Cизиф туралы аңыз


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 29 бет
Таңдаулыға:   

Альбер Камю

Cизиф туралы аңыз

Абсурд туралы эссе

Төмендегі беттерде біздің ғасырымызда барлық жерде байқалып отырған абсурд сезімі - шындығына келгенде, біздің дәуірімізге белгісіз абсурд философиясы туралы емес, абсурд сезімі туралы әңгіме болмақ. Қарапайым адалдық ең басынан бастап осы беттердің қазіргі заманғы кейбір ойшылдарға несімен қарыздар екенін мойындауды талап етеді. Осы жұмыс барысында мен үнемі олардан үзінді келтіріп отыратынымды және талқылайтынымды жасырудың еш мәні жоқ.

Сонымен бірге, осыған дейін қорытынды ретінде қабылданып жүрген абсурд бұл жерде бастапқы нүкте ретінде қарастырылатынын атап айтқан дұрыс. Осы тұрғыдан алғанда менің пайымдауларым алдын-ала жасалған: олардың қандай ұстанымға әкелетінін айту қиын. Бұл жерде сіз оған метафизика да, сенім де әлі араластырылмаған жан ауруының сипаттамасын ғана табасыз. Кітаптың шегі осындай, оның жалғыз күні бұрын ойластырылғандығы осындай.

Абсурд қабырғалар

. . . Өнердің ұлы туындылары сияқты, терең сезімдер оларға сана бергеннен әрқашан да көбірек болады. Әдеттегі іс-әрекеттер мен ойларда жанның өзгермейтін мақұлдаулары мен қарсы шығулары көрінеді, олар жанның өзі біле бермейтін қорытындыларда бейнеленеді. Үлкен сезімдерде тұтас ғалам жатыр, ол маңғаз немесе бейшара болуы мүмкін; олар өзіндік аффектілі атмосферасы бар белгісіз бір дүниені көрсетеді. Қызғанушылықтың, намысшылдықтың, эгоизмнің немесе мырзалықтың тұтас ғаламдары бар. Ғаламда метафизикалық жүйе немесе сананың ұстанымы болуы тиіс. Жеке сезімдерге қатысты дұрыс нәрсе олардың негізінде жатқан эмоциялар үшін де дұрыс екені күмәнсіз. Олар белгісіз және бұлдыр, бірақ «дәлелді»; бізге әсемдік сезімін беретін немесе абсурд сезімін туындататын эмоциялар секілді, қаншалықты «бар» болса, соншалықты алыс.

Абсурд сезімі бізді әрбір бұрышта күтіп тұрады. Бұл сезім өзінің мұңды жалаңаштығы, атмосферасының күңгірт жарығы арқылы ұстатпайды. Осы ұстатпайтындықтың өзі назар аударуға лайық. Шамасы, басқа адам біз үшін танылмаған күйде қалады, оның бойында біздің танымымыз жете бермейтін, одан сытылып шығып кете беретін бірдеңе бар. Бірақ мен адамдарды іс жүзінде олардың мінез-құлқы, іс-әрекеттерінің жиынтығы, өмірде олардың істерінен туындаған салдарлар арқылы білемін және сондай деп мойындаймын. Сараптауға бағынбайтын иррационалдық сезімдердің бәрі дәл осылайша іс жүзінде анықтала алады, іс жүзінде бағалана алады, өзінің салдарлары бойынша ақылмен игеру ретімен біріктіріле алады. Мен олардың барлық көріністерін байқай аламын және белгілей аламын, әрбір сезімнің ғаламының кескіндерін бере аламын. Бір актерді жүзінші рет көре отырып, мен оны жеке білемін дей алмаймын. Әйтсе де, мен оны жүзінші рет көріп және ол ойнаған нәрселердің бәрін қорытындылауға талпына отырып, оны біршама жақсырақ білемін дегенімде, менің сөздерімде ақиқаттың ұшығы бар. Бұл парадокс, тосын, сонымен қатар, аңыз. Оның моралі мынада - адамның өзі ойнаған комедиялары арқылы анықталуы оның жанының таза ұмтылыстары арқылы анықталуынан ешбір кем емес. Әңгіме олардың тереңіне біз бойлай алмайтын сезімдер туралы болып отыр; бірақ олар жекелеген түрде істерде, белгілі бір сезімге қажетті сананың ұстанымдарында бейнеленеді. Мен осы арқылы әдіс беріп отырғаным түсінікті. Бірақ бұл таным әдісі емес, сараптау әдісі. Таным әдісі қорытындыларды алдын ала анықтайтын метафизикалық доктринаның бар екендігін білдіреді, бұл әдістің алғы шарты жоқ деген барлық пікірлерге қарсы. Кітаптың алдыңғы беттерінен соңғы беттерінің мазмұны белгілі, және де олардың байланысы шүбәсіз. Бұл жерде анықталатын әдіс қандай ма болмасын ақиқат танымның мүмкін еместігі сезімін білдіреді. Ол рухани хал-жағдайды сезіну мүмкіндігін, елестеткісі келгенді тізбелеу мүмкіндігін береді.

Мүмкін біз абсурдтың ақылмен игерудің, өмір өнерінің және кәдімгі өнердің әртүрлі, бірақ туыстас дүниелеріндегі көзге көріне бермейтін сезімін ашуға қол жеткізерміз. Біз абсурд атмосферасынан бастаймыз. Ақырғы мақсат - абсурд ғаламына және өмірде осы көрінбейтін сәулені туындататын сана ұстанымына жету.

Ұлы істер мен ойлардың бастаулары түкке тұрғысыз. Ұлы істер көбіне көше қиылысында немесе мейрамханаға кіреберісте туындайды. Абсурд та солай сияқты. Абсурд дүниенің түп-төркіні қайыршылықта жатыр. Біз ойлап тұрған сұрақтарға «ештеңе білдірмейтін» жауаптар кейбір жағдайларда өтірік алдай салу болып табылады. Бұл ғашық адамдарға жақсы таныс. Бірақ, бостық күшті сезілгенде, күнбе-күнгі іс-әрекеттердің тізбегі үзілгенде және жүрек жоғалған үзікті бостан-босқа іздегенде, жауап шын жүректен шықса, жанның күйін жеткізсе, бұл жерде абсурдтықтың бірінші белгісі көрінгендей болады.

Үйренген декорациялар қирайтын жағдайлар болады. Ұйқыдан тұру, трамвай, кеңседе немесе зауытта төрт сағат, түскі ас, трамвай, төрт сағат жұмыс, кешкі тамақ, ұйқы; дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, сол баяғы қалып бойынша - күнбе күн жүретін оңай жол осы. Бірақ, бір күні «не үшін?» деген сұрақ туады. Бәрі осы түсініксіз зерігуден басталады. «Басталады» - маңыздысы, міне осы. Зерігу - мәшинелік өмірдің нәтижесі, бірақ ол сананы қозғалысқа түсіреді. Зерігу оны оятады және әрі қарайғы өзгерістерге итермелейді: не әдеттегі жолға бейсаналы түрде қайта оралу, не толық ояну. Ал оянудың соңынан ерте ме, кеш пе салдарлар пайда болады. Зерігудің өзі жеккөрінішті, бірақ мен оның игілік әкелетінін бұл жерде мойындауға тиіспін. Себебі, бәрі санадан басталады, одан басқа ештеңе де маңызсыз. Онша ерекше емес бақылау, бірақ әңгіме дәл осы қарапайым нәрсе туралы болып отыр. Абсурдтың бастауларын үстіртін шолып шығуға әзірге осы жарайды. Ең басында жәй «маза» жатыр1 .

Бір күннен соң бір күн бізді қуанышсыз өмір уақыты жетелеп келе жатады, бірақ оның жүгін өз иығымызға арқалайтын сәт туады. Біз болашақпен өмір сүреміз: «ертең», «кейін», «сенің жағдайың болғанда», «есейе келе түсінесің». Осы жүйесіздік таң қалдырады - ақыр соңында өлім келеді ғой. Бір күні адам отыз жасқа келгенін байқайды. Осы арқылы ол өзінің жастығы туралы жария етеді. Бірақ, сонымен қатар, ол өзін уақытпен салыстырады, одан өз орнын алады, графиктің белгілі бір нүктесінде тұрғанын мойындайды. Ол уақытқа тәуелді және уақыт оның зұлым жауы екенін жаны түршіге түсінеді. Ол ертеңгі күн туралы армандады, ал енді одан бас тартқаны дұрыс болатындығын біледі. Тәннің осы бүлігі абсурд болып табылады2.

Бір сатыға төмен түссек болды - біз бөтен дүниеге тап боламыз. Біз оның «тығыздығын» байқаймыз, тас өзінің тәуелсіздігі арқылы бізге қаншалықты бөтен екендігін, табиғаттың, ең қарапайым пейзаждың бізді қаншалықты терістейтіндігін байқаймыз. Кез-келген әдеміліктің негіздемесі - адами бір нәрсе. Осыны түсінсек болды, айналадағы төбешіктер, бейбіт аспан, ағаштардың діңгегі өздірінің біз оларға берген алдамшы мәнін жоғалтады. Ендігі жерде олар алыстай береді, жоғалтқан жұмаққа ұқсас бірдеңеге айналады. Мыңжылдықтар арқылы бізге дүниенің алғашқықауымдық дұшпандық сипаты оралады. Ол түсінбейтін нәрсеге айналады, себебі біз ғасырлар бойы ондағы фигуралар мен бейнелерді ғана түсініп келдік, оларды оған біз өзіміз бергенбіз, ал енді мұндай айла-тәсілдер жасауға біздің күшіміз қалмады. Өзіне айнала отырып, дүние біздің уысымыздан шығып кетеді. Әдеттер солғындатқан декорациялар өздері әрқашан сондай болған нәрселереге айналады. Олар бізден алыстайды. Әйелдің әдеттегі жүзінен біз аяқ астынан өзіміз айлап-жылдап сүйген таныс емес әйелді көретініміз сияқты, бізді аяқ астынан соншалықты жалғыз ететін нәрсеге ұмтыла бастайтын кез туындайтын шығар. Бірақ бұл сәт әлі туған жоқ, сондықтан бізде әзірге тек осы тығыздық және дүниенің осы бөтендігі - осы абсурд қана бар.

Адамдар, сонымен қатар, адами еместің де бастауы болып табылады. Ақылдың айқындығының аз ғана сағаттарында адамдардың механикалық іс-әрекеттері, олардың мәнсіз пантомимасы өздерінің ақымақтығының арқасында анық байқалады. Адам әйнек қабырғаның артында телефон арқылы сөйлесіп тұр; оның даусы естілмейді, бірақ мәнсіз мимикасы көрініп тұр. Сұрақ туындайды: ол не үшін өмір сүреді? Адамның өзінің адамшылықтан жұрдайлығы туындатқан жеккөрушілік, біз өзімізге өзіміз назар аударғаннан кейін құлайтын шыңырау, қазіргі заманғы бір автор айтқандай, осы «лоқсу», - бұл да абсурд. Айнадан бір сәт көрінген немесе біздің өзіміздің фотосуретімізден көрінген таныс емес таныс та бізді дәл осылай мазалайды, - бұл да абсурд . . .

Ақыр соңында, мен өлімге және біздің бойымызда ол туралы туындайтын сезімдерге жақындаймын. Өлім туралы бәрі айтылып болған, сондықтан әдеп бұл жерде патетикалық үнді сақтауды талап етеді. Бірақ бір таң қаларлығы: бәрі «ештеңе білмейтіндей» болып өмір сүреді. Мәселе бізде өлім тәжірибесінің жоқтығында. Сөздің толық мағынасында, сынақтан өткен болып бастан кешкен, санадан өткен нәрсе ғана табылады. Бізде басқалардың өлімі тәжірибесі бар, бірақ бұл жасанды ғана, ол үстіртін және бізді нандырмайды. Меланхолиялық шарттылықтар нанымды емес. Болып жатқанның математикасы шошындырады. Уақыт бізді өзінің дәлелденушілігімен, өз есептерінің болмай қоймайтындығымен үрейлендіреді. Жан туралы тамаша пайымдауларға жауап ретінде біз одан оларға қарама-қарсы нәрселердің мықты дәлелдерін алып отырдық. Шапалаққа да былқ етпейтін, қозғалмайтын тәнде жан жоқ. Болып жатқанның қарапайымдылығы мен айқындығы абсурд сезімнің мазмұнын құрайды. Жазмыштың өлі жарығында кез-келген тырысулардың пайдасыздығы анық байқалады. Біздің өмір сүруіміздің шартын анықтайтын қанды математиканың алдында ешқандай да мораль, ешқандай да тырысулар a priori ақталына алмайды.

Осының бәрі туралы талай айтылды. Мен ең қарапайым жіктеумен шектелемін және өзінен өзі туындайтын тақырыптарды ғана атап көрсетемін. Олар бүкіл әдебиет пен философия арқылы өтеді, күнделікті әңгімелерді толтырады. Бірдеңені қайтадан ойлап табудың еш қажеттілігі жоқ. Бірақ, негізгі сұрақты қоя білу үшін олардың айқындылығына көз жеткізу керек. Тағы да қайталаймын, мені абсурдтың көріністерінен гөрі салдарлары көбірек қызықтырады. Егер де біз фактілерге көз жеткізсек, олардың салдарлары қандай болуы тиіс, бізге қайда жаққа қарай жүру қажет? Өз еркімізбен өлуіміз керек пе, әлде, ештеңеге қарамастан, үміттену керек пе? Бірақ, ең әуелі ең болмағанда қысқа түрде бұл жағдайдың бұрын қалай түсінілгенін қарастыруымыз қажет.

Ақыл-ойдың бірінші ісі - ақиқатты жалғаннан айыру. Бірақ ойлау рефлексиямен айналыса бастаған бойда-ақ қайшылық көзге түседі. Бұл жерде ешқандай нандырулар көмектеспейді. Қаншама ғасырлар өтсе де, дәлелдеулердің айқындығы мен нәзіктігі жағынан Аристотельден асып түскен ешкім жоқ: «Қорытындысында, осы сияқты көзқарастар міндетті түрде жұрттың бәріне белгіліге тап болады - олар өздерін өздері теріске шығарады. Шынында да, бәрі ақиқат дейтін адам оның өзінің тұжырымына қарама-қарсы тұжырымды да ақиқат етеді «себебі, қарама-қарсы тұжырым оның ақиқаттығын терістейді»; ал бәрі жалған дейтін адам өзінің осы тұжырымын да жалған етеді. Егер де олар ерекше бір жеңілдік жасайтын болса - бірінші жағдайда, қарама-қарсы пікір үшін - оның тек жалғыз өзі ғана ақиқат емес деп, ал екінші жағдайда өзінің тұжырымы үшін - тек оның жалғыз өзі ғана жалған емес дей отырып, - онда ақиқат және жалған тұжырымдардың саны сансыз көп болады деп күтуге тура келеді, себебі ақиқат тұжырым ақиқат деген тұжырымның өзі ақиқат, және бұл шексіз жалғаса беруі мүмкін»3.

Бұл тұйық шеңбер өзіне өзі терең бойлаған ақыл әкелетін бас айналатын жылымның бірінші қатары ғана. Бұл парадокстердің қарапайымдылығының өзі оларды міндетті түрде болатын етеді. Қандай болмасын сөз ойындары мен логикалық акробатикаға берілсек те, түсіну дегеніміз ең әуелі унификациялау. Өзінің ең дамыған деген түрлерінде де ақыл-ой айқындықтың бейсаналы сезімімен, қалауымен бірігеді. Дүниені түсіну үшін адам оны адамиға ұластыруы қажет, оған өзінің мөрін басуы тиіс. Мысықтың ғаламы құмырсқаның ғаламынан ерекшеленеді. «Кез-келген ой антроморфты» трюизмінің басқа мәні жоқ. Өзінің реалдылықты түсінуге ұмтылысында ақыл-ой оны ойлауға әкеліп тіреген жағдайда ғана қанағаттанады. Егер де адам ғалам оны сүюге және азап шегуге қабілетті деп мойындай алса, ол көнер еді. Егер де ойлау феномендердің өзгермелі кескіндерінде олар соларға тірелетін мәңгілік қатынастарды ашса, ал қатынастардың өздері қандай болмасын бір жалғыз принциппен қорытындылатын болса, ақыл-ой бақытты болар еді. Мұндай бақытпен салыстырғанда рахат туралы миф аянышты қолдан жасалған бір нәрсе болып көрінер еді. Тұтасты аңсау, Абсолютке ұмтылыс адам драмасының мәнін бейнелейді. Бірақ бұл аңсаудың нақты түрде болуы ол қанағаттандырылады дегенді білдірмейді. Тілекті мақсаттан айырып тұрған шыңыраудан өтіп, Парменидпен бірге Тұтастың (ол қандай болса да) реалды екенін нақтылай түссек болғаны, біз қисынсыз қайшылықтарға тап боламыз. Ақыл-ой біртұтастықты нақтылайды, бірақ бұл нақтылау арқылы өзі жеңуге тырысқан айырмашылықтар мен көптүрліліктің іс жүзінде бар екенін дәлелдейді. Осылайша екінші тұйық шеңбер пайда болады. Біздің үміттерімізді сөндіру үшін оның өзі жетіп жатыр.

Әңгіме тағы да айдан анық нәрселер туралы. Тағы да қайталап айтамын, олар мені өздігінен емес, олардан туындайтын салдарлар тұрғысынан қызықтырады. Маған басқа да айдан анық нәрсе белгілі: адам ажалды. Бірақ, осыдан барлық қорытындыларды жасаған ойшылдар саусақпен санарлық. Бұл эссенің бастапқы нүктесі деп елестетілген білім мен нақты білімнің, іс жүзіндегі келісім мен алдамшы білімсіздіктің арасындағы осы айырмашылықты есептеуге болады. Оларды біз ақиқат түрде бастан кешсек, өмірімізді түгелімен өзгертуге қабілетті идеялармен біздің тыныш сиысуымыздың себебі осы айырмашылық. Ақыл-ойдың тығырықты қайшылығынан бізді өзіміз жасаған нәрселерден бөліп тұрған бөлінуді көреміз. Үміттердің қозғалмайтын дүниесіне бойлаған ақыл-ой үндемегенде бәрі оның аңсауының тұтастығында бейнеленеді және реттеледі. Бірақ бірінші қозғалыста-ақ бұл дүниеде жарықшақ пайда болады және ол ыдырайды: таным жарқыраған жарықшақтардың сансыз көптігінің алдында қалады. Бізге тыныштық әкелген алғашқы тұтастықты қалпына келтіру үшін оларды қайта жинаймын деп күйзеліске ұшырауға болады. Зерттеулерге толы қаншама ғасырлар өтті, өзінен бас тартқан қанша ойшылдар болды, нәтижесінде біздің бүкіл танымымыз жеміссіз болып шықты. Бүгінгі күні кәсіби рационалистерден басқалардың бәрі ақиқат танымның жоғалғанын біледі. Адам ойлауының жалғыз мәнді тарихы - бірінен соң бірі болған ақталулар мен өздерінің дәрменсіздіктерін мойындау тарихы.

Шындығында да, мен не туралы, неге байланысты «Мен мұны білемін!» деп айта алар едім. Менің жүрегім туралы - мен оның соғысын сеземін ғой және ол өмір сүреді деймін. Осы дүние туралы - мен оны ұстап көре аламын және тағы да ол өмір сүреді деп ойлай аламын ғой. Менің бар ғылымым осымен аяқталады, қалғанының бәрі - ой конструкциялары. Оның өмір сүретіні менің бойымда күмән туғызбайтын «Менді» ұстауға, анықтауға және қорытындылауға талпынсам-ақ екен, ол саусақтардың арасынан ағып кететін су сияқты менен сытылып кетеді. Мен ол көрінетін бейнелерді суреттей аламын, сырттан берілгендерді қоса аламын: білімі, шығу тегі, қызуқандылығы немесе үндеместігі, ұлылығы немесе бейшаралығы және тағы басқалар, бірақ бұл бейнелер тұтас бір нәрсеге жинақталмайды. Барлық анықтамалардан сырт болып жүректің өзі қалады. Менің өмір сүруімнің нақтылығы мен оған беруге тырысатын мазмұнның арасындағы орды ештеңемен толтыра алмайсың. Мен өзімнен мәңгілікке жаттанғанмын. Логикадағы сияқты, психологияда да көптеген ақиқаттар бар, бірақ Ақиқат жоқ. Сократтың «Өзіңді өзің таны»4 қағидасының біздің уағыздаушылардың «ізгілікті бол» дегендерінен артық ештеңесі де жоқ: екеуінен де мұң мен білмеушілдікті көреміз. Бұл - ұлы заттармен жеміссіз ойнаулар ғана, біздің олар туралы түсініктеріміз қаншалықты шамалас болса, бұл ойындарды соншалықты ақтауға болады.

Ағаштардың бұдырлығы, судың дәмі - мұның бәрі маған таныс. Шөптің иісі мен жұлдздар, жүрегіңді дір еткізетін түндер мен кештер, - мен оның ұлылығын үнемі сезінетін бұл дүниені жоққа шығара аламын ба? Бірақ, оның менің дүнием екенін ғылымдардың бәрі жиналып сендіре алмайды. Сіз оның егжей-тегжейлі сипаттамасын бере аласыз, оны жіктеуге үйрете аласыз. Сіз оның заңдарын тізіп шығасыз және білімге құштар болып отырған мен олардың бәрі ақиқат деп келісемін. Сіз дүниенің механизмін талдайсыз - менің үміттерім нығая түседі. Ақырында, сіз осы тамаша және қызылды-жасылды ғаламды атомға, одан кейін электронға сиғызуға үйретесіз. Мұның бәрі тамаша, мен жан-тәніммен күтіп отырмын. Бірақ та сіз электрондар ядроны айналып жүрген көрінбейтін планеталық жүйе туралы айтасыз, сіз дүниені жалғыз бір-ақ үлгіге сүйене отырып түсіндіргіңіз келеді. Бұл менің ақылым жетпейтін поэзия екенін мойындауға дайынмын. Бірақ өзіңнің ақымақтығыңа ренжудің қажеті бар ма? Сіз бір теорияны екіншісімен алмастырып үлгердіңіз ғой. Осылайша, мені барлығын білуге үйретуі тиіс ғылым гипотеза болып шығады, айқындықты метафора көлеңкелейді, дәлелденбегендік өнер шығармасы арқылы шешіледі. Тырысудың маған қажеті қанша? Төбешіктердің жұмсақ сызықтары, кешкі тыныштық мені көбірек нәрселерге үйретеді. Сонымен, ғылымның көмегімен феномендерді көруге және тізбелеуге болатынын, бірақ дүниені түсінуге еш жақындамайтынымды түсіне отырып, мен ең бастапқыға ораламын. Дүниенің тылсым қатпарларын ұстап қараған күнде де менің ол туралы білімім молаймайды. Ал сіз нақты, бірақ ештеңеге үйретпейтін сипаттама мен жан-жақты білім болуға талпынатын, бірақ дәлелденбеген гипотезаның арасында таңдау жасауды ұсынасыз. Өзінен және дүниеден жаттанған, өзін тұжырымдау сәтінде өзін терістейтін ойлаумен қаруланған, - бұл не қылған тағдыр, егер де мен білім мен өмірден бас тартып қана онымен келісімге келетін болсам, менің қалауым ылғи тас қамалға соқтыға беретін болса? Қалау дегеніміз - өмірде парадокстер тудыру. Бәрі де бізге алаңдамаушылықты, жүректің ұйқысын немесе өлімнен бас тартуды беретін осы уланған тыныштықты тудыратындай етіп ойластырылған.

Интеллект те дүниенің абсурдтығы туралы өзінше айтады. Оның қарсыласы соқыр ақыл-ой толық айқындыққа дәмелене алады - мен дәлелдеулер күтемін және оларды алуға қуанар едім. Бірақ, ғасырлар бойғы кінәлауларға, тілге шешен және мені кез-келген нәрсеге сендіруге дайын адамдардың көптігіне қарамастан, мен барлық дәлелдеулердің жалған екендігін білемін. Егер де мен оны білмесем, бақыт мен үшін жоқ. Бұл универсалдық ақыл-ой, практикалық немесе моральдық, бұл детерменизм, бәрін түсіндіретін категориялар - бұл жерде адал адам күлерлік нәрсе жеткілікті. Мұның бәрінің ақылмен ортақ ештеңесі жоқ, олар ақылдың ол дүниенің құлдығына түскенін білдіретін терең мәнін терістейді. Ендігі жерде адамның тағдыры осы игерілмейтін және шектелген ғаламда мәнге ие болады. Иррационалдық одан жоғары тұрады, оны қоршап тұрады - ақырғы күнге дейін осылай. Бірақ оған көру айқындығы оралғанда абсурд сезімі көзге түседі және нақтыланады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Монетарлық саясат
Ақша массасының жылдамдығы
Ақша айналымының құралдары
Ақша айналысының құрылымы
АҚША АЙНАЛЫМЫНЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МӘНІ
Қазақстан Республикасының ақша нарығының қазіргі жағдайы
1993 ж. ақша реформасы
Аңыз-әңгімелердің танымдық және тәрбиелік мәні
Қазақ ауыз әдебиеті - қазақ әдебиетінің түп тамыры
Қармақшы өңіріндегі аңыз әңгімелер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz