ӘМІР ТЕМІРМЕН ҰСТАСЫП НЕҢ БАР, ХАНЗАДАМ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 17 бет
Таңдаулыға:   
ӘМІР ТЕМІРМЕН ҰСТАСЫП НЕҢ БАР, ХАНЗАДАМ

Младые девы в той стране Преданое
старины узнали,
и мрачный памятник она фонтаном
слез именовали.
А.С. Пушкин, Бахчисарайский
фонтан
Кумыс делается из кобыльего молока,
напиток сей в большом употреблении
между всеми горскими и кочующими
народами Азии, довольно при-ятен
вкусу и почитается весьма здоровым.
А. С. Пушкин.

1974 жылдың маусымында Қырымға жол алып, ондағы теңіз жағалауына орын
тепкен Ялта қаласының кіндігінде төбешік үстіндегі жазушылар демалыс үйінде
шығармашылықпен айналысудың сәті түсті. Қасымда зайыбым бар. Теңіздің тұзды
суы иін қолтықтағы тас шемен бөгенге асылып ойнап, кейде тынымсыз ойнампаз
баладай мінезге басып майда толқынын секіртсе, енді бірде күшті арыстан
жалды толқындары жағаны қарш-қарш шайнап кісіні түршіктіре түседі. Күніге
бір мезгіл теңізге шомыламыз, қалған уақыт қаланы аралауға, я болмаса
бөлмеге қамалып алып қағаз шұқылауға кетеді. Аптасына бір мәрте жарты
аралдың ортасындағы Бақшасарайға саяхат ұйымдастырылады екен. Баяғы Қырым
хандығының ордасы орын тепкен тарихи жерлерді, Пушкин шабытына қанат берген
фонтанды көрермін деген дәмемен сол сапарға күнілгері жазылып қойғам. Көп
күттірмеді. Мерзімді, уәделі уақыт келіп жетті. Демалыс үйінің басшылары
саяхатқа өз-өзінен сусып тұрған су жаңа автобус бөліпті. Зайыбым жол алыс,
сапардың біраз бөлігі жаяу сабылумен өтеді деген сылтаумен жүрексініп
бармай қалған. Әрқилы ұлт өкілдеріне қосылып, жасымыз, жасамысымыз бар,
автобусқа үйіліп мініп Қырымның кіндік ортасына тартып кеттік. Жүйрік көлік
әуелі күннің шығысын бетке алып теңізді жағалап біраз жүрді де сол жақ
қабаққа көсіліп шығып алды да біраздасын мидай жазыққа түсті. Жол бұралаң.
Тасы, құмы араласып жалаңаштанып қалған жауыр тұста көлік мимырттап жүрісі
баяулайды. Асфалты тозбаған тұста ышқынып жолды ұзарта түседі. Теңіз көп
көрім артымызда сары сағымға жұтылып қала берді. Бір сағатқа жуық толассыз
жосыған жүйрік сәске түсте қалың адырға келіп кірді. Тау дейтін көрініп,
нұсқаланып тұрған тау емес, жайпиған жазық та емес, ұңғыл-шұңғылы көп
жынысқа келіп кірдік. Біраздасын қара адырлар Абай, Мұхтар туып өскен
Шыңғыстау бұйратына ұқсап, көзді тартып, қарақошқыл көгілдір бояуға
алмасты. Сарғайған сахара таусылып, қолдың саласындай қара адыр басталды.
"Қырымның қырық батырында" жырланған көне қоныс осы. Алып кесірткенің
қаңқасына ұқсап көлденең сұлай түсіп Бахшасарай тауы жатты. Былай көзге
қымызга мас боп, арсасы шығып, шапанына жантайып ұйқыға кеткен кәріге
ұқсайды. Жолбасшы әйел аузы-аузына жұқпай айтып келеді. Аяқ басқан сайын
татар, мұсылманша жер аттарына кезігесің. Терең сай табанында Керей ханның
ақ сарайы, бір кезде көздің жасындай су тамшылатқан фонтандар, әуіздер, сая
баққа малынған гарем, мәрмәр басқыш, шаң басқан бөлмелер көңілді әрқалай
ойға жетелеп дегбіріңді ала түседі. "Мына тұста Қырым ханы елшілерді
қабылдайтын болған", "мына алқапта әскерін сапқа тұрғызып жорыққа
әзірленген", "алдымыздағы үлкен тау жау келгенде қашып тығылатын қорғаны
болған"... айтып келеді, ұғындырып береді. Ой, пәлі-ай, бұл не деген мұңлы
өлке еді! Жақпар тасты кесекше өріп сарай салған, жолдарын мың бұралтып
әсемдеген, әр тұста намаз оқитын мешіт сұлбасы қалқияды. Жолбасшыға сауал
қоямын:
— Жер-су аттары бәрі татарша, хан ордасы мынау, мінажат етер мешіті
анау, енді сол жер иесі, аңыз иесі — халық қайда?
— Азғантай татар хандығы осынау аймақты бес-алты ғасыр билеп тұрған,
көріңде өкіргір Тоқтамыс хан уағында орыстардан алым-салық алған, салық
төлемейсің деп орыс княздерінің басына әңгір таяқ ойнатқан, елшілерін ұстап
алып жалаңаштап сабаған.
— Сол байбатшалардың тұқым-тұяғы сағымға ұқсап, буға айналып жоғалған
ба?
— Көрінде өкіргір Сталин сол татарлардың былайғы ұрпағын Ташкент
түбіне жер аударған, сазайын тартқызған сөйтіп.
Көр де тұр. Мына орыс жолбасшымыз ұлтшылдық намысымен ауырған адам
болып шықты, тарихты көпе-көрнеу бұрмалап тұр. Бес-алты ғасыр бойына мына
Қырымды билеп-төстеген, қамал салған, мешіт тұрғызган татар ұлысын көпе-
көрнеу телпегін теріс айналдырып кигізіп әйкәпір атандырып келімсекке теліп
тұр. "Қырым" деп жер атын қойған, бойында қырым еті қалмағанша азаппен,
бейнетпен жүріп осынау тасты жерге су шығарған, қала салған, әуіз орнатқан,
түтін түтетіп, ұрпақ қалдырған татардың тұқым-тұяғын жексұрын ете сөйлейді.
Екі сөзінің бірі: гарем ұстаған, ханзадасы елушақты әйел алған, мына
іргедегі орыс княздеріне қоқандап салық алған... Бақшасарайды аралап
тамашалаған соң, ұшқан тырнаша тізбектеліп, біріміздің соңымызға біріміз
ілесіп түстік жақты бетке алдық. Жалғызаяқ жол тауға өрледі. Баспалдақтап
көтерілген сайын қара тастың қыр арқасы биіктей берді. Көп жүріп,
тізбектеліп, ақырында биік таудың басына шықтық. Ең ғажабы, сол жағымыз тік
құлама жар, көз ұшында жыланша иретіліп өзен ағады. Оң жағымыз жайпақ жота,
түйетайлы күдіс бел. Жүріп келе жатқан жалғыз аяқ жолды жапса табиғи
қорғанның ішінде қаламыз. Биікке көтерілген кезде манағы хан ордасы, рабат,
керуен сарай, үлкен тас жол түгелімен лықсып табанға түсті де біздер бір
топ боп қарауылға ұқсап биікте қалдық. Азынаған жел қалпақты ұшыра
жаздайды. Ол кезде жас бикештер қуықтай шалбар кимейтін рәсім, желбіреген
көйлектерінің етегін қолмен басып, тізесін бүгіп, бүгежектеп әлек.
Жолбасшының дауысы еміс-еміс: "Тұтқиылдан күші басым жау келсе әлгі көріңде
өкіргір татар ханы күллі қатын-қалашымен осынау тау басына шығып кететін
болған, соңындағы жалғыз аяқ сүрлеуге мықтап мергендерін қойған, сөйтіп
өкшелеген жауларын бір-бірлеп атып тауысқан, тауыспаса да титығына
жеткен..." Мына мырың ығыспа сөзден жалығып шетке шығып кеткем. Шың басыңда
тастан өріп, шегендеп салған төртқұлақ жәдігер тұр. Тұрқы кісі бойы. Тақап
келіп, айнала жүріп қызықтап қарай бастадым. Бір бұрышына орысша, жәдитше
жазылған темір тақта ілінген. "Тохтамыш бегім Ханша бибі" деген жазуды
оқыдым. Жәдігер тасын ақырын қолмен сипап мінажат еттім. Соңымнан салып
ұрып жеткен жолбасшы: "Бұл Тоқтамыс ханның сүйікті қызының мазары",— деді.
"Қайда, қашан көз жұмғанын итім біліп пе, әйтеуір орыс княздерімен Қырқысып
жүргенде опат болса керек..."
Қырым жарты аралының кіңдік ортасы. Аңылжыған аспан астында көсіліп
жатқан қара адырлы тау. Оншалық биік те, үлкен де емес. Көп жері кәрі
Шыңғыстауға ұқсайды. Таудан әрі бұлым-бұлым белдер, көз сүрінтпейтін
көгілдір сахара, азынаған жел. Жәдігердің қуыс-қуысын еркін аралаған мұздай
жел қыздың сыңсып жылағаны секілді аса мұңлы сарын шығарады екен. Тыңдап
тұрып төбе құйқаң шымырлайды. Көкірегіңнен мұң оянады. "Бұл көңілсіз
дүниеден көп жыл өтер. Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім, жібермей, көп
тоқтатар оның көзін. Жолаушы жол үстінде тамаша еткен, сықылды өткен жанның
бір күмбезін". Қара тастан келістіріп соққан күмбезді жәдігер. Алтын
орданың іргесін бекітемін, шілдің қиындай бытырап кетуден сақтаймын деп ат
үстінде жарты ғасырға жуық салпақтаған әйгілі батыр, ақсүйек Жошының
тұқымы, Тойқожаның ержүрек ұлы. Ат үстінде салпақтап жүріп Әмір Темірмен
төрт мәрте ұлы майданда қылыш суырып ұрысқа шыққан. Ең соңғы рет 1395 жылы
долы Терек өзенінің жағасында ашық майдан ашып жан берісіп, жан алысып
жұлқысып жүріп, ақырында туы жығылды. Тоқтамыстың осынау жеңілісіне арнап
шығарылған жоқтаудың өзі қалың том кітап. Осынау сырбаз әке, сардар
қолбасының кіндігінен тараған Ханша Бибі арудың жер шетінде, Қырым тауының
биігінде, белгісіз елдің төрінде тас жастанып жатысы мынау. Көзге сары
сағым үйірілсе, көңілге қаяулы мұң жиналардай. Ұлы дүбірге деген есте жоқ
ескі сағыныш оянардай.
Тоқтамыс — Дәшті-қыпшақ ұлысының соңғы тұғыры. Жеті жыл бойына жалауын
желбіреткен сары тақым қолбасы, көшбасшысы. Еңку-еңку жер шолып еңіреп
өткен жоқшысы. Аңдысқан жау алмай қоймайды. Желкеден орыс княздері бұлт боп
үйірілсе, түстігінен Әмір Темір сары масадай сарбазын өргізіп еш
тыншытпайды, қос арыстанның қыспағында жанұшырған күдіс жонды көк бөріге
ұқсады.
Асау толқынын тасқа ұрып, бүктетіле жосып жатқан Терек өзенінің
жағасында самсаған сары қолды тізіп қойып, дауылпазды дүңкілдете соғып, екі
жақ ұлы майданға лап қойды. Бұл 1395 жылғы сәуір айының жаңасы болатын.
Кіреуке сауыт сөгіліп, жебе ысқырып, нешеме боздақ үшкір найзаға арандап ат
жалын құшты. Ақырында Тоқтамыс қолы жеңіліс тапты. Бұл жеңіліс Еділ
бойындағы Хажы Тархан, Қазан қалаларының орыс иелігіне өтіп, Алтын Орданың
іргесі шайқалып, көп ұзамай шаңырағын ортасына түсірді.
Орыс княздігінің еңсесін көтертгі.
1410 жылғы Грюнвальд майданының орыстар пайдасына шешілуін жеделдетті.
Батыс Еуропа ақсүйектерінің, корольдерінің жүрегіндегі үрейді басты,
дірілді азайтты.
Әмір Темір жорығы Дәшті-қыпшақтың бәсін төмендетіп, тоз-тоз етіп,
есесіне орыс ұлысының тарих алдында іргелі мемлекет болуына есік ашып
берді. Кейде ойлайсың, ескіден қалмай келе жатқан, қазаққа қырсық боп
жабысқан осы күнгі қазекемнің жершілдік, рушылдық ауруы Тоқтамыс қолының
жеңіліс тауып, Әмір Темір қылышының үстем шығуынан басталған. Тоқтамыс пен
Әмір Темір аттан түспей, еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып
жортуыл жұлқыспен жүрген кезде Еуропаның ақсүйектері сарай есігін тарса
жауып, мұнара көзінен дүрбі салып, маң далада бір-бірімен қанжоса болып
шайнасқан даланың қос шерісін сырттан бағып:
— Шайнаса түс, күшім-күшім!.. Азулассаң азулас, бірің өліп бірің қал,
шоқ-шоқ!..—дескен.
— Қай жеңгенің біздікі!— дескен.
— Тоқтамыс жеңілсе орыстың басына бақ орнайды, берекесіз княздіктер
Мәскеуге бағынады, түтіні тік шыға бастайды. Әмір Темір жеңілсе қақпамыздың
алдынан ат дүбірі кетпейді, қатынымыз жалпақ бет, қысық көз перзент тууды
үдетеді,— деп шыжкөбелек болысты.
Маң дала, тау бөктеріндегі сойқан соғыста Әмір Темірдің қолы
тілегендей жеңіске жетіп, Тоқтамыстың туы құлады. Әйгілі Дәшті-Қыпшақ
жолбарысы санынан жараланып есік пен төрдей бозқасқа тұлпарды көсілтіп, гөй-
гөйін салып, майдан даласын тастап, жан әупірім сытылып шыққан еді. Күн
қанқызылданып батып бара жатқан. Алтын Орданың осымен күні батты, күші
ыдырады, Жошы әулетінің басына бұлт үйріліп, түлкі бұлаң, жалтақ, зобалаң
заман басталды деп ат жалын құшқан Тоқтамыс өксіп-өксіп жылады. Өкпе түстан
ой-баурымдаған жоқтау құлағында жаңғырып тұрып алды.
Сол атойлы жойқын жосқыннан бес жүз жетпіс тоғыз жыл өте...
Тоқтамыстың аруағьш аспандаткан, көгілдір барағын желбіреткен биік үстінде,
жел өтінде тұрмын. Айнала көгілжім кеңіс. Ханша бибінің мазарын шырқ
айналып қараймын, қараймын да бес жарым ғасыр бұрынғы қанды ұлы
шайқастардың дүбірін еміс-еміс естігендей сезінем. Алыс қиырларға көз
саламын. Сары сағым арасынан Дәшті-қыпшақ сарбазының сұлбасын көргендей
боламын, қадала-қадала жанарым талады.
— Әй, бозбала, қайдағыны ойлап қиялдап тұрып автобустан қалып қоясың,
айдалада қасқырға жем боласың,— деп жолбасшы айқай салды. Ойдан оятты.
Серіктерім ұзап кетіпті. Күнқағар қалпағымды баса киіп, жалғыз аяқ
сүрлеумен дедек қағып, ылдитөмен құлдыраңдай жөнелем.
Бақшасарай сапарынан еңсем езіліп, ой мүжіп оралғаным.
Қырым сапарынан бір жыл бұрын, 73 жылы ағайындардың шақыруымен
отбасыммен елде демалғам. Көзтаныс кісілермен шүйіркелесу, үлкендердің
қолын алу ғанибет нәрсе, бала қалпыңа қайыра ораласың. Қаратаудың күнгей
бетінде, Талдысу мен Ақүйік өзенінің арасында қоңторғай жұпыны ауыл —
Қосүйеңкі. Елді мекендерді ірілендіру науқаны уағында тау арасынан қоныс
аударған ауыл тұрағы осы. Қайнар бұлақ жиегіндегі біздің үй. Тақырға
шашылған асықтай ақшағыл үйлер шоқ-шоқ қара ағаштың арасында көзге жылы
ұшырап жырақтан шалынады. Әкем бейнеттің адамы, жер шұқып, тал көгертіп
жүреді. Үй маңайы малынған өрік бауы. Іргеден сылдырап аққан бұлақ. Осы
маңның барша құсы өрік баудың үстінде. Қырдан құлап келе жатқан күрең
бояулы табын, жаяу көкпар, есек көкпар шауып қара жолды шаң қылған ауыл
балалары, қырға шығып күн салып қараған кәриялар, көңілге ыстық, көзге
келісті суреттей көрінеді. Мұндайда ұзақты күн көргені көп әкеммен
шүйіркелесіп арғы-бергіден әңгіме шертеміз. "Тоқтамыс бұлағының басына бие
байлап, бір ай қымыз ашытайын, қал, қағаз сорып сарғайып кетіпсің, бәлкім
қоң жиып оңаларсың, көзіңнің оты жанар",— дейді әкем, үнінде өзіме тосын
уайым бар. "Тоқтамыс бұлағы деп неге аталған?"—деп сауал қоямын. "Ол тұстың
тарихы мол,— дейді әкем жанарына мұң ұялатып,— есте жоқ ескі мезгілде мына
боз даланы дүбірге толтырып Тоқтамыс есімді хан ғұмыр кешіпті. Жорықтан
қайтып келеді ме, әлде жорыққа аттанып барады ма, ол арасы бізге беймәлім,
қасында қырық жігіті бар, тасты тесіп бұрқырап қайнап жатқан әлгі бұлақтың
басына келіп еру боп түсіпті. Ол заманда кәрі Қаратаудың күнгей бетінде
батыстағы Сырдарияға бет алып жамырай ағатын тау өзендері сарқылмаған,
қолдың саласындай адырлардың арасы киіздей шалғын, бөріктей шошайған шоқ-
шоқ тал болған деседі. Бұл күндегі жылтыраған бұлақ басьшдағы ұйысқан
шамалы тал сол ну жыныс тоғайдың жұқанасы бәлкім. Ой-хо-о-ой, дүние шіркін!
Сонымен қасында үзеңгілес қырық сарбазы бар Тоқтамыс әлде оқыс бір дүмпуден
от басқандай шошылып қашып келе ме, әлде жер түбіндегі ордасына суыт жол
алды ма, ол арасы бізге беймәлім, әлгі шырайы ашық бұрқырап қайнап жатқан
бұлақ басына түсіпті. Жолдан қажып шаршап келген бейбақтар ер жастанып,
тоқым төсеп шырадай жанған сан миллион жұлдыз астында көсіліп жата-жата
кетіседі. Ұйқы ұйығына шым батады.
Қаратаудың бұл тұсында таң алдында аспан аласарып, ай ауып, жұлдыз
біткен алыстап кетеді.
— Табиғаттың мына құбылысы қызық екен,— деймін әке әңгімесіне елігіп.
— Құданың құдіреті, әр тұс, әр тұстан шырақ жанғандай ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әмір Темірдің саяси қызметі
Үндістан және оның халқы
Бұқар жырау толғаулары
Әмір Темірдің өмірі
Отандық тарихшылардың Әмір Темірді зерттеу тарихы
Қазақстанның орта ғасырлық тарихы Темірлік деректер негізінде
Шахан ата
Ахмет Ясауи кесенесі
Әмір Темір жорықтары
Бұқар Қалқаманұлы
Пәндер