Үш жүзге ортақ хан


Үш жүзге ортақ хан
Ұлы далада бұрынғының батырлары жайлы талай аңыздар мен қиссалар жырланып келген. Халық олардың есімдерін есте сақтап, ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Солардың ішінде даңқты жеңістерімен, жауынгерлік жорықтарымен тарихта өшпес із қалдырған Абылай ханды барша халық ерекше қастерлеп, қадір тұтады. Ол - көзінің тірісінде-ақ әулие атанған санаулы адамдардың бірі. Абылай хан билік жүргізген кезең - қазақ тарихындағы алтын ғасыр.
Абылай ханның билік басына келуі қиын-қыстау заманға тап келеді. Бұл патшалық Ресейдің саяси қысымы күн санап арта түскен кезі еді. Цин-Манчжурия империясы да көрші аймақтарға көз алартып, арам пиғыл танытып отырған шақ болатын. Сонымен бірге шекаралас жатқан ұсақ тайпалармен және ұлыстармен үзіліссіз жүріп жатқан соғыс та Қазақ мемлекетінің тұтастығын едәуір әлсіретті. Өзара ішкі кикілжеңдер ірі ұрыс-таластарға ұласып, ел ішіндегі жағдайды асқындыра түсті.
Осындай қиыншылықтарға қарамастан, Абылай хан жалпы қазақ мемлекетінің саяси бірлігін бірте-бірте қалпына келтіреді. Өз хандығын маңайындағы дұшпандары мен қаскөй көршілері мойындайтындай ірі мемлекетке айналдырды. Оның данышпандығы мен көрегендігі арқасында кең байтақ Ұлы Далада ұзақ уақыт бойы бейбіт заман орнады.
Абылай дәуірінде Қазақстан мемлекетке тән дәстүрлі белгілерге толық ие біртұтас елге айналды. Өзіндік басқару жүйесі, бүкіл елдер мойындаған шекарасы, әлеуметтік жағдайды ұйымдастырудың ерекше тәсілі қалыптасты.
Дегенмен, осындай тарихи ірі тұлғаның өмір жолы оңай болған жоқ. Жасынан өмірдің қиын-қыстау соқпақттарынан өтіп, тағдырдың ауыр сынын басынан кешірді.
Жошы ұрпағы
Абылайдың шын аты-Әбілмансұр. Ол 1711 жылы арғы тегі Жошы ханнан тарайтын белгілі тұлғалардың шаңырағында дүниеге келді. Көптеген қанды жорықтары үшін қанішер атанған атасы Уәли даңқты әскербасы болған. Өз әкесінің де аты -Уәли. Көрікті, келбетті болғандықтан жұрт оны көркем Уәли деп атап кеткен. Ол-әйгілі заңгер әрі қоғам қайраткері Есім ханның ұрпағы.
Әбілмансұр жетімдіктің зардабын ерте тартады. Он бір жасында әкесінен айырылады. Ел кезіп, қаңғырып жүріп, кейде ашық далаға, кейде қаңыраған қапас қоралар мен ескі зираттарға түнейді. Сонда оның бойына күш-қуат беріп, тағдырдың тауқыметіне мойынсынбауына көмектескен әрі тіршілік нәрін берген осы Дала топырағы еді. Жападан-жалғыз ұшы-қиырсыз ұзақ жол кешкен ауыр күндерінде де бабалар аруағы оған рух берді. Осындай дала соқпақтары қажымайтын, мұқалмайтын жауынгерлік рухын шынықтырып, оны табанды қайраткер әрі данышпан ретінде тәрбиелейді.
Ертеректе өмірден өткен сарбаздар мен ақындардың суық мазарларына қонып жатқанында, ол үнемі жұлдызды аспанға қарап, өз шырағын іздейтін.
Тәңірі тілеуін беріп, сол жұлдыз оны Темірбай деген байдың үйіне жолықтырады. Перзентке зар Темірбай жетім баланы асырап алмақ болады. Ол бәйбішесі (үлкен әйелі) екеуі жұпыны киінген, мойнына дорба асынған Әбілмансұрды бастан - аяқ шолып өтеді де:
- Атың кім сенің? - деп сұрайды.
- Жұрт мені Сабалақ дейді, - деп жауап береді бала.
Шынында да мына бала Сабалақ десе дегендей: үсті-басы алба-жұлба, жұлым-жұлым кір -қожалақ.
Рақымы мол Темірбайдың үйінде біраз болып, Сабалақ тағы жолға шығады. Сол жолы Балқаш көлінің маңында от басында әңгімелесіп отырған адаидардан өзі ақылды, өзі әділ Төле би туралы естіп қалады. Бұл қарияның ауылы алыс емес екен. Сабалақ осы әңгімеден кейін әйгілі бидің ауылын іздеп келіп, оның түйесін бағуға жалданады.
Уақыт жылжып өтіп жатты. Әбілмансұр терең ойлы, алғыр бала болып өсті.
Ұлы Даланың көптеген елді мекендеріндегідей Төле бидің ауылында да біртүрлі ерекше күй орнаған. Дала ғұрпында өзге байлықтан гөрі рухани байлық жоғары тұратын. Көшпенділер адамды дәулетіне емес, ісіне қарай бағалаған. Отанды сүю, үлкенді сыйлау, ата-баба әруағын қадір тұтып, өсиетіне берік болу қасиетіне үлкен мән берген. Дала аңыздары мен эпостары батырлықты, ерлікті биікке көтеріп, әлемнің бар қазынасынан да қымбат нәрсе туған жер деп санаған. Адамның кіндігінен шыққан алғашқы қан жерге тамады. Содан бастап әрбір адам оның перзенті әрі болашақ қорғаушысы болуы тиіс. Қаншама ер-азамат туған жерін қорғау үшін өлімге бас тіккен. Олардың әр қайсысы көшпенді халықтың жүрегінде мәңгілік сақталған.
Аға ұрпақ ерлігі жайындағы осындай әңгімелерді құлағына құйған Сабалақ ерекше болып өсті. Сонымен қатар хас батырға тән қайсар күші де шындалды. Бұл кез шашыраңқы қазақ әскеріне сыртқы жаулардың, әсіресе ойраттардың (жоңғарлардың) тегеурініне төтеп беру қиынға түскен шақ еді. Сонда Сабалақ тезірек ер жетіп арғымаққа отыруды, қолына қару алып, соғысуды армандайтын. Тағы бір ойлаған мақсаты атақты сардар, 1710 жылы Қарақұмда өткен халық қалаулыларының жиналысында үш жүздің бас әскербасы болып сайланған Бөгенбай батырмен жүздесу еді.
Он бес жасында Сабалақ Темірбайдың ауылына қайта оралды. Мұндағылар оның бойы өсіп, денесі шымырланып қалғанын байқады. Баяғы кішкентай дала кезер бала емес, батыр тұлғалы жігіт болған, сөзі де, ісі де нық. Темірбай оны көріп қатты қуанады. Қуаныштан жүрегі елжіреген ол өзінің керемет арғымағы-Сарыбастысын сыйлап, батасын беріп, жолға аттандырады.
Бұл жол оны Бөгенбай батырға апарады. Батыр ұрысқа сұранған жас жігіттің жалынды сөзін тыңдап, оны атқосшы, яғни қару-жарақ тасушы етіп тағайындайды. Жас жауынгер өзінің шыққан тегі жайлы, әйгілі ата-бабалары Жошы, Есім, Уәли, Бақы туралы ешкімге сыр білдірмейді. Басқа жауынгерлермен бірге күнделікті жаттығуларын жасап, жауынгерлік машығын шындайды. Әскери өмірді танып білуге ұмтылады. Осы қатал өмір бірнеше жыл өткен соң оның болашақ тағдырын айқындап береді.
Жекпе-жек
Ойраттар 1738 жылы тағы да кенеттен шекараны бұзып, қалың қолмен қазақ жеріне басып кіреді. Бөгенбай батыр жаудың жолын бөгеймін дегенше, бірнеше ауылдарды өртеп те үлгерген. Екі жақтың әскері қарсы жүріп, шаңын алқапта кездеседі. Қарсыластар бірін-бірі бағып үнсіз тұр. Таңғы шапақтан шықтар ақ күмістей жарқырап, батырлардың сауаты жалт-жұлт етеді. Мүлкіген тыныштық тек анда-санда аттардың пысқырынңаны естіледі.
Әрбір халықтың өз таңбасы яғни туы болған. Олар соғысқа ұрандарын айтып, туларын желбіретіп шығатын. Бұл жауынгерлерге рух беретін. Сондай ту осы ұрысқа болашақ хан, әйгілі сұлтан Әбілмәмбетке тапсырылды. Ол белгілі әскербасшылармен алдыңғы сапта еді.
Бір уақытта ойраттардың алдыңғы қатары ортадан жарылды да, алға маңғаздана басып, жараулы атқа мінген алып денелі жауынгер шықты. Қаһарлы ойратты бәрі де бірден таныды. Бұл Шарыш деген ойраттардың жауынгерлік рухының нағыз бейнесі-тін. Ол еш уақытта жеңіліс көрмеген. Шарышпен жекпе-жекке шыққандардың ешбірі тірі қалмайтын.
Қаһарлы ойрат ұзын найзасын сермеп, айғайлап қарсы жақтың жауынгерін жекпе-жекке шақырды. Бөгенбай батыр жолы болғыш ойрат баһадүріне қарсы өзі шықпақ еді. Бірақ, Әбілмәмбет зорға дегенде оны ұстап қалды. Егер Бөгенбай оққа ұшса, не болатыны белгілі ғой. Басшысыз әскердің соғыста жеңіп шығуы екіталай. Әрине, шайқас алдында ең мықтылардың күш сынасуының маңызы зор болғанымен қазақтар мұндай тәуекелге бара алмайды. Не істеу керек?
Шарышпен күш байқасуға бірталай жігіттер ниет білдірді. Әбілмәмбет пен Бөгенбай шын жүрегінен құлшынған бір жас жауынгерге тоқталды. Жас жігіт:
- Егер мен ойратты жеңсем, осылармен соғыста қаза болған бабаларымның кегін алғаным. Егер өліп кетсем, біздің сарбаздар мен үшін кек алар, -дейді жалындап.
- Ен болмаса, өз атыңды айтшы, -деп қана сұрап үлгерген сұлтанға:
- Сабалақ, -деді де, атын тебініп қалып, қаһарлы жауына қарай беттеді. Жас жігіттің өлімге бас тіккенін түсінген жұрт іштерінен күрсініп қала берді.
Сабалақ Шарышқа қарсы келіп, жебе жетер аралыққа тоқтады. Шарыш алдындағы қарсыласын көріп, қарқылдап кеп күлді де:
- Ей, қазақтар! Араларынан нағыз еркек табылмағаны ма? Мына жас баланы өлімге жіберіп тұрғандарын не масқара?!
Ойраттар даңқты сарбаздарының мына сөзіне еліріп, семсерлерін сартылдатып, гуілдесе жөнелді. Сабалақ ызаға булығып, тістене түсті. Ылғалданған алақанына найзасын қатты өысып, жауына ұмтылды. Жүрегі аттай тулап көзіне қан толды. Қандай екені белгісіз, жас жүрегінің терең түкпіріне «А-бы-ла-а-ай! А-бы-ла-а-ай!» деген әскери ұран бас көтерді.
Ойрат батыры да осыны күтіп тұрған. Атының шоқтығыны (жалына) жабысып, қатты айғайлай ол да қарсы шапты. Аттылардың арасы жақындай түсті. Екі жақ демдерін іштеріне тарта істің барысын бағып тұр. Отыз қадам қалды, жиырма, он, бес . . . тарс-тұрс, сатыр-күтір, аттары да, өздері де бір-бірімен мидай араласып кетті. Әккі шарын дәл жүрекке көздеді. Бірақ Сабалақ соңғы сәтте бұлтарып үлгерді. Ойраттың найзасы жанай өтіп, баланың кеудесіндегі сауытын сөгіп кетті. Ашудан түсі қашқан қарсыласының бет-әлпетін Сабалақ жақыннан көрді. Тіпті оның ыстық демі де сезілді. Одан әрі не істеу қажет екенін біреу сездіргендей болдыма, бала сол сәтте найзаның енді пайдасы жоқ екенін тез түсіне қойды. Беліндегі семсерін суырып алып, бар күшімен ойратты көздеп, сермеп қалды. «Абылай! Абылай!»
деп ұрандауын қоймаған Сабалақтың соңғы көргені Шапыштың домалап бара жатқан басы мен шарасынан шыққан көздері еді. Сәлден кейін естерінен танып мелшейіп қалған жауынгерлер «жеңілмейтін» ойраттың бассыз қалған өлі денесінің жерге құлап бара жатқанын байқады. Осы кезде рухы көтерілген қазақ әскерлері Абылайлап ата жауына лап қойды. Алдыңғы көріністен ес жиып үлгермеген ойраттардың тамтығы да қалмады.
Осы оқиғадан соң Сабалақтың аты бүкіл елге жайылады. Шабармандар алыс-алыс ауылдарға қуанышты хабар таратып, есімі де қызық, өзі де беймәлім бір жас баланың керемет ерлік істегенін сүйсіне айтады. Ақындар мен жыраулар оның батырлығын мадақтап, даңқын шығара бастайды.
Қуаныштан көңілі шаттанған Әбілмәмбет сұлтан әлгі жұмбақ батырды шақыртады. Ол туралы Бөгенбай батыр да әркімнен сұрастырып көріп еді, ештеңе шықпады. Өзі де бұрын бұл баланы байқамаған. Бар білетіні-оның атқосшы, қару-жарақ тасушы, момын, қарапайым, сыпайы екенлігі.
Сұлтан балаң жігітті ұзақ, тәптіштеп тергеуге алды. Ата-анасын, олардың қашан дүние салғанын, кіммен тұрып, қалай қалай өскенін сұрайды. Әбілмәмбет көбірек білген сайын, өз күдігіне сенімі күшейе түседі. Алдында тұрған Шыңғыспен қаны бір, ұлы Жошы ханның тікелей ұрпағы, әйгілі Қанішер мен Есім ханның мұрагері болып шықты.
- Сабалақ есіміңді ұмыт, -деді сұлтан сөзінің соңында.
- Шын атың- Әбілмансұр. Сені осылайа ата -анаң атаған. Бүгіннен бастап халық Абылай атайтын болады. Өзіңді алда үлкен болашақ күтіп тұр. Халқыңның сенімінен шыға біл. Сонда сені елің де көкке көтеріп, мәртебеңді асырады.
Сабалақтың тағдыры осы жерде аяқталады да, Абылай ханның ұлы тарихы басталады.
Соғыс жылдарында
Күндер зымырап өтіп жатты. Уақытпен жарыса талай оқиғалар келіп, талай оқиғалар ауысты. Қазақ әскері бұрынғы жерлерін қайтару, елдің біртұтастығын сақтау мақсатында толасыз соғысты бастан кешті. Ол шақта еркін даланы бағындырып, салық салғысы келген арам ойлы жау көп еді. Олардың ішінде ойраттар ғана емес, Еділ өзенінің маңындағы қалмақтар, қарақалпақтар мен жоңғарлар, өзбек әміршілері мен қырғыз манаптары, манчжур-қытай басқыншылары да бар болатын.
Абылайдың қол астында жауынгерлік іске әбден машықтанған, шыныққан әскері болды. «Абылай» олардың дәстүрлі ұранына айналды. әрбір майданға «Абылайлап» шыққан әскер жеңіссіз қайтқан емес. Тығырыққа тірелген ең қиын жағдайларда жас көсем жол тауып шыға білді. Абылайдың есімі жеңістің белгісіндей болды.
Соғыс ауыртпашылығын жігіттерімен бірге көтерген Абылай не болса да көппен көретін әдетінен ауған жоқ, Ол қарапайым әрі ыңғайлы киінді. Ат үстінде ұйықтап, неше күн дәмсіз, нәрсіз жүруге үйренді. Кешке қыр басына шығып, отты алаулатып жағып қойып, ата-баба ерлігін паш ететін бұрынғының аңыздарын тыңдағанды жақсы көрді. Әсіресе, оны Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек сияқты ақындар мен ақсақалдар шерткен әңгіме қызықтыратын.
Абылай кез келген той-думан, мереке-мейрам кезінде ұйымдастырылатын жарыстардан, қызықты ойындардан тыс қалмайтын. Палуандармен күреске түсе кетіп, күш сынасатын. Еш уақытта күресті жеңіссіз аяқтамайтын Абылай қарсыласына әділ күрескені үшін ризашылығын білдіретін.
Осылайша Абылайдың әскери тәжірибесі де байи түседі. Көптеген майдандарда оның көрегендігі, алысты болжағыштығы шыңдалады. Тіпті ел ішінде Абылай жаудың әрбір қадамын, олардың не ойлап, не істегелі жатқанын алдын ала біліп, көріп отырады деген аңыз да тарап кетеді. Халық алла тағала Абылайды әдейі Ұлы Далаға көз алартқан, арам пиғылды жауларынан тазартып, үш жүзге бөлінген барлық рулар мен тайпалардың басын біріктіруге жіберген деп ойлаған. Шынында да дәл солай болды. Халықтың ойы бір жерден шығып, айтқаны орындалды.
Нағыз әскербасшысы Абылай қарамағындағыларды руына қарап бөлмеді. Ақсүйек пе, қара ма-оған бәрібір еді.
Ол:
- Бәріміздің қанымыз бір. Ең бастысы жүрегің не деп соғады? Байлық үшін емес, туған елің, туған жерің үшін күресіп, жүрегіңнің тазалығын көрсет, -дейтін.
Жігіттер де Абылайды барынша сыйлап, төбелеріне көтерді. Онымен бірге өлімге бас тігуге дайын тұрды. Себебі ол ерлік майданын бос ұранмен бастаған жоқ, өзі үнемі алдыңғы шепте жүріп, өнеге көрсетті. Жекпе-жекке де өзі бірінші болып ұмтылды. Қай сайданда болсын, Абылай ұрыстың ең қайнаған жерінен табылды. Еш уақытта жауына ішін беріп көрген емес. Бабалар аруағы да оны үнемі қолдап, қоршап жүрді. «батырды құдай сақтайды» деген нақыл сөз осыған байланысты айтылса керек.
1740жылы солтүстік-батыстағы шекараны нығайту қажет болды. Өйткені Еділ маңындағы қалмақтар сол маңайға көп әскерін шоғырландырды. Осыған қарағанда қалмақтар шекараны бұзбақ ниеттерін жасырмаған. Қалмақтармен соғысқа Абылай көбіне Әбілқайыр ханмен шығатын. Бұл жолы Әбілқайыр өз орнына Ералы деген ұлын аттандырады. Ондағы ойы-жас сұлтан Абылаймен бірге жүріп, өмір көрсін, майдандарда шынығып, шыңдалсын дегені.
Көктем шыға Абылай Кіші жүз бен Орта жүзден құралған әскерді бастап жорыққы шығады. Қалмақ (торғауыт) әскерінің жай-күйінен хабардар болып алған ол алдағы соғыстың жоспарын тиянақты құрып қояды. Торғауыттардың өздерінен артықшылығын, жақсы қаруланғанын, яғни зеңбіректері бар екенін де біледі. Мұндай жағдайда оның сарбаздары алыс қашықтықтан соғысуға мәжбүр болмақ. Себебі алысқа ұшқан зеңбіректің оғы қалмақтармен тең дәрежеде шайқасуға қиындық туғызады. Бірақ Абылайдың мерген садақшыларының зеңбірекшілерді орта қашықтықтан атып жойып жіберуіне мүмкіндігі бар. Алайда торғауыттар да оңай берісе қоймас. Оларда өте тәжірибелі жауынгерлер және қазақтардың мықты жаңын жақсы білетін еді. Сол себепті соғысға зеңбіректермен қаруланып шыққан. Зеңбіректерді түйенің үстіне бекіткен. Өз күшінің басымдылығына сенімді торғауыттар шешуші сәтті осылай күтіп тұрған.
Абылай тосын айла табу қажет екенін түсінді. Жалаң қолмен және құр кеудемен қалмақтарды ала алмайсың.
Енді неге де болса бел буған Абылай жауынгерлерімен түн жамылып Жайықтың оң жақ жағалауына өтіп, күтпеген жерден торғауыттардың үстінен шығады. Күзеттегілер қалғандарына белгі беріп үлгермейді. Олар естерін жиып болғанша, қазақтың атты әскері дөң устінде садақтарын кезеніп, қылыштарын жалаңдатып соғысқа дайын тұрды. Күзетте тұрған жауынгер белгі беру керек екенін енді есіне түсіргені сол еді, «Абылайлаған!» ұран мен жебелердің ысқырығы, жүздеген, мыңдаған тұяқтардың дүбірі үрейін алды. Шатырларынан атып-атып шығып аттарына қарай жүгірген қалмақтар бәрібір кеш қалды. Жолындағыны селдей жайпаған Абылай әскері көзді ашып-жұмғанша торғауыттың күл-талқанын шығарды. Жайықтың суы қызыл қанға боялып, қалмақтардың ыңырсыған, ышқынған дауыстары оның буырқанған толқынына көмілді.
Торғауыттар мұндай масқараны бұрын-соңды бастан кешпеген еді. Қанатты ақ боз атқа мінген салт атты кейпіндегі адам түстеріне кіріп шошынып, «Абылайлаған!» ұран өмір бойы құлақтарына сіңіп, мәңгі естерінде қалды. Әлгі кісінің астындағы аты орасан зор боп көрінді. Екі қанаты жайылғанда даланы тұтас жауып, құтырынған жел мен нөсерлеткен жауыннан, от шашқан найзағай мен тасырлаған бұршақтан қорғап тұрғандай болды.
Қалмақтардың аман қалғаны жан сауғалап, Нарын құмына қашып барып тығылды. Абылайдың жаңа жеңісі туралы хабар сол сәтте-ақ Ұлы Даланы шарлап кетті. Енді даңқты қолбасшының ордасына тіпті башқұрттар да елшілерін жібере бастады. Олар бұл кезде Ресейдің жазалаушы әскерімен соғыс жүргізіп жатқан. Башқұрттар Абылайды өздерінің ханы етіп көтеруге де дайын еді. Тек оларға жақтасса болды. Алайда күтпеген жерден Әбілқайыр ханның өлімі туралы қайғылы хабар жетеді де, Абылай мен Ералы торғауыттардың ізін кесуді тоқтатып, әскерін кері бұрады. Әбілқайырдың үлкен әйелі-Бопай ханшаның ордасына қарай жол тартады.
Абылайдың тегеурінінен бас көтере алмайтындай халге ұшыраған қалмақ әміршілері осылай қазақ ауылдарына бүлік салуын қояды. Отыз жыл өткен соң ғана, 1771жылы, Абылай ескі жауларымен бетпе-бет тағы кездеседі. Бірақ оған дейін талай оқиға өтеді.
Аян
Абылай саясатшылыққа қатты құмартып, әдетке айналдырған. Көкжал қасқырдың өзін тырп еткізбей алатын бүркіті де болған.
Соғыс аяқталып, арасында сәл тынығатындай жағдай туды. Осы сәтті пайдаланғысы келген Абылай аңға шығуға дайындалды. Бұған ауылға жақын маңда тау ешкілері жүргендігі туралы жігіттерден естіген әңгімесі де себеп болды. Аңға сайланған Абылай бұл жолы бүркітін тастап, садақпен ғана жеңіл қаруланды. Кейінгі кездерде ортаазиялық базарларда кішкене ши мылтықтар сатыла бастаған және мұндай қару Абылайда да бар еді. Бірақ ол мылтықтан гөрі кәдімгі көшпенділер садағымен аңшылық құрғанды ұнататын.
Абылай аздаған нөкерлерімен бір асудан өте бергені сол еді, бұта арасынан шыққан аң ізіне тап болады. Кез-келген көшпенділер сияқты Абылай даланың түкпір-түкпірін бес саусағындай білетін. Ол құрғақ топыраққа терең кірген тұяқтардың іздері мен ағаштың жоғарырақ тұсындағы сынған бұтақтары тау текенің бойы биік, салмағы ауыр екенін аңғартты. Сәл жүре бере, тағы да бір топ жануардың іздерін байқайды. Мұны көрген Абылай бұрынғысынан да қызынып кетті. Тау ешкілерінің ішіндегі текесі шындығында да қолға түсе бермейтіндей ерекше ірі екен. Мүйіздері жуан, иірлене артқа қайырылған. Түгі, әсіресе мойын тұсының жүні қалың әрі ұзын. Басын қайқайтып, жан-жағына маңғаздана қарайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz