Балалар әдебиеті тілінің когнитивтік негіздері


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ
ӘОЖ 821. 512. 122. 09-93 Қолжазба құқығында
АБДУЛЛИНА ЗАУРЕШ ӘБДІРАХМЕТҚЫЗЫ
«БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ КЕЙІПКЕРЛЕРІНІҢ ТІЛДІК ТҰЛҒАСЫ»
(Б. Соқпақбаев, М. Гумеров. М. Қабанбаев шығармалары бойынша)
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған
ДИССЕРТАЦИЯ
Ғылыми жетекшіcі: доцент Қ. Рысберген
Алматы, 2008
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1. Поэтонимдердің көркем мәтіндегі терминдік, функционалдық сипаттамасы . . . 9
1. 1. Балалар әдебиетіндегі поэтонимдердің қолданыс аясы . . . 9
1. 2. Балалар әдебиеті тіліндегі көріктеуіш тәсілдер . . . 26
1. 3. Балалар әдебиетіндегі лақап аттардың лингвосемиотикалық ерекшеліктері . . . 48
2. Балалар әдебиеті тілінің когнитивтік негіздері . . . 57
2. 1. Балалар әдебиетінің лингвоконцептуалдық құрылымы . . . 57
2. 2. Көркем әдебиеттерде бала санасындағы символдардың қалыптасу деңгейі . . . 81
2. 3. Балалар әдебиетінің психолингвистикалық сипаты . . . 95
Қорытынды . . . 110
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 113
КІРІСПЕ
Жұмыстың өзектілігі . Қазақ балалар әдебиеті - өз даму кезеңінде өзіндік тарихы бар сала. Балаларға арналған әдебиет ұлт тарихында сонау ауыз әдебиетінен бастау алып, қазіргі кезеңге дейін өзінің тілдік, стильдік жағынан, мазмұны мен құрылымы жағынан, үлкен белеске көтерілді. Жалпы балалар әдебиеті өзінің негізін ауыз әдебиеті үлігілерінен алады. Қазақ ауыз әдебиетінің «шілдехана», «бесік той», «тұсау кесер» т. б. үлгілерінен бастау алатын балалар тақырыбына арналған шығармаларды сөз еткенде, қазақ ертегілері мен жұмбақтардың, жаңылтпаштардың мазмұны мен тақырыптық жағынан ерекшелігін айта кеткен жөн. Мұның барлығының мазмұнында алғашқы қоғамдастыққа тән бейақиқат өмірдің фрагменттері басым болып келетінін ескерсек, оның тілдік ерекшелігі мен танымдық деңгейін арнайы қарастырудың өзіндік мәні бар. Балалар әдебиеті басқа да көркем шығармалар тәрізді сан ғасырлық тарихи даму кезеңдерді басынан өткеріп келеді.
Ұлттық балалар әдебиетінің атасы деп А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, Б. Майлин, С. Сейфуллин, Ж. Жабаев, І. Жансүгіров, С. Бегалин т. б. ақын-жазушыларды атасақ, одан кейінгі кезеңде жарыққа шыққан М. Әуезовтың «Бала Шоқан» әңгімесінің ізін ала қазақ әдебиетіндегі балалар тақырыбына жазылған шығармалар да, тақырыбы мен мазмұны жағынан ерекше мәнге ие бол бастады. Жетпісінші жылдардың басында қазақ әдебиетінде Ж. Дәуренбеков, Ж. Аяшев, Р. Қунақова, С. Бердіқұлов, С. Ерубаев, С. Елубай, Ә. Тарази, Б. Соқпақбаев, М. Қабанбаев, М. Гумеров сынды ақын-жазушылардың балалар тақырыбына жазылған шығармалары дүниеге келді. Осы тұста Ж. Дәуренбековтың «Алғашқы сабақ», Ж. Аяшевтің «Алақан», С. Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп», С. Ерубаевтың «Мәңгілік өмір туралы жыр», С. Елубайдың «Ойсыл қара», М. Гумеровтың «Өзіұшар», Ә. Таразидың «Арман атаман», Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты әңгімелері жарық көрді.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында жазылған, қазақ әдебиетіндегі балалар тақырыбына арналған шығармаларды тақырыптық, стильдік тұрғыдан төмендегідей топтарға бөлуге болады:
- Ғылыми-танымдық әдебиеттер;
- Көркем әдебиет, фольклор;
- Өнер тақырыбы;
- Дін, атеизм.
Осы тұстағы көркем әдебиет пен фольклор жанрында балалар тақырыбына арналған әдебиеттерге жоғарыда аталған қаламгерлердің шығармаларын жатқызуға болады. Сондай-ақ, ғылыми-танымдық әдебиет өкілдері ретінде аталған жылдары Р. Сәтібектің «Жол әліппесі», «Жыл он екі ай» атты балаларға арналған танымдық еңбектері, А. Көбесовтың «Сөнбес жұлдыздар» атты шығыс ғұламалары жайлы очерктер жинағы, К. Ыдырысовтың «Ойнайық та ойлайық» атты мектеп сахнасына арналған қызықты ойын, тақпақ, жұмбақтары, Ә. Бірмағамбетовтың «Бұлай деп неге атаймыз?» тақырыбындағы қызықты географиялық атауларға байланысты еңбегі, Қ. Нұрсұлтановтың «Ертегі есептер» атты математикалық әңгімелер жинағы, Т. Оразовтың «Қаныштың жастық шағы» тақырыбындағы мектеп жасындағы балалар үшін жазылған естелік әңгімесін айтуға болады.
Өнер тақырыбына арналған балалар әдебиеті шығармаларының үлгілеріне Қ. Боқаевтың «Өнерпаз болсаң арқалан», Т. Бекхожинаның «Қазына» музыкалы-этнографиялық жинағын да атап кеткен жөн.
Діни, атеизм тақырыбындағы балалар әдебиеті шығармаларына К. Нұрмағамбетовтың «Жастар және ислам», А. Искаковтың «Ислам дінінің жақсылық, жамандық және өмірлік мақсат туралы ұғымдарына сын» атты мектеп оқушыларына арналған еңбектерін жатқызамыз.
70-80 жылдардағы балаларға арналған көркем әдебиет үлгілері туралы сөз болғанда, оның ішінде қиял-ғажайып, яғни фантастикалық тақырыпқа жазылған әңгімелерге М. Айымбетовтың «Ертегіден келген бала» повесін, Р. Баймахановтың «Шайтанқұмда жоғалған бала» және «Қаратауға қонған жұмбақ кеме» атты әңгімелерін, М. Гумеровтың «Жұмбақ сәуле» әңгімесін, Ш. Әбдірамановтың «Әл-Фараби көпірі» атты әңгімелер жинағын, Т. Сүлейменованың «Алианна - жұмбақ нысан» тәрізді т. б. шығармаларын айтып өтуге болады.
Біз, өз жұмысымызда осы жылдарда балалар тақырыбына жазылған көркем әдебиеттердегі кейіпкердің тілдік тұлғасын қарастыруды жөн көрдік. Балалар тақырыбына жазылған шығармалар өзінің тақырыптық, стильдік, құрылымдық жағынан ерекше дүние. Осындай шығармалардың біршамасы аталған жылдары әдебиетімізге қазақ тіліне аударма жасау арқылы келді. Аударма жасау арқылы әлем әдебиетіндегі балалар тақырыбына жазылған шығармалардың озық үлгілері тәржімаланды.
Тіл - адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың тарихи дамуының, дүниетанымы мен мәдени байлығының көрінісі. Біз, балалар танымын зерделей отырып, бұл тақырыпта жазылған шығармалардағы жалқы есімдерге де талдау жасай кеткенді жөн санадық. Себебі, ономастикалық атаулар да тілдік қордың құрамдас бөлшегі ретінде өз бойына этнос өмірінің құнды деректерін жинаған. Жер бетіндегі әрбір этностың бір-біріне ұқсамайтын мәдениеті мен өзіне тән ерекшеліктері болатыны тарихи заңдылық. Мұндай құбылыс сол тілдік ұжымдағы ортаның қарым-қатынасынан, олардың сөйлеу мәдениеті мен өмір сүру дағдысынан, тектік құрылымының коммуникативтік ерекшеліктерінен анық байқалатынын аңғаруға әбден болады. Бұл ерекшеліктер сол кезеңге тән қоғамдық сананың тілінде жақсы сақталады да, сол этностың рухани, мәдени құндылықтарының негізін көрсетеді. Осыған орай қазіргі тіл ғылымында халықтың, индивидтің, оның ішінде бала дүниетанымындағы қоршаған ортаның этноментальды өмірін, дүниетанымдық сипатын қарастыратын антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің мәні зор болмақ. Себебі, тіл адамдардың іс-әрекетінен тыс дамымайды. Тілдік ұжымды, жеке адамды тілі арқылы танығанда ғана оның шаруашылық, мәдени өмірінен толық ақпарат алуға болады. Ал, баланың қоршаған ортаны қабылдауы мен ой-танымы, оны санаға сіңіруі, болмыс туралы ақпарат жинақтауы жас ерекшелік психологиясына сай этностың когнитивтік деңгейінің даму кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді. Тілдік ұжым мүшелерінің дүниетанымы адамзат пен мәдениеттің даму кезеңдерінің сатысынан өткен сайын ақиқат дүниені тек логикалық-позитивтік қана емес, этикалық-моральдық, ментальдық тұрғыдан да таныта алады.
Дүниенің тілдегі бейнесін жан-жақты қарастырауда көркем мәтіннің тілдік тұлғасын этнолингвистикалық, когнитивтік тұрғыдан талдаудың маңызы ерекше. Сондықтан біз зерттеу еңбегімізде Б. Соқпақбаевтың, М. Гумеровтың, М. Қабанбаевтың балалар тақырыбына жазылған шығармалаларындағы кейіпкердің тілдік тұлғасын, оның лингвомәдени сипатын айқындауды басты мақсат етіп қойдық.
Басқа да тілдік бірліктер тәрізді балалардың тілдік қолданыс ерекшеліктерін когнитивтік модель қалыптастырушы таңба, ақиқат дүниенің көрінісін белгілейтін нысандар деп ұғамыз. Көркем әдебиеттердегі баланың, яғни кейіпкердің тілдік ерекшелігі мен сөз қолданысы, эстетикалық таным деңгейіне сай символдық таңбалардың қалыптасуының өзіндік ерекшелігі де бар. Осы орайда, жекелеген ақын-жазушылардың тілдік тұлғасын қарастырған зерттеу еңбектері болғанымен, белгілі бір кезеңге тән балалар тақырыбына жазылған шығармалардағы кейіпкердің тілдік ерекшелігін, ой-танымы мен болмыс-бітімін біріктіре отырып, оны антропоцентристік аспектіде, жас ерекшелік психологиясына сай бала танымын этностың танымдық дүниесімен тығыз байланыстыра зерттеу осы кезге дейін қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистикада арнайы қарастырылмағаны белгілі. Осыған байланысты таным - мәдениет - тіл үштігінің принциптері негізінде, балалар шығармаларындағы кейіпкерлердің танымдық ерекшелігін тілдік фактілер арқылы когнитивтік құрылым тұрғысынан ғылыми талдау жасау қай кезде болса да өзекті мәселе болып табылады.
Зерттеу жұмысының нысаны ретінде тіл біліміндегі лингвокогнитивтік, психолингвистикалық зерттеудің жаңа бағыттарында анықталған балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілдік тұлғасы алынды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері М. Гумеровтың, Б. Соқпақбаевтың, М. Қабанбаевтың шығармалары.
Зерттеудің негізгі әдістері мен тәсілдері . Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты сипаттама, салыстырмалы талдау мен жинақтау, ассоциативтік әдістері, концептілік талдау, жүйелеу және оны түсіндіру, аналитикалық талдау әдістері қолданылды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.
Зерттеудің негізгі мақсаты - қазақ әдебиетіндегі тілдік, тақырыптық ерекшелігімен дараланып тұратын көркем шығармалардың бірі - балалар әдебиеті. Балалар әдебиетінің мазмұны мен концептуалдық құрылымы көркем шығармалардың басқа саласына қарағанда стильдік мәнімен ерекшеленіп тұрады. Қазіргі антропоцентристік бағыттың ғылыми теориялық қағидаларына сәйкес балалар әдебиетіндегі кейіпкердің дүниетанымы мен болмысын, тілдік қолданысын этностың ұлттық танымымен байланысты концептілік құрылым ретінде тұжырымдау, сондай-ақ, зерттеу жұмысында балалар тақырыбына жазылған шығармалардағы кейіпкер қолданысындағы ономастикалық атаулары, тілдік көріктеуіш тәсілдері, бала психологиясының когнитивтік құрылымы анықталады. Бұл мәселелерді анықтау үшін мынадай міндеттер қойылды:
- Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілінде көрініс табатын ономастикалық атауларды анықтап, қоршаған ортаның бала санасына әсерін анықтау;
- Балалар әдебиетіндегі кейіпкерлердің лақап есімдерді қолдануы мен жиілігін айқындау;
- Жоғарыда көрсетілген ономастикалық кеңістік, прецеденттік есімдер т. б. негізінде М. Гумеровтың, Б. Соқпақбаевтың, М. Қабанбаевтың шығармаларының этнотанымдық жүйесін айқындау;
- Балалар әдебиетіндегі кейіпкерлердің тілдік құралдарды - фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, диалект сөздер, өзге де көріктеуіш тәсілдерді қолдану аясында кейіпкердің тілдік тұлғасын анықтау.
- М. Гумеров, Б. Соқпақбаев, М. Қабанбаев шығармаларының ұлттық мазмұны негізіндегі көркем тілінің концептуалдық құрылымын анықтау;
- Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің санасындағы эстетикалық танымға сәйкес символдық ұғымдардың қалыптасуын нақты дәйектеу;
- М. Гумеровтың, Б. Соқпақбаевтың, М. Қабанбаевтың шығармаларындағы кейіпкердің сөйлеу мәдениетіне тілдік тұлға тұрғысынан сипаттама беру;
- Балалар шығармаларындағы онимдерді қазақ тілінің ономастикалық концептосферасындағы құрылымдармен салыстыру отырып тілдік бірліктердің когнитивтік негізін анықтау.
- Балалар тақырыбына арналған шығармалар тіліндегі бала танымының психолингвистикалық ерекшелігін айқындап, мәнін ашу;
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні.
Жұмыста ұсынылған тұжырымдар мен пайымдаулар, алынған нәтижелер қазақ тіл біліміндегі лингвокогнитивтік, психолингвистикалық зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері мен ұстанымдарын нақтылай түсуге, айқындауға өз деңгейінде үлес қосады. Б. Соқпақбаевтың, М. Гумеровтың, М. Қабанбаевтың балаларға арналған шығармаларының концепт құрылымдарын анықтау арқылы лингвомәдениеттану, этнолингвистикалық білім негіздерін тереңдетуге ықпал етеді. Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдар, талдау жасалған тілдік деректер лингвомәдени, этнолингвистикалық бағытта арнаулы курстарда талдау жүргізу үшін пайдалануға болады. Сондай-ақ, зерттеу нәтижелерін этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, көркем мәтінді лингвистикалық талдау пәндерінен қосымша дәріс оқуға да септігі тиеді.
Зерттеу жұмысының әдістанымдық негізі. Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілін антропоцентристік парадигмада сөз ету, оған жан-жақты когнитивтік аспектіде талдау жүргізу барысында әлемдік когнитолог ғалымдар В. А. Маслова, Е. С. Кубрякова, А. Бабушкин т. б. және қазақ тіл біліміндегі Ә. Қайдар, Т. Жанұзақов, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, Н. Уәли, Е. Керімбаев, Ж. Манкеева, Қ. Рысберген, Б. Тілеубердиев т. б. ғалымдардың зерттеу еңбектері, теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:
- зерттеу жұмысында балалар әдебиетіндегі кейіпкер тілінің ерекшелігі мен тілдік тұлғасы анықталып, жалқы есімдердің , этнолингвистикалық, лингвокогнитивтік ерекшеліктері көрсетілді.
- балалар әдебиеті кейіпкерлеріне лақап есімдердің берілуінде ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесі, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттық менталдық танымның ерекшелігі анықталды.
- Б. Соқпақбаевтың, М. Гумеровтың, М. Қабанбаевтың балаларға арналған шығармаларындағы кейіпкер тілінде қолданылатын тілдік көріктеуіш құралдарына талдау жүргізілді.
- концепт ұғымы кешенді құрылым деп танылып, балалар әдебиетіндегі кейіпкер дүниетанымын нақтылайтын концептінің типтері анықталды.
- бала санасындағы қалыптасатын символдық белгілердің лингвомәдени мазмұны сипатталды.
- баланың дүниетанымдық ерекшелігін анықтау мақсатында кейіпкердің тіліне психолингвистикалық тұрғыда талдау жасалды.
- көркем шығармадағы баланың сөйлеу мәдениетін анықтау мақсатында жұмыста алғаш рет синэргетика термині қолданылып, бала санасына әсер етуші энергетикалық қуаты бар сөздер анықталды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
Б. Соқпақбаев, М. Гумеров, М. Қабанбаевтың балаларға арналған шығармаларында кейіпкер тілінде қолданылатын тілдік бірліктердің семантикасы, ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесі, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттық менталдық танымға байланысты қалыптасады;
- баланың ғалам бейнесі жас ерекшелігіне, танымдық тәжірибесіне, психофизиологиялық қасиеттеріне байланысты ересек адамның ғалам бейнесінен өзгеше болып келетінін зерттеу нысаны айқын көрсетеді;
- баланың тілдік тұлғасы ұлттық құндылықтар жүйесін белсенді қабылдайтын өсу, қалыптасу процесіндегі тілдік тұлға;
- жасөспірімдердің танымдық деңгейі, қоршаған дүниені қабылдауы, лексикалық қордың ортақтығына байланысты, балалардың ұжымдық тілдік тұлғасы арқылы қалыптасады;
- балалар тілінің қолданысындағы жалқы есімдер ономастикалық атаулардың когнитивтік аспектіде зерттеуіне дерек бола алады;
- тіл білімінің когнитивтік саласында лақап есімдер концепт құраушы таңба ретінде танылды;
- баланың тілдік тұлғасын қалыптастырушы негізгі сыртқы факторлардың бірі - прецеденттік есімдер болып табылады.
- шығармадағы фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, теңеулер, диалект сөздер, авторлық қолданыстар концептуалдық өріс ретінде өзіндік жүйе құрайды.
- концептілік құрылымдар арқылы бала ұғымындағы символдық таңбалар лингвомәдени мазмұнға ие болады.
- балалар әдебиетіндегі бала санасына ықпал жасаушы синэргетикалық тілдік бірліктердің психолингвистикалық мазмұнын сипаттау арқылы ұлт мәдениетінің тілдегі көрінісі анықталады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы.
1. Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіндегі жалқы есімдердің психолингвистикалық мәні. // Хабаршы-Вестник. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ. Алматы-2005ж.
2. Б. Соқпақбаев шығармаларындағы көріктеуіш тәсілдер. // Қазақ және орыс тілдері шет тілдік кеңестікте: оқытудың қазіргі технологиялары. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университет. Алматы-2005ж.
3. “Балалар әдебиетінің тілдік тұлғасы” (Б. Соқпақбаев шығармалары негізінде) . // Республикалық конференция ҚазҰАУ Мемлекеттік тілде маман даярлау “Жаңа мақсат, жаңа жүйе”. Алматы, 2006ж.
4. 70-жылдардағы балалар әдебиеті (Т. Нұрмағанбетов шығармалары бойынша) . // Тілтаным № Алматы, 2007ж.
5. Балалар әдебиеті тілінің зерттелу тарихы. // (Республикалық конференция) Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиясының Хабаршысы. Алматы, 2007ж.
6. Балалар әдебиетінің лингвоконцептуалдық сипаты // «Қазақ тілінің лексикология, лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері: қалыптасуы, дамуы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы, 2007. 146-151 б. б.
7. Балалар әдебиеті тіліндегі ортақ концептуалдық құрылым // Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері. Алматы, 2007. 348-351б. б.
Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады
1. Поэтонимдердің көркем мәтіндегі терминдік, функционалдық сипаттамасы.
1. 1. Балалар әдебиетіндегі жалқы есімдердің қолданыс аясы
Ономастика тілдің лексикалық бір бөлігі ретінде қоғамның, этностың тарихы мен әлеуметтік өмірімен тығыз байланысты. Ономастиканы зерттеушілер ұлттық дүниетаным мен тілдің байланысын, атаулар мен оған негіз этномәдени ақпараттарды тілдік тұрғыдан қарастырады. Кеңестік дәуірде түркі халықтарының ономастикасы жоғары деңгейде зерттелді деуге әбден болады. Ономастиканың өзекті мәселелеріне талдау жасаған В. Радлов, В. Бартольд, Н. Баскаков, В. Никонов, А. Суперанская, В. Бондалетов, Н. Дмитриева т. б. ғалымдардың еңбектері осының айғағы. Ал қазақ ономастикасы, оның ішінде антропонимдерді зерттеудің негізін салушылардың қатарына Қ. Жұбанов, С. Кеңесбаев, Ә. Қайдар сынды ғалымдарды атап өтер болсақ, сонымен бірге бұл саланың дамуына ерекше үлес қосқан профессор Т. Жанұзақовтың зерттеу еңбектерінің өзі бір бөлек. Қазақ ономастикасы өз даму кезеңінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазақ ғалымдары тіл біліміндегі тарихи ономастика саласын жік-жігімен талдап, бүгінгі күнге дейін оның жалпыхалықтық, ұлттық негізін саралап берді. Бұл тұрғыда профессорлар Ғ. Қоңқашбаев [1. ], Е. Керімбаев [2], Е. Қойшыбаевтармен [3] қатар, осы саладағы белгілі зерттеуші ғалымдар Қ. Рысберген [4], Б. Тілеубердиев [5], У. Мұсабекова [6], А. Арысбаев [7], Г. Мәдиева [8], Ұ. Ержанова [9], А. Әлімхан [10], М. Какимова [11], Б. Көшімова [12] т. б еңбектерін ерекше атап өтуге тура келеді. Осы саладағы мұндай күрделі еңбектер қазақ ономастикасының тақырыптық, аймақтық ерекшеліктерін айқындап берді. «Қай кезде, қай қоғамда болмасын адам баласы дүниеге келген заманнан бастап атаулар қоршауында болған. Ең алдымен адам өзін-өзі есімі арқылы танып, өзгеге танытып, туған жерін, шыққан жерін, шыққан тегін идентификациялап, жақын мен жатты осы атаулар арқылы түйсінген.
Сондықтан қазақ халқының қазіргі қалыптағы, ономастикалық кеңістігіндегі атаулар жүйесі - жерімізді әр заманда мекен еткен халықтар мен ұлттардың, түптеп келгенде, өз жұртымыздың сан ғасырлыр бойы жасалған ұжымдық ой-санасының жемісі, ортақ мәдени, рухани туындысы». Э. В. Cевортянның пайымдауы бойынша, этимологиялық зерттеудің негізгі мақсаты мен нәтижесі зерттеліп отырған сөздің бастапқы морфо-семантикалық құрамы мен құрылымын анықтау болып табылады. Олар: 1) белгілі бір сөздің не атаудың жасалуындағы айырмашылық белгісін анықтау; 2) Сөз не атаудың ішкі мазмұнын яки семантикасын анықтау; 3) негіз сөздің (атаудың) түбір морфемасын анықтаумен тікелей байланысты екендігін көрсету [13. 3] .
Қазіргі қазақ тіл білімі өзінің дамуында жаңа бағытты басынан өткеріп отыр. Тілді психолингвистикалық, когнитивтік тұрғыдан қарастыру арқылы тілші ғалымдар тілдік бірліктердің антропоцентристік сипатын ашуға мүмкіндік алды. Бұл тіл білімінің салаларына ортақ құбылыс ретінде танылып отыр. Ал ономастиканы психолингвистикалық немесе этнолингвистикалық аспекті тұрғысынан қарастыру қандай дәрежеде? Антропонимдерді, топонимдерді, космонимдерді т. б. осындай жаңа бағыттардың принциптерімен қарастыруға бола ма? Бұл орайда ономаст ғалым Б. Тілеубердиев «Когнитивтік лингвистика жалқы есімдерді зерттеуде жаңа бағыттарға жол ашады, бұл дегеніміз бұған дейінгі этнолингвистикалық, дәстүрлі, жүйелі-құрылымдық, , әлеуметтік лингвистикалық парадигмаларды жоққа шығармайды, қайта керісінше ономастикалық процестерді жаңа тұрғыдан көрсету мен ұғынуға ұмтылыс жасайды» (5. 21) деген пікір білдірсе, сондай-ақ, осыған қатысты зерттеуші Қ. Қ. Рысбергеннің: «Қазақ лингвистикасында жаңа бой көтеріп келе жатқан антропоцентристік үрдіс болашақта жалпы тіл білімінде, оның ішінде ономастикаға тән зерттеулерде жедел дамымақ. Себебі осыған дейінгі зерттеулерде ономастика тек өзіндік ішкі ерекшеліктеріне сай, шектеулі шеңберде «язык сам себе» деген принциппен зерттелсе, енді адам болмысы, табиғаты, оның қоршаған дүниені қабылдауын негізге алатын зерттеулер орын алмақ. Кез келген тілдік сала, оның ішінде ономастика жан-жақты кешенділікті талап ететін уақыт та жақын» деген пікірі баса назар аударуды қажет етеді [14. 25] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz