Ежелгі Шығыс мәдениеті туралы мағлұматтар



Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 19 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. И. СӘТБАЕВ атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қоғамдық ғылымдар кафедрасы

Тақырыбы: Ежелгі Шығыс мәдениеті

Тексерген: Оразалиев Б.
Орындаған: Амирбеков Ж.
Тобы: КСУ-02-1қ

Алматы 2006
Мазмұны
Кіріспе 3
Ежелгі Үнді мәдениеті 4
Көне Қытай мәдениеті 12
Қорытынды 18
Қолданылған әдебиеттер 19

Кіріспе

Мәдениет дегеніміз не? - деген сұраққа жауап беру үшін бұл сөздің
этимологиясына, яғни осы бір күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығу тегіне
тоқталуды жөн көрдік. Қазақ тіліне бұл термин арабтың маданият - қала,
қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырлардағы мұсылман мәдениетінің
өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке берілген
көптеген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады.
Бұл жерде алдымен көзге түсетіні – мәдениет пен табиғатты культура мен
натураны қарсы қоюшылық. Көне заманда культура деген ұғым жерді өңдеу
деген мағынаны берген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Цицеронның еңбектерінде
(б. э. д. 45 ж) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, жанды жетілдіру деген
ұғымды білдірді. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі білім
беру, даму, қабілеттілік, құрметтеу сияқты мағыналарға ие бола
бастады. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар
берілген: а) мәдениет – белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен
шығармашылығының жиынтығы; ә) мәдениет – адамзат қауымының белгілі бір
тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері; б) мәдениет –
адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі; в) агромәдениет.

Ежелгі Үнді мәдениеті

Үндістан — адамзат баласының ең көне мәдени ошақтарының бірі. Баға
жетпес мәдени қазынаның иесі осы бір дарынды халықтың мәдени мүраларын
басқа халықтардың мәдени жетістіктерімен ауыстырып алуға болмайтындығын
ерекше атап өткіміз келеді. Талай шапқыншылықты басынан өткізсе де
өздерінің ешуақытта да басқыншылыққа бармауы, бұл ұлы халықтың ұлттық
ерекше қасиеті де болар. Ал осы бір ұлттық ерекшелік - үнді халқының мөдени
дамуына өз ықпалын тигізбеуі тіпті мүмкін де емес сияқты. Бірақ өкінішке
орай ежелгі үңді мәдениеті жайындағы толық мағлұматтарды тек соңғы кездерде
ғана ала алдық. Біздің ғасырымыздың 20-шы жылдарында ғана археологиялық
қазба жүмыстарының нәтижесінде палеолит және неолит дәуіріне жататын баға
жетпес материалдық мәдениеттің ескерткіштері табылады. Инд өзенінің
аңғарында жүргізілген қазба жұмыстары б.з.б. ІІІ-ІІ мың жылдықтардың өзінде-
ақ үнді жерінде мәдениеттің дамуының жоғары қарқында болғандығын дәлелдеп
отыр. Б.з.б. III-мыңжылдықтың аяғында қалыптасқан Мохенджо-Даро (Синд,
Пәкістан) жөне Харапа (Пенджаб, Пәкістан) мәдениеттерінің ескерткіштеріне
қарағанда ежелгі үнділіктер дәстүрлі тас құралдармен қатар мыстан және
қоладан жасалған заттарды да кеңінен пайдаланған. Бұл алқаптың тұрғындары
дүние жүзінде тұңғыш рет мақтадан иіріп, тоқуды игерген. Көне үнді
зергерлері мен қышшыларының даңқы бүкіл дүние жүзіне кең тараған. Осы
дәуірде таптық қарым-қатынастардың дамуы, мемлекеттер мен қалалардың пайда
болуы, ал олардың өз кезегінде көршілес жатқан елдермен сауда-саттық қарым-
қатынастарын жасауы, сөзсіз, қала мәдениетінің өрістеуіне қолайлы жағдайлар
жасады.
Осы орайда, Харапа өркениетті көне Шығыстағы ең ірі мәдени ошақтардың
бірі болғандығын атап өтуіміз қажет. Бұл тарихи мәдени орталық батыстан
шығысқа қарай 1250 шақырымға созылған кең алқапты алып жатыр. Харапа
мәдениеті кезеңіндегі қалалардың салыну мерзімі де, қалыптасып дамуы да әр
кезеңдерді қамтиды, сондықтан да бұл кезеңдерді атауда шарттылыққа жол
берілген. Харапа мәдениетіне қатысты екі жүзге тарта байырғы қоныстардың
табылуы - бұл мәдениеттің арнасының кең екендігін көрсетеді.
Шындығында жүгінетін болсақ, үнді археологтары Р.Сахни мен Р. Д
Банерджиждің Инд алқабынан көне өркениет орталығын ашуы — үнді халқының
тарихына ғана емес, сонымен бірге оның мәдениетіне деген көзқарастарды
мүлдем өзгертіп жібереді. Үнді халқы басқа халықтардан жырақ тұрғандықтан,
олардың өзіндік мәдениеті болмаған, даму дәрежесі жағынан Месопотамия
сияқты көне Шығыс елдерінен әлдеқайда артта қалған, тіпті Үндістанның
тарихқа дейінгі кезеңі тым жабайы болған деген сияқты жалған болжамдардың
шындыққа мүлде жанаспайтындығы дәлелденді.
Харапа өркениеті құлдырауға ұшырап, Инд одан кейін Ганг аңғарларына
өздерін арийлер деп атаған тайпалардың қоныс аударып келулеріне байланысты
үнді мәдениетінің тарихында жаңа кезең басталды. Осы бір тарихи процестің
нәтижесінде үнді-арийлік және жергілікті тайпалардьщ мәдени жетістіктерін
өз бойына сіңірген жаңа мәдениеттің іргетасы қалана бастады. Өкінішке орай,
бұл мәдениеттің алғашқы кезеңдері жайында (б.з.б. екі мыңжылдық пен бір
мыңжылдықтың ортасы) мәдени ескерткіштердің жоқтығына байланысты нақты
пікір айтуға мүмкіндігіміз жоқ. Дегенмен, б.з.б. екі мыңыншы жылдықтағы
кейбір әдеби деректерде, әсіресе, алғашқы төрт Ведаларда (арийлердің
қасиетті кітабы) үнді — арийліктердің материалдық және рухани мәдениеттері
жөніндегі деректер ара-тұра кездесіп қалады. Басқа деректер болмағандықтан
үнді халқының ұзаққа созылған бұл кезеңі шартты түрде Ведалық дәуір деп
аталды. Бұл кезеңде алғашқы қауымдық құрылыстың орнына таптық қоғам орнады,
мүлік теңсіздігі пайда болып, құлдық өмірге келді. Қоғамдағы осындай келелі
өзгерістерге байланысты қоғам сословие-варналарға бөлінді. Варналардың
қоғамда алатын орын дәрежесі де, беделіде биік абыз-брахмандар арқылы
белгіленді.
Ведалық тайпалар негізінен егіншілікпен және мал өсірумен шұғылданды.
Егіншіліктің дамуымен жергілікті халықтың отырықшылдыққа көшуіне темірдің
пайда болуы ерекше ықпал етті. Қолөнер мен сауда-саттық етек ала бастады.
Әсіресе, Ганг өзенінің аңғарында егіншіліктің, қолөнердің, сауда қарым-
қатынастарының дамуының қарқыны өте жоғары болды және қалалар салу
ойдағыдай жүзеге асырыла бастады.
Идеология саласында да терең өзгерістер жүзеге асырылды. Жаңа
философиялық жүйелер қалыптаса бастады. Заман ағымына байланысты ведалық
құдайшылдық өзінің бұрынғы маңызын жоғалтып, ендігі жерде ведалық дінді -
брахманизм алмастырды. Брахманизм - құлиеленушілік қарым-қатынастардың әлі
де тереңдей қоймаған кезінде үстемдік етуші таптың идеологиясы болды. Үнді
қоғамында болып жатқан мұндай түбегейлі өзгерістер дүниежүзілік мәдениеттің
аса құнды туындысы Махабхаратта және Рамаяна поэмаларында кеңінен
көрініс тапты.
Б.з.б. бір мыңжылдықтың ортасына қарай мәдениеттің даму қарқыны
жоғарылады, бірақ Үндістанның барлық жерінде де бұл қарқын бірдей болды деп
айтуға тағы да болмайды. Үнді мәдениеті мен өнері, әсіресе Маурья дәуірінде
(б.з.б. IV-II ғ.) айтарлықтай табыстарға жетті. Бұл кезеңдегі мәдениеттің
гүлденуіне үнді тарихында алғаш рет орталықтандырылған мемлекеттің құрылуы
зор ықпалын тигізді. Елдің саяси жағынан бірігуі, экономиканың қолөнер мен
сауда қарым-қатынастарының дұрыс жолға қойылуы ғылыми білімдердің дамуына
қолайлы жағдайлар туғызды. Дәл осы тұста Маурьялық Үндістанның астанасы —
Паталипутра және Таксида сияқты ірі мәдени орталықтары пайда болды. Театр
ұйымдастырылып, онда жаңа драматургиялық шығармалар сахнада қойыла бастады.
Маурья дәуірінде буддизм мен джайнизм халық арасына кеңінен тарап, әрі
діни, әрі философиялық ағымдарға байланысты діни-философиялық әдебиет
қалыптасты.
Қушан дәуірінде (б.з. І-ІІІ ғ.) үнді мәдениеті өз дамуында жаңа арнаға
түсіп, өзіндік сипатқа ие болды. Қушан империясы ұлан байтақ империяны:
Солтүстік Үндістанды, Орта Азияның бір бөлігін, қазіргі Ауғаныстан мен
Пәкістан жерлерін алып жатты. Бұл үлкен саяси одаққа қоғамдық-саяси, мәдени
дамуы жағынан әркелкі және түрлі діндегі толып жатқан халықтар мен тайпалар
кірді. Қалыптасқан осындай жағдайларға байланысты Қушан мемлекеті бұл
елдердің арасындағы біртұтас жүйені саяси салада ғана емес, мәдени өмірде
де орнықтыруға барынша күш салды.
Өнер ескерткіштеріне, жазба деректерге және нумизматиканың
мәліметтеріне қарағанда мәдениет саласындағы үнділік элементтердің, ирандық
және эллиндік элементтерімен қатар буддизмнің, индуизмнің, зороастризмнің
элементтерін де өз бойына сіңіргендігін байқаймыз. Қушан дәуірінде будда
мәдениеті жоғары сатыға көтеріліп, гүлдену кезеңін басынан кешірді. Буддизм
идеяларын насихаттайтын әдеби шығармалар, әсіресе поэзия мен драматургия
салаларында көптеп жарық көрді.
Егер Қушан дәуірінде будда мәдениеті кеңінен өріс алса, ал үнді
тарихының келесі кезеңі Гупт дәуірінде (б.з. IY-YII ғ.) индуизм мәдениеті
шарықтау шегіне жетті. Сондықтан да болар, бұл тарихи-мәдени кезеңді
индуизмнің алтын ғасыры деп атады. Гупт империясы 165 жыл бойы гүлдену
заманын басынан кешірді, кейіннен ғұндардың шапқыншылығынан кейін құлдырай
бастаған ежелгі Үндістанның ең соңғы ірі мемлекеті болды. Бұл кезеңде
экономика саласы мен әлеуметтік дамуда біршама жетістіктерге қол жетті.
Классикалық әдебиеттің негізі қаланып, үнді театры құрылды, драматургияның
теориясы өмірге келді, сан-салалы музыкалық шығармалар туындап, музыкалық
шығармаларды орындауға арналған арнайы трактаттар жазылды. Ғылымның
математика, астрономия, медицина, химия, биология сияқты салалары да даму
үстінде болды. Бұл тұста елдің солтүстігі мен оңтүстігінің түрлі діни
қағидаларын өз бойына сіңіре білген күрделі діни ағым - индуизм қалыптаса
бастады. Сонымен үнді тарихының көне дәуірі - хронологиялық жағынан алғанда
Гупт кезеңімен аяқталады. Бірақ үнді халқының одан кейінгі мәдени даму
кезеңдерінде де Маурья, Қушан және Гупт дәуірлерінде қалыптасқан мәдени
дәстүрлер жоғалып кетпей, жаңа заман ағымында өз ықпалын күшейте түсті.
Үндістан тарихының көне дәуірлерінің қай-қайсысы болса да бұл елдің тарихи-
мәдени дамуының өзіндік бағыты мен ерекшелігін айқындап, үнді өркениетінің
өзіндік сипатының қалыптасуына үлкен ықпал жасады. Осы орайда Үндістанның
көне дәуірінің Шығыстың басқа елдерімен салыстырғанда өте ұзаққа
созылғандығын атап өтуіміз қажет.
Көне үнді мәдениетінің материалдық негізін қалыптастыруда оның табиғи
жағдайлары да басты рөл атқарған. Сонау көне заманньщ өзінде-ақ Ганг аңғары
өте құнарлы жер болған, елдің ауылшаруашылық алқабына айналған бұл жерден
суландыру жүйелерінің көмегімен жылына екі-үш реттен өнім алынатын болған.
Ганг алқабын игеру барысында мәдени дамудың әр сатысындағы тайпалар бір-
бірімен тығыз қарым-қатынастарда болды. Олардың қоғамдық құрылысы, тілдері,
шаруашылықты жүргізу әдістері әртүрлі бола тұрса да ортақ мәдени өмір
арнасында өмір сүрді. Ғасырларға созылған осындай қарым-қатынастар олардың
қоғамдық дамуын теңестірді, бәріне де ортақ діни ұғымдардың қалыптасуына
әсерін тигізді, сөйтіп бұл тайпалардың арасындағы айырмашылықтар біртіндеп
жойылып, табиғи бірігу процесі басталды.
Үнді жері табиғи кендерге өте бай болып келеді. Әсіресе, үнді жерінен
шыққан темірдің сапасын шетелдіктердің өздері де өте жоғары бағалаған. Көне
заманнан бергі металлургтердің технихалық шеберлігінің шыңдалуын көрсететін
толып жатқан айбынды мәдени ескерткіштер бар. Солардың бірі — Дели
қаласында орнатылған ұзындығы 7,2 м, салмағы 6,25 тонна болып келетін темір
бағана (415—416 ж.). Үнді шеберлері түсті металдан құйылған талай мәдени
ескерткіштерді одан кейін де болашақ ұрпаққа тарихи-мәдени мұра етіп
қалдырды. Мысалы, б.з. Ү-ғ. Будданың мыстан құйылған мүсінінің салмағы 2
тонна, ал ұзындығы 2,5 метрден астам болып келеді. Үндістан мақта мен
маталардың отаны болып саналады, өйткені б.з.б. үш мыңыншы жылдықтардың
өзінде-ақ мақтадан жасалған тауарларды шет елдерге шығара бастаған. Үндінің
жібек маталары сол кездің өзінде-ақ үлкен сұранысқа ие болған. Қолөнер
негізінен қалаларда дамыған. Қалалар әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен
қатар атақты мәдени ошақтарға да айналған. Қалалардың аумағы өте үлкен
болғандықтан олардың тұрғындарының саны көп жағдайларда жүздеген мыңға
жеткен. Мысалы, Мохенджо - Даро қаласында жүз мың адам түрған. Қалаларда
тұрғын үйлермен қатар ғибадатханалар, астық сақтайтын қамбалар, үкіметтің
мәжіліс залдары сияқты қоғамдық ғимараттар да бой көтерген, арнайы салынған
су құбырлары қалаларды сумен қамтамасыз етіп отырған. Халықтың басым
көпшілігі егіншілікпен, қолөнермен және сауда-саттықпен шұғылданған. Үнді
халқы негізінен құдай-аналарға табынған, сонымен қатар от пен суға құлшылық
еткен.
Буддизмнің мемлекеттік дінге айналуы - сәулет өнері мен мүсін өнерінің
дамуына жол ашып берді. Буддизмді насихаттауда бейнелеу өнеріне ерекше
беріліп, елде Буддаға арналған мемориалдық құрылыстар салыну ісі қолға
алынды, сансыз ғибадатханалар салына бастады. Мемлекеттік дінді қоғам
еміріне берік орнықтыру мақсатында аңдар түрінде бейнеленген буддалық
белгілерге бай стамбхи - бағаналар салу кеңінен етек алды. Қазба
жұмыстарының нәтижесінде табылған дәл осындай отыз бағананың оны толық
сақталған. Олардың салмағы 50 тоннаға, ал биіктігі 15 метрге жетеді.
Көне Үндістанның мүсін өнері негізінен діни наным-сенімдерге
байланысты дамыды. Кез келген мүсінші өзінің қай дінге жататына қарамастан
түрлі діни наным-сенімдерге қатысты бейнелерді жасай беретін болды. Өнер
трактаттарының қағидаларына сәйкес мүсіншінің шығармашылық процесі үш
сатыдан тұрды: 1. Мүсіншінің жан тазалығы; 2. Бейнелейтін объектінің
образын ой елегінен өткізіп, оны өз қабілетімен ұштастыру; 3. Осы
айтылғандарды жүзеге асыру. Бұл қағидалар әдеби шығармашылықпен
шұғылданушыларға да тән қасиет болды. Біздің заманымызға дейін келіп жеткен
материалдық ескерткіштердің ішінен, әсіресе, құдай-аналарды бейнелеген әйел
мүсіндері өте жиі кездеседі. Б.з.б. IV ғ. жататын тастан жасалған
монументалдық мүсіндерде адам кейпіндегі құдайлар бейнеленген, Қаһарлы да,
қозғалыссыз жасалған бұл мүсіндердің биіктігі адам бойынан да биік болып
келеді. Мүсін өнерінде таза үнділік бағытпен қатар, басқа елдердің өнер
саласындағы дәстүрлерін бойына сіңірген түрлі синкретикалық мектептер жұмыс
істей бастады. Шетелдік өнер саңлақтары Үндістанға батыстық-азиялық сарынды
ала келсе, ал кейіннен грек-рим мәдениетінің ықпалы да аңғарыла бастады.
Үнділіктер ғылыми білім саласын да жан-жақты дамыта білді. Олардың
математика, лингвистика, астрономия, медицина саласыңдағы таң қаларлықтай
жаңалықтары - бүкіл дүниежүзілік мәдениеттің дамуындағы асқаралы белестер
болды. Үнді математиктерінің ғылыми табыстары Үнді өркениеті кезеңімен
тығыз байланысты болды. Бұл кезеңдегі математикалық және астрономиялық
текстер толық сақталмағандықтан, бұл ғылымдардың даму деңгейін тек қана
материалдық мәдениет ескерткіштеріне қарап анықтай аламыз. Үнді
математикасында арифметикалық және геометриялық прогрессиялар басты орын
алған. Олардың көптеген есептері Ведаларда да көрсетіледі. Үндінің атақты
математигі Арьябхата (V—VI ғ. басы) арифметикалық прогрессияның түрлі
қасиеттерімен жақсы таныс болған. Оның еңбектерімен көне заман мен орта
ғасырлардың атақты ғалымдары танысып қана қоймай, оны егжей-тегжейлі
талдаған. Ұлы ғалымның біздің дәуірімізге келіп жеткен жалғыз еңбегі -
Арьябхатня. Бұл ғылыми трактатта арифметикалық, геометриялық,
тритонометриялық есептерді шешудің ережелері берілген.
Көне үнді медицинасы туралы сөз қылсақ, бұл салада да тамаша ғылыми
еңбектер дүниеге келген. Солардың ішіндегі ең құндылары — біздің
заманымыздың басында жарыққа шыққан Чарака-самхита мен Сутрута-самхита
трактаттары. 150 тараудан тұратын Чарака-самхита негізінен терапия
мәселесіне арналғанымен, мұнда хирургия сияқты медицинаның басқа да
салалары қамтылады. Бұл ұлы еңбектің авторы анатомияның медицинадағы
маңызына мән бере келіп былай деп жазады: Дәрігер сырқаттың себебін білу
үшін өлген адамның дене мүшелерін мұқият зерттеу қажет. Осы орайда көне
заманда ғана емес, тіпті орта ғасырлардың өзінде де өлген адамның денесін
жарып көруге рұқсат берілмегендігін ескерсек, бұл бастама медицина ғылымы
саласындағы таңғажайып ерлік болатын. Тіпті өте ертеде жазылған ғылыми
трактаттардың мазмұнына қарап-ақ үнділердің медициналық білім дәрежесінің
өте жоғары болғандығына көз жеткізуге болады. Мысалы, Чарака-самхитада —
600, ал Сутрута-самхитада — 650 дәрінің аты аталған, сонымен қатар бұл
еңбектерде үш жүзден астам түрлі операцияларға сипаттама берілген және 120
хирургиялық аспаптардың аты аталған. Демек, Чарвака мен Сутрута өз
мәнін орта ғасырлардада сақтай отырып, бүкіл мұсылман дүниесіне өзінің
ықпалын тигізді. Бұл баға жетпес ұлы медициналық туындылар парсы және араб
тілдеріне аударылған және бұларды атақты ғалым Ибн-Сина өзінің Медицина
ғылымының каноны деген еңбегінде кеңінен пайдаланған.
Үнді елі әдеби ескерткіштерге де өте бай болып келеді. Үндістанның ең
көне әдеби ескерткіштерінің бірі - ведалар болып есептелінеді. Ғасырлар
бойы қалыптасқан көне дәстүрлерге сүйене отырыл, ведаларды мазмұнына қарай
бірнеше топтарға бөлуге болады. Олар, ең алдымен самхиттер — гимндердің
жинақтары: Ригведа (гимндер жинағы), Самоведа (әндер жинағы),
Яджурведа (құрбандық шалуға байланысты айтылатын діни сөздердің жинағы),
Атхарваведа (сиқырлық арбау мен жалбарынулардың жинағы). Одан кейін
самхштердің салт-жоралық текстерінің мазмұнын түсіндіретін - брахмандар,
упанишадтар мен тақуаларға арналған текстер (діни философиялық трактаттар)
— Араньяктар (орман кітаптары) келеді. Үндістанның ең көне әдеби
ескерткіштерінің қатарына б.з.б. екінші ғасырдың аяғы мен бірінші ғасырының
басында жазылған Ригведа жатады. Бұл жинақ әртүрлі мазмұндағы 1028
гимндерден тұрады, олар негізінен құрбандық шалу кездерінде орындалатын
болған. Ерекше атап өтетін бір жәйт, Ригведада тұрмыстық салттарымен
қатар, халық фольклоры мен сатираның элементтері де көп кездеседі, ал
атақты диалог-гимндер тек құдайларға ғана бағышталған, сонымен қатар
бұлар сахналық көріністерге де арналып жазылған сияқты. Кейбір гимндердің
табиғат құбылыстары мен адам сезімдерін тамаша суреттейтіндігі соншалық
оларды осы бір ерекшеліктеріне қарап поэзияның бір үлгісі деп те қабылдауға
болатын сияқты.
Ежелгі Үндістанның аса құнды әдеби мұрасы — б.з.б. үшінші ғасырдың
аяғында жазылған атақты Махабхарата және Рамаяна поэмалары. Бұл
поэмалардың нақты тарихи оқиғаларға арналғандығы күмән туғызбайды.
Махабхаратадағы баяндалатын тарихи оқиғалардың негізгі өзегі — Каурав
және Пандов патшалықтарының арасындағы бақталастық пен соның нәтижесінде
туған қақтығыстар. Куру даласында өткен бұл әскери қақтығыс 18 күнге
созылған. Бұл қиян-кескі шайқаста ағайынды Пандавтар жеңіске жетеді, ал жүз
ағайынды Кауравтардың барлығы да шәйт болып, бүкіл әскері қырылады.
Шығарманың басты кейіпкерлері — жеңіске жеткен ағайынды Кауравтардың бірі —
Арджуна мен оның шәкірті Ядава тайпасының көсемі Кришна. Кришнаның шайқас
алдындағы ақыл кеңестері бұл поэманың ең қасиетті де, маңызды бөлігі болып
саналады, ал ол мінген доңғалақты әскери арба Бхагаватгита (құдай әні)
деп аталады. Бхагаватгитаны абыз-брахмандар жазып алып, оны діни-рәсімдік
рухта қайта өңдеп, Кришнаны құдайға айналдырған.
Эпикалық Рамаяна поэмасы Раманың ерліктеріне арналған. Ол әкесі
өлгеннен кейін патша тағына отыруы керек еді, бірақ әкесінің әйелдерінің
бірі өз баласын патша тағына мұрагер еткісі келеді. Шиеленіскен осы
жағдайдан кейін Рама өзінің сүйікті әйелі Сити және адал інісі Лакшманмен
бірге орманға кетіп қалады. Жын-перілердің патшасы, Ланк аралының билеушісі
Равана Ситиді ұрлап өз астанасына алып келеді. Рама өз қарындасын
маймылдардың көсемі Хануманмен одақтаса отырып құтқарып қалады және осы
шайқаста Равананы өлтіреді. Осы оқиғадан кейін құтқарылған қарындасымен
бірге отанына қайта оралып, патшалық билікті өз қолына алады. Ғасырлар
бойында ауыздан-ауызға тараған бұл эпоста сол дәуірдің тарихи тынысы бар,
халықтың арман-қиялы бар, сондықтан да болар тарих-мифологиямен терең
ұштасып, қабысып жатады. Бұл поэмалар — көне үнділіктердің мәдени және
әлеуметтік өмірінен, саяси ұрылымынан, тіпті олардың күнделікті
тіршілігінен де мол мағлұматтар береді. Олай болса бұл еңбектерді
энциклопедиялық шығармалар қатарына жатқызамыз. Бұл қасиетті поэмалар -
үнді халқының ұлттық салт-дәстүрлерінің қалыптасуына, эстетикалық және
адамгершілік идеалдарының жоғары көтерілуіне және бүкіл үнді мәдениетінің
өркендеп-дамуына ерекше ықпал етті. Махабхарата және Рамаяна
поэмаларының - грек халқының аса құнды мәдени туындысы Илиада мен
Одиссея поэмаларымен салыстырылуы тегіннен-тегін болмаса керек.
Қоғамның әртүрлі топтарға бөлініп, касталық құрылыстың орнығуы
діннің қалыптасуына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Алғашқы қауымдық
құрылыстың ыдырау кезеңінде адамдардың бойында табиғаттың құдіреттілігіне
сену, оның сұрапыл күштеріне табыну белең алды. Осындай жағдайда ведалық
дін — индуизмнің алғашқы қалыптасу сатысындағы өзіндік көрінісі болып
табылады. Таптық қоғамның қалыптасу барысында алғашқы қауымдық құрылыс
дәуіріндегі діни наным-сенімдер түбегейлі өзгерістерге ұшырады.
Б.з.б. бірінші мыңжылдықта индуизм дамуының бастауында - брахманизм
түрды. Дін ендігі ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Түркеш кағанаты
Ортағасырлық Тараздың экономикалық және саяси мәдениетi
Қазақ халқының мәдениеті
Карта туралы тарихи деректер
Қимақтардың шығу тегі
Қазақстан жеріндегі тұрғын үйлер мен баспаналардың даму тарихы
Еліміздегі тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіштердің туризмдегі рөлі
Үйсін және қаңлы тайпаларының тарихы
Қазақстанның территориясы мен табиғаты жайындағы географиялық деректер
Ибн Синаның философиялық мұрасы
Пәндер