Айбынды қолбасшы, акылды саясаткер Бейбарыс сұлтан



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 21 бет
Таңдаулыға:   
Сұлтан Байбарыс тек қана талантты қолбасшы, көреген саясаткер ретінде ғана
емес, сондай-ақ тақуалығымен және қайырымдылығымен халықтың құрметіне
бөленген. Мұқтаждарға әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-
жебеп, өз қанаты астына алып отырған. Оның дінге аса көңіл бөлуін моңғолдар
күйреткен халифат тағын Каирда орнатқаны айғақтайды.

Әбдісаттар Дербісәлі

Айбынды қолбасшы, акылды саясаткер Бейбарыс сұлтан

(1223-1277 жж.)
Бейбарыс. Осы бір есім аталғанда менің есіме 1968 жылдың күзі түседі.
"Төңірегіміз жота-жота көк ала бұйраттар. Кешкі ымыртта сия төгіп
тастағандай көк нілденіп көрінеді... Жер Орта теңізінің жақындығы ашық
терезеден лүп ете қалған майса самалдан білініп тұр. Сонадайдан сәңкиген
бір тұмсықтың басына иреңдеген тар жолмен көтеріліп келеміз... Алдымызда
мұхит деңгейінен жеті жүз елу метр биік шоқының басына салынған абажадай
көне қамал қарауытты...
Расын айтсақ, Сирия мен Ливанда біз көрген әскери қамалдың ең үлкені
де, көп қирамай-бүлінбей, дұрыс сақталғаны да сол екен. Оған төрт мың атты
рыцарлар жайғаса алады... Ең әуелі астыңғы қабатта екі жаққа екі тосқауыл
коридор тарайды. Онда атты әскер тұрады. Сосын түпте ең соңғы үшінші
тосқауыл коридор бар. Қорғанның ортасында, қамалды жау ала қалса, ат-
матымен құлап өлсін деп жасалған, қашан ернеуіне тірелгенше көзге
көрінбейтін ұшпа көл жатыр. Ол әлі күнге дейін сол күйінде сақталыпты.
Қапелімде байқамай қалып, аңғырттау туристердің талайы ұшып өліпті.
Қамалдың бұрыш-бұрышындағы мұнаралармен екінші қабатқа көтерілесің. Онда
әскерлердің жатаханасы, сауық залы, мінәжат залы орналасқан. Бір кезде
үстеріне талай қан, талай шарап төгілген қара тастар баяғы күйінен
мызғымапты. Одан жоғары қақ төбеде Ханшайым мұнарасы тұр. Одан төңіректегі
отыз-қырық шақырым жердің бәрі көрінеді. Терістік батыста Жер Орта
теңізінің қойнаулары мұнартады... Византия императоры Ираклий арабтардан
жеңіліп, Константинопольге қашқанда: "Қайран Сирия, жауға қияр жер ме
едің?" — деп тап осы көк қойнауларда бара жатып айтқандай.
Тас қорған төңірегінде дұшпанды тұтқиылдан төбеден түсіріп, қапы
қалдыратын қалтарысы жоқ нағыз найза биіктің басында... Алайда жау дарытпас
қорған, оқ дарытпас батыр бар ма? Ол да тізе бүтіпті. Биіктің басындағы тас
қорғанға жете бергенде, қақпаның астында тұрған екі-үш араб жігіттері,
біздерді көріп естеріне түсті ме, қамалдың маңдайындағы мәрмәр тақтаны
көрсетіп: "Сұлтан Бейбарыс. Мамлюк", — дей берді. Профессор Ақжан Машанов
тақтаға үңіліп еді, расында да, сұлтан Бейбарыстың аты жазулы болып
шықты... Мәрмәр тақта сұлтан Бейбарыстың бұл қамалды 1271 жылы алғанын
мәлімдейді".
Бұл менің осыдан дәл отыз бір жыл бұрын, 1968 жылдың күзінде Ливан,
Сирия сапарынан оралған соң, "Лениншіл жас" газетінде жарияланған "Жебе мен
жұмыртқа" атты сапарнамамнан үзінді. Ол кезде Мысыр мамлюктерінің көсемі
Бейбарыс сұлтан қазақ оқырмандарына кеңінен мәлім емес еді. Сондықтан
аталмыш жазбада ол туралы естіген-білген мәліметтерімді ортаға салыппын.
Одан бері талай қаламгер осы бір жұмбақ тұлға төңірегінде сөз қозғады.
Солардың көпшілігінің соқпай өте алмайтын бірден-бір дерегі бұдан әлденеше
ғасыр бұрын дүниеге келген "Сұлтан Әз-Зәкір Бейбарыстың ғұмырнамасы" еді.
Ол, мысырлық тарихшы Ибн Иайстың (1448—1524) айтуынша, ХҮІ ғасырға
жатқызылса керек. Белгілі ағылшын мысыртанушысы Лэннің (1801 — 1876)
деректеуінше, бұл XIX ғасырдың ортасына дейін арабтардың бұқаралық
әдебиетіндегі ең мәшһүр шығарма болыпты. Осы заманғы мысырлық прозашы Таха
Хусейн бала кезінде ауылдық жерлерде бұл шығарманы өз құлағымен талай
тыңдап, тәнті болыпты.
Шығарма тек тақырыбымен, кейіпкерімен ғана емес, жанры бойынша да
әлемдік әдеби үрдістердің ерекше бір құнды ескерткіші болып табылады.
Таяу Шығыстағы мұсылман қалаларында мейрамдар мен жәрмеңке күндері
базарлар мен алаңдарда, дәмханалар мен шайханаларда жиналған жұрттың
алдында әңгіме соғып тұрған мұхалдистерді көруге болатын еді. Олар әңгімені
жанынан шығармай, алдында жатқан қағаздарға қарап айтатын. Окта-текте сөзді
қоя қойып, ән салатын, би билейтін, саз шалатын немесе анадай жерде белек
отырған сазшылар мен әнші-бишілерге кезек беретін. Осындай "халық
сауықхнасында" баяндалатын ұзақ "әлқиссаларды" шығыстанушы әдебиетшілер
"халық романы" деп атап кетті. Ол Батыс Еуропа жұрттарындағы "авантюралық
романдарды", "жылпостық романдарды", "куртизиандық романдарды" еске
салатын. Шым-шытырық оқиғалы "ғашықтық хикаяларын", "ерлік хикаяларын",
"сайқымазақтық" немесе "сиқыршылық хикаяларын" Шығыс жұрты сүйіп тыңдайтын.
Олар кейін Батыс оқырмандарына да танымал бола бастады. Солардың ішіндегі
ең көп тарағандары "Мың бір түн", "Антараның ғұмырнамасы", "Әз-Зәкір
Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы".
Қалмақан Әбдіқадыров, Қалтай Мұхамеджановтың аудармалары арқылы "Мың
бір түнмен" жақсы таныс қазақ оқырманы енді, міне, Сауытбек Абдрахмановтың
аудармасында "Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасымен" танысқалы отыр.
Талантты қаламгер, зерделі білімпаз Сауытбек Абдрахманов шығармада
баяндалатын ортаның бояу-нәшін, Шығыс халық романының тектік-түрлік сипатын
қапысыз жеткізе білген.
Шығыс хиссаларымен кептен таныс қазақ оқырманының қолына тигелі
отырған жаңа кітаптың әдеби түстемелігін бұдан көбірек ежіктей түсіндірудің
қажеті шамалы деп білеміз. Алайда, оның талай ғасыр, талай ұрпақтың құлағын
елеңдетіп келе жатқан әйгілі тарихи түлға мен оның заманы жайлы шындықты
молынан білуге тырысары түсінікті.
Ондай оқырманға алдын ала айтарымыз: Султан Бейбарыстың егжей-тегжейлі
өмірбаянын бұл шығармадан сол қалпында кездестіре алмайсыз. Ал бірақ ол
бастан кешкен оқиғалардың ұзын-ырғасымен үшыраса аласыз. Ол, біріншіден,
шығарманың негізгі төсегі болып есептелетін мамлюктер сұлтанының жеке
хатшысы Мухи ад-Дин ибн Абд әз-Захирдің (1223—1292) өз қожайынының бастан
кешкен оқиғаларының барлық қыр-сырын түгел білмейтіндігінен; білгендерінің
өзін де толығымен ақтара салмайтындығынан; билікке төңкеріс жолымен келіп,
төңкеріс жолымен кеткен әмірші болмысының жай-жапсары ішкі-сыртқы
дұшпандармен ұдайы тартыс тұсында жария болуы еш мүмкін еместігінен;
әрдайым бір енін ішінде ұстап өтуге мәжбүр ғұмырды баяндайтын ғұмырнамашыға
да бір енін үнемі ішінде ұстап өтуге тура келетіндігінен.
Екіншіден, бұл шығармаға қосымша деректемелік болып табылатын әл-
Макризи (1364—1442) және Ибн Тагри-Бирди (1409— 1470) сынды тарихшылардың
еңбектерінің де біздің заманымызға дейін, үзік-үзік болып, толық қалпында,
жүйелі түрінде жетпегендігінен.
Үшіншіден, оқиға болып өткен заманның әлеуметтік-психологиялық-
идеологиялық-дүниетанымдық сипатынан.
Төртіншіден, қағазға түскенімен, ауыз әдебиетінің эстетикасына
лайықталып, тыңдаушы құлаққа ұғынықтылыққа бағышталатын халық романының
жанрлық табиғатынан.
Бесіншіден, айтушыдан айтушыға көшкен сайын әсерлілігі артқанмен,
деректік нақтылығы кеми беретін ауызша ақпараттың өзіндік өзгешелігінен.
Қысқасы, бұл туындыдан әр кейіпкердің, соның ішінде басты
кейіпкерлердің де тарихи нақты деректік кейіптемесін таба алмағанмен, ол
кешкен дәуір мен дәуреннің сипатына қапысыз қанығуға болады.
Шығарма, негізінен, XIII ғасыр оқиғаларын қамтиды. Ол жаппай
бүліншілік ғасыры еді. Азия түкпірінде асіфіндаған демографиялық өсім мен
көшпенді тіршілік айыру үрдісі арасындағы қарама-қайшылықтар ушықтыратын
кезекті жаппай үдере көшу алғашқы мыңжылдықтар тоғысында Рим империясын
күйретті. Екінші мыңжылдықтар тоғысында оған мұрагер болып қалған Шығыс Рим
империясының басына күн туды. Батыс әлемінің идеологиялық дәнекері —
христиан діні екіге жарылып, бір-бірімен бітіспес күштерге айналды. Жаңа
әлемдік дін Исламды ту еткен жаңа әлемдік империя — Араб халифаты да тоз-
тоз болып, оньщ орнына пайда болған мұсылман мемлекеттері одан әрі ыдырауға
ұшырады. Идеологиялық негізде емес, тұрмыстық-экономикалық үрдіс
ыңғайластығымен ынтымақтасқан жаңа көшпенді империя — моңғол астамдығы да
алғашқы екпінінен айрылып, сыртты қойып, өзішілік айқасқа бой ұрды. Қай
елде де, тіпті жалпақ әлемде де, глобальды ағымдардан гөрі локальды
ағымдар, бірігушілік пиғылдан гөрі ыдыраушылық пиғылдар үстем түсе бастады.
Батыс Еуропадағы игілік бастауында қолда бар ырзық қоры мен артық
ауыздардың арасындағы кикілжің өршіп, тұрғындардың бойындағы басы артық күш-
жігер клерикальдық авантюраларға жұмсалды. Кіші балалар мен ортаншы балалар
ата-қонысты ағаларына тастап, католик шіркеуінің жұмсауымен Ғайса пайғамбар
жерленген Құдысты (Иерусалимді) босатып алу үшін Араб елдеріне қарай ағыла
бастады. Бір кезде қоныс тарлығы мен сыртқы қысымнан дүрбелеңге ұшыраған
Орталық Азия халықтары үстемдікке таласты, сосын әуелі ес жинап, етек жабу
үшін бас біріктірді, сол тұста белсенділік көрсеткен бес қару, әрине,
алдымен, төңірегін тақымға басуға жұмсалды; одан әлемдік үстемдікке жетіп,
әуелі масайрау, сосын тоқырау кезеңдерін бастан кеше бастады. Шектен тыс
билік пен байлыққа ие болған үстем күштер өзді-өзді қырқысып кетті. Өзді-
өзді билікке таласушылардың қай-қайсысы да әскери күшке сүйенді. Бұл
кейінгілердің әлеуметтік беделі мен қоғамдық ықпалын күшейтті. Саяси элита
алауыздығын әскери элита пайдалана бастады. Саяси-этникалық сеператизм
әлеуметтік қауымдық сеператизмге ұласа бастады. Бұрын геосаяси экспанция
құралы ретінде пайдаланылған әскери қару енді әлеуметтік-саяси экспансияның
құралы ретінде жұмсала бастады. Ол бірте-бірте саяси үстемдік құралы болуды
місе тұтпай, өзі үстемдік иесіне айнала бастады. Шағатай ұлысында
барластар, Жошы ұлысында маңғыттар билікке солай келді. Басқыншылық
бүлікшілікпен алмасты. Бүлікші мен заңсыз билікке келетін оспадарлық
әлемдік дәрежеде үйреншікті құбылысқа айналып, легитимдікке ие болды.
Империялық доктриналар түпкілікті күйрегенмен, бұрынғы әулетінен айырылып
қалды. Оны қайтадан тірілтпекші болған үстем күштер жеңіске жете алмады.
Мәселен, Алтын Орданы қалпына келтірмекке ұмтылған Тоқтамыстың, Шыңғысхан
үстемдігін тірілтпек болған жоңғар қонтайшыларының есекдәмесінен ештеңе
шықпады. Қайта басқыншылар арасындағы алауыздықты өз халықтарының ұлт-
азаттық мүлдесіне пайдалана білген Александр Невский, Екінші Фридрихтер
болашақ империялардың негізін салған аса ірі мемлекеттік бірліктер құра
алды. Араб халифаты иелігіндегі аймақтардағы сеператистік ағымдарды орынды
пайдалана білген сельджуктер бұрынғы жалпы исламдық империяның орнына өз
империясын құра алды. Таза клерикальдық идеология мен байырғы аграрлық-
шаруашылық қатынастар дәуіріндегі қағидалар аумағында қалған Әмір Темір,
Тоқтамыс, Едіге, соңғы маңғол хандары, жоңғар қонтайшылары, "Ақ Орда", "Көк
Орда" билеушілері, Ұлы Моғол билеуділерінің империяны қайта күшейту
пиғылдарынан нәтиже шықпады. Ұлттық-аумақтық сипаттағы мемлекеттермен
шектелуге тура келді. Тіршілік айыруда ежелгі аграрлық-шаруашылық
үрдістерінің аумағында қалмай, жаңа өркениеттік үрдістермен қол жалғаса
білген Батыс, Шығыс Еуропа мен Оңтүстік-Батыс Азияда киелі Рим, Осман,
Австро-Венгрия, Ресей сынды империялық құрылымдар түзілді.
Кейінгі тарихи даму мен саяси арасалмаққа мұрындық болған XII—XIII
ғасыр бір кездегі қуатымен жер тітіренткен Араб халифатын да айналып өткен
жоқ. Пайғамбар көз жұма сала өршіген билікке талас исламдық идеологияның
тұтастығына қауіп туғыза бастады. Пайғамбардың өз әулеті мен тізерлес
серіктерінің арасындағы бакталастық мүсылман қауымын екіге бөліп, кейін
әлденеше бұтақтарға бұтарлап жібергені белгілі. Солардың ең ірілерінің және
ең ықпалдыларының бірі — фатимашылдар. Мухаммед пайғамбарымыздың қызы мен
оның күйеуі Әзірет Әліні айырықша қадір тұтқандар қозғалысы. Олар әуелі
Мысырдың әл-Каһира қаласында үстемдік құрды. X ғасырдың аяқ тұсында
Палестина мен Сирияны өз ықпалына қаратты. Фатима әулеті билейтін халифат
(910—1171) солай дүниеге келді. Олар шиизмді ұстанды. Ортодокстік суннизмді
мойындамай, Әзірет Әлі мен оның балаларын ғана пайгамбарымыздың бірден-бір
рухани мұрагері санады. Бұл қағиданың негізін салушы Исмаилды жақтайтындар
астыртын ұйым құрып, Бағдат халифаты ықпалына қарсы ұйымдасқан күрес
жүргізді. XI ғасырда олардың "Хашшашин" ("хашиш" есірткісінің атынан
шыққан) ордені жанпидалық жолға түсіп, террористік әрекеттерді Құдай
жолындағы күрес деп заңдастырды. Бұл Араб еліндегі бүлікшілік әуенді
күшейтті. Оның үстіне, Әзірет Әлі мен балалары тұсында, оның жолын қуушылар
ықпалындағы елдерде ежелгі Бабылдың магияға әуестігі кеңінен етек жайғанды.
Бұл жағдай да айтылмыш аймақтағы дәуірдің саяси-әлеуметтік ауа райына айта
қаларлық ықпалын тигізді. Сөз болып отырған шығарманың сюжеттік-фабулалық
жүйесіндегі кейде тіпті адам нанғысыз оқыс бұлтарыстар мен кейіпкерлер іс-
әрекетівдегі төбеден түскендей тұтқиылдық түсініктемелер мен сиқыршылық
сипаттарды осымен түсіндіруге болады.
Күш көрсету, төтен ерлік, айла-шарғы ол тұста айырықша қасиет саналды.
Күш пен айла ол тұста айырықша бағаланды. Әсіресе, бір жағынан, Құдысты
қайта тартып алуға күш салған крест ұстаушылардың, бір жағынан, маңғол
басқыншыларының қысымына ұшыраған қысталаң түста әскери-саяси авантюра
романтикалық сипат алып, жүрек жұтқандық санала бастады. Ондай жағдайда
әрбір дәулетті адам өз жасағын ұстауға мәжбүр болды. Құл базарында да жұмыс
істейтін емес, шайқас салып сайысатын "жанды табарлар" сатылды. Күні өтіп,
күші әлсіреп бара жатқан Фатима әулеті де тек сондай күштерге иек арту
арқылы өз ғұмырларын ұзартқысы келді. Халық бұқарасынан қол үзіп қалған
немесе онымен тіл табысқысы келмей, бойларын аулаққа салған билікті
қауымның әлгіндей жалдамалы күштерге арқа сүйейтіндігі ежелгі әдет. Бірақ
ешқашан опа таптырмаған қатерлі әдет. Әуелі "қара африкалықтарға", өсіресе
Судан зұлыстарына сүйенген Фатима әулеті бірте-бірте жалдамалы әскерді
ұлғайтып, соған иек артты. Ондай жалдамалылар әуелі билікке таласқан
топтардың ұпайын түгендесіп жүріп, кейін дербес күш ретінде саясат
сахнасына шыға бастады. Мысырдың атақты қолбасшысы курд Салах ат-Дин 1171
жылы Фатима әулетінен шыққан соңғы халиф Әдідті тақтан қүлатты. Әскери
аристократияның Айюб әулеті (1171—1250) билікке келді.
Салахатдин тұсындағы қайтадан қалпына келген суннизм үстемдігі, крест
ұстаушыларға қарсы күрес ол өлген соң қожырап кетті. Айюб әулетінің өз
ішінен алауыздық шықты. Соны пайдаланған Екінші Фридрих есебін тауып
Құдысты қайтып алды. Крест ұстаушылары Жер Орта теңізінің шығыс бетінен
әлденеше қамалдар тұрғызып, Мысырға да әлденеше рет ауыз салды. Сондай
жорықтың бірін 1249 жылы француз королі IX Людовик өзі басқарып келді. Ол
1250 жылғы Мансұр маңындағы соғыста тас-талқан боп жеңіліп, өзі қолға
түсті. Бұл жәйт бір кездегі ең ықпалды әскери күш мамлюктерді ерекше
күшейтіп жіберді. Тап сол жылы олар билік басына өз қолбасшылары Айбекті
отырғызды. Сөйтіп, Ніл бойындағы мамлюктер орналасқан аралдың атынан шыққан
бахрлықтар әулеті үстемдігі орнады. Негізінен көшпелі түрік тайпаларынан
шыққандар басымдық ететін бұл әулет бұрынғы курдтер ықпалын әлсіретіп,
әскерде де, мемлекет билігінде де өз ықпалдарын күшейтті. Сол тұста ерекше
көзге түскендердің бірі 1260 жылы маңғолдарға тойтарыс берген әз-Зәкір Рухи
ад-Дин Бейбарыс ал-Бундукдари еді.
Мысыр тарихын зерттеушілердің айтуы бойынша, ол 1223 жылы туып, бала
кезінде сатылып алынып, Айюб әулетінен шыққан сұлтан Салих Нәжім әд-Диннің
жеке ұланына қабылданыпты. Сирияда әскери оқуда болып, мамлюк әскерінде
көзге түсе бастапты. Мансұр соғысында ерлік көрсетіп, сұлтан атағын
иеленіпті. Тұраншахқа қарсы бүлікті басқарысыпты. Өз бәсекелесі - мамлюк
сұлтаны Құтыздың да түбіне жетіпті. Маңғолдар 1258 жылы Бағдатты алған соң,
халиф отбасын түгел дарға асыпты. Содан аман қалған бір ханзаданы Бейбарыс
Каирға алдырып, 1261 жылы халиф әл-Мустансир деп жариялапты. Соның қолымен
өзін "ислам елдері мен ол бағындырған елдердің билеушісі" деп жариялатып,
сұлтан атағын иемденіпті. Мысырдың хал-жағдайын жақсартып, онда он жеті жыл
тыныштық орнатыпты. Жер аумағын кеңейтіпті. Батыс пен Шығыс арасындағы
сауда жолының бірден-бір қожасына айналыпты. Жер иеленуді жетілдіріп, жер
суландыруды жолға қойыпты. Тоғандар, каналдар қаздырып, бөгеттер
тұрғызыпты. Крест ұстағандардан елді тазартып, маңғол шапқыншылығын
тежепті. Жау-жүрек қолбасшы болумен қоса, айлакер саясатшылығымен де
танылыпты. Ел арасындағы беделін де нығайта біліпті. Сөйтіп, тек
мысырлықтардың ғана емес, күллі мұсылман халықтарының мақтанышына
айналыпты. Оған сөз болып отырған шығарма да куә. Онда Бейбарыстың атағы
мен абыройына көлеңке түсіретіндей ештеңе жоқ. Оның істеген әр әрекеті, ол
айтқан әр сөз ерекше ерлік пен данышпандық ретінде дәріптеледі. Бұл, бір
жағынан, тарих топалаңына молынан ұшырап, көп зардап кешкен елдің оған
деген шын ризашылығынан туса, екінші жағынан, оның тұсындағы мұсылман
дүниесіне ортақ жетістіктер болып танылған жеңістерді ерекше бағалағандық
еді. Оның үстіне, өз елдерінің беделін қайтадан қалпына келтірген тарихи
тұлғаның өмір жолының көлеңкелі беттерін қазбалау мысырлықтардың ұлттық
санасының мүлделерімен сыйыспайтын еді.
Бұл жағдайда өз түсында да, кейінгі ғасырларда да атышулы болған
тарихи тұлғаның жеке басының тағдырын қалған дүние үшін тылсым жұмбақ
күйінде қалдырып келеді. Оның шыққан тегін, бала шағын, мансаптық жолын
біржақты аңызға айналдырып, әскери ерліктерінен басқаны қалың қауым
назарынан қағыс қалдырады.
Соншама бұлыңғыр өмірбаянда басы ашық айтылған бір дерек — Бейбарыстың
мамлюк екендігі. Романның айтуынша, ол ағаларының қастандығына ұшырап,
тентіренді дәруіш құтқарып ап, құлдыққа сатып жіберген Хорезм билеушісінің
баласы. Бұл расында да солай ма? Әлде өз елдерін жиырма жылға жуық билеген
адамды тегі күмәнді құл деуге арланған Мысыр қауымы әдейі ойлап тапқан
қаңқу ма? Ол ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сұлтан Бейбарыс тұсындағы Мысырдың сыртқы саясаты
Сұлтан Бейбарыстын өмірі
Сұлтан Байбарыс
Айбынды қазақ ханы Абылай, ұлы ханның өмірі
Айбынды қазақ ханы – Абылай туралы ақпарат
Ежелгі Египет мәдениетінің қалыптасуы
Парыз - ұлттың іргетасы
Тарихи тұлғалар туралы
Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының әулиелері
Айбынды қазақ ханы - Абылай
Пәндер