Құндылықтар философиясы. Құндылықтар - қасиеттер


Құндылықтар философиясы
Әлем өзiнiң байлығымен және алуан түрлiлiгiмен ерекшеленедi. Әлемдi рухани-практикалық игеру процесi барысында адам болмысты өз құндылықтары арқылы қарастырады. Бұл қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар тұлғаның сезiмдерi және ұмтылыстарымен сәйкес келетiн әлемге деген ерекше эмоционалдық реңге ие болатын қатынасты бiлдiредi. Адамның әлемге қатынасының ерекшелiгi оның өзiн және өзге адамдарды, қоршаған дүниедегi заттарды, құбылыстарды, процестердi қайырымдылық, әдiлеттiлiк, сұлулық, пайдалылық және т. б. тұрғысынан бағалап, құндылықтар арқылы қарастырумен сипатталады.
Құндылықтық қатынас әрқашанда Субъектiнiң бойында белгiлi бiр эмоциялары - қуану, сүйсiну, таңдану, табыну т. б. туғызады. Оның iшiндегi ең жоғарғысы - қасиеттерге табыну. Адамға қасиеттер қажет, мейлi ол дiн болсын немесе дiни емес қасиеттер болсын. Бұл мәселе, әсiресе, қоғамның адамгершiлiк тұғырлары мен мәдени дәстүрлерiнiң құнсыздануы мен деградациясы кезiнде өзiнiң өзектiлiгiн байқатады. Құндылықтар - қасиеттер. Қасиетсiз адам жануарға айналып кетедi. Оларға деген табынушылық қатынас бала кезден, ана сүтiмен бiрге, өзiнiң ана тiлi арқылы моральдың негiздерi ретiнде өз тарихын, мәдениетiн, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерiн игерудiң нәтижесiнде орнатылады. Қасиеттер адамның бойында моральдық жауапкершiлiктер жүктейдi, сезiмiн айқындай түседi. Құндылықтық эмоцияның ең жоғарғы формасы - "жамандықтан" тазаруды бiлдiретiн катарсис болып табылады. Әдетте катарсис терминi Аристотельдiң "Поэтикасындағы" трагедия теориясымен байланыстырылады. Антикалық философияда катарсис мәселесi Аристотельге дейiн-ақ қойылған болатын. Әдебиеттерде айтылғандай "катарсис" терминiнiң көпмәндiлiгi эстетика тарихында оның әртүрлi түсiндiрмелерiнiң пайда болуына әкелдi. Шындығында бұл термин антикалық әдебиетте эстетикалық, психологиялық, этикалық, тiптi дiни мағыналарда да қолданылады. Бұл көпмәндiлiк кездейсоқ емес, ол антикалық эстетиканың ерекше сипаты болып табылады. Антикалық эстетиканың үйрететiн катарсисi немесе тазалануы тек эстетикалық ұғым емес, ол моральға да, интеллектке де, психологияға да қатысты, яғни бүтiндей алғанда адамның барлық қырына қатысты (Лосев А. Ф., Шестаков В. П. История эстетических категории. М., 1965, 89-бет) .
Жалтырағанның барлығы алтын емес. Құндылықтарды танудағы ең қиын мәселе - нағыз құндылықтарды жалғандарынан ажырата бiлу. Ол тек теориялық жағынан алғанда ғана қиын. Бiз қайырымдылық пен зұлымдықты ешқайсысына анықтама бермей-ақ ажырата аламыз. Бұл жерде барлығын "таза суға" шығарып, күмәнсiз ететiн гумандылықтың өлшемi қызмет етедi. Тiптi барлығы зұлым болғанда да зұлымдықтың аты зұлымдық, ешкiм қайырымды болмаса да қайырымдылықтың аты қайырымдылық. Тек қайырымдылық пен адамға қызмет ететiн нәрсе ғана нағыз құндылық болып табылады.
Құндылықтар әлемi - сөздiң кең мағынасында мәдениет әлемi, адамның рухани әрекетiнiң саласы, тұлғаның рухани байлығының өлшемiн бiлдiретiн оның адамгершiлiк санасының, басымдылықтарының саласы. Әрбiр мәдениеттiң өз құндылықтар кешенi бар. Құндылықтар адам болмысының әртүрлi формаларына деген қатынасты бiлдiретiн адамзат мәдениетi болып табылады. Құндылықтар - өмiрге, еңбекке, шығармашылыққа, адамгершiлiк насихаттарға, еркек пен әйел арасындағы байланысқа, адам өмiрiнiң мәнiне деген бағалаушы қатынас. Құндылықтар - материалдық және рухани қажеттiлiктердi өтеу процесiндегi қалыпты нәрселер. Қалыпты мәнге қайырымдылық, сұлулық, әдiлеттiлiк идеалдары ие болуы мүмкiн.
Құндылықтар дүниетанымның ықпалымен қалыптасады, өйткенi адам әрқашан өзiнiң әлеуметтiк тәжiрибесi барысында әр алуан көзқарастарды бiрiктiруге ұмтылады. Бiз құндылықтық бағдарлардың қайта бағаланып жатқан өзгерiстер дәуiрiнде өмiр сүрiп отырмыз. Құндылықтардың алмасу процесi әдетте ұзаққа созылады. Құндылықтық бағдарлар, идеалдар жаңа мәнге ие бола отырып, қайта түлеуi мүмкiн. Бұл тұрғыдан алғанда мәдениеттiң өз нормалар, рәмiздер, стандарттар қоры бар. Алайда мұнан адамзаттың рухани тарихында тек бiр идеалдар ғана үнемi қайталанып келiп отырады деген ой туындамауы тиiс. Мәдениет, әрине өркениеттi, өйткенi ол үнемi белгiлi бiр құндылықтық бағдарларды өндiрiп отырады. Құндылықтар қоғам үшiн ең маңызды деген әдет-ғұрыптардың, нормалар мен мағыналардың қызметiн өзiне бағындыра отырып, оны реттейдi. Құндылықтар адамға қоршаған нақтылықты тануға мүмкiндiк беретiн мағыналар жүйесiн толығымен қайта құрып отырады. Әлемнiң барлық алуан түрлiлiгiнiң құндылықтық сипаттамаларының бастаулары қайырымдылық, өмiр, сұлулық болып табылады.
Заттар мен құбылыстардың сипаттамалары табиғаттағы, қоғамдағы, адамдағы процестердiң бүтiндiгi мен үздiксiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет. Адамның өз өмiрлiк әлемiне деген қатынасын өзiндiк тиесiлiк пен өзiндiк бекiтiлудiң құндылықтық құрылымы айқындайды. Адамдардың, дәуiрлердiң, мәдениеттердiң, адам қоғамдарының арасында қаншалықты айырмашылық болғанымен, олардың барлығы құндылықты-мәндi диспозициялардың жекелеген жағдайларынан туындайды және оны өз бойында тасымалдайды. Бұл ментальдылықтың барлық деңгейлерiнен көрiнедi: жеке тұлғалық және ұжымдық бейсаналылықтан дүниетаным жүйелерiнiң iшкi мәндi ұйымдасқан күрделiлiгi мен институционалданған этностық нормалар мен ерекшелiктерiне дейiн. Құндылықтар мәселесi қоғамның идеологиялық тұғырлары дискредитацияға ұшырап, мәдени дәстүрлерi құнсызданған кезде, әрбiр халық өзiн мазалаған сансыз сұрақтың ең болмағанда бiр бөлiгiне жауап табу үшiн өзiнiң өткен тарихы мен мәдениетiне бет бұрған кезде, тарихтың өтпелi, дағдарыстық кезеңдерiнде өткiр қойылады. Өткен ғасырдың өзiнде ғылымда "аномия" түсiнiгi қалыптасты. Бұл - өмiрлiк идеалдар түбiрiмен өзгерiп, қалыптасқан құндылықтар жүйесi қайта пайымдалатын өзгермелi ахуалда сананың шарасыздық жағдайын бiлдiретiн түсiнiк. Бұл тек жекелеген адам үшiн ғана емес, бүкiл қоғамға да ауыр сын. Афины демократиясының дағдарысы Сократқа мынадай сұрақты қоюға мәжбүр еттi: "Игiлiк дегенiмiз не?" Бұл жалпы құндылықтық теорияның негiзгi сұрағы болып табылады. Антикалық және ортағасырлық философияда ойшылдар құндылықтық сипаттамаларды, дәлiрек айтқанда этикалық, эстетикалық, дiни сипаттамаларды нақтылық, шынайы болмыс ұғымының өзiне енгiздi. Бұл ежелгi заманнан бүгiнгi күнге дейiн ойшылдарды мазалап келген сұрақтардың бiрi. Бiр қарағанда бәрi түсiнiктi сияқты. Құндылық - бұл құнды нәрсе. Алайда, адам үшiн не құнды және неге құнды? Кейде бiреу үшiн құнды нәрсе өзгелер үшiн құнсыз болатын кездерi де кездеседi. Бiрақ онымен ешкiмнiң келiскiсi келмейдi және әрқайсысы өзi үшiн құнды нәрсенi нағыз құндылық деп есептейдi. Кiмдiкi дұрыс?
Бұл мәселенi құндылықтар теориясы немесе аксиология (грек тiлiнде "axia" - құндылық және "logos" - iлiм) шешуге ұмтылады. Аксиология - құндылықтардың жаратылысы туралы, оның нақтылықтағы орны мен құндылықтық әлемдегi құрылымы туралы, яғни әлеуметтiк және мәдени факторлар мен тұлға құрылымы арасындағы әртүрлi құндылықтардың байланысы туралы iлiм. Философиялық бiлiмнiң арнайы бөлiмi ретiнде аксиология XIX ғасырдың екiншi жартысында ғана қалыптасты.
Құндылықтар проблематикасы ежелгi Шығыс және антикалық философияларда қарастырылғанымен "аксиология" терминiн тұңғыш рет Э. Гартман қолданды. Ойшылдар үнемi сұлулық, береке, қайырымдылық және т. б. түсiнiктердiң мәнiн ұғынуға ұмтылды, кейiнiрек мұның бәрi "құндылық" ұғымына бiрiктiрiлдi. Философия тарихында "игiлiк деген не?" деген сұрақты алғаш қойғандардың бiрi Платон. Ол болмысты "заттар әлемiне" және "идеялар әлемiне" бөле отырып, заттар әлемiнде ақиқат, әсемдiк, әдiлеттiлiк және т. б. жоғары игiлiктерге сәйкес келетiндей ешнәрсе жоқ деп есептейдi. Және сыртқы әлемнiң өткiншiлiгi мен салыстырмалылығын ескере отырып адамдардағы ақиқат, әсемдiк т. б. ұғымдарды уақыттан тыс, мәңгi идеялар кеңiстiгiне орналастырды. "Егер кiм әсемдiктi дұрыс пайымдаса, ол бұл жолдың ақырына жетiп, тосыннан жаратылысы жағынан таңқаларлықтай әсем нәрсенi көредi . . . бұл нәрсе, ең алдымен мәңгi, яғни ол туылуды да, күйреудi де, өсудi де, шөгудi де бiлмейдi, екiншiден ол ешбiр жағынан тұрпайы болмайды, қашан да, қай жерде де өзгелермен салыстырғанда әдемi, ал басқа уақытта, басқа жерде өзгелермен салыстырғанда тұрпайы. Әсемдiк - бұл бет, қол немесе қандай да бiр дене бөлiгi түрiнде емес, қандай да бiр сөз немесе бiлiм түрiнде емес өзiнен-өзi әрқашан да өзiнде тұтас бейне ретiнде көрiнедi: әсемдiктiң өзге түрлерiнiң барлығы оған қатысында туылатын және күйрейтiн болса, ал ол артып та, кемiп те кетпейдi, ешқандай ықпалды сезiнбейдi" (Платон. Соч. в 3-х т. М., 1970, 142-бет) .
Құндылықтар мәселесiнiң XIX ғасырдың ортасына дейiн философиялық талдаудың дербес объектiсiне айналмағанын айта кетуiмiз керек. Антикалық философияда ғана емес, онан кейiнгi орта ғасырлар мен жаңа заман философиясында да құндылықтық сипаттамалар нақтылық, болмыстың шынайылығы ұғымдарына енгiзiлдi. Классикалық философияда құндылықтар болмыспен тұтас күйiнде қарастырылды және сондықтан аксиология дербес философиялық пән ретiнде бөлiнiп шыққан жоқ. Аксиология философиялық зерттеудiң дербес аймағы ретiнде болмыс ұғымы екi элементке ыдырағанда ғана пайда болды: нақтылық пен құндылық әртүрлi талап пен ұмтылыстардың объектi ретiнде қарастырылғанда аксиологияның басты мақсаты болмыстың жалпы құрылымындағы құндылықтың мүмкiндiгiн және оның нақтылық айғақтарына деген қатынасын көрсету. Мәдениеттiң маңызды компонентi ретiндегi, адамның нақтылықты рухани-практикалық игеруiнiң негiзi және реттеушiсi ретiндегi құндылықтардың теориялық талдануы философиялық ой тарихында әртүрлi бағыттармен сипатталады. Бұл бағыттардың арасында мынадай типтердi атап өтуге болады: натуралистiк психологизм, трансцендентализм, мәдени-тарихи релятивизм және социологизм.
Натуралистiк психологизм өкiлдерiнiң (А. Мейног, Р. Б. Перри, Дж. Дьюи және т. б. ) тұжырымдауынша құндылықтың қайнар көзi индивидтiң биопсихологиялық тұрғыдағы қажеттiлiктерiнде, ал құндылықтардың өздерi құндылықтың заттай нақтылыққа орын алмасуын бiлдiретiн қадағаланатын нақтылықтың ерекшелiгi ретiнде эмпирикалық тұрғыда көрiне алады. Аксиологиялық трансцендентализм (жаңа кантшылдар - В. Виндельбанд, Г. Риккерт) үшiн құндылық идеалды болмыс ретiнде "таза" нормативтi санамен сәйкестендiрiлетiн болмыстың нормасы ретiнде қарастырылады. Нормалар мәдениеттiң барлық функцияларының (қызметтерiнiң) жалпы жоспарын құрайды және құндылықтың әрбiр жеке iске асуын анықтайды. Сонымен бiрге болмыс нормасының тәсiлi норма статусын беретiн оның субъект үшiн маңыздылығы болып табылады. Трансценденталистер құндылықтардың мәнiн нормалар қалаптастырудың өте күрделi процесiнде жасақталатын өзара қатынастардың өзiндiк рухани концентрациясы ретiнде қарастырады. Бұл құндылықтарға олар ақиқатты, сұлулықты, қайырымдылық пен әдiлеттiлiктi жатқызады. Демек, құндылықтар - бұл қоршаған нақтылықтың көрiнiстерi емес, адамзат санасының терең тұңғиықтарында қалыптасатын трансценденталдық нормалардың әртүрлi формалары.
Персоналистiк онтологизмнiң құндылық концепциясының негiзi дiни этика принцптерi болып табылады. Бұл бағыттың көрнектi өкiлi М. Шелердiң пiкiрiнше құндылықтар әлемiнiң өз иерархиясы бар. Құндылықтардың бұл жүйесiнiң ең жоғарғы сатысында Құдай орналасады. Құдайға деген сүйiспеншiлiк - адамзат сезiмдерiнiң ең жоғарғы формасы. Иерархияның онан кейiнгi баспалдақтарында "сұлулық" және "таным" орналасады. Мәдени-тарихи релятивизм аксиологиялық имморализм идеясына, яғни тең құқықты құндылықтық жүйелердiң көп болуы мүмкiн деген идеяға сүйенедi. Бұл концепцияның ерекшелiгi тек бiр "шынайы" құндылық жүйесiмен шектелiп қана қоймай, белгiлi мәдени-тарихи кезеңдердегi құндылықтық жүйелер мен құндылықтық бағыттырға басымдылық бередi. В. Дильтейдiң көптеген iзбасарлары, мысалы О. Шпенглер, А. Тойнби, П. Сорокин және т. б. мәдениеттiң құндылықтық мәнiн түсiндiруде интуитивтiк тәсiл қолданады. Мәдени-тарихи релятивизм өзiнiң пiкiрлерi мен тұжырымдарының әлеуметтiк психология мен әлеуметтiк философияның түйiсуi негiзiнде жариялайды.
Құндылықтар концепциясындағы социологизмнiң негiзiн қалаушы М. Вебер болып табылады. Ол жаңа кантшылдардың норма ретiндегi құндылықтар туралы көзқарасын қабылдап, оны әлеуметтiк әрекет пен әлеуметтiк бiлiмдi түсiндiруге қолданды. Ол құндылықты әлеуметтiк субъект үшiн маңызды норма, болмыстың тәсiлi ретiнде қарастырады. Онан ары қарай құрылымдық-функционалдық талдау мектебiнде (Т. Парсон және өзгелерi) "құндылық" ұғымы әлеуметтiк институттардың қызмет етуi мен әлеуметтiк байланыстарды анықтаудың құралы ретiнде методологиялық мәнге ие болады.
Құндылықтар өмiр сүрiп қана қоймайды, сонымен қатар бiр-бiрiмен салыстырыла отырып өзiндiк құндылықтық қатарды, құндылықтық сатыны құрайды. Бiзге белгiлi барлық құндылықтар адамға бағытталған және шындығында, кез-келген құндылық өзiнiң нақты тарихи пайымдалуы мен iске асуында салыстармалы. Алайда мұнан тек нақты тарихи өмiр сүретiн адамдар мен әлеуметтiк топтардың қажеттiлiктерi мен мүдделерiн өтейтiн игiлiктер ғана құнды және барлық өзге құндылықтардың өлшемi болып табылатындай адам алдында категориялық талап ретiнде қойылатын құндылықтар-мақсаттар жоқ деген пiкiр туындамайды.
Әдебиеттерде құндылықтардың жiктелуi әдетте былайша берiледi: витальды (өмiр, денсаулық, игiлiк, экология және т. б. ) ; әлеуметтiк (әлеуметтiк статус, жағдай, байлық, отбасы, тәуелсiздiк және т. б. ) ; дiни (құдай, сенiм, ғұрып, шiркеу және т. б. ) ; моральдық (қайырымдылық, достық, сүйiспеншiлiк, парыз, адалдық, әдiлеттiлiк және т. б. ) ; эстетикалық (сұлулық, идеал, үйлесiмдiлiк және т. б. ) ; саяси (заңдылық, мемлекеттiлiк, ата заң, азаматтық еркiндiктер және т. б. ) . Осылайша құндылықтар жалпы динамикамен сипатталатын мәдени реттеушiлiктiң қозғалмалы саласын бiлдiредi.
Әртүрлi аксиологиялық теориялар адамдардың құндылықтық қатынастарының тәжiрибелерiн қорытындылай отырып, құндылықтардың сол белгiлi класын қарастырады. Мысалы Г. Риккерт құндылықтардың алты саласы болады деп есептейдi: ғылым, дiн, өнер, мораль, жетiлген өмiр және "құдiреттi сүйiспеншiлiк" (Риккерт Г. О системе ценностей // Логос. 1914, Т. 1. Вып1) . Г. Риккерттiң құндылықтар классификациясы қандай принципке негiзделген және оның жүйесiнiң негiзi неде? Г. Риккерттiң құндылықтар иерархиясының принципi "бағалаушы субъекттен" келiп шығады. Жоғарыда айтылғандай құндылықтар қоғамдық-тарихи практика процесiнде пайда болады және оның сипаттамалары болып табылады. Құндылықтардың көптүрлiлiгi адамдардың практикалық әрекетiне енген субъект-объекттiк және тұлға-қоғамдық қатынастардың көптүрлiлiгiнен туындайды. Субъект объекттiң қасиетiн адамның танымдық және өзгертушi әрекетi процесiнде бағалайды. Өйткенi әлемдi танудан оны өзгертуге көшу алуан түрлi бағалаулар жүйесiнде iске асады.
Белгiлi поляк философы және эстетигi Р. Ингартен құндылықтарды витальды (өмiрлiк) және мәдени деп бөледi. Алғашқылары - бұл утилитарлық құндылықтар, пайдалылық құндылықтары. Екiншiлерi - бұл таным құндылықтары, эстетикалық құндылықтар, әлеуметтiк қасиеттер мен адамгершiлiк құндылықтары (Ингартен Р. Исследования по эстетике. М. 1962) Н. Ресчер өзiнiң құндылықтар типологиясында оларды әртүрлi адамзаттық қажеттiлiктерiмен, мүдделерiмен, талап-тiлектерiмен байланыстырады. Н. Ресчер бойынша құндылықтардың мынадай категориялары бар: материалдық, экологиялық, моральдық, әлеуметтiк, саяси, эстетикалық, дiни, интелектуалдық, кәсiби, сезiмдiк.
Құндылықтардың типологиясын сондай-ақ ресейлiк және қазақстандық зерттеушiлер де келтiредi. РҒА әлеуметтiк зерттеулерiнiң мәлiметi бойынша негiзгi он төрт құндылықтың тұрақтылығы байқалады (яғни адамдардың құндылықтың санасының негiзiн құрайтын және ресейлiктер өмiрiнiң әртүрлi салаларында үнемi өзiнiң ықпалын байқататын құндылықтар) : адам өмiрi, еркiндiк, адамгершiлiк, қарым-қатынас, отбасы, жеке бақыт, ұрпақ көбейту, әрекеттiң мәнi және күнкөрiс көзi ретiндегi жұмыс, игiлiк (кiрiс, денсаулық), инициативтiлiк (дәстүрдi құрметтеу), тәуелсiздiк, мейiрiмдiлiк, беделдiлiк, заңдылық.
ҚР ҰҒА саясаттану және әлеуметтану институтының 1996 жылғы мәлiметi бойынша республика тұрғындары үшiн ең басты құндылықтарды былайша төрт топқа бiрiктiруге болады (Общечеловеческие и национальные ценности в изменяющемся обществе. Алматы 1997, 131-132 беттер) .
1. Өмiрдiң тұрақты және қалыпты деңгейi, республикадағы бейбiтшiлiк пен тыныштық, отбасындағы береке, денсаулық, жеке және отбасы қауiпсiздiгi, жақсы төленетiн жұмыс, ұлтаралық келiсiм.
2. Азаматтардың құқығы мен еркiндiгiнiң кепiлi, экономикалық қауiпсiздiк, жеке тәуелсiздiк.
3. Қос азаматтылық, Қазақстанның тәуелсiздiгi, кәсiпкерлiк үшiн жағдайдың жасалуы, қызметтiк карьера.
Қазақстанда респонденттердiң 2/3 демократияны тұлғаның құқығы және абыройымен, азаматтық еркiндiкпен, құқықтық мемлекетпен байланыстырады. Кейбiр респонденттер ғана демократияның кеңестiк түсiнiгiн ұстанады - ертеңгi күнге деген сенiм, өмiрдiң жоғары материалдық деңгейi.
Қоғамдық дамудың құндылықтық негiздерiн iздеу, құндылықтардың белгiлi бiр жүйесiн таңдау қарама-қайшылықты, бiрақ табиғи процесс. Әлеуметтiк реттеудiң жоғары деңгейiне негiзделген құндылықтардың белгiлi бiр иерархиясы мен арнайы жүйесiнсiз ешбiр қоғам өмiр сүре алмайды. Бұл қоғамдық институттар мен адамдардың (индивидуалды болсын, ұжымды болсын) мақсатты әрекеттерiнiң нормативтi бақылауының нақты және арнайы жүйелерiн жасауға мүмкiндiк беретiн өлшемдердiң құндылықтар жүйесiнде бекiтiлуiмен сипатталады. Сонымен қатар бұл қоғамда белгiлi бiр тәртiптi қамтамасыз етедi және әр алуан қоғамдық субъектiлердiң "құндылықтық ынтымақтастығын" қалыптастырады.
ХХ ғасырда ең алдыңғы орында әдетте прагматикалық деп аталатын кәсiпкерлiктiң "насихаттарына" негiзделген құндылық бағдарлар шығады. Бұрынғы КСРО тұрғындарының бұқаралық санасында бұл насихаттар кешегi күнге дейiн терiске шығарылып келдi. Алайда, бұл моральдық көңiл-күймен шабыттана отрып, бiз прагматизм туралы көп нәрсенi аңғара бермеймiз. Прагматизмде адамның өз алдына мақсат қоя бiлу қабiлетiмен, оны iске асыруымен, жағдайға ықпал етуiмен, өзгелерiмен бiрлесе отырып нақтылықты өзгертулермен өмiрдiң қоятын мiндеттерiн шешумен сипатталатын жалпы белсендi, әрекетшiл жан ретiнде адамға қойылатын талаптар универсалданады және бiрiктiрiледi.
Кейде пайда мен табысқа бағдар ұстанатын сананың типiн "реалистiк" деп атайды. Мұндай адамда белсендiлiк, инициативтiлiк, дербестiк сияқты қасиеттер болады. Кәсiпкерлiк пен бәсекелестiкте тұлғаның автономиясы, оның мақсатқа ұмтылушылығы мен еркiндiгi бұқаралық құбылысқа айналады. "Өзге үшiн емес, өзiм үшiн өмiр сүргiм келедi" деген формула прагматикалық дүниетанымды сипаттайды. Алайда мұны бiрден эгоистiк сананың дәрiптелуi деп есептеуге болмайды. Бұл ойды былайша да жеткiзуге болады. "Бiреуге қызмет етiп, тәуелдi болғым келмейдi, өзiме-өзiм қожа болғым келедi". Егер шығыс данышпанының тәуелсiздiгi өз-өзiнен бас тартуға негiзделсе, ал бизнесменнiң тәуелсiздiгi қоғамдық күштiң көрiнiсi ретiнде байқалатын байлыққа ие болу мен оны көбейтуге негiзделедi. Бұл капиталдың (ақшаның) барлық нәрсеге айнала алу қабiлетiнiң арқасында мүмкiндiк болады: тауарға да, тауар емес нәрсеге де.
Әрине, прагматизмнiң құндылықтарын абсолюттендiруге болмайды. Прагматик ертеңгi күннiң игiлiгi үшiн кейбiр нәрселерден бас тартуға дайын. Алайда, келешекке бағдар ұстау, әлеуметтiк жаңашылдық, ойлаудың ептiлiгi, мұның бәрi прагматикте бiр нәрсеге- қалып қоймау, пайда түсiруге бағынады, онсыз ол прагматик, яғни "iс жасайтын" адам емес. Пайдакүнемдiлiк адамда ең басты нәрседен - сүйе бiлу қабiлетiнен айырады. Сүю, ұнату - өзiңдi берудi, жомарттықты бiлдiредi, ал пайдакүнем өзiн фаустық үлгi бойынша, яғни жанын әзәзiлге беру арқылы сақтауға қабiлеттi.
Қазiргi қоғамның құндылықтарын талдау адамдардың негiзгi құндылықтық бағдарларын қарастырмасақ жеткiлiксiз болар едi. Мысалы, қазiргi замандағы көрнектi психоаналитик және этиктердiң бiрi Э. Фромм жемiстi емес және жемiстi бағдарларды бөлiп көрсетедi. Бұл жерде берiлген ұғымдардың белгiлi бiр индивидтiң мiнезiн сипаттау емес, "идеалды типтер" екендiгiн ескеруi қажет. Әдетте әрбiр тұлғаның мiнезi бұл бағдарлардың барлығын немесе кейбiрiн бiлдiредi, бiрақ оның бiреуi басымдылыққа ие болады.
Жемiстi емес бағдарлар рецептивтi, қаналушы, сараңдық және нарықтық бағдарларға бөлiнедi. Рецептивтi бағдарда адам барлық игiлiктердiң көзi сыртта жатыр, қалаған нәрсеңдi алудың жалғыз тәсiлi - мейлi ол материалдық болсын, сүйiспеншiлiк, бiлiм, ләззат алу болсын, оны тек осы сыртқы көзден алу деп есептейдi. Ең бастысы - өзiң сүю емес, сүйiктi болу. Олар тек беделдi адамға, қамқоршыларға ғана емес қандай да болсын көмек көрсетуге қабiлеттi адамдардың барлығына да бағынышты. Олар бизнес саласында әлсiздеу, өйткенi олар тәуелсiз емес және жасқаншақ. Жалпы алғанда алушы бағдардағы адамдардың дүниетанымы оптимистiк және ашық-жарқын болып келедi, олардың өмiрге және оның сыйына деген сенiмдiлiктерi бар, бiрақ күнкөрiс көзiн жоғалту қаупi туғанда олар тынышсызданып, беймаза күй кешедi.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz