Кеден туралы мәліметтер


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   

КЕДЕН, таможня (түркі тілінде тамға - таңба, белгі сөзінен шыққан) - тауардың және көлік құралдарының, мүлік пен басқа да заттардың кеден шекарасы арқылы өтуі тәртібін қамтамасыз ететін, кеден режимдерін қолданатын, кеден төлемдерін өндіріп алатын, кеден бақылауын жүргізіп, кеден рәсімдемесін жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Әдетте, тауарлар мен мүліктер алып өтілетін, сондай-ақ, адамдар шет елге баратын және шет елден келетін сапарларында өтетін шекаралық бекеттерде, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, теңіз, өзен кемежайларында құрылып, орналасады.

К. қызметінің нышандары саудамен бірге пайда болды. Сыртқы сауда байланыстары туралы мәліметтер Ежелгі Мысырда б. з. б. 3-мыңжылдық ескерткіштерінде кездеседі. Керуен сақшыларын ұстауға жұмсалатын шығынды болашақтағы кеден алымдарының арғы тегі іспетті ерекше алымдар ауыстырды. Белгілі бір иеліктердің қожайындары керуендердің тоналудан қорғалуына кепілдік беріп, тиісінше ақы алды. Қазына үшін ақша табудың мұндай тәсілдерін мемлекет пайда болған кезде бірте-бірте қалалар да қабылдады. Қалалардың өсуіне байланысты әкімш. пен полицияға қажеттілік туды. Оларды ұстау үшін түрлі салықтар мен алымдар, солардың ішінде саудадан, тауарларды алып өтуден, сондай-ақ, сауда жасау кезінде аялдаған болса, қоймаларды пайдаланғаны үшін алымдар белгіленді. Кейін қоймалар теңіз кемежайларында да осындай мақсатпен салына бастады, оларда кірелік және әкелім баждары алынды. Мыс., Ежелгі Грекияда б. з. б. 6 ғ-да кіре тауарларына салынған кірелік баждар олардың құнының 1/10 бөлігін құрады, ал одақтастар үшін - 1/100 бөлігін, Грекияға тәуелсіз қалалардан 1/20 бөлігін құрады.

Мысырда б. з. б. 4 ғ-да үкімет Александрияға азық-түлік әкелуді және өз ісмерлерінің бұйымдарын әкетуді қатаң тәртіпке келтірді. Кіре тауарлардан ел аумағындағы түрлі бекеттерде алым жиналды. Карфагенде б. з. б. 3 ғ-да кеден баждарының маңызды болғаны соншалық, қолбасшы әрі әмір Ганнибал өзінің Рим империясымен жүргізген соғысына жұмсалған барлық шығынды осы баждармен жауып отырды. Ал Римнің өзінде кіре тауарларға салынатын бажды одан да ерте енгізген болатын, баж алымы мұнда қазынаны толтыратын басты бастау-көзге айналған-ды. Кеден ережелері мұнда ішкі мемл. құқықтың ғана емес, сонымен бірге халықар. құқықтың да тақырыбы болды. Сол замандардағы басқа мемлекеттерде де баждар алым-салық ретінде пайда болып, кейіннен қазына үшін ақша табудың қолайлы амалына айналды, түрлі елдердің сыртқы экон. қызметінің маңызды бөлігін құрады.

Орта ғасырлар кезеңінде К. ісінің даму барысы күрделі де қайшылықты болды. Орта ғасырлардың басында баждардың ынсаптылық табуы нақ сол Рим империясында Қытай жібегінің пайда болуына мүмкіндік берді. Осындай ынсапты алымдардың көмегімен 3 - 4 ғ-ларда Армения да саудаға қамқорлық жасады. Ал герман халықтарында шіркеу иелері ғибадат мерекелері кезінде сауда жасағанда өлшеуіш аспаптарды пайдаланғаны үшін ақы алуға бұдан әлдеқайда ерте бейімделген болатын. Кейінірек Еуропадағы ірі жер иелері дін қызметшілерін осы міндеттен босатып, тауарларға салынатын баж алымын жинау үшін өз бишікештерін тағайындай бастады.

Баж жинаушылар Еуропа мемлекеттерінде жоғары мәртебеге ие болды. Мыс., француздарда 499 ж. олар король бишікештеріне теңестіріліп, епископтармен және графтармен бірдей дәрежеде болды, ал Ұлы Карл тұсында графқа бағындырылды, ол сонымен бірге корольдің аға К. бишікеші деп саналды. Кейін 1249 ж. Фрайбург қ-нда К. бишікештерін қызметке тағайындау және ол өз міндеттерін адал атқармаса, қызметтен босату құқығы азаматтардың өздеріне берілді.

19 ғ-да Рейнде 64 кеден бекеті, Эльбада - 35, Дунайда, Төменгі Австрияда - 77 кеден бекеті болды. Тіпті өзеннен кешіп өтуге болатын жерлерде де сол жердің иелері көпір салып, олардан көлікпен және жаяу өткені үшін ақы алды.

Сонымен қатар орта ғасырлардағы қалалардың өкімет орындары шет жұрттық тауарлардың басы артық ағылып келуінен кеден шаралары арқылы қорғануға тырысты. Парижде 12 ғ-да қалаға әкелінген барлық шетелдік тауарларға ғана емес, сонымен бірге Францияның басқа қалаларынан жеткізілген көптеген тауарларға да баж салынды. Ал мемлекеттер мен князьдіктер арасындағы экон. байланыстардың ұлғаюына байланысты 12 - 13 ғ-ларда К. саясатында Еуропа мемлекеттерінің сыртқы шекараларында ортақ жүйе жасауға ұмтылушылық күшейді. Бірігу мен орталықтандыру үрдісі осыған жол ашуға тиіс болды. Алайда, 1707 ж. Англия мен Шотландия арасындағы кеден мүлдем жойылды, 1823 ж. бекеттер де жойылды. Ал Францияда кеден бірлігі тек 1790 ж. ғана басталды. Австрия өзінің К. саясатын тек 1775 - 1851 ж. ғана тұжырымдады, ал Германияда К-нің бірігуі 1888 жылға дейін созылды.

19 ғ-да Англия сауда еркіндігін бірінші болып жариялады, жергілікті буржуазия тауар әкетуге қандай да болсын сыйлық пен бажды жоюды, тауарлардың шекарада екі жаққа да еркін алып өтілуін жақтап бой көтерді. Сонан соң Франция қолдампаздық К. тарифтерін қабылдап, еркін сауда бағытын ұстады. Ал Германияда Пруссия бастаған 18 мемлекет К. одағын құрып, ішкі К. қалқаларын жойды. Еуропаның басқа елдері де осылай етті. Сөйтіп, 19 ғ-дың 60 - 70-жылдары еркін сауда принципі салтанат құрды, мұның өзі К. тыйымдары мен шектеулерінің қамқорлығынан біржолата шыққан ірі монополиялардың үстемдік құруына әкелді.

АҚШ-та К. -тариф саясаты бүгінгі күнге дейін Америка рыногін қолдампаздықпен қорғаудың іргетасы болып отыр және ол кей реттерде К. мөлшерлемелерінің жоғары деңгейінен гөрі импорт жолына қойылған тым елеулі кедергіге айналды. 20 ғ-дың 30-жылдары мұның өзі көптеген елдерде күрт дипломатиялық наразылықтар туғызды және АҚШ-тың сауда серіктестері жауап шаралар қолдана бастады. Мыс., Англия өз тарифтерін алғашқылардың бірі болып көтерді, сонан соң өз отарларын К. қорғанымен бөгеді. Экономикалық дағдарыс қызған шақта (1929 - 33) АҚШ өзінің К. саясатын қайта қарауға, сауда серіктестеріне Америка өнеркәсібіне зиян келтірмейтіндей кеңшіліктер жасауға мәжбүр болды. Қысқасы экспорттық экспансия одан әрі жалғасып, импорт шектеле берді. 1957 ж. Еуропа экон. одағы құрылуына байланысты жағдай айтарлықтай өзгерді. “Ортақ рынок” елдері америкалық бәсекелестеріне К. -тариф саясаты мәселелері бойынша да бір майдан болып қарсы шықты. Сөйтіп, олар өз серіктестерінің рыноктарына өнімді бажсыз әкелу құқығын алды.

Ресейдің сыртқы саудасының дамуында 1724 ж. Петр І қабылдаған қолдампаздық К. айыппұлы зор рөл атқарды. Ресей өнеркәсібінің мүдделері үшін мұнда өндіру игерілмеген немесе игеру жаңа ғана жолға қойылған тауарларға жоғары баж салынды. Петр І-нің мирасқорлары Ресей тауарларының әкетілімін көтермелеу саясатын жалғастыруға тырысты. Ал шет ел тауарларының әкеліміне қойылған қатаң шектеулер көп ұзамай ресейлік өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік берді. Дамыған Еуропа елдері арасындағы қатынастарда еркін саудадан агрессиялық қолдампаздыққа көшуі 19 ғ-дың аяғында Ресейдің өз көршілерімен К. қатынастарына да әсерін тигізді. Мыс., 1893 ж. Германия үкіметін тез арада сауда шартын жасасуға итермелеу мақсатымен Ресей үкіметі қосарлы К. тарифі туралы заң шығарды, бұл заң бойынша Ресей тауарларының әкелімі мен транзитіне жеңілдіктер бермейтін елдердің тауарларына басқа елдер үшін белгіленген жай мөлшерлемелерден гөрі 15 - 30% жоғары баж салынды. Германия дереу Ресей тауарларына салынатын бажды 5%-ға дейін көтерді. Бұған жауап ретінде Ресей Германия тауарларына салынатын бажды 100%-ға өсірді. Осындай жарты жылдық К. соғысының нәтижесінде, қалай дегенмен, екі жақты сауда шартына қол қойылды.

Қазан төңкерісі кезінде Ресейдің К. жүйесі күйреді. Алайда, 1918 ж. Қаржы халкоматында Кеден алымдары департаменті жұмысын қайта бастады. Ол сәл кейін Кеден бақылауы бас басқармасы деп аталып, Сауда және өнеркәсіп халкоматына бағындырылды. Бұл халкомат 1920 ж. Сыртқы сауда халық комиссариаты болып қайта құрылды. К. ісін басқарудың барлық міндеттері осы халкоматтың қарамағына көшті. 1924 ж. КСРО ОАК-нің Төралқасы КСРО-ның К. Жарғысын бекітті. Одақтас республикаларда Бас кеден басқармасының бөлімшелері құрылды.

Қазақстанда екі К. округі - Жетісу К. округі (Алматы және Талдықорған облыстарының аумағында) мен Зайсан К. округі (Семей мен Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында) пайда болды. Басқа аймақтарда осыған ұқсас құрылымдар мен К. бекеттері құрылды, олар шекара арқылы әкелінетін және әкетілетін жүктерді бақылап, рәсімдеді. 1964 ж. жаңа Кеден кодексі бекітілді. Онда КСРО аумағында К. ісін басқару Сыртқы сауда мин-не жүктелді. Бірақ бұл жүйені реформалаудың ең түбегейлі кезеңі 1986 ж. басталды, осы жылы Бас кеден басқармасы КСРО Мин. Кеңесі жанындағы Мемлекеттік кеден бақылауы бас басқармасы болып қайта құрылып, оған дербес мемл. орган мәртебесі берілді. Алайда, өзгеріс шамалы болды, өйткені бұл жүйені қайта құру үшін заңнамалық база жоқ еді, К. жүйесін ішкі және сыртқы саудада нарықтық қатынастарға көшудің пісіп-жетілуі жағдайында халықар. өлшемдер бойынша қажетті стандарттарға дейін одан әрі дамытуға ділгерлік туды.

1991 ж. егемендікке қол жеткеннен кейін экон. өзгерістердің өзіндік үлгілерін іске асыру және нарыққа көшу бағытын ұстаған Қазақстан Республикасының К. саясаты ішкі және сыртқы саясаттың құрамдас бөлігіне айналды. Тәуелсіз елде жүргізілген сыртқы экон. қызметті ырықтандыру нәтижесінде алуан түрлі мыңдаған кәсіпорындарға, сондай-ақ, жеке тұлғаларға өз өнімімен сыртқы рынокқа тікелей шығу құқығы берілді, мұның өзі тауарлар мен көлік құралдарын кеден шекарасы арқылы алып өту саласындағы мемл. реттеудің рөлін күрт көтерді. К. саясаты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Кеден заңнамасының негіздері туралы келісімі негізінде 1995 ж. 20 шілдеде қабылданған “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” Заңына сәйкес жүзеге асырылды. Енді бұрынғыдай толып жатқан нұсқаулар мен басқа да одақтық ережелерді емес, бірыңғай заңнамалық құжатты басшылыққа алу мүмкіндігі туды. Түрлі К. қызметтерінің жұмысын ұйымдастыруға, кеден қоймалары мен уақытша сақтау қоймаларының, бажсыз сауда дүкендері тораптарының, К. жүк тасушыларының, экспорттық ақша түсімін валюталық бақылаудың жұмысына түзетулер енгізілді. Қазақстан Республикасының К. аумағы, К. шекарасы деген ұғымдар тұңғыш рет белгіленді, тауарларды, көлік құралдарын әкелу мен әкету тәртібі дәл айқындалды. К. мемл. бюджетті толтырудың, отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғаудың кепіліне айналды. Сондай-ақ, кедендік реттеу саласында жасаған Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы туралы 1995 ж. 20 қаңтардағы келісімінің маңызы зор болды, бұл келісімге кейінірек Қырғызстан мен Тәжікстан да қосылды. Кеден ісіне қатысты негізгі ережелердің бәрі Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде бірдей етілді. Бұл елдерде К. заңнамасын бір ізге түсіру жұмысы одан әрі жалғасуда.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында К. құзыретіне шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы мәліметтер жинап, өңдеу, кеден қылмыстарының жасалу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғау, анықтау және шұғыл іздестіру қызметін жүзеге асыру, санитарлық және карантиндік ережелердің орындалуын бақылау міндеттері де жатады. Ол шекара арқылы тасылатын тауарларды тексермелейді; К. бақылауын жүзеге асырады; белгіленген К. баждары мен алымдарын есептейді және оларды өндіріп алады; жүктердің өткізілуіне берілетін рұқсатнаманы рәсімдейді, егер олар белгіленген талаптарға сай болмаса немесе әкелуге және әкетуге тыйым салынған болса, ұстап қалады; контрабандаға, К. ережелерінің бұзылуына қарсы күреседі, қажет болған жағдайда елден мәдени және тарихи құндылықтардың әкетілмеуін бақылайды; заңды немесе жеке тұлғалардың шекара арқылы жүктерді алып өтуіне байланысты басқа да алуан түрлі міндеттерді орындайды.

Қазақстан Республикасының К. аумағы оның құрлықтағы аумағын, аумақтық және ішкі суды, сондай-ақ, оның аспанындағы әуе кеңістігін қамтиды. Ал К. шекарасы - республика аумағының шектері, еркін К. аймақтары мен еркін қоймалар. Заңнамаға сәйкес шекарада құжаттарды тиісінше рәсімдейтін К. бақылауы К. органдарына жүктелген. К. органдары тауарлар мен көлік құралдарының шекарадан кесіп өтуі кезінде өткізілетін тауарлар туралы негізделген шешімдерді қабылдау үшін барлық қажетті ақпаратты бір жерде жинауға, олар туралы құжатта бар мәліметтерді нақты деректермен салыстыруға, деректердің осы екі түрі арасындағы кездейсоқ немесе әдейі жасалған сәйкессіздікті табуға, қателіктерді түзетуге және мемлекетке келтірілетін ықтимал зиянды болдырмауға, заң мен К. ережелерінің бұзылуының себептері мен жағдайларын анықтап жоюға, оларға қатысты адамдарды анықтау шараларын қолдануға, бұл бұрмалаушылықтардың заңи бағасын беруге тиіс. Халықар. қатынастар үшін ашылған әуежайлар мен кемежайларда, темір жол ст-ларында кеден шекарасы арқылы өткізілетін немесе автомобиль қатынасы бар жерлердегі өтуге рұқсат етілетін бекеттерде мемл. шекара арқылы өткізілетін тауарларды уақытша сақтайтын қоймалардың болуы міндетті. 2000 ж. 1 қаңтарда 94 осындай уақытша сақтау қоймасы және 22 кеден қоймасы құрылып, жұмыс істеді.

1992 жылға дейін Қазақстанның тек ҚХР-мен екі арадағы шекарасына ғана күзет қойылған-ды, онда тек “Хоргос”, “Бақты” және “Достық” өткізу бекеттері ғана жұмыістеді. Қазіргі кезде республиканың К. органдары халықар. мәндегі 14, республикалық мәндегі 73 автомобиль жолын, 17 т. ж. магистралін, 13 кемежайды бақылайды, оларда жұмыс істейтін өткізу бекеттерінің саны: 121 автомобиль, 28 т. ж., 12 әуежолы бекеті және Ақтау теңіз кемежайы.

Қазір Қазақстанның шектес мемлекеттермен арадағы К. шекарасының ұз. 14 мың км, соның ішінде: Ресей Федерациясымен - 6497 км, Өзбекстанмен - 2300 км, Түрікменстанмен - 380 км, Қырғызстанмен - 980 км, Қытаймен 1460 км, Каспий т. бойынша - 600 км. Мұндай жағдайда көршілес мемлекеттермен сауда-экон. қатынастарды дамыту үшін өткізу бекеттерін құрып, оларға тиісінше халықар. және екі жақтылық мәртебе беру қажеттігі туды. Осы мақсатпен Қазақстан Республикасының Үкіметі осындай бекеттерді салып, бекітуге, сондай-ақ, оларды тех. жағынан жарақтандыруға бағытталған бірқатар қаулылар қабылдады. Мыс., ҚХР-мен шекарадағы “Бақты” бекетіне 1992 ж. халықар. мәртебе берілді. 1998 - 99 ж. бүкіл К. шекарасы бойында 105 бақылау-өткізу бекеті іске қосылды. Шекара маңындағы 4 К. бекеті халықар. стандарттарға жеткізілді, олар: “Жібек жолы” (Өзбекстанмен шекара), “Каерак” (Ресеймен шекара), “Бақты” (ҚХР-мен шекара), “Қордай” (Қырғызстанмен шекара) . Бұл бекеттерде кеден ресімдемесінің оңайлатылған тәртібі енгізілді.

Халықар. өткел бекеттер мен К. күзеттерін дамыту және оларды барлық керек-жарақтармен қамтамасыз ету республика экономикасының дүниежүз. шаруашылыққа тиімді бірігуіне, ел көлігінің мүмкіндігін дамытуға, мемлекеттің кірісін молайтуға, кеден бақылауының тиімділігі мен сапасын жақсартуға, құжаттардың ресімделуін жеделдетуге, сервистік қызмет көрсетуге, сондай-ақ, тасымалдаушылардың арнаулы қажеттерін қанағаттандыруға септігін тигізеді.

Қазақстанның К. қызметі халықар. К. ұйымдарымен өзінің байланысын жылдан-жылға ұлғайтуда. 1992 ж. маусымда Қазақстан Кедендік ынтымақтастық кеңесіне (Дүниежүз. кеден ұйымы) кірді. Мұның өзі импорт-экспорт операцияларын халықар. стандарттарға сәйкес ресімдеу тәртібін әзірлеуге мүмкіндік береді. Қытай, Әзербайжан, Моңғолия және Өзбекстанның К. органдарымен ынтмақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды, Еуропалық одаққа мүше 15 елдің кеден қызметін біріктіретін Еурокеденмен тығыз ынтымақтастық орнатылды.

Кеден одағына кірген елдердің (Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан) мемлекет басшыларының 2000 ж. қазанда өткен кеңесінде осы одақтың негізінде жаңа халықар. ұйымның - Еуразия экономикалық қоғамдастығының құрылуы К. ісін дамытуға жаңа серпін берді. Бұл қоғамдастық “бестік” шеңберінде бірыңғай экон. кеңістік құру, экон. саясатты үйлестіруде, соның ішінде микроэкономикада, валюта-қаржы және әлеум. салаларда ынтымақтастық түрлерін айтарлықтай кеңейту мақсатын көздейді. Осы кеңесте келісілген сауда-тарифтік және әлеум. -экон. саясат мәселелері бойынша құжаттар да талқыланды, Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің экономикасындағы құрылымдық жаңғыртуларды үйлестіру жөнінде 2005 жылға дейін тындырылатын нақты істер межеленді, сондай-ақ, салық заңнамаларын жуықтату жөніндегі практикалық іс-қимылдардың жобасы да бекітілді. Бұл қадамдар Кеден одағына бірігудің жаңа сапалы деңгейге көтерілуі үшін жақсы негіз болмақ.

А. Шалтықов

КЕДЕН АУМАҒЫ - мемлекеттің құрлық аумағы, ішкі сулары, олардың үстіндегі әуе кеңістігі, сондай-ақ, жасанды аралдары, осы мемлекеттің айрықша заңи хұкімі белгіленген қондырғылар мен ғимараттар. Ел аумағында, әдетте, К. а-нан тысқары деп саналатын еркін кеден аймақтары мен кеден қоймалары болуы мүмкін.

КЕДЕН БАЖЫ - елдің кеден органдары өзінің кеден аумағына тауар әкелінген немесе осы аумақтан тауар әкетілген кезде өндіріп алатын міндетті жарна. К. б-ның мөлшері К. б. салынатын тауарлардың тізімінен тұратын кеден тарифімен анықталады. Қазақстан Республикасында К. б-ның бірыңғай мөлшері белгіленген, ол кеден шекарасы арқылы өтетін адамдарға және мәміле түрлеріне байланысты өзгертуге жатпайды. Қазақстанда К. б. мөлшерлемесінің адвалорлық, айрықша және құрамдастырылған түрлері қолданылады. Елдің экон. мүдделерін қорғау мақсатында әкелінетін тауарларға К. б-ның ерекше түрлері: арнаулы, демпингіге қарсы және құрамдастырылған түрлері уақытша қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге маусымдық баждар да қолданылады.

КЕДЕНДІК ҚҰҚЫҚ - кеден органдарының мемлекеттік шекараны экон. тұрғыдан қорғау, мемлекеттің сыртқы сауда және кеден саясатын жүзеге асыру жөніндегі қызметін тәртіптейтін құқықтық нормалардың жиынтығы. Мемлекет шет ел тауарларының әкелімі мен өз тауарларының әкетілімін олардың мемл. шекарадан өткізілуі кезінде кеден бажын салу жолымен реттеп отырады. Бұларды бақылау кеден органдарына жүктелген, олар өз қызметін де ұлттық құқықта мазмұндалған К. қ. нормаларын басшылыққа алады.

КЕДЕН ЖЕҢІЛДІКТЕРІ - кеден төлемдерінен босату. Мұндай босатуға белгіленген орыннан басқа жерде немесе кеден органдарының жұмыс уақытынан тыс мерзімде сақталғаны, ресімделгені үшін төленетін төлемдер жатпайды. Қазақстанда К. ж. атап айтқанда мыналарға: 1) шет мемлекеттердің ресми пайдалануға арналған тауарларды елге әкелетін немесе елден әкететін дипломатиялық және консулдық өкілдеріне; аталмыш өкілдіктердің басшылары мен дипломатиялық қызметкерлеріне, олардың бірге тұратын отбасы мүшелеріне, шет елдердің дипломатиялық және консулдық шабармандарына, парламент және үкімет делегацияларына және өздерінің жеке басының пайдалануына арналған тауарларды елге әкелуші және елден әкетуші шетелдіктердің кейбір санаттарына беріледі. Бұл адамдардың жеке басылық жолжүктері кеден заңнамасында көзделген жағдайлардан басқа реттерде кеден тексеруінен босатылады; 2) дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің бастапқы кезде үй жабдығына қажетті тауарлар әкелетін әкімгерлік-тех. қызметкерлеріне және олардың бірге тұратын отбасы мүшелеріне (бұл қызметкерлер елде тұрақты тұрмайтын болса) беріледі. Шет мемлекеттермен арнаулы келісім негізінде оларға дипломатиялық қызметкерлер мен адамдардың осындай санаттарына берілетін К. ж. қолданылуы мүмкін.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кедендік терминалда жүктердің есебін жүргізудің ақпараттық жүйесін тұрғызу
Кедендік операцияларды жүргізудің ақпараттық жүйесін тұрғызу
Кедендік Жүк декларациясы кедендік ресімдеуде қолданылатын негізгі құжат
Кеден бақылауы қүжаттар мен мәліметтерді тексеру
Кедендік бақылау
Кеден ісі саласындағы құқықбұзушылықтың теориялық негіздері
Кеден ісі саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықты қарастыру мәселелері
Кедентранссервис уақытша сақтау қоймасында кедендік бақылаумен кедендік ресімдеуді ұйымдастырудың теориялық және құқықтық негіздері
Қазақстан Республикасының кеден саясаты
Кедендік жүк декларациясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz