Есім ханның ескі жолы


“Есім ханның ескі жолы”
XVII ғасырдың басында алғашқы ширегіндегі мемлекет және құқық туралы түсініктерідің дені “Есім ханның ескі жолы” атты ережелермен байланысты. Қазақ шежіресі Есім ханның (1598-1630-шы жж. ) қызметіне жоғары баға береді. XVIII ғасырда өмір сүрген әйгілі Бұқар жырау Абылай ханға “Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кешегі Еңсегей бойлы Ер Есімді де білемін. Сен оның бір түстігіне жарамайсың” деп айтуында да Есім ханға деген үлкен хошемет сезіледі. Ер Есім туралы, оның заманында жаңа жүйеге түскен заң ережелері туралы Қазанғап Байболұлы, М. -Ж. Көпейұлы, Қ. Халид сияқты қазақ шежірешілері баяндайды (45; 78; 81) . Құрбанғали Халид өз шежіресінде “Есім хан ұзын бойлы, денелі кісі болған соң “Еңсегей бойлы Ер Есім” деп дәріптеледі екен. Орыс ханның қызыл туы осының қолында қалған” деп жазады (81, б. 103) . Қазақ хандарының бабасы Орыс хан Дәшті Қыпшақ, оның ішінде Ақ Орда дәулетіне билігі тұтас жүрген ірі хан болған. Алтын Орданың астан-кестені шығып жатқан уақытта өмір сүрген Орыс хан Ақсақ Темірді сахараға жолатпай, шекараны мығым ұстап отырғаны да, Алтын орданың туын құлатпаймын деп Сарай шаруасына да араласқаны белгілі.
Орыс ханның қызыл туына Есім ағасы Тәуекел хан Бұқара қаласы түбінде өзбекпен соғыста жараланып, Ташкентте қайтыс болғаннан кейін ие болды. Самарқанд ол кезде Есім билігінде еді. Есім ханның ерліктері жөнінде М. -Ж. Көпейұлы былай жазады: “Тәуекелден соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан болды. Өзі Түркістанда тұрып, Тәшкентке Тұрсын ханды ие қылып қояды. Сол күнде Иманқұл деген өзбекке хан болып, Бұқараны билеп, Еңсегей бойлы Ер Есіммен үш рет соғысып, Түркістан, Тәшкентті ала алмай, жеңіліп қала берген” (45, б. 9) .
Қазақ шежіресінде Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы бақталастық, Тұрсын ханның Есім хан жорыққа кеткен кезде Түркістанды алуы Есім ханның Тәшкентті шауып, Тұрсынды өлтіруі т. б. әңгімелер жақсы баяндалады. Оның негізгі себебі Қазақ хандығының этносаяси құрылымындағы тарихи жарықшақ деп есептеуге болады. Қадырғали Жалаиридің шежіресіне қарағанда Орыс хан заманында “алаш мыңы” атанған өзбек қауымы үш ұлыс алаш, екі ұлыс қатаған болып екіге бөлінген. Тоқсан екі рулы (баулы) өзбек қауымы ыдыраған уақытта үш ұлыс алаш елі қазақ халқының негізін салды, олармен сыртқы одақтас қатаған ұлыстары Тәшкент маңында келте хандық (бағынышты) құрды. Біздің пікірімізше Есім мен Тұрсын арасындағы жанжалдың басты себептерінің бірі осы.
Мемлекеттің ішкі мәселелері асқындап кетуі Есім ханды белгілі дәрежеде саяси өзгерістер жасауға жетеледі. “Тұрсынмен соғысып, Қатағанды қырып, хан Тұрсынды өлтіріп” деген сияқты билікті орнықтыру үшін қатаң шараларға баруы да түсінікті. Билікті күшейтудің екінші жолы мемлекеттің құқықтық негізін бекіту екенін жақсы түсінген Есім хан әдет-ғұрып (Жарғы) заңдарына қатал ережелер енгізіп, бейтарап ережелерді азайтуға кіріскен болса керек. Осылай “Есім ханның ескі жолы” аталатын жаңа заңдар өмірге келді. Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресінде айтылатын: “Жоғарғы Тәуекел ханның орнына баласы (інісі - Ж. А. ) Есім хан болды. Қазақтың “Еңсегей бойлы Ер Есім” дейтұғын ханы осы және жоғарыдағы Қасым ханнан қалған қазақтың жолын түзеп “Есім ханның ескі жолы” атандырған осы еді…” (44, б. 31) .
Біздің пікірімізше бір жағы сыртқы жаугершіліктің күшейуі (қалмақ тарапынан, өзбек жағынан, Сібір өлкесіне қол созған орыстан) оның үстіне ішкі талас-тартыс, сепаратизм Қасым заманындағы билік институттарын жаугершілікке бейімдеу арқылы мемлекет униталық нышандар ала бастады. Бұл саясат ру басылары тарапынан қарсылыққа ұшырағанын, хан саясатына көңілі толмаған кейбір басы асау ел басыларының жүген-қурықты ала қашқанын аңғарамыз. Мәселен Жиембет Бортоғашұлының Есімге арналған наз толғауы осыны көрсетеді:
... жалғасыЕңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл менің кеңесім.
Ес білгеннен Есім хан
Қолына болдым сүйесін
Қолтығыңа болдым демесін !
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман.
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін
Ат құйрығын кесермін,
Ат сауырысын беремін.
Алыста дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін (65, б. 93) .
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz