Бақытжан Қаратаев және Ресей мемлекеттік Думасы


Бақытжан Қаратаев және Ресей мемлекеттік Думасы
Ғасырлық ғұмыры бар Ресей мемлекеттік Думасы қазақ тарихында ерекше орын алады. Себебі, 1905 жылы 6 тамызда шыққан манифест бойынша қазақ еліне Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлану құқығы берілген еді және бұл Думаның шақырылуы патшалық империяның қазақ даласындағы күннен-күнге күшейген отарлау саясатынан зардап шеккен халқының ауыр жағдайларын көріп, оны шешу жолдарын іздеп, істерге амалдары болмай жүрген қазақ зиялылары үшін қуанышты жаңалық болды. Сондықтан да, ең алғаш құрылған Думаға сайланған депутаттардың қатарында қазақ халқының өкілдері де болды және олар империяның Қазақстандағы жер мәселесін оңтайлы шешілуіне септігін тигізер деген үмітпен қазақ даласындағы сайлау науқанына, Думадағы түрлі фракциялық жұмыстарға білек сыбана араласты. Алғашқы екі Думаға Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов, Шәймерден Қосшығұлов, Әлихан Бөкейханов, Темірғали Нұрекенов, Тілеулі Аллабергенов, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев, Бақтыгерей Құлман, Молда Тайынұлы сияқты қазақ жерінің азаматтары депутат болып сайланды. Алайда, осы екі Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланған қазақ зиялыларының арасында қазақ даласында шешімін таппай отырған аграрлық мәселелер жайында Дума отырысында баяндама жасап, белсенділік танытқан Бақытжан Бисалыұлы Қаратаевтың есімі ерекше. Ол Қазақстандағы Думаға сайлау науқанына байланысты туындаған барлық қоғамдық-саяси мәні бар жұмыстарға белсене араласты. Қазақстанда жаңа саяси бағыттағы партияларды қалыптастыруды көздеген қазақ зиялылары 1905 жылдың соңында Орал қаласында бес облыстың (Ақмола, Семей, Торғай, Орал және Жетісу) делегаттық съезін өткізіп, «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдағаны тарихтан мәлім. Орал қаласында шығып тұрған «Фікір» газеті оның 9 адамнан тұратын Орталық Комитетінің құрамын жариялады. Олар Б. Қаратаев, Т. Бердиев, М. Бақыткереев, И. Тоқамбердиев, Х. Досмұхамедов, Н. Айтмұхамедов, М. Мұқанов, Т. Рахымбердиев және И. Дүйсембин еді/1/. Олар ел ішін аралап қазақ даласында Думаға депутат сайлау жөнінде үгіт жұмыстарымен қатар, түрлі саяси шараларды ұйымдастырып, сайлау өткізу науқанына қыза кірісті. Татар тілінде шығатын «Әл-ғаср-ул-жәдид» басылымында «1906 жылы 1 ақпанда Орал облысының әскери- губернаторы генерал-лейтенант Родзянко мырза министрден жеделхат алыпты. Онда: «Орал облысындағы төрт уез қарамағындағы қазақ халқынан бір депутат, атты казактардан бір депутат және қаладан бір депутат, яғни Орал облысының қазағы мен орысынан Мемлекеттік Думаға 3 депутат сайланатын болды»- делініпті. Осы хабармен генерал Бақытжан Қаратаевты таныстырды. 11 ақпанда Қоспа базарында Орал облысы қазақтарының Конституциялық демократиялық партиясының мәжілісі болады. Бұл мәжіліске Қарасу, Құрайлы, Шалқар, Жымпиты, Сабынкөл, Қызылжар, Соналы, Қаракөл, Индер және Жетікөл болысының ишандары мен молдалары, беделді адамдары және партияның мүшелері шақырылады. Мәжілісте Мемлекеттік Думаға депутат сайлау төңірегінде кеңесу өткізілмекші»- деген хабар жарияланды. /2/
Өз жұмысын 1907 жылы 20 ақпан бастаған Екінші Мемлекеттік Думаға депутат болып Ақмола облысынан Ш. Қосшығұлов, Торғай облысынан А. Бірімжанов, Жетісу облысынан М. Тынышпаев, Сырдария облысынан Т. Аллабергенов, және Астрахань облысынан Б. Құлмановтармен бірге 1860 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Ақбақай ауылында дүниеге келіп, алғаш ауыл молдасында сауат ашып, кейін Орынбордың азаматтық гимназиясын тәмәмдап, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медалмен бітірген, жоғары білімді заңгер Бақытжан Қаратаевта қазақтардың құрамында сайланады. Ол Бірінші Мемлекеттік Думаға дейін де, одан кейінде қазақ даласындағы жергілікті халыққа күш көрсету арқылы жүргізіліп отырған аграрлық мәселелерге патша өкіметінің назарын аудартып, шешімін табу үшін бірнеше рет Петербор қаласына барған, министрдің қабылдауында болған, сондықтан да Екінші мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған оның қоғамдық-саяси қызметте тәжірибесі мол, әрі осы мәселенің қазақтардың үлесіне оңтайлы шешілуіне үлкен дайындықпен келген еді. Әрине, қазақ жерінің тонаушылыққа ұшырауы жанына қатты батқан Б. Қаратаев бұл Мемлекеттік Думада басқа қазақ депутаттар сияқты туған халқының мұң-мұқтаждары шешіледі деп үміттенеді. Бұл Думада көтерілген басты мәселе- жер мәселесі және осы мәселеге байланысты құрылған аграрлық комиссия құрамына Мұхамеджан Тынышпаев пен Бақытжан Қаратаев енді. Оның тұңғыш қазақ халқының атынан 1907 жылғы 16 мамырда Дума мінбесінде қаймықпай патша үкіметінің қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандыру саясатынын әшкерелеп батыл сынға ала сөйлеген сөзі қазақ тарихының даңқты беттерінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Ол: «Мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені шаруаларды Далалық облыстар территориясына, атап айтқанда, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар. Алайда, осы уақытқа дейін Мемлекеттік Дума делегаттарының бірде-бірі дәл қазір азиялық облыстар ішінде шаруаларды қоныстандыратын басы артық жер бар ма, басымызды қатыра-қатыра шаруаларды қоныс аударуға тәуекел ете алатындай Далалық облыстардың барлық бөліктері жаратылыстық-тарихи, шаруашылық-статистика, топырағы мен ауа-райы жағдайлары тұрғысынан зерттеліп болды ма деп сұраған жоқ, ол туралы біледе қоймас. Осынау қоныстандыру шаруалардың өздерін де, сонымен бірге қырғыздарды да қатты қыспаққа түсірмей ме, бұл қоныстандыру шет жерлік қырғыздар шаруашылықтарының күйзеліске ұшырап, ыдырауына әкеліп соқпай ма деп ешкім сұраған емес. Жергілікті халықтың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділетсіздік болып табылуға тиіс. Ол қашанда күштінің әлсізді қанауы деп қабылданбақ. Сөз жоқ, қырғыздар, яғни қырғыз-қайсақ деп аталатындар, әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық: сол себепті де олармен ортақ тіл табысуға болады және оларға зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ»- ашына сөйлеген Б. Қаратаев орыстың зиялы қауымы қазақ халқының басынан кешіп отырған ауыр жағдайына көңіл аударып, туған халқының әлеуметтік-экономикалық мұқтаждарының шешілуіне көмектерін тигізер деп үміттеніп сөзін былай жалғастырады: «Бүгінде Россиядағы аграрлық мәселенің қиындығына орай егіншілік пен жерге орналыстыру ведомоствосы қазірдің өзінде ол жақтарға шаруаларды көшіріп, оларды Далалық облыстарға еліктіре шақыруымен қатар, қырғыздарды орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығуымен айналысып отыр, көріп тұрсыздар қоныс аудару бүгінде топырағы құнарлы уездерді жайлаған, яғни отырықшылыққа көңіл бұрып, егін салумен айналысып жатқан қырғыз-қайсақ халқын ығыстырумен, халыққа өздері тұрған үйлері мен деревняларынан қуып шығумен қосарлана жүріп жатыр. Осы кезге дейін бәрі, қырғыздар көшіп-қонып жүреді-міс деген түсінікке келеді. Жоқ, мырзалар, қырғыздардың көшпенділері де, отырықшылары да бар Далалық облыстардың солтүстіктегі құнарлы уездерін міне, ондаған жылдардан бері отырықшы қырғыздар жайлап, егін егіп келеді. Осынау отырықшы қырғыздар үшін егін егу- тұрмыс түзеудің ең негізгі көзі, ал олар мал өсірумен де айналысады десек, ол тұрмыс түзеудің қосымша көзі болып табылады. Міне, отырықшылыққа көшкен бұл қырғыздар осыдан ондаған жылдар бұрын жақсы-жақсы деген жерлерге: суы тұщы көлдердің жағасына, суы тұщы өзендер бойларына орналасып алды. Егіншілік ведомствосы немесе егіншілік пен жерге орналастыру басқармасының әкімдері шаруаларды Далалық облыстарға қоныс аудара отырып, іс жүзінде осы қырғыздарды өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығумен айналысуда. Мырзалар, осыған дейін сіздердің ешқайсыларыңыз Далалық облыстарға қоныс аудару жайы туралы ауыз ашқан жоқсыздар…. Мемлекеттік Дума өздері Россия ішіндегі помещиктер мүдделерін, осынау 13 помещиктің мүддесін қорғау үшін шаруаларды қоныстандыру арқылы қорлап отырған қырғыз-қайсақтардың, әрдайым шаруалардың жерге деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатымен жеке иеліктегі жерлерді күштеп тартып алу ниетіндегі барлық оппозициялық фракцияларға аянышпен қарайтынын есте ұстайтын болсын. Дегенмен, бүгінгі таңда шаруаларға орын босату үшін қырғыздарды жерінен ғана емес, тұрған үйінен қуып шығып жатқанын түсініңіздер. Орыстың еңбекші бұқарасы мен зиялылар қауымы жерімен қоса үйінен, қора- қопсысынан қуылып жатқан сорлы қырғыз-қайсақтардың мұңына құлақ асады деп сенемін. »/3/. Белгілі қоғам қайраткері, Ресей Думасына депутат болып сайланған қазақ зиялылары жөнінде және олардың туған елінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қажырлы күресін зерттеуші-ғалым Ө. Озғанбай өз еңбегінде: «Бақытжан Қаратаевтың бұл сөздеріне түсінік берудің өзі артық. Бірақ бір нәрсе айқын: оны итермелеген бір ғана мақсат, бір ғана тілек болды, проблеманы ойланып, қоғамның бір тобының мүддесіне екінші бір басқа топтың қысым жасауына жол бермей, мәселені орнықты шешу еді»- деп тұжырымдайды. /4/
Екінші мемлекеттік Думаға Орал облысынан Ф. А Еремин және И. И Космодамианский де депутат болып сайланған еді. И. И Космодамианский Б. Қаратаевпен достық қарым-қатынаста болып, оның қазақ даласындағы аграрлық мәселелерді шешуіне қолдау көрсеткен/5/ және Орал облысы қазақтарының жер тапшылығынан шеккен зардаптарын, ауыр халдерін өз көзімен көрген ол осы 1907 жылғы 16 мамырдағы Дума мәжілісінің мінбесінде: «Правительство, переселяя на киргизские земли, забывает то священное право собственности, о котором оно так часто любить говорит. Киргизские земли с 1868 г. объявлены национальной собственностью, объявлены собственностью государства, но при постоянного и безвозмездного пользования ими. И вот теперь, говорю, переселяя крестьян из голодающих местностей на киргизские земли, правительство не считается с этим священным правом собственности. Один депутат Уральской области от киргиз, Каратаев, ходил к главноуправляющему земледелием и землеустройством и просил временно прекратить переселение в Уральскую область, и главноуправляющий землеустройством и земледелием сказал ему: «В ХХ столетии необходимо прекратить кочевой образ жизни киргизов, вследствие этого переселение является необходимым». Правительство не считается с этим правом собственности, не считается с известными экономическими условиями, с известным экономическим бытом, с психологией кочевника; оно старается, путем насильственным, привить ему культуру, и мы знаем, что эта насильственная ломка экономического быта, экономического строя, всего внутренного уклада киргизов- ни в коем случае не может привести к благоприятным результатам»-деп сөз сөйлеген болатын/6/.
Қазақстандағы Ресейден орыс шаруаларын көшіру жұмысын атқаратын қоныс аудару мекемелерінің қызметін тоқтату мақсатында Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Ш. Қосшығұлов, Т. Нұрекенов Орал уезі және Темір уезінің солтүстік бөлігінің жер аумағын 35 болыс, яғни Гурьев уезінің 17 болысы, Темір уезінің оңтүстігіндегі 7 болысы (оның 3-еуі адай болысы), Маңғышлақ және Красноводско уездерінің 11 адай болысының көшпелі және отырықшы қазақтары ортақ пайдаланатындығын, ал көшпенділердің тіршілік көзі жалғыз мал шаруашылығы, сондықтан да, бұл жерлерден қоныстанушылар қорына жер кесіп алу, осы 35 болыстың тұрғындарына өте қауіпті екендігін, сондай-ақ осындай қиыншылық Ырғыз, Торғай, Ақтөбе, Қостанай және Сырдария облысының Қазалы, Перовский уездерінің де қазақтарының басына төніп отырғандығын айтып, жерге орналастыру жөніндегі мәжілісте мәлімдеме жасайды. /7/ Думада сөйлеген әйгілі сөзінде:«Біз, қырғыз-қайсақтар, Россияда қатты ушығып отырған аграрлық мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап ететінін терең түсінеміз. Біз шаруа бауырларымыздың жер жетімсіздігінен зардап шегіп отырғанын жанымызбен сезінеміз, егер басы артық басқа жеріміз болса оларды сыйыстырып алуға да даярмыз»-деген Б. Қаратаев, 1908 жылы Елжан Оразаев және Серәлі Лапинмен бірге қазақтарды жерге орналастыру турасында заң жобасын жасап, ең әуелі мал және егін шаруашылығына қолайлы, шұрайлы, сулы жерлерге қазақтарды орналастырып, содан артып қалған жер болса ғана, көшпенділерді орналастыру және жерге орналастыру жұмысын жүзеге асыратын облыстық, уездік комиссия құрамына қазақтардан өкілдерді кіргізу мәселесін Дума қарауына ұсынды. Бақытжан Қаратаев өз беделі арқылы Дума фракцияларының 60 мүшесінің қолдарын қойғызып, талқылауға ұсынуға әрекеттер жасайды. Қол қойғандардың ішінде Ресей империясының сол кезде ел аузында жүрген П. Н Милюков, А. И Гучков сияқты ірі мемлекет қайраткерлері де бар еді. Бірақ, Бақытжан Қаратаевтың қазақ халқының талан-таражға салынып жатқан жерін қорғауда жасаған қызметі ешқандай нәтиже бермейді, қағаз жүзінде ескерусіз қалады/8/.
Бақытжан Бисалы ұлы Мемлекеттік Думада қазақ өлкесіндегі аграрлық мәселелермен қоса, Ресей территориясында мекендейтін түрлі ұлттардың діни құқықтары, үкіметтің оларға көзқарасы төңірегінде де мәселелерді көтеріп, шешуге атсалысады. Ол депутат болып сайланған кезде мұсылмандық фракцияның құрамына енген болатын. 1907 жылы 10 сәуірде Думаның талқылауына ар-ождан бостандығы мәселесі жайлы заң жобасы енгізілді. Осыған байланысты, думада құрылған комиссияның құрамына енген мұсылман фракциясының үш өкілінің бірі -Бақытжан Қаратаев болды.
Алайда, «1905 жылы Ресейді шарпыған көтерілістен халықтың көңілін алаңдату үшін шақырылған» Думада қазақ депутаттарының Қазақстандағы халықтың жерін талан-таражға салынудан қорғау үшін көтерген мәселелері еш нәтиже бермеді, керісінше патша үкіметі II мемлекеттік Думаны таратып жіберіп, қазақтарды депутат болып сайлану құқығынан айырғандығы баршаға аян.
Бірақ, Бақытжан Қаратаевтың Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясымен бірігіп атқарған әртүрлі маңызды қоғамдық-саяси қызметтері, Дума фракциясына қазақ халқының мұқтаждарын баяндап жолдаған талап-тілектері, айталық, қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов және М. Шоқаймен бірге III және IV Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясы жанындағы бюрода қазақтардың әлеуметтік-саяси мәселелерін мұсылман фракциясы арқылы Дума мәжілісінде көтеріп, оны шешуге әрекеттене белсенді қызмет етуі, 1911 жылы Дума депутаты Ереминге жолдаған мына жеделхаты: «Қазақ даласында екі жыл қатарынан қуаңшылық болып шөп, астық шықпай қалды. Орал облысының Лбищенск, Гурьев, Темір, Орал уездерінде тұрғындарының жартысы ашыршылыққа ұшырады. Кедейлерде мал жоқ, ал болғанның өзінде бағасы құнсыз, Жымпиты, Қаратөбе, Қызылқоға, Темір базарлары аш қазақтарға толды. Өзіміздің жергілікті азық-түлік қаражатымыз барлық аштыққа ұшыраған қазақтарды асырауға жетпейді. Сондықтан, мен II Мемлекеттік Дума депутаты ретінде, барлық Дума депутаттарын қазақ халқы үшін қазынадан жәрдемақы бөлу мәселесін басшыларға жеткізіп, көмектесуге шақырамын»/9/, 1914 жылы маусымда мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен өткен бүкілресейлік мұсылман съезіне Ә. Бөкейханов, С. Лапин және С. Шормановтармен бірге делегат болып барып, кеңесте сөз сөйлеуі немесе 1916 жылдың 25 маусымындағы патша өкіметінің 19 бен 31 жас аралығындағы қазақтың жас жігіттерін тылдағы қара жұмысқа алу туралы жарлығына сай ел ішіндегі белең алған берекесіздікті жою, әрі қазақ жастарына араша болу мақсатында Дума төрағасына Жанша Сейдалинмен бірігіп жолдаған «Қырғыздар туралы жазба естелігі»/10/ және т. б белсенді әрекеттері оның үнемі Ресей Мемлекеттік Думасымен тығыз қарым-қатынаста болғандығының дәлелі. Осылайша Бақытжан Қаратаевтың қоғамдық саяси қызметінде, оның саяси көзқарасының қалыптасуында Ресей Думасының да септігі тиген еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz