Түркістандағы Шағатай мемлекетінің ыдырауы



Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

Түркістандағы Шағатай мемлекетінің ыдырауы 2
Мәуереннахрдың алғашқы ұлық әмірлері 3
Темір ортағасырлық шығармаларда 5
Темірдің жасөспірім және бозбала шағы 8
Тоғлықтемір хан және Темір: билікке беттеу 10
Әмір Темірдің (1336 - 1405 жж.) жаулап алу жорықтары 12
Қорытынды 14

Түркістандағы Шағатай мемлекетінің ыдырауы

XIV ғасыр — Орта Азия халықтарының тарихындағы маңызды кезең. Дәуірдің
негізгі саяси мазмұны — Жетісу мен Шығыс Түркістанда Моғолстанның және
Мәуереннахрда — ортаазиялық қосөзен Әмудария мен Сырдарияның аралығында —
Темір мемлекетінің құрылуы болды. Осынау жаңа мемлекеттік құрылымдар XIII
ғасырда — XIV ғасырдың бірінші жартысында біртұтас ірі мемлекет құрап,
мұсылман деректемелерінде Шағатай ұлысы немесе Шағатай мемлекеті деп
аталады. Сондықтан да Темір мен оның империясы туралы әңгіме бастамастан
бұрын Шағатай хандығының құрылуының, саяси болмысы мен ыдырауының тарихын
қарастырайық.
Өз дәуіріндегі рулық иелік туралы ұғымды берік ұстанған Шыңғыс хан
көзінің тірісінде-ақ жаулап алынған жерлер мен халықтарды өзінің ұлдары мен
жақын туысқандарының арасына боліп берді. Олардың әрқайсысына белгілі бір
шамада әскер мен тәуелді адамдар санымен ұлыс бөлінді. Кейбір
деректемелерде жүрт деп аталатын бұл иелік-ұлыстардың шекаралары жалпылап
қана белгіленді. Монғол дәстүрі бойынша әр ұлдың үлесінің шалғайлық
дәрежесі оның жасына қарай анықталатын. Сондықтан үлкен ұл Жошыға ең
шалғайдағы үлес тиді. Империяның аумағы ұлғайғаннан кейін Жошы мен оның
ұрпақтарына монғолдардың қиыр солтүстік-батыста татар атының тұяғы жеткен
жерлерге дейінгі жаулап алған жерлерінің бәрі берілді.
Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың ұлысы (үлесі) оңтүстік Алтай мен
Шығыс Түркістаннан Әмударияға дейін оның сол жағасындағы жерлерді қоса
жалғасып жатты. Үшінші ұлы Үгедейдің ұлысы Тарбағатайда, Еміл мен Қобықтың
жағалауында болды. Кенжесі, төртінші ұлы Төлеге үлес бөлінген жоқ — сол
уақыттағы дәстүр бойынша, ол әкесі өлгеннен кейін оның әскері мен
түпкілікті жұртын мұралануға тиіс болатын.
Монғолдардың Түркістандағы иеліктерінің бірінші билеушісі Шағатай
Шыңғыс ханның қоңырат руынан алған бәйбішесі Бөртеден туған екінші ұлы еді.
Оның нақты қашан туғаны анықталмаған. Әкесінің тірі кезінде-ақ ол Шыңғыс
хан заңдастырған монғол әдеттік құқығы — Жосаның білгірі болды, монғол
ғұрыптары мен заңдарға байланысты барлық мәселелерде айтулы бедел саналды.
Аға-інілерімен бірге ол да әкесінің 1211 —1216 жылдары Қытайға және
1219—1224 жылдары хорезмшах Мұхаммедке қарсы жорықтарына қатысты. Әкесі
өлгеннен кейін Шағатай енді бірде-бір соғыс жорығына қатыспайтын болды.
Шағатай ұлысының астанасы Жетісуда, Іле өзенінің бастауында орналасқан
Алмалық қаласы болды. Монғол билеушілерінің барлығы сияқты Шағатайдың да
бірін қыстайтын, бірін жайлайтын бөлек-бөлек екі ордасы болатын. Қысқы
ордасы Мераузық-Ила, жазғысы Құяш деп аталып, екеуі де Іле жазығында болды.
Шағатайдың мұрагерлерінің ордасы, XIII ғасыр авторы Жувейнидің жазуынша,
түрікше Ұлығ-Иф (Үлкен Үй) деп аталды.
Қазан Кебек пен Тармашырын секілді Мәуереннахрға, Қашқадария аңғарына
көшіп барды. Жасаны бұзып, Қаршыға таяу жерден сарай салдырды; бұл сарай
оны көшпелі тайпалар басшыларының шапқыншылықтарынан қорғаған әскери
бекініс болды. Қазан хан сұмдық қатал әмірші болып, бірсыпыра түркі
әмірлері оған қарсы бүлік шығарды. Хан оларға қарсы соғысқа шықты. Бірақ
Қазан хан жеңе алмай, хижраның 747 жылы (1346—1347) шайқаста қаза болды.
Сөйтіп оның мемлекетінің түркі әскери аксүйектері жеңіске жетті.
Қазан Шағатай хандығының соңғы толық билікті билеушісі болды. Ол
өлгеннен кейін Шағатай мемлекеті батыс және шығыс жеке-жеке екі мемлекет
болып бөлініп кетті.

Мәуереннахрдың алғашқы ұлық әмірлері

Әңгіме болып отырған уақыттағы рулар мен тайпалардың басшыларын парсы
деректемелері әмірлер деп атайтынын осы арада айта кеткен ләзім; Орта
Азияның отырықшы иран тілдес халқы оларды осылай деп атаушы еді. Түркі
көшпенділері бұл атаудың орнына түркінің бек (князь) деген не монғолдың
нойон деген атау сөзін қолданатын. Қысқасы, әмір, бек, ноян деген сөздер
мағыналары теңдес атаулар ретінде көшпенді-әскери шонжарларды атауға қызмет
етті.
Шағатай мемлекетінің ыдыраған бөліктерінде саяси құрылыс әр түрлі
болып қалыптасты. Бұрынғы Шағатай мемлекетінің шығыс облыстарында Жетісу
мен Шығыс Түркістанда — әмірлер жоғарғы билікті өздеріне алмай, таққа
Шыңғыс ұрпағынан өз ханын отырғызуды жөн көрді. Шығыс облыстар әмірлерінің
ішіндегі ең күштісі — дулат тайпасының әмірі Болатшы Іле өзенінің жазығынан
Шағатай ұрпағы деп, он алты жастағы ханзада Тоғлықтемірді алып келіп,
хижраның 748 жылы (1347— 1348) оны Ақсуда таққа отырғызды. Шағатай ұлысының
шығыс жақ жартысында құрылған, Болатшы әмірдің қолдауымен Тоғлықтемір хан
басқарған мемлекет ортағасырлық деректемелерде Моғоллар ұлысы, Жете Ұлысы,
Жете Елі деп әр түрлі аталады, әйтсе де Моғолстан, Момлакати Моғолстан
деген атау бәрінен гері жиірек ұшырасады.
Моғолстан деген парсы сөзі Моғолдар елі дегенді білдіреді, моғол
(моғул) деген сөзден құралған; Орта Азияда және көрші мұсылман елдерінде
монғолдардың халықтық атауы осылай -н әрпі түсіріліп айтылатын, жазуда да
солай жазылатын. Моғолстанның өзінде елдің негізгі әскери күші болып
табылатын көшпенділердің барлығын да моғолдар деп атайтын.
Шағатай деген ресми атау Мәуереннахрда ғана, Темір мемлекетінде
қалып, көшпенді және көшпенділік дәстүрлерді сақтаған халықты атау үшін
қолданылды. Бұл екі мемлекеттің тұрғындары бір-біріне алакөз болғандықтан,
бір-бірін кемсіткен атаулармен атайтын болған: шағатайлар моғолдарды
жетелер — қарақшылар деп атаса, моғолдар шағатайларды қараунастар —
будандар деп атады. Осы себептен де Моғолстанды атау үшін деректемелерде
кейде Жете Елі, Жете Ұлысы деген сөз тіркестері қолданылады.
Батыстағы мемлекетте — Әмудария мен Сырдарияның арасында,
Мәуереннахрда Шағатай әулеті өз үстемдігінен айырылып қалды да, елдің
билігі іс жүзінде түркі-монғол әмірлері мен бектерінің қолында болып, бұлар
Батыс Түркістан облыстарын өзара бөлісіп алған еді. Бұлардың қатарында
деректемелер сүлдүз тайпасының әмірі Баянды, жалайыр тайпасының әмірі
Баязидті, барлас тайпасының әмірі Қажыбекті, жасауырдың басшысы Қызыр
әмірді, найман тайпасының әмірі Хамидті атайды; Хамид наймандарға қоса
андхойлардың, шұбырғандардың да әмірі болған.
Бұл орайда арлаттар қазіргі Ауғанстанның солтүстік бөлігін
қоныстанған, жалайырлар Ангрен жазығын жайласа, барластар Қашқадарияның
бойында көшіп-қонып жүрген. Түркі болып кеткен бұл монғол руларының
әрқайсысының басшысы өз облысын үлестік князь секілді билеп тұрды.
Қазан хан өлгеннен кейін Мәуереннахрда түрік-монғол әмірлерінің
арасынан қаушындарның әмірі Қазаған алғашқы ұлыс билеушісі болды. Қаушындар
деп Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысындағы әскердің артықшылықтары бар
бөлімдері, дәлірек айтқанда, билеушінің өз қол астындағы мыңдығы айтылатын,
кейіннен осы сөз рудың не тайпаның аты болып кеткен болуы керек. Қазаған
1346—1347 жылдан 1356 жылға дейін билеп тұрды. Шыңғыс хан ұрпағы
болмағандықтан, ол хан дәрежесіне көтерілмей, әмір атанумен шектелді.
Өзінің іс-әрекетінің заңдылық сипаты болуы үшін хижраның 747 жылы
(1346—1347) әмірлердің мақұлдауымен Қазаған хан тағына Дәнішманжа-оғланды
отырғызып, өзі ол арқылы Мәуреннахрды басқаратын болды. Қайсыбір деректер
бойынша Шағатай ұрпағы, енді бір деректерде Үгедей ұрпағы делінген
Дәнішманжа-оғлан біржарым-екі жылдай уақыт өткен соң Шағатай ұрпағы емес
екен деп айыпталып өлтірілді. Қолдан қойылған екінші хан Шағатай ұрпағы
Байанқұлы хан болды. Деректемелерде ол өте ақылды, әділ, бақ-дәулет өзімен
бірге келген ханзада болды делінеді. Алайда оны да адам түршігерлік тағдыр
тосып тұрған еді.
Жалпы алғанда, Шығыс Түркістанның хандарындай емес, Мәуереннахрдың
хандары қолдарында нақты биліктері жоқ, қолдан қойылған хандар ғана болды.
Әмір Қазаған нағыз жауынгер болған еді: көп соғысты, шексіз ерлік
көрсете жүріп, көбіне жеңіске жететін, әйтсе де жеңілген кездері де болды,
1346 жылы Герат маңында Ғазан сұлтанмен қақтығыста садақ оғы тиіп бІр
көзінен айырылған болатын. Әмір Қазаған кошпелі өмір салтын берік ұстанды:
қыста Әмударияның жағасында Термезден жоғарырақ Салысарай деген өңірді
қыстайтын, соған қарағанда ол жерде сарайы болған болуы керек, ал жазда
Мөңке қаласына таяу таулы өңірді жайлады. Ол отырықшы халықтың жерлеріне
тиіспеді, қалалар мен ауылдардың халқына қысым жасамауға тырысты. Ол
басқарған жылдар кешпенділер үшін де, отырықшы халық үшін де мамыражай
жылдар болды делінеді деректемелерде. 1358 жылы қарсыластарының айдап
салуымен Қазағанды аңда жүргенде өзінің күйеу баласы өлтіріп кетті.
Қазаған қаза болғаннан кейін Мәуереннахрда билік оның баласы
Абдолланың қолына тиді, ол әкесі тірі кездің өзінде ұзақ уақыт Самарқанда
тұрған еді. Жоғарғы әмір болғаннан соң ол әкесі әмір
Қазағанның істегенін істеп, хан тағына Байанқұлыны орнықтырды. Алайда
нақ сол жылы Байанқұлы хан әмір Абдолланың әйелдерінің бірімен ашына болды
деп айыпталып өлтірілді; ал Жездінің Зафарнамеде келтірген дерегінде
ханның өлтірілуінің себебі: Абдолланың өзінің қолдан қойылған ханның
әйеліне құмар болғанынан делінеді. Байанқұлы ханның сүйегі Самарқаннан
Бұхараға әкелініп, шейх Сейф ад-Дин Бухарзидің зиратының қасына жерленді.
Бұл зират пен Байанқұлы ханның басына 1358 жылы тұрғызылған кесене,
мамандардың пікірінше, сол замандағы сәулет өнерінің жауһары болған.
Деректемелерде әмір Абдолланың елді жақсы басқарғаны айтылады, алайда
оның отырықшы өмір салтына көшіп, Самарқанда тұрақты тұрмақ ниетіне
халықтың көшпенді бөлігі наразы болды, сөйтіп елді басқара бастағанына бір
жыл толар-толмаста Мәуереннахрдың басты-басты тайпаларының әмірлері оны
биліктен тайдырды. Сұлдыз және барлас тайпаларының әмірлері Баян мен
Қажының жасақтары қуған Абдолла Андарабқа (Мервтің маңында) барып
паналағанымен, со жерде ажалы кісі қолынан болды.
Елде бұлғақ кезең басталып, қысқа уақыттың ішінде билік бірнеше
жоғарғы әмірлердің бірінен-біріне ауысты, алайда олар елде лайықты тәртіп
орната алмады.
Осындай бассыздықты пайдаланып, моғолдардың ханы Тоғлықтемір 1360—1361
жылдары Мәуереннахрға екі мәрте әскермен басып кірді. Жас Темірдің саяси
майданға алғаш шығуы да сол жылдарда еді.

Темір ортағасырлық шығармаларда

Темір 1370—1405 жылдар аралығында билік құрды. Ел басқарған отыз бес
жыл ішінде орасан зор империя құрылды, оған деген ынта-ықыластан ұланғайыр
тарихи әдебиет пайда болды, бұған ішінара Темірдің өзі де, Темірдің
ұрпақтары да себепші болған еді,
Билік құрған соңғы жылдарында Темір қайда барса да, дабирани хастарын
— жеке хатшыларын және фазилани асрларын — түркілердің білімдар адамдары
мен парсы ғалымдарын ертіп жүрді. Олардың ішінен біреулері Темірдің
жорықтарының күнделігін жазып отырды, енді біреулері оның жеке басының
ерліктерін сипаттап жазды, ал үшіншілері оның патшалық құруының жылнамасын
жазумен шұғылданды. Темірдің жүргізген соғыстары мен ерліктері өлеңмен,
қара сөзбен сипатталған көптеген баяндаулар бізге дейін жеткен жоқ; олардың
болғанын басқа шығармаларда келтірілген тақырыптарынан, үзінділерінен
білеміз. Жекелеген жорықтар сипатталып жазылған бірқатар күнделіктерден
бізге дейін жеткені Гийас ад-Дин Әлидің Темірдің Үндістанға жорығының
күнделігі ғана. Күнделіктің парсы мәтінін В.В. Бартольдтің редакциясында
1915 жылы Л.А.Зимин бастырып шығарды; 1958 жылы профессор А.А.Семенов оны
орыс тіліне аударды.
Темірдің өмірі мен қарекетін баяндайтын, пұрсатты ресми хроника болып
табылатын екі шығарма бар: біріншісі — Низам ад-Дин Шамидің Зафарнамесі —
1404 жылы, Темірдің тірі кезінде-ақ жазылған; екіншісі — Шараф ад-Дин Әли
Жездінің сол аттас белгілі шығармасы —1425 жылы жазылған.
Ал жалпы алғанда, мұндай толық ресми жылнама түзудің алғашқы
тәжірибесі XIV ғасырдың аяғына қатысты. Алайда бұл қарекет сәтсіз болды.
Еңбекке Темірдің көңілі толмай, қабылданбай қалған болатын.
Сәтті болмаған осы тәжірибеден кейін хижраның 804 жылы (1401 — 1402)
Темір өзінің билік құрған тарихының толық сипаттамасын жазуды Низам ад-Дин
Шамиге жүктеді. Низам ад-Дин Ирандағы Тебриз қаласының төңірегіндегі Шамда
туған, осыған орай ныспысының (туған жері бойынша атану) Шами болуы содан.
Низам ад-Дин Шами Бағдадта тұрған және Темірге 1393 жылы, ол осы қаланы
алған кезде ғана қосылған.
Шами жұмысқа кеш дегенде 1402 жылдың тамызында кірісті; бұл уақытта
оның қолында Темірдің тарихының жаулап алушының өзінің көңілінен шықпаған
бір толық нұсқасы болды, сондай-ақ бірқатар жекелеген жорықтардың
күнделіктері мен бұрынғы соғыстардың сипаттамалары бар еді. 1404 жылы
жазғытұрым Темір Ираннан Самарқанға қайтып келе жатқанда, Шами тәмамдаған
шығармасын әмірге ұсынды. Темір еңбекті мақұлдап, оны Зафарнаме —
Жеңістер кітабы деп атады.
Парсы тілінде жазылған бұл еңбек Темірдің ел басқарған уақытын
сипаттайтын аса маңызды деректеме болып табылады. Шами шығармасының мәтінін
Ғ. Таиег 1934 жылы бастырып шығарды. Шамидің Зафарнамесінің толық орысша
аудармасы әзірше жоқ.
Әулеттің негізін салушының өзінің талаптары ескеріле отырып жазылған
және Темірдің өзі мақұлдаған Шами шығармасы Темірдің ресми тарихын
сипаттаудың бастамасы болған еді; бұдан кейінгі жылдарда бұл сипаттаманың
бірнеше жалғасы мен нұсқасы болды.
Бұлардың ішінде ең көп тарағаны үшінші нұсқа болды. Ол әулет басының
қазасынан кейін жиырма жыл өткен соң Темірдің немересі, Фарста 1415—1436
жылдары билік құрған Ибрагим сұлтанның бастамасымен және тікелей қатысуымен
жазылды.
Ибрагим сұлтан хатшыларының көмектесуімен Темір тарихы жөнінде бұған
дейін жазылған материалдардың барлығын, сондай-ақ әр алуан жазғыштар мен
хатшылардың жазбаларын жинастырды. Мұқият іріктеліп, бір жүйеге келтірілген
материал Жезді қаласынан (Иран) шыққан, Темір әулетінің сарай ғалымы әрі
әдебиетшісі, замандастары дәуірдің үздік сөз зергерлерінің бірі деп білген
Шараф ад-Дин Әлиге берді. Ол жиналған материалды түпкілікті өңдеп,
қарасөзді арабтың шешендігі мен парсының мәнерлілігімен әсемдеп жазып
шығуға тиіс болды.
Мәртебелі бұйрыққа бойсұнған Шараф ад-Дин Әли Жезді тарихты
құрастырып шықты. Алғы сөзінде бұл шығарма Фатх-наме-йи Сахиб-қирани деп
аталған, бірақ көбіне Жездінің Зафарнамесі ретінде мәлім.
Түпкілікті түзетілуінде бұл шығарма Темірдің ресми тарихының неғұрлым
толық жазылуы болып табылады. Ол парсы тілінде жазылған және бірнеше рет
басылып шыққан. Шығарманың орыс тіліне толық аудармасы жоқ.
Темір туралы материалдар ресми деректемелермен тамамдалмайды. Оның
өмірі туралы Муин ад-Дин Натанзи, Хафиз-и Әбру, Әбдіраззақ Самарқанди,
Мирхонд және өз шығармаларын Темір әулетінің сарайында жазған XV ғасырдың
басқа да тарихшылары көп жазған.
Темір — түркі-монғол бектерінің арасынан шыққан, елде Шыңғыс хан
ұрпағы еместер әулетінің басы болған Мәуереннахрдың бірінші ұлыс билеушісі.
Ілгеріде айтылғанындай, ол тарих майданына күтпеген жерден, кенет, жиырма
бес жасында шықты. Сол уақытта бұрынғы Шағатай мемлекетінің шығыс бөлігінің
ханы Тоғлықтемір Мәуереннахрға әскерімен келіп кірген еді. Темірдің 1360
жылға дейін немен шұғылданғаны туралы Темір әулетінің ресми болсын,
басқадай болсын деректемелерінде анық еш нәрсе айтылмайды. Тек бар
хабарланатыны — Темірдің жас шағына қатысты уақиғалар тарихи жылнамаларға
Темірдің өзінің қалауы бойынша кіргізілмеді, өйткені олар оқушыларға адам
сенбестей болып көрінер еді делінеді.
Темірдің жас шағының өмірбаяны үшін деректеме болатындар — оның
сарайымен байланысы жок, осы себепті Темірдің қалауынан еркін жазба
жәдігерлер. Бұл — ең алдымен Темірдің тарихы жөнінде араб тілінде Ибн
Арабшах құрастырған, көлемі үлкен еңбек. Ол кісінің толық аты — Шихаб ад-
Дин Ахмед ибн Мухаммед. Бірақ ол Ибн Арабшах деген есімімен көбірек мәлім.
Тегінде, бұл есім — тахаллус (әдеби бұркеншік ат) болса керек. Оның шыққан
тегі араб, Дамаскіде хижраның 791 жылы (1388) туған, он екі жастағы бала
кезінде Дамаскіде Темір тұтқынына түсіп, Самарқанға әкелінген. Мәуреннахрда
ол бірталай жыл тұрып, білім алды, парсы және монғол тілдерін үйренді,
сөйтіп XV ғасырдың 20—30-шы жылдары межесінде Хорезм, Дешті Қыпшақ, Қырым
және Түркия арқылы отанына оралды; кейін Египетке көшіп барып, 1450 жылы
Каирде дүние салды. Ибн Арабшах бірнеше шығарма жазды, бұлардың ішіндегі ең
белгілісі — Аджаиб әл-маклүр фи наваиб (немесе фи ахбар) әл Темір
(Темірдің тағдырындағы (өмір уақиғаларындағы) күн ілгері белгіленген
ғажайыптар) — 1436—1437 жылдары жазылған. Бұл шығарма бірнеше рет басылып
шыққан, 1936 жылы аударылған ағылшынша тәржімасы бар.
Ибн Арабшах Темірге өте-мөте дұшпандық пиғылда болған, оны қатал
басқыншы, зорлықшы, безбүйрек қиратушы деп атайды, әйтсе де оның білімді,
ақыл иесі, ұйымдастырушылық, дипломатиялық, әскери талант дарыған адам
болғанын жоққа шығармайды.
Темірдің жас кезіндегі өмірбаянының енді бір деректемесі — испан
королі III Генрихтың Темір сарайына жіберген елшісі Рюи Гонсалес де
Клавихоның күнделігі. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Моғолстанның құрылуы және ыдырауы
Моғолстанның құрылуы
Моғолстан мемлекетінің құрылуы және этникалық құрамы
Моғолстанның алғашқы хандары
Моғол хандығы
Моғолстан мемлекетінің құрылуы
ӘМІР ТЕМІРДІҢ БАСҚЫНШЫЛЫҚ СОҒЫСТАРЫ
Астанасы Алмалық қаласы
Әмір темір және оның мемлекеті
Ежелгі қазақ тарихы пәнінен дәрістер
Пәндер