Платон философиясы туралы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 10 бет
Таңдаулыға:   

ЖОСПАР

Платон философиясы2

Қолданылған әдебиеттер11

Платон философиясы

Көне грек философиясы ендігі жерде адамға қарай тікелей бет бұрып, философияның негізгі пәнін жаңа ғана тапқан сияқты. Өйткені, бұдан былай философия Сократ бастаған жаңа жолға келіп түсті.

Платон Сократтан келіп шықты дегеніміз бұл екеуінің аралығындағы байланысты жете түсінуіміз керек. Сократтың көптеген мектептері мен шәкірттері болды. Бірақ, біз грек философиясының әрі қарай даму жолын Сократ мектебі мен оның сансыз шәкірттерінен іздеудің орнына Платонға келіп тірелеміз. Оның негізгі себебі де бар. Сократ адамға көңіл бөле отырып, оның ойлауы мен ұғымдарының қалыптасуын ерекше бағдарлап, соларға назар аударды. Міне, осыдан келіп, ойлау процесі, адамның санасы, оның идеясы негізгі болып шықты. Ал бұлар көп жағдайда объективтік өмірден келіп шықпаған, керісінше, одан тыс қалыптасқан процесс ретінде қарастырылады. Міне, сондықтан мұндай көзқарас жаңа бағытты тудырды. Бірақ бұл бағыт көне грек дәуіріндегі өзіне дейінгі барлық ағымдар мен мектептердің көзқарасына сүйенген еді.

Жаңа көзқарас философия тарихында Платонның есімімен тығыз байланысты. Әрине, көне грек қоғамындағы философияны объективті және субъективті деп бөлу сол кездегі ойшылдардың көзқарасына жасалған қиянат болар еді. Дегенмен, мұндай бөлу Платонның философиясын софистердің көзқарастарына қарама-қарсы қоя отырып, заңды түрдегі процесс екендігін көрсетеді. Өйткені, софистердің философиясы қазіргі біздің заманымыздың тұрғысынан алып қарағанда, шын мәнінде, субъективтік көзқарас. Өйткені, олар адамның ойын, санасын объективті дүниеден бөліп қараумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, сананың өзін өмірмен байланыстырмай, бөлек алып қарастырады. Міне, осының кесірінен сана негізгі философиялық проблема ретінде адамның дүние танымындағы бірден бір құрал болып табылатын адам баласы қалыптастырған рухани мәдениеттен тыс қалды.

Көне грек философиясындағы ойлау туралы мәселенің қалай түсіндірілгенін ұғыну үшін оған қатысты софистердің, Сократтың және Платонның көзқарастары айырмашылығын зерттеу қажет. Себебі, адамның ішкі дүниесін, қоғамдық қатынастардың қалыптасуын талдау сырттай қарағанда софистердің де, Сократтың да, Платонның да қарастырған негізгі мәселелері сияқты. Ал, шындығына келгенде, софистер ойлаудың қызметін жеке индивидтің субъективті психологиялық жағдайын ғана білдіретін, оның өзінде бұл мәселені тек сөз бен сөйлемнің дұрыс құрылуымен ғана шектейтін процеске айналдырды. Сөйтіп, ойлау объективті дүниені зерттеуден гөрі адамдардың сөздерінің формасын айқындайтын мәселеге айналды. Бұдан келіп, дүниені ақылмен, зердемен танудың орнына оны сөзбен және пайымдаушылықпен қарастыру орын алды. Міне, бұл софистік философияның негізгі принципі болатын. Мұның өзі софистердің шындықты, объективті дүниені дұрыс түсінуден аулақ кеткенін, олардың ойынша философия ендігі жерде әлем, ғарыш, табиғат және адамды зерттеуден бас тартып, ой пікірталасын, айтыс-тартыстарды шешетін құралға айналды деп дәлелдемекші болғанын айқын көрсетеді. Біз ойлауды түсінудегі тым тар өрісті дәстүрдің осы софистерден басталғанын атап өтуіміз керек. Өйткені, олар категориялардың объективтік мазмұнын түсініп, теориялық қиыншылықтан шығудың орнына қайшылықтарды бос сөзбен және жалпылама сөз тіркестерімен матастырып, бұрынғыдан да шиеленістіріп жіберді. Міне, сондықтан Сократ пен Платон ойлаудың диалектикалық даму негізін аша отырып, оның жалпы қоғамдық мәнін, адамның іс-әрекетімен, алдымен адамгершілік, ізгілік категорияларымен анықтап берді. Осыдан келіп ойлаудың қоғамдық, әлеуметтік негізі айқындала бастады. Сократ пен Платон қоғам өмірінің қилы-қилы кезеңдеріне көңіл бөлді, олар жалпының жекеге қатынасын адам өмірімен, одан тыс тұрған күштің арақатынасымен түсіндіруге тырысты.

Ойлаудың мәнін ашу процесінде софистердің, Сократтың, Платонның негізгі айырмашылығы қандай мәселелерден келіп шықты? Былай қарағанда, софистер бірінші болып адамның өзін абстрактыға айналдырып жіберіп, оны сылдыр сөзбен анықтап, жалған логиканың тасасында қалдырыпты. Ойлау процесінің айналасындағы мәселеде софистер алғашқы болып пікір қозғағанымен, олар өздеріне дейінгі, әсіресе, Демокрит философиясының деңгейінде қалып қойды. Қалайша Демокрит софистермен бұл мәселеде қатар қойылады деген сұрақ та заңды.

Амал нешік, қоғамның экономикалық, саяси-әлеуметтік даму процесінде пайда болған қайшылықтардың тым шиеленісуіне байланысты оларды шешуде әртүрлі көзқарастағы ағымдар өзара тіл табысып, қатар болуы осы көне грек философиясынан анық көрініп тұр. Өйткені, қоғамдық жалпылықтың жеке индивидке, адамға реалды түрде үстемдік етуі, сонымен қатар ешкімге бағынбайтын сыртта тұрған бөтен күш болуы атомдық көзқарасқа да, адамды объективтік дүниеден бөліп алған, оның ойы мен санасын жалаң түрде зерттеген софистерге де түсініксіз процесс болып шықты. Оның себебі, сол кездегі философтар үшін адам әлі де табиғаттың, ғарыштың, құдайдың жаратқан пендесі ғана. Ендеше, ол тағдырдың, жазымыштың, сайып келгенде, табиғаттың жемісі болып шықты.

Ал, Сократ пен Платон көне грек дәуірінің тарихи даму дәрежесіне қарай, әлеуметтік біртұтастықты ұғынуға ұмтыла отырып, оның реалды шындық екенін мойындады. Ендеше, ол жеке индивидке, адамға, оның ой-өрісіне, іс-әрекеті мен қызметіне тікелей әсер етеді. Ол адамды бағындырып, оның мақсатты қызметін осы қоғамдық организмге сәйкестендіреді.

Әрине, мәселеге былай қарау Сократ пен Платонның өзінен бұрынғы философтардан, әсіресе, Демокрит пен софистерден айырмашылығы болмады деген ой тудыруы мүмкін.

Әуелі осы мәселені түсініп алайық. Шынында да, бүкіл грек философиясы үшін сырттан таңылған күштің - ол табиғат па, әлде құдай ма, әлде тағдыр ма - әсері өте зор. Сондықтан да оны әрбір философ өзінше бейнелеуге тырысты. Бірақ, Сократ пен Платон өзінен бұрынғы ойшылдарға қарағанда қоғамдық қатынастарға көңіл бөлді. Олардың ойынша, қоғамдық организм жалпылық болады да, ол “тұтастықтың” өмір сүруі мен сақталуының негізгі принципіне айналып, өз алдына бөлек маңызы бар процесс болып шығады. Ал жеке зат процесс жалпыға бағынышты, олар бөлек өмір сүре алмайды. Өйткені, олар ақиқат емес, шындыққа жатпайды. Олардың негізі басқада. Міне, осыдан келіп, Платонның жалпыны асыра дәріптеп, оны мистикалық-космологиялық негізде құрған объективтік философиясы шықты.

Бірақ, бұл көзқарастың негізінде көптеген шындық жатыр. Ең алдымен, Платон қоғамдық болмыстың жеке адамға, индивидке үстемдік ететінін аңғарып отыр. Шынында да, жалпы рухани дамудың өнімі, айталық, ұғымдар, мәдени-әдеби, көркемөнер жемістері индивидтің санасына, оның сезімі мен жай-күйіне тікелей әсер етіп, оларды бағындырмай ма? Сондықтан да адамның ойлауы рухани дүниедегі жалпыға бірдей заңдылықтарға бағынышты емес пе?

Міне, Платон философиясының шығуының негізі сол кездегі қоғамдық және идеологиялық күрестердің жемісінің нәтижесі екен.

Бәрімізге белгілі Платон (б. з. б. 427-347 жылдары өмір сүрген) атақты және аса ауқатты бай жанұядан шыққан адам. Әкесі - Аристон жағынан, Аттиканың соңғы патшасы Кодр тұқымынан шықса, ал шешесі Периктиона жағынан атақты данышпан, заң шығарушы Солонмен туыстас.

Философия тарихында Платтонның қалыптасуы, көбінесе, оның ұстазы Сократтың есімімен тығыз байланыстырылады. Оның үстіне Платонның көптеген шығарма сұхбаттарының негізгі кейіпкері - Сократ.

Алайда, Платонның шығармашылық жолын үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде ол Сократтың шәкірті, соның идеясын насихаттаушы, шығармашылық мұратын ілгері апарушы ойшыл. Дегенмен, бұл дәуірде Платонның ой-пікірлерінің өте терең екендігіне, оның философиялық проблемаларды жан-жақты талдай алатын қабілеттілігіне таң қалмай қоймайсың.

Екінші кезең - Платонның Сократ ықпалынан бірте-бірте босап шығып, өз жүйесін, өз шығармашылық жолын негіздеуге ұмтылған кезең. Мұнда Платон болашақ идеяларын, әсіресе, таным теориясын, диалектикалық ойлау әдісін қалыптастыруға айрықша күш салған.

Үшінші кезең - Платонның философиялық жүйесінің толығынан айқындалып, оның саяси-әлеуметтік көзқарасының кемеліне келген шағы. Платонның бұл кезеңдегі де шығармаларында, сұхбаттарында Сократтың есімі кездесіп отырады. Бірақ, ендігі жерде Сократтың айтқан идеяларының сыртында Платонның өзі тұр. Ол өзінің негізгі идеяларын әрі қарай жан-жақты дамыта берді.

Платон философиясынан, әсіресе, Пифагор мектебінің ықпалы анық байқалады. Айталық, Пифагордың жан өлмейді, мәңгі деген идеясынан Платонның идеялар туралы ілімі дүниеге келді.

Бұл жерде біз Платонның көзқарасына, әсіресе Элей мектебінің тікелей әсер еткенін айта кеткеніміз жөн. Өйткені, өзімізге белгілі Элей мектебі дүниені екіге бөлді. Бірі - сезімдік заттар дүниесі, екіншісі - сезімнен тыс дүние. Бірінші дүние уақытша, өткінші, жалған болса, екінші дүние мәңгі. Элей мектебі “бірінші дүние үнемі қозғалып, дамып отырғандықтан, бізге білім бермейді, одан пікір шығады, ал екінші дүние қозғалмайтын болғандықтан, одан білім мен ақыл пайда болады” деп дәлелдеді.

Платон болса, осы идеяға сүйене отырып, Элей мектебінің ақиқат дүние ешбір қозғалмайды, ешбір өзгермейді деген ілімін жаңаша қарап, оны жандандыруға тырысты. Ол осы идеяны әрі қарай жалғастыра отырып, сезімдік заттар дүниесі үнемі өзгеріп, дамып отыратын болғандықтан шындыққа жатпайды, ақиқат емес деген қорытынды жасады. Ал сезімнен тыс дүние ол болмыс, оны тек қана ақыл-зердемен танып түсінуге болады. Бірінші дүние, яғни сезімдік заттар дүниесі үнемі қозғалып, ешбір тұрақтылыққа ие болмағандықтан ол бізге ақиқат, білім бермей, пікірдің ғана объектісіне айналады. Ал екінші дүние бізге білім береді, бізді ақиқатқа қарай жетелейді. Бұл дүниені Платон идеялар дүниесі деп атады. Сонымен Платон қарама-қарсы екі дүниені бір-бірінен ерекшелейді. Бүл дүние қалыптасу, үнемі өзгеру дүниесі. Бірақ, ол үнемі қалыптасу үстінде болғандықтан, болмысқа ие болмайды деп кесіп айтты. Ал екінші дүние - әбден қалыптасқан, бұрын болған мәңгі абсолютті дүние. Ендеше, бұлардың біріншісі екіншісіне бағынышты. Платон сезімдік заттар дүниесін ешбір білім бермейтін процесс деп қарап, оның маңызын барынша төмендетті емес пе. Ал екінші дүниені - идеялар дүниесін асыра дәріптеп, соны негіз етіп, тың жол бастады емес пе.

Бұл, әрине, дұрыс та шығар! Дегенмен, мәселенің мәні әлдеқайда тереңірек. Платонның айтайын деп отырғаны, дүниені екіге бөліп, бірін сезімдік заттар дүниесі, екіншісін идеялар дүниесі деп қана шектеу емес, мәселе осы екі дүниенің арасындағы байланыста жатыр. Шынында да, сезімдік заттар дүниесі идеялар дүниесіне бағынышты. Оны Платон жасырмайды. Алайда, сезімдік заттар дүниесі белгілі бір себептерден, мақсаттылықтан пайда болып, ілгері қарай дамиды. Ендеше, оның негізгі себебі, мақсаты алға ұмтыла қозғалу идеясымен тығыз байланысты. Идеялар негізгі мән, ал сезімдік заттар дүниесі олардың салдары, көшірмесі, елесі ғана.

Алайда, заттар үнемі өзгеріп, дамып, қалыптасып отырғандықтан, олар бірде болмыс, ал бірде болмыс емес болуы мүмкін. Осы болмыс емес “материя” деген ұғыммен сәйкес келеді. Ендеше, материя сезімдік заттар дүниесі мен сезімнен тыс идеялар дүниесінің ортасындағы аралықта орналасқан. Материяның өзі үнемі қозғалыстың, пайда болу мен өзгерудің мекені.

Бұл жерде Платон “материя” деген ұғымды қолданғанымен, оның мәнін ашып бере алмай отырғанын ашық айту керек. Ол тек өзгеріс пен қозғалыстың, тұрақсыздықтың бейнесі сияқты. Ал, атомдық философия болса бұл көзқарасқа, керісінше, сезімдік заттар дүниесін, денелерді ашықтан ашық атомдардан тұрады деп атады, ал болмыс емес дүние бос кеңістікпен теңестірілді. Міне, бұл Демокрит пен Платонның арасындағы айырмашылықты сипаттайды.

Демокриттің көзқарасы мен Платонның теориясының арасындағы осы айырмашылық көне грек философиясында айқын байқалып, өліспей беріспейтін қарама-қарсылыққа айналды ма екен? Өйткені, жаңағы біз айтқан денелерді, сезімдік заттарды бейнелейтін “атом” деген ұғымның өзі бөлінбейтін деген мағынаны берсе, “идея” деген сөз (оны бірінші пайдаланған Платон емес Демокрит қой) атомдардың немесе заттардың материалдық элементтері деген мағына берген. Мұндай пікірді бізге В. Ф. Асмус өзінің “Платон” деген кітапшасында сонау алпысыншы жылдардың аяғында мәлімдеді.

Сонда атомдар идеялар болғаны ма? Қалайша біз атомдар мен идеялар бірдей, тепе-тең, өзара ұқсас деп айта аламыз?

Мұның ешқандай өрескелдігі жоқ. Жаңағы кітапта Асмус түсіндіргендей “идеялар” деген сөз Демокриттің шығармаларында “формалар” деген мағынамен дәлме-дәл келеді. Ендеше, “атомдар - идеялар” деген сөз “атомдар - формалар” болып шығады. Ал “форма” деген сөз өз мәнісінде “пішін” деген ұғымға өте жақын.

Оларды сезіммен емес, ақылмен ғана айырамыз. Сөйтіп “идея” деген ұғымды Демокрит те пайдаланып, ол ұғым заттар болмысының элементтерін ақыл арқылы ашуға мүмкіндік беретін формалар екенін айқындайды.

Бірақ Платон бұл ұғымды керісінше пайдаланды. Ол осы “идея” деген сөзге этимологиялық жағынан жақын “түр” /“эйдос”/ деген ұғымды қатар қойып, олардың заттық мәнін ашуға қолданды. Ендеше Платон да Демокрит сияқты “идея”, “түр” деген сөздерді форма ретінде қарап, оны сезіммен емес, тек ақылмен ғана терең түсініп, тануға болатынын көрсетті.

Алайда, бұл ұқсастықтар тек сыртқы белгілер. Олар сөз бен ұғымды айыруда ғана пайдаланылды. Ал шындығында Демокритте атомдар, идеялар немесе атомдар, формалар сезім арқылы тануға келмейді, себебі - олар тым кішкентай, 7264247 әрі көрінбейтіндігінен деген ой бар. Ал Платонда идеялар-формалардың, идеялар-түрлердің сезімдермен танылмайтындығы олардың табиғаты жағынан тіпті өзгешелігінде. Сондықтан Демокриттің идеялары, формалары - денелер, атомдық денелер. Ал Платонда олар - ешбір денесіз формалар. Бұл айырмашылықта терең мән бар.

Платон Элей мектебінің сезімдік заттар дүниесі және сезімнен тыс дүние деген идеясын пайдалана отырып, өзі де дүниені екіге бөлді ғой. Оның бірі - үнемі қозғалып, өзгеріп, дамып, қалыптасып отыратын тіршілік дүниесі, ал екіншісі - ешбір қозғалмайтын, дамымайтын, мәңгіге айналған мәндер дүниесі. Сөйтіп, философия тарихында бірінші рет Платон адамзат пен қоғам өміріндегі тіршілік пен мәннің арасын ашты. Олар бір-біріне ешбір сәйкес келмейтін қарама-қарсылықтар болып шықты.

Платонның бұл философиялық идеясы кейін Аристотельді де, орта ғасырда әл-Фарабиді де, жаңа заманда Спиноза мен Кантті да, Гегельді де, қазіргі заманғы экзистенциалисттік негіздегі философтарды да терең ойлатты.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сократ философиясы
Сократ, Платон философиясы
Көне Грек философиясының ерекшеліктері
Антикалық философия тарихы
Будда философиясы
Антика дәуірінің философиясы
Антикалық философияның элиндік-римдік дәуірі
Көне Греция философиясы
Көне Греция философиясы жайлы
Фараби туралы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz