XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамы


ЖОСПАР
Кiрiспе2
XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамы2
Қазақтардың экономикасы2
Сыртқы сауда10
Әлеуметтік жіктелу13
Қолданылған әдебиеттер17
Кiрiспе
XVIII-XIX ғ. ғ. аралығында қазақ халықының өмiрiнде саяси, этникалық, мәдени, экономикалық және әлеуметтiк маңызды өзгерiстер белең алды. Бұл кезеңде патшалы Ресейдiң Орта Азия мемлекеттерiн қосып және жаулап алуы, Орта Азия халықтарының шетел басқыншыларына қарсы бiрiккен күресi, Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көтерiлiстер, қазақ билеушiлерiнiң саясаты нәтижесiнде туындаған феодалдық қақтығыстар мен өзара қырқыстар барысындағы ұлттары әртүрлi туысқан халықтардың қарапайым бұқарасы арасындағы достық, туысқандық, бейбiтшiлiк қарым-қатынасқа ұмтылысы сияқты маңызды оқиғалар көрiнiс табады.
XVIII-XIX ғ. ғ. қазақ халқының Орта Азиядағы көршiлес - өзбек, қырғыз, қарақалпақ және түркмен халықтарымен саяси қарым-қатынасы күшейген кезең.
XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамы
Қазақтардың экономикасы
XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ қоғамының шаруашылық қызметін бір мағынада бағалау мүмкін емес. Экономикалық кәсіптердің сипатын қатаң бір формуламен және белгілі бір типологиялық шеңбермен байланыстыруға болмайды. Онда елеулі өзгерістер болмағанына қарамастан, дегенмен оның түрлері сан алуан болды. XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы экономиканың жай-күйін сипаттайтын материалдар соның алдындағы дәуірлердің деректерімен салғастырған кезде шаруашылықтың дамуы көп жағынан физикалық (физикалық-географиялық орта, қуаңшылық және т. б. ) факторларға да, саяси (саяси бағдардың ауысуы, көршілердің шабуыл жасауы, әр түрлі соғыстар және т. б. ) факторларға да тәуелді болғанын көрсетеді.
XVIII-XIX ғасырдың бірінші жартысында шаруашылық дамуының барысы сауда көлемінің біртіндеп өсе түсуімен және сайып келгенде рынокқа тәуелділікпен анықталды. Зерттеліп отырған уақытта қазақтардың шаруашылығында болған елеулі өзгерістер - солтүстіктегі көршінің неғұрлым дамыған экономикасы ықпалының нәтижесімен жүзеге асты.
XVIII-XIX ғасырлардағы шаруашылық дамуының негізгі сыртқы өлшемдері мынадай ерекшеліктерден көрінеді. Біріншіден, соның алдындағы дәуірлерден айырмашылығы жер қатынастары жүйесінде көшпелі қауымдар анықталуының үдемелі үрдісі жүріп жатты, қазақтардың отырықшылану үрдісі күшейеді. XVIII ғасырдың бірінші ширегінде оңтүстікте қалыптасқан шаруашылық күйзелісі («Ақтабан шұбырындыға» байланысты) содан соң Солтүстік-батыс және Солтүстік Қазақстан аумағына да таралады. Көшпелі топтардың ішінара отырықшылануы кейіннен Орта Азияда «құрама» үлгісіндегі кіші этникалық топтардың қалыптасуына және әртүрлі рулардың араласуына әкеп соқты.
Қазақтар шаруашылығының даму сарыны айырбас саудаға негізделді. XVIII ғасырдың орта шенінде қазақтардың оңтүстіктегі қысқы қыстаулардан солтүстік жаққа (Сарыарқа аумағына) ауысуына байланысты сауда Ресей шекарасына қайта бағдарланды.
Сонымен бірге аумақтық, байланыстар баяу дамиды. Аумақтық байланыстар құрылымының ең айқын белгілері: қысқы тұрақты тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстардың жаппай салынуы, жер пайдаланудың түрлі нысандарының дамуы, пішен шабу мен егіншіліктің таралуы, рыноктық орталықтармен жақындасу болып табылады. Жаңа құбылыстар экономикалық өмірде XIX ғасырдың ортасынан бастап орныға бастады. XVIII ғасырдың бүкіл бойында және XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамы материалдық өндірісінің негізі бұрынғысынша көшпелі мал шаруашылығы болып қала береді. Бұрынғы уақыттағы сияқты, мал жыл бойы өз аяғымен тебіндеп жайылды. XVIII ғасырда дәстүрлі егіншілік пен қалалардың рөлі зор болды. Экономикалық өмірде шаруашылық қызметінің түрлі салаларының үйлесімді ұштасуы қазақ қоғамы дамуының дәрежесімен анықталады. Қазақ қоғамының материалдық негізі бола отырып, шаруашылық укладтары қазақ қоғамының әр түрлі әлеуметтіксаяси құндылықтары мен институттарын белгілеп берді.
Көшпелі тұрмыс салтының өкілдері бола отырып, қазақтар сонымен бірге егіншілік және қолөнершілік кәсіптерін тоқтаткан жоқ. Қалалар мен егіншілік жазиралар, әлбетте, Қазақ хандығының экономикалық жүйесіне XVIII ғасырдың басында енді. Қала айырбас пен қолөнер орталығы болды. Деректемелерге қарағанда, XVIII ғасырдың басында қазақтардың көшпелі мал шаруашылығы егіншілікті және қалалы орталықтармен тығыз байланысты болған. Қазақ хандығын ұзақ уақыт тіршілік еткізген ең қуатты экономикалық әлеуетті қалыптастырған да, қолөнер мен керуен саудасының тұрақты дамуына жәрдемдескен де осы құбылыс болатын.
Шаруашылық қызметтің кешенді белгілері 1697 жылы Қазақ хандығында болып қайтқан Ф. Скибин мен М. Трошин елшілігінің материалдарында былай деп көрсетілген: « . . . Қазақ Ордасының бәрі Түркістанға жақын, қалаға қала көрініп тұрады, алыс қалалар тастан көрінбейді, оларға дала арқылы 3 күннен жүреді, Сырт (Сырдария. - Ред. ) өзенінен алыс қашықтықта, өзендердің бойында жақын тұрмайды, олардың қалаларында құдықтар көп, олардың барлық қалаларының саны 20. Түркістан бекінісі мен қалалар дуалмен қоршалған, дуал топырақ және дуалды бойлай шикі кірпіштен қабырғалар қаланған, үйген топырақпен қоса қабырғаның биіктігі үштен екі сажын, ені кей жерде сажын, кей жерлерде көбірек және азырақ, төбесіне қарай бір жарым және 2 аршыннан, олардың қалаларындағы дуалдар кірпішсіз, топырақ дуалдар көп, топырақ тығыз және сусымайды, қазылған орлар жоқ. Сол қалалардың бәрінде бұхарлықтар тұрады, қазақтар аз, қазақтардың бөрі көшіп жүретін жерлерде, егістік алқаптарда тұрады, олардың егістіктері аз, жылқысы мен қойы көп, сиыр аз, етпен және сүтпен азықтанады».
Қала халқына келесі сипаттаманы табын руының белгілі батыры Бөкенбай берген: «Оларда, қырғыз-қайсақтарда қалалар, атап айтқанда: Ташкент, Түркістан, Сайрамға, оларға қарайтын қалалар мен кенттер болған және оларға қырғыз-қайсақ хандары мен ақсакалдары иелік еткен. Ол қалаларда сарттар, яғни отырықшы мұжықтар тұрады, олардан алым алынады». XVIII ғасырдың басындағы сарттар мен қазақтар арасындағы өзара қатынастарды Бөкенбай батырдың: «Ал қазір оларға ешкім иелік етпейді және алым алмайды, уайым-қайғысыз тұрып жатыр» деген сөздері сипаттап береді.
Жіті қараған жағдайда қала халқының, көшпелі қазақтардың өзара қатынастарынан шынына келгенде алым-салық төлеуші үлгісіндегі тәуелсіздік те айқын аңғарылады. Қала тұрғындары бірқатар міндеткерлік ауыртпалығын көтерді, оларға салық салынды, ара-тұра хандарға және олардың жақындарына сыйлықтар апаруға, қазақ хандары жүргізген соғыстарға көмекші күш ретінде қатысуға тиіс болды.
Көшпелілерге мемлекет пайдасы үшін салық салынбай, ал «көшпелі қырғыз-қайсақтардан хандар ешқандай алым алмайтын, алынбауға тиіс» жағдайларда отырықшы халықтан алым алу Қазақ хандығында әлеуметтік қатынастардың күрделі болғанын дәлелдейді. Қазақстандағы қала тұрғындарының жағдайын анықтаған тәуелділік нысандарын талқылауды тәптіштей берудің қажеті жоқ, бірақ Қазақ хандығының шаруашылық өмірінің әсіресе сауда мен қолөнер сияқты кірісті салаларын жеке-дара дерлік билей отырып, сол салада зор рөл атқарғанын атап өтпекшіміз. Көпестердің қазақ ақсүйектерінің маңызды дипломатиялық тапсырмаларын орындауы жиі кездесетін.
Шаруашылықтың әр түрлі салалары мен оларды жүргізушілердің өзіндік топтасуы қазақ шежіресінде де расталады. Оларда қазақтардың, әсіресе сұлтандар сословиесі мен ру шонжарлары өкілдерінің Орта Азияның қалалары мен отырықшылық қолөнершілік орталықтарын басқаруға қатысуы туралы алуан түрі нақты материалдар көп. Қалалар мен жазиралар Қазақ хандығының құрамында болып, көшпелілердің экономикалық серігі рөлін атқарып қана қойған жоқ, қиыншылықты және дағдарысты жылдарда олар кедейленген көшпелілер үшін өзінше бір материалдық-экономикалық қойма ретінде қызмететті.
XVIII ғасырдың басындағы қазақ қалаларының саны 11-ден 32-ге дейін ауытқып отырады, сірө бұл есептеулер ірі қыстақтардың қаншалықты енгізілуіне байланысты болар. Қазақ хандығының жағдайы туралы жақсы хабардар жонғар елшілері Иркутскіде былай деп хабарлаған: « . . . олардың қалалары он бір, әміршісі Тәуке тұратын ол қаланы Ясу деп айтады, көлемі жағынан қала орташа, айналасындағы қалашықтармен қосканда үлкен . . . ».
«Қазақ ордасында қалаларға жақын жерге әр түрлі астық себеді, селоларға баратындар да көп, ал әр түрлі мал саны көп, олардың малында түйелер, аттар да, есектер де, әртүрлі ірі қара да бар, сондай-ақ қалалар мен селоларда бау-бақша көп, бақтарда көкөністер, алма мен жүзім, шие де, қара өрік те, жиде де, жаңғақта үлкен болып жиі өседі, сондай-ақ өзге де көптеген көкөністер бар», - деп атап өтеді өз хабарламасында жоңғар елшілері.
Деректемелерде қазақтардың егіншілікпен айналысқаны теріске шығарылмайды, дегенмен егіншілік әрине қосалқы кәсіп сипатында болды. Түркістан ғана ерекше еді. Мұнда неміс зерттеушісі Рейнхард Юнгтің анықтауы бойынша, Түркістанда оның өзі «түріктің жазиралық-аумақтық шаруашылығы» деп атаған шаруашылық үлгісі қалыптасқан, онда «суландыру құрылыстарын күтіп ұстау үшін барлық халық нақты міндеткерлік атқаруға міндетті болған және (иеленуші. -Ред. ) бұған көктем сайын өз қолымен басшылық еткен». Билік басындағылар суармалы егіншілікті ұйымдастыруға мүдделі болды.
Көшпелі қазақтар өздерінің қысқы қыстаулары жанына құнарлы жердің шағын учаскелеріне дән сеуіп, басқалармен бірге жайлауға кететін. Кейбір жағдайларда көшіп жүретін егіншілер егістікті күзету және күту үшін белгілі бір ақы төлейтін болып өздерінің кедей туыстарын қалдыратын. Қазақтардың өздеріне бағынышты қалмақтарды, қарақалпақтарды және басқаларын егіншілікпен айналысуға мәжбүр еткені де сирек кездеспейтін.
Көшпелі мал шаруашылығы таралған аудандар Қазақстан даласының орасан зор кеңістігін алып жатты. XVIII ғасырдың басында солтүстік шекарасы Ертістің оң жағасын бойлай өтті.
XVIII ғасырдың басындағы қарулы қақтығыстар мен ішкі қырқыстарға, мекендейтін және мал бағатын орын іздеп, алыс жерлерге үздіксіз көшіп-қонуға қатысты шиеленісті оқиғалардың ең басты бір себебі - аумақтық иелікке талас болды. Осы оқиғалардың бәрінен мына бір бағалы қасиет айқын көрінеді - XVIII ғасырдың басында-ақ, қазақтар Еуразияның орасан зор кеңістігінде Ресеймен, Жоңғариямен және басқа елдермен күрделі күрес жүргізіп келген. Аумақтық проблемалардың сыртында әрқашанда шаруашылық проблемалары тұрады. Көшпелі шаруашылық жағдайлары жайылымды үнемі ауыстырып отыруды қажет етеді, мұның өзі жер көлемі жеткілікті және жердің пайдаланылуы реттелген жағдайда ғана мүмкін болмақ. Көшіп жүретін аймақтың кеңдігі мал шаруашылығының ең басты шарты деп саналады. «Ертеде барлық, қазақтардың ойлайтыны мен дәлелінің түп негізі мал болды, - деп жазады Ш. Уәлиханов. - Біз өз өмірімізді мал шаруашылығының талаптарына бейімдеп құрып келдік. Біздің бабаларымызда тұрақты қыстау, дәл сол сияқты жазғы жайылым үшін бөлінген жер де болған жоқ. Бір жерде шөп шықпай қалған кезде, біздің әкелеріміз ешқандай қашықтықтан тайынбай, басқа, неғұрлым қолайлы жерлерге кетіп қалатын.
Кіші Орданың қазақтары жазда Орынбор маңында және Мұғалжар тауларында көшіп жүрді, ал қысты Сырда және Борсық, құмдары мен Қарақұмда өткізді, Орта Орданың қазақтары бір жазда Семей түбінен Троицкіге қарай барып, кері қайтып отырған. Осындай тұрмыс салты жағдайында қатты қыстың қазіргі сияқты қатерлі сипатта болмағаны түсінікті».
Ш. Уәлиханов қазақтар XIX ғасырдың орта шенімен салыстырғанда XVIII ғасырда әлдеқайда бай болған деп санады: «Сібір қазақтары сыртқы приказдар құрылғанға дейін байырақ болған, бұл титтей де күмән келтірмейтін факт: өткен ғасырдың аяғы мен осы ғасырдың басында Орынбор және Сібір шептеріне айдап әкелінген малдың саны мен 20-30 жылдардағы ресми есептеулерге көз салудың өзі жеткілікті. Осы соңғы дәуірде 10 мың үйір жылқысы болған қазақтар аз болмаған».
1803 жылы Орынбор губернаторы XIX ғасырдың басындағы қазақтардың мал шаруашылығының жай-күйін соның алдындағы көрсеткіштермен салыстыра келіп, «бүкіл дала өңірінде мал шаруашылығының көрінеу кемушілігі бар» деп жазды.
XVIII ғасырдың басында мал қысы-жазы өз аяғымен жайылатын. Жайылым ауыстыра отырып, қазақ қауымдары кең байтақ даламен қыста Орталық Азияның ең оңтүстігіне, ал жазда Қазақстан далаларына қоныс аударып жүрді.
XVIII ғасырдың басында Кіші жүз руының малды ауылдары қыс кезінде Сырдария мен Әмударияның төменгі ағыстарын қоныстанды. XVIII ғасыр қазақтарының жадында Хорезмнің солтүстік жағы мен Бұхараның шығыс аудандары өздерінің тарихи жері деген сенім мықтап сақталған.
Орта жүз ауылдары Түркістан, Шығыс Бұхара және Самарқан аумағымен, сондай-ақ Талас өзені алқабымен көбірек байланысты болды. Қазақтардың халықтық зердесінде Бұхараның нақ оңтүстік-шығыс шет аймақтарында қазақтар бастан кешірген көптеген оқиғалардың жаңғырығы сақталған. Бұл жер Жиделі байсын деп аталады. Фольклорлық материалдар бойынша ол арманға айналған жер, Жиделі байсынның оңтүстік шекарасы Ауғанстанмен шектесіп жатыр.
Ұлы жүздің ауылдары Ташкент төңірегіне ұмтылды. Ірі ауылдардың кейбіреуі жақсы жайылым іздеп, одан да оңтүстік жаққа, Ходжент пен шығыс Бұхара шегіне дейін барды.
Қазақ ауылдарының негізгі бұқарасы қыста қыстауға Сырдария, Талас, Шу өзендері мен басқа да (Ангрен, Шыршык) өзендерді бойлай орналасты. Мұнда қар аз түсетін, бұл малдың қыста тебіндеуін жеңілдетті. Жағалауда калың өсетін қамыс малға әрі азық, әрі пана болды. Ол отын ретінде де пайдаланылды.
Кіші жүз бен Орта жүздің жазғы жайылымдары Қазақстанның Сарыарқа деген атпен мәлім Солтүстік, Батыс және Орталық бөліктерін қамтыды. Оның шекаралары қазақтардың шежіресінде былайша белгіленген: «Арқа ұзынынан Алтайдан басталып, батыста Орал тауына дейін, енінен Қара Ертіс басынан Алтай етегімен солтүстікке тура Обь өзені басына дейін созылып, онан батысқа тартылып, «Кушкөл», яғни Чани көл мен Төгерек көлін басып «Обь» өзені құйылысынан өтіп, Чилба бекінісі (Челябі) алдында Оралға жетеді».
Ұлы жүз тайпаларының жазғы қоныстары Алатау сілемдері мен Жетісу алқабында болды.
XVIII ғасыр материалдарымен таза көшпелі мал шаруашылығы таралған өңірдің айқын шекараларын белгілеу өте қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады. Тұтас алғанда Қазақстанның аумағы географиялық жағынан шөл, шөлейт, орманды дала және даланың ұштасуы болып табылады. Көшпелі мал шаруашылығына халықтың жыл бойы көшіп жүруі тән болды. Сонымен бірге көшіп-қону үрдісі өндіріс жүйесін құрайды, онда әрбір маусымдағы көшу сол үрдістің сатысы болып табылады. Қысқы цикл неғұрлым ұзақ, оңтүстіктегі жазиралармен және қалалармен байланысты, бейнебір толық шеңберді тұйықтайтын тәрізді. Бұл кезеңде көшпелілер саудамен, малдан алынған шикізатты сатумен айналысады, көшпелі қауымның тіршілігі үшін қажетті нәрселердің бәрін сатып алады, яғни базармен, демек хандықтың қаласымен және қолөнерші саудагер халқымен байланыс жасайды.
Бұдан бұрын айтылғандай, жақсы жылдарда көшпелілер ондаған мың мал - жылқы, қой және т. б. иеленген. Қазақтардың қожалықтарында жылқының өте зор маңызы болды, жылқы өмірде және әсіресе әскери істерде ерекше маңыздылығы себепті олар үшін ежелден мейлінше құнды еді. Климаты қолайлы және жайылымы бай болғанына қарамастан, оңтүстік қазақ малшылары мыңғырған малын сыйдыра алмады. Олардың иелері өз жылқысын тоғайларда жаю үшін Оңтүстік Сібірдің ормандары мен орманды алаптарына, Ертіс өзенінің арғы жағына (Ертістің оң жағасына әрі Құлынды және Барабин далаларына) амалсыздан айдап апаратын.
П. Рычковтың қыстыгүні қазақтардың жылқыны алысқа айдап апаратыны сонша, «олардың үйлері атпен бір апталық жерде, тіпті одан да көп қашықта болады. Бұл ұсақ мал мен түйеге . . . жақын жерде азық қалуы үшін істеледі» деп көрсетуі сенуге әбден лайық. Жүздеген мың жылқымен бірге халықтың ұрысқа ең жарамды азаматтары көшетін. Жастар үшін бұл ең беделді және жауапты іс, ерлік мектебі болды. Қысқы жайылымдарда қазақтар наурыздың ортасына дейін отыратын. Шөп көктеп шығысымен бөрі жазғы жайылымдарға, Сарыарқаның кең даласына көшіп баратын.
Қазақ қоғамы тіршілігінің тұрақты негіздерін 1723-1730 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен халық жадында қалған оқиғалар бұзды. Ол оқиғалар қазақ қоғамының барлық ішкі және сыртқы қиындықтарының көрінісіне айналып, дәстүрлі шаруашылық жүйесінің экономикалық апатына әкеп соқты. Қазақтар шаруашылығының құлдырауымен қоса, халық ауа көшіп, қалалар, егіншілік алаптар, қолөнер өндірісі, Қазақстанның оңтүстігіндегі бүкіл қазақ халқы жаппай қайыршыланып, ашаршылыққа ұшырады. Жоңғарияның соғыста түсірген олжасына айналып, мүлкі мен малынан айырылған қазақтардың едәуір топтары Мауараннахр өңіріне барды. Бірақ онда да өздерінің қауіпсіз тіршілігін қамтамасыз ете алмады, пана таппады. Шығыс деректемелерінде Мауараннахр қалаларының шаруашылығы жағынан аса қатты құлдырап кеткені айтылады. XVIII ғасырдың 20-жылдарында Самарқан тұрғындары 7 жыл бойы мүлде безіп кеткен, ал Хиуа хандығында шамамен сол жылдарда барлық қыстақтар мен егістіктер қараусыз тасталып, Хиуаның өзінде 40-тан аспайтын отбасы қалған. Оның үстіне бір кездегі аса бай осы облыс тағы бір қасіретке - шегірткенің үлкен зиян келтіруіне ұшырады. Мұндай жағдайда қазақтар: «Жұт жеті ағайынды», - дейді.
Тек XVIII ғасырдың 40 жылдарынан бастап қана қазақтар экономикасындағы алғашқы оңға басушылық байқалады. Олар мал санының көбеюінен, қазақтардың айырбас саудаға тұрақты қатысуынан көрінеді. А. И. Левшин қазақтардың Орынбор айырбас сарайында айырбастайтын малы едәуір өскенін көрсететін цифрлар келтіреді.
1760 жылдардағы екінші академиялық экспедицияның қатысушылары қазақтардың шаруашылығы туралы қызықты деректер хабарлайды. Мәселен, П. С. Паллас мынадай қорытынды жасайды: «Қазақтардың байлығы шынына келгенде мал шаруашылығынан тұрады, ал оларда жылқы мен қой айрықша көп. Оларда түйе әлдекайда аз, ал сиыр одан да аз, себебі, оларды дағдылы жем-шөпсіз далада жақсы ұстау мүмкін емес».
П. И. Рычков анық деректемелерді негізге ала отырып, былай деп жазады: қазақтар арасында «малға бай адамдардың болғаны сонша, бір отбасында 20 мыңға дейін жылқы және сондайлық мөлшерде қой бар. Осы мыңғырған мал олардың еңбек етіп, бағып-күтуін көп керек етпейді, өйткені жазды күні ғана емес, қыста да қар басып жатқанымен, далада жүріп, шөп жеп өздігімен қоректенеді». Рычковтың деректерін қуаттай келіп, Георги де қазақтардың «сиыр малын жақыннан бері ғана өсіре бастағаны» туралы жазады.
Жалпы мал саны құрамында сиыр, бір жағынан, солтүстік қазақтарының башқұрттармен және қалмақтармен тұрақты қарым-қатынас жасауының салдарынан көбейді, екінші жағынан, оны Ресей рыногының қажеттері туғызды.
XVIII ғасырда шөп шабуға және тау бөктерлерінде егіншілікпен айналысуға алғашқы әрекеттер жасала бастады, бұл көшпелілер үшін, сөз жоқ, жаңа іс болатын. Бастапқыда қазақ хандары мен сұлтандарының қожалықтары «арық мал» үшін қысқа арнап пішен қорын дайындап алуға тырысты. Бұл бастамаларды көзімен көргендер шөп шабуды қазақтар арасынан алынған «жалдама жұмыскерлер» жүргізгенін жазады, олар қазақтардың шалғы ұстауды білмейтінін де атап өткен.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz