Мiржақып Дулатұлының ағартушылық көзқарастары хақында. Дулатовтың өмірбаяны


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   

ЖОСПАР

Кіріспе2

Дулатовтың өмірбаяны3

Мiржақып Дулатұлының ағартушылық көзқарастары хақында5

Пайдаланылған әдебиеттер14

Кіріспе

Міржақып Дулатов XX ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында қанат жайған демократиялық қозғалыстың, елдің елдігі, еркіндігі, мәдени өркендеуі үшін күрескен жаңа бағыттың ең ірі өкілдерінің бірі болды. Сондықтан оның поэзиясынан, барлық шығармаларынан тынымсыз іздену, ілгері ұмтылу сарыны, күрес рухы бірден-ақ күшті сезілді. Ақынның алғашқы өлең жинағының аты болған «Оян, қазақ!» деген сөз жалпы жұртқа жар салғандай болып жаңа дәуірдің қуатты үніндей естілді.

Осы кітаптың «Оян, қазақ» деген атының өзі халықты мешеуліктің, надандықтың шырмауынан құтылып, әділеттік үшін, өнер-білімге, мәдениетке жету үшін күресуге шақырған күшті ұран болып естілді, солай қабылданды. Ақынның озат идеяларға толы өлеңдері көпшіліктің назарын тез аударып, кітап ел ішіне кейіннен тарай бастады. М. Дулатов патша үкіметінің саясатын әшкерелеп, заңсыздыққа, халыққа қысым жасаушылыққа қарсы шықты. Қазақ жастарын оқыту, мектеп ашу қазақша газет-журналдар шығару қажеттігін айта отырып, М. Дулатов орыс тілін, мәдениетін игеруге де ерекше мән берді.

Елді бұрынғы мешеуліктен арылып, өнер мен білімге ұмтылуға шақыру идеясы Абайдан, Абай заманынан басталды. Алайда, осы идеяның жаңа қоғамдық жағдайда кеңірек, жаңаша мағынаға не болып, «Оян, қазақ!» деген сөздің ұлттық ұранға айналуы осы кез - XX ғасырдың басы болатын. Міржақып әдебиет, мәдениет ісіне қазақ даласында жаңа демократиялық, ағартушылық қозғалыс бел алып, кең өріске шыға бастаған тұста араласа бастады. 1905 жылғы орыс революциясы Ресейде таптық күрес, саяси қозғалыстың күшейе түскенін айғақтады. Патшалық үкімет Ресейдің шет аймақтарындағы, соның ішінде Қазақстандағы демократиялық қозғалысқа, әсіресе, азаттық аңсау идеясының өріс алуына жол бермеуге тырысты. 1905 жылдың өзінде-ақ қазақтың ұлттық интеллигенциясының өкілдері ұйымдасқан саяси-әлеуметтік күшке айналып, халық мүддесіне бірден-бір сәйкес деп саналған тілек-талаптарды патша үкіметінің алдына ашық қоюға шейін барған.

Дулатовтың өмірбаяны

Дулатов Міржақып 1885 жылы 25-қарашада Торғай уезіндегі Майқара болысының 3-інші ауылында туған. 1935 жылы 5-қазанда айдауда, лагерьде жүрген кезінде ауырып, қайтыс болады (21. 11. 1885, Қостанай обл. Жангелдин ауд. Қызбел атырабы - 5. 10. 1935, Ресей, Карелия, Беломор-Балтық каналы, Сосновец бекеті) . Әкесі Дулат қарапайым іскер, қол шебері етікші болған.

Міржақып 8 жасқа толған кезінен бастап екі жылдай ауыл молдасынан сабақ алады. Одан соң ауылдағы орыс мектебінде, ал 1897 жылы Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде оқиды. 1904 жылы ол Омбы қаласында жасырын ұйымға қатысады, қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновпен жақындасады. 1905 жылғы орыс революциясы кезінде Қарқаралыда ереуілшілердің арасында болады. 1907 жылдан бастап оның бірлі-жарым өлең, мақаласы да жариялана бастайды.

Міржақып Дулатов бірден-ақ қазақ халқының арман-мүддесін терең түсіне білетіні, қазақ қоғамында жаңадан өpic алып келе жатқан демократияшыл идеялардың жаршысы екенін айқын танытты.

Міржақыптың «Серке» газетінің («Ульфат газетіне» қосымша) 1907 жылы 2 нөмірінде басылған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы кешірім жасауға болмайтын саяси үгіт деп саналып, бұл газет конфискеленсін деген шешім қабылданады. Оның осы мақаладағы пікірлері «Оян, қазақ!» кітабында әсіресе айқын, әсерлі айтылады.

«Оян, қазақ!» 1909 жылы тұңғыш рет жарық көріп, кітап 1911 жылы екінші рет жарняланады. Осы жылы патша үкіметінің бақылау орны «Оян, қазақ!» елді бұзатын, дүрліктіретін, революцияға үндейтін кітап деп тауып, М. Дулатовты қамауға алады, кітапты таратуға, оқуға үзілді-кесілді тыйым салынсын деген сот шешімін шығартады. Кітаптың қолдан-қолға тарап жүрген қаншама данасын таптырып, жиғызып, жойып жіберуді қатты қадағалайды.

«Оян, қазақ!» кітабын оқығанда Міржақыптың халықтың мұң-мұқтажын өз мұңыдай көретіні әр сөзінен айқын сезіліп тұрады. Ақын өзінің халық алдындағы жауапкершілігін толық сезінеді. Ол өз замандастарына, көзі ашық зиялыларға тарих, қоғам қандай міндет жүктеп отырғанын анық аңғартады, халықты ескіліктен, мешеуліктен, зорлық-зомбылықтан, қанау-езушіліктен құтқаратын күшті құрал оқу-білім, өнер, ғылым, адал еңбек, әділдік, адамгершілік үшін күресу екенін ұға білді.

Міржақып Дулатов патша үкіметінің қазақ даласын билеу ісін жүргізудегі саясатының кемшіліктерін, кер-тартпа сипатын айқын аңғарды. 1916 жылғы оқиғаны, 1917 жылғы ақпан көтерілісі мен Қазан төңкерісі, соғысы кезіндегі саяси-әлеуметтік жағдайды көріп, дұрыс бағалай алды. Осындай үлкен тарихи оқиғалар болып жатқан кезеңдерде алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының, қоғам қайраткерлерінің күресі елдің азаттығын сақтап қалуға бағытталды. Сол дәуірдегі тарихтың уақыттың өзі қазақ қоғамының алдына тартқан, күн тәртібіне қойған ең маңызды, түбегейлі мәселе қандай еді десек, халық мүддесін көздеген озат ойлы қазақ зиялыларының қоғамдық саяси күрестегі алдына қойған негізгі мақсаты елдің азаттығын қорғап қалу, сол үшін ұлттық мемлекет құру болатын дер едік. Ел берекелі, беделді болу үшін, халықтың ұлттық мәденнетін өркендету үшін алдымен азаттық, бостандық керек, ерікті ел, болу керек екенін олар жақсы түсінді. Қазак еліне автономия беру мәселесін ашық қойған Әлихан Бөкейханов 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін бұл үміттің ақталмайтынын байқап, ұлттық партия құру ісіне кіріседі. «Біз, Алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық», - дейді Әлихан Бөкейханов, бірақ ол ниет қолдау таппады дей келіп: «Мен сонан соң қазақ Алаш партиясын ашуға кірістім», - дейді. («Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында. «Қазақ», 1917. №256) . Міне, сөйтіп қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері «Алаш» партиясын құрып, «Алаш-орда» үкіметін орнатқан кезде Міржақып Дулатов алаш туын көтерген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтардың қатарында болды.

Ақынның «Алашқа» атты өлеңі «реквием» (қазалы жыр) деп аталғанымен, оны тек өткен заманды аңсау, сарынына құрылған демесек керек. Қазақтың бұрынғы өздері ақ киізге кетеріп сайлайтын хандары, әділ билері, ел намысын қорғай алатын батырлары болған кең сахарада малын бағып, еркін көшіп-қонып жүрген дәуірі артта қалды дей отырып, Міржақып ол заман өкінгенмен енді қайтып келмейді, сондықтан уақыттың, қоғамдық жағдайдың өзгергенін түсініп, соған сәйкес әрекет қылып, қазақ көшін оңға бастайтын адамдар қажет деген ойын аңдатады.

Міржақып ақындық, жазушылық еңбегін журналистік қызметімен ұштастыра білді. 1911 жылы «Айқап» журналында, 1913-1918 жылдарда «Қазақ» газетінде қызмет етті. Ол «Қазақ» газетін шығаруға бас редактор Ахмет Байтұрсыновпен бірге аянбай ат салысып, осы газеттің жарық көрген алғашқы күндерінен бастап оның, бетінде әдебиет пен мәдениетке, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелеріне арналған мақалалар жариялап отырды. Сөйтіп, ол талантты публицист, әр түрлі әлеуметтік, мәдениеттік мәселелерді толғайтын макалалардың, очерк, фельетондардың авторы ретінде жұртшылыққа кеңінен танылады.

Халықтың тағдырын ойлап, толғанып, елдің бірлігін, бірауыздылығын арттыру, заманның ыңғайына қарай қам жасау, харекет қылу, талаптану, адал қызмет қылу, жастарға білім беру, ғылым үйрету, мұсылманшылық жолын ұстау, орыс тілін, өнерін білу секілді аса маңызды қоғамдык мәселелерді қозғайтын өлеңдерінен азамат ақын, жалынды публицист, батыл күрескер, қажырлы қоғам қайраткерінің тұлғасын көз алдымызға анық елестете аламыз.

Мiржақып Дулатұлының ағартушылық көзқарастары хақында

ХХ ғасырдың басында халық ағарту саласына қомақты үлес қосқандардың бiрi - Мiржақып Дулатов. Белгiлi ғалым Р. Нұрғалиев "Әдебиеттiң барлық жанрында бiрдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтiк iске жанын салып араласқан қайраткер Мiржақып Дулатовтың өмiрлiк мақсатының биiк нысанасы, тапжылмас темiрқазығы - бiр күндiк даңқ, өтпелi дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы, өзiн-өзi билеуi, отарлық езгiден құтылуы болған. Ол қуғын-сүргiн көрiп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндердiң өзiнде де ақтық демi бiткенше бұл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгiнгi, болашақ буындарын АЛАШ деп ұран салып, келешек үшiн арыстанша алысқан Мiржақып Дулатовпен бауырындай етiп табыстыратын, айналып келгенде, оның мәңгiлiк жасайтын осы асыл қасиеттерi"/1/ - деп жазғанындай, ғұламаның өмiр жолының бүгiнгi жас ұрпақ тәрбиесiне берерi мол екенiн оның еңбектерiн зерделеген кезде айқын аңғарамыз.

Қызы Гүлнар "Ардақтап өтем әкемдi" деген естелiк мақаласында әкесiнiң бойындағы рухани-адамгершiлiк қасиеттердiң қалыптасуына әулеттегi игi дәстүрлердiң ықпалы ерекше болғанына айырықша тоқталады (оқиға Мiржақыптың туған ағасы Асқардың қызы Ботакөздiң аузымен баяндалады) . "Дулат атамыз ескiше оқыған, көзi ашық, көңiлi ояу, ел iшiндегi дау-жанжалдан аулақ жүретiн қарапайым кiсi болыпты. Өзiне байлық-дәулет бiтпеген, орта шаруалы, әр кәсiпке икемi бар, етiк тiгiп, ер-тұрман шабатын өнерiмен аты шыққан, жұрт сыйлайтын ұста екен. Жұмыс үстiнде атамыздың қолына бiз кiрiп кетiп, оған мән бермегендiктен, жарақаты ушығып, ақыры қағынды (сепсис) ауруынан қырық тоғыз жасында қайтыс болған. Дулаттың зайыбы Дәмеш - Қараман елiндегi атақты байдың қызы. Ол ақылына көркi сай, ажарлы адам едi. Жиын-тойларда домбыра тартып, ән салатын, айтыстарға да қатысып жүретiн. Әңгiменi қиыстырып, мәнерлеп сөйлейтiн. Қолынан iс келетiн шебер, үй шаруасына ұқыпты, берекелi, қонақжайлы, ел-жұртқа жағымды, абысын-ажындармен тату, мейiрiмдi ана едi. Өз әкем Асқар Дулатов ел iшiнде беделi зор жұрт сыйлайтын, оқыған кiсi, ел басшысы, атқамiнерi болған. Бiздiң үйдi "Үлкен үй" дейтiн. Әкемiз Торғай дуанының судьясы, яғни биi болып жұмыс iстедi. Дуанға жүрерде арнайы тiгiлген киiмiн киетiн, қос шынжырлы медалiн (оны знак дейтiнбiз) мойнына салатын, ұмытпай қызыл масаты қалташаға салынған мөрiн алатын. Ауылдағы келiндерi ол кiсiнi "Би-аға" деп атайтын"/2/.

"Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пiшер" деген аталы сөздiң жас Мiржақыптың бойына дарып, ұлт қамын ойлайтын жеке тұлға Мiржақыптың бойына дарып, ұлт қамын ойлайтын жеке тұлға болып қалыптасуына отбасы әсерiнiң мол екенiн естелiк мақаладан айқын аңғарамыз. "Мiржақып сегiз жасқа келгенде, әкемiз Торғайға барып бiр татар молданы жалдап әкеп, оған ағайындардың балаларын қосып оқытыпты. Бұл молданың өзi сауатсыз екен, құранның әптиегiнен бөтен "бiлiм" бермей, оқытуынан мән шықпағанын көрген әкемiз Мiржақыпты жаңадан ашылған ауыл мектебiне түсiрдi. Оның алғаш сауатын ашқан, қазақша-орысша бiрдей оқытқан кiсi - Мұқан Тоқтабаев. Осы мұғалiмдi Мiржақып кейiн ылғи мақтап отыратын" /3/.

Мiржақыптың бала кезiндегi мiнез-құлқын Ботакөз апасы былай еске алады: "Мiнезiнен бiрбеткей қайсарлық, өжеттiк сезiлетiн, не бүлдiрсе де, жасырмай турасын айтатын. Кемтар кiсiлердi, жарымжан мүгедектердi, жетiмдердi аяйтын көңiлшектiгi, жұмсақтығы да бала шағынан байқалатын. Сөзiнде тұратын, өтiрiк пен жағымпаздықты бiлмейтiн. Ауызекi жұрттан естiген ертегiлердi, қисса-дастандарды тез жаттап алып, айтып жүретiн" /4/.

12 жасында әкесiнен айрылған Мiржақып ағасы Асқардың қолында қалады. Ол iнiсiнiң бiлiм алуына зор көңiл бөледi.

"1897 жылы, - деп жазады М. Дулатұлы өз өмiрбаянында, - мен 2 кластық орыс-қазақ училищесiне түстiм (Торғайдағы) . Оны бiтiргеннен кейiн оқытушылар курсында оқып, "ауыл мұғалiмi" деген мамандық алдым. Осымен менiң оқу орындарынан бiлiм алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалiмдiк қызметiмдi атқара жүрiп, бос уақытымды бiлiмiмдi жетiлдiруге жұмсадым" /5/.

Мiржақып бала кезiнен өз бiлiмiн толықтыру үшiн көп iзденген. Газет-журнал арқылы сол кездегi алдыңғы қатарлы зиялы қауымның еңбектерiнен мол мағлұмат алған. Әсiресе, А. Байтұрсынов пен Ә. Бөкейхановты өз өмiрiне үлгi етедi, олармен кездесудi армандайды, ал кездесудiң сәтi Омбы қаласында 1904 жылы түседi. Бұл оқиға iзденiмпаз жастың саяси көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етедi.

Оның алғашқы мақаласы 1907 жылы "Серке" газетiнде жарияланады. Онда М. Дулатұлының саяси көзқарасы айқын байқалады. Мақалада жазылған негiзгi мазмұн кейiн 1909 жылы "Оян, қазақ!" кiтабында толық берiледi. "Оян, қазақтың" алғы сөзi:

Мiржақып, неге отырсың қалам тартпай,

Бәйге алмас болғанменен жүйрiк шаппай,

Шамаңды хал-қадары көрсетсеңшi,

Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай.

Не пайда, бiр орыннан қозғалмайтын

Тазармас қара су да жатқан ақпай.

Артықтан тағылым алып, кемге үйрет,

Жүруiң лайық па ақыл таппай?

Сен неге бой көрсетпей жасқанасың?

Тастаса, көзiң көрсiн, халық ұнатпай.

Бұл шақта сөз базары көтерiңкi-

Сынашы бақытыңды сен де баптай!

- деген шумақтардан басталады.

Осы жылдардан бастап М. Дулатовтың саяси көзқарастарының қалыптасып, өз халқы үшiн жан аямай күрес жолына түскенiн аңғарамыз. Оның қоғамдық, тарихи-әлеуметтiк көзқарасының ұштала түсуiне "Алаш" партиясы аса зор ықпал еткен. 1917 жылы Орынбор қаласында өткен жалпы қазақтың екiншi сиезiнде: "Ұлттық, жерлi автономия болсын . . . қазақ автономиясы Алаш деп аталсын . . . Алаш автономиясының жер үстiндегi түгi-суы, астындағы кенi халық мүлкi болсын… Алаш облыстарын қазiргi бүлiншiлiктен қорғау үшiн Уақытша ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты Алашорда болсын" деген қаулы алынып, "Алаш" партиясы бағдарламасының жобасы ұсынылады. Жобаны жасауға Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Ғұмаров, Е. Тұрмұхамедов, Ғ. Жүндiбаев, Ғ. Бiрiмжанов қатысады. Бағдарламада қарастырылған 10 бағытта ұлттық мәселелер жан-жақты қамтылады. Олар мыналар:

I. Мемлекет қалпы,

II. Жергiлiктi бостандық,

III. Негiзгi хұқық,

IV. Дiн iсi,

V. Билiк һәм сот,

VI. Ел қорғау,

VII. Салық,

VIII. Жұмысшылар,

IX. Ғылым-бiлiм үйрету,

X. Жер мәселесi.

М. Дулатов 1905-1920 жылдар аралығында ұлттық мәселелерге, әсiресе, Алашорда қозғалысына бiлек сыбана кiрiседi. "Жасасын Алаш автономиясы! Көркейсiн Алаш!" деген ұран тастап қазақтың елдiгi мен бiрлiгiн күшейтуге бар күш-жiгерiн салады.

"Дүние жаралғаны болмаған уақиғаларды төрт жылдан берi көзiмiз көрiп отыр. Төрт жылдан берi жердiң жүзi қанға боялды. Көздiң жасы сел боп ақты. Дүние ойран болды . . .

Жұрттық жолында бiз қанша бейнет шектiк? Жанымызға батарлық қанша құрбан шығардық? Өзгелерге қарағанда бiз еңбек те сiңiргенiмiз жоқ, бейнет те тартқанымыз жоқ, құрбан да шалғанымыз жоқ. "Құдай өзi сақтар" деп құрғақ тiлекпен отыра бердiк. екенбiз, құдайдан тiлейдi екенбiз, дұрыс-ақ! Бiрақ бiзден басқа мұсылмандар құр тiлекпен отыра ма? Жер жүзiнде 300 миллионнан артық мұсылман бар. Солардың iшiндегi зор мемлекет Түркия. Осы Түрiктi аң терiсiн бөлiп алатындай, тұс-тұстан мемлекеттер аңдыған жоқ па едi? Солар Түрiктi торығанына неше жүз жыл болды. Осы соғыстың тұсында Стамбулды алмақ болып, Аясофияның басына кресiн де даярлап қойды. Сонда Түрiк мұсылманның бiр күштi мемлекетi емес пе едi, мұсылмандығы бiзден кем бе едi, "құдай сақта" деп қарап отырды ма? Жұрттығын сақтау үшiн неше ғасырдан берi қан төгiп арпалысып келе жатыр емес пе, төрт жылдан берi қызыл қанға белшесiнен батып, миллиондаған ер-азаматын құрбан қылып, дүниесiн ойран қылып отыр емес пе? Жалғыз түрiк емес, жер жүзiндегi жұрттардың бәрi не үшiн қанға боялып жатыр?

Соның бәрi жұрттығын сақтау үшiн қырғын көрiп, бейнет шегiп жатыр. Бiз не қылып отырмыз? Бiз "жат жақтық жасағанға күзеттiрiп отырмыз".

Қазiр дегенiне жеткен кiм? Кiмнiң мерейi үстем болады? Кiм бiреудiң қанжығасында кетпейдi?

- Кiмнiң бiлегi жуан болса, сол жұрт болады. Кiм күштi болса, сол дегенiне жетедi.

- Күш не?

- Күш- әскер" /6/.

М. Дулатұлы автономиялық мемлекет болу үшiн алдымен әскер жасақтау керектiгiн айтады. Айбынды әскердiң болуы басқа мемлекеттердi санасуға мәжбүр ететiнiн атап көрсетедi.

"Бұл заманда әскер жоқ жұрт-жұрт емес, құл. Бiз қазiр екi жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетiн болсақ та, ерiк өзiмiзде. Бiр жол - құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат-тонымызды ала қашатын болсақ, осындай жiгiмiздi ашып, жер-суымызды қорғап, билiгiмiздi өзiмiз алып қалмасақ, күнi ертең бiздi алдына салып айдап жүруге ие табылады. Сонда бiреуге әскер бермей кете аламыз ба, шығын төлеуден құтыламыз ба? Ошақтың үш бұтынан тiлеп отырған күнiмiз де болған, сонда бiздi алдына салып айдап кетпеп пе едi. Сонда қолымыздан еш нәрсе келмей, құлдық ұрғанымыз болған. Құлдық жолы дегенiмiз осы. Екiншi жол - жұрттық жолы. Осы бастан автономия алудың қамына кiрiссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы үкiметiмiз деп тiресiп қорғасақ, бiздi ешкiм басынбайды. Үкiметi бар, әскерi бар жұрт деп бiзбен әркiм есептеседi.

Алашқа жаны ашымайтын қара жүректер, жұрт болғанымызды көре алмайтын қаскүнемдер, ертең не болатынға көзi жетпейтiн надандар iзгi ниет, iлгерi тiлегiмiзге қарсы болып, жұрттың көңiлiне қорқыныш салатын да шығар. Автономия болуымызға, милиция құруымызға, қазына жинауымызға халықты қарсы құтыртушылар да табылатын шығар. Бiрақ халық ойлану керек. Бүгiнгiсiн емес, келер күнiн ойлану керек. Бiздiң арамызда Алаш тiлегiне қарсы болатын кiмдер екенi белгiлi. Бұлар екi түрлi. Бiрi - қаны қарайған, ұлт намысы дегеннен бейхабар, жамандықты кәсiп қылып қалған ант ұрғандар. Бұлар аузы қисық болғанын айнадан көрiп, жамандығымызды неге қостамайды, терiстi неге дұрыстамайды деп жұрттың бәрiмен қас. Бұларға елдiң тыныштығынан бүлiнгенi керек. Жұрт тыныш болса, мұндайларға абырой жоқ. Осыны олар жақсы бiледi. Екiншi түрi - ел iшiндегi партия құмарлар. Бұлар iстеп жүрген iстерi жұртқа зиянды екенiн ойламай, партия қуғанын, "баққа таласып жүрмiз" деп адасып жүрген надандар. Егер жұрт, жұрттықты ойласа, партиясын, тым болмаса, уақытша қоя тұрып, бiрлiк-береке қылатын болса, Алаш аты бәйгеден келмей қалмас едi" /7/.

"Алаш" партиясының құрылуы және маңызы туралы "Қазақстан" энциклопедиясында "Алаш партиясы - қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917-20) ХХ ғасырдағы қазақ тарихында терең iз қалдырған. Алаш партиясының өмiрге келуi, бiрiншiден, қазақ елiнiң қоғамдық дамуының жаңа экономикалық саяси және рухани негiзде қайта құру қажеттiлiгiнiң пiсiп жетiлгендiгiн, екiншiден, Ресей империясының Қазақстанда орнатқан отарлық басқару жүйесiнiң терең дағдарысқа ұшырағандығын көрсеттi" деп, өте орынды айтқан.

Мiржақып "Алаш партиясы" мақаласында қазақтың өз алдына саяси партия құруы мәселесi қаралып, қаулы еткенiн тiлге тиек етедi.

"Оның арасында сайлау мезгiлi болса таянып қалды. Әр саяси партия өз ұранын шақырып, өз ұраны атынан список түзеп, сайлау iсiне кiрiсе бастады. Қазақ партиясының программасы жасалғанмен жалпы қазақ съезiнiң қаулысы жасалатын программаның негiзi болсын делiнген едi. Съезд қаулысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың "Алаш" ұранынан артық ұранды iздесек те таба алмаймыз. Сөйтiп қазақ саяси партиясының атын "Алаш" қою ойлап әуре болмастан ауызға түсiп тұр. Жалпы қазақ съезiнiң қаулысын қабыл етiп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогiн "Алаш" партиясының списогi деп жүргiзулерi керек" /8/.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
М.Дулатұлының алаш партиясы мен кеңес өкіметі кезеңдеріндегі көзқарастары
Зерттеудің жетекші идеясы
XX ғасыр басындағы тарихи қоғамдық өзгерістердың қазақ әдебиетінің дамуына әсері
М.Дулатов поэзиясындағы фольклорлық дәстүр
Қазақтың шығу тегі
М.Дулатовтың ағартушылық мұрасына теориялық және әдіснамалық тұрғыда сипаттау
ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси- қоғамдық өзгерістердің ұлттық әдебиетке тигізген ықпал
Бастауыш мектептің дамуында М.Дулатовтың педагогикалық көзқарастары мен ғылыми ізденістерінің алатын орны
Міржақып Дулатовтың қазақ журналистикасындағы орны мен публицистикалық еңбектері
М.Дулатұлының шығармаларындағы сипатталатын ұлттық құндылықтарды оның өзінің тілі арқылы көрсету
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz