Шоқан Уәлихановтың қазақ эпосының шығу арналарына, рухани өміріне қатысты ойлары



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 24 бет
Таңдаулыға:   

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов
(1885-1865)

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ 4
1. Шоқан Уәлиханов қазақ этносының шығуы, сенімі және рухани өмірі туралы
еңбектері 5
2. Шоқан Уәлиханов – халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, зерттеуші 16
2.1. Шоқан Уәлихановтың қазақ, қырғыз фольклорын жинауға ден қоюы және
олар жөніндегі әдеби-сын пікірлері 16
2.2. Шоқан Уәлихановтың қазақ эпосының шығу арналарына, рухани өміріне
қатысты ойлары 20
ҚОРЫТЫНДЫ 23
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 25

КІРІСПЕ

Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен
салыстырғанда, ол үлкен сықылды еді де, біздер
оған қарағанда бала тәрізді едік.
Г. Н. Потанин

Шоқан - қазақ даласында туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің
тұңғыш және талантты өкілдерінің бірі. Ол - өз дәуіріндегі орыстың
прогресшіл ғалымы мен әдебиеті, мәдениеті дәстүріндегі тәрбие алған және әр
алуан ғылым саласын алғаш рет зерттеген адам. Сондықтан да Шоқанды
жолдастары "Еуропаға ашқан терезе" атады.
Шоқан саяхатшы болуды, ең алдымен Орта Азияны аралап, зерттеуді
армандайтын. Осы арман оны тың саяхаттар жасауға жетеледі. Өйткені,
Қашқарияның географиясы, тұрмыс-салты, мәдениеті туралы мәліметтер Еуропа
үшін жұмбақ болатын. Осынау тылсым сырдың бет-пердесін айдай әлемге Шоқан
ашып берді.
Шоқандай жалынды жас жүректің іздері Жоңғарияды, Ыстықкөлде, Қытайда
сайрап жатыр. Ал, Қашқар сапары Шоқанның атағын күллі әлемге паш етті.
Қазақ халқының маңдайына біткен біртума ұлы Шоқанның Жетісудағы іздері де
сайрап жатыр.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов XІX ғасырда қазақ халқынан шыққан бірінші
ғалым-географ, Орта, Орталық Азия саяхатшыларының бірі және тарихшы,
философ, этнограф, шығысты зерттеуші, өз Отанының патриот қайраткері.
Шоқан Уәлиханов 1835 жылы қараша айында қазіргі Қостанай облысының
Құсмұрын бекінісінде туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол жерде аға сұлтан
болған, 1840 жылы Россияға бағынған, белгілі Абылай ханның немересі еді.
Шоқан Уәлихановтың шын аты - Мұхаммед Қанапия, ал Шоқан -анасының еркелетіп
қойған аты. Шоқан балалық шағын әуелі Құсмұрында, содан кейін туған елі
Сырымбетте өткізді. Сырымбет Солтүстік Қазақстандағы тарихи аңызға айналған
сұлу өңір. Болашақ ғалым бойындағы рухани қасиеттердің басты белгілері
жастық шағынан-ақ қалыптаса бастады. Ерте есейген Шоқан өз пікірлерін
үлкендерше тұжырымдайтын. Оның жетіле беруіне, сана-сезімнің ерте оянуына
әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Жасында ауыл мектебінде мұсылманша хат
таныған Шоқан кейін орыс мектебі тәрбиесінде өскен. Батыс Сібір генерал-
губернаторының жанында төтенше тапсырмалар орындайтын офицер қызметін
атқарып жүрген Шоқан сүйікті әжесі жөнінде суық хабар алысымен Сырымбетке
арнайы келіп, Айғаныммен қоштасып, оны ақырғы сапарға шығарып салады.
Шоқанның жас шағынан ғылымға ден қоюына әкесінің алдыңғы қатарлы орыс
интеллигенциясы өкілдерімен тығыз байланысты болуы үлкен әсер етеді.

1. Шоқан Уәлиханов қазақ этносының шығуы, сенімі және рухани өмірі туралы
еңбектері

Шоқан ең алдымен, өз заманының аса мәдениетті, зор білімді азаматы
болды. Ол Шығыстың, орыстың, тіпті сонау Батыс Европа елдерінің тарихы мен
әдебиетін еркін игерді. Бұған оның көптеген шығыс тілдері мен Европа
тілдерін жетік білуі себеп болды. Соған орай ол көптеген тарихи еңбектерді
түпнұсқасында оқып-таныды. Мәселен, ол Шығыстың ежелгі тарихи мұраларының
қатарынан орын алатын, бірақ көптеген ғалымдардың тісі батпай жүрген Рашид-
ад дин, Әбілғазы еңбектерін, Бабырнама, Тарихи-Рашиди, Шайбани-нама
сияқты тарихи шығармалардың мәтіндерін емін-еркін оқи алған.
Шоқан Уәлиханов шығармалары, ең алдымен өз халқының тарихын,
этнографиясын және фольклорын зерттеуге арналған. Мәселен, оның Абылай,
Қазақтардың ертедегі қару-жарақтары, Шона батыр, Қазақ батырлары,
Қазақтардың ата-тегі, Қазақтардың көшіп-қонуы атты еңбектері қазақ
халқының тарихы, этнографиясы, әдебиеті жөнінде тұңғыш реет анық деректерге
сүйеніп жазылған ғылыми еңбектер. Ғалымның шығыс, батыс халықтарының
көптеген тілдерін білуі әр түрлі қайнар көздерге сүйене отырып, көне
жазбаларды, жылнамаларды салыстыра зерттеуге, тарихи шындыкты ашуға
мүмкіндік туғызды. Шоқан өз ойын нақты дәлелдеу үшін Орта Азия халықтарының
тарихын көп зерттеген Жолбарыс әулетінен шыққан Абылғазының "Түрік
шежіресі" атты белгілі кітабына жүгінеді. "Түрік шежіресін" толықтыра түсу
мақсатында ол "Казақ шежіресі" еңбегін жазады. "Қазақтардың көшпелі еркін
тірлігі Азияда дүниеге келіп, дамығаны күмән туғызбаса керек. Олай дейтін
себебіміз, орыс жылнамалары (Псков жылнамалары) біздің сөзімізді растайды",
— деп баяндайды да, сол кездегі көптеген авторлардың еңбектеріне шолу
жасайды, олардың деректерін шежірелермен салыстырады.
Қазақтың әрбір ру басылары өз ру-тайпасының шежіресін — шыққан тегін,
елдің әдет-ғұрып заңдарын, ескі жарлықтарын, халықтың басынан өткен тарихи
жайларды көп жасаған ақсақалдардан ыждаһатпен үйреніп, өзінің шешендік
өнерін шындауда аңыз-әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, маңызды оқиғаларға
қатысты ұлағатты асыл сөздерді ұзақ уақыт жаттайтынын, сондай дайындығы бар
билердің аузынан шыққан сөздерді халық ұйып тыңдайтынын, ол нақыл сөздердің
өмірдің бар саласын қамтитындай өсиет-өнегеге, тәлім-тәрбиелік, ғибраттық
мазмұнға толы болатынын ұлы ғалым тебірене жазған.
Зерттеуші тарихи аңыздар — тарихи деректер жаңғырығы деп білген. Оның
танымдық мағлүматтарын ғылыми еңбектерінде шебер пайдаланған. Ауызша
айтылған тарихи толғаныстарды, жазба және археологиялық мәліметтерді өзара
салыстырып, ең сенімді дегенін кәдеге жаратқан. Тарихи аңыздардың маңызын
ашуда Шоқанның асқан білімпаздығын танытатын мұрасының бірі — "Оңтүстік
Сібір тайпаларының тарихынан жазбалар". Зерттеуші бұл еңбегін жазу үстінде
дүние жүзі шығыстанушыларының бұрын-соңды жарық көрген шығармаларына
жүгінгенін көреміз: Левшин, Риттер, Клапрот зерттеулеріндегі пікір
қайшылықтарын, неміс шығыстанушысы Вильгельм Шоттың (1843 ж. және орыс
этнографы Евлампий Огородниковтың (1846 ж.) (саха) халқының тарихы туралы
айтқан пікірлеріндегі бұрмалаушылықты, қателер мен үстірт жорамалдарды
ғалым аталған еңбегінде сынайды, өзінің батыл ойларын айтады. Академиь
Фишердің "Сібір тарихына", Иакинфтың "Ойраттарға тарихи шолуына",
Огородниковтың "Якут тілі туралы жазбаларына", орыс публицист жазушысы Н.
Щукиннің "Якутияға сапар" еңбегінің мәніне тоқталады. Фин этнографы,
филолог, "Калевала" эпосын зерттеуші академик Н.А. Кастерннің (1813-1852)
Георгафиялық қоғамның тапсырмасымен Сібірде жүрген кезінде Баян тауы туралы
пайымдауына көз жібереді. Фин, түрік, монғол тайпаларының адамзат дамуында
әр түрлі себептермен жақындасуы, тілі жөнінен де ұқсастықтары болуы
күмәнсіз, олардың тілін, әдет-салтын зерттеу үшін монғол немесе түрік
тілінің қандай да бір диалектісін жетік білу керек екенін айтады.
"Қазіргі қолда бар деректерді ел аузындағы аңыздармен, ноғайлармен
қарым-қатынас жайлы орыстың елшілік фактілерін Жалайыридың "Жылнамалар
жинағымен" салыстырған жөн", - деп жол сілтеген кемеңгер ғалым "Қырғыздар
туралы жазбаларында" Орта Азия көшпелілерінің өздерінің арғы ата-
бабаларының, даңқты батырларының ерлік істерін баяндайтын, құйма құлақ
аңызшылар аумай-төкпей жеткізген аңыздары бар, бұл аңыз-ертегілер халықтың
өткендегі өмірінің қысқаша тарихи суретін бейнелейді, өздерінің батырлары
мен халық арасындағы оқиғалары туралы аңыздарды жырға айналдырып, келешек
ұрпаққа от басындағы естелік-әңгіме ретінде жеткізіп отыру барлық
көшпелілерге тән салт", — деген салиқалы қорытынды жасайды.
Тарихи аңыздарда айтылатын Шыңғысхан, Александр Македонский, Тоқтамыс,
Әмір Темір сиякты адамдардың өмір сүрген дәуірлеріне барлау жасаған ойшыл
Геродот жинаған тарихи аңыздардың маңызы қандай зор болса, өмір танытуда
фольклорлық туындылардың да мәні сондай құнды екенін жазған.
Ал "Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихынан жазбалар" атты еңбегінде
Шоқан якут (саха) халкының аңыз-дастандарына зор көңіл бөлген. Бұл халықтың
мифтік сарында айтылатын ауыз әдебиеті үлгілерінде, әсіресе Хорлан,
Мохсогол, Еберен-Эмехсин жырларында, романтикалық Қыланных-Қыс батыр туралы
дастанында саха халқының әдет-ғұрпы, салты, өткен тарихының болмыстары
сақталғаны, саха халық аңыздарындағы Оногай бай, Эллей батыр, Бағани батыр,
Немей бай ерліктерінің халық санасында берік ұялағаны зерттеушіні қатты
қызықтырған. Ол қазақ, қырғыз, өзбек, монгол, үйғыр, ноғай, татар, башқүрт,
түркмен, қарақалпақ, зеңгер, болгар, хакас және басқа да халықтардың ауыз
әдебиеті үлгілерін жоғары бағалаған. Бұл халықтардың қазіргі ұрпақтары
ғалым еңбектерінен өздерінің өткен ата-бабаларының тарихына, мәдениетіне,
әдебиетіне байланысты мол деректер табуда, зерттеудің ғылыми дәлдігіне
тәнті болуда...
Ш. Уәлихановтың әдеби мұрасынан халық ауыз әдебиетінің барлық
нұқсаларына байланысты ойлы тұжырымдарды, тың мағлұматтарды табуға болады.
Талантты ғалымның "Бұқардың Абылайға айтқаны", "Абылай туралы жырлар",
"Шора", "Орақ жырлары", "ХҮІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар" т.б.
шығармалары қазақ әдебиеті тарихына қатысты көлемді зерттеулер болып
табылады. Сондай-ақ Шоқанның "Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы"
еңбегі поэзиямыздың теориясы жөніндегі алғашқы зерттеулердің қатарына
жатады. Ал атақты "Жоңғар очерктері", "Қырғыздар туралы жазбалар" сияқты
монография дерлік шығармаларының көптеген беттері қазақ әдебиеті
мәселелеріне арналған.
Әдеби мұраның тарихи маңызын терең ұғынып, оны ғылыми зерделеген Шоқан
Шыңғысұлы Уәлихановтың еңбектерін жан-жақгы, жүйелі зерттеуді қазіргі
уақыттың өзі талап етіп отыр. Ғалым шығармалары дәуір рухымен үндес,
пікірлері күні кеше немесе дәл бүгін айтылғандай тың, құнды.
Әдебиет — халықтың жаны, құлақ күйі, ар-ожданы, зор байлығы, елдігінің
белгісі деп білген, одан "халықтық рух, ұғым, әдет, өмірлік кейіп" көрінеді
деген ғалым қазақ ауыз әдебиетін жинау, зерттеуде басқа ел ауыз
әдебиеттеріне кең барлау жасады. Фольклорлық материалдарды бірнеше топқа
бөліп қарады. Эпостағы кейіпкерлерді француз жырындағы бас қаһарман
Роландқа, эпикалық жырларымызды Ирландияның сагасына, жыршыларымызды көне
Грецияның рапсодтарына немесе "Игорь полкы туралы сөзді" шығарыпты-мыс
дейтін жыр атасы Боянға, Шотландия мен Ирландияның бардтарына теңеді. Шоқан
қазақ ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін қалады.
Рас, Шоқаннан бұрын да қазақ ауыз әдебиетін жинап, зерттеуші адамдар
болды. Бірақ олардың көпшілігі жол-жөнекей жазған күнделіктерінде, белгілі
бір саяхатнамалары мен хаттарында, арнайы құжаттық есептерінде, мемлекеттік
елшіліктер кезіндегі толтырылған "журналдарында" халықтың өзіндік
ерекшелігіне тоқтала келіп, олардың тіл байлығын, әдет-салтын, мақалдап-
мәтелдеп сөйлеуге шеберлігін, суырып салма ақындардың тапқырлығын, дала
тұрғындарының әнге, күйге, жырға құмарлығын, басқа да байқағандарын қысқа
баяндаумен шектелген. Олардың жазбаларында құнды деректермен қоса үстірт
пікірлер, жаңсақ топшылаулар да ұшырасып отырады. Мұндай кемшіліктердің
бетін ашуда, төл әдебиетіміздің көне нұсқаларына әділ баға беруде Шоқанның
орны ерекше. Бұл ретте Ш. Уәлиханов қазақ өлеңдері мен ауыз әдебиеті туралы
алғаш деректер жинаған Н. П. Рычковтың 1770 жылы жарық көрген "Күнделік
жазбаларын", П. С. Палластың "Россия мемлекетінің түрлі провинцияларына
саяхатын", А. И. Левшиннің 1832 жылы баспадан шыққан "Қырғыз-қазақ немесе
қырғыз-қайсақ ордалары мен даласы туралы жазбаларын", т.б. ғалым-
саяхатшылардың жазғандарын ой елегінен өткізіп, сын-ескертпелер жасағанын
айта кеткен жөн. Мысалы, А. И. Левшиннің қазақ өлеңдерінің суырып салып
айтылатын ерекшелігіне байланысты "Осындай тұтқиылдан туған өлендер,
көбінесе, мағынасыз, шатпақ, жарымжан бірдеңе болып шығады" деген жаңсақ
пікірін Шоқан аталған еңбекке жазған сын мақаласында ("Замечания на третью
часть описания киргиз-казачьих орд А. И. Левшина") білгір сыншы ретінде
жоққа шығарған.
Орыс географиялық қоғамындағы (Петербургта) Шоқан Шыңғысұлына арналған
архивте "Словесность" деген үлкен еңбек сақтаулы тұр. Ол қазақ әдебиетін
зерттеуге арналған. Өзі бірнеше бөлімдерден түрады: "Тіл", "Поэмалар",
"Импровизация және импровизаторлар", "Ертегілер", "Мақалдар", "Мәтелдер мен
жұмбақтар". Оны кезінде Шоқан оқып, әділ де қатты сынапты. Бұл жинақты
жазған Батыс Сібір казак әскерінің (линейный казачьи войска) офицері Е. И.
Шебелин деген. Оның жазғандарын Шоқан бұрыннан да ұнатпаған.
Әдебиетімізді, тарихымызды, мәдениетімізді теріс түсіндіруді
көздегендерге батыл наразылық білдірген Уәлиханов өзі бас болып әдеби
мұрамыздың шынайы мәнін ғылыми негіздеуге арналған зерттеулер жазды.
Қазақтың халық поэзиясына алғаш теориялық талдау жасады.
Өкініштісі халық ауыз әдебиеті туралы бұрынырақта айтылып, қалыптаса
бастаған қате мағлұматтардың сол ұлт үшін зияндылығын бұлтартпас деректер
арқылы дәлелдеген, сөйтіп, шынайы ақиқатқа жүгінген Шоқанның құнды
материалдарының біразы қолды болып кетті; жеке кітапханасы өртелді;
қолжазбаларының қайсыбірі бізге жетпеді; ал бірталайы архивтерде сарғайып,
шаң басып жатыр. Оларды жинап, зерттеу, кәдеге жарату — келешектің абзал
борышы.
Ғалым өзінің "Жоңғар очерктерінде" халық аузындағы нақыл сөздерді
зерттеудің этнография үшін орасан зор маңызы бар екенін, оны өзінен бұрынғы
ғалымдар да сан рет аңғарғанын, өйткені одан халықтың тұрмысы мен әдет-
ғұрпы айқынырақ көрінетінін тебірене жазған: "Ескі нақыл сөздерге бай келу
Солтүстік Азия мен Орта Азияның көшпелі халықтарының ерекше бір қасиеті
болып табылады. Ондай нақыл сөздер не ру ескерткіші ретінде, мәселен заң,
аңыздары ретінде қариялар аузында қасиеттеліп сақталып отырады, не халық
жыры түрінде бір ұрпақтан екінші ұрпаққа белгілі жыршылар арқылы жеткізіліп
отырады".
Қазақ мақалдары ықылым замандағы көріністі, сенімді айқындай түсетін
құрал ретінде пайдаланылатынын жазады оқымысты. Қазақ тілінде халықтың
мінез-құлқын, жалпы ерекшелігі туралы ұғымды нақты білдіретін мақалдар да
бар екенін айта келіп, мақалдарды бір тілден екінші тілге аударғанда мәні
кететінін, оны дәл аударудың қиыңдығын айтқан және өзінің үш жүздей мақал
жинағанын да білдірген. Зерттеуші халықтың тұжырымды ойға құрылған мақал-
мәтелдерінің қайсыбіреулерінің мазмұнын дәл сақтай отырып орыс тіліне
аударды, оған түсініктер берді. Ондағы ойы орыс оқырмандарын халқымыздың
мәдениетімен, әдебиетімен тереңірек таныстыра түсу болды.
Әпсаналар мен аңыздарда әр қырынан көрінетін, бүкіл түркі тектес
халықтарға ортақ тарихи тұлғалардың бірі — ұлы бабамыз Қорқыт Ата туралы
Шоқан Уәлиханов қысқа болғанымен мәнді, мағыналы мағлұматтар келтіреді. Әр
халықтың жазба мәдениеті, ауыз әдебиетінің үлгілері жайлы баяндағанда,
Қорқыт Атаның да көптеген халықтарға танымал бейне екеніне тоқталады.
"Жоңғар очерктерінде" Қорқытқа байланысты ертегі, жырлар территориялық және
тіл жағынан жақын халықтардың әдеби, мәдени бірлігін нығайтуға септігін
тигізгенін айтады.
Әлемдік өдебиет мен мәдениеттен де мол хабардар болған Шоқан — түркі
тектес халықтардың әдеби мұраларын да білгірлікпен зерттеген ұлы ғалым.
Әсіресе, қырғыз елінің "Манас" жырына айырықша көңіл бөледі. "Манасты"
өркениетті елдерге тұңғыш таныстырушы Ш. Уәлиханов екенін мақтан етуге
тиіспіз.
"Манас" — бір кезеңге және бір адамның — Манас батырдың төңірегіне
топтастырылған барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының,
география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктерінің
энциклопедиялық жинағы. "Манас" — бүтін бір халықтың шығармасы, соның көп
жылдық шығармашылығының жемісі — дала "Иллиадасы" десе де болғандай", деп
бұл жырды аса жоғары бағалаған ғұлама ғалым өзін Алатаудың Зәукі асуына
дейін шығарып салған Телтай манасшыны "Қашқар күнделігінде": "Телтай, как
феноменальное явление", — деп ерекшелеген.
Зерттеуші өзінің "Қырғыздар туралы жазбалар" еңбегінде халық есінде
атақты, тамаша философ ретінде сақталған Асан қайғының Жырғаланда көшіп-
қонып жүрген қазақ екенін, оның аты тек қазаққа ғана емес, көрші қырғыз
еліне де мәлім болып, "Манас" жырында кездесетінін, зираты Ыстық көлдің
маңында екенін ескертеді.
Шоқан аса қабілетті қайсыбір жыршылар мен жыраулардың өміріне, ол
туралы айтылған естелік аңыздарға, жыршылар мен жыраулардың өздері шығарған
өлеңдерге айтарлықтай мән берген. Ол "ХVІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи
аңыздар" деген мақаласында Бұқар жырауға қатысты біраз мәліметтер келтірді.
Жыраудың Абылай алдында айтылған өлеңінің аудармасын жасайды. Сөйтіп, Бұқар
жырауды орыс оқырмандарына тұңғыш рет Шоқан таныстырады.
Шоқан жазып алған Бұқардың "Абылай туралы жырында" ("Песня об Аблае")
үш жүздің басын қосқан Абылай былайша суреттеледі:
Абылай ханым, жүрісің
[Қаздай] болып қырқылдап,
[Бурадайын] бұрқылдап,
Сай суындай сарқылдап,
Жай тасындай жарқылдап...
О, хан Абылай, ты ходил,
Гогоча, как [гусь],
Бушуя, как [бура],
Бурля, как горный поток,
Сверкая, как метеор...
Сондай-ақ Қаракерей Қабанбаймен бірге найманның рубасы көсемі, әрі
әскербасы болған Ақтамберді жыраудың шығармашылығына да Ш. Уәлиханов көңіл
бөледі. Абылай заманындағы, одан арғы дәуірлердегі халық даналығын бойына
сіңірген Шал ақынның шығармашылық қабілетін жоғары бағалайды. Шоқан Абылай
ханның замандасы, Арғын Атығай ішінде Бәйімбет тобынан шыққан Шал ақын
қазақ халқының тегі, қазақ халқын құраған рулар жайлы аңыздарды жинақтап,
эпос жасағанын айтады. Бұдан сол тұстағы ақындар мен жыраулардың халық
мұрасын қастерлей білгенін, қазақ қауымының қалыптасу кезеңдерін өз
жырларына арқау етіп, ерлікті асқақтата баяндағанын көреміз; осынау
аласапыран тұстағы әдеби нұсқаларды Шоқанның талғампаздықпен жинап,
зерттегеніне риза боламыз. "Тарихи жырлардың батырлық эпостан жанрлық
айырмашылығы бар. Яғни тарихи жырларда эпостық баяндауға тән объективтік
сарынның орнын оқиғаларды тікелей қабылдаған автордың әсері араласқан
субъективтік баға басады". — Мұхтар Әуезовтің бұл пікірі бір кезде Шоқан
жоғары бағалап, қайсыбір өлең-толғауларын қағаз бетіне түсірген Тәтіқара,
Бұқар, Шал, т. б. ақын-жырауларға тікелей қатысты.
ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген қазақ ақын-жырауларының ішіндегі
көрнектілерінің бірі Тәтіқара ақынның (бардтың) бір өлеңін Шоқан жолма-жол
орыс тіліне аударған. Өлеңнің қысқаша мазмұны жоңғар басқыншыларына қарсы
күресті суреттеуге негізделген. Елді ерлікке жігерлендірген Тәтіқара
шығармаларын Шоқан қаһармандық дастаны деп білген.
Арабтардың жалаңаяқ, жалаңбас балаларына дейін өзіне қойылған сауалға
көркем өлеңмен жауап бере алатыны жайында Арабстанның шөлін кешіп, аптабына
күйіп, көшпелілердің шатырында түнеген Еуропа саяхатшыларының қайсысы болса
да таңырқай баяндайды, біздің қазақтардың да ақындары осы дәрежеде екенін
дәлелдейді Шоқан.
Қазақтар импровизаторлық өнерге шебер келетінін атап көрсетеді ғалым.
Зерттеушінің көшпелі елдердегі импровизаторлық (суырып салушылық) өнердің
жоғары дәрежеде дамығандығы жайлы пікірлері назар аударарлықтай мәнді. Өлең
сөзді суырып салып айту, кідіру-мүдіру дегенді білмеу себебін өзінше
топшылай келіп, Шоқан: "Мұндай қасиеттің болуына көшпелілердің алаңсыз
өмірі әсер етті ме, болмаса ұшы-қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай тізілген
жұлдызды, көк, ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме - ол әзір бізге
мәлімсіз", - деп жазады және "қазақ ақындарының импровизаторлық өнері
көшпелі елдің салт-тұрмысына байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан ақындық
дөстүр негізінде туып, дамыды"... "Импровизаторлық өнері жағынан қазақ
ақындары көшпелі араб ақындарынан бір де бір кем түспейді", -деп салыстыра
ой түйеді.
Естеліктерден Ш. Уәлихановтың өнерге, оны баяндаушыға деген
сүйіспеншілігін, екіншіден, ана тіліміздің қоспасыз, таза күйінде сақталуын
қадағалаған қамқоршы екенін және халық арасында жылт етіп көрінген игі
нышанды қалт жібермей тыңдай да, зерттей де білгенін аңғарамыз.
"Қазақтар жаратылысының өзінен-ақ қабілетті, дарынды және ғажайып
сезімтал келеді... Сұлтандардың ерлік істері мен естеліктерін жырлайтын
суырып салма ақындары олардың барлық руларында кездеседі. Қазақтардың
батырлық эпосы мен аңыздары, ертегілері өте көп және олар өлең мен музыканы
жақсы көреді".
Шоқанның бұл пікірлері поляк саяхатшысы Адольф Янушкевичтің ойларымен
үндес келеді: "... мен алғаш рет өлеңшілерді тыңдауға мүмкіндік алдым.
Бұлар қазақ трубадурлары, даланың бардтары - ұлы ақындары. Олардың өлең
шығаруы мен қазақтардың көбіне тән орындау дарыны осы халықтың ақыл-ой
қабілетін тамаша айғақтайды".
Ш. Уәлиханов импровизаторлық өнердің тамаша көрінісі өнер сайысы
үстінде, айтысқа түскен шақтарда, белгілі бір ақындардың өзара білім
салыстыруы, тапқырлықтары мен шешендіктерін ортаға салуы тұсында айқын
аңғарылатынына көңіл беледі. Ақындар айтысының үлкен онер екенін жоғары
бағалай келіп, Орынбай, Шөже, Жанақ, Түбек айтыстарына ерекше тоқталады.
"Соқыр қылды көзімді көрмесін деп, жамандықтың соңынан ермесін деп"...
"Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ" деген Шөже ақынның соқыр екенін бетіне
басқысы келген кейбір айтыс ақындарына тайсалмай дау айтқаны, ұтымды, ұтқыр
тапқырлығымен тыңдаушысының қадір-құрметіне бөленгені, от ауызды, орақ
тілді өткірлігі Шоқанның да назарын аударды. Үлкен эпик ақынның қобыз
тартып, өлең шығарумен күн көріп жүрген жұпыны халі, тағдыр тәлкегіне
ұшыраса да, шындықты, әділдікті жақтаудан қажымаған қайсарлығы, бай-
сұлтандардың озбыр парақорлығын бетіне басатын батылдығы, төкпе жырларды
орындау шеберлігі ғалымды қатты тебірентеді. Шоқан Шөже Қаржаубайұлының
(1808—1895) халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен ел шежіресіне асқан
білгір екенін, айтыс ақындарының ішінде таланты артық ірі тұлға болғанын,
әйгілі "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырының ең көркем нұсқасын үш жүзге
таратушылардың таңдаулысынан саналатынын жазған.
Кезінде есімдерін Ш. Уәлиханов құрметпен атаған Асан-қайғы, Бұқар,
Тәтіқара, Шал, Ақтамберді, Орынбай, Шөже, Жана Түбек, т.б. тарихи
тұлғалардың жыр-толғаулары, асыл сөздері бүгінде ұрпақ кәдесіне жаратылуда.
Төл әдебиетіміздің тарихын ғасырлар қойнауына тереңдете түсуде.
"Қытайлар мен мұсылман жазушыларының деректері бойынша, ертедегі
қазақтардың өз жазуы болған және басқа көшпелілерге қарағанда мәдениеттің
анағұрлым жоғары сатысында тұрған". Шоқанның мұндай қорытындыға келуіне
оның Орхон-Енесей, Талас жазба нұсқаларымен де таныс болуы, Қасым ханның
тұсында (1511—1523) Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайының
нығайғаны, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің арасындағы алғашқы саяси
байланыстар осы кезенде жасала бастағаны, мұндай дипломатиялық
қатынастардың болғандығын 1575—1584 жылдары жүргізілген патша архивінің
тізімдері айқындайтыны, "38-ші жәшікте Қасым ханның тұсындағы қазақ
кітаптары мен көшірмелері бар" (Археологиялық экспедиция жинақтаған
актілер. СПб., 1836, I t.,N 289, 339-бет) деген деректі дәлел, басқа да
көптеген көне жазба нұсқаларда сақталған нақты фактілер себепші болған
сияқты.
Шоқан Уәлихановтың әдебиет зерттеу ғылымына қосқан үлесі оның И.Н.
Березиннің "Хан жарлығына" жазған рецензиясы мен Жалайыридің "Жәмих-ат-
тауариғы" ("Жылнамалар жинағы") тарауларын алғаш орыс тіліне аударып,
ондағы шығыс терминдерінің сөздігін жасағанынан да көрінеді.
"Хан жарлығында" кездесетін тарихи-этнографиялық терминдерге, сирек
қолданылатын көне сөздерге түсініктеме берген Шоқан өз ойларын бекіте
түсуде Жалайыридің еңбектеріне сүйенген. Тоқтамыс жарлыктарындағы кейбір
сөздердің мәнін ашуда көнекез қариялардан көп жәрдем көргенін ризалықпен
айтқан. И. Н. Березинге жазған хатында: "Сіз аударған Тоқтамыстың Ягайлоға
жарлығы мен Тимур-Құтлықтың тархан жарлығын және Сеадат-Гирейдің аудармасын
оқығанда, мен күні бүгінге дейін Орта орда қазақтары қолданып келе жатқан
бірнеше сөз таптым, солардың қазіргі мәнін Сізге хабарлауды жөн көрдім", —
деген. Одан әрі Ш. Уәлиханов хандардың таралу ұрпақтарына, Едіге бастаған
батырлар тобына, Жалайыри, Фирдауси, Абылғазы, Бабыр деректеріне токталған.
Тоқтамыс жарлығының жазылу мерзіміне, қағазының сапасы мен көлеміне,
ұйғыр әрпімен көне түрік тілінде жазылғанына, оның N 1, яғни бастапқы жолы
алтын әріппен терілгеніне, ол, Қазембектің оқуынша, "менің сөзім Тоқтамыс"
("Токтамыш мое слово"), ал Березиннің оқуынша, "Тоқтамыс сөзі"
("Токтамышево слово") деген ұғым беретініне назар аударады. Банзаровтың
монғол транскрипциясы бойынша да, Қазембек пен Березиннің араб
транскрипциясы бойынша да "Тоқтамыс сөзі" деп оқудың түсініктілігін айтады.
Шоқан жарлықтың "Тоқтамыс сөзі" деген тұсынан орысша аударма береді. Онда
Асанның поляк корльдігіне елшілікке барғаны, Троки қаласында болғаны жайлы
мағлұмат бар.
Ш. Уәлиханов "Профессор И. Н. Березиннің "Хан жарлығы" кітабына
ескертпе" деген шығармасында Сеадат-Гирей жарлығында (54-бет, N 99)
ноғайлының Орал ордасындағы рубасы, ақтастық Әли биді қазақ жырларында
(сагасында) күні бүгінге дейін айтылатын Кіші орданың батыры Шораның қалай
талқандағаны суреттелген.
"Жәмих-ат-тауарихты" тарихи, әдеби құнды мүра ретінде бағалаған Ш. Ш.
Уәлиханов Қадырғали Жалайыри халқымыздың тарихын, өмірін басқа
тарихшылардан жақсы білгендіктен, өз еңбегінде оларға кең орын бергенін,
тілі өте көркем екенін қызыға жазған. Есімі аңызға айналған, түрік тілі
арқылы дүние жүзінің барлық негізгі тілдеріне аударылып, әлемді шарлаған
атақгы "Оғыз-нама ("Огуз-намэ") эпопеясының бас қаһарманы Оғызхан жайлы
мәліметтерге зор көңіл болген.
Қадырғали Жалайыридің И. Н. Березин бастырып шығарған Жәмих-ат-
тауарих" кітабының сөздері мен сойлемдері өте тартымды екенін, бұлардың
көпшілігі күні бүгінге дейін қазақтарда тамаша сақталғанын айта отырып,
Шоқан бұл еңбектің басылымында кеткен әріп қателеріне, терушілердің
түсінбестігінен жіберілген жаңсақ ұғымдарға тоқталады, түзетулер
енгізеді...
Ш. Уәлиханов зерттеулерінде "тарихи жыр" ("исторический джир")
терминін қолданған. А. Байтұрсыновтың "Әдебиет танытқыш" еңбегінде тарихи
жырдың жанрлық ерекшелігіне мынандай анықтама берілген: "Тарихи жыр деп,
тарихта болған оқиғалар, қазақтан шыққан адамдар турасында басқа жұрттардың
тарихында жазылған мағлұматтар бар, халыктың өзінің есінен кетпеген, қазақ
басынан кешірген оқиғалары толып жатыр, солар туралы өлең етіп шығарған
сөздер болса, солар тарихи жыр болады". Шоқан ХҮІП-ХІХ ғасырларда, Абылай
заманы тұсында ерекше дамыған тарихи жырларға зор мен берген. Ғалымның
"ХҮІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар" ("Истоические предания о
батырах ХҮІІІ в.") еңбегінде тарихи жырларда, аңыздарда есімдері зор
сүйіспеншілікпен айтылатын тарихи тұлғаларға, олардың қаһармандығына ғылыми
дәлдікпен, көркем барлау жасаған.
Шоқан Уәлихановтың бұл шығармасы — әдеби тілмен, зор сүйіспеншілікпен
жазылған, он төрт тармақтан тұратын ғылыми, тарихи очерк. Оның көтеретін
жүгі, берер мағлұматы қайсыбір "роман", "повесть" деп айдар тағылып жүрген
қалың кітаптардан әлдеқайда салмақты. Қорғасыннан құйылғандай шып-шымыр,
көлемі шап-шағын осы бір алтын қазыналы туынды (кейбір авторлардың оны
мақала ретінде ғана сөз арасында үзіп-жұлып мысалға келтіргенінен басқа)
әзірге өз бағасын ала қойған жоқ. Енді, мүмкіндігімізше, осы тарихи
очерктің жазылу ерекшелігіне көз жіберіп көрейік.
Тарихи жазбалардың, көне жырлардың баяндағанын білікті қарттардың
айтқандарымен үнемі салыстырып қарап, шындыққа ең жанасымдысын өз
шығармашылығында барынша іріктеп, талғап пайдаланатын ғұлама ғалым ХҮІІІ
ғасыр батырлары туралы еңбегінде де осы ізденімпаздығын толық сақтаған деп
білеміз. Абылай тұсындағы кезең қазақ жырларында ерлік заманы ретінде
жырланатынын әділдікпен бағалаған ұлы зерттеуші халықтың ар-ожданы, елдігі
тезге түскен осы бір алмағайып дәуірдің нақты көрінісін көркем тілмен
беруді көздеген. "ХҮІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздың" жазылу
мәнері осыған саяды.
Шығармада отыздан астам тарихи адамның аты аталады; бәрі де өзді-өз
ерекшеліктерімен қысқаша болса да дараланып суреттелген. Олардың екеуі
жырау (Бұқар, Тәтіқара) - ел басына күн туған қысылтаянда халықты
рухтандырушы, батырларға күш-қайрат қосушы ақылгөй кемеңгерлер; екеуі би
(Қазыбек, Ерден); қазақ ханы Абылай мен жоңғар (ойрат) ханы Галдан-Церен
(сөз орайына қарай басқа да хандардың есімі еске түсіріледі); өзгелері
кілең ел қорғаушы асқан батырлар, бұған қоса жауынгерлер, бұқара халық...
Шоқан осылардың арасынан бес-алтауын басты кейіпкер дәрежесінде
ерекшелейді; Абылай, Байғозы, Жәнібек, Баян, Жантай, Галдан шығарманың
негізгі желісіне қатысып отырады, сөйтіп, әр қырынан танылады.
Оқиға жоңғар шапқыншылығына қарсы алдын ала аттандырған 1000 адамдық
барлаушылардың кешігуіне, олардың тағдырына аландаған Абылайдың жанындағы
Бұқар жырауға тіл қатуынан басталады. Барлаушылар екі топқа бөлінген: оның
біреуін Қанжығалы қарабұжыр Жантай батыр, екіншісін Қанжығалы қарт Бегенбай
батыр бастап кеткен.
Шоқан Абылайдың ұйымдастырушылық батылдығын да, қайғыра-қуана
білетіндігін де шебер береді. Бірде Қытаймен арадағы соғыста Абылайдың қолы
сирей бастайды. Хан жауынгерлерінің қайратсыздығына налып, қатты күйзеледі,
ашу шақырады. Сонда оның бардтарының бірі Тәтіқара жырау топ жарып, қалың
қолға рух беретіндей жалынды сөздерді барынша зор шабытпен бората жөнеледі:
"Жаудан "қашу" жақсы сөз емес, Абылай жене оның қолы кейін бүғып қашқан
жоқ, тек бұрылыс кетті. Бәсентиін Сырымбет оқ жаудыра шегінді... Қашқаннан
ақыл сұрама! Асығыс түбі — өкініш!.. Уақ Баянның қарсыласын жайратқан онды-
солды қимылына осындағы бәріміз де куә болдық...", — дейді. Жыраулар
бейнесі, олардың тапқырлығы, Қаз дауысты Қазыбек сияқты билердің кемелді
парасаттылығы бұл очеркте келісімді шешім тапқан.
Батырлардың басын күрап, үйытқы болған Абылай да — ер жүрек батыр.
Оған жақсы ат лайық. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ әдебиеттануында “Манас” жырының зерттелу тарихы
Түркі халықтарының ортақ мәдениетіне назар аудару
Шоқанның Құлжаға сапары ғылыми ерлікпен барабар
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов
Шоқан және оның шығыстанулық зерттеулері
Шоқан - ағартушы
Қазақ философиясындағы дәстүр мен жаңшылдық
Ғалым еңбектерін қарастыру
Қазақ фольклортану ғылымындағы «Манас» жырының зерттелу тарихы
Шоқан Уәлихановтың қазақ этникалық тарихына байланысты еңбектері
Пәндер