Құран тарихы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 20 бет
Таңдаулыға:   

Құран тарихы

Уахи

Аллаһ тағала адамзаттың тура жолды тауып, Өзіне құлшылық етуі үшін оларға қажет нәрселермен қатар уахи арқылы пайғамбар жіберген. Жалпы пайғамбарлар адамзатты надандықтан құтқарып нұрға бөлеу мақсатымен жіберілген. Сондықтан да Хақ тағаланың адамдарға пайғамбар жіберуі - Оның махаббатымен жаратқан адамзатына деген ерекше рақымдылығы.

Адам баласы өзінің шектеулі ақылы арқылы дүниедегі жаман мен жақсыны ажырата алмақ емес. Сондықтан да адамдар арасындағы құндылықтар заман мен мекен және ұлттарға қарай бөлінеді. Бір қоғамның жақсы дегені басқа қоғам үшін жаман ұғымға ие болмақ. Әсіресе, өз нәпсісіне табынғандар үшін жақсылық атаулы жамандыққа айналмақ. Уахи келместен бұрынғы арабтардың құндылықтары - қызын тірідей жерге көму, әйел затын мүлік ету, жарлының қанын сүліктей сору, бұрыс та болса жақынына болысуды әділдік саналу, шарап ішу, зина жасау, пұттарға табыну т. б еді. Қазіргі заманда да батыс мемлекеттерінде адамның рухына жат нәрсе олар үшін құндылық саналған іс-әрекеттер көп. Мұндай адам болмысына қайшы мінез-құлықтар бейне бір вирустай теледидар, интернет, радио т. б арқылы жалпы әлемге тарап, әсіресе үш ғасырдан бері өзінің төлқұжатын іздеп жүрген мұсылман елдерінің ішкі ниетіне шабуыл жасауда. Ендеше, нәпсісінің қалауымен жүріп, бойындағы барлық құмарлық сезімдерді кез-келген жолмен қанағаттандыруды құндылық санаған әрбір қоғам ақыр соңында азғындықтың шыңырауына құламақ. Жалаң ақылды ғана ұстанып, әлемге материалдық көзқараспен қараған бір қоғамның барар межесі де қаратүнек құрдым болмақ. Өйткені, Ұлы Жаратушы мен ақырытке сенімі болмаған ондай қоғамның күмбезі көркем мінезділікпен қамтылуы екіталай. Оның ғұмырға не үшін келіп, қайда баратынын, бойындағы сансыз қабілеттерін қалай, қандай нәрсеге пайдаланатынын жаратқан Жаратушысы ғана білмек. Демек, жақсы мен жаманды айырыу «адами өлшеммен» емес, «илаһи өлшеммен» болмақ дүр. Міне, жер бетіне Өзінің ұлылығы мен құдыреттілігін паш ететін өкілі етіп жаратқан ардақты адам баласына «илаһи өлшемді» уахи арқылы білдірмек.

Уахидың тылсым-сыры

Уахи - Аллаһ тағаланың адамдарға жеткізетін хабары. Бірақ, бұл тікелей емес Жебірейіл періштесі арқылы арнайы жіберілген пайғамбарына жетпек. Елшісі де келген хабарды адамдарға жеткізбек. Бірақ ақыл уахидың ақиқаттығын білгенмен оның қандай нәрсе екенін біле алмайды. Өмірде көптеген нәрселер бар ақыл олардың қандай екенін біле алмаса да оның барлығын қабылдайды. Басқаны былай қойғанда ақыл өзінің ақиқатын дәлелдегенмен көзбен көрсетіп, қолмен ұстатуға шарасыз. Рух та ақыл тәрізді. Ақыл мен қисын жолымен адам рухтың барлығын біледі. Мұны Абай атамыз «Мені мен менікі» деп екіге бөлген. Адамның барлық мүшесін иесі «менікі» дейді. Сонда адамның өзі қайда? Өзі сол рухы. Сондай-ақ айналамызда жалаң көзбен көре алмайтын, қолға ұсатай алмайтын көптеген құбылыстар бар. Бірақ бұларды ғылыми жолдар арқылы қазіргі заманда ғалымдар анықтаған. Мысалы, әлемде тартылыс күші бар. Магниттің де темірлерді тартатын күші бар. Бұлардың ақиқаттығын атеисттер де қабыл еткенмен сол тартылыс күшін ешкім көрсетіп бере алмайды. Сондай-ақ адамдар бір-бірлерімен алшақтан телефон, радио, телдидар арқылы тілдеседі. Егер бұларды өткен ғасырлардың адамдары көргенде қабыл ете алмай бәлкім жоққа шығар еді. Жан-жануарлар әлемі тіпті адамдар да телепатия арқылы бір-бірімен байланыса алады. Ұзақтан бір-біріне сигнал жіберу арқылы да адамдар хабарласа алады. Бірақ, сол сигналдар мағынасын білмегендер үшін мүлдем түсініксіз болып келеді.

Дәл осылайша Аллаһ тағаладан келген илаһи хабарлардың адамдар арасында пайғамбарлардың есітіп, уахиды еліне сөзбен оқып беруінде ешқандай таңқаларлық нәрсе жоқ. Сондықтан біздің білуіміз мүмкін болмаған уахидың тылсым-сырлылығын зерттеуге мәжбүр емеспіз.

Уахи елшісі Жебрейіл

Хазіреті Мұхаммед пайғамбарға (с. а. с) келген періште Құранда Жебірейіл, Рухул-Әмин және Рухул-Қудус деп аталған. Құранда: «Кім Жебірейілге дұшпан болса, мынаны жақсы білсін: Ол Аллаһтың бұйрығымен Құранды сенің жүрегіңе туралық жетекшісі және бұрынғы түскен кітаптарды растаушы һәм мұсылмандарға сүйіншілеуші болып түсірді» 1 . Басқа бір аятта оны «Рухул-Әмин» деп атаған: «Сөзсіз бұл Құран әлемдердің Раббысының түсіргені. Оны Рухул-Әмин (сенімді Рух) әкелді »2. Осы аятта аты аталған «Рухул-Әмин» - Жебірейіл періште. Хақ тағала оны рухтан жаратқандықтан «Рух» деп атаған3. Бірақ бұл аяттағы оның «Әмин» (сенімді) деген лауазымы - оның пайғамбарларға жеткізер уахиға деген сенімділігі үшін берілген.

Пайғамбарларға уахи әкелген періштенің басқа бір есімі де «Рухул-Қудус». Құранда: «Қасиетті Рух Құранды иман еткендерге тұрақтылық һәм мұсылмандарға туралық пен сүйінші болу үшін Раббыңның құзырынан ақиқатпен түсірді»де» 4. Бұл аятта Қасиетті Рух ешқандай дақ жұқпаған пәк рух, сенімге лайық, кіршіксіз таза рух деген мағынаға саяды. Аллаһ тағала кәпірлердің хазіреті Пайғамбарға жапқан жалаларын жоққа шығару үшін оны осылай атаған. Яғни, ей, Мұхаммед! Құранның қасиетті кітаптылығы сол - оны саған кірден ада, кіршіксіз таза, пәкиза «Рухул-Қудус» Ұлы Раббыңның құзырынан түсірген. Әрі иненің жасуындай да жалғандықтан ада ақиқатпен түсірген.

Хазіреті Жебірейіл періштенің Исламда Рухуллаһ, Хамидуллаһ, әр-Рухул-Ағзам, әл-Ақлул-Әкрәм, Намус Әкбар т. б. есімдері де бар5.

Құранның басқа аятында болса, хазіреті Пайғамбарға елшілік еткен осы періштенің мына ерекшелігі бар: «Ол (Құран) - сөзсіз қадірлі, қуатты және «Арш» иесінің (Аллаһтың) құзырында беделді бір елшінің (Жебірейілдің) әкелген сөзі» 6 . Міне, хазіреті Мұхаммедке (саллалу аләйһи уә сәлләм) уахи осындай елден ерек беделге ие періште арқылы келген.

Қортындыласақ, уахиды хазіреті Пайғамбарға Аллаһ тағаладан жеткізген періште елші болған. Осы періштенің есімі - Жебірейіл. Ол жаратылыстағы сансыз періште арасында ең беделдісі һәм сұлтаны. Ұлы Жаратушы Құранында мадақтаған сенімді де берік періштесі.

Уахидың сөздік мағынасы

Уахи сөзі - жасырын сөйлесу, іштей білдіру, көкейіне салу, ишарат ету, белгі беру, әмір ету, дауыстау, сыбырлау, азғыру, жазу мағыналарына саяды. Құрандағы сөздік мағынасында берілген уахи сөздеріне көз салайық:

1. Ишарат, белгі беру мағынасы: «Сонда Зәкәрия мінажатханадан шығып еліне: «Ертелі-кеш Аллаһ тағаланы дәріптеп, пәктеңдер» деп уахи етті» 7 . Бұл аяттағы оның уахи етуі - оларға ымдап белгі беруі.

2. Аллаһ тағаланың періштелеріне әмір етуі мағынасы: «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Расында Мен сендермен біргемін. Иман еткендерге жәрдем етіңдер деп уахи еткен еді» 8 . Аяттағы уахи «әмір ету» мағынасында берілген.

3. Адамдарға тән іштей құпия білдіру, көкейіне салу мағынасы: «Мұсаның анасына «оны еміз де оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, онда оны дарияға салып жібер. Қорықпа да күйінбе? Расында оны саған қайтарамыз да оны пайғамбарлардан қыламыз», деп көкейіне салдық» 9 . Осыған ұқсас хазіреті Исаның достарына да құпиялай білдіреді: «Сол уақытта Хауариларға: «Маған және Елшіме иман етіңдер» деп жүректеріне (уахи еткен) білдірген едім» 10 . Бұл аяттағы «уахи» сөзі терминдік мағынада берілмеген. Аллаһ тағаланың оларға рақымдылық етіп, иманға келулерін құпиялай білдіруі.

4. Жан-жануарларға білдіруі: «Раббың бал арасына:«Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұя жасап ал» - деп уахи етті» 11 . Бұл аяттағы «уахидың» мағынасы араға ұя жасау қабілетін беруі. Сондай-ақ барлық жан-жануарларға Аллаһ тағала өздеріне лайық міндет берген.

5. Шайтанның адам нәпсісін азғыруы: «Осылайша әр пайғамбарға адамдардың және жынның шайтандарынан дұшпан еттік. Олар алдап бір-біріне жалтыраған сөздерді (уахи етеді) сыбырлайды» 12 . Аяттағы уахи «азғыру» мағынасында берілген.

«Уахи» сөзі Исламнан бұрын араб өлеңдерінде жиі кездесетін сөздің бірі. Ол заманда көбінесе «жазу» мағынасында әсіресе тасқа жазылған жазу ұғымында көп қолданылған13. Сондай-ақ «хабарласу» мағынасында да пайдаланған.

Исламдағы терминдік мағынасы

Уахи - Аллаһ тағаланың адамдарға білдіретін илаһи әмірі, жарлығы мен тиым салуы және басқа да барлық хабарларын Жебірейіл арқылы яки тікелей бізге беймәлім жолмен пайғамбарларына жеткізуі14. Хазіреті Мұхаммед (с. а. с) уахи алған алғашқы пайғамбар емес. Хазіреті Адамнан бастап күллі пайғамбарларға уахи келген. Бұлардың кейбірі Құранда берілген. Мысалы: «Нұхқа және одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да (Мұхаммед) уахи еттік. Ибраһимге, Исмайылға, Исхаққа, Яқубқа, Яқубтың ұрпақтарына, Исаға, Әйүп, Юныс, Һарун және Сүлейманға да уахи еттік. Дәуітке Зәбурді бердік» 15 .

Хазіреті Мұхаммедке (с. а. с) тікелей айтылған уахи Құранда былайша берілген: «Саған бұл Құранды уахи етуі арқылы өзіңе тарихи әңгімелердің ең жақсысын баян етеміз» 16 .

Уахидың алынуы

Құран Кәрімде уахидың үш түрлі болатынынан хабар береді: «Аллаһ бір адамға уахи жолымен ғана немесе перде артынан не болмаса бір елші жіберіп рұқсатымен оған қалаған нәрсесін уахи етеді. Ол ұлы да хаким» 17 .

Осы аятқа байланысты уахиды үшке бөлуге болады:

1. «Аллаһ бір адамға уахи жолымен» аятына қарай Аллаһ тағала тікелей уахиды пайғамбардың жүрегіне салады. Мысалы, хазіреті Ибраһимге түсінде балаңды құрбан шал деп уахи етуі18. Бірақ уахидың осы түрі арқылы Құраннан ешқандай сүре яки аяты түспеген19. Құран бастан ақырғы аятына дейін Жебірейіл арқылы түскен. Хазіреті Мұхаммедтің (с. а. с) жүрегіне салу яки түсі арқылы ешбір уахи келмеген20.

2. «Перде артынан» пайғамбарына уахи етуі. Аллаһтың хазіреті Мұсаға (а. с) Тұр тауында перде артынан сөйлескен. Құранда: «Оған Тұр тауында оң жағынан дауыстап, сөйлесу үшін өзімізге жақындаттық» 21дейді. Бұдан басқа да хазіреті Мұхаммедтің (с. а. с) Мекке кезеңінде алдымен Ақса мешітіне содан сол жерден Миғражға көтеріліп, Аллаһ тағаламен тілдесуі осы перде арты уахиына жатады22.

3. «Бір елші жіберіп өз рұқсатымен оған қалаған нәрсесін уахи етеді». Аллаһ тағала уахиды адамдарға жеткізу үшін бір періштені пайғамбарына елші етіп жібереді. Ақырғы кітаптың уахи түрі осы. Құран Жебірейіл арқылы ғана түскен.

Сонымен қатар хазіреті Мұхаммедке (с. а. с) «сүннет уахи» да келген. Бірақ, Құран бұдан бөлек түскен. Яғни, Құран бейне бір жарлық секілді түссе, «сүннет уахи» оны қалай іске асыруды білдірген.

Уахидың келу мәртебелері

Уахидың келуі хақында Құранда нақты мағлұмат жоқ. Бірақ бұл мәселені хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (с. а. с) сөздерінен байқауға болады. Хазіреті Елшіге (с. а. с) уахи мынадай мәртебелермен келген:

1. Уахидың алғашқы мәртебесі түсінде көрген ақиқат түстері. Ол алдын-ала болатын жайттарды түсінде көре бастаған. Бұл жайлы хазіреті Айша: «Аллаһ Елшісінің көрген түстерінің бәрі таңғы шапақтай ап-анық келетін» 23- дейді.

2. Жебірейілдің Аллаһ Елшісінің ояу кезінде жүрегіне уахиды салуы24.

3. Жебірейіл періште жас жігіттің түрінде Аллаһ Елшісіне уахиды әкелуі. Кейде аса көркем, сымбатты Дихия деген сахабаның түрінде келген. Бұл уахидың ең жеңіл келген түрі болған25.

4. Қоңырау үніне ұқсайтын түрде келген уахи. Бұл уахидың ең ауыр мәртебесі еді. Уахидың осы түрі ескерту мен қорқытуды қамтыған аяттарға тән. Мұндай уахи келгенде хазіреті Мұхаммед (с. а. с) уахи келіп біткенге дейін қатты дірілдеп, сөздің салмағынан қорыққан. Уахи аяқталғанда Құран сөздері жүрегінен орын алған26. Бір хадисте Аллаһ Елшісі уахидың ең ауыр түрін былайша баяндайды: «Кейде маған қоңырау үніне ұқсас үнмен келеді. Бұл маған ең ауыр тигені. Ол уахиды жеткізіп қайта кететін еді».

5. Хазіреті Мұхаммедтің (с. а. с) Миғраж түнінде Аллаһ тағаламен тілдесу түріндегі уахи. Аллаһ Елшісі Миғражда бес уақыт намаз бен Бақара сүресінің ақырғы екі аятын тікелей Ұлы Жаратушыдан алған27.

6. Жебірейілдің нағыз өз түрімен көрініп, илаһи жарлықты жеткізуі. Ол осы түрімен екі рет көрінген. Біріншісі пайғамбарлықтың басталған жылдары Хира үңгірінде көрген. Ол заман алғашқы уахидың келіп, тоқтап қалған кезі еді. Кейіннен Аллаһ Елшісі Хира үңгірінде жүргенде, кенеттен көктен жаңғырған дауыс етіген. Аспанға қарағанда Жебірейілдің көк пен жердің арасында тақта отырғанын көрген. Мұншалық аспан мен жер арасындағы орасан зор келбетін көрген ол шыдай алмай талып құлаған28. Кейіннен екінші рет Миғражда көрген. Бұл уақытта хазіреті Мұхаммед (с. а. с) бұрынғыдай қорықпаған29.

Уахидың басталуы

Осы тақырыпты ең жақсы толыққанды жеткізген хазіреті Айша былай баяндайды: «Аллаһ Елшісіне алғашқы келген уахи түсінде көрген «ақиқат түстерімен» басталған. Оның көрген түстері таңғы шапақтай дәл келетін. Кейіннен ол елден бөлек оңаша қалуды қалады. Осыдан кейін ол Һира үңгіріне барып Аллаһ тағалаға құлшылық қылатын. Азық алу үшін ғана үйге келіп, көп кідірмей қайта кететін. Ақырында Аллаһ Елшісі Хира үңгірінде болған сол күндердің бірінде уахи келді. Оған періште келіп «оқы» деді. Ол «мен оқи алмаймын» деп жауап қайырады. Аллаһ Елшісі өзі былай дейді: «Сол уақытта періште мені қапсыра құшақтап алып, тынысым тарылғанға дейін қысты. Содан мені қоя берді де «оқы» деді. Мен де мен оқи алмаймын деп жауап бердім. Ол мені қайта құшақтап «оқы» деді. Мен қайта оқи алмаймын дедім. Ол үшінші рет қысып тұрып қоя берді де «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Қаламмен үйреткен Ол Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен» аятын оқыды». Осы аятты алған Аллаһ Елшісі жүрегі дірілдеп Хадиша әйелінің жанына келіп «жамылғы әкеліп үстімді жап» деді. Оның қорқуы басылғанға дейін үстін жауып қойды. Кейіннен ол тұрып әйеліне болған жайды баян етіп: «Өзімнен қорқамын» деді. Сол уақытта әйелі «Аллаһ тағала ант етейін! Раббың сені ешқашан ұятқа қалдырмайды. Өйткені сен туыстарға қарасып, әлсіздерге болысып, жарлыға жәрдем еткен һәм қонақтарды күтіп, хақ жолында халыққа көмектескен адамсың» деп оған дем берді. Осыдан кейін хазіреті Хадиша Аллаһ Елшісін ертіп, немере ағасы Уарақа ибн Нәуфалға барды. Ол христиан дініне кірген, ибрани тілін білетін және Інжілден кейбір нәрселер алып жазған адам еді. Ол уақытта әбден қартайған, екі көзі көр еді. Хазіреті Хадиша «Аға мына бауырыңның не дегеніне құлақ сал?» деді. Аллаһ Елшісі басынан кешкендерін түгелдей баян етті. Уарақа сонда: «Бұл көргенің Аллаһ тағаланың Мұсаға жіберген Намус Әкбар (Жебірейіл) . Әттең-ай! Сенің елді дінге шақырған кезіңде жас жігіт болып, халқыңның сені елден шеттететін кезіңді көрсем ғой шіркін» деді. Аллаһ Елшісі «Олар мені елден шеттете ме?» деп сұрады. «Иә, бауырым. Сендей адамдардың елінен дұшпандық көрмегені жоқ. Егер сенің дінге шақырған күндеріңе өмірім жетсе, саған көмектесемін» деп жауап берді. Алайда көп ұзамай Уарақа бақилық болды. Сол заманда уахи да аз уақыт келмей тоқтап қалған еді»30.

Алғаш уахи келгенде хазіреті Мұхаммед (с. а. с) қырық жаста болған (б. э. 610) . Құран аяттарынан алған түсінігімізге қарай, ол рамазан айының Қадір түні болған. Бақара сүресіндегі: «Рамазан айы адам баласына тура жол және ақиқат пен жалғанды айыратын Құран түсірілген ай » аятында оның рамазан айы екенін анық баян еткен. Қадір сүресінің: «Расында, Құранды қадір түні түсірдік» аятында да оның рамазан айының қадір түні түскенін анық білеміз Ол күннің дүйсенбі күні екендігіне ауызбірлік бар. Бірақ рамазан айындағы Қадір түнінің қай түні болғандығы беймәлім. Ғалымдар арасында ол рамазан айының он жетісі деген басым көзқарастар да бар.

Осы жерде қозғай кетер мынадай мәселе бар. Құран рамазан айында қадір түні түскені анық. Бірақ әуелі Құран қайда түсті? Өйткені, Ибн Аббастан мынадай хабар бар: «Құран қадір түні тұтастай бір уақытта аспан әлеміне түсті. Содан кейін жиырма жылда (жерге) түсті» 31 . Басқа бір хабарында: «Құран «Зікірден» бөлініп, аспан әлеміндегі «бәйтул-иззаға» (іззет үйі) түсірілді. Содан кейін Жебірейіл оны жәйлап Аллаһ Елшісіне түсіре бастады». Ендеше, Құрандағы рамазан айындағы қадір түні Құранның түсуі жерге түсу ме әлде аспан әлеміне тұтастай түсуі ме? Һәм Құранның бес аяты ғана Хирада түскеніне қарағанда, аспан әлеміне Құранның тұтастай түсуі аяттың мағынасына толықтай сай келмей ме? Бірақ, осы екі түсу мәселесін біріктіруге болады. Бұлар бір-біріне қарама-қайшы емес, қайта бір-бірін толықтырады. Жалпы Құранның екі тұрмақ, үш түсу түрі бар.

1. Құран әуел баста тұтастай «Ләухы Махфұзға» түсірілген. Құранда: «Әлбетте ол ұлы Құран. Ләухы Махфұзда сақтаулы» 32 .

2. Одан кейін рамазанның қадір түні аспан әлеміндегі «бәйтул-иззаға» түскен. Бірақ, біз үшін аспан әлеміндегі «бәйтул-иззаның» қандай және қайда екені беймәлім.

3. Жебірейіл арқылы тағы да сол рамазан айынының қадір түні хазіреті Мұхаммедке (с. а. с) түсіп, дүниені нұрға бөлей бастауы. Бұл Хира үңгірінде басталғаны мәлім. Құраннның «Расында Құранды қадір түні түсірдік» аятындағы бір мағына Құранның жер бетіне тұтастай емес, түсе бастау мәселесі. Негізінде әр бір аят - Құран.

Негізінде, ескерте кетер тағы бір жайт Жебірейілдің Құранды қалай алу мәселесі. Жебірейіл Ибн Аббастың хабары бойынша, жиырма жыл бойы аспан әлемінен біртіндеп әкеліп, хазіреті Мұхаммедке (с. а. с) жеткізді десек, Аллаһ тағаладан Құранды алу мәселесін қалай түсінеміз? Әрі Жебірейіл Құранды Ләухы Махфұздан алып, Аллаһ Елшісіне жеткізіп отырған деген де көзқарас бар. Ойлап қарағанға бұл жерде де қисынсыз нәрсе жоқ. Құранның бастан ақырына дейін Жебірейіл Аллаһ тағаладан уахи етіп алып, Елшісіне жеткізген. Бұл негізгі нәрсе. Ал оның Ләухы Махфұздан және аспан әлемінен де Құран уахиын алуында көптеген хикмет бар. Бұл бір жағынан алғанда, біріншісі Аллаһ тағаланың жарлығы екіншісі басқан мөрі іспетті. Һәм Құранды әуелі Ләухы Махфұзға, одан аспан әлеміне одан жерге біртіндеп түсіру арқылы оның Аллаһ үшін аса қадірлігін көрсетіп, адамдарды Құран қадірі мен маңызын көрсетіп әрі оны мұқият сақтатуға шақырады. Қортындыласақ, адам өлшемі мен Құдай тағаланың өлшемі бір емес. Ең дұрысын Хақ тағала біледі.

Құран сөзінің этимологиясы

Құран сөзінің түбірі мен мағынасы жайында ғалымдар арасында әр түрлі көзқарастар бар. Бұлар өз араларында Құран сөзінің «хамзалы» ( ء ) яки «хамзасыз» сөзден шықты деген екі негізгі көзқарас бар. Алдымен «хамзасыз» сөзден шыққан деген пікірлерді ұсынайық:

1. Әбул-Хасан әл-Әшғаридың (ө. 324\936) көзқарасына қарай Құран сөзі бір нәрсені бір нәрсеге жақындату, жалғау мағынасындағы قَرَنَ «қарана» етістігінен шыққан. Өйткені Құрандағы сүре мен аяттар бір-бірімен жалғасып кеткен. Осыған қатысты оған Құран деп атаған. Қажылық пен умрені қосып, жалғағандықтан оған «қиран» делінген33.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мұсылман Құқығы
Құран – ислам дінінің қасиетті кітабы
Құран немесе Құран Кәрім
Мұсылмандық құқықтың жүйесі
Ислам дінінің пайда болу және таралу тарихы
Тәпсірдің ерекшеліктері
ИСЛАМДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АҒЫМДАР: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ
Тәпсір әдістемесі
Митру құдайы
Мұсылман құқығының діни жинақтарындағы құқықтар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz