XX ғасырдың басындағы қоғамдық саяси ой - пікір


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 11 бет
Таңдаулыға:   

XX ғасырдың басындағы қоғамдық саяси ой-пікір

XX ғасырдың басында қазақ топырағында бір топ талантты ойшыл ақындар, қоғам қайраткерлері дүниеге келді, әрине оларды дүниеге келтірген объективті қоғамдық жағдайлар. Ең алдымен ол 1861 жылдан бастап басыбайлылық құқық жойылғаннан кейін Ресей құлаш жайып, дами бастады. Капитализм XX ғасырдың басында Батыс Европа елдерінде империализмге ұласты, отаршылдық езгі күшейді. Соған сәйкес Ресейдің орталық аудандарында революциялық қозғалыс, ал шет аймақтарында ұлт-азаттық қозғалыс пайда болып, күшейе түсті. Ұлт аймақтарында өсіп шыға бастаған зиклылар өкілдерінің ұлттық сана-сезімі оянып, олар ұлттық теңсіздікке, езгіге наразылығын білдірді, бостандықтың жолын іздестірді. Сол кездегі қазақтың алдыңғы қатарлы ойшыл азаматтарын ойландырған қандай мәселелер? Ең алдымен оларды ел тағдыры, отаршылдық бұғаудан құтылу, дербес тәуелсіздік мемлекет құру жайы толғандырды. Өйткені патшалық Ресей Қазақстанды басқа ұлт аймақтары сияқты өзіне қосып алған соң, қазақ жерлерін Ресейдің меншігі деп жариялап, отаршылдық тәртіп орнатты, кұнарлы жерден, өзен-көл жағаларынан, тау етектерінен жергілікті халықты ығыстырып шығарып, оларды құнарсыз, шөлейт жерлерге айдап салды. Әскери бекіністер орнатып, Ресейден помещиктердің бұғауынан босағанымен, жерсіз, шаруашылықсыз қалған жүз мыңдаған орыс шаруаларын әкеліп қоныстандырды, орыс-казак әскери қолдарын орналастырып, бекіністер салды, тарихи жер-су аттарын өзгертіп, орысша атады, олардың бұрынғы табиғи қалыптасқан атауларын халық санасынан өшіріп, ұмыттыра бастады. Бұл алдын ала ойластырылған, халықтың қанын теспей соратын нағыз отаршыл басқыншылардың Америкада байырғы үндістерге қолданған жауыз, айуандық әрекетіне ұқсас саясат болатын. Отаршылдық саясат бойынша қазақ халқының атын да «Киргиз» деп өзгертіп, не бұратана, тіпті дала адамы (степняк) деп кемсітіп, оларды өз мекенінен айырмақ болды. Жергілікті халық екі түрлі қыспақта қалды: бірі - отаршылдық езгі де, екіншісі - жергілікті үстем тап езгісі. Бірақ қазақ халқы американдық үндістерге қарағанда мыңдаған жылдарға тамыр тартқан тарихи мәдениеті қалыптаскан, үлкен адамгершілік әдет-ғұрыпты, арнамыс пен сыпайылықты дәріптеп, сыйлаған озық ойлы халық болатын. Олар мұндай қорлыққа төзбеді. Олар, бір жағынан, орыстың жәй халқынан өзіне жақын дос тапса, екінші жағынан, отаршылардан қастандық, арамдық көрді. Отаршылдыққа әбден наразы болып, ыза кернеген Шортанбай (1818-1881), Дулат (1802-1871) сияқты ақындар, былайша айтқанда, «Зарзаман» өкілдері халықтың жерін тартып алу мен әдет-ғұрпын аяққа таптаушылыққа қарсылық білдірді. Әр кезде, әр жерде Сырым Датов, Исатай Тайманов, М. Өтемісов, Кенесары Қасымов, Жанқожа Нұрмұхаметов, А. Имановтар басқарған ұлт-азаттық көтерілістері шықты. Патша өкіметі бұл көтерілістерді аямай басу үшін жазалау отрядтарын жіберіп, қарапайым халықты қырғынға салды. Әрине, олардың әрқайсысына тарихта әртүрлі баға берілді. Отаршыл патша өкіметі оларды қарақшы деп атаса, жергілікті халық оларды «батыр» деп дәріптеді, мақтан етті. Кеңес өкіметі жылдарында олардың кейбіреулері таптық көзқарас тұрғысынан бағаланып, отаршылдық саясатқа қарсы күрес жалпы Ресейге қарсы күрес деп жарияланып, реакциялық қозғалыска жатқызылды (мәселен, Кенесары, Жанқожа көтерілістері) .

Бірақ мәселе көтерілісті қай таптың өкілі басқарғанында емес, алдына қандай мақсат қойғанында. Ұлт-азаттық қозғалысы болған соң ол отаршылдыққа қарсы, тәуелсіздік үшін жүргізілді. Баға да сол тұрғыдан берілуі шарт. Сондықтан да соңғы кездерде, Қазақстанның, тәуелсіз мемлекет болуына байланысты, бұларға баға беру жөнінде кеткен қателіктер жөнделуде. Олар ғылыми әділ бағасын ала бастады.

XX ғасырдың басында Ш. Құдайбердиев, С. Торайғыров, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, Ә. Бөкейханов, М. Шоқаев, М. Дулатов, Н. Төреқұлов сияқты озық ойлы бір топ қоғам қайраткерлері саяси аренаға шықты. Олар ең алдымен «Зарзаман» атанған дәуір өкілдерінің ой-пікірлерін ілгері дамытты. Оларды ойландырып, толғандырған ежелгі проблема отаршылдық бұғаудан құтылу, қазақтарды өз алдына тәуелсіз ел ету, қолдан кеткен мүмкіндіктер мен айырылған жерлерге өкініш білдіру, халықтың санасын ояту болатын (XX ғасырдың басында түрлі саяси-әлеуметтік проблемалар көтерген «Айқап» журналының да аты соны аңғартады) . Сол мақсатқа бағытталған әрекеітердің бірі 1909 жылы Уфа қаласында Каримов, Хусаиновтар баспаханасынан жарық көрген М. Дулатовтың «Оян, қазақ» дастаны. Дастан:

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғы да бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым енді жату жарамасты», - деп ұран тастаған сөздермен басталады. Поэманың атына ішкі мағынасы сай, халыққа көзіңді аш, оян, айналаңды жайлап, жаулап барады, енді намыстанып, егемендік алмасаң, бәрінен айырыласың деп, халық санасына сәулелі шындық ұялатуды максат етеді. М. Дулатов «Қазақ жеріне» деген өлеңінде патшалық Ресейдің Қазақстан жерінде жүргізген отаршылдық саясатын әшкерелей келіп, былай деп жазды:

«Қазағым, жерің қайда атамекен,

қазақ - қазақ болғалы мекен еткен.

Қазірде бәріңізді қуып шығып,

орнына қала салып хохол жеткен.

Шығуға жер өлшеуге землемерлер,

бұл үшін кеткен біздің жақсы жерлер.

Тәтті шөп, тұщы судың бәрі сонда,

табатын бұған хайла, қайда ерлер?»

Дәл осы өлеңдері үшін патша өкіметі М. Дулатовты қуғынға салып, түрмеге жапты. Бірақ ол өлеңді де, оның авторын да құрта алмады. Өйткені, бұл өлеңдер бүкіл зиялы қазақ азаматтарының көкейтесті, бостандықты тілеген ой-армандары еді. Әрине, осы ой оларды 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа, «Алашорда» өкіметін орнатуға бастады.

XX ғасырдың басында сана-сезімі оянған ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің екінші бір арманы надандықтан арылу, қазақ халқының санасын ояту, әйел теңдігін жақтау, керенаулықтан құтылу болды. Мүны С. Көбеевтін «Қалың мал» романы, М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы, С. Торайғыровтың «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» деген әңгімесі, т. б. көрсетеді. Бұл шығармаларда ғасырлардан келе жатқан әлеуметтік теңсіздік, қыздарды малға сату, шалдарға еріксіз тоқал ету сияқты ескі реакциялық әдет-ғұрыптар әшкереленді. Олардың мақсаты үлкендерді жас балалар секілді мектептерде оқыту, сауатын ашу, білім беру, қызметке тарту, әйел-қыздарды өз теңдеріне қосу болды, жас кезінен айттырып қою, қалың мал беру, әмеңгерлік сияқты бұрынғы патриархалдық-рушылдық әрекеттерді жоюды көздеді. Сондықтан 1917 жылдың шілдесінде Орынбор қаласында өткізіліп, «Алашорда» үкіметін жариялаған жалпы казақ съезі мемлекетті басқару, жер, оқу, т. б. мәселелермен қатар әйел мәселесі жөнінде арнайы шешім қабылдады. Съезд: «Әйелдер саяси құқықта ерлермен тең болсын», «Күйеуге тию еркі әйелдердің өзінде болсын», «Қалың мал жоғалсын», «Тұл қатын сүйгеніне тисін, әмеңгерім деп зорлық қылу болмасын» деген сияқты бірнеше құжаттар қабылдады.

Үшіншіден, XX ғасырдағы қазақ ойшылдары түрлі философиялық ізденістер жасады. Қазақ халқының қарапайым ой-пікірлерінен алғаш философиялық деңгейге дейін көтеріле алған Абайдың немере інісі Ш. Құдайбердиев болды. Ол Абайдың «Қырық бес қара сөзіндегі» ой толғау дәстүрін дамыта отырып, 1898 жылдан бастап отыз жылдай табанды ізденіс жасап, еңбек етті, сөйтіп «Үш анық» деген философиялық еңбегін жазып шықты. Ол еңбегінде Шәкәрім түрлі философиялық мәселелерге арнайы тоқталады. Бұлар - дүние, таным, тән мен жан, жану мен шіру, ождан, т. б. сияқты мәселелер. Ождан, дейді Шәкәрім, адамдағы нысап, әділет, мейірім, осы үшеуінің қосындысы. Оны тілейтін жан, деп түсінеді Шәкәрім. Бұл еңбегінде ол бірде материяны мойындаса, бірде идеяны алғашқы санап, идеализмге бас иеді, бірде ғылымға жүгінсе, бірде спиритизмді қуаттайды. Бұл Шәкәрімнің ізденісі қиын болғандығын, қазақ арасында бұған дейін қалыптасқан, жүйеленген философия мектептерінің болмағандығын көрсетсе керек. Көлемі шағын кітапшаны ұзақ жыл зерттеп жазғаны да соны дәлелдейді; «Мен жанды былай түсінемін, дейді ол, біз дененің түп негізін тексергендей, жанның да түбін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады». Сөйтіп, адамның адамгершілік, ар-ожданының негізі жан өлмейтін, өшпейтін, мәңгі құбылыс болып шығады. Одан әрі Шәкәрім былай дейді: «Ғылым жолында әлде неше түрленіп, өзгерсе де дененің ешнәрсесі жоғалмаған сияқты, жанның да ешнәрсесі жоғалмайды» (Ш. Қүдайбердиев. Үш анық. Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1991, 276. ) . Бірақ мұндай қайшылықтарына қарамастан, жалпы алғанда Шәкәрім прогреске, ғылымға, адамдыққа сенеді. «Мәселен, - дейді ол, - мен асқан білімді, өнерлі болып керек нәрсенің бәрін жасап шығаратын зор машина жасағам, соның істеп шығарған нәрселерін мен жасады дейсіз бе, машина жасады дейсіз бе? Бер жағынан қарағанда, дәл сол кезде жасап шығарған машина ғой. Ал ол машинаға соншалық қуат, шеберлік берген мен ғой. Маған сондайлық білім, шеберлік һәм машинаға керекті нәрселерді шығарып тұрған жаратылыстың негізгі табиғаты ғой» (бұл да сонда) . Ал ол табиғаттың ар жағында басты жаратушы, тәңірі бар деп түсінген. Бірақ ескі дін молдалары жаратылыс жолында оның сырына шорқақтығынан бұл туралы анықтап ұқтыра алмаған, деп қорытады Шәкәрім. Тіпті ғылым арқылы ол жанның да бар екенін дәлелдеуге ұмтылды. Жанды қуат, энергия деп түсінеді Шәкәрім. «Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таң қаламын (33б. ), - деп жазды ол. Оның пікірінше, прогреске тірек болатын таза дене, толық мінез, ой, істер (30б. ) .

Төртіншіден, ұлтазаттық қозғалысы өкілдерінің аңсаған армандарының бірі - дербес тәуелсіздік мемлекет болу, өнеркәсіп орындарын, қалалар салу, мәдени ошақтар ашу, түрлі оқу орындарын ашып, олардың жұмысын жолға қою, елдің сауатын ашу, ұлттық, зиялыларды өсіріп, жетілдіру болды. Солардың бірі А. Байтұрсынов Қазан революциясы қарсаңында араб алфавиті негізінде 29 әріптен тұратын қазақ әліппесін жасан, тезірек хат танытудың төте жолын салды. «Тіл ашар», «Тіл құрал», «Сауат ашқыш», «Тіл жұмсар» деген кітаптар жазып, грамматика құрастырды, үлкен ғылыми реформа жасады. Сондықтан да қазіргі республика Ғылым академиясының Тіл білімі институтына А. Байтұрсынов есімі берілді. Әрине, олар, яғни ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері, 1917 жылғы Ақпан революциясын қуана қарсы алды, отаршылдық қирады, өз алдымызға мемлекет болуымызга жол ашылды деп, «Алашорда» үкіметін құрды. XVIII ғасырда қазақ халқының басын біріктіріп, алғашқы үш жүзге бірдей болған қазақ мемлекетінің негізін құрған Абылай хан жүргізген саясатты қолдады. Қазақ халқының болашақ тағдырын ойлаған С. Торайғыров (1893-1920) қазақтарды жапондармен салыстырды. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында (яғни 1868 ж. мэйдзи революциясынан кейін) аз уақытта феодалдық шырмаудың бұғауын бұзып, дереу прогреске ұмтылған жапондарды қазақтарға өнеге етпек болды. 1918 жылы жарық көрген «Социализм» деген мақаласында С. Торайғыров былай деп жазды: «Егер қазақ Европаның даяр жолдарына түспей, өз беттері, өз алдарына жол жасауын тосып отырса, Европа қатарына кірудің алыстығы сонда болар еді» (С. Торайғыров. Таңдамалы шығармалар. Алматы. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1957 ж. 3656. ) . Міне бұл 70 жылдан бұрын жазылса да, дәл бүгін айтылғандай, бүгінгі күн тақырыбына жазылғандай, мән-мағынасын сақтап қалған. Өйткені, тәуелсіздік, бостандық проблемасы - қашанда көкейтесті проблема. «Енді қазақтың алдында, - деп жазды Сұлтанмахмұт, - «адам боламын» деп, ұшып келген де, желкелеп шығып, орға лақтырған Николай түсының чиновниктері жоқ. Солай болған соң тегіс, жұмыла іске кіріссек, 20-30 жылдарда Европаның білгенін біліп, Европа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан жапондар мысал бола алса керек. Мұнан 58 жыл бұрын, 1860 жылдағы жапондар жайының осы күнгі біздің қазақ жайынан неменесі артық еді? Қайта, ол кездегі жапондарда есуасы болса да, атадан баласына мирас болып көшіп отыратын Даймюс (губернатор), Шогондеріндей (наместник) кесел біздің қазақта аз. Жапондар осындай халінен 35-40 жылдарда ер жетіп, Европа халіне кірді . . . Әрине, - деп жазды ол бұдан әрі, -жапон осы халіне Европаның пісулі астай даяр өнерін алумен жылдам жетті. Біздің солай жылдам жетуіміз үшін тегіс, жұмылып үйренуге кірісуіміз керек» (366б. ) . Ол үшін мектеп, медресе, газет, журналдар, кітаптар көбейіп, ғылым дамуы керек, дейді. Одан соң дене мен ар азығы болсын, дейді. Дене азығы дегеніміз, Сұлтанмахмұт пікірінше, ғылыми-техникалық прогрестің табыстарын пайдалану, ал ар азығы дегеніміз - әділдік. «Осы соңғы ар азығы табылмай, - деп жазды С. Торайғыров, - басқа дене азығы өнерлерінің көбеюі мен жалпы адам баласының күн көрісі ауырламаса, жеңілдемейді: бақытсыздығы, көбеймесе, азаймайды» (Бұл да сонда, 366б. ) . «Ар азығынсыз құр өнердің өсуімен - дейді ол, - басқалардың бақытты бола алмайтындығы секілді, қазақ та бақытты бола алмайды» (бұл да сонда, 3716. ) . Сұлтанмахмұт осы айтқандарын қорыта келіп: «Ілгері кеткен жұрттардың тарихының қатесін енді ілгерілейін деп тұрған жұрттар істесе, көре, біле отқа түскендік болады. Тарих ғылымының пайдасы да алдыңғының қатесін кейінгінің істемеуінде» (бұл да сонда, 3716. ) . Сұлтанмахмұттың пікірінше, бір елден бір ел көріп, қатесін қайталамай, дұрысын қолданып, ілгері даму керек. Бұл өте орынды пікір болатын.

Елде социализм ешбір тәжірибесіз, ең бірінші болып орнатыла бастады. Қателіктер де болды. Бірақ сол қателіктерді социалистік жолға түскен басқа елдер сол күйінде қайталап келді. Бұл өкінішті жағдай.

Сұлтанмахмұт социализм теоретигі болмаса да, көп нәрсені дұрыс шамалап, орынды пікір айтқан. Оны бұған итермелеген оның өз халқын жақсы көргендігі, жанашырлығы еді. Қазақтар барлық жағынан, әсіресе сыртқы бет пішіні жағынан жапондарға өте ұқсас. Мұны жапондардың өздері де мойындайды. Сондықтан Сұлтанмахмұттың біз неге сондай болмаймыз, біздің олардан неміз кем?- деп армандағаны негізсіз емес. Кеңес өкіметі жылдарында қуғын-сүргінге ұшыратылған қазақ зиялыларына «халық жауы» деп күйе жаққанда, өмірі тірі жапонды көзімен көрмеген кейбіреулерінің жапон империалистерінің агенті, Қазақстанды жапондарға сатпақ болған деп айыпталғанын айтпай кетуге болмайды. Бесіншіден, ғасырлар бойы езіліп келген қазақ халқының сана-сезімін оятпақ болған Ж. Аймауытов:

«Арғы атам ер түрік, біз қазақ еліміз,

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихы
ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (тақырыптық, жанрлық және көркемдік)
ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай мен оның әдебиеттің дамуына тигізген әсері
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі қазақ әдебиетінің тарихы, журналистика бойынша монографиялар және оқулықтар
Ғұмар Қараш өлеңдеріндегі ой-таным
ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай және оның әдебиеттің дамуына тигізген әсері туралы ақпарат
ХХ ғасыр басындағы қазақ поэмасы
ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай және оның әдебиеттің дамуына тигізген әсері
Отандық тарихты зерттеу мен насихаттау
XX ғасырдың басындағы саяси ой-пікір
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz