Жерұйық іздеген желмаялы Асанқайғы



Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 17 бет
Таңдаулыға:   
ЖОСПАР
Кіріспе 2
Жерұйық іздеген желмаялы Асанқайғы 3
Қорытынды 16
Қолданылған әдебиеттер тізімі 17

Кіріспе

ХІV ғасырдың екі жартысында Еділ бойында дүниеге келген философ-ақын.
Қазақтың жырауы, ХІV ғасырдың 60-жылдары қайтыс болған. Оның өмір сүрген
тұсы қазақ халқының қалыптасу кезеңіне сай келеді. Беделді адамдардың бірі
болғандықтан, оны Асан ата дет атап кеткен.
Асан қайғы Сәбитұлы – жырау, суырып салма ақын. Оның шығармашылығында
негізгі орын алатын қазақ тұрмысының өзекті мәселелерін арқау еткен
философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып
табылады.
Асан қайғының шығармаларын жинап, зерттеумен Ш.Ш.Уәлиханов,
Г.П.Потанин, М.Ж.Көпеев, С,Сейфуллин, М.О.Әуезов, тағы да басқалар
айналысты. Жыраудың ақындық мұрасын бастыру ХІХ ғасырдың соңында басталды.
Асанқайғы Алтын Орда хандығының, содан кейін Қазақ хандығының
негізін салған Ұлығ Мүхаммедтің ең беделді кеңесшілерінің бірі болған,
Шығыс Дешті-Қыпшақта өрбіген саяси күрес кезеңінде Әбілқайыр ханның
қарсыластары – 1456 жылы Қазақ хандығының негізін қалаған сұлтандар Керей
мен Жәнібектің жағында болды. Сонымен бірге, бұл хандықтың идеологы,
барлық қазақ руларының бір мемлекетке бірігуін құптағандардың бірі.
Асанқайғы көшпенді халық тұрмысына жұт, табиғи апаттар көп нұқсан
келтіретін жете сезеді. Осыған орай, Асан қайғының жанға жайлы, жері нулы,
суы мол, барлық адамдар терезесі тең өмір сүретін жерұйықты іздегені
туралы аңыз да елге кең тараған. Асанқайғы жерұйық адамдардың теңдік пен
бақыттың мекені болуы тиіс деп санады. Жер бетіндегі адамзат адал болуы
тиістігін ғибрат етті. ХV ғасырдың орта шеңінде Ақ Орда мен Алтын Орда
күйреген соң қазақтардың руларының Шығыс Дешті-Қыпшақтан Шу мен Талас
өзендеріне үдере көшуін тудырған өзара феодалдық қырқысулар аңызда айқын
суреттелген. Асанқайғы қазақ халқының ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді
өмірлік мұрат еткен дала абызы. Осыған байланысты, Желмаясымен жер
жаннатын іздеген жырауды Асанқайғы деп атап кеткен. Тұла бойы ізглікке
толы, халқын сүйген дананы Ш.Ш.Уәлиханов көшпенділер философы деп
атайды.
Асан қайғының Жерұйықты іздегені туралы әңгімелерде – ол өзі болған
жерлердің жай-күйін. Халқын суреттейтін қанатты сөздер, бейнелі
суреттеулер молынан кездеседі.
Асан қайғының нақ жерленген жері белгісіз, Екі дерек бар: біріншісі
бойынша, Жезқазған облысының Ұлытау ауданында, ал екіншісі бойынша,
Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы, Шиелі ауылынан 16 шақырым жерде
жерленген екен. Асан қайғыға арнап жасалған ескерткіш Асан ата күмбезі
деп аталады, Қызылорда облысында орналасқан, бұл ескерткіш 1982 жылдан
бері мемлекет қорғауында.

Жерұйық іздеген желмаялы Асанқайғы

(ХVғ.)
Бүкіл өмірін қазақ халқының асыл арманымен астастырып, оның тәуелсіз
де бақытты тұрмыс кешуіне елеулі үлес қосқан ұлы ойшыл ақын әрі аңыз
кейіпкері Асан қайғы әдебиетіміз тарихынан орын алуға лайықты тұлға. Ол тек
мал шаруашылығымен күнелткен көшпелі елге жайлы қоныс, бейбіт өмір аңсады,
"адамы жүзге келмей өлмейтін", "қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын"
мамыражай заман бар деп санап, оны өзі "Жерұйық" (кейде "Жиделі-байсын")
деп атады. Сөйтіп, қазақ жеріне көз алартып, басып алуды ойлаған отаршыл да
озбыр көршілерінен іргесін аулақ салу үшін әлгіндей құтты қоныс іздемек
болады. "Алты атанға қос артып, алты жыл қоныс" қарайды. Жүрген жерлерінің
бәріне шаруа көзімен қарап, ұтымды да дәл баға беріп отырады. "Асан қайғы
айтыпты" дейтін сын-сарап, болжам-пайым, тұжырым-баға әлі күнге ел жадынан
шыға қойған жоқ. Міне, осындай ұлы міндет, асыл арман арқалаған Асан Ата
туған жүртымен бірге тыныстап, бірге жасап келеді. Алайда халық қайғысын өз
қайғысы санаған ел қамқоршысы күні кешеге дейін ұлттық Ой ордасы мен
әдебиет тарихынан өзіне лайық төрдегі орнын ала алмай келді. Бұған оның
орыс отаршылдығына қарсы айтқан "Мұнан соң қилы-қилы заман болар" атты
болжау өлеңі басты себеп болды. Әділдік пен шындық жеңіп, тәуелсіздік
орнаған бүгінгі күнде оның аңыз кейіпкері ғана емес, халқының бақытты
болашағын ойлаған ұлы азамат, көрнекті ақын екенін де айтуға тиіспіз.
Асан қайғының өмірі туралы нақты деректер сақтала бермеген. Әз-Жәнібек
ханның тұсында жасаған сыңайлы. "Қырында киік жайлаған" атты толғауында ел-
жұрттың құтты қонысы Жем мен Ойыл бойын тастап, Керей мен Жәнібектің соңына
еріп, Шуға қарай жарыла көшуін ұнатпағанын сеземіз. Ал енді Әз-Жәнібекке
арнаған жырларында да ол ел бірлігі мен іргесі сөгілмеген тұтастықты,
қолайлы жол, көне дәстүрді тілге тиек еткен хан қасындағы ақылшы, кемеңгер
би тұлғасында көрінеді. Хан мен халыққа жөн-жоба көрсетіп, болашақты
болжау, ел басшысының мін-кемшіліктерін көзге айтып, сын сарабына салу
дәстүрі осы Асан қайғыдан басталады. Осы жүйе жыраулық поэзияда үзілмей,
жалғаса дамып, әйгілі Бұқар жырау шығармашылығында өзінің биік шыңына
жетті, жыраулық өнер әдебиетімізде жеке сала болып қалыптасып, қанат жайды.
Сөйтіп, ертеден келе жатқан ақындық үлгі, суырып салмалық дәстүр жаңа бір
жанрлық саламен толысып, кемелдене түсті.
Асан қайғының Әз-Жәнібекке айтқан әзірге мәлім үш толғауы да үлкен
әлеуметтік, саяси мәні зор мәселелерге арналады, Мұнда, ең алдымен, ханның
ел басқарудағы саясаты мен істерінің кейбір кемшіл жерлерін бетке басып
айту бар. Жырау бұл үш толғауын да бетпе-бет келген бір сәтте, ауызекі,
қолма-қол шығарып айтқан, соның өзінде, өзі аяғымен келіп айтпай, хан қайта-
қайта шақырып, қыр соңынан қалмаған соң, амалсыз толғауға мәжбүр болады.
Немесе, екінші сөзбен айтсақ, алғашқы толғаулары екіталай қиын сәтте
көпшілік алдында ханның өтініші мен талабына сай туғанын көреміз. Сол
Асанқайғыдан басталған арнау толғаулар Шәлгез, Жиембет, Үмбетей, Бұқар
жырларында толыса кемелденіп, жетіле түсті. Бұл жәйт жыраулардың ел ішінде
абыройлы, ханмен дәрежесі не тең, не артық болатынын, мұның үстіне,
ақылдылығы мен көрегендігі қатар жүретін кісілер екенін аңғартады. Осыған
орай бұлар әрі би, әрі батыр болып келеді де, хан алдында үстем сөйлеуге,
көнбесе, хансыз-ақ күн көретіндей тәуелсіздік танытуға бейім тұрады. Осы
тұста хан алдында тайсалмай, жер қылар-ау деп күлтектемей, бетке басып
сөйлеу тек жыраулық поэзияға тән табиғи сипат екенін айтуға тиіспіз. Дәл
осындай ерекшеліктер, неге екені белгісіз, ақындар поэзиясында тым сирек
ұшырасады. Ақындар көбіне-көп ел басшылары мен ауқатты болыс-билерді,
байларды мақтап, сый-сияпат алуды ойластырады. Мұның түпкі сыры: жыраулық
поэзия ел тағдыры мен жұрт болашағын ойлаудан туындайтынын көреміз. Сондай
екіұдай, қиын сәтте жалтарып, бұлтара сөйлеудің мүмкін еместігі түсінікті.
Жыраулық поэзия мен ақындық өнердің бірлігін айтқанда, бұлардың екеуі
де қолма-қол суырып салып айтылатын жырлар екені мәлім. Ал енді, айырмасына
келгенде, бұлардың құрылысы мен мазмұнында, тақырыбында, жоғарыда
айтылғандай, көптеген өзгешеліктері бар. Бұл туралы М. Әуезов кезінде былай
деп жазған еді: "Жырау демек — ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан,
жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы — "толғау".
Жыраудың мақсаты, міндеті — "не болса сол көңіл ашар" әлдене дерлік сөзді
айту емес. Ол заман сынын, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн,
бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады. Олжа, табыс,
абыройды ханмен қатар үлеседі. Ол кез "ханнан — қазық, биден — тоқпақ"
дегендей, "қолағашы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді" дегендей, хан мен
рубасы бидің өмір дәрежесі тең немесе артық жүрген күйді білдіреді" (М.
Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы. 15 том, Алматы, 1984, 258 б.).
Сонымен, Асан қайғы қазақтың тұңғыш бас қосып, жеке хандық құрған
кезіндегі алғашқы ханы Әз-Жәнібектің тұсында жасағанын аңғарамыз. Бұл дәуір
ХV ғасырға жатады. Қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің "Ыстықкөл
сапары туралы естеліктер" атты еңбегінде: "Манас" жырында ноғай, қазақ,
қырғыз елінің Шу мен Тәшкент, Іле мен Ыстықкөл төңірегінде бас қосқаны
жөнінде жырланады", — дейді. Алайда сол кездесудің жетпіс жылдан кейін
болуы мүмкін екенін ескерте келіп, ол осы халықтардың аңыздары мен
жырларының бірлігі мен өзара туыстығына үлкен мән береді. Осыған орай
Шоқан: "Қара қырғыз ордасына ноғай аңыздары да мәлім болатын. Олар "Едіге"
жыры мен ол туралы аңыздарды да білетін еді. Бұған қоса:
Кешегі он сан ноғай бүлгенде,
Ормамбет би өлгенде,
Орданың қара ағашы
Аспанға ұшып кеткенде, — деп те жырлайды. Бір қызығы, ноғайлықтар Орта
Азия көшпенділерінің барлық аңыздарында аталып, аралас-құралас жүр. "Манас"
жырында Ташкент "ноғайлықтарының" аты аталады. Жәнібек, Асан қайғы бұларда
да бар. "Ел ішін ала тайдай бүлдіру" оқиғасы қырғыздарда да, ноғайларда да
кездеседі", — деп жазады (Ш. Уәлиханов. Бес томдық. 1-том, Алматы, 1984,
327-6.).
Сөйтіп, Шоқан мұнда қырғыз, қазақ, ноғайдың ХVІІ ғасырдағы жаугершілік
тұсындағы айрылысу оқиғасын "ел ішін ала тайдай бүлдірген" деген мәтелмен
байланыстырады. Ол құба қалмақтардан қатты қауіптеніп, жау әне шабады, міне
шабады деп отырғанда, түн ішінде бір ала тай босанып кетіп, жұртты
дүрліктіріп, ноғайлардың ес жия алмай, жер шеті қиянға біржолата қоныс
аударғанына себеп болғанын қалмақ жыршыларының жыры арқылы дәлелдейді. Бұл
мәтел бізде әлі күнге дейін қаз қалпында ұмытылмай келгенін айта аламыз.
Сондай-ақ ғалым осында Ормамбет бидің өлуі мен он сан ноғайдың бүлінуін
Жәнібек хан мен Асан қайғы аттарына қисынсыз байланыстырып отырған жоқ.
Тіпті, Асан қайғының Әз-Жәнібек ханмен бір заманда өмір сүргенін
айғақтаумен қатар, оның сол іргесі сөгілмеген туысқан елдердің айрылысу
оқиғасына орай қайғырып жыр толғағанын да аңғартпақ болған тәрізді. Осы
Ормамбет ханның өлімі мен айрылысу оқиғасына сәйкес, Асан қайғының жыр
толғағанын белгілі тарихшы Қ. Халитоғлы да жүйелі сөз еткені мәлім.
Қ. Халитоғлы өзінің "Тауарих Хамса Шархи" атты еңбегінде сол айрылысу
оқиғасына орай жоғарыда Шоқан аңғартқан мәселені анықтай ашып, зерделей
түседі. Ол Асан қайғының атақты "Мұнан соң қилы-қилы заман болар" атты
толғауының тууын да осы оқиғамен, яғни ел бірлігінің кетіп, ыдырауымен,
орыс отаршылдарының сыналап елге, жерге ене бастауымен байланыстырады. Бұл
күндері ел жадынан шығаруға айналған жырдың зерттеуші ұсынған нұсқасы
төмендегіше:
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып, жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Бабалардың дәурені тамам болар.
Ол күнде қарындастан қайыр кетер,
Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлың, қызың орысқа бодан болып,
Қайран ел, есіл жұртым сонда нетер?!
Қ. Халитоғлы бұл жырды айтып беруші кісінің аты-жөнін де келтіріп,
оның Қойшан атты қария екенін де хабарлайды. Ал енді жоғарында сөз болып
отырған тарихи оқиғаның мән-жайын: "Екі көзі жоқ Құдабай деген ақын кісі
бар еді. Қыжыраның 1286 жылы қарашаның он жетісі еді, бір жерде кезігіп
қалып: "Асан қайғы кім, оның мақалдарынан білетіндеріңізді айтып
көріңізші", — дегенімде, мынау өлеңді айтты:
Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін.
Бұл сөзге анық-қанық емес едім,
Естігенім, тақсыр-ау, былай деймін.
Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,
Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.
Ормамбет хан Ордадан шыққан күнде,
Асан ата қайғырып айтыпты жыр...
Қалай дегенде де, Ормамбет хан өлгеннен кейін қазақ пен ноғайдың
бөлінісіп, ыдырағанын, мұның аяғының жақсылыққа соқпайтынын Асан қайғы
жұрттан көп бұрын түсінген, халық болашағын күн бұрын дұрыс болжаған. Қ.
Халитоғлы да Асан қайғының көреген, данышпан адам екенін тап басып, дұрыс
бағалайды. Ол осы аталған еңбегінде Асан атаға тағы да оралып: "Асан атаның
жәйі "Қазақтың ата-тегі" деген тақырыпта айтылған еді. Тақпақтап, мақалмен
сөйлейтін, әрбір сөзінде терең мағыналы мазмұн жататын ұлы адам екен. Екі
елдің, яғни моңғол, татар сарай хандарының, сондай-ақ Россия кінәздарының
әрекет-қимылдарын ойланып, пейілдерін пайымдап, өз хандарының тұрақсыз
тұрғанын көріп, дәулеттің қолдан кетерін, Россияның бұл өңірге аяқ басып
жетерін аңғарып, осы сөздерді айтқан болу керек", — дейді. Ең соңында
жоғарыдағы өлең жолдарын айтқан кісілердің кім екенін, ақындықтың кейбір
жұмбақ сырларын да ашып, тиянақтайды: "Қойшекем" дегені Қойшан деген бір
білімді кісі болса керек. Құдабай ол кісіден әңгіме ретінде естіген сөзді
бізге өлеңмен айтып берді. Өйткені ақындарға қара сөзден өлең жеңіл, олар
өлеңмен айтқанын қара сөзбен мұндай ұғымды қылып айта алмайды. Бұл туралы
"Ақын дауға жарамас, Шешен жауға жарамас" деген мақал бар", — дейді.
Қ. Халитоғлы Асанқайғының ата-тегі туралы айтқан сөздерін Құдабай
ақынның өз аузынан естіген, алайда сонымен қанағаттанып қалмай, оның тарихи
нақты тұлға екеніне де зер салып, тың дерек ұсынады. Ол былай дейді: "Асан
қайғы асылы ноғай емес. Шыңғыс ханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы
немересі". Олай болса, Асанқайғы "Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы
би" деген қазақ мәтелінде аталатын Майқы бидің ұрпағы болып шығады. Осы
айтылған пікірдің өзі-ақ оның қашан өмір сүргені мәлімсіз аңыз кейіпкері
емес, нақты тарихи тұлға екенін дәлелдесе керек. Ал енді Асан қайғының
"асыл түбі ноғай" деген сөзге келсек, мына жәйтті есте тұтқан жөн сияқты:
ең алдымен, ноғай мен қазақтың бұл тұста, яғни ХV ғасырда жеке хандық
құрғанға дейін этникалық бір құрамда жүргенін білеміз. Біздің көптеген
эпостық, лиро-эпостық жырларымыздың, аңыз әңгімелеріміздің ара-жігі
ашылмай, "Ноғайлы дәуірін" құрағаны мәлім. Мұндай туыстық, бірлік
негіздерін Шәлгез, Қазтуған, Доспамбет жырларынан да айқын аңғарамыз.
Осындай этникалық тұтастық жайын Шоқан былайша түсіндіреді: "Ноғай" деген
ат жартылай отырықшы елдерден ажырату үшін айтылған аты еді. Ноғайды да,
өзбекті де — бәрін де "ноғай" деп атаған. Бірге жасап өмір кешкен ноғай мен
қазақ ордасын Жәнібек билеген кезең қазақ жырларында алтын дәуір тұрғысында
саналады" — деп жазды (Ч. Ч. Валиханов. Сочинения. Спб. 1904, стр. 299-
304).
Дәл осындай пікірді С. Сейфуллин де, Қ. Жұмалиев те толық қуаттайды.
М. Ж. Көпеев те осы ойды жинақтай келіп, Асан қайғының арғы аталары
делінетін Майқы биді үш жүз болып бөлінетін дәуірмен байланыстырады
(Қазақстан ҒА Орталық ғылыми кітапхана қоры, №1176, 109-111 беттер. М. Ж.
Көпеев материалдары).
Бұған қосып айтарымыз: мәселенің түйіні Асан қайғыны қай халық өз
жырауы деп санап, оның шығармаларын ғасырлар бойы сақтау, ұмытпай келуінде
болса керек. Әр алуан нұсқадағы аңыздар мен халық әңгімелерін, өз атынан
сақталған сан салалы толғауларын негізге ала отырып, Қазақ елінің Асан
қайғыны өзінің төл жырауы санап келгенін көреміз. Сондай-ақ кәрі де, жас та
күні бүгінге дейін "Асан қайғы атамыз айтқан екен" деп, оның аңыздары мен
жер-жерге берген бағаларын, алдын болжап айтқан толғауларын жатқа айтып,
сөзінің дәлдігі мен көрегендігіне таң қалысып отырады. Бір өкініштісі,
қазіргі Дағыстанда тұратын ноғайларда қамқоршы атамызды "Асан қайғылы" деп
атаса да, ол кісінің атынан бір де бір жыр сақталмағанын айтуға тиіспіз.
Шындап келгенде, ноғай халқының да Асанқайғыға ортақ болуы заңды, бірақ
атамыздың өлең-жырларының оларда сақталмай қалуы тіптен түсініксіз. Сол
ХVІІ ғасырдағы айрылысудан кейін ұмытылды ма немесе хатқа түспей, ұшты-
күйлі жоғалды ма, бұл жағы мәлімсіз. Тек құмық ақыны М. Османовтың 1883
жылы Санкт-Петербургта жариялаған "Ноғай, құмық шығырлары" атты кітабында
"Ианыбек пен Хасан" туралы бір аңыз басылған. Мазмұны жағынан біздегі
әңгімелерге ұқсас, айырмасы тек кісі аттарында ғана, сондай-ақ мүнда
бірыңғай қара сөзбен жазылса, бізде қара сөзбен өлең аралас келетіні мәлім.
Бұрын жұртшылыққа белгісіз болып келген бұл аңыз сонда айтылғандай
Хасанның, біздегі Қасеннің (кейін ел қамын көп ойлағаннан "Асан қайғы"
атанған) тарихи бір тұлға екендігін білдіреді. Аталған аңыздың біздегі
аңыздармен ұқсастығы мен айырмашылықтары кейінірек арнайы сөз болады.
Ендігі бір-екі ауыз сөз "жырау" термині туралы дер едік. Мұның "жыр",
"жыршы", "жырламақ" сөздерінен бастау алғанын Ш. Уәлихановтан бастап, В.В.
Радлов, Л.3. Будагов, В. Жирмунский, X. Зарифов, Қ. Қайымбетов тәрізді
белгілі зерттеушілер де айтқан. Өзіміздің Ә. Марғұлан, Қ. Жұмалиев, М.
Әуезов, Е. Ысмайылов, Ә. Қоңыратбаев, Ы. Дүйсенбаев, 3. Ахметов, Н. С.
Смирнова, М. Мағауин секілді әдебиет зерттеушілері де бұл тақырыпты арнайы
сөз етті. Бұл мәселе М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
көп жылдар бойғы әдебиет тарихына арналған сан алуан еңбектерінде де
кеңінен қарастырылып келеді. Бұлардан "Ерте дәуірдегі қазақ әдебиетті" атты
коллективтік еңбекті бөліп атауға болар еді.
Сонымен, жыраулық дәстүр қоғамдық, әлеуметтік өмірдің талап-
тілектеріне сәйкес жеке жанр болып қалыптасты. Ол, Шоқанның көрсетуі
бойынша, қобыз сүйемелдеуімен орындалып, ән-әуенмен жырланатын рапсодия.
Жырдың мазмұны батырдың өмірі мен ерлік істерін жырлауға байланысты
көрінеді. Ал Ә. Марғұлан: "Жыраулар — эпикалық жырды жасаушылар, қоғамдық
өмірдің барысын, болашақты болжап айтатын профессионалдық топтың өкілдері.
Мұның басында Қорқыт, Аталық, Сыпыралар тұрса, кейінгі өкілі Асан қайғы", —
деп қарастырады. Осыған орай, Қ. Халитоғлының жоғарыда аталған кітабында да
жыр мен өлеңнің табиғи белгі-сипаттары біліктілікпен сөз етіледі. Ол ақын
мен жыршының айырмасын әңгімелегенде, сондағы құрылысы мен буын санындағы
өзгешеліктермен қанағаттанып қалмай, олардың мазмұндық айырмасына да зер
салып: "Ақындардың өлеңі жай мағыналы болып, ал жыршылардың сөзі мадақ,
насихат мағыналы болып келеді және мысал сипаттас әсерлі болады", — дейді.
Рас, жыраулық поэзия Асан қайғыға дейінгі Қорқыт, Аталық, Сыпыра
жыраулардан басталатыны мәлім. Бұлардың бірі, мәселен, Қорқыт болжап сөз
айтуға, ақыл-кеңес беруге бейім тұрса, Аталық (Ұлық жыршы) Жошы хан өліміне
орай естірту айтса, Сыпыра жырау эпикалық жырдың ("Ер Тарғын", "Едіге
батыр") ішінде кейіпкер ретінде көрініп, ақылшы, кеңесші болып сипатталады.
Бұлардағы жетіле қоймаған жыраулық белгілер кейінгі Асан қайғы, Шәлгез,
Бұқар жырауларда айқын көрініс тауып, жаңа сипаттармен толысып, кемелдене
түсті. Аталған жыраулардың бөрі де хан қасынан табылып, оның ел басқарудағы
саяси істеріне дұрыс бағыт беріп отырды. "Әр ханның тұсында бір сұрқылтай"
дегендей, бірінсіз бірі күн көре алмайтын еді десек те, мұндағы басты тұлға
жыраулар болғаны аңғарылады. Қай жырау болса да, халық арасындағы биік
абыройының үстіне, ақылдылығымен, алдын болжағыш көрегендігімен, әділ де
шьшшыл білгірлігімен дараланып отырған, сондықтан ел болашағы шешілер қиын
сәттерде хан қасындағы жыраудан ақыл-кеңес сұрауға мәжбүр болған. Сондай
тұстарда жырау ханның бұрынғы істеріне де баға беріп, қалт еткен жерлерін
аяусыз сынаған, әділдік пен шындықты айтып, ертеңгі болашақжайын
бұлтарыссыз сойлеген. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жерұйық іздеген желмаялы Асанқайғы. Қызыл тілдің шешені Қазтуған жырау. Шәлгез (Шалкиіз) жырау. Жиембет жырау
Ортағасырлық мәдениет және мемлекет қайраткерлері: асан қайғы, қазтуған, шалкиіз және жиембет жыраулар
Асан қайғының айтқандары
Жыраулар поэзиясындағы құт-береке ұғымы
Ескендірмен Асанқайғы жайлы әңгімелер
Аңыз-әпсаналардың жанрлық ерекшеліктері
Асан қайғы философиясы
Қазақ ауыз әдебиеті - қазақ әдебиетінің түп тамыры
Асан Қайғы туралы аңыздар
Қазақтың аңыз ертегілері, жаңылтпаштары, нақыл сөздері
Пәндер