен сенімдер орын алып отырды. Бұрынғысынша түріктердің арасында Ұмай құдайға табыну, ата-бабаның аруағына сыйыну сақталып қалды, өлген адамға істелетін жоралғы ескі әдет-ғұрып бойынша жүргізілді. Көшпелі халықтың едәуір бөлігі әлі де шаманизмді ұстанды, табиғаттың дулей күшіне рухқа табынды, сонымен бірге ислам біртіндеп кіре бастады. Алайда жергілікті халық жада дінді бірден тани қоймады, оның, біршама кеңінен тарауы үшін ұзақ уақыт керек болды. Орта Азияның халықтарын исламда ыдыру негізінен VIII ғасырдың аяғына қарай аяқталды, ал Қазақстанда бұл процесс ұзаққа созылды, соның өзінде солтүстік аудандарда ол оңтүстіктегіге қарағанда әлдеқайда баяу тарады.
X ғасырда Фараб өңірінің астанасы Кедер қаласы болды, ал «ол, әл-Мақдисидің сөзіне қарағанда, жаңа қала болды, онда минбардың салынуынан келіп өзара соғыстар туды». Соңғысы исламның орнығуы күреспен болғанын анық көрсетеді.
Самани әулеті тұсында ислам интенсивті түрде тарады; олар өздерінің солтүстік-шығыстағы шекарасын нығайта отырып, Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуға жорықтар жасады. Испиджаб, Фараб, Шауғар және Тараз оларға вассалдық тәуелділікте болды. Нақ осы самани әулеті тұсында жергілікті түрік әулеті үстемдік еткен Испиджаб «дін жолындағы күрестің» орталығына айналды.
IX-X ғасырлардағы авторлардың мәліметтері Отырардан онша қашық емес жердегі мұсылман мазарын зерттеу кезінде алынған археологиялық деректерге сай келеді. Бұл жерден шикі кірпіштен қаланған, мұсылмандарша қойған қабірлер ашылды, олардың ең ежелгілері XI ғасырға қатысты. Бейіт Сырдариядағы исламды уағыздаушылардың көрнектілерінің бірі Арсланбаба мавзолейіне жақын.
Жетісуда көшпелі халықта өлген адамдар мәжусилік әдет-ғұрыппен жерленген, ал қалаларда барлық жерде бірден жерлеудің мұсылмандық әдет-ғұрпы таралған. Шу алқабын Қарахан әулеті жаулап алғаннан кейін онда ислам ресми дін деп танылды.
X ғасырда исламды төменгі Сырдариядағы оғыздардың бір бөлігі қабылдады, бірақ көшпелі халық арасында мұсылман діні жаппай тараған жоқ.
Деректемелердің көрсетуіне сәйкес, біздің дәуіріміздің II мың жылдығының басында қыпшақтар тас мүсіндерге табынған, табиғат құбылыстарына сыйынған, аспанды (тәңір), күнді, отты құдай тұтқан. «Кумандар, немесе половецтер, жұлдыздарға табынады, аспан әлеміне сенеді және астрологияны оқып үйренуге бейім тұрады», - деп атап көрсетті араб географы әрі саяхатшысы Әбул Фадлан, ал Ибн әл Асир қыпшақтар күнді қадір тұтады әрі «күн шығып келе жатқанда соған сыйынады» деп көрсетеді.
Алайда, қыпшақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылымындағы өзгерістермен бірге бір мезгілде діни нанымдарда да өзгерістер болды. Қыпшақтардың бір бөлігі, ең алдымен олардың үстем топтары әсіресе Орта Азия оазистеріне таяу аудандарда политеизмнен шығып, исламды қабылдады. Бірақ қыпшақтардың басым көпшілігі әлі де мәжусилер болып қала берді, соның өзінде олардың арасына исламды енгізуге деген әрекеттер, тегінде көбіне нәтижесіз қалып отырған. Ежелгі мәжусилік нанымдар қыпшақтарда ұзақ уақыт бойы өзінің маңызын сақтап, жаңа дін исламмен бірге өмір сүре берді. «Бұл халықтарда (қыпшақтарда) исламның пайда болуына қарамастан, - деп жазды белгісіз автор, - және олардың екі догматты ұстануына қарамастан, олар қалай болғанда да көптеген істерде оның (діннің) ережелерін бұзып отырады».
ХІІ ғ. ІІ-ші жартысынан бастап қыпшақ билеушілерінің арасында ислам діні тарай бастады. Сол кезде өмір сүрген Ахмет Иассауи осы жолда көп қызмет етті.
Хорезммен жақындасудың ықпалымен XII ғасырдың екінші жартысында қыпшақтардын, ақсүйектерінің арасында ислам кеңінен енді. Қыпшақ хандары Қыран (Иқран), Алп Дерек исламды қабылдап, мұсылманның Қадырхан, Ғайирхан (Иналшық) деген атақтарымен аталды. Ғайирхан (Иналшық) туралы Әбілғазы былай деп жазды: «Иналшық сұлтанға ауысып, мұсылмандықты қабылдады . . . ».
Бірақ қыпшақтардың тіпті Хорезмге неғұрлым жақын әрі оған бағынған Сығанақ иелігінің өзінде ислам тек аристократиялық үстем топтың ғана діні болып қала берді.
Нақ осы уақытта Орта Азияда және Қазақстанның оңтүстігінде исламның ғылымда суфизм (арабша тасаввуф, суф - «жүн» деген сөз; бұл ілімдерді жақтаушылардың жүннен долбарлай тоқылған не басылған киім киетін әдет-ғұрпына байланысты) терминімен біріктірілген мистикалық ағымы тарады. Исламның тарай бастаған кезінің өзінде шыққан суфизм негізінен төзімділік пен аскетизмді уағыздауы нәтижесінде кеңінен тарады. Дүниенің қызық-рахатынан безуді, байлықтың күнәға батыратынын, бай адамдардың құдайға жағып, жұмаққа бара алмайтынын уағыздау бұқараны суфизмге тартты. Суфизмнің, әсіресе оның дамуының алғашқы кезеңдеріндегі, демократиялық тенденциялары халықтың феодалдық езгі мен қанауға қарсы қозғалысының діни сипатта болуына себептесті.
Суфизм басшыларының арасындағы идеологиялық және саяси күрестің нәтижесінде көптеген суфизм ордендері пайда болды.
Суфизм жергілікті жағдайларға бейімделіп отырды. Жекелеген шайхылардың «дінсіздерді» исламға қарату және Қазақстан көшпелілерінің арасында исламды тарату мақсатымен өз шәкірттерін «мұсылман дүниесінің шекарасына» арнайы жіберіп отырғаны туралы деректер бар.
Ахмед Ясауи
Ахмед Ясауидің өмірінен деректер өте аз. Аңыздарға қарағанда Ахмед Ясауи (оның қайтыс болған жылы 1166(67) Сайрамнан (Испиджабтан) шыққан, оның ұстазы исламды уағыздаушы белгілі Арслан-баба (немесе Баб Арслан) болған.
Ахмед Ясауидің «Диуани Хикмет» («Данышпандық кітабы») атты өлеңдер жинағы бар. Бұл түрік тілдес халықтардың ең ежелгі әдебиет ескерткіштерінің бірі. Онда аскетизм мен мойындау уағыздалады, сонымен бірге жинақта мәдени-тарихи және әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы хабарларды да кездестіруге болады.
Ахмед Ясауидің түрікше жазған көптеген шәкірттері мен ізбасарлары болған. Олардың ішінен Хакім-ата, немесе Сүлеймен Бақырғани есімі неғұрлым мәлім. Өзінің ұстазы сияқты Хакім-ата мистикалық өсиеттерінің жинағын қалдырған, бірақ ол өлеңмен емес, қара сөзбен жазылған. Хакім-атаның нақыл сөздері қарапайым тілмен жазылып, халықтың қалың бұқарасына арналған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz