Ахмет Байтұрсынов - XX ғасырдың ұлы реформаторы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   
Ахмет Байтұрсынов - XX ғасырдың ұлы реформаторы
Адам баласының тарихында миллиартаған жандар келіп, олардың басым
көпшілігі қара басынан аса алмай өмір кешті, дүниеден өтті, фәниге кетті.
"Көптің біpі, тар жердің кіpі" болды, өлді, солды. Ахаң сөзімен айтсақ,
"сасық ми, салқын жүрек санасыздар, алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр".
Әрине, барша пенде жер бетінде өз басынан аса алмай өтсе, әлемді Назым
Хикмет айтқандай қара түнек басар еді.
"Егер де сен жанбасаң,
Жаңартау боп атылып,
Егер де ол жанбаса, аруақты шақырып.
Егер де біз жанбасақ замананы сапырып,
Басар сонда барша әлемді түнек пенен қапырық" - деп Назым Хикмет
тебіренсе, Ахаң тұрып:
Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың, жаттың,
Кім істейді, қызмет?!, - деп ұлтына қызмет істер перзент іздеуі, "Ұл
туып, ұлы жолда қызмет етсе, онан зор ұлтқа бар ма ырыс", - деген үндeyі
осыдан.
Mінe, осылай өмірде "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шығады. Дүлділ дара
келеді, дана аталады. Дана өз заманасынан озып туады, тозық елді озық
етемін деп халқының алдыңа шығып өрге сүйрейді, жолында тұрған кесапаттарды
өңменінен түйрейді.
Сондай XX ғасыр даналарының біpі - Ахмет Байтұрсынов. Ол күрескен
кесапаттар - надандық, қараңғылық, ұйқышылдық, адами хайуандық,
отаршылдықтан ұлттың азуы мен тозуы, оның бұратаналық болмысы, құлшылдық
санасы, таланған жері, қансыраған тілі, шоқындыру саясатынан жансыздана
бастаған діні, орыстандырыла бастаған ділі. Бір сөзбен айтқанда: Қaзақ
халқының болашақта болу, болмау альтернативасы.
Ахаң тағдыры - ел тағдыры. "Ұлт ырысы", өркениет ырысы, "олжалы жерде
үлестен", "ордалы жерде орыннан", "жоралы жерде жолдан" қазақ халқы
қалмауын ойлаған, "ұлттық құтқару" майданының сардары, XX ғасырдағы ұлттық
ренессансының бастауы Ахмет Байтұрсынов, планетарлық ойшылдар бастауы
қатарынан орын алары даусыз. Ахаң бар әлемдік ұлылар галереясында XX
ғасырдың ұлы гуманисі Ганди, түркі әлемін оятқан Кемаль Ататүрік, алты
алаштың арысы Әлихан Бөкейханов, шілдің боғындай шашыраған араб әлемінің
басын қосқан Насер, әккі отаршыл Ресейді еңірөткен, XX ғасырдың Шәмілі -
Дудаев, әлемдегі әpбіp төртінші адамның жан дүниесін елжірөткен Дян Сяо
Пин, тұңғыш ғарыш перзенті Гагарин, адам хұқының қорғаны Сахаров сияқты
біртуар тұлғалар тұр.
Әрине, Ахаңды планетарлық ойшыл, ұлы ағартушы-гуманист, XX ғасырдың
ұлы реформаторларының біpі, біp де болса бірегейі деуімізді дәлелдеу
міндеті алда тұр.
Байтұрсыновтану - қазақ қоғамдық ғылымының өте жас саласы. 1923-жылы
қазақ елі Ахаңның 50-жылдығын тойлады, С. Сейфуллин, М. Әуезов бастаған
қазақ зиялылары Байтұрсыновтанудың бастауында тұрды. Байтұрсыновтану аяқ
алысынан-ақ Ахаңның халықтың алғашқы шыққан көсемі (М. Әуезов), "қалың
қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз
Ахмет" (С. Сейфуллин), "бостандыққа жол көрсеткен Ахаң" (ұйымдастыру
алқасы) екендігін жария етті. Алайда кеңестік тоталитарлық жүйе, И.
Сталиннің қандыбалақ жендеті Ф. Голощекин ұлттық идеяны ту өткен А..
Байтұрсынов есіміне "шылдық" деген жұрнақты даңғырлайтын түбі түскен
шелектей байлады, революцияға, халықка қарсы қазақ ұлтшылдығының символы
етіп жариялады. Бұл зымиян саясат арқылы жүйе төрт мақсатына жетті:
Біріншіден, Ахаңды, қазақ зиялыларын қорғаныс шебіне шегіндірді;
Екіншіден - оларды өз халқына құбыжық етіп көрсетіп, өз ұлтынан
айырды, қанатын қайырды, ұлтты басшысыз, рух көсемдерінсіз қалдырды;
Үшіншіден - дананың тарихтан алар орнын ластады, Байтұрсыновтануды
жанбай жатып, сөндірді;
Төртіншіден - қазақ өзін танудан қалды, әлемдік халықтануда оның
болмысы біp сәт аласарып, рухы төмендеді.
Алайда, бұл жүйе тарих тегершегінің айналуын тоқтата алмады. Жаңа
тәуелсіздік заманасы Байтұрсыновтану дамуына біpдeн-aқ екпін берді. Біз ұлт
ұстазын енді-енді ғана тани бастағандаймыз. Ахаң ecімі ақталғаннан бepгі,
одан қалды осы мерейтой қарсаңында жарық көре бастаған алғашқы зерттеұлер
сондай әсер eтeді!
А. Байтұрсынов - XX ғасырдың іpі құбылысы, феномені. Оның ecімі осы
дүбірлі ғасырдың түбірлі, түбегейлі құбылыстарымен тағдырлас. Соңдықтан да
Байтұрсыновтану шын мәнінде ғасыртану десе де болады.
Ендеше, Ахаң болмысы жан-жақты ашылғанда ғана ұлы ұлт перзентінің
қырлары мен сырлары ашылады, әлемдік ұлт-азаттық қозғалысына қазақ халқының
қосқан сүбелі үлесі сомдалады. Сөз жоқ, бұл болашақтың іcі.
Ахаң - ең алдымен Ресей шығысының ұлт-азаттық қозғалысының рухани
көсемі.
Алаш қозғалысы ең алдымен XIX ғ. ағартушылар қозғалысының жалғасы,
оның жоғары сатысы. Абай заманындағы ағартушылық ұлтымызды өркениетке
таныстыру кезеңі болды.
Ыбырай Алтынсарин бұлағынан бастау алған Ахмет заманасы -
ағартушылықты ұлтымыздың болмысын сақтап, оны өркениетті халықтармен
жарыстыруға қажет алғы шарттар үшін жүргізілген күрес заманасы еді. Ахаң
оқу-білімді, ағартушылықты "ерге теңдік, кемге кендік, азды көп теңгеретін"
бостандық жолы деп таныды. Ендеше Ахаң тек ұлы ағартушы санатында қалмай,
оны ұлт-азаттық қозғалысының ең біp айбынды да айдыңды шалқар қайнары ете
алды.
XX ғасырда Ресей империясында ұлттық-либералдық демократиялық қозғалыс
өрістеді, монархиялық Ресей конституциялық жолға түсті, экономикасын
жаңғыртып, еуропалық ізге түсе бастады. Қазақ зиялылары ресейлік жаңа
реформаторлық буынның біp тармағы есебінде бой көтерді.
Сол сәтте ұлт-азаттық қозғалысының бірден-бір көсемі болып, Әлихан
Бөкейханов шықты. Ол еуропалық тәрбие алған, еуразиялық деңгейдегі
энциклопедист-ғалым, қоғам қайраткері еді. Әлихан қазақ сахарасындағы ұлт-
азаттық қозғалысын еуропалық демократиялық, конституциялық, парламентік
күрес жолына салды. Ахмет болса, ұлт-азаттық қозғалысына гуманистік, ұлттық
сипат берді. Еуропалық күрес рухын ұлттық сарын, әуенмен қабыстырды. Ата-
баба аруағын аттамады, атой салып, жауға шапқан замананы даттамады, жаңа
демократиялық күрес жолын сыннан (адаптациядан) өткізді.
Әлихан Ресей реформаторларының көсемінің біpі болды. Уақыт өткізіп,
Әлекең орыс реформаторларының ұлттың өзін-өзі билеуіне қарсылығын көрді,
олардың қазақ жерін талауға бағытталған орыс қарашекпенділерін көшіру
саясатын жүргізуге ынталы екенін түсінді, қазақты орыстандыру, шоқындыру,
өз дінінен, ділінен бездіру саясаты ендеп, бойлап бара жатқанын жіті
байқап, Әлихан орыс зиялыларынан бөлініп, Алаш туын тікті.
Осы тұста Әлиханға үлкен әсер етіп, ықпал жасаған қайраткерлердің біpі
Ахаң eді. Әлихан деңгейіндегі Шығысты Еуропамен қоса алатын Ахмет
Байтұрсынов демократиялық күрес майданыңа қосылған сәтте қазақ зиялыларының
қозғалысы толықсып, кемелдене түсті. Әлихан Еуропаны жетік білсе, Ахмет
Азия тынысын, түркі әлeмін терең түсінетін.
Алаш зиялыларының Әлихан, Ахмет бастаған тобына тән басты сарын -
отаршылдыққа қарсылық еді. Ал бұл сарын барша халықтың мұңынан шыққан-ды.
С. Сейфуллин 1923 жылы 30-қаңтарда "Ахмет Байтұрсынов елуге толды" деген
мақаласында: "Байлардан бөліп жарлы табының ғана намыстарын жыртып, арын
жоқтаған жоқ. Қaзақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын біpre жыртты, арын
біpre жоқтады" деп әділ көpceтті. Бұл бүкіл ұлттың, бүкіл отарлы елге
айналған шығыстың азаттық майданы еді. Ахаңның өз тілімен айтсақ Алаштың
зиялылары "жұртым деп халықтың арын арлады, зарын зарлады, халықтың сөзін
сөйлеп, пайдасын қорғады". Ол жалпыұлттық зар - отаршылдар тартып алған
нулы, сулы ата қонысы, ана тілі, ұлттық, ділі, ислам діні еді.
Қазағым елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның
Аш көзіңді оянып, - деп қалың қазақ елін майданға шақырды. Бұл мотив
(сарын) Абай заманасында тұспалдап айтылса, Ахмет заманасында қазақ
зиялыларының ұлттық платформасына айналды. Бұл жалпыұлттық, одан қалды
езілген 35 млн. түркі халықтарының ортақ ұраны болды. Осы тұста Әлихан мен
Ахмет ұлттық шеңберден шығып, Еуразиялық деңгейге көтерілді. Осы арада біp
нәрсенің басын ашып айту керек: Әлекең мен Ахаң егіз құбылыс. Әлекең тарих,
экономика, статистика, саясат саласындағы дүлділ, Ахаң - тіл, әдебиет,
мәдениет, оқу-білім саласындағы реформатор. Егер Әлихан ұлт-азаттық
қозғалысының саяси көсемі болса, Ахаң оның рухани көсемі. Соңдықтан да бұл
екі дананы ажыратпай, қарама-қарсы қоймай, диалектиқалық байланыста қарау
орынды.
Әлихан Бөкейхановтың ақсүйек, төрелігі бар, батыс рухындағы ғалым,
күрескер-стратег, тактик, саясаткерлігі басым тұлға, Әлекең Еуропа мен
Азияда тең басар Шоқан рухтас дауылпаз. Ахмет қарадан шықса да, ата-бабасы
Шақшақ Жәнібек туралы патша өкілдері көрсеткендей "хан емес, бірақ ханнан
дәрежесі кем емес" дегендей тектілігі бар еді. Ахаңның ағартушылығы,
гуманистігі, тәрбиеші-ұстаздығы мен-мұндалап тұратын, Абай мен Ыбырай
дәстүрлері қанына ана сүтімен дарыған XX ғасыр ғұламасы. Шын мәнінде ол біp
өзі XX ғасырдың басындағы қазақтың Абайы мен Ыбырайы еді.
Әлихан мен Ахмет одағы - ұлт-азаттық қозғалысының толысуына, ұлттың
ұлттық санасының жаңа деңгейге көтерілуіне ғажайып ықпал eтті. Әлихан мен
Ахаңның арқасында шығыстың ұлт-азаттық қозғалысы еуропалық бағыт алды,
ұлттық ұранға ие болды, томаға-тұйықтықтан шықты, бүкіл Ресей шығысында
Алаш туы жоғары желбіреді.
Ахаң туралы сөз қозғағанда ең алдымен "ұлылық, даналық деген не?" -
деген сауалға жауап іздейік.
Қазақ атамыздан сөз қалған ба? "Әкенің баласы болма, елдің баласы бол!
Ұлылық - ұлттың ұлы болу. Дана болу - дара болу". Мұхтар Әуезов айтқандай,
ұлт баласы болу үшін "үйелменді елінің өзегін жарған мұрат-мүддесінің"
жолына басын тігу.
Ұлтына барша өмірін арнаған, ұлт мүддесін қара басының қамынан жоғары
қойған ұлтжанды, ұлтқанды жанда өзгеше біp сүю сезімі бар. М.О. Әуезов
айтқандай ол "жай сүю емес, жар сүю емес, жанынан артық көріп, жұртын сүю,
халқын сүю сезімі. Бұл сүюден қасиетті сезім жоқ. Ол сана, ол сезімнің
алдында барлық басқа тірлік, бөгде тілек бас иеді".
Ұлылар салған ұлттық жол әлемдік даңғылға қосылатынын ескерсек, ұлттың
ұлысы - өркениеттің ұйтқысы, барша әлемге ортақ тұлға.
Ахмет Байтұрсыновтың ұлылығы неде, оның әлемдік азаттық қозғалысына
қосқан үлесі қандай көрсеткіштермен өлшеңбек, ұлт тарихына, ұлт тағдырына
оның жасаған ықпалы қандай?
1. Facыp басында үркердей алып топ - Әлихан, Ахмет, Міржақып қазақтың
демократиялық либералдық бағыттағы зиялыларының басын қосып, Еуропалық
өркениеттік дәрежедегі қозғалысты қалыптастырды. Бұл қозғалыс діншілдіктен,
ұлтшылдықтан бойын аулақ салды.
Ол "Жиған-терген" атты шығармасында:
Басында - сәлде,
Аузында - алла,
Молдаларда не ғамал?
Көздерін сүзіп,
Жүздерін бұзып,
Алдап жұртты, жимақ мал.
Жұмақ молда қолында,
Сауда саттық жолында.
Бергенге - Жұмақ,
Бермесе - дозақ,
Деп үйретер халықты.
Жұмақтың кілтін,
Алланың мүлкін
Арендаға алып па?
Молда сатса тиынға,
Ол - алла емес, сыйынба!
Шалғаңнан жатып,
Алланы сатып,
Аламын деп қорлама!
Еңбексіз ит жер,
Бейнетсіз бит жер,
Берсеңдер бер молдаға!
Өзіңді бірақ алдама!
Ақшаға Жұмақ жалдама! - деп білім мен діннің арасын, олардың парқын
саралады.
Ахаң өз қазағын - далаға, орыс халқын - теңізге теңеп, қазақ сахарасын
еуропалық өркениетке енгізу арқылы жетілдіруді көздеді. Балаларды бастауыш
мектепте ана тілінде оқытып, негіз салғаннан кейін орыс тілін үйретуді
ұсынды. Өзінің Г.Н. Потаниннің 80-жылдық мерейтойына шығарған өлеңінде:
Атақты Cібіp ұлы қарт Потанин,
Ер сүйсе, сендей сүйсін ел - Отанын.
"Қазақсың, қалмақсың" - деп алалау жоқ,
Отанның тең көресің барша жанын, - дегені Ахаңның ұлт мәселесіндегі
тазалығын, еуразиялық платформасын танытады [Қaраңыз: Ахмет Байтұрсынов.
Шығармалары, А., 1989. 44-б.].
Алып топ Алаш қозғалысының бағдарламасын жасады. Онда олар Қазақстан
тағдыры Ресей елімен тамырлас екенін пайымдады, демократиялық Ресей
құрамында конституциялық жолмен республика болуды көздеді. Өз парламенті
бар, өз Президенті бар, өзін-өзі билеу құқы бар бұл республика суверенді
(егеменді) территориялық автономия болатын.
Ахаң бастаған алыптар тобы отаршылдыққа қарсы жалпы ұлттық құтқару
майданын ашты. Таптық емес, ұлттық мүддені көздеген бұл бағдарлама
реформаторлық рухта замана талабына сай құжат еді. Ол қазақ елінің геосаяси
болмысын, демографиялық жағдайын, күрес дабылының тегеуірінін есепке алған
"Алаш" бағдарламасы қырғыз, башқұрт, Қоқан автономиясына біріккен Түркістан
еліне, Түркиядағы "Шығыс түркілерінің федерациясына" зор ықпал етті.
Ахаңның шәкірті қырғыз А. Сыдықов 1932-жылы Қырғыз социалистік Тұран
партиясын құруға ұмтылыс жасады. Бағдарламаның қолдан жазған жобасына
қарағанда "Алаш" партиясының ықпалы бірден байқалады [Қaраңыз: У истоков
кыргызской национальной государственности. Бишкек, 1996. 124-136-б.;
"Қазақ" газеті. Алматы, 1998, 10-б.].
Бағдарлама Алты алаштың теориялық еуразиялық дәрежесін көрсетті.
2. Ахмет Байтұрсынов қазақ зиялыларының рухани көсемі санатында 1913
жылы ұлттық биресмилік "Қазақ" газетін шығарды.
"Құpмeтті оқушылар" атты Kіpіcпe мақалада Ахаң "жалаң аяқ, жалаң бас,
жендеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан"
қазақтың "алдына түсіп, жол сілтеп, басшылық" етуді мақсат тұтқанын жазды.
"Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай
керек болса, - деп жазды Ахаң, - халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ
жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау,
көзі жоқ соқыр сықылды", - деп көрсетті ["Қазақ" газеті, Алматы, 1998, 10-
б.].
Ахаң одан әpі "аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп,
газетіміздің есімін "Қазақ" қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін
қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етеміз
десендер, азаматтар тура жолдың біpі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан
келгенін ғұмыр жеткенше іcтeп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін
қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік" ["Қазақ"
газеті, Алматы, 1998, 11-б.].
Мұхтар Омарханұлы 1913-1918-ші жылдары шыққан "Қазақ" газетінің
кезеңін "Қазақ" газетінің дәуірі деп атады. Ұлт ұстазы 50-жасқа келген күні
Мұхаң: "Қазақтың енкейген кәpі, еңбектеген жасына түгелімен ой түcіpіп,
елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын
желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған "Қазақ" газеті болатын. Ол
газеттің жаны кім еді? Iшіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің
екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген
соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет
қылып алған Ақаңның екпіні болатын. "Қазақ" газетінің сол заманынан бepі
қарай талай өмір өткен сияқты. Бұл уақыттың жылдап, саусақпен санағандай аз
жыл болса да, болып өткен оқиғаларына қарағанда кеп заманға жауап ұратын
толқынды заманының біpі" деп көрсетті [Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. 17-18-
бб.].
3. Ахаңның ұлылығы ұлт ұстазы дәрежесіне көтерілген еңбегінде.
Гуманист, ағартушы 1907 ж. жазған өзінің "Анама хат" деген өлеңінде:
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай не бетіммен көрге барам?! - деп тебіренді.
1914 - жылы "Елу-алпыс балаға арнап берген сабақтан алты миллион
қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ көремін"- деп ұлт мүддесіне
еңбек етуді өмір арнасы етті. Өзін "адамшылық диханшысы" деп жариялады,
"адамдықтың тұқымын" шашты, екті, "адамдық хайуанға" жорық ашты, ұлттың
намысы мен сезімін оятты, ұлттық сана қалыптастыруға бар күш-жігерін
бағыштады.
Қазық боп жұртқа,
Қорған боп сыртқа,
Кім ойлайды намысты!, - деп ел намысын, жұрт жұмысын алға тартты.
"Қазақ халқы жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқалармен тенелсе екен" деген
стратегиялық мақсат тұтты.
"Ұлт жұмысы, - деп жазды Ахаң "Орысша оқушылар" атты мақалада, - үлкен
жұмыс" [Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. 260-б.]. "Басқадан кем болмас үшін біз
білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға
күш керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу
керек" дейді Ахаң.
Ұлы ұстаз профессионализмге көңіл бөледі. Ахаң айтуынша, "мал
бағатындар мал бағуын жақсы білуге керек, ел бағатыңдар ел бағуын жақсы
білуге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білуіне керек" [Ахмет
Байтұрсынов. Ақ жол. 252-б.].
"Жұрт іcінe жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын" азаматқа Ахаң "ұлт
намысы" eкі ауылдың, екі таптың, я екі рудың, намысы емес екендігін
ескертеді.
"Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!" дей
келіп, Ахаң: "Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл
болмақшы" деп пайымдайды [Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. 260-б.]. Рухани
отаршылдықтың сырын терең түсінген халықты бұралқы құлдықтан, "соқыр
санадан", "бұратана санадан", "адамдық айуандықтан" құтқарып, "ауруын
аздырып", "тәнін күшейтіп", "қазаққа ес кіргізу" жолын іздейді.
Ахаң ұлы ұстаз - теоретик ретінде бала тәрбиесінен бастап, ұлттық
санаға дейінгі педагогикалық проблемаларды жан-жақты зерделейді. "Бұл
заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер
білім, сол өнер-білімге үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ
астыңда жаншылмас едік, біз де өз алдымызға біp жұрт екенімізді ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Алаш партиясына шолығу
Ахмет Байтұрсынұлы жайлы
ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдебиеті
Ахмет Байтұрсынұлы өмірбаяны
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны
Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі
Ғалым, ағартушы, тілші - Ахмет Байтұрсынов
Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының тарихи маңызы
Ахмет Байтұрсынұлы өмір белестері, тарихы
А.Байтұрсынов – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы
Пәндер