Журналист этикасы туралы


Жоспары:
І. Кіріспе.
Журналист этикасы
ІІ. Негізгі бөлім
а) Халықаралық журналистика тәжірибесі
ә) Журналистің әлеуметтік ұстанымы мен кәсіби этикасысының нормалары
ІІІ. Қорытынды.
І. Кіріспе. Журналист этикасы
Журналист - ашық қоғамның, әділеттіктің салтанат құруының тілеулесі әрі халық мүддесінің жанашыры. Сондықтан да олар қоғамдық ортада ерекше ілтипат пен зор құрметке қашанда лайық. Публицистің абырой-атағын жоғары ұстау, оған кір келтірмеу әрбір журналистің кәсіби парызы және этикалық нормасы болуы тиіс.
Журналист сөзімен де, өзімен өзгеге үлгі боларлықтай ғылыми-теориялық білімі терең, батыл да принципшіл, кішіпейіл әрі ашық мінезді иманды адам болуы міндетті. Сонымен қатар оған жазу мәдениетін толық игерген жоғары сауаттылық пен тума таланттылық, асқан дарындылық та өте қажет. Осы қасиеттер арқылы белгілі бір журналистің қоғамдық-саяси ахуалға деген ұстанымы мен көзқарасы, моральдық-этикалық тәлім-тәрбиесінің деңгейі анықталады.
Этика - адамгершілік пен мораль туралы теориялық заңдар мен тәжірибелік талап-тілектерді зерттеп, қалыптастыратын ғылым саласы. Яғни, адамдардың қоғамдағы өмір сүру нормалары мен бір-бірімен қарым-қатынасы жайлы ұғымды танытады. Еңбек сүйгіштік, адалдық, достық, сыйластық, сыпайылық, өзіңді-өзің дұрыс ұстай білу, жақсы мінез - осының бәрі этика қағидаларын анықтайды. Сөйтіп, этика жалпы алғанда адамгершілік міндеттерге бағынады. Этика саналы адам болуды қалайды. Демек, журналист те осындай қасиеттерге ие болу керек екені түсінікті. Өйткені журналистің кәсіби мамандығы мұндай қасиеттерсіз табысқа жетуі қиын. Этикалық нормалалардың заңда жасалмаған тұстарын журналист өз ақылымен, сана-сезіммен ұғып, білуге тиіс. Ол адамгершілік идеал мен азаматтық парыздан туындайды.
Этика термині ежелгі гректің ethos (этос) деген сөзден пайда болған. Алғашқыда бұл сөз мекен ету орта, үй, жануарлар апаны, құс ұяшығы деген мағынаны білдіреді. Кейіннен бұл сөз әдет-ғұрып, салт-сананы, мінез-құлықты білдіретін сөзге айналды. Бұл «этос» сөзінен ұлы Аристотель «этикалық» деген түбірге қосымша енгізіп, адамзаттың ерекше қасиеттерін анықтайды. Білім алудың ерекше түрі ретінде Аристотель ғылымға «этика» саласын енгізді. Этикалық қасиетті кейде рухани қасиетке жатқызады. Адамдарда рухани және этикалық қасиеттерде айырмашылықтар бар.
Аристотельдің этикасына Цицерон moralis (моральдық) деп анықтама береді. Оның айтуынша, бұл сөз латыннан аударғанда мінез-құлық, сән, салт-дәстүр деген мағынаны білдіреді. Яғни Цицеронның моральдық философиясы Аристотельдің этикасымен дәлме-дәл сәйкес келеді. Сонымен IV ғ. б. з. д. латын тілінде болған «moralitаs» «мораль» термині гректің «этика» сөзімен бірдей мағынада қолданылады екен.
Кейбір зерттеуші ғалымдар этика және мораль терминдерінің тарихын неміс тілінің «Sittlichkeit» терминімен (Sittе» «мінез», «slichkeit» «өнегелі») қарастырады. «Этика», «мораль», «адамгершілік» - бастапқы мәнде әртүрлі сөздер болғанымен, бір терминдік ұғымдар. Уақыт өте келе бәрі өзгерді, мәдениет дамыды. Этика - білім, ғылым саласының басты тармағы, мораль - сол салаларды оқытатын пән болып табылады.
Мораль мен адамгершілік ұғымдары уақыт өте келе көп өзгерістерге ұшырады. Мәселен, Гегель моральды адамгершілік іс-әрекет тұрғысында қарастырады. Ал, Аристотель моральды адам жанының маңызды рөлі ретінде анықтайды .
Ежелгі грек философы Сократ этикалық ұғымдарды (айбындылық, әділеттілік) анықтаумен жалпыландырудың үлгісін жасады. Ұғымды анықтаудан бұрын әңгімеге жол берілуі керек, соның барысында бірнеше сұрақтардың көмегімен әңгімелеушінің сөздеріндегі қайшылықтар анықталмақ. Бұл орайда Сократ майевтика (сөйлесу өнері) әдісін ұсынады. Сократтың этикасы рационалды: жаңсақ әрекеттер білместіктен жасалады, ешкім де өз еркімен зұлым болмайды. Адам өзіне үңілген сайын, өзінің білімсіздігін аңғармақ. Сократқа жүгінсек «Менің білетінім ештеңе білмейтіндігім» қағидасының мәні ашыла түспек.
Ал, Сократтың шәкірті, ежелгі грек философы, Платонның пікірінше, сезімдік танымның ақиқатты тану жолында ешқандай маңызы жоқ, себебі түйсіктер арқылы алған мәліметтер заттардың өзіндегі құбылыстар туралы білім емес, тек адамдардың пікірінде ғана қалыптасқан ұғымдар. Ал заттардың көзге көрінбейтін шын мәнін тек ақыл-ойдың күші арқылы білуге болады. Сондықтан шын ақиқатты түсініп білу үшін ақыл-ой заттар әлемінен аластатылып, жанның идеялар әлемінде көргендерін есіне түсіруге мүмкіндік алуы керек.
Ежелгі грек философы, энциклопедист-ғалым Аристотель адамның ақыл-парасатының қабілетін этикадағы ең жоғарғы қозғаушы күш деп тапты. Аристотельдің моральдық үлгісі - Құдай, яғни «өзін ойлайтын ой» - нағыз кемелденген философ. Аристотель: «Рақымшылдыққа ең алдымен дұрыс бағытталған ақыл қызмет етеді» . Демек, адам баласының сезімі дұрыс бағытталса, онда ақыл-ойы да соған орай іс-әрекетке барады.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Олар: «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында», «Никомаха этикасы» деп аталатын ғылыми еңбектері. Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударып отырған. Этиканың зерттеу объектісі - мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы бақыт болып табылады. Сондай-ақ ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды дегендей пікір айтады. Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады.
Журналист этикасы - қоғамда, әлеуметтік ортада бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің ұстанымымен, қызметімен, сондай-ақ, белгілі тұлғалар, ұжымдық топтармен арадағы қарым-қатынастармен тікелей байланысатындықтан, оның кәсіби шеберлігіне де ықпал етуші негізгі фактор бола алады. Өз міндеті мен жауапкершілігін терең сезіне білу, іскерлікті, кішіпейілділікті, мәдениеттілікті қастерлеу - журналистің кәсібіне, күнделікті қызметіне әбден сіңісті болған этикалық қасиет болып табылады. Жеке бастың мүддесін көздеп, өзінің қарақан басының қамы үшін баспасөз мінберін пайдалануға әрекеттену БАҚ қызметкерлері арасында кездесіп жатады. Мұны этикалық, моральдық жағынан азғындау деп таныған жөн.
Адал әрі әділ болу - журналист этикасының ең бір игі қасиеті. Өмірдің объективтік шындығын көпке жеткізуші, сол арқылы қоғамдық пікірді қалыптастырушы, төртінші билік иелерінің ешқашан да өтірік айтуға, жалған ақпарат таратуға қақысы жоқ. Бұл екінші жағынан журналист этикасының да қастерлі қасиеті болып табылады.
Журналистік мамандықтың бір ерекшелігі, әртүрлі көзқарастағы, сан қилы мінез-құлықты көптеген адамдармен күнделікті жолығып, сөйлесіп, жақын сырласудың арқасында ғана шығармашылық туындыларын жасайды. Сондықтан адамдармен тіл табыса білетін, ақылды, байсалды, мінезі жайлы болғаны дұрыс. Сонда ғана адамдардың сеніміне кіре алады, ой-пікірлерін айтқызады, өзіне қажетті ақпараттарды табады. Мұндай қабілеттерді игеру үшін де этикалық үлкен жауапкершілік, тәлім-тәрбие керек. Ешкімге тіс жарып айтпаған, жақын-жуық туыстарына ашпаған сырларын адамдар журналистке ғана сеніп жеткізетіндей ахуалды қалыптастыру - журналистің шеберлігі мен дарындылығының сыртында оның этикалық деңгейіне, қарым-қатынасының биік мәдениетіне тікелей байланысты. Ол үшін өзі де біреуге сене алатын, сол арқылы өзгенің де сенімін ақтай білетін этикалық қастерлі қасиетті игерген болуы абзал.
Егер журналистің қылығынан білгірсу, мақтаншақтық, кеудемсоқтық секілді жағымсыз әрекеттер байқалып жатса, онда оның моральдық жағынан азғындай бастағанының белгісі және оның салқыны әзірленген теле-радио бағдарламасын да, жариялатқан шығармасына да тиері заңдылық. Сонымен қатар, мұндай кері мінез журналистің дарынын да тежейтіні сөзсіз. Нағыз ақылды әрі білімді және этикалық тәрбиелі журналист сапалы жақсы жарияланымдар жасаған сайын сабырлы салмақты кейпін сақтай біледі, одан да артық туынды жасауға талаптанып, іздене түседі.
Журналист кәсіби этиканы қашан да құрметтеуге, оны аяқ асты етпеуге тиіс. Жазған жарияланымдары қаншалықты сәтті шығып, ел ықыласына бөленген сайын ол соншалық кішіпейіл, елгезек, адал бола түсуі керек. Себебі, журналист мамандығының бір ерекшелігі, ол үнемі елдің көзінде, халықтың бақылауында болатындығында. Оқырман журналистің жазған әрбір мақаласына баға беріп отырады. Оның жазған дүниелерінен менменсіген, мақтанған сыңай байқалса, автордың өзінен бұрын оқырман дереу сезіп қояды. Біреу болмаса да біреулер сырттай бақылап отыр дегенді журналист естен шығармауы керек. Сондықтан, журналист адам өзінің жеке басының мүддесін ешқашан да қоғамдық, халықтық ортақ мұраттан жоғары қоймайды.
Этика мәселесі - журналистердің басты назарында болатын мәңгілік өлмейтін тақырыптардың бірі. Бұл бұрын да солай болып келген, адамзат қоғамы тірі организм ретінде бар кезде алда да тұрақты көтеріліп, көптің талқылауынан өте берері сөзсіз. Этикалық, моральдық процестердің дұрыс-терісін, ақ-қарасын халық қана әділдікпен айырып бере алады. Сондықтан этикалық нормалар жөнінде БАҚ құрғақ уағыздан гөрі нақты дерек пен оқиғаларды көбірек жарыққа шығарса қоғамдық пікірдің дұрыс қалыптасуына, имандылықтың орын алуына көмектескен болар еді.
Қазақстанда журналистік этика мәселесі «Бұқаралық ақпарат құралдары» Заңында мазмұндалған. Аталған заңда этикамен бірге БАҚ-тың жұмыс істеу міндеттері мен журналистердің құқықтары бірнеше бапта белгіленген. Сондай-ақ, республикамызда «Ұлтаралық қатынастарды жазып көрсетудегі этика кодескі» қабылданған. Мұнда БАҚ-тың, журналистің осынау мақсаттағы алар орны мен рөлі айқындалған. Ал, Қазақстан Конституциясы мен басқа да кейбір заң актілерінде БАҚ пен журналистикаға қатысты мәселелер қамтылған.
Журналист - баспасөз ісіндегі негізгі тұлға. Онсыз қандай баспасөз болса да талапқа сай дайындалып, халықтың рухани талғамын қанағаттандыра алмайтыны түсінікті. Сондықтан, ең алдымен журналист кәсіби тұрғыда толыққанды маман ретінде еңбек етіп, танылуы керек. Ол өз қызметінде тек қана шындықты жазып, барлық мәселені, объективті түрде қарау керек. Нағыз журналист өмірде осылай еңбек етуге, осылай өмір сүруге тиіс. Бұл - журналист алдында тұрған үлкен борыштардың бірі.
ІІ. Негізгі бөлім. а) Халықаралық журналистика тәжірибесі
Бүкіл өлемде болып жатқан қазіргі заманғы зор өзгерістерге байланысты журналистика да жаңа көзқарасты, жаңа үғымды, жаңаша ойлауды қажет етеді. Уақыт өткен сайын ішкі-сыртқы саясат баспасөз, радио мен тележурналистиканың алдына тың міндеттер қояды Ондай міндеттерді орындау үшін бүкіл коллектив болып, ізденістер жасау арқылы жұмыс істеу қажет. Бұл орайда-журналистердің интеллектуалдық тәжірибесін қолданбай болмайды. Әсіресе, бұл салада халықаралық тәжірибелерге ерекше назар аударып отыру қажет. Мәселен, дамыған шетелдерде бүгінгі ақпарат құралдары қалай жұмыс істейді, соған назар аударған жөн. Ол үшін олардың жұмысына, журналистік творчествосына талдау жасап, қорыта білу керек. Мұндай тәжірибе алмасу материалдар, хабарлар дайындауда түр мен стильді жаңартуға, уақыт өзгерісіне сай хабарлар беруге мүмкіндік жасайды. Стандарттан қашып, тапқыр әрі қызықты материалдар беруге пайдасын тигізеді. Газеттің, радио мен телехабардың мазмұны мен характерін, тақырыбын, идеясын түрлендіруге, дамытуға әсер етеді. Қоғамның моральдық-саяси ахуалын жақсартуға, ескі ұғымда қалып қоймауға, жаңалықтарды дұрыс қабылдауға мүмкіндік береді. Ой тереңдігіне, сөздің өткірлігіне, тележурналистердің барлық қабілеті мен шеберлігін дамытуға ықпалы тиеді. Халықаралық тәжірибе мен жетістіктерге сүйену, Сонымен бірге әрбір журналистің немесе коллективтің жетістігін онан сайын толықтыруға, дамытуға игі әсер етеді. Демократиялық қоғам құру үшін бұқаралық ақпарат кұралдары көп жүмыс істеуі тиіс. Бұл өмірге тереңдеп ену, шындықты айту, қажетті де, актуальді фактілерді таба білу, оны зерттеп, халыққа ұсыну үлкен жауапкершілікті тілейді.
Әрине, шетел журналистикасына назар аударғанда бәрін бірдей ала беру, үйрене берудің негізі жоқ. Ең жаңашыл, бұрын айтылмаған нөрселерді таңдай білген жөн. Алдымен халыққа не қажет және нені айту керек, соны байқаған дұрыс. Бұл үшін өткен мен жаңаны, сондай-ақ өзімізде не бар, не жоқ соны біліп барып ажырата білу керек. Қажеттісін алып, қажет емесіне сын көзбен қараған дұрыс. Бұрын біздің елмізде шетел журналистикасының төжірибесіне назар аударылмайтын. Ал бүгінде бәрі басқаша. Халықаралық қатынастар бейбіт түрде, бірін-бірі түсінушілік жағдайда дамып келеді. Яғни, сенім мен қауіпсіздік, жер бетінде бірлесе өмір сүру тенденциясы байқалады. Демек, бұрынғыдай елдердің бір-біріне сенімсіздікпен қарауы бірте-бірте өзара түсінушілік қарым-қатынасқа айналып келеді. Бұл орайда ақпарат құралдары да өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Сондықтан мына жайларды атап айту керек:
1. Бұқаралық ақпарат құралдары қай елде болмасын, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста ашық жұмыс істеуі керек. Бұл ретте географиялық, ұлтгық шекаралар шеңбері тосқауыл болмауы қажет.
2. Әр ел өзінің тарихын, мәдениетін, тілін, ұлтын сақтай отырып, жер жүзілік цивилизацияға үлес қосуы тиіс. Адамзаттық бүкіл құнды қасиеттерге араласу керек. Әділдік, шыншылдық, достық және гуманизмді қадірлеу жөн.
3. Қоғамдық дамудың объективті заңдылықтарын көрсетіп отыру қажет. Жер жүзілік прогресті дамытуға ақпарат құралдарының белсенді қызметі қажет.
4. Экология, атом қарулары зардаптарын жоюға және соғысты болдырмауға баспасөз, радио, телевидение ерекше қызмет етуі тиіс.
5. Әлемдік хабарлардың оперативтілігін жақсартуға ұмтылу керек. Бұл орайда көптеген елдер бірлесе әрі тұрақты жұмыс атқаруы жөн.
6. Үкіметпен бірге, халықтық дипломатияны дамытуға ақпарат құралдары белсене араласуы қажет. «Дөңгелек үстелдер», «телекөпірлер» арқылы жер жүзілік маңызды оқиғалар мен бейбітшілік инициативаларды дер кезінде жариялап, көрсетіп, насихаттап отырған дұрыс.
Әрбір елдің ақпарат құралдары өз тәжірибесіне қоса, халықаралық журналистика тәжірибесін біліп, зерттеп, қорытып, одан әрі даму жолында пайдалана білуі керек. Әсіресе, қазір жер жүзі журналистикасында орын алып келе жатқан дамыған елдер - Американың және Еуропаның Англия, Франция, Германия мен баска да елдерінің тәжірибелік жұмыстары назар аударады.
Радио мен телевидениенің тез дамитынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әрісін айтпағанда осыдан 20-30 жыл бұрын ғана түрлі-түсті телевизордың пайдаланылуы бүгінгідей дәрежеге жетеді деп ешкім ойламаған еді. Әрине, мұның қоғамның әлеуметтік қажеттілігінен туатыны белгілі. «Бүгінде телевидение бүкіл әлемде өтпелі кезеңді бастан кешіріп отыр. Ақ-қара түсті телевизордың орнына қазір түрлі-түсті телевизорларды пайдалану көбейіп келеді. Ал мұның өзі телехабарларды беруді жаңа бір сатыға көтеріп отыр. Түрлі-түсті телевидениені айтқанда, қазір бүкіл әлемде бұл орайда радио мен телевидение жүйесінде үлкен өзгерістер болып жатқанын айту керек. Мәселен жаңадан жер серігі (спутниктік) және кабельдік телевидениенің пайда болуы соның айғағы. Бұл радио мен телевидение дамуының стратегиялық мәнін айқындайды. Әсіресе, Еуропа елдері мен Америкада қоғамдық телевидение монополиясын бұзып, жаңадан коммерциялық телевидениені еңгізу өріс алып отыр. Алайда телевизиялық ұйымдардың көбеюі телепрограммалардың көбеюіне жағдай жасай ма, жоқ па, оны өмір көрсетпек. Ал анализге жүгінсек, жаңа коммерциялық программалар негізінен жарнама берушілердің талабын қанағаттандырып, қаржы табудың көзіне айналатын сияқты. Олар тек көңілдендіретін хабарлар берумен шектеліп қалатындары да бар. Әрине, көңілді хабарлар да керек шығар, бірақ, қоғамдық телевидение болса мұндай «көңілді» хабарлардың орнына көбіне халықты жаңалық хабарлармен және танымдық, білімдік программалармен қамтуға тырысады.
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz