Жантану пәнi, әдiстерi және тарихы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 31 бет
Таңдаулыға:   
1-тарау. Жантану пәнi, әдiстерi және тарихы

1.1 Жантану пәнi

Психология — психикалық құбылыстардың (”жан қуаттарының”) пайда болу,
даму және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтiн ғылым.
Психикалық құбылыстар бiздi қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен
құбылыстарының мидағы әр түрлi бейнелерi болып табылады. Олар (түйсiк,
елес, ой, сезiм, тiлек, қабiлет, қызығу, мiнез, әдет т. б.) көпшiлiгiмiзге
өз тәжiрибемiзден жақсы мәлiм, тiлiмiзде жиi кездесетiн ұғымдар. Бiр
қарағанда бұлардың мәнiн әрқайсымыз тез ажырататын да, бiлетiн де
сияқтымыз. Бiрақ психикалық құбылыстардың мәнiн ғылыми тұрғыдан түсiну
арқылы ғана жан-жақты ажыратуға болады. Осы мәселенi ғылыми жолмен
баяндауды, олардың өзiндiк заңдылықтарын айқындауды — сөз болып отырған
психология ғылымы қарастырады. Психология ерте замандардан келе жатқан
бiлiм салаларының бiрi. Оның дүниеге тұңғыш келген жерi ежелгi Греция.
“Психология” терминi гректiң екi сөзiнен тұрады: оның бiрiншiсi - “псюхе”
(жан), екiншiсi — “логос” (сөз, iлiм). Сөйтiп, бұл сөз “жан туралы iлiм”
деген ұғымды бiлдiредi.
Ерте замандарда пайда болып, ғасырлар бойы соқыр сенiм нанымдар мен
кейбiр зиялылардың көзқарастарында насихатталып келген түсiнiктер бойынша,
адамда тәннен тәуелсiз “жан” болады, мәңгiбақи жасайтын жан адамның барлық
психикалық, тiршiлiгiнiң (ойының, сезiмiнiң, еркiнiң) иесi де, себепшiсi
де. Жан туралы осындай жалған түсiнiктiң пайда болуына алғашқы адамдардың
табиғат сырларын дұрыс түсiне алмауы себеп болды.
Олар дүниеде табиғатқа бағынбайтын, одан оқшау тұратын ерекше бiр
сиқырлы күш бар, ал жан болатын болса, соның бiр көрiнiсi, ұйқы кезiнде ол
денеден уақытша шығып кетедi де, адам оянған кезде қайтып келедi, егер
келмей қалса, адам өледi деп тұжырымдады. Жан туралы осындай анимистiк
(барлық нәрседе де жан бар дейтiн түсiнiк) пiкiрлер кейбiр тайпалардың
арасында күнi бүгiнге дейiн кездеседi. Мәселен, Лусан аралының (Филиппин)
тұрғындары тагалдар ұйықтап жатқан адамды еш уақытта оятпайды. Өйткенi олар
ұйқы кезiнде адамның жаны басқа жақта жүредi дейдi. Тасманиялықтардың
тiлiнде жан мен көлеңкенiң, ұғымы бiр сөзбен берiледi, өйткенi олардың
ойынша, жан мен көлеңке бiр iспеттес нәрсе. Абипон тайпасының индеецтерi
“лоакаль” деген сөз арқылы көлеңкенiң, жанның, дыбыс берудiң, бейненiң
үғымын бередi. Жан туралы осы тектес қарапайым түсiнiктердiң пайда болуы
адамдардың өздерiнiң дене құрылысы жайында ғылыми түсiнiгi жоқ кездерде,
яғни жан мен тәннiң толысуы бiр-бiрiнен байланысын дұрыс ажырата алмай жан
өлгеннен кейiн денеден шығып кететiн, мәңгiбақи өмiр сүретiн нәрсе деп
ұғынудың нәтижесi едi.
Жан туралы ғылыми түсiнiк ежелгi гректердiң әмбебап ғалымы Аристотель
(б. з. д. 384—322) есiмiмен байланысты. Екi жарым мың жылға созылған осынау
кезеңде психология басқа ғылымдармен (философия, медицина, әдебиет,
жаратылыстану т. б.) аралас, астарласа дамып келдi. ХIХ-ғасырдың екiншi
жартысынан былай қарай ғалымдар жан құбылыстарын (түйсiк, ес, ойлау, қиял
т. б.) эксперимент (тәжiрибе) жүзiнде әртүрлi құрал-жабдық аспаптардың
көмегiмен зерттей бастады. Осы кезден бастап, психология өз алдына дербес
отау тiгiп, тәжiрибелiк ғылым ретiнде дамыды. Ғылымның осы саласына
эксперименттi тұңғыш енгiзген немiс ғұламасы В. Вундт (1832—1920) болды.
Психология ғылымының тарихы да бiрiне-бiрi қарама-қарсы жоғарыда
аталған екi бағыттың үздiксiз ой-пiкiр тартысына толы. Мысалы, ертедегi
грек ойшылдарының бiрi Демокрит (б. э. д. 460—370) сол кездiң өзiнде-ақ
жанды (психика) оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп түсiндiрдi. Ол
жанның мәңгi еместiгiн, оның өсiп, өшiп отыратындығын айтып, материалистiк
тұжырым жасады. Сол заманның екiншi бiр ойшылы, идеалист Платон (427—347)
керiсiнше “жан мәңгi өлмейдi, шпейдi”, - деп тұжырымдады.
Психикалық әрекеттi осылайша екi түрлi көзқарас тұрғысынан түсiну,
қоғам дамуының кейiнгi кезеңдерiнде, әсiресе орта ғасырлар заманынан бермен
қарай кең өрiс ала бастады. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби
(870—950) дүние материядан құралады, ол жойылмайды, бiр түрден екiншi түрге
көшiп, өзгере бередi, жан денеден бұрын өмiр сүрмейдi, бiр денеден екiншi
бiр денеге барып орналаса да алмайды деп материалистiк тұрғыдан дұрыс
пайымдаса, батыс ойшылы Фома Аквинский (1225—1274) жанның мәңгi
өлмейтiндiгi, оның денеден бөлек өмiр сүретiндiгi жайлы пiкiрлердi ары
қарай дамытып, осы көзқарастың кең өрiс алуына мүмкiндiк бередi.
Психологиялық ғылыми бiлiмдердiң тарихы екi кезеңге бөлiнедi. Оның
бiрiншiсi — шамамен 2500 жылға созылған, көш басы Аристотельден басталатын
жан дүниесi жайлы түрлi ой пiкiрлердiң iлкi тарихы. Осы кезең iшiнде
психология басқа ғылымдармен, әсiресе, философиямен қосақтаса дамып келедi.
Оның екiншi тарихы 1879 жылдан басталады. Осы жылы немiс ғалымы В. Вундт
(1832—1920) Лейпцигте тұңғыш лаборатория ұйымдастырып, мұның дербес
эксперименттiк ғылым болуына себепкер болды.
Психологияның даму тарихы жоғарыда аталған ғұламалармен қатар Герофил,
Эразестрат, Гиппократ, Гален, Әбуәлi Ибн Сина, Декарт, Гоббс, Спиноза,
Лейбниц, Локк, Гартли, Дидро, Вольф, Галлер т. б. оқымыстылардың есiмiмен
тығыз байланысты.
Жан дүниесiнiң сыры жайлы дәйектi пiкiрлердi қазақ ойшылдары да
айтқан. Тiптi мұндай ой-пiкiрлер фольклорда, әсiресе, мақал-мәтелдерде
көптеп кездеседi. Мәселен, “Тән ауырса, жан ауырады”, “Тәнi саудың жаны
сау”, “Тән өледi, демек жан да өледi”, “Жан бар жерде қаза бар” “Жан -
кеудеге қонақ” т.б. осындай мақалдарда жан мен тәннiң ара қатынасы шындыққа
сәйкес дұрыс пайымдалғанын байқау қиын емес. Жан қазақ ұғымында жан-
жануарға, адамға тiршiлiк, күш-қуат беретiн рух. Ал Асанқайғы, Шалкиiз,
Жиембет, Ақтамбердi, Бұқар, Шал, Дулат, Махамбет т. б. қазақ ақынжыраулары
мен ойшылдарының толғауларында да көшпендi ата-бабаларымыздың жан
дүниесiнiң сырлары әр қырынан сөз болып, осылар жайлы сындарлы пiкiрлер
айтылған. Өресi биiк, материалистiк психологиялық ой-пiкiрлердi Шоқан,
Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұт шығармаларынан да көптеп кездестiруге болады.
Мәселен, С. Торайғыров (1893—1920) жан мен тән ылғи да бiрлiкте, байланыста
болады (“Дене азыққа тоюдан жан ер жетер, жан ер жетiп, дүниенiң сырын
табар”), адамның тәнi өсумен қатар, жаны да (ақыл-ой, санасезiм) бiрге
өсiп, жетiлiп отырады, осы екеуiнiң қоса өзгеруiнiң негiзi тәнде, адам
өлгеннен кейiн, онда қимыл жоқ, сезiм жоқ... жек көру жоқ, махаббат жоқ...
Өмiр жоқ, яғни, бiр сөзбен айтқанда, тәннен бөлiнген жанда еш уақытта өмiр
болмайды деп тамаша материалистiк қорытынды жасайды. Осы iспеттес пiкiрдi
Шәкәрiм Құдайбердиев те (1858—1931) айтқан болатын (“Жан тәнге, ақыл жанға
маталып тұр”). Психикалық құбылыстың табиғи ғылыми негiзiн жасауда, оны
материалистiк тұрғыдан түсiндiруге орыстың, ұлы ғалымдары И. М. Сеченовтiң
(1829—1905) рефлекстер жөнiндегi пiкiрлерi мен И. П. Павловтың (1849—1936)
жоғары жүйке қызметi туралы iлiмiнiң маңызы зор болды.

§ 2. Жан құбылыстарын ғылыми тұрғыдан түсiну

Психикалық әрекеттi ғалымдар бейнелеу теориясы негiзiнде түсiндiредi.
Осы қисынның iрге тасы әл-Фараби еңбектерiнде алғаш сөз болған
(“Сыртқы әсерлердiң әсерiмен... заттардың образдары пайда болады”). Әл-
Фараби “Философиялық трактаттар”. Алматы, “Ғылым”, 1973, 301-бет). Бұл
теория бойынша сыртқы дүние бiздiң сезiмде мида түйсiк, қабылдау, елестеу,
ой-сезiм түрiнде бейнеленедi. Бұлардың бәрiн кейде бiр сөзбен адамның
санасы немесе психикасы деп те атайды. Сана сыртқы дүниенiң бейнесi дегендi
қалай түсiнуге болады? Бiздiң миымыз сыртқы әсерлердiң бәрiн қабылдауға,
бейнелеуге қабiлеттi. Мидағы бейне, образ сол бейнеленген зат пен құбылысқа
дәл келедi. Бейнелену процесi әр адамның өмiр тәжiрибесiне, жол мөлшерiне,
бiлiм деңгейiне, мақсат-мүддесiне, наным-сенiмiне орай өзiндiк
өзгешелiктерге толы болады.
Неорганикалық материяның (өлi табиғат) өзiнде де түрлi нәрселер
сәулеленедi. Мәселен, заттың айнадағы сәулесiнен бiз оның суретiн көремiз.
Ал егер затты алып кетсек, оның суретiнiң де айна бетiнен жоғалып кететiнi
мәлiм. Психикалық бейне де осы iспеттес, яғни сыртқы орта әсер етпейiнше,
мида ешқандай психикалык құбылыс пайда болмайды. Айна бетiндегi бейне де,
адам миындағы бейне де “бейнелену” деген бiр сөзбен аталғанымен бұл
екеуiнiң арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Айна бетiндегi сәуле
“жансыз” сәуле болып табылады. Ал адам миында болатын бейнелеу процесiнiң
айна бетiндегi сәуледен бiр ерекшелiгi — соңғы бейне өте күрделi, ол жүйке
процестерiнiң жұмысынан туады. Мидағы бейненiң екiншi бiр ерекшелiгi -
сөздiң жәрдемiмен бейнеленуi. Бейнеленудiң осы түрi ұзақ уақыттық тарихи
дамудың нәтижесiнде, адамдардың еңбек ету қызметiнiң негiзiнде пайда
болған.
Айналадағы заттар мен құбылыстардың адам миында бейнеленуi
жануарлардан бөлек, өзгеше жолмен, белсендi түрде сөздiң көмегiмен жүзеге
асады. Адам қоғамдық-әлеуметтiк өмiрдiң жемiсi болғандықтан, оның бейнелеуi
ұғым, пiкiр, ой қортындысы түрiнде көрiнедi. Ол белсендi әрекеттену
негiзiнде, әртүрлi объектiлермен қатынас жасап, өзi солардың бейнеленуiне
мүмкiндiк туғызады. Бейнелену — заттың миға әсер етуiнен ғана болатын бiр
жақты процесс емес, субъект (адам) пен объектiнiң (сыртқы орта) өзара
байланысының нәтижесi. Адам сыртқы ортаның тигiзген әсерiн, шама-шарқынша
өңдеп, саналы түрде бейнелейдi. Бейнелену ми қабаты жықпылдарында адамның
жас мөлшерi, бiлiм, дағды, икемi, тәжiрибесiне орай түрлi деңгейде көрiнiп
отырады.
Бейнелену формаларының шығуына құрамында белоктық заттары бар
тiршiлiктiң пайда болуы шешушi роль атқарды. Тiтiркенушiлiк, яғни тiрi
организмнiң сыртқы әсерге жауап бере алу қабiлетi, жүйке жүйесi күрделi
сипат алған сайын организмнiң сыртқы ортамен байланысында елеулi орын ала
бастайды. Мәселен, балықтардың миы өте мардымсыз болса, сүтпен
коректенушiлердiң миы бұған қарағанда жақсы дамыған. Жануарлар миының
алдыңғы жағы (маңдай бөлiгi) өскен сайын олардың сыртқы ортамен
байланысының дәрежесi, яғни бейнелеу мүмкiншiлiгi де арта түседi.
Бейнелену теориясының мәнiн басқаша түсiнетiндер де кездеседi. Немiс
ғалымы Г. Гельмгольц (1821 —1894): “Мидағы бейнелердiң сыртқы дүние
заттарымен ешқандай ұқсастығы жоқ, бұлар — заттың бейнесi емес, оның
символы”,— дейдi. Бұл теория бiздiң сезiм мүшелерiмiздiң көрсеткенiне
сенбеушiлiк туғызады, объективтiк дүниенi жоққа шығарады. Заттың бейнесi
бiр басқада, шартты таңба — символ бiр басқа. Бейне “кескiнделетiн” сыртқы
заттың объективтiк болуын қажет етедi, ал “таңба” мен “символ” оны турадан-
тура жоққа шығарады.
Адам санасының табиғатын осылайша түсiнетiндердi ғылымда тұрпайы
материалистер дейдi. Мәселен, XIX ғасырда өмiр сүрген немiстiң кейбiр
оқымыстылары (Молешотт, Бюхнер, Фохт): “бауыр өттi өзiнен қалай бөлiп
шығарса, ми да ойды солай бөлiп шығарады” деп адамның сана-сезiмiн, ойлау
процесiн ми шығаратын заттың ерекше бiр түрi деп түсiндiредi. Бұл өте
тұрпайы түсiнiк. Шынында, сана сол материяның өзi болса, бұдан материя мен
сана арасындағы айырмашылық жойылады да, бұл екеуi бiрдей болып шығады.
Ғылыми түсiнiк бойынша, психика, сана зат емес, оны көруге де, суретiн
түсiрiп алуға да болмайды. Сана — сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының
мидағы бейнесi. Ол материалдық бейне емес, идеалдық бейне. Сана шындықтың
жай суретi, оның жансыз көшiрмесi емес, адамның басында, жүйке жүйесiнде
жасалып жататын шындықтың күрделi бейнесi.

§ 3. Жан қуаттарының топтастырылуы.

Жан қуаттарының күрделi ағымын аңғару үшiн алдымен оларды белгiлi
топтарға жiктеуiмiз керек. Мүны жан қуаттарының топтастырылуы деп атайды.
Бұл топтастыру бойынша, психика бiр-бiрiмен тығыз байланысты үш топқа
бөлiнедi. Олардың бiрi психикалық процестер деп аталса, екiншiлерi
психикалық қалып, үшiншiлерi психикалық қасиеттер деп аталынады. Жан
қуаттарының кейбiрi (түйсiк, қабылдау, елестету, т. б.) сыртқы дүние
заттары мен құбылыстарын тiкелей танып бiлуде, ендi бiреулерi (ойлау, қиял
т. б.) бұлардың арасындағы күрделi байланыстарды, дәнекерлi қатынастарды,
өзгерiстердi тереңдей бойлап бiлуде ерекше орын алады. Адамның сыртқы
дүниемен (объективтiк шындықпен) үздiксiз қатынастағы белсендi байланысында
оның сезiм, ерiк процестерi шешушi қызмет атқарады.
Психикалық кейiп (немесе қалып) адамның түрлi көңiл күйiнiң (шабыт,
зерiгу, үрейлену, абыржу, сергектiк, белсендiлiк т. б.) тұрақты
компоненттерi. Жан қуаттарының осы екiншi тобы ғылымда әлi де болса толық
зерттелiнбеген.
Психикалық қасиеттер — бiр адамды екiншi бiр адамнан ажыратуға негiз
болатын ең маңызды, ең тұрлаулы ерекшелiктер. Бұған әрбiр адамның мiнезi
мен темпераментi, қабiлетi мен дүние танымы, сенiмi мен талғамы, қызығуы
жатады. Психикалық қасиеттердiң қалыптасуында адамның өскен ортасымен
қатар, оның кейбiр таптық, ұлттық, жас өзгешелiк, мамандық ерекшелiктерi де
бiрсыдырғы орын алады.
Психикалық процестер— сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы
түрлi бейнелерi. Бұлардың түрлерi көп. Аспанда жұлдыздар жымыңдап, бiр
өшiп, бiр жанып тұр. Оқтын-оқтын самал желдiң ақырын ғана толқып өскен лебi
денеге тиедi, шөп сыбдыры баяу ғана құлаққа шалынады, жас жусанның исi
мұрын жарып тұр, көлде әлсiн-әлi құрбақа бақылдайды. Осындайларды адам
түйсiк, қабылдау деп аталатын процестерi арқылы сезiнедi. Түйсiкте сыртқы
дүние заттары мен құбылыстарының толып жатқан жеке саналары сәулеленетiн
болса, қабылдауда олар тұтастай, бiрiккен сапаларымен бейнеленедi.
Бiр кезде қабылданған заттар санамыздан мүлде жойылып, өшiп кетпейдi,
оларды кейiн керек кезiнде түрлiше елестетуге болады. Мысалы, студент үйiне
хат жазып отырып, үйiндегiлердiң бет-пiшiнiндегi нәрселердi көз алдына
елестете алады. Мұндай жағдайда оның басында елес процестерi пайда болады.
Оған нәрселер мен заттардың образы қасында тұрғандай көрiнбей, жай елестеп
отырады. Студент сабаққа дайындалады. Кейiн мұғалiм сабақ сұрағанда студент
оқығанын есiне түсiрiп, айтып бередi, қажеттi нәрселердi есiне жинайды да,
қажетсiз, қызықсыз жерлерiн ұмытады. Бұл жерде ес процестерi әңгiме болып
отыр.
Ғалымның тыңнан бiр жаңалық ашуы, инженердiң машина ойлап шығаруы,
оқушының шығарма жазуы т. б. үлкен қиялды қажет етедi. Бұрын қабылданған
нәрселердi қайтадан өңдеп, образ жасауда көрiнетiн психикалық процесс қиял
деп аталады. Алдымызда тұрған мәселенi шешу, заттардың себеп-салдар
байланыстарын көрсету, болмысты жалпылай және жанама түрде тану — ойлау
процесiнiң арқасында болып отырады. Сөйлеумен тығыз байланысты ойлау адам
танымының ең жоғары түрi. Бiз айналадағы нәрселерге талғаусыз қарамаймыз.
Iсiмiз оңға басса, көңiл;мiз толып, оған қатты қуанамыз, жаман нәрсенi
көрсек ренжимiз, әдiлетсiз iске ашу бiлдiремiз. Қуаныш, қайғы, ұнату,
ұнатпау, уайым, масаттану, достық, жолдастык, адалдық, шыншылдық т. б.
адамның сан алуан сезiмдерi мен эмоцияларын бейнелейтiн атаулар.
Қандай болмасын, бiр әрекет жасау үшiн алдымен оның жоспарын ойланамыз
да алда тұрған кедергiлер мен қиыншылықтарды жеңуге кiрiсемiз, көздеген
мақсатқа жету үшiн барлық күш-жiгерiмiздi жұмсаймыз. Мұнда адамның мақсат,
тiлек, қалау, тоқтам, ерiк, жiгер қажыр-қайрат процестерi көрiнедi.
Жан қуаттарының iшiнен зейiн ерекше орын алады. Зейiн санамыздың
барлық жақтарының (қабылдау, елес, ойлау, қиял т. б.) белгiлi объектiге
бағытталып, шоғырлануы. Зейiн жан қуаттарының қай-қайсысына болса да
дәнекер болады, оны күшейте де, әлсiрете де алады, ерiк процесi де онсыз
пәрменсiз болады.
Психикалық процестердiң осы түрлерi бiр-бiрiмен тығыз байланысып
жатады. Бұлар адамның даралығын көрсететiн психикалық қасиеттерiмен
(қабiлет, мiнез, темперамент, қызығу), кейбiр анатомиялық-физиологиялық
тума қасиеттерiмен де (нышандар) орайлас көрiнiп отырады. Бұлардың
әрқайсысының көрiнуi нақтылы жағдайлардың әсерiнен түрлi мәнге ие болып,
адам санасын әр қырынан көрсетiп жатады және бұлар бiр-бiрiмен тығыз
байланысты болады. Бұл жөнiнде Абай:
“Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке бiреуi жарытпайды,
Жолда жоқ жарыместi “жақсы демек”, - деген едi.

§ 4 Жанды зерттеу әдiстерi.

Бiр қарағанда бiздiң әрқайсымызға оңай, тiптi таныс сияқты болып
көрiнетiн жәйт күнбе-күнгi психикалық өмiрiмiзге мұқият үңiлiп қарасақ,
өзiне тән заңдылықтары бар аса күрделi қасиет. Психикалық өмiрдi де атомның
құрылысы сияқты жай көзбен қарап ажырату қиын. Адамның психологиялық
ерекшелiктерiн бiлу үшiн, осы ғылымның зерттеу әдiстерiмен танысуымыз
керек. Әр ғылымның өзiндiк ерекшелiгiне карай дербес зерттеу әдiсi болады,
осы әдiстер арқылы сол ғылымның сан алуан заңдылықтарын зерттеуге мүмкiндiк
туады. Егер ғылымда өзiне тән әдiс, яғни зерттеу әдiстерi болмаса, ол нағыз
ғылым болудан қалады. Басқа да ғылымдар тәрiздi психология ғылымының да
өзiне тән әдiстерi бар. Бұл әдiстер осы ғылымның көп жылғы даму жолында
түрлi тексерулерден өтiп, сұрыпталу арқылы қалыптасқан. Психикалық әрекеттi
де белгiлi мақсатқа байланысты жоспарлап, арнайы белгiленген және мұқият
ұйымдастырылған әдiстер арқылы зерттейдi. Зерттелiнетiн адамның көп рет
қайталанған iс-әрекеттерi мен қылықтары, сөз саптауы мен бет пiшiнiндегi
мәнерлi қозғалыстары да, бiзге оның ойлауы мен сөйлеуiнiң, сезiмi мен
еркiнiң, темпераментi мен мiнезiнiң ерекшелiктерiн бiлуге бiршама
жәрдемдеседi.
Ғылыми психология адамның ой-өрiсi, сана-сезiм дәрежесi iс-әрекеттен,
оның нәтижесiнен жақсы байқалатынын талай рет айтқан. Сана iс-әрекеттiң
бағыт-бағдарлы сипатта болуын қамтамасыз етедi. Сана мен iс-әрекет бiр-
бiрiмен тығыз байланысты. Сананың белсендiлiк сипаты да, оның мiнез-құлықты
реттейтiн басқарушылық функциясы да осы принципке негiзделедi. Осы
айтылғанға орай психологиясын нақтылы iс-әрекет үстiнде зерттеу ғылыми
психологияның ең негiзгi принципi. Кейбiр психологтар: “Адамның психикалық
құбылыстарын зерттеуде оның өзi берген мәлiметтер шешушi орын алады,
сондықтан да өзiн-өзi байқау (интроспекция) әдiсiнiң деректерiне ерекше
көңiл бөлу қажет” дейдi. Бұл шындыққа жанасымсыз пiкiр. Мұндай жолмен
адамның iшкi жан дүниесiн бiлу қиын. Өйткенi адам өзi туралы көп
жағдайларда қателеседi, оның шынын айтқысы келмеуi де ықтимал, сондай-ақ
адам өзiнiң психологиялық ерекшелiктерiн жете бiлмеуi, не оны басқа бiреуге
дұрыс жеткiзiп бере алмауы мүмкiн. Өзiн-өзi байқау — адам психикасын
зерттеудiң әдiсi болып табылмайды, ол әркiмнiң өз басындағы рухани
ерекшелiктерiн аңғара алуын көрсететiн бiр факт. Мұндай жолмен адам
психологиясының мәнiн, оның қалыптасу жолын түсiндiруге болмайтындықтан,
психиканы объективтiк жолмен зерттеуде бiз осы принциптен ешбiр ауыт-
қымауымыз қажет. Жантануда адамның психикалық ерекшелiктерiн зерттейтiн
бiрнеше әдiстер бар. Олардың бiр тобы негiзгi әдiс, екiншi тобы қосалқы
әдiс деп аталынады. Осындай негiзгi әдiстердiн бiрiне байқау әдiсi (А)
жатады.
А. Байқау әдiсi
Белгiлi жоспар бойынша жүйелi түрде бiраз уақыт бойына зерттелушi
адамның психикалық ерекшелiктерiн қадағалауды байқау әдiсi деп атайды.
Байқау, әдетте, табиғи жағдайда, зерттелiнушi адамның әрекетiне әдейi
араласпай-ақ жүргiзiледi. Осы әдiс арқылы зерттелiнушiнiң мимикасын (бет
құбылысын), сөз реакцияларын, түрлi қозғалыстарын, мiнез-құлқын, жалпы
әрекетiн байқауға болады. Сондай-ақ адамның ерiк күшi, сезiм ерекшелiктерi,
темпераментi де байқау әдiсi арқылы ажыратылады. Мысалы, мектептегi
оқушының ойлау және сөйлеу ерекшелiктерiн зерттеу керек болса, ол үшiн
зерттеушi оқушының әрбiр сабақ үстiндегi жеке сөздерiн, сөйлемдерiн
стенографиялап, күнделiкке түсiредi, кейiн оны тиянақты түрде талдайды да,
тиiстi қорытынды шығарады.
Ғылыми зерттеу жұмыстарының түрлi ерекшелiктерiне қарай байқау
әдiсiнде кейде аспаптар да колданылады. Мәселен, зерттелiнетiн объектiнi
суретке түсiру үшiн-фотоаппараттар, зерттелiнушi адамның сөз тiркестерiн
жазып алып, кейiн оны пластинка бойынша қайтадан жаңғырту үшiн-магнитофон
т. б. пайдаланылады.
Байқау әдiсiнiң нәтижелi болып шығуы үшiн қолданылатын қажеттi кейбiр
шарттар:
1) Байқаудың ұзақ уақыт бойына жүргiзiлуiн және бiр фактiнiң өзi
бiрнеше рет қайталанып зерттелiнуiн қамтамасыз ету;
2) Зерттелетiн объектiнi айқын белгiлеу және байқаудың мақсатын түсiне
бiлу қажет. Мысалы, байқау объектiсi ретiнде сабаққа нашар студенттi алатын
болсақ, мақсатымыз-оның сабақ дайындау кезiндегi ой жұмысының кейбiр
ерекшелiктерiн бiлу;
3) Байқалған фактiлердi сол сәтте жазып отыру,
зерттелiнушiнiң сөз реакцияларын стенографиялау; кейiн оған мұқиятталдау
жасау; басты фактiлердi iрiктеп алу — осы әдiске қойылатын негiзгi
талаптардың бiрi.
Сан рет жүргiзiлген байқаудың нәтижесiне байланысты (егер байқауға
студент алынған болса) ұстазбен бiрлесе отырып, студенттiң оқу әрекетiн
одан ары жақсарту үшiн нақтылы шаралар белгiленедi.
Байқау әдiсi арқылы оқу-тәрбие процесiнiң әр кезеңдерiнде ұстаз
студенттердiң сабақ үлгiруi мен тәртiбiндегi ерекшелiктердi бiлуiне, кейiн
оларды жақсарта түсу жөнiнде тиiстi шаралар белгiлей алуына болады. Бұл
әдiс адамдардың психологиялық ерекшелiктерiн зерттеуде өте көп қолданылатын
әдiстердiң бiрi.
Байқау әдiсiнiң кейбiр кемшiлiктерi де бар.
Бiрiншiден, зерттеушi мұнда өзiне керек құбылыстарды әп-сәтте зерттей
алмайды да, көп уақытын жiберiп алады, екiншiден, байқауды әр уақытта
тыңғылықты, ойлағандай ұйымдастыруға жағдай болмай да қалады. Бұл әр түрлi
кездейсоқ объективтiк (байқауға алынған адамның сабаққа келмей қалуы),
субъективтiк (бақылаудың қиынға соғуы, зерттеушiде бақылағыштық қасиеттiң
жоқтығы т.б.) себептердiң кездесетiндiгiне байланысты. Осы айтылғандарға
қарай бұл әдiстiң ғылыми деректерi кейде кемiрек болады.
Байқау әдiсiне қарағанда жан қуаттарын эксперименттiк жолмен
зерттеудiң бiраз артықшылығы бар. И. П. Павлов: “Байқау табиғаттың
ұсынғанын жинайды, ал тәжiрибе табиғаттан өзiнiқ тiлегенiн алады”— деп
тегiн айтпаған.
Б. Тәжiрибе (эксперимент)
Тәжiрибе жасауда зерттеушi өзiне қажеттi жан қуаттарының көлденеңнен
кез болуын күтiп тұрмай, сол процестiң тууына өзi жағдай жасайды.
Психологияда тәжiрибе лабораториялық және табиғи болып екiге бөлiнедi. Ендi
бұларға жеке-жеке тоқталып өтейiк.
Лабораториялық тәжiрибе
XIX ғасырдың ортасынан бастап, жеке психикалық процестердi зерттеу
үшiн тәжiрибе кең түрде қолданыла бастады. Немiс ғалымы В. Вундт
(1832—1920) психологияны тәжiрибелiк жолмен зерттеудiң негiзiн салды,
тұңғыш рет лаборатория ашты (1879). Психологтар алғаш рет көру, есту иiс
түйсiктерiн зерттеу үшiн тәжiрибенi пайдаланды. Кейiн келе олар секундтың
11000 үлестерiне дейiн дәл өлшейтiн құралдар ойлап шығарып, кейбiр
психикалық процестердiң пайда болу тездiгiн өлшеудiң жолын тапты.
Сексенiншi жылдары ес құбылыстарын зерттеу лабораторияда тұңғыш жүргiзiле
бастайды. Арнаулы әдiстер қолдану арқылы жаттап алудың тездiгi мен дәлдiгi,
ұмытудың жылдамдығы т.б. өлшенiлдi. Орыс психологы Н. Ланге (1858—1921)
эксперимент әдiсiмен зейiн мен қабылдауға зерттеу жүргiздi. Тоқсаныншы
жылдарда француз психологы А. Бине (1857—1911) алғаш рет ойлау процесiне
тәжiрибе жасады. Осы зерттеулердiң нәтижелерi психологтардьщ I-шi дүние
жүзiлiк конгресiнде II (Париж, 1889) талқыланды. XX ғасырдың басында
психология ғылымының қарамағында ондаған лабораториялар болды. Осындай
жақсы жабдықталған психологиялық лабораториялардың бiрiн XX ғасырдың
басында орыс психологы Г. И. Челпанов (1862—1936) ұйымдастырды. Бұрынғы
КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясына қарасты Психология ғылыми-зерттеу
институты мен Ресей ғылым академиясына қарасты психология институтының
(Мәскеу) лабораториялары жоғары техникамен жабдықталған үлкен ғылыми-
зерттеу мекемесi болып отыр. Киев, Тбилиси қалаларындағы психология
институттарында да осындай лабораториялар бар.
Ғылыми психология психикалық құбылыстардың физиологиялық негiздерiн
ашуды басты мәселенiң бiрi деп қарайды. Бұл мiндеттi академик И. П. Павлов
ашқан әйгiлi шартты рефлекстер әдiсi бойынша шешуге болады. көптеген
физиологиялық және психологиялық лабораторияларда И. П. Павловтың
шәкiрттерi бұл әдiстiң әр түрлi нұсқаларымен ойдағыдай жұмыс жүргiзуде.
Мысалы, осы әдiс арқылы профессор Н. И. Красногорский балалардың жоғары
дәрежелi жүйке қызметiнiң даму жолдарының, проф. А. Г. Иванов-Смоленский
адамдардың бiрiншi және екiншi сигнал жүйелерiнiң қызметiн зерттеген.
Тәжiрибе жүргiзу үшiн арнаулы лабораториялық мекемелер қажет болатынын
айттық. Ендi кейбiр қарапайым аспаптардың атымен таныстырайық. Мысалы,
психикалық процестердiң пайда болу шапшаңдығын өлшеу үшiн — хроноскоп, терi
түйсiгiнiң сезгiштiгiн байқау үшiн — эстезиометр, зейiннiң көлемiн анықтау
үшiн — тахистоскоп, есiтудi өлшеу үшiн — аудиометр, денедегi бұлшық
еттердiң жұмысын тiркеп отыру үшiн — эргографты пайдаланады. Бұлардан басқа
құрылысы әлдеқайда күрделi құрал-жабдықтар да толып жатыр.
Лабораторияда жүргiзiлетiн эксперименттiң нәтижелiлiгi мына төмендегi
жағдайларға байланысты болады:
1. Байқалатын объектi жөнiнде эксперимент жүргiзушiнiң күн iлгерi
болжамының (гипотезасының) болуы тиiс;
2. Тәжiрибе түрiне лайықты жұмыс жағдайын жасау
(жазып отыру, инструкциялар т.б. жазу-сызу құралдарымен қамтамасыз ету);
3. Тәжiрибенi күн iлгерi белгiленген жоспар бойынша, арнаулы
әдiстемеге сай жүргiзу;
4. Бiр құбылысты бiрнеше рет тексеруден өткiзiп, оларға сандық және
сапалық жағынан дербес талдау жасау;
5. Алынған мәлiметтерге байланысты негiзгi және
iшiнара қорытындылар шығара отырып, тәжiрибе жүргiзуде ашылған кейбiр ғылым
деректердi (егер зерттеу жұмысы мектеп жағдайында жүргiзiлген болса) оқу-
тәрбие процесiнiң сапасын жақсарту үшiн пайдаланса, бұл тәжiрибенiң негiзгi
мақсатының орындалғаны болып табылады.
Табиғи эксперимент
Тәжiрибенiң екiншi бiр түрi — табиғи эксперимент деп аталынады. Табиғи
эксперименттi психологияға тұнғыш енгiзген және оны өзiнiң зерттеулерiнде
көп пайдаланған көрнектi орыс психологы А. Ф. Лазурский (1874—1917) болды.
Бұл әдiстiң байқау әдiсiнен айырмашылығы, мұнда тәжiрибе жүргiзушi өзiне
керек құбылысты табиғи ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Психологияның ғылымдар жүйесіңцегі орыны
Тәрбие мен оқыту жүйесінің дамуындағы психология. ролі және орны
Ғылыми психологияның принциптері мен жалпы зерттеу әдістері
Психологияның даму тарихы
Писхология мән-мағынасы және оның барша ғылымдар
Психология ғылымының зерттеу пәні - психика
Психология пәні және міндеттері.Психология ғылымының қолданбалық (прикладной) мәні
Ес туралы жалпы ұғым және оның түрлері
Психологияда қалыптасқан ғылыми бағыт-бағдарлар туралы ақпарат
Әлеуметтік психологияның мақсаттары мен міндеттері
Пәндер