Философия тарихындағы проблема



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 25 бет
Таңдаулыға:   
Философия тарихындағы адам проблемасы
Адам проблемасы философия ғылымымен құрдас десе де болады. Бұған
философияның өзі сонау көне замандардары ойшылдардың адам жөніндегі, оның
дүниеде атқаратын қызметі мен алатын орны жөніндегі ойтолғауларынан туғаны
дәлел болады. Бір нәрсенің сырын ашып, білу үшін алдымен адам бұл туралы
ештеңе білмейтінін түсініп, соны іштей де болса мойындауы қажет. Мысалы,
ағаш отқа жанадьг, тас жанбайды, тек қызады. Мүның себебін білмейтіндігін
адам өзі түсінсе, онда буран таңдану сезімі пайда болады, ойланады, білуге
ынта туады. Атақты грек философтары Платон мен Аристотель философиялық
ойлардың психологиялық негізі адамның өзі түсінбейтін, түсіндіре алмайтын
құбылыстарға ең алғаш таңдану, таңырқау сезімдерінде жатыр деп болжам
жасадь,
Біздщ білуімізше, философияның мәселесі — бұл сананың, рухтың
табиғатқа, материяға, субъективтің (адамның) ішкі дүниесінің
объективтікке (сыртқы дүниеге) қатынасы. Бұдан шыратын қорытынды: адамның
санасезімі мен ақыл-ойының, .тілі мен дүниетанымының және оны өзгерту
қабілетінің өзін қоршаған ортаға қатысы қандай, табигат пен қоғамның
адамға, оның ішкі рухани дүниесіне тигізетін әсері қандай — осының бәрі
философияның ең түбірлі және түбегейлі мәселелері болып табылады.
Материяны, табиғатты — алғашқы, сананы — олардың туындысы, бейнесі
болғандықтан — соңғы, деп қарастыратын материалистер үшін де, рух пен
сананы — алғашқы, материя мен табиғат бұлардың сыртында өмір сүре алмайды,
сондықтан да олар — соңғы деп қарайтын идеалистер үшін де адамсыз, адам
проблемасынсыз философия жоқ. Бұл философиялардың екеуінің де түсініктері
мен көзқарастары басқаша, қарама-қарсы болғанымен — қарастыратын,
зерттейтін негізі біреу ғана. Ол адамға тән қасиеттердің сыртқы дүниеге
және сол сыртқы дүниенің бұл қасиеттерге қатынасы.
Ертедегі атақты Шығыс ойшылдарының көбі, алдыңғы тарауларда
айтылғандай, өздерінің философия жүйелерінің негізгі өзегі етіп тікелей
адам проблемаларын алған. Көне замандардағы мысырлықтар философияның
объекті құдайлар мен әділеттік мәселесі деп білді. Бұдан 25 ғасыр бұрын
өмір сүрген әйгілі қытай философы Конфуций өз ілімінің түп қазығы етіп
адамсүйгіштік (жэнь) проблемасын алды. Оның түсінуінше, тек
адамсүйгіштік қасиет қана адамды басқаларды сыйлайтын, ешкімнің алдынан
кесіп өтпейтін, шындықтан басқаға мойын бұрмайтын, батыл да байсалды,
ілтипатты да достыққа берік, сөзге ұстамды (біреуді өкпелетіп алмау үшін),
кемекке (кімнің болса да адамгершілік жағын жетілдіре түсуге) дайын етіп
қалыптастыра алады. Бұл қасиеттердің бәрін біріктіріп, әрқайсысын қамти
алатын моральдық-философиялық ой түйінін Конфуций: Өзіңе жасалғанын
қаламайтын қылықтарды сен де басқаларға жасама,— деп қорытты. Этикалық
ілім ретінде дүниеге келген Үндістанның буддизм философиясы өзінің алдына
адамды қиналу азабынан құтқаруды мақсат етіп қойды. Егер бұған дейінгі
брахманизм деп аталатын діни-философиялық ілім адамның азап шегуін бұрынғы
күнәсі үшін тартатын жазасы, одан құтылудың жалғыз жолы — құдайға құлшылық,
етіп, табына беру деп білсе, буддизм, керісінше, өмірдің өзі тек азап
шегуден тұрады, бұл дүниеде (сансарда) одан адамды азат ету құдайлардың
қолынан келмейді, азаптан құтылудың бір ғана жолы бар, ол адамның өзіне
байланысты: сансардан кету, безіну деп санады. Мұның мәні: бұл дүниенің
өткіншілігін сезіну, сол арқылы өмірге құмарлықтан арылу, тіршіліктің қамын
естен шығару, күнделікті өмірге керек игіліктердің маңызын төмендете келіп
жоққа шығару; адам өзінің жан дүниесін қуаныш-күйініш, қынжылыс, қызғаныш,
уайым-қайғы сияқты сезімдердің бәрінен біржолата тазартып, айналада болып
жатқан істер мен құбылыстарға түңіліспен, немқұрайды, бейтарап қарайтын
күйге жету. Бұл жаиды буддизм нирвана деп атайды. Нирвана өшу, сему деген
мағынада айтылады. Оған жеткен адам (архат) — азап-қасіреттен түгелдей
құтылып, аспаннан да жоғары, адамдықтан тысқары ерекше рахатқа мәңгілік
бөленген, о дүниемен бұ дүниенің айырмашылығын сезіп аңғару шегінен алысқа
кеткен адам. Адамды азаптан құтқарудың мұндай жолы мүмкін бе, мүмкін емес
пе, дұрыс па, әлде теріс пе — мәселе бұл жерде осылайша қойылып отырған
жоқ, тек буддизм философиясының адам проблемасын ең жоғары биікке көтеріп,
өзін түгелдей соған арнағаны жайында болып отыр.
Платон философиясының өте маңызды бөлімі — адамның арманынан
шығатын Мемлекет туралы ілім. Дүниедегі бірден-бір әділетті мемлекет
қандай болу керек — философ осыны кескіндеп, бейнелеп беруді өзіне мақсат
етіп қойған. Мұндай мінсіз мемлекетті ең ақылды, білімді адам, яғни
Платонның ойлауынша, философ басқаруға тиіс. Ондағы азаматтар үш топқа
бөлінеді: қарапайым адамдар, әскери адамдар, күзетшілер. Негізінен мемлекет
басына келетіндер соңғылардың ішінен шығады. Бірақ алғашқылардың арасынан
да ерекше қабілетімен көзге түскен бірлі-жарым жастардың көтерілуі мүмкін
деп біледі Платон. Әділеттік принципі үстем мінсіз мемлекет жасаудың басты
шарты етіп Платон адамдарға сол мақсатқа лайықты білім, тәрбие беру
мәселесін қояды. Оқу, тәрбиенің міндеті — адамдарды ізгі ниетті, ержүрек,
қалтқысыз, таза, өнегелі азаматтарға айналдыру. Мемлекет басқарушы тап
болып есептелетін күзетшілер кішкентай жабайы үйлерде ғана тұрады, жалпыға
ортақ асханалардан қарапайым тамақ ішеді, өмірге ең бір қажет заттар
болмаса, жеке меншік болмайды. Олардың алтын, күміс тәрізді асыл бұйым
жинауына тыйым салынады. Бақытты болу байлықта емес. Мінсіз мемлекеттің
мақсаты бір ғана күзетшілер табын емес, барлық азаматтарды бақытты ету деп
түсіндіреді Платон.
Адам проблемаларына Аристотель де ерекше көніл бөлген. Әсіресе, ол
философиясының Этика бөлімінде түгелдей сол проблемаларды қарастырып,
оларға тиісті талдау жасады. Аристотельдің айтуынша, мемлекет басындағы заң
шығарушының міндеті — азаматтарды жақсы қылықтарға, ізгі ниеттілікке
үйретіп, оларды тек игілікті істерден ғана ләззат алатындай дәрежеге
жеткізу. Оның алтын аралық деп аталатын моральдық доктринасы адамның
жандүниесінің сырын ашуға бағытталған. Жоғары мінез-құлық қасиеттерінің
әркайсысы біріне-бірі қарсы екі түрлі ұшқары қылықтың аралығы болып
табылады. Бұлардың екеуі де теріс қылықтар. Мысалы: батылдық — қорқақтық
пен басбұзарлықтың аралығы, сыпайылық — ұялшақтық пен ұятсыздықтың,
мырзалық — сараңдық пен дүниешашушылықтың аралығы, т. б. Аристотельдің
ұғымы бойынша, ең жақсы адам — ұлылық дәрежесіне жеткен кең пейілді,
қайырымды адам, ол өзін мақтағанды, басқа біреулерді жамандағанды сүймейді.
Өзінің күштілігін әлсіздердің арасында көрсетпеуге тырысады. Тек
күштілердің алдында ғана өзін жоғары ұстайды. Жауға ашық жау, досқа ашық
дос болғысы келеді. Оның көңілі пайдалыға емес, тамашаға, сүлулыққа ғана
ауады. Қайырымды, ақ пейілді кісінің жүрісі жайлы, дауысы төмен, сөзі
мазмұнды болуға тиіс. Дегенмен, Аристотель де өз заманына сай ойлады.
Құлдарды ол адамға санаған жоқ, сөйлей білетін құралдар деп атады. Құл
иесі құлға қайырымды бола алмайды. Сол сияқты, әкесінің баласына қайырымды
болуы да міндетті емес, өйткені ол оның меншігі болып есептеледі, ал
баланың әкеге қайырымды болуы міндетті, себебі әкесіз бала дүниеге
келмейді.
Адамның ой-сезімін, мінез-құлқын тәрбиелеп, жетілдіру арқылы оны бақыт
жолына салу мәселесіне бірнеше күрделі еңбектерін тікелей арнаған орта
ғасырдағы Шығыстың әйгілі ойшыл философы, біздің әйгілі жерлесіміз әл
Фараби болды. Әл Фарабидің айтуынша — бақыт — әр адамның көздейтін мақсаты,
үлкен игілік. Сол мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін адамда үш түрлі тамаша
табиғи қабілет болады, олар: а) ерекше жаралған дене құрылысы; ә) жан
кұмарлықтары; б) ой-парасаты. Бұл қабілеттер өзінен-өзі табиғат берген
қалпында бақытқа жеткізбейді. Бірде жақсылық толық нәтижесін берсе, енді
бірде керісінше болуы мүмкін. Мұндай кездейсоқтықты жеңудің жолы — аталған
үш қабілеттің әрқайсысын дұрыс жолға бағыттап тәрбиелеу, терісін жөнге
салып, дұрысын дамыту, сол арқылы адамның мінез-құлқы мен ой-парасатын
оларды саналы түрде үнемі дүрыс нәтиже туғызатын дәрежеге көтеру. Мұны іске
асыру, бір жағынан, адамның өзіне байланысты болса, екінші жағынан,
мемлекет басындағы саяси қайраткерлердің міндеті. Әл Фараби былай деп
үйретеді: қандай болса да іс-қимылын жасағанда адам біржақтылықтан,
ұшқарылықтан сақтануы керек. Себебі, әрбір жақсы қасиет бір-біріне қарама-
қарсы екі жаман қасиеттердің аралығынан туады. Бұл арада әл Фарабиге
Аристотельдің жасаған ықпалы аңғарылады. Бақытқа жету жолына меңзеу деген
тамаша еңбегінде ғалым адамның жан дүниесін жетілдіру мәселесін
философиялық тұрғыдан зор білгірлікпен, жан-жақты да терең зерттеп, талдау
жасайды. Оның бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын айтылған кемеңгерлік
ойлары бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.
Ой-парасат ғасыры деп аталған XVII ғасыр адам жөніндегі философиялық
мәселелердің қойылысын жаңа сатыға көтерді. Бұл ғылым мен техниканың бұрын
болып көрмеген жетістіктерімен бірге туған капиталистік қатынастардың даму
кезеңі болатын. Табиғаттың терең құпия сырларына көз жүгіртіп, неше алуан
машиналар ойлап шығару арқылы өндіргіш куштердің жаңа сапамен өркендеуіне
кең жол ашқан адамның ақыл-ойы өзінің теңдесі жоқ жасампаз күшін еріксіз
мойындатқан дәуір еді ол. Сол заманның Бэкон, Гоббс, Декарт, Спиноза сияқты
әйгілі философтары адамды өз болашағы өз қолында, құдайдан да, басқадан да
тәуелсіз, тапқыр да белсенді жасампаз тағдыр иесі, өз өмірінің саналы
субъектісі деп таныды, сөйтіп өздерінің философиялық ізденістерін осы
бағытта ғана дамытты. Олар адамның ерекшелігі де, рухани күші де оның ақылы
мен ойында, ойлау қабілетінде деп біледі. Адамның тіпті өмір сүруінің ең
басты белгісі осы қасиетте деп таныды. Француз философы Ренэ Декарттың мен
ойлай аламын, олай болса өмір сүремін деген қанатты сөзінің мәні де, міне,
осында.
Адамның ақыл-ой құдіретінен туатын іскерлік, белсенділік қабілеттеріне
XVIII ғасырдағы француз ағартушылары мен материалистерінің философиялық
ілімінде де ерекше көңіл бөлінді. Бұл дәстур белгілі бір мағынада
француздардан XIX ғасырдағы неміс философиясына ауысты.
Канттың адам проблемасына арналған негізгі принципі — әрбір жеке
адамның өз алдына мақсатты нысана ретінде қаралу қажеттігі. Бұл оның адам
мүддесі жөніндегі ілімінің басты мәселесі болды. Адамға деген жүрек
жылылығын ол теорияға сүйенген салқын ақылдың бұйрықтарына қарсы қойып
отырды. Адам бостандығын, еріктілігін Канттың қалай қолданғанын оның:
Адамның барлық іс-қимылының басқа біреудің еркіне бағыныштылығынан асқан
сорақы сұмдықтың болуы мүмкін емес,— деген бір ауыз сөзінен толық аңғаруға
болады
Классикалық неміс философиясына келетін болсақ, ол адамды мәдениет
дүниесін қалыптастырушы, рухани қызметтің іске асырушысы, жалпы дүниелік
сананың, рухтың, ой-парасаттың иесі деп қарастырды.
Тарихқа материалистік көзқарастың қалыптасуы адамиыц қоғамдық өмірдегі
алатын орнын түсінуді шын мәніндегі ғылыми деңгейге көтереді. Адам
бұрынғыша рухани, денелік, әлеуметтік, табиғи болып бөлшектеніп, біржақты
немесе таза абстрактілі түрде қаралмай, түтас тұлға ретінде, нақтылы тарихи
мақсаттарға бағындырыла қаралатын болды. Адамның табиғи-әлеуметтік мәні,
қоғамдағы рөлі мен орны жөніндегі мәселе оның ондаған мың жылдар ішіндегі
тарихи алға басу, яғни еркіндікке ұмтылу күресі сатыларының сипаттарымен
тығыз байланысты.
Табиғатта максат жоқ. Мақсат адамның дүниеге келуімен бірге пайда
болды. Демек, ол тек адамға ғана тән, бір-бірімен қарым-қатынастағы
адамдардан құралатын қоғамға тән құбылыс. Мақсат жай ғана ермек үшін немесе
сол мақсаттың өзі үшін ойдан шығара салған жасанды бір нәрсе емес. Түптеп
келгенде, адамның да, қоғамның да мақсаты — адамның жайы. Оның материалдық,
рухани мүдде-талаптарының кезінде қанағаттандырылып тұруына, өз басының
қанау мен езгіден, басқаның үстемдігінен еркін өмір сүруге оның ішкі
қабілеттері мен дарын-таланттарының уақытында толық ашылуына әлеуметтік-
экономикалық жағдайлар жасау, басқаша айтқанда, адам үшін бақытты өмір
орнату. Мұны іске асыратын құдай да, патша да, үкімет басшысы да емес, оның
өз еңбегі, ақыл-ойы мен екі қолының күші, іскерлік қабілеті. Адамның
қоғамдық өмірде алатын орны, әлеуметтік жай-күйі толығынан өз еңбегінің
саны мен сапасына, әлеуметтік пайдалы белсенділігіне сай белгіленуге тиіс.
Ол өмір сүретін қоғам оның адамдық қалпын, қадір-қасиетін тек осы жолмен
ғана анықтап, іске асыруға міндетті.
Бұл — адам проблемаларының диалектикалық материализм белгілеген шын
гуманистік, ізгілік принципі. Социализм осы принцип негізінде адамның кадір-
қасиетін ең жоғары биікке көтеріп, толық. еркіндікте, ауқатты өмір сүруіне
тарихта бұрын-соңды болмаған қолайлы жағдай жасауды өзінің өзекті
мақсатына айналдыруы керек еді. Бірақ ол жеке адамға табыну, ықтиярсыздық
және тоқырау кезеңдерінде адам айтқысыз бұрмалаушылықтарға душар болып,
табиғи тура жолынан ауытқып кетті. Өндіріс адамның талап-мүдделеріне
бағындырылудың орныда адам өндіріс мүдделерінің құлақ кесті құлына айналды,
ал оның еңбегі — өмір сүрудің амалы емес, мақсаты болды. Адам бостандығы
мен құқығы, адамға деген қамқорлық қағазға жазылған бос сөздің деңгейінен
аспады. Еліміз тәуелсіздік жолына түскеннен бергі аз уақыт ішінде алға
қойылып отырған басты мақсаттардың бірі адамның бостандығы мен азаматтық
еркін қорғау болып отыр. Бұл мақсат жүзеге асырылған жағдайда адамды шын
мәніндегі адамдық дәрежеге көтеріп, оны өзіне-өзі ие, белсенді де адал, жан-
жақты дамыған ерікті азаматқа айналдыру мүмкіндігі туады деген үміт бар.
Тек билік түгелдей халық қолына көшіп, әлеуметтік әділеттік үстемдік алса,
корам құқылық мемлекетке айналып, әдейі бұрмалаушылықтардын қайталанбауына
берік кепілдік жасалса, тек сонда ғана бәрі де адам үшін, оның еріктілігі,
өркендеп жетіле беруі үшін деген ұран іс жүзіне асады. Тек, сол жағдайда
ғана ғылыми философия адамның ерікті де бақытты биік нысана ретіндегі
мұратын ғана емес, шынайы бейнесін де кескіндейтін болады.

2. Адам тіршілігінің табиғи-биологиялық алғышарты. Адамның әлеуметтік мәні

Сонымен ғылыми философияның түсінуінде дүниедегі ең бағалы асыл байлық
— адам. Ол барлық әлеуметтік қозғалыстар мен қимыл-әрекеттердің негізі,
өлшемі және мақсаты. Жер шарындағы небір ғаламат табыстардың қайнар көзі,
ақыл-ой туындыларының құдіретті иесі.
Бұл арада адамның қоғамда алатын орны мен атқаратын рөлінің
сипаттамасын айтып отырмыз. Ал адам дегеніміздің өзі не? Күнделікті өмір
көзімен қарағанда бұдан оңай сұрақ жоқ тәрізді. Әркімнің әкесі де, әйелі
де, баласы да, өзі де — адам, айнала жүргендердің бәрі — адам. Адам деген
не? деп сұрақ қойып, басты ауыртудың қажеті қанша, мұнда тұрған не қиындық
бар?— деген сұрақтың ойға оралуы да мүмкін. Дегенмен, бұл сұраққа тереңірек
үңіліп, адам ерекшелігінің табиғатын ғылыми тұрғыдан анықтауға тырыссақ,
бірден-ақ үлкен қиындыққа кездесеміз. Тарихшы-антрополог пен психологтың
адамға беретін анықтамасы екі түрлі болуы мүмкін, биолог пен дәрігердің
түсініктері тағы да бір-біріне ұқсамауы ықтимал. Өйткені, бұлардың
әркайсысы күрделі және біртұтас адам тұлғасының бір ғана қырын зерттейді
және адамға негізінен өз замандасы тұрғысынан қарайды. Ондай сыңаржақты
көзқарас көп қырлы тұтас тұлғаның өзекті мәнін толық аша алмайды. Тіпті бұл
жекелеген ғалымдарға тән ұғымдардың жай қосындысы да адамның тұтас бейнесін
бере қоймайды. Бұл міндетті орындауға қабілеті жететін бір ғана білім
саласы бар, ол — философия. Дүниені, оның құрамына кіретін бөлімдерін
философия жекелеп, бөлшектеп емес, тұтас күйінде қарастыруға, сол әдіспен
олардың бәрін қамтитын жалпы заңдылықтарды ашуға тырысады. Сол сияқты
адамның да әр түрлі құрамдас жақтары мен қырларын (биологиялық құрылысын,
психологиясын, әлеуметтік сипатын, моральдық күйін т. б.) жеке-жеке
зерттеумен шұғылданбайды, ең маңызды адамды адам ететін сапалық
қасиеттердің жалпылама байланыстарын, тұтастығын қарастыру арқылы оның
ерекше қоғамдық мәнін ашуды мақсат етеді.
Философия тарихында берілген анықтамалар көп. Аристотельдің анықтамасы
бойынша адам — қоғамдық хайуан. Басқа хайуандардан адамның айырмашылығы— ол
қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Аристотельдің осыны айтқысы келген болуы
керек. Орта ғасырдағы католицизмнің діншіл философы Фома Аквинский адамды
дене мен жанның бірлігі, хайуан мен періштенің аралығындағы нәрсе деп
санаған. Жан оның ұғымында мәңгілік өлмейтін жақсылық сәулесі болса, дене
құмарлық пен ынтымақтың аренасы, жындардың ұясы. Сондықтан адамдар өмір
бойы сайтандар тұзағынан босануға және құдайдың жарық дүниесін шығаруға
ұмтылады.
Философиялық антропологияның материалистік концепциясын ұсынған
Фейербахтың айтуынша, жеке-дара, жалғыз өзі ғана өмір сүре алатын адамның
болуы мүмкін емес. Менің болуымның міндетті шарты — сенің болуың,
басқалардың болуы. Басқаша айтқанда, адамды жан-жануарлардан әлдеқайда
жоғары қоятын қасиеттерде оның тек қоғам ішінде өмір сүруінің нәтижесі.
Себебі қоғамдық болмыс тәжірибесін бойына сіңіріп үлгермеген жас баланың
тәуелсіз жеке өмір сүруге ешбір қабілеті болмайды. Бұл жағынан, ол
жануарлардың кез келгенінен әлсіз екені белгілі.
Атаананың, басқа адамдардың қамқорлық, көмегінсіз ол адам болып өсіп,
жетіле алмайды. Кездейсоқ бір себептерден кішкентай балаларды жыртқыш
аңдардың алып кетіп, жылдар бойы өз ортасында тірі сактаран фактілерін
тарих жақсы біледі. Отыздан астам мәлім болғаң жағдайлардың бәрінде де
балалар адам калпынан айрылып шыккан. Төрт аяктап еңбектеп жүгіріп, өзш
асырап өсірген жануарлардың барлық қимылдарына еліктеуден басқа ешбір
қабілет қалмаған. Кейін олардың қолға түскендерін адам бейнесіне келтіріп,
сөйлеуДІ, екі аяқпен тік журуді үйретуге тырысқан талай белплі ғалымдардың
әрекеттері нәтиже бермеген. Демек, адамяың адамдық қасиеттерін
қалыптастыратын тек қоғамдық орта. Ол үшін кім де болса туған күнінен
бастап, сол ортадан қол үзіп кетпеуге тиіс.
Адамның жануарлар дүниесінен бөлініп шыгуының негізі — өмір сүру
ортасын өз еңбегімен өзгерту, қайта жасау әдісін, ол үшін еңбек құралын
оның ең жабайы түрінен бастап, бірте-бірте жетілдіру жолын меңгеру қабілеті
болған. Тек еңбек процесінде ғана адамдар бір-бірімен қатынас, байланыс
жасаудың керекті ойларын бір-біріне өткізуді үйренеді. Бара-бара адам
еңбегі бүкіл материалдық және рухани мәдениет дүниесінің жасаушысы болып
шықты. Қоғамдық қатынастар адамның өмір сүруіне қажетті материалдық заттар
(тамақ, киім, баспана) өндіру әдісінен туады.
Осыларды еске ала отырып, адам дегеніміз — еңбек әрекетімен шұғылдана
алатын, әлеуметтік қатынастар жасайтын, өзара байланыс жасауға толық
қабілетті тіршілік иесі деп анықтама беруге болады. Бұдан адам мәнінің тек
қоғамдық, әлеуметтік жағы шамадан тыс баса көрсетіліп, оның биологиялық,
психологиялық жақтарының мацызы төмендетіліп, жоққа шығарылып отыр деген
пікір тумауға тиіс. Шынына келгенде, адамның үш түрлі: биологиялық,
психологиялық және әлеуметтік өлшемі бар. Биологиялық өлшем — адам
организмінің түр бейнесі мен құрылымын (морфология), атқаратын қызметін,
генетикалық негізін, ми, жоғары жүйке жүйесін т. б. қамтиды. Психология
ұғымына адамның ішкі жандүниесі, онда жүріп жататын саналы және санадан тыс
құбылыстар мен процестер, адамның еркі мен сипаты, темпераменті т. б.
кіреді. Жеке-жеке алып қарағанда бұл екі компоненттің бірде-бірі адам
ұғымын тұтас тұлға ретінде ашып бере алмайды. Адамның биологиялық
организмінен оның психологиялық қасиеттерін, айталық, ойлау қабілетін оның
миынан бөліп қарастыру, түсіну мүмкін емес. Сондай-ақ оның барлық сезім
жүйесін (құмарлығын, жек көру не сүю, мақтаныш не қорлану, күйініш не
ырзалық сезімдерін) әлеуметтік өмірінен ажыратып алып, тек биологиялық
заңдылықтарға бағындырмақ болса, бәрібір бұл әрекеттен ештеңе шықпайды.
Адамның ақыл-ойы мен сезімі — өте күрделі биологиялық психологиялық-
әлеуметтік құбылыс. Оның материалдық субстратын биология тұрғысынан
зерттеуге әбден болады, бірақ мұнымен оның пайда болу жолын әлеуметтік және
психологиялық өлшемдердің қатынасынсыз түсіну тіпті де мүмкін емес.
Соңғы аталған екі өлшемнің бір-біріне ауысу мүмкіндігінің адамда
белгілі бір негізі бар. Оның мәні мынада: түйсік, елестету, зер қою, ес
сияқты психикалық құбылыстар — адамның сезім мүшелері .арқылы мида
қалыптасатын сыртқы дүние бейнелері. Бұлар адамның жоғары жүйке жүйесінің
қызметінен туады және соған тәуелді болады. Олар сондықтан да психологиялық
емес, психикалық құбылыстар деп аталады. Психологиялық дейтін олардан
жоғары қабатта, психиканың үстіндегі қондырма ретінде пайда болатын
феномендер. Олар психикасы сау адамдардың іс-әрекеті мен ой алмасуының
нәтижесі ретінде туады да, жеке-дара адамның қимылы мен мінез-құлқын
сипаттайды. Мұндай психологиялық құбылыстарға мысал ретінде елжандылық,
баққұмарлық, еңбекқорлық сияқты ұғымдарды алуға болады. Бұларды мидың
туындысы деп айта алмаймыз. Жоғары жүйке жүйесі қызметінің белгілі қатысы
болғанымен, оларды тудырушы себеп, әрине, әлеуметтік ортаның, тәрбиенің
ықпалы. Табиғатта елжандылық, баққұмарлық тендер болмаса керек. Адамды
елжанды етіп те, баққұмар етіп те тәрбиелейтін қоғам, микроәлеуметтік орта.
Ендігі мәселе осы аталған ұғымдарды қайда жатқызуға болады — адамның
әлеуметтік өлшеміне ме, әлде психологиялық өлшеміне ме? Бұл олардың екеуіне
де жатады. Олай болса, бұл екі өлшем бір-біріне өте жақын және белгілі
жағдайларда ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Адам өмірінің мәні
КӨНЕ ШЫҒЫС ФИЛОСОФИЯСЫ ТАРИХЫ
Өмір мәні
Қазіргі өркениеттің жаһандық мәселелерін шешудегі ғылым мен техниканың рөлі
Адам өмірі өмірлік мақсаттарға негізделгенде ғана мәнді
Қазақ топырағындағы қалыптасқан философиялық ойлардағы адам мәселесі
Ежелгі Грек тіл білімі
Ғылым білім ретінде және қоғамның, өркениеттің, мәдениеттің дамуына орай ғылыми білімнің күрделенуі
ӘЛЕУМЕТТІК ФИЛОСОФИЯНЫҢ ПӘНДІК МӘРТЕБЕСІ
Философия ғылымы жайлы
Пәндер