МАХАМБЕТ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЗЕРТТЕЛЕ БЕРМЕК


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 41 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

МАХАМБЕТ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЗЕРТТЕЛЕ БЕРМЕК23

Дәуiр толғағының тұлғасы33

Халықтың азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, өр рухты ақын Махамбет Өтемісұлы Бекетай елді мекенінде (Бөкей ордасы, Орал облысы, Жәнібек ауданы ) 1803 жылы дүниеге келді.

Жастайынан ақындық өнерге құмартып өсті. Асқан дарындылығына қалың жұртшылық бас иген. Махамбет тек от ауызды сөз шебері ретінде ғана ел құрметіне бөленген жоқ, сонымен бірге, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да даңққа бөленді. Ол халық арасында болып жататын келеңсіз құбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау еткен.

Махамбет - бұхара халықты патша өкіметіне, оның жергілікті өкілдері хан сұлтандарға қарсы ұйымдасқан түрде қарулы көтеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны. Махамбет «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» деген өлеңдерінде үстем тап өкілдерін аяусыз шенеп, бет-пердесін жыртса, «Мұнар күн» жырында ел басына орнаған ауыртпалықты ашына айтты. Махамбет шығармалары - өз дәуіріндегі еңбекші бұхара өмірінің рухани - поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шындық бейнесі.

1838 жылы Исатай қаза болған соң, Махамбет шағын тобымен орыс әскерлерінің арасынан өтіп, Хиуа хандығына кетеді. Ол көтерілісшілерді жауға қарсы күреске қайта жұмылдырғысы келеді, алайда оның бұл әрекеті жүзеге аспайды. Ол Бөкей ордасына жасырынып келіп, шаруалар арасында хан мен патшаға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастайды, бірақ ол қайта тұтқындалып, Орынборға жөнелтіледі. Орынборда оған «енді қайтып бүлікке қатысушы болма» деген ескерту жасап, босатады.

Өмірінің соңғы жылдарын ақын ауылда өткізеді. Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтан халықтың бүлік шығаруына ықпал етуінен секем алып, оның сыртынан бақылау қояды. Ақыры ханның тыңшылары Махамбетті асқан опасыздықпен өлтіреді

ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛМАЙ

Ереуіл атқа ер салмай,

егеулі найза қолға алмай,

еңку-еңку жер шалмай,

қоңыр салқын төске алмай,

тебінгі терге шірімей,

терлігі майдай ерімей,

алты малта ас болмай,

өзіңнен туған жас бала

сақалы шығып жат болмай,

ат үстінде күн көрмей,

ашаршылық, шөл көрмей,

арып-ашып жол көрмей,

өзегі талып ет жемей,

ер төсектен безінбей,

ұлы түске ұрынбай,

түн қатып жүріп жүріп, түс қашпай,

тебінгі теріс тағынбай,

темір қазық жастанбай,

қу толағай бастанбай,

ерлердің ісі бітер ме?

ЖАЛҒАН ДҮНИЕ

Қоғалы көлдер, құм, сулар

кімдерге қоныс болмаған?!

Саздауға біткен құба тал

кімдерге сайғақ болмаған?!

Басына жібек байлаған

арулар кімнен қалмаған?!

Таңдап мінген тұлпарлар

иесін қайда жаяу салмаған?!

Құландар ішпес бұршақ қақ,

кімдерге шәрбат болмаған?

Садағына сары шіркей ұялап,

жау іздеген ерлердің,

қайда басы қалмаған?

ішелік те желік,

мінелік те түселік,

ойналық та күлелік,

ойласаңдар, жігіттер,

мынау жалған дүние

кімдерден кейін қалмаған?!

АРҒЫМАҚ, СЕНІ САҚТАДЫМ

Арғымақ, сені сақтадым,

құлағың, сенің сергек деп.

Азамат, сені сақтадым,

бір күніме керек деп.

Жабыдан туған жаман ат

шаба алмайды бөжектеп.

Қырдан қиқу төгілсе,

Еділге таман үңілсе,

арғымақтың баласы

шабушы еді безектеп.

…Жақсыменен дос болсаң,

басыңа қиын іс түссе,

алдыңнан шығар ебектеп,

жаныңа не керек деп.

…Жаманменен дос болсаң,

айрылмас күні қос болсаң

басыңа қиын іс түссе

басқа кетер бөлектеп,

қолдан берер есептеп,

сыртыңнан жүрер өсектеп.

…Ат - жігіттің майданы,

қылыш - жанның дәрмені,

өлім - хақтың пәрмені…

…Атақты ермен бірге өлсе,

жігіттің болмас арманы.

Өте шыққан қызыл гүл,

Бұ дүниенің жалғаны.

АРҒЫМАҚТЫҢ БАЛАСЫ

Арғымақтың баласы

арығанын білдірмес,

арқамнан қосым қалар деп.

Ағыны күшті ақ дария

қаһарланып толқиды,

қанатын күн шалмаған балығым

ортамнан ойран салар деп.

Балағы түкті қоңыр қаз

баттауыққа тоя оттамас,

сұңқарлар үлгі алар деп.

Хас жақсының баласы

арада тұрып сөйлемес,

жауым таба қылар деп.

Хас патшаның баласы

жапанда жалғыз тұрмайды,

дұшпандар көзін салар деп.

Қарқыны күшті көк семсер

шапқан сайын қанар деп.

Қарақұс қонбас көк сеңгір

басына құсты қондырмас,

қарауыл қарап тұрар деп,

қараса, кезді шалар деп…

АТАДАН ТУҒАН АРУАҚТЫ ЕР

Атадан туған аруақты ер,

жауды көрсе, жапырар

үдей соққан дауылдай.

Жамандарға қарасаң,

малын көрер жанындай.

Жүйрік аттың белгісі

тұрады құйрық, жалында-ай.

Айтып-айтпай немене,

халық қозғалса,

Тұра алмайды хан тағында-ай!

ОРАЙ ДА, БОРАЙ ҚАР ЖАУАР

Орай да, борай қар жауса,

қалыңға боран борар ма?

Қаптай соққан боранда

қаптама киген тоңар ма?

Туырлығы жоқ тұл үйге

ту бойласаң тұрар ма?

Ту түбінен тұлпар жығылса,

шаппаған нәмарт оңар ма?

Қарындастың қамы үшін,

қатын менен бала үшін,

қайрылмай кеткен жігіттің

өзін кәпір алғанын

талам деп айтсақ болар ма?

БЕРКІНІП САДАҚ АСЫНБАЙ

Беркініп садақ асынбай,

біртіндеп жауды қашырмай,

білтеліге доп салмай,

қорамсаққа қол салмай

қозы жауырын оқ алмай,

атқан оғы жоғалмай,

балдағы алтын құрыш болат

балдағынан қанға боялмай,

қасарысқан жауына

қанды көбік жұтқызбай,

халыққа тентек атанбай,

үйде жатқан жігітке

төбеден тегін атақ болар ма?

ТУҒАН ҰЛДАН НЕ ПАЙДА?

Ақ жұмыртқа, сары уыз,

әлпештеп қолда өсірген,

туған ұлдан не пайда, -

қолына найза алмаса,

атаның жолын қумаса.

Алаштың байлығынан не пайда -

құланнан басқа ел таппай,

маңқиған сары даладан

екіндіде құлаған,

тарығып келген ерлерге

қайыры оның болмаса.

Алтын тақты хандардың

хандығынан не пайда,

қарып пенен қасерге

туралық ісі болмаса -

ЕҢСЕЛІГІМ ЕКІ ЕЛІ

Еңселігім екі елі,

Егіз қоян шекелі,

жараған теке мүшелі,

жауырыны жарық,

мойны ұзын,

оқ тартарға қолы ұзын,

дұшпанына келгенде

тартынбай сөйлер асылмын.

Құла бір сұлу ат мінген,

құйрық, жалын шарт түйген,

құм сағыздай созылған,

дулығалы бас кескен,

ту түбінен ту алған,

жауды көріп қуанған,

мен - Өтемістің баласы

Махамбет атты батырмын!

МЕН ЕДІМ

Боз ағаштан биік мен едім,

Бұлтқа жетпей шарт сынбан.

Ел құтқарар ер едім -

жандаспай - ақ бір тынбан.

Томағалы сұңқар мен едім,

толғамалы найзаман,

Толықсып жауға шапқанда,

бір озғанмен жұртымнан.

Ер дұшпаны көп болар,

қатын - дұшпан жігіттер,

не демес дейсің сыртымнан.

ҰЛ ТУСА

Күн қақты астында

көп жүгіретін көлік бар.

Көн садақтың ішінде

көбе бұзар жебе бар.

Қарайғанның, жігіттер,

бәрін кісі демеңіз,

көпе - күндіз тайраңдап,

түзге шықпас ерлер бар.

Тауда болар тарғыл тас,

тарықса шығар көзден жас.

Ордалыға көз салма,

оғы қалса, жоғалмас.

Топтан озған тарлан боз,

тұрасынан айрылса,

тасты басып тұра алмас.

Асылдан болат ұл туса,

Екі жақ болып тұрғанда,

Егескен жерде шарт кетер,

Жауырынынан өтін алса да,

Жамандарға жалынбас.

ПЫР - ПЫРЛАЙ ҰШҚАН ҚАСҚАЛДАҚ

Пыр - пырлай ұшқан қасқалдақ,

Көліне жатып көркеймес.

өртенсе көлдің қоғасы.

Аруана мая күңіренер,

Бауырынан өлсе баласы.

Суда жүзген нән балық

Шағала қусқа жем болар,

Үзілсе көлдің сағасы.

Атадан қалған сауыттың

Шығыршығын тот басар,

Жыртыла тозса жағасы.

ЕҢІРЕУ ҰЛЫ ЕМШЕК БОЗ

Еңіреу ұлы емшек боз

ер мінген күні беркі болсын.

Еменнің түбі - сары бал,

ер ішкен күні көп болсын.

Түзге аттанып шыққанда,

дұшпаның қарсы келгенде,

ер дініне берік болсын,

МЕНІҢ АТЫМ - МАХАМБЕТ

Менің атым - Махамбет,

Жасқұстағы Жаңгір хан

ісінен болдым құса - дерт.

Атасы өткен Айшуақ,

соның көзі көрді ғой

Менің атым - Өтеміс

елдің қамын жеді ғой.

АЗАМАТ ЕРДІҢ БАЛАСЫ

Арғымақтың баласы

аз оттар да, көп жусар -

талаудан татқан дәні бар;

Азамат ердің баласы

аз ұйықтар да, көп жортар -

дұшпанға кеткен ары мен

барымтаға түскен малы бар.

КҮМІСТІ МЫЛТЫҚ ҚОЛҒА АЛЫП

Күмісті мылтық қолға алып,

көлден қуларды ұшырдым.

Қолымдағы құсымды.

қапылықпен ұшырдым.

Алтыннан айбат тор жасап,

ақыр да қолға түсірдім.

Қанды көбе киініп,

бір аллаға сыйынып,

кезенген жауған кез келдік

жалаң найза, бір атпен.

АСПАНДАҒЫ БОЗТОРҒАЙ

Аспандағы бозторғай

бозанда болар ұясы.

Бозаңның түбін су алса,

қайғыда болар анасы.

Қара лашын ақ тұйғын

қайыңда болар ұясы.

Қайынның басын жел соқса,

қайғыда болар анасы.

Айланбастың Алатау

бауырында болар саясы.

Тоқсан тару су ақса.

дария болар сағасы.

Сан шерулі қол болса,

батырлар болар ағасы.

Аз сөйлесіп, көп тындар

хас асылдың баласы.

ЕМІННІҢ ТҮБІ - САРЫ БАЛ

Еміннің түбі -

Сары бал,

Еріскен көңіл -

бәрі бал.

Жоғарыдан төмен төгейін,

керегіңде теріп ал.

Қасыма ерген,

жолдастар,

антыңды бұзып айрылма,

зейініңді бермен сал.

Жапанға біткен жасылды - ау,

момындардың басы сау,

Жаманды байқай қарасаң,

күндердің күні болғанда,

өз басына өзі жау.

Арғымақ жақсы ат мініп,

жеке шығып елімнен.

толықсып

толғау толғасам

іштегі қызған басылды - ау!

Жапанға біткен бәйтерек,

жапырағын байқасың,

жайқалмағы желден - ді

түбіндегі

балаусасы белден - ді.

Хан,

төренің кешігіп,

кідірмегі елден - ді.

Көшіп өтпек сайдан - ды

Шығынды бөлмек байдан - ды.

Ақ киіктің орытып,

жүгірмегі майдан -ды.

Батыр болмақ ойын - ды.

… Айғайласып жауға ти,

Тәңірім білер,

жігіттер,

ажалымыз

қайдан -ды?!

Махамбеттің саяси-құқықтық мұраттары

Сәкен Өзбекұлы, заң ғылымының докторы

Махамбет ұлы даланың өр мінезді перзенті батырлық пен ақындықты, қайсар рухпен зорлыққа қарсы үн көтеріп, азаттық, бостандық, теңдік туын жілбіретті, әділетсіздікке қарсы өліспей беріспеу идеясының нағыз жаршысы ретінде бағаланады. Бірақ, оның бай рухани мұраларын зерттеушілердің назарынан осы күнге дейін саяси-құқықтық мұраттары тыс қалып қойып отыр.

Махамбеттің саяси-құқықтық мұраттарын зерттеудің бірнеше ерекшеліктері және қиындықтары бар. Біріншіден, ол Батыс Еуропа, Шығыс ойшылдары сияқты артына трактаттар мен философиялық жазба шығармалар қалдырмаған. Екіншіден, өр мінезді ақынның саяси-құқықтық мұраттарын ашып, айқындап көрсету үшін жаңа методологияны меңгеру қажет. Үшіншіден, оның көзқарастарындағы прогресшіл сипаттарды, қарама-қайшылықтар мен кемшіліктерді ғылыми негізде көрсеткен абзал. Қайсыбір қайраткерді тек қана мақтаумен, тіпті көп жағдайда жасанды мағынада дәріптеумен біз олардың пендешілік қасиеттерін жасырып бағуға жол беретініміз тарих, ғылым алдында кешірілмейтін күнә. Ұлылық пен пендешілік барлық ұлы қайраткерлерге тән қасиет. Оны ұмыту - тұлғаны аласартумен пара-пар Махамбеттің саяси-құқықтық көзқарастары осы методология аясында зерттелуі тиіс.

Байқап қарасақ, Махамбеттің саяси-құқықтық көзқарастарының негізгі өзегі, идеясы халықтың бостандық, теңдік және қанаушылыққа қарсы тұру идеясы.

Ойшылдың бар арманы, қойған мақсаты осы идеяның төңірегінде өрбиді. Бір сөзінде ол:

Қорлықта жүрген халқыма

Бостандық алып берем деп,

Қырық бір жасқа келгенде,

Ауыр әскер қол ертіп,

Жасқұсқа барып кіргенде,

Арыстандай ақырған

Айбатыма шыдамай,

Хан баласы жылады-ай!

Бұл өлең мағынасында Махамбет халықтың бостандықта өмір сүруі өзі атап көрсеткендей «қорлықта жүрген халықты», яғни әділетсіздік, заңсыздық, ұлттық өзгі жайлаған қоғамды өзгерту бейбіт жолмен емес күрес жүргізу арқылы болатын іс екенін дәлелдегені анық байқалады. Тіпті бостандыққа жету үшін қан төгуге барудың өзі аса қажетті әрекет екенін ойшыл өзі мына сөздерімен дәлелдейді:

Халық үшін қан төгем деп,

Қараны ханға теңеп берем деп,

Ол мақсатқа жете алмай,

Дегенімді ете алмай,

Қор болдың-ау Махамбет, шырақ-ай.

Бүгінгі күнгі гуманизм, ұлтаралық татулық көзқарасымен бағалайтын болсақ, Махамбеттің саяси-құқықтық ойларында мүлдем гуманизм идеялары жоқ сияқты көрінуі мүмкін және таптық идеологияның басымдық танытып, революциялық тәсілмен «әділетті қоғам» орнату қажеттігі айқын аңғарылғандай. Бірақ біздің ойымызша, ойшылдың қанаушылыққа қарсы тұру мұраттары бүкіл дүниежүзілік прогресшіл саяси-құқықтық ой-пікірде, өзінің шешімін Махамбет уағыздаған пікір төңірегінде дамытып қалыптастырған. Бәрімізге үлгі болып саналатын Батыс Еуропа, АҚШ-тың конституциялық заңдарында бассыздық пен заңсыздыққа жол беріп, халықты бір адамның шексіз билікке ие болу арқылы билік жүргізуі айыпталады және халықты ондай өкіметті күрес арқылы құлатуға шақырады. Мысалы, дүниежүзі қауымдастығына үлгі болып саналатын АҚШ-тың конституциясында Махамбеттің пікілеріне үндес мынадай идеялар бар: «Для обеспечения . . . прав учреждены среди людей правительства, заимствующие свою справедливую власть из согласия управляемых. Если же данная форма правительства становится гибельной для этой цели, то народ имеет право изменить или уничтожить ее и учредить новое правительство, основанное на таких принципах и с такой организацией власти. Какие, по мнению этого народа, всего более могут способствовать его безопасности и счастью . . . когда длинный ряд злоупотреблении и узурпации, неизменно преследующих одну и ту же цель, обнаруживает намерение передать народ во власть неограниченного деспотизма. То он не только имеет право, но и обязан свергнуть такое правительство и на будущее время вверить свою безопасность другой охране».

Ал дүние жүзінде өзінің гуманистік сипатымен, адам құқығын ерекше асқақтатқан қасиеттерімен танылған Францияның 1789 жылы қабылданған «Адам және азамат құқық декларациясының» 2-ші бабы да зорлық-зомбылық пен адам құқын аяққа таптауға қарсылық білдіруге ашық түрде күреске шақырады. Осындай көзқарастармен Махамбетті бағалағанда оның саяси-құқықтық көзқарастары жаңа тарихтың прогресшіл ағымдарымен сәйкес және үндес екенін анық байқауға болады. Билікті өзгерту құқына тек халық қана ие екенін мына сөздері дәлелді мазмұнда айқындайды: «Халық қозғалса, тұра алмайды хан тағында . . . ».

Дүниежүзілік гуманистік саяси-құқықтық ой пікірдің тарихында жалпы мемлекет басшыларының билік жүргізуде ең негізгі бағасы - әділетті басқару идеясына іс жүзіне асыру болып табылады. Әділеттіліктен ауытқып кету, арнайы топтардың, немесе өзінің әулетін, қарабасының қамы үшін жүргізген билік, басқару - мемлекетті әлсіретудің негізі, халықтың наразылықтарын күшейтудің себептері. Махамбет бұл мәселені өте көрегенділікпен жақсы түсінген, әділеттілікті барлық мүддеден жоғары қойып:

Алтын тақты хандардың

Хандығынан не пайда,

Қаріп пенен қасірге

Туралық ісі болмаса, - деп жан дауысымен ел басқарушылардың әділ болуын талап етеді. Бұл идея, талап қазіргі күні тәуелсіз Қазақстанда билік жүргізудің барлық тармақтары мен салаларында лауазымды адамдарға қойылатын негізгі талап құқық нормаларында бекітілгені Махамбет идеяларының өміршеңдігінің мемлекеттік қызметте шешімін тапқанын мақтанышпен айта кеткен жөн.

Сонымен қатар Махамбеттің әділетті басқару идеясы ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрып құқына, ата-бабаларымыз заңдарына негізделуді талап ететін аксиома. Оның түсінігі бойынша мемлекеттік басқару ісінде, ұлт тәрбиесінде. Дәстүрлік сабақтастық болған қоғамда қарама-қайшылықтар орын тебеді, халық өзіне тән этникалық ерекшеліктерден айырылып, қақтығыстарға әкеп соқтыруы әбден мүмкін:

Әкесі кімнің жоқ болса,

Жасы болар дуана, - деп өсиет айтады Махамбет, Ұлы даланың, көшпелі қазақ өркениеті қалыптастырған дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының отаршылық саясаттың салдарынан бұрмалана бастағанын сезінеді, өкініш сезімін:

Кетбұғыдай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?

Бізді тапқан ананың,

Асыраған атаның,

Ризалықпен жайласып,

Қолын алар күн қайда?

Заманым менің тар болды-

Тура әділдік биде жоқ, - деп білдіреді. Иә, шын сақтыққа, орыстандыруға қарсы тұруға шақырған көрегенділік ойлары бәрімізді қайран қалдырады. тіл, діл, діннен айырылу халықтың санасын, руханиятын мүшкіл халге душар ететін процестерін көре білгеніне бас иеміз.

Махамбеттің саяси-құқықтық көзқарастарында үлкен орын алатын мәселе - теңдік, адам құқы идеясының ең қасиетті деп жариялануы. Ресейдің отарлық саясаты мен шынжыр балақ, шұбар төс надан әкімдері мен ел, ру басшыларының заңсыз әрекеттерінен жапа шеккен қазақ халқының құқықтарын шамасы келгенше қорғап бағады. Қазақ қайраткері жалпы теңдік, тең құқықтық идеясын прогресшіл буржуазия ойшылдары Д. Локк, Т. Гобсс, Ш. Монтескье, ұлы француз революциясы тұлғаларының еңбектерін оқымай-ақ, өз тарапынан адамдардың туа біткен құқықтары деп тануы - Махамбетті ірі ойшылдар қатарына көтереді. Оның ойынша қоғамдағы сословиелік ерекшелік, адамның шығу тегі еш уақытта шектеулі тиіс емес. Ұлы француз революциясы жариялаған «Люди рождаются и остаются свободными и равными в правах. Общественные отличия могут основываться лишь на соображениях общей пользы» деген ұлы қағидамен өзектес ойды Махамбет өзінің шығармаларында мына мағынада береді:

Жақсыдан туған жаман бар -

Күндердің күні болғанда

Жарамды бір теріге алғысыз,

Қасына адым барғысыз.

Жаманнан туған жақсы бар -

Атасын айтса нанғысыз! . . .

Ханнан қырық туғанша

Қарадан бір-ақ тусайшы,

Артымыздан біздердің

Ақырып теңдік сұрарға! . . .

Ақсүйектің баласын

Қара ұлына теңгеріп,

Қоңыраулы найза өңгердім.

Жетімдерге дем бердім.

Шын мәнінде туа біткен теңдік идеясы жарияланғанын анық аңғарамыз.

Махамбеттің саяси-құқықтық мұраттарында ерекше байқалатын мәселе жер үшін күрес. Патша өкіметінің қазақ жерін отарлап, жергілікті халықты шөп, шөлейт жерлерге ығыстыру, күшпен тартып алу әрекеттеріне қарсылық білдіруге халықты шақырады, өзі де қасық қаны қалғанша күреседі, жерден айырылуды ұлттың жойылуымен теңестіреді. «Еділ үшін егестік» деген өлеңінде жерді қорғау идеясы мына мағынада беріледі:

Еділ үшін егестік

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Тептер үшін тебістік.

Теңдікті, малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік.

Махамбеттің бұл өлеңіндегі жерді талан - таражға салудан, сатудан қорғау идеясы сол кездің өзінде кең етек жая бастаған әрекеттерге қарсылық ретінде айтылған.

Ойшыл тағы бір саяси мәні бар мәселеге ерекше назар аударады. Оның бұл мәселе төңірегінде ойлары Конституциямыздың 1-бабында өзінің нақтылы шешімін тапқан. Ол - патриотизм мәселесі. Махамбет жоғарыда өзі көтерген барлық мәселелерді іс жүзіне асырудың ең негізгі тетігі, рухани, идеологиялық негізі - ұлттық патриотизм екеніне өзінің көзін жеткізеді, халықты, ұлт болашағы - жастарды ұлтжандылық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуді үлкен саяси мәселе ретінде бағалайды. Оның ойынша ұлттық патриотизм ең алдымен елдің бай, тамыры тереңге кеткен тарихымен тәрбиеленіп, қалыптасуы тиіс. Ел мен жер қорғауда ерлік көрсеткен ерлердің істері еліктеуге тұрарлық екенін, асқан парасатын халық санасына егу қажеттігін дәлелдейді. «Өкініш» атты өлеңінде Махамбет патриотизмді ұлттық рухта уағыздайды, рухтың көтерілуіне дем береді.

Толғай ат толғай оқ атқан.

Он екі тұтам жай тартқан,

Қабырғасын қаусатқан,

Тебінгісін тесе атқан

Теспей қанын батырдың

Жүрегін сөйтіп оятқан

Кешегі Орақ пенен Мамайдай

Батырлар шіркін болар ма-ай!

Олардай болып жүруге

Біздерге қуат толар ма-ай!

Осындай отансүйгіштік, патриоттық қасиеттермен жігерленген адам ғана ұлт, мемлекет алдындағы борышын толыққанды, пасионарлық дәрежеде орындай алатынына нық сене, былай деп тұжырым жасайды:

Асыл елдің баласы,

Жауды көрсе шыдамай,

Көзін салар қияға.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қ.Мұхамедхановтың зерттеу-мақалалары
Қайым Мұхаметхановты зерттеген ғалымдар
Қайым Мұхамедхановтың ғылыми зерттеу еңбектері
Қайым Мұхамедхановтың ғылыми-зерттеу еңбектері туралы ақпарат
Қайым мұхамедхановтың қазақ әдебиетінде алатын орны туралы
Қайым Мұхамедхановтың қазақ әдебиетінде алатын орны жайлы мәлімет
Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі
Махамбет поэзиясының тарихи негіздері
Әбіш Кекілбаев мемлекет қайраткері
Ғалым еңбектеріндегі қазақ әдебиеттануының мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz