МӘҢГІЛІК МАХАМБЕТ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   
МӘҢГІЛІК МАХАМБЕТ

 Бала кезіңде тарих оқулығындағы дүбірлі оқиғалар әлдебір алыс
өлкелерде өткендей көрінетін. Өзің тұрар мекенде ешқандай ерек тұлға
болмағандай – батырлар, қайраткерлер, төңкерісшілер аяқ жетпес аймақта өмір
сүріп, күресіп өткеніне күмәнің болмайтын. Әйгілі ақындардың бәрі тек
кітаптарға жазылуға лайық қастерлі бір қияндардан шығуы керектігі
заңдылықтай табылушы еді.
Сол тұлғалардың бірі – Махамбет ақын мектеп оқулығынан: “Мен, мен едім,
мен едім, мен Нарында жүргенде еңіреп жүрген ер едім” деп төкпелейтін. Мен
Нарында жүргенде десе, сен туған жерден тым жырақта, сірә, басқалар басып
жүре беруге құдіреті келе бермейтін жазира жаһанда ғұмыр кешкен шығар!
Ұлылыққа табынудан туындаған осынау жорамалдың қателігін келе-келе
оқулықтан емес туған жер шежіресінен ұқтық. Біз тұратын Базаршоланнан
небәрі сегіз шақырым жердегі тұратын аудан орталығы Калмыков поселкесінің
тік жарқабағын Жайықтың арнасы мүжіп, кей жылдары шеткі үйлер опырылып суға
кетіп жататын. Қызыл кірпіштен қаланған қойманың бір қабырғасын жарқабақ
жұтқанда, калмыковтағылар оның кезінде Махамбет батыр қамауда отырған
бұрынғы түрме үйі екенін еске алады.
Мен Нарында жүргенде десе, Калмыковқа кім, қалай бұғаулап әкелген?
Сөйтсек, Нарын құмының шеті осы Калмыковтың өкпе тұсынан туралай тартқанда
бір көштік жер екен. Ол – ол ма, өзіміз жайлау қонатын Қалдығайтының
жағасын 1843-45 жылдары Махамбет мекен етіп, қараша үйін тігіп, тұрмысын
күйттеп отырыпты. Іргедегі Дендер дөңінің Қараой деген жерінде ақынның
құлпытасы тұрған болып шықты.
Сөйтіп байтақ даланың қай қиыры да кемел тұлғадан кенде еместігіне өз
ауылының жер-суын басып өткен ұлы Махамбет арқылы көз жеткізген кез болған!

Махамбет деп сөз бастағанда ойдың төрі мен тілдің ұшында тұрар бірден-
бір балама – “батыр” ұғымы. Яғни, Махамбет батыр! Алайда, қай шайқастағы
батырлығын айтасыз? 1837 жылдың 5 қарашасында Жасқұс түбінде тұлпарын
тебініп, хан ордасын шабуға ұмтылғанда Исатайдың сабырымен ұрыссыз кейін
шегінді. Арада он күн өткенде Тастөбеде Геке әскері мен Шыңғали сұлтан
қолымен болған қақтығыста қуғаншылар бетіне астындағы құс жастықтың мамығын
шашып құтылып кетті. Қысылтаяң жерде амал табу демесек, батырлыққа бағалар
әрекет емесі анық. 1838 жылдың шілдесінде Ақбұлақтағы шешуші шайқаста да
Исатай мерт болып, Махамбет амалсыздан бас сауғалаған. Рас, Бөкей
ордасындағы көтерілістің бастапқы айларында талай сұлтан отауының шаңырағын
ортасына түсіріп, мал-мүлкін әкетіп, отбасын жаяу шұбыртқан. Алайда, олар
жасанған жау емес, қорғансыз отырған бейбіт ауылдар еді. Көтеріліс кезінде
әгілі бір қарсыласын аттан аударған жекпе-жегі, атыс-шабыста патша әскерін
жусатып, хан жасағын жасытқан жеке ерлігі белгісіз болса да Махамбеттің хас
батырлығы халықтың жадында.
Ендеше, оның баһадүрлігіне шүбәсіз сендіретін қандай құдірет? Міне,
Махамбеттің феномені осы арада! Оның таңдай қақтырардай батырлығы жаумен
жағалас үстіндегі іс-қимылмен емес, жырларындағы өршіл рухымен өлшенеді.
Бұл жөнінде Махамбет жалғыз емес. Кектенсе, Есім ханға қыр көрсетер
Жиембет жырау да тарихта батыр атанған. Ал кешегі сұрапыл соғыстың
қаһарманы Бауыржанның есімі ұдайы жадымызда жүретіні неліктен?
Біздіңше, бұл үш тұлғаны батыл етіп сомдайтын ұрыс-майдандағы ерлігімен
қатар, өздері туғызған сөздің құдіреті, батырлық жігерден қайнап шыққан
жаужүрек жырдың, намысты нақылдың, ереуіл ұранының күш-қуаты.
Біз Махамбеттің қай ісін білеміз? Архив ақтарар ғалым, оқып-тоқыры көп
зерек жан болмаса, шыны керек, талайымыз Махамбеттің дәл қашан жасап,
қандай ерлік көрсеткенін нақпа-нақ біле де бермеуіміз мүмкін. Білетініміз –
азаттық бұрқағын бастап, Жәңгір ханмен, Баймағамбет сұлтанмен жағаласып
өткені. Басқа өмірбаянының керегі де жоқ еді. Қалған ғұмыр-өткелегі өз
жырларында. Арманы, мұңы, айбаты мен қайраты толғауларынан төгіліп
тұрса,туғаннан өлгенге дейінгі тірлігінің ұсақ-түйегін түгендеп отырудың
кімге қажеті бар!
Алайда, Махамбеттің боямасыз болмысын зерделеп болмағандаймыз. Оның
күрес жолы қай қиырларда өтті, кімге қадірлі, кімге содырлы көрінді,
достасқан, ұстасқан тұлғалары кім деген деректерге көп дендей бермейміз.
Заманы солай, қазақ арасының араздығын жастайынан көріп өсті. 1816
жылдың тамызында тұтқиылдан келген қарулы қырық бес адам Өтеміс ауылының
астаңын шығарды. Бөтен емес Беріш руының билеушісі Сүйінішқали сұлтанның
өзі бастап келген кекшілдер ауылында барымташы ұстап, қашқындарды жасырасың
деген желеумен Өтемісті тұқыртып, біраз мал-мүлкін әкеткен сол дау-дамайдың
аяғы Астрахан мен Орынборға дейін жетті. Сонда-сонда, қаумалаған қарулы
топтың басында жүрген екі белсендіні отты жанарымен түйреп, Өтемістің он үш
жасар Махамбеті тапжылмай тұрды ма екен?
Қарулы қолдың әміршісі Сүйінішқали болса, қарушысы жиырма бестегі жас
батыр еді. Ауыздығын шайнаған тұлпарының екпінімен Өтемістің боз отауын бір
айналып шығып, ат үстінен ауыр сойылымен солқ еткізіп орай соғып өткені
бала Махамбеттің жадында жатталса керек. Әсірелеуден арыла сөйлесек. Бұл –
Исатай Тайманов болатын!
Тарихшылар да қызық, архивте айқын жазылып қалған осынау оқиғаны жуып-
шаймақ болғанда “Исатай бұл қателігін кейін түсініп, Махамбетті
қамқорлығына алған” деп жазғандары бар. Шындығында екі батырдың тізе қосып,
ағатай-беріш ұрандап, айғайлап жауға аттануына дейін әлі он жыл бар еді.
Бала Махамбет түгілі ол кезде батыр Исатайдың хан билігіне, орыс
үстемдігіне қарсы бас көтерердей ойы жоқ-ты. 1827-29 жылы Қайыпқали сұлтан
көтеріліс жасап, Бөкей ордасын дүрліктіргенде Исатай батыр Жәңгір хан
жасағында жүрді. Көтеріліс ауқымын білу үшін қырға шыққан генерал Генстің
қауіпсіздігін сақтап, жолбасшы болды. Қайыпқали жеңіліп, Жайықтың арғы
бетіне қашқанда, көтерілісті басушылар қатарында үкіметтен марапат алғанның
бірі де Исатай. Бұл қызметін әділ бағалаған Жәңгір хан батырға Каспий
жағалауынан құнарлы жер бөліп, қарағайдан үй салып, старшындыққа
тағайындаған.
Айта кету керек, мақсаты жөнінен Қайыпқали Есімов бастаған ұлт-азаттық
аттаныс Исатай-Махмабет көтерілісінен кем соқпайды. Әбілқайыр ханның
немересі болғандықтан, Қайыпқали кеңес кезінде көп дәріптелмесе де, оның
қозғалысы он жылды қамтыған дүбірлі оқиға. Тіпті, Исатай-Махамбет
наразылығының соңғы сатысы осы Есімов қозғалысының аясында өрбіді, батырлар
паналаған ел, ақырғы айқасқа ерткен әскер Қайыпқалидікі еді.
Алайда, Қайыпқали сұлтан көтерілісінің Исатай толқуындай халық жадында
жатталып қалмауының бір себебі оны кеңестік тарихтың нашар “насихаттауынан”
емес, Махамбеттей ұраншысы, арынды жырауы болмауынан шығар!
Махамбет поэзиясы 80 өлеңмен шектеледі. Махамбет мұрасын молайтамыз
деп, жарияланбаған жыры деп қосатындай туынды енді табылмайды.
Табылатындай, Махамбет жастайынан үкілі домбыра ұстап, ойын-сауық құрған
сал-сері емес. Әдебиет зерттеушілері қалай көрерін, біздіңше, Махамбет
көтеріліс күндеріне дейін жыр-толғауды өнер қылмағандай. Ақын жырларын
қайта оқып көріңіз! Жастық шақтың жалыны, махаббат лирикасы, табиғатқа
тамсану дегеніңіз Махамбетте атымен жоқ. Оның жыраулыққа ден қоюы 1837-38
жылдардағы күрес күндерінен басталып, оның кейінгі қуғынды кезеңде туған
аттаныс ұраны, жорық жырлары, өкініш пен ыза-кектің түйдекті толғауы.
“Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай,.. ерлердің ісі бітер
ме?!” дегені 1837 жылдың жазы мен күзінде орданы дүбірге бөлеп, өзі
айтатындай “халыққа тентек атанған” тұстағы кредосы. Исатай екеуіне еріп,
білтеліге оқ салып, біртіндеп жебе суырып жорыққа сайланған жігіттерге
жігер бергені.
Бұл – Махамбет поэзиясының беташары. Бұдан бұрын айтылған бейбіт өмір
жырлары жоқ, бола қалған күнде де оны толғаған Махамбетті тану бізге оңайға
түспес еді. Өйткені біз жас Махамбет, кемел Махамбет ақын дегенді
білмейміз. Біздің білетініміз оның алмас қылыштай өткір, өз әрекетіндей
тәуеклшіл толғаулары. Соған қарап ақын өлеңдері тек 1837-46 жылдар
аралығында жырланған деген пікірді батыл ұсынуға болатындай.
Әйтпесе, өлеңді ол басқа қай жерде туындатар еді? 1827-29 жылдардағы
көтеріліс кезінде Махамбет күрескерлік дәрежеден алшақ еді. Жаны
күйінетіндей оқиғаға араласа қойған жоқ. Нақ сол жылдары тұтқындалып,
Калмыков түрмесіне қамалды. Қайыпқали қозғалысына қатысқан жұрт бөкейліктен
Кіші жүзге ойысса, Махамбет Жайықтан ордаға қарай өткені үшін ұсталды. Оған
Хиуа жақтан жасырын контрабанда тауар өткізумен айналысады деген айып
тағылды. Екі жыл отырып, Калмыков басында оба дерті дендеген абыр-сабыр
кезінде қырға қашып құтылады.
Бірер жыл бойтаса жүріп, сірә, Исатайдың көмегімен болса керек,
әйтеуір, хан ордасының төңірегінен табылды. Жәңгір Махамбетті сарай ақыны
қылмақшы болыпты дейтін тұжырымға қосыла алмаймыз. Ханның ерекше
тапсырмасын орындап жүрген Исатайдың ұсынысынмен руласы, батылдығымен көзге
түскен Махамбет сарайға басында ханның төлеңгітінің бірі ретінде
жақындаспады ма екен? Тосын айтылған бұл пікірге махамбеттанушылар
түсіністікпен қарар дейміз. Ордадағы толқудың ызғары басылмаған кез, ханға
қауіпсіздік керек, қарулы, сенімді қорғаушыны Исатайдай жанашыры ұсынуы
қисынға келеді. Содан 1833 жылдың жазында ханның тоғыз жасар баласы
Зұлқарнайға тәлімгер болып Орынборға оқуға бірге аттанды. Титулды кеңесші
Карелиннің үйінде жатып оқыған Зұлқарнайдың қасында бір жылын қалада
өткізді. Бірақ тәрбиешілігі Жәңгірдің көңілінен шықпай, Махамбетті қырға
қайтарып, 1834 жылдың 9 маусымындағы өз өкімімен старшындыққа тағайындады.
Жыр толғайтындай не күйзелісті, не шабыты шалқар сәттерді басынан кеше
қойған жоқ.
“Исатай деген ағам бар” дейтін батырлар бауырластығы жарасым тапқаны
осы жылдар. Орданың хандары Бөкей, Шығай, Жәңгірдің ешқайсысынан сыйластық
болмаса, қысым көрмеген Исатайдың қанаты астында жүруі бірбеткей, қызба
Махамбеттің қараның қамын ойлайтын, әлсізге араша боларлық қайратын сомдай
бастады. Дегенмен 1836-37 жылдарғы көтерілістің басты себебі Жәңгірдің
Исатайды жер-су, қоныстан алалауы деген тұжырым кейде қисынсыздау көрінеді.
Жәңгірді қойып, сонау 1812 жылдың 12 наурызында әкесі Бөкей ханның өзі
Исатайға қол астындағы қазақтарымен бірге Каспий теңізі жағасынан Кокарев
және Кулпин кордондары аралығынан қысқы орын беріп, бүл ұйғарымын еркіндік
хатпен куәландырды. Ол жерлерде көшіп-қонудың ыңғайын Исатайдың өз билігіне
тапсырды.
Әке аманатына адалдық танытқан Жәңгір де 1826 жылдың тамызында: “Исатай
Таймановқа Каспий теңізінің жағалауындағы жыл сайын қоныстанып жүрген
Күйгенерал мен Қарақамыс аталатын жерлерді мекендеуге рұхсат беремін” деп
батырдың жер еншісін заңдастыра түсті.
1834 жылы ханның Исатай жайлаған жердің картасын түсіріп, төрт
құбыласын белгілеп, тау, шағыл, құдық аттарын көрсетіп, қолын қойып: “Осы
жоспарды бекіте отырып, адал қызметі үшін старшын Исатай Таймановқа және
оның жақын туыстарына жоспарда сызылған жерлерді мекендеу, пайдалану еркін
беремін” деген құжаты және бар. Аталған мекенді ортақ жайлаған Исатай мен
Махамбет осылайша аралары ажырамас азаматтарға айналды.
Каспий жағалауы қазақтарын Қарауыл Бабажанов басқаратын. Ал мына жәйтті
тарихқа қиянат дей көриеңіз: Исатайдың қонысын өзге көршілерден қорып,
қолдаушы-қорғаушысы басқа емес, нақ Қарауыл қожаның өзі болған екен!
Бабажанов орыс помещиктерімен келісім шарт жасасып, қазақтар үшін арендаға
қыстайтын жер алып, халықты ақылы жұмысқа тартып, сауданы дамытып, қазақ
арасынан капиталистік кәсіпкерлікке алғаш ден қойған адам екендігі жайында
дерек мол. Орынборда, Оралда мешіт салдыруға қаражат берген имандылық
істерін айтпағанда, Астрахан мен Орынбордың зиялы адамдарымен араластықта
болған. Генс одан қазақтар жайында біраз аңыздар мен тарихи деректер жазып
алған.
Әттең қазақтың Исатай, Махамбет, Қарауыл секілді беделді адамдары ел
мен жер тұтастығы үшін бірауызды болу орнына өзара аттандасып, алысып-
жұлысып шыға келді. Бақ-дәулетке ұмтылған жерде тойымсыздық, есе кеткен
жерде ашу-ыза қай заманда қатар жүрмеген?
Жалаң найза, жалғыз атпен атойлағандардың басын қосып, әскер сайлап,
Исатай мен Махамбет көтеріліс бастады. 1837 жылдың 16 қыркүйегінде батырлар
екі жүз адамдық жасақпен Қарауыл қожаның ауылын шапты. Қарауыл мал-дүниесін
ұмытып, арба-күймеден айнала тосқауыл жасап, он екі қарулы жігітімен өз
отбасын қорғаумен жанталасты.
Қожа ауылының жаралысын сұлатып, елу адамын байлап-матап, төрт адамын
өлтіріп, батырлар алғашқы жеңіске жетті. Көтерілісшілер Қарауыл ордасының
туырлығын турап, керегесін қақыратып, көз жауын алатын қымбат сандығын
ішіндегі өзінікі бар, қазынанікі бар – 3000 рубль байлығымен бірге ала
кетті. Барымташы жігіттер 441 жылқысы мен 41 түйесін алдарына салды.
Сөйтіп, Исатай-Махамбетпен тіресемін деп, талайға тізесі батқан құдіретті
Қарауыл әп-сәтте ел ығар содырдан жұрт аяр сорлыға айналды.
Автордың әсірелеуі десеңіз де, тарихтың тағы бір дерегі: үлкен-кішінің
көлегейімен Махамбеттердің атыс-шабысынан Қарауылдың отбасы, соның ішінде
екі жасар ұлы – қазақтың болашақ этнограф ғалымы Салық Бабажанов та аман
қалды...
Ордадан Жәңгір Исатайға үсті-үстіне хат жолдады: “Өкінішке орай,
көлденең біреулердің сіздің халықты қобалжытып, жамандыққа үндеп жүргенін
естіп отырмын. Сіздің ақыл-парасатыңызға, адалдығыңызға әбден қанық
болғандықтан, көзбе-көз сөйлесіп, түсіністікке келу үшін шұғыл түрде маған
жетуіңізді талап етемін” десе де, Исатай мен Махамбет арбауға көнген жоқ.
Осы орайда көтерілісшілердің Орынбор әкімшілігіне қойған бір талабы аса
қызықты көрінеді. Жәңгір билігінен кету үшін Перовскиге жазған үндеуінде
Исатай мен Махамбет 600 адамға қол қойдырып, Орал казачествосының құрамына
кіруге сұранады: “Мы решаемся убедительнейше просить о дозволении нам
выступить в состав служилых людей Уральского ведомства и помогать по службе
государю императору, исправлять походы дальные города, как, например, в
Ново-Александровское укрепление и другие ему подобные места” дегенді
оқығанда, бәрінен бұрын Жәңгір хан қатты күйінген екен. Хан Орынбор
әкімшілігіне наразылық білдіріп, қазақтар казачество қатарына өмірі
өтпейтінін, кешегі 1827-29 жылғы көтеріліс кезінде ордалықтар әскери
қызметке тартылды деген бір ғана сыбыстан халықтың Жайықтың арғы бетіне
қашқанын еске салды. Орда жерінің төрт құбылысын казачестводан қорып,
айтысып-айқасып, Петерборға патшаның өзіне дейін барып заңдастырып жүрген
байғұс хан өз қандастарынан мұны күтпеген еді. Әрине, мұны батырдың шын
ниеті емес, Жәңгірге қыр көрсетуі деп ұғынуымыз керек...
Орал казачествосы командирлері мен Орынбор шенеуніктері бірқатарымен
таныстығы бар Махамбеттің ақыл-кеңесімен деуге болар, Исатай Петровскийге
жазған хатында “біздің ауыр халімізге ден қоя білетін, арыз-шағымымыз
бойынша бұқараның пікірін тыңдап-түсінетін әділ шенеунік жіберуіңізді
сұраймыз. Біз, әсіресе, өтінішімізді подполковник Даль мырзаның келіп
қарағанын қалаймыз” деп тілек айтады. Байқасаңыз Даль деп отырғандары
Перовский әкімшілігінің ерекше тапсырмалары бойынша шенеунігі, кейіннен
төрт томдық тамаша түсіндірме сөздік шығарған ғалым, қазақ өмірінен қызықты
шығармалар жазған ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ІШКІ ЖАСТАР ТУРИЗМІН ДАМЫТУ
Қазақ поэзиясындағы батыр ақын бейнесі
Тарихи тұлға және көркем бейне - М.Өтемісұлы
Махамбет шығармасындағы Исатай бейнесі
Махамбет ақын туралы әр жылдары жазылған мақалалар, алғы сөздер және баяндамалар
Махамбеттің әдеби дүниетанымы
Архетиптік ұғымдардың ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар туындыларында көрініс беруі
Архетиптік ұғымдардың ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар туындыларында көрініс
ТОҚСАН БОЙЫНША ЖИЫНТЫҚ БАҒАЛАУ ТАПСЫРМАЛАРЫ
Махамбет Өтемісұлының жалынды жырларындағы Исатай бейнесі
Пәндер