ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СІЛЕМІ



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 23 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар
КІРІСПЕ 3

1.1 ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СІЛЕМІ 4

1.2 САУДА ЖӘНЕ ТОВАР АЛМАСУ 15

1.3 МӘДЕНИЕТТЕРДІҢ ӨЗАРА ӘСЕРІ 20

ҚОРЫТЫНДЫ 23

КІРІСПЕ

Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырып, Жерорта теңізінен
Қытайға дейін Еуразияны қақ жарып өтетін керуен жолының жүйесі. Ұзындығы 7
мың шақырымнан астам Ұлы Жібек жолының дүниежүзілік өркениеттің дамуында
үлкен роль атқарғаны бәрімізге мәлім. Ұлы Жібек жолы Қытайдан басталып,
Римге барып аяқталған. Бұл трасконтинентальды жол тек қана сауда -
саттықтың көтерілуіне ғана емес, сонымен қатар қалалар мен өнердің
гүлденуіне, мәдениеттер, діндер мен тілдердің араласып толысуына, жалпы
айтқанда, адамзат мұрасының қалыптасуына қатты әсер етті.
Ұлы Жібек жолы адамзат тарихында алғаш рет Жерорта теңізінен Тынық
мұхитқа дейін ұлаң - ғайыр аймақтағы түрлі ұлттар мен елдердің мәдениетін
біріктірген еді.
Ұлы Жібек жолын тарихи - географиялық мәдени аспектілер жағынан ғылыми
зерттеу жұмыстары негізінен XІX ғасырдың екінші жартысында басталды. Осы
трансконтинентальды жолдың зертеулеріне Батыс еуропалық, орыс және жапон
ғалымдары үлкен үлес қосты. 1877 жылы классикалық ғылыми Қытай атты
еңбегінде белгілі неміс ғалымы Фердинанд Пауль Вильгельм Рихтгофен Еуразия
материгінің түрлі бөліктерін байланыстыратын жолдар жүйесін Жібек жолы
Seіdenstrassen, кейіннен Ұлы Жібек жолы деп атап кетті. Осыдан кейін
Жібек жолына бұқаралық қауымның қызығушылығы артты.

1.1 ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СІЛЕМІ

629 жылы буддалық тауап етуші Сюань-Цзян Будданың қасиетті сүйектерін
көріп, дін ілімін тыңғылықты зерттеу үшін Қытайдан Үндістанға аттанды. Ол
Қытайды Батыспен жалғастырып жатқан және техника жаңалықтарын, діни идеялар
мен мәдениет жетістіктерін жеткізуші болған ха-лықаралық жолмен жүрді.
Чаньаннан шыққан көпестер керуенімен бірге қоспақ түйемен Дунхуан
арқылы үлы Гоби шөлінің шетімен жүріп, Ұлы Айдаһар шағылдары деген атпен
мәлім тұзды шөлден, Хами және Тұрфан жазирасынан, Тянь- Шанның солтүстік
беткейлерін бойлай өтіп, Музур-Ола жотасы болуы мүмкін деп саналатын мұзды
таулардан шыкқан Сюань-Цзян мен оның серіктері Мөлдіреген Көгілдір көлге
жеткен. Оны Қайнаған көл (Ыстықкөл) деп те атаған. Көлді айналып өткен
тауап етуші Суяб қаласына келіп, онда Батыста шекарасы Қара теңізге дейін
созылып жатқан орасан зор империяның әміршісі түрік кағанымен кездескен.
Сюань-Цзян түріктердің кағаны мен оның маңындағыларды былайша суреттейді:
Бұл жатжерліктердің жылқылары тамаша екен. Қаған жасыл жібек шапан киген;
оның басы жалаңаш, тек ұзындығы бір чжаннан (3,2 м) астам жібек шүберекпен
орап, ұштары артына салбыратып жіберілген. Оның ізіне зерлі шапан киіп,
шаштарын бұрым етіп өрген екі жүзден астам тархан еріп жүр. Аң терісімен
әдіптелген киім және жұмсақ бас киім киген өзге жауынгерлер айбалталар,
тулар мен садақтар ұстаған. Түйелер мен атқа мініп келе жатқандардың көп
екені сонша, көзбен шолып шығу мүмкін емес.
Өзіне қаған жасаған кабылдауды суреттей келіп, Сюань-Цзян түрік
ақсүйектерінің жібек киімдерінің сән-салтанатын талай рет атап көрсетеді
және өзінің сыйлыққа қызыл күрең сәтеннен тігілген толып жатқан киім
жиынтығы мен елу тай жібек алғанын да хабарлайды. Бұл көріністе Шығыс пен
Батыс саудасының негізгі өнімі, ертедегі және орта ғасырлардағы
құрлықаралық ұлы жолға атын берген жібек ерікті болсын, еріксіз болсын
бірнеше рет айтылады. Бұл жолдың кашан іске қосылғаны туралы сұраққа осы
кезге дейін түрлі жауап қайтарылады. Егер Жібек жолының жекелеген
учаскелердің түп-негізі туралы айтар болсақ, қарым-қатынастар мен айырбас
байланыстарының басы уақыты жағынан б. з. б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарға барып
тіреледі. Бұл байланыстар Бадахшан тауларында көктас және Жаркентдария
өзенінің жоғарғы ағысында, Хотан аудандарында нефрит кеніштерінен кен
қазылуы себепті жолға қойылған еді. Бадахшанда өндірілген көктас Иранға,
Месопотамияға, Анадолға, Мысыр мен Сирияға шығарылды. I мыңжылдықтың орта
шенінде Бадахшанның көктасы Қытайға апарылады.

Орта Азия мен Орта Шығысты Жерорта теңізімен және Үндістанмен
жалғастырған Көктас жолымен катар Шығыс Түркістанды Қытаймен
байланыстырған Нефрит жолы да болды.
Б. з. б. I мыңжылдықтың орта шенінде Дала жолы жандана бастады, егер
тарихтың атасы Геродоттың суреттеуіне ден қойсак, оның мынадай бағыты айқын
болады: ол Қара теңіз өңірінен Дон жағалауына, содан coң Оңтүстік Орал
өңіріндегі савроматтар жеріне, Ертіске қарай, одан әрі Алтайға, Жоғарғы
Ертіс пен Зайсан көлі маңын мекендеген агриппейлер еліне шыққан. Бұл жолмен
аң және мал терілері, иран кілемдері, қымбат бағалы металдардан жасалған
бұйымдар таралған.
Таяудағы кездің өзінде жібектің ойлап табылуы және онымен сауда жасау
б. з. б. I мыңжылдық кезіне жатады деп саналып келген еді. Алайда Тайху
көліне жақын жерде, Чжецзян провинциясында қазба жұмыстарын жүргізген қытай
археологтары неолит дәуіріне жататын жібек маталар, белдік пен тоға тапты.
Матаның мезгілі - б. з. б. 2750+100 жж. Оған жасалған талдау сол кезге
қарай-ақ, яғни осыдан бес мың жылдай бұрын жібек тоқу қарапайым сатыдан
шыққанын дәлелдейді. Б. з. б. VI-V ғасырларда қытай жібегі басқа елдерге,
соның ішінде Батысқа да шығарыла бастаған. Алтайдағы Пазырық патшалық
обаларының б. з. б. V ғасырдағы деп саналатын біреуін қазған кезде феникс
кестеленген жібек көрпе табылды. Оңтүстік және Батыс Европа аудандарында б.
з. б. VI—V ғасырлардағы қабірлерден жүннен жасалған бұйымдарға тігілген
жібек маталар мен шашақтар шықты.
Қымбат тұратын жібектердің таралуына сақтар мен скифтердің көшпелі
тайпалары қатысқан, сол кездегі ғажайып товар Орталық Азия мен Жерорта
теңізі өңіріне солар арқылы жеткен.
Алайда, VI-IV ғасырлардағы Жібек жолы туралы айтуға бола қоймас,
қымбат товарлар дала өңірі арқылы жеткізілген, ол 40-параллель маңынаң
өткен және Хуанхэ өзенінің үлкен иіндерінен басталып, Алтайдың шығыс және
солтүстік сілемдерін, Қазақстан мен Қара теңіз өңірі далаларын кесіп өткен
де, гректер мен этрускілер жеріне жеткен деп шамалау дұрысырақ болады.
Жібек Үндістанға сол кезде барған, мұны сина патто - қытай жібегі
деген сөз дәлелдейді.
Б. з. б. I ғасырдың ортасында ғана Жібек жолы тұрақты дипломатиялық
және сауда жолы ретінде пайдаланыла бастайды. Ал бәрі 138 жылы, император У-
ди Батыстың беймәлім елдеріне жіберген Чжан-Цзяңға ерген елші керуені Хань
астанасынан шыққан кезде басталған еді. Чжан-Цзян 13 жылдан кейін қайтып
оралды. Ол қазіргі Ауғанстан аудандарына дейін жетіп, Қытайдың ішкі
аудандарынан Орталық Азияға бірінші болып тура жолмен жүріп өтті. Осы жол
бойынша Батысқа жібек артқан керуендер аттанып, ал Қытайға Жерорта теңізі
жағасынан, Таяу және Орта Шығыстан, Орта Азиядан товарлар әкеліне бастады.
Көп кешікпей халықаралық сауда Орта Азиядағы Зеравшан және Қашқадария
аңғарларында орналасқан ел Соғдыдан шыққан саудагерлердің қолына көшті.
Соғдылардың Шығыс Түркістандағы Тохарлық қалаларда және Қытайдың Ланчжоу,
Дунхуан, Чаньан сияқты қалаларында сауда колониялары болды. Мысалы,
Дунхуанда мыңға тарта соғдылар тұрған. Соғдылар Жапонияға өткен, жібек жолы
жапондардың ертедегі астанасы Нараға жетіп аяқталған. Осындағы бір
ғибадатханада соғды тілінде жазылған қолжазба сақтаулы.

Қазақстанның батысын Қиыр ПІығыспен, Амур бойымен керуен жолдары
байланыстырып жатты. Бұлғын жолы дейтін жол арқылы Византияның, Иранның,
түрік қағанаттары мен соғды княздіктерінің Бохай мемлекеттерімен және
Жапониямен байланыстары жүзеге асырылған. VI ғасырда Бұлғын жолының
теңіздегі бөлігі Жапонияға баратын жол деп аталған. II-V ғасырларда Жібек
жолы, егер Шығыстан бастасақ, Чаньаннан басталып, Ланчжоу ауданында Хуанхэ
арқылы өтетін өткелге, одан әрі Нань-Шанның солтүстік сілемдерін жағалап,
Ұлы Қытай қорғанының батыс шеті мен Яшма қақпалары бекетіне беттеген. Осы
арада бір жол айрылып, Такла-Макан шөлінің солтүстігі мен оңтүстігін
жағалап кеткен. Солтүстік жол Хами, Тұрфан, Бесбалық, Шихо жазиралары
арқылы Іле өзенінің аңғарына; ортаңғы жол Чаочаннан Қашқарға, Ақсуға және
Бедел асуы арқылы Ыстықкөлдің оңтүстік жағасына; оңтүстік жол Дунху-ан,
Хотан, Жаркент арқылы Бактрияға, Үндістан мен Жерорта теңізіне шыққан, бұл
- оңтүстік жол деп аталатын жол; солтүстік жол Қашғардан Ферғанаға және
одан әрі Самарқанд, Бұхара, Мерв арқылы Хамаданға, Сирияға барған.

VI—VII ғасырларда, Ферғана арқылы өтетін бұрынғы жол төте және қолайлы
болғанымен, Қытайдан батысқа Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аркылы өтетін
жол мейлінше жандана түседі. Жолдың ауыстырылуын мынадай себептермен
түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда түрік қағандарының ордалары болды,
Орта Азия арқылы өтетін сауда жолдарын солар бақылап отырды. Екіншіден,
Ферғана арқылы өтетін жол өзара қырқыс салдарынан VII ғасырда қауіпті
болды. Үшіншіден, түріктердің бай қағандары мен олардың төңірегіндегілер
теңіздің арғы жағының товарларын ірі мөлшерде тұтынушылар болатын.
Сөйтіп бұл басты жолға айналды да, елші және сауда керуенінің негізгі
көпшілігі VII-XIV ғасырларда осы жолмен жүрді. Жібек жолының бұл бағыты бір
орнында тұрақтап қалған жоқ, ғасырлар ішінде белгілі бір учаскелері мен
тармақтары алма-кезек мейлінше үлкен маңыз алып, керісінше, басқаларымен
жүріс тоқтап қалды, ал олардың бойындағы қалалар мен сауда бекеттері
құлдырауға ұшырады. Мәселен, VI—VIII ғасырларда негізгі бағыт Сирия - Иран
- Орта Азия - Оңтүстік Қазақстан - Талас аңғары - Шу аңғары - Ыстықкөл
ойпаты - Шығыс Түркістан болды. Бұл жолдың бір тармағы, дәлірек айтқанда,
тағы бір бұтағы жоғарыда айтылған жолға Византиядан Дербент арқылы Каспий
өңірі даласы - Маңғыстау - Арал еңірі - Оңтүстік Қазақстанға шықты. Иранға
қарсы Батыс түрік қағанаты мен Византия сауда-дипломатиялық одақ жасасқан
кезде, ол жол сасанилік Иранды айналып өтті. 568 жылы Константинопольге
император II Юстинианның (565-576) сарайына түрік қағаны Дизабулдан
соғдылық Маниах бастаған елшілік келді, Маниах, қытай шежірешілерінің
айтуынша, ...түріктерді үйретіп, бағыттап отырғандардың бірі болған.
Алайда бұл жолы түріктер де, соғдылар да жібекпен көп мөлшерде сауда
жасауға байланысты ортақ мақсат көздеді. Ол бұлардың екеуіне де орасан көп
кіріс келтіретін еді.

Жібектің бір бөлігі Қытайдан келіп түсетін, басқа бөлігі Шығыс
Түркістан қалалары мен Соғдының өзінде дайындалатын, бұл орайда оны
өндірудің өскені сонша, оны өткізу өткір проблемаға айналды. Оны жібекті ең
ірі тұтынушы - Византияға сатуға парсылардың кедергі жасауы тереңдете
түсті. Оған өте нақты себептер болды, өйткені жібек Византияға сарай мен
ақсүйектердің қажеттері үшін ғана емес, сонымен қатар тағылардың әскерлерін
жалдаған кезде валюта ретінде де қажет еді, олар бірінші кезекте Иранмен
соғыста пайдаланылатын. Егер парсы үкіметі жібекпен емін - еркін өткізіп
сауда жасауға рұқсат етсе және жібек Византияға дейін жетсе, онда бірнеше
жылдан кейін Евфратта сансыз көп жалдамалы армия тұрар еді де, оған
тойтарыс беруге Иранның бүкіл күші жетпес еді.
Сондықтан түріктер мен соғдылар парсылармен уағдаласа алмады да,
түріктер Византияға Маниах елшілігін жібереді. Ол Иранды және оның
бақылауындағы жерді айналып өтіп, Жетісудан Сырдария бойымен Арал өңіріне,
Маңғыстау арқылы Каспий өңіріне, Солтүстік Кавказға, Кавказ жотасы арқылы
Константинопольге жетті. Елшілікті жақсы қабылдаған Юстиниан Талас
жағалауындағы қаған ордасына өз елшілігін аттандырды. Сөйтіп, түріктердің
гректерге баратын жаңа жолы жұмыс істей бастады. Оның бағытын
археологиялық олжалар жақсы көрсетеді, олар әсіресе Кавказ жотасының
етектерінде көп, онда Мощевая балка қорымы ашылды, Одан жібек бұйымдар,
жібек матаға салынған суреттің киындылары, қытай көпесінің кіріс-шығыс
жазбалары және VII—X ғасырлардағы басқа да көптеген шетелдік заттар
табылды.
Бұл жолдың бойында Сырдарияның үлкен де бай қалалары тұрды, олар
туралы біраз кейініректе XVI ғасырдағы тарихшы Рузбихан былай деп жазды:
Ходжент (Сырдария) өзені Түркістан бекіністерінің арасынан ағып өтеді.
Сейхун өзенінен қазып шығарылған арналардың жағасында сондай асқақ
көрінетін аса биік замоктар сияқты биік бекіністер ортасынан ағып жаткан
езен жұмақтың куаныш-шаттығын айтып тұрғандай.
Кейініректе, IX—XII ғасырларда бұл жол Тянь-Шань жолына қарағанда
азырақ пайдаланылатын болды. Бірақ ХIII—XIV ғасырларда ол кайта жанданады.
Құрлықтағы саяси жағдай елшілердің, көпестердің және басқа да саяхатшы
адамдардың жол тандауын анықтап берді.
Қазақстан Жібек жолы ауқымына кірер қарсанда оның оңтүстік аймағында
ежелден өзіндік мәдениет дамып, оның қалыптасуына көшпелі тайпалар мен
отырықшы халықтap қатысты. Бұл ретте этникалық тұрғыдан алғанда көшпелілер
де, отырықшы тұрғындар да біртектес еді немесе бір үлгідегі этникалық
-саяси құрылымдар шеңберінде біріккен болатын. Отырықшы және көшпелі
мәдениеттердің өзара әсері мен бір-бірін байытуы дүниежүзілік прогрестің
сара жолы болды. Мұндай кірігудің қойнауында өркениеттің Қазақстан мен Орта
Азия халықтары жасаған көптеген жетістіктері, сондай-ақ оны мекендейтін
халықтар этногенезінің бастаулары жатыр. Мәселен, б. з. б. VI—III
ғасырларда мұнда сақтардың көшпелі жәие жартылай көшпелі тайпалары
мекендеді, олардың жоғары мәдениеті көптеген обалы ескерткіштерді қазу
арқылы мәлім, олардың арасында Бесшатыр, Есік, Түгіскен, Ұйғарақ бар.

Сақтардың Қытаймен, Үндістанмен, таяу және Орта Шығыспен сол кездің
өзінде-ақ байланыстары болған. Мұны сақ шонжарларының қабірлерінен табылған
қытай. айналары, Орта Азиядан, Ираннан әкелінген көркемдігі жоғары шетелдік
бұйымдар дәлелдейді. Түгіскендегі шикі кірпіштен қаланған іргелі жерлеу
құрылыстары оларды салуға жатжерлік шеберлерінің тартылуы туралы ойға
жетелейді. Усун және Кангюй мемлекеттері өмір сүрген уақытта б. з. б. II -
біздің заманымыздағы I мыңжылдықтың бірінші жартысында, Жібек жолы қызу
пайдалаңыла бастаған кезде, мұнда Рим шынысы мен теңгелері, қытай жібегі,
айнасы мен лакталған ыдыс-аяғы, Европаның фибул-ілгектері және Ираннан
оймышталып-басылған тастар әкелінді.

Бұл кезеңде Шу, Талас және Сырдария аңғарларында қалалық орталықтар
қалыптасады, оларға мұнаралы дуалдармен қоршалған егіншілік қоныстар негіз
болған еді. Қазір олардың көпшілігі Тянь-Шанның тау етегіндегі өңірінен,
Арыс аңғарынан, Сырдарияның орта және төменгі ағысынан табылды. Бұл қалалар
,әсіресе, Арал өңірінің құрғақ шөл аймағында, Жетіасар алқабында жақсы
сақталған. Олардың күн күйдірген сары дуалдары осы кезге дейін асқақтап
тұр, сүйір ұшты мұнаралардың үңірейген көздері жазық далаға қарайды, ал
тақырлардың астында ертедегі зор мазарлар жасырынып жатыр.
VI ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Кореядан Қара теңізге дейінгі
кеңістікті қамтыған орасан зор көшпелі империя Түрік қағанатының құрамына
кірді. VI ғасырдың аяғында Қағанат екі бөлікке - Шығыс түрік және Батыс
түрік қағанаттарына бөлінеді. Соңғысының орталығы — Жетісу, ал астанасы
Суяб қаласы болады.
Жібек жолы учаскесі нақ сол кезде жанданып, ол Жетісу мен Оңтүстік
Қазақстанның қалалық феодалдық мәдениетінің дамуында маңызды рөл атқарды.
Жетісуда ол толып жатқан қалалық орталықтардың пайда болуына түрткі болды,
ал Қазақстанның онтүстігінде не жол бойында болған, не оған сауда
тармақтарымен байланысты қалалардың тез өсуіне себепші болды.
Егер батыстан шығысқа қарай қарағанда, Жібек жолының Қазақстандағы
бөлігі былайша керінеді. Жол Шаштан (Ташкенттен) шығып, Тұрбаттағы асу
арқылы Жібек жолындағы аса ірі орталықтардың бірі Испиджабка беттейді.
Мұнда түрлі елдердің саудагерлері тоқтаған, қалада Бұхараның, Самарқандтың
көпестеріне қарасты сауда құрылыстары мен керуен-сарайлар болды, ал
Испиджаб көпестері Мерв, Балх, Бұхара мен Хорезм көпестерімен бірге
Бағдаттағы Харба ибн Абдаллах әл-Балхи рабадында өз факторийін ұстаған.
Испиджабтан құлдар, ақ маталар, қару, семсер, мыс пен темір тасылған.
Испиджабтан керуендер Шығысқа, Шарап, Будухкет қалалары, Тамтаж және Абараж
керуен-сарайлары арқылы Таразға беттеген.
Талас аңғарында Жібек жолының бойындағы бірінші ірі қала Жувикат
болатын, одан өткен соң Таразға барған. Бұл — Қазақстанның ежелгі
қалаларының бірі, ол VI ғасырдың өзінде-ақ белгілі болған. II Юстинианның
Иранға қарсы әскери одақ қүру және жібекпен сауда жасасу туралы мәселелерді
шешу үшін келген, стратег Земарх бастаған дипломатиялық елшілігін түрік
қағаны Дизабул 568 жылы нақ осында қабылдаған. Деректемелерде Тараз
көпестер қаласы деп аталады. Сонымен бірге, ол түргештердің, ал содан соң
қарлұқтардың және қарахандардың астаналық орталығы болған.

Тараздың маңында Бұхарадан шыққандар негізін калаған Жамукет қаласы
тұрды. Ол VI ғасырдың өзінде-ақ аталады, оның негізін Бұхара соғдылары
қалаған, оларға Жамук деген кісі басшылық етіп, қала да соның есімімен
аталған. Археологтар Жамукеттің жұртын Талас аңғарында, Жамбылға жақын
жерде, Талас өзенінің оң жағалауында, Сарыкемердің қарсысынан тапты. Оның
қираған жұрты қазір Қостөбе деп аталады. Бұл қалалардан басқа Талас
аңғарында, аңғардың ірі күміс кеніштері орналасқан таулы бөлігінде Шелже,
Сус, Көл және Текабкет сияқты белгілі қалалар болған.
Аңғардың жазық жағында Атлах қаласы тұрды, оның дуалы түбінде бұрын
атап өтілгеніндей, 751 жылы арабтардың қытай әскерлерімен ықпал өрісі
жолындағы шайқасы өткен. Таразға жақын жерде, Таластың бойымен төмен қарай
солтүстікке бет алатын сауда жолында Адахкет және Дех- Нуджикет қалалары
болған, ал монғолдар кезінде деректемелерде Янги, Янги-Балық және Кенжек
қалалары аталады.
Талас аңғарындағы Таразға керуендер Касаннан Шатқал жотасындағы Шанаш
және Талас Алатауындағы Карабура асуы арқылы Ферғана аңғарынан келетін
жолмен де барған. Жолдың бүл бөлігі Жібек жолының Ферғана және Жетісу
бағыттарын қосып жатты.
Тараздан шығысқа қарай шыққан жол шөл жерлермен Құлан қаласына бет
алады. Тараз бен Құлан арасындағы жер қарлұқтардікі болатын. Құланға
баратын жолда Касрибас, Көл-Шөп, Жол-Шөп арқылы өту керек болды.
Касрибастың жұрты Қырғыз жотасын бойлай өткен ертедегі жол бойыңда тұр және
Ақыр тастың қираған жұрты ретінде мәлім, ол тастан каланған құрылыс болып
табылады, жоспарлануына қарағанда бір кезде замок болса керек. Көл-Шөпке
Өрнек қаласының орны сәйкес келеді, оны қазып-аршу оның сипатын көрсетті:
бұл - мешіті, жасақтарға арналған казармалары және төңірегінде қолөнершілер
мекені бар әдеттегі бекіністі орда.
Қытайлар Цзюйлань деп атаған Құлан қаласы түріктер елінің Мауараннахр
жағындағы шекарадағы сүйкімді калашық ретінде белгілі. Жолнұсқаларға
қарағанда, ол Тараздың шығыс жағында 17 фарсах жерде жатыр және Құлан
ауылының шығыс шетінде орналасқан Луговое қаласының жұртына сәйкес келеді.
Құланнан әрі шығыс жақта бір-бірінен 4 фарсах жерде Мирки және Аспара
қалалары тұрған.
Жолдан бөлінген бір тармақ Сарыққа, сонан соң түрік кағанының
конысына және Қырмырауға барады. Қырмыраудан шықкан жол Жетісудың аса ірі
қалаларының бірі Невакетке - қытайша Синчэнге апарады. Бұл атаудың екеуі де
Жаңақала деп аударылады. Невакет түрік қағандарының ордасы ретінде және
соғдылардың қаласы ретінде белгілі. Сәті түсіп анықталғанындай, Невакетке
қазіргі Қызылөзен және Новоивановка ауылдарының арасына орналасқан
Қызылөзен қаласының жұрты сәйкес келеді.
Невакеттен шыққан жол Пенджикент (Бунджикент) аркылы Жетісудың аса ірі
қаласы Суябқа жеткізген. Ол батыс түріктерінің, сонан соң түргештердің,
қарлұқтардың астанасы болған. Ол жөнінде қытай және араб саяхатшылары тура
X ғасырға дейін жазады да, сол кезде қала кенеттен шежірелердің бетінде
көрінбей кетеді. Астана рөлі Баласағұн қаласына көшеді, ертеректе оның аты,
сірә, Беклік немесе Семекна болса керек. Баласағұн қарахандардың, сонан соң
қарақытайлардың астанасы ретінде белгілі, ал XIII ғасырдың басында оны
қиратқан да қарақытайлар болатын. Аз уақыттан кейін қала қайта салынды,
бірақ XIV ғасырдың өзінде-ақ ол кирап жатты және жартылай қираған сарайлар,
мешіттер мен мұнаралар және эпитафиялы ауқымды зираттар ғана мұнда жуырда
өмірдің қызу қайнап жатқанын көрсететін еді.

Археологтар бұл қалалардың орналасқан жерін де анықтады: олар қазіргі
Тоқмақ қаласына жақын жерде жатыр және орта ғасырлардағы белгілі екі
ескерткішке — бір-бірінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан Ақбешім және
Боран қалаларының жұртына сәйкес келеді.
Жібек жолы Суябтан шығып, Ыстықкөлдің не солтүстік, не оңтүстік
жағасымен жүреді. Оңтүстік бөлігінде керуендер Жоғарғы Барсханнан ірі
қаладан өткен, ал солтүстік бөлігі аттары бізге дейін жетпеген шағын керуен-
сарайлардың жұрттарымен белгілі. Содан соң бұл жолдар Бедел асуы жанында
тоғысқан да, сол арқылы, не Ташрабат арқылы Жібек жолы Қашғар мен Ақсуға
апарған.
Ыстықкөл ойпатынан жол Сәнташ асуы мен Қарқара аңғары арқылы Іле
аңғарына, содан соң Іленің оң жағалауымен Өсек және Хоргос арқылы Алмалыққа
жетіп, одан кейін Такла-Макан шөлінің солтүстік шетімен, Хами және Тұрфан
жазирасы арқылы Дунхуан мен Қытайға барған.
Х-ХІІ ғасырларда Жібек жолының бір тармағы бүкіл Іле алқабын оңтүстік-
батыстан солтүстік-шығысқа қарай кесіп өткен. Тармақ Невакеттен басталып,
сонан соң Бунджикетке барып, Қастек асуы арқылы Іле Алатауының солтүстік
беткейлеріне жеткен. Асуға Баласағұннан тағы бір жол шыққан. Бұл арада
бағдар алатын белгі қасиетті Ұрынарж таулары болған, ол таулар Шу және Іле
өзендері алаптары арасындағы су айрығын құраған. Бүл таулар туралы сонау
VII—VIII ғасырларда кытай жолнұскаларында айтылып, оларды Цзедань таулары
деп атайды. Мұнда деректемелерге сәйкес он рудың кағаны әрқашанда
билеушілер мен ақсақалдарды бекітіп отырады. Ұрынарж топонимі қазіргі
Ұзынағаш қонысының атауында осы кезге дейін сақталған. Жібек жолының сілемі
Қастек, Қаскелең және Алматы орындарында тұрған шағын қалашықтар арқылы
өтіп, Талғар қаласының солтүстік шетінде орналасқан Талхир қаласына жеткен.
Осында Талғар өзенінің оң жағалауындағы тау етегінде орта ғасырлардағы
үлкен қаланың қираған жұрты жатыр. Талхиз (Талхир) транзитті сауданың ірі
орталығы болған.
Іле аңғарына басқа жолмен де келген — ол Құланнан, Аспарадан не
Нузкеттен Шудың орта және төменгі ағысындағы қалаларға барған. Ташөткел
өткелінен өткен жол Шу-Іле тауларының солтүстік беткейлеріне барып,
солтүстік Балқаш өңіріне түскен. Шуды бойлап төмен қарай жүрген жол
Қаратаудың теріскей бетіндегі қалаларға шығарған.
Талхизде Жібек жолы тарамдалған. Оңтүстік жол Есік, Түрген, Шелек
арқылы Борохудзир маңында Іледен өтетін өткелге қарай жүріп, сонан соң ол
Іленің оң жағалауымен Хоргос арқылы Алмалыққа беттеген де осы жаққа
Ыстықкөл аңғарынан келе жатқан жолмен қосылған. Осы бөліктен археологтар
шағын Есік, Түрген, Лавар қалашықтары мен үлкен Шелек қаласының қираған
орындарын тапты. Іленің оң жағалауымен жол қазіргі Көктал қонысы мен
Жаркент қаласы арқылы өткен. Көктал өңірінде Ілебалық қаласы тұрған.
Солтүстік жол Талхизден Талғар өзенінің бойымен Іле өзеніндегі өткелге
деиін жеткен, өткел Қапшағай шатқалында орналасқан. Содан кейін жол
Шеңгелдіге барып, одан ары Алтынемел асуы аркылы Көксу аңғарына түскен де,
қазіргі Дунгановка ауылының орнында тұрған Екі-Оғыз қаласына жеткен. Нақ
осы жерден Іле алқабындағы аса үлкен бір қаланың жұрты табылды. 1253 жылы
барған Вильгельм Рубруктің айтуынша, бұл қалада сарациндер тұрған, яғни
иран көпестерінің сауда колониясы болған. Рубрук қаланы Эквиус деп атайды.

Екі-Оғыздан шыққан жол қарлұқ жабғуының астанасы Қиялыққа (Қайлаққа)
жеткен. Қаланың базарымен даңқы шыққан, онда мұсылмандардан басқа, өз
шіркеуі болған христиандар да тұрды. IX Людовиктің монғол ханы Мөңкеге
жіберген елшісі монах Вильгельм Рубрук солай деп хабарлайды.

Қаялық ІХ-ХІІІ ғасырдың басында Іле аңғарының солтүстік-шығыс жағын
иеленген қарлұқтардың ордасы болды. Ол Қаратал өзенінің аңғарында,
Антоновское ауылының шетінде орналасқан. Рубруктің жазбасына қарағанда,
Қаялыққа жақын жерде христиандар қонысы болған, Жібек жолы оны да басып
өткен. Одан әрі ол Тентек өзенінің аңғарына түсіп, Алакөлді айналып, Жоңғар
қақпасы арқылы Шихо аңғарына барған да, ол жерден Бесбалық арқылы Дунхуан
мен ішкі Қытайға шыққан. Алакөлдің оңтүстік-батыс жағасында XIII ғасырдағы
саяхатшылар аймақ астанасы деп атаған қала тұрған. Ол Көктұма ауылындағы
қала жұртына сәйкес келеді. Қазір бұл ескерткішті көл суы шайып кеткен.
Алайда Земархтың жолымен Европаға жету үшін Жібек жолының Қазақстан
бөлігіндегі түпкі нүктелерінің бірі — Испиджаб қаласы болатын. Испиджабтан
шыққан керуен жолы Арыстағы Арсуба никетке, одан әрі Сырдарияның бойымен
төмен жүре отырып, Арал өңіріне жеткен. Сырдарияны бойлай жүретін керуен
жолындағы ең үлкен қалалар Отырар-Фараб пен Шауғар болды. Отырардың қасында
X ғасырда Отырар жазирасында бас қала болған Кедер қаласы орналасты. Ол
түрлі елдерден келген көпестер жиналатын жер ретінде белгілі болған.
Отырар көптеген керуен жолдарының тоғысатын торабында түрды. Бұл
жерден бір жол — Шауғарға, екіншісі Сырдария арқылы өткелден өтіп, Васидж
қаласына шығады. Соңғысы Шығыстың аса көрнекті ғалымы Әбу Насыр әл-
Фарабидің туған жері ретінде белгілі. XIII-XIV ғасырларда бұл қала Зернук
деп аталған. Одан ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жетісу Ұлы Жібек жолының Шығысқа шығатын басты қақпасы
Қытай империясының көне астанасы Чаньаннан шыққан алғашқы көпестердің жолдары
Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы
Ұлы Жібек Жолы жайлы ақпарат
Ұлы Жібек жолы жеріміздегі өркениеттің даму жолы
Ұлы жібек жолы. Орта ғасырлық Қазақстан қаласы
Ұлы Жібек жолының халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы тарихи маңызы
Ұлы жібек жолы жөнінде
Қазақ мәдениетінің бастаулары. Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы
Жібек жолы бойындағы Қазақстан қалалары
Пәндер