ПСИХИКАЛЫҚ ЖАЙ-КҮЙЛЕР АТАУЛАРЫНЫҢ ЛИНГВОСТИЛИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ


ПСИХИКАЛЫҚ ЖАЙ-КҮЙЛЕР АТАУЛАРЫНЫҢ ЛИНГВОСТИЛИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ
Қарағанды 2013
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды
УДК 80/81 ББК 81. 2 қаз-5мемлекеттік университеті
Пікір жазғандар:Т 87
Филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Ш. Жалмаханов
Филология ғылымдарының докторы, профессор А. С. Әділова
Түйте Е. Е.Т 87 Психикалық жай-күйлер атауларының лингвостилистикалық сипаты. Монография. Қарағанды, 2013. -246 б.
ISBN 978-601-7449-07-0УДК 80/81 ББК 81. 2 қаз-5Монографияда адамның психикалық жай-күйіне қатысты лексиканың қазақ тіл білімінде алғаш рет талдануы мен жүйеленуі, атап айтқанда, психикалық жай-күйлердің тіл білімінде зерттелуі, осыған қатысты ғалымдар тарапынан берілген тұжырымдар мен ой-пікірлер, психикалық жай-күйлерге қатысты лексиканың топтастырылуы және бір- бірінен мағыналық жағынан ажыратылатын ерекшеліктері, тілдік және тілдік емес сипаттары т. б. кеңінен сөз болады.
Монография магистранттар мен студенттерге, жоғары оқу орындарының оқытушыларына және ғылымға қызығушылық танытқандарға арналған.
КІРІСПЕISBN 978-601-7449-07-0
© Түйте Е. Е. 2013
© Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, 2013.
«Ұлы сезімдерсіз ұлы істер жасалмаған» (Гегель)
«Заттың біздің санамызда сақталған атауымен байланысы - психикалық байланыс, демек заттардың өзіне тән белгілері бойынша аталуы және ол белгілердің таңдалынып алынуы - психологиялық факт (Е. И. Шендельс) ». Бұл - тіл білімінің әр түрлі салалармен байланысуының бір қағидасы. Демек, тіл ішкі дүниемізді білдіретін психикалық құбылыстарды (өкініш, қуаныш, таңдану т. б. ) танып білудің де құралы болып табылады [1, 23 б. ] .
Осыған орай біз, адамзат баласы, психикалық қасиеттеріміз арқылы өзімізді қоршаған заттар мен құбылыстарды өзімізше қабылдаймыз. Мәселен, адам бір жаңалық ашса, оған ол өзінше қуанып, төбесі көкке жетеді, біз басқаша қабылдауымыз мүмкін немесе біреудің жақыны қазаға ұшыраса, ол күйінеді, қайғырады, ал біз түк болмағандай жүре беруіміз мүмкін т. с. с. Демек, мұндай жағдайдан туған адамның психикалық жай-күйлері арқылы берілетін тілдік құбылыстар әр түрлі. Осындай күрделі құбылыстарды білдіретін психикалық жай-күйлердің табиғаты да, олардың тілдік тұрғыдан көріністері де күрделі болмақ. Дыбыстық тіл адамның іс-әрекеті ретінде өзінің құрылымы, сыртқы тұлғасы арқылы ғана қарастырылмайды, ол - қашан да адамның көңіл-күйімен, қалпымен қатар жүріп отыратын әр алуан сезімдерге толы құбылыс [2, 89] . Адамның психикалық жай-күйі күрделі құбылыс болғаннан кейін, оларды екінші бір адамға жай сөзбен жеткізу кей жағдайда мүмкін болмайды. Осындай жағдайларда олардың нақты көріністерін тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерімен жеткізу әлдеқайда тиімді. Бұл
туралы ғалым Г. Н. Смағұлова фразеологизмдердің ұлттық- мәдени аспектілерін зерттей келе: «Қазақ фразеологиясында мағыналас қатар құрайтын семантикалық топтар эмоцияның күрделі түрлерін қамтуда образдылықтың шарықтау шегін көрсетеді деуге болады. Мағыналас қатарлардың доминантын тірек мағына ретінде жеке сөздермен бейнелесек онда, эмоцияның күрделі түрлеріндегі көңілдену, шошу, қорқу, ренжу, қайғыру, қамығу, қуану, жылау, күлу, ашулану сияқты күшті эмоциялық сезімдерді сыртқа шығаруға үлкен шабытпен айтылар серпер сөз керек. Ол әр адамның айналасындағы болып жатқан құбылыс, іс-әрекеттерді қабылдау өрісіне қарай түрліше айтылып, жеткізіледі. Біреу жай ғана әсермен қалса, енді бірі делебесі қозып, жігерленіп кетеді. Тегінде эмоциясы жоғары фразеологизмдердің мағыналас қатарларының тым көп болу себебінің өзі сол күрделі эмоцияның түп төркінінде жатыр. Мұндағы жан ұшыру, құмарлық, стресс сияқты психологиялық жай-күйлердің қандай қыры мен сыры болсын фразеологизмдерсіз жеріне жеткізе айтылуы күмәнді» - деген тұжырым жасайды [3, 23 б. ] . Расында да, күнделікті өмірден аңғара бермейтін құбылыстар, атап айтқанда, адам баласы бір күн ішінде қанша қуанып, қанша мұңаяды немесе қорқады, таңқалады т. б. сияқты сан алуан күйді басынан кешіреді, бір ғана ашуды алатын болсақ, сол ашуланудан туындаған көптеген түрліше сипат беретін сөздердің, іс-қимылдардың саны мен көріністері күнделікті өмірде есепсіз. Өйткені психикалық жай-күйлер лексикасы бір қырынан ғана танылмайды, керісінше, көп қырлылығымен, әбебаптылығымен өзінің сыр-сипатын аша түседі. Сол себепті де оларды бүгінде тереңінен зерттеу қажеттігі туындап отыр.
Психологиялық құбылыстар ішінде психикалық жай- күй ұғымы негізгі орын алып келеді. Психикалық жай-күй мәселесінің адамтану ғылымында маңызы зор, себебі
психикалық жай-күй адам іс-әрекетінің сипатын айқындайды, атап айтқанда, оның мінез-құлқын, жүріс- тұрысын, қай халық өкілі екендігін т. б. қасиетін анықтайды. Еңбегімізде осындай психологиялық негізде көрініс беретін белгілерді тілдік тұрғыдан талдап, талпыныс жасап көрдік.
Т. А. Немчиннің пайымдауынша, психикалық жай- күйлерді жүйелі түрде зерттеу ісі (негізгі пәні нирвана) б. з. д. 2-3 мыңжылдықта басталған болатын. Оған қоса ежелгі Греция философтары да бұған назар аудармай қоймады. «Жай-күй» (состояния) категориясы философиялық тұрғыдан Кант пен Гегель жұмыстарынан да көрініс тапты.
Ең алғаш психикалық жай-күйлерді психологиялық тұрғыдан зерттеген ғалым У. Джемс болып табылады. Ал кеңестік психологияда ең алғаш 1937 жылы психикалық жай-күйлер жайында өз мақаласында сөз қозғаған О. А. Черникова болды (спорт психологиясы негізінде) . Бұдан кейін бұл мәселемен айналысқандар А. Ц. Пуни, А. С. Егоров, В. В. Васильев, Я. Б. Лехтман, К. М. Смирнов, В. Ф. Спиридонов, А. Н. Крестовников т. б. болды.
Психикалық жай-күйлер жайындағы жалпы психологиялық талдау 1955 жылы Н. Д. Левитовтың мақаласынан бастау алады. Ол психикалық жай-күйлер туралы ең алғаш монография жазды. Бұл зерттеуден кейін барып психология психикалық үдерістер мен қасиеттерді, адамның психикалық жай-күйлерін қарастыратын ғылым ретінде танылды [4] .
Психикалық жай-күйлерге әр ғалым түрлі анықтама береді. Психикалық жай-күйлерді зерттеудің жалпы анықтамасы, құрылымы, қызметі, механизмі мен детерминанттары, топтары және әдістері жайлы бірізді қабылданған, айтылған ешбір пікір жоқ. В. А. Ганзен және В. Н. Юрченконың айтуынша, адамның психикалық жай-
күйін ғылыми тұрғыдан баяу зерттелуінің себебі оның табиғатымен тікелей байланысты. Психикалық жай- күйлерге тура немесе жанама түрде анықтама беру мәселесі өзінің көп компоненттілігі, көп деңгейлілігімен ерекшеленеді. Психикалық жай-күйлердің осы ерекшеліктері аталмыш мәселенің зерттелуін қиындатады.
Н. Д. Левитовтың берген анықтамасы бойынша, психикалық жай-күй адам психикасының дербес ерекшелігі болып табылады және де ол ауыспалы, динамикалық санаттар (категория) мен белгілерге ие болады. Сөйтіп психикалық жай-күй құрылымына психикалық үдерістердің өту барысындағы нақты өзгерістер мен модальділік, тұлғаның жеке ерекшеліктері мен мінезі, іс-әрекеті мен соматикалық қалпы енеді. Ал Б. Ф. Ломов: «Психикалық жай-күйлер, психикалық үдерістер адамнан тыс өмір сүрмейді. Олар биологиялық даму (эволюция) мен адамның тарихи даму үдерістерінің нәтижесінде қалыптасып дамыған мидың қызметі болып табылады» - деген анықтама береді.
Психикалық жай-күйлерді толығымен меңгеруде олардың классификациясының маңызы зор. Оларды жалпы келесідегідей етіп жүйелеумізге болады:
- жеке және жағдайлық (ситуативные) - психикалық жай-күйдің пайда болуы жағдайдың және жеке тұлғаның рөліне байланысты;
- басым (тірек) компоненттерге байланысты - интеллектуалдық, ерікті, эмоционалдық және т. б.
- деңгейдің күрделілігіне байланысты - үстіртін немесе күрделі жай-күй;
- өту ағымына байланысты - қысқа немесе ұзақ мерзімді, созылмалы және т. б.
- жеке тұлғаға әсері - жағымды, жағымсыз, стеникалық (өмір құлшынысын арттыратын) немесе астеникалық;
- түйсіну деңгейіне байланысты - азды-көпті түйсінген деңгейде;
- оларды тудыратын себепке байланысты;
- олардың объективтігін туғызған адекваттық деңгейге байланысты [4] .
Осыған орай психикалық жай-күйлерді классификациялауда әр түрлі ұстанымдар кездеседі. Бұл ұстанымдар орыс және шетел ғалымдары А. В. Петровский [5, 101 б. ], Я. Рейковский [6], К. Е. Изард [7, 83 б. ], И. А. Васильев, В. Л. Поплужный, О. К. Тихомирев [8], А. Н. Лук [9], А. С. Никифоров [10], В. А. Крутецкий [11],
У. Джемс [12], Б. И. Додонов [13], В. В. Богословский, Спиноза, П. В. Симонов [14] т. б. еңбектерінен көрініс табады.
Ал американдық ғалымдар А. Ортони, Дж. Клоур және А. Коллинз фундаментальды немесе базалық эмоциялардың классификациясын жасап шығаруға атсалысады. Басты (базалық) эмоцияларды жүйелеуде (қарым-қатынас пен іс- әрекет барысындағы эмоциялар (М. Б. Арнольд), туа біткен эмоциялар (Дж. Панксепп, Дж. Грей, С. Изард, Дж. Б. Уотсон), түйсікпен қатынасты эмоциялар (В. Мак- Дугал), биологиялық үдерістерге бейім эмоциялар (Р. Плучик) т. б. ) анықталады. Бұл ғалымдардың жіктеулері бірдей емес. Осыларды жинақтай келгенде психикалық жай-күйлердің 27 түрі белгілі болғандығын аңғаруға болады. Олар: ашу, қорқыныш, қуаныш, жиіркеніш, таңданыс, қайғы, ұят, махаббат, жеккөрушілік, қасірет, қызығушылық, бақыт, тілек, мазасыздық, мұң, ерлік, күйіну, торығу, қызғаныш, үміт (надежда), тәкәппарлық, нәзіктік (нежность), ауыртпашылық (боль), рахаттану (удовольствие), күту (ожидание), ұнату (одобрение), дәмелену (предвкушение) [5, 104 б. ] .
Профессор М. И. Лазариди - орыс тіліндегі психикалық жай-күйлерді номинативті-функционалдық өріс
тұрғысынан алғаш қарастырып, жүйелі зерттегендердің бірі. Ғалым психикалық жай-күйлердің басты алты макроөрісін атап көрсетеді. Олар: қорқыныш, мазасыздық, ашу, ұят, қуаныш, қайғы [15, 10 б. ] . Ғалымның жіктеуін негізге ала отырып, біз осы зерттеу жұмысымызда адамның психикалық жай-күйіне қатысты лексиканың құрылымы мен семантикасын анықтауға ұмтылыс жасадық.
Соңғы жылдарда қазақ тіл білімінде белең алып келе жатқан зерттеулердің қатары адам, адамның танымы, ойлауы, қабылдауы және сөйлеуі сияқты үдерістермен тығыз байланысты. «Қазіргі кезеңдегі тіл білімінде, бір жағынан, тіл мен ақиқат болмыстың ара қатынасын, екінші жағынан, тіл мен ойлаудың өзара байланысын тереңінен ашу жолындағы тілдің когнитивтік қызметін айқындауға бағытталған саласы қарқын алуда. Сол тұрғыдан келгенде, антропоцентристік ұстаным лингвистикалық зерттеудің маңызды әдіснамалық негізі болып танылып отыр» [16, 90 б. ] . Ұлттық танымдық тұрғыдан адамның психикалық жай- күйлерін лингвистикалық қырынан сипаттау бүгінгі күндегі кезек күттірмейтін өзекті мәселенің бірі болып табылады. Олай дейтініміз, қазақпыз, халықпыз деп есептеп, жүрген күннің өзінде әлі де болса ұлттық құндылықтарымызды, психологиялық ерекшеліктерімізді зерттей түсу, оларды талдау қажеттігі туындап отыр. Себебі қазіргі кезде бар психологиялық жай-күйдің өзі ұлттық құндылықтарды тануға, түсінуге жеткіліксіздеу деңгейде сияқты [17, 12 б. ] . Зерттеу жұмысымызда, осыған орай, ұлттық мінез-құлқымызға сай жай-күйлердің тілдік ерекшеліктерін анықтауды мақсат еттік. Яғни төл тіліміздің қыр-сырын толық меңгеріп игеру үшін бұл зерттеу жұмысының маңызы зор деп білемін. Себебі кеңестік тұста қазақ тілін ұлттық психологиялық тұрғыдан тереңдете талдауға, оны антропоцентристік бағыт бойынша түсіндіруге мүмкіндік болмай, «тіл - өздігінен дамитын
құбылыс, тілді тек лингвистер зерттеу қажет» деген тұжырыммен өзімізге таныс тілдің аспектілерін (фонетика, лексика, морфология, синтаксис) «қатып қалған қағидаша» оқытып келгені баршаға аян. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі күні тілді және оның заңдылықтарын басқа да ғылым салаларымен, атап айтқанда, психология, физиология, философия т. б. байланыстыра зерттеп, олардың ортақ ережелерін жасап, «адам - тілдің орталығы», «тіл мен ұлт біртұтас», «адамды тіл әлемі арқылы тану» деген қағидаларға сүйенетін қазақ тіл білімінде Ә. Қайдар ұсынған жаңа бағыт қалыптасып, соған орай тың зерттеу, басқаша айтқанда, тіл немесе сөз қалай жасалды, оның шығуына не түрткі болды, бұл құбылыстар адамның санасы мен дүниетанымына қалай әсер етті, оларды қалай қабылдай алды т. б. көптеген сұрақтарға жауап іздеу - біздің міндетіміз. Сол себепті қазақ тіліндегі психикалық жай-күйлердің тілдік заңдылықтарын айқындау; олардың жүйелі ұйымдастырылуын көрсету; психикалық жай-күйлердің базалық атауы және олардың қаншалықты екендігін санын анықтау; иерархиялық ұйымдастырылған жүйеде психикалық жай-күйлерді білдіретін сөздерді әр түрлі деңгейлі лексика- семантикалық амалдар арқылы көрсету; адамдардың қарым-қатынас актісіндегі психикалық жай-күйлердің көрінісі мен функциясын олардың көркем әдебиеттегі қолданылу ерекшелігін зерттеу - жұмыстың қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселелердің біріне арналғандығы деп көрсетуге болады.
Адамның психикалық жай-күйі мен эмоциясына қатысты лексиканы зерттеумен айналысып жүрген жас қазақ ғалымдарының қатарына З. Х. Ибадильдина, К. С. Сарышова, Г. К. Капышева т. б. еңбектерін жатқызуымызға болады.
ПСИХИКАЛЫҚ ЖАЙ-КҮЙ ЛЕКСИКАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ Психикалық жай-күйлердің тіл білімінде зерттелуіТіл - қару, ал оғы - сөз. Тіл - дүниежүзі қаруларының ішіндегі ең қауіптісі, ең қатерлісі. Себебі, оның жанды құбылыс екендігі баршамызға мәлім.
Осылай тілге баға берсек те, тіпті кейде адамзаттың асыл қазынасы - сөздің өзімен де сипаттауға келмейтін, табиғаты жағынан күрделігімен ерекшеленетін, көрінісі жағынан санқилы болып келетін, күнделікті өмірде жиі ұшырасатын «психикалық жай-күй» деген санат бар. Енді осы жайында . . .
Бүгінгі уақыттағы тіл білімі ғылымының дамуы антропоцентристік бағытта жүргізіліп жатқан зерттеулермен сипатталады. Антропоцентристік парадигма тілді санамен байланыста қарастырып, тілдің таным үдерістеріне, тұлғаға, яғни тілді адам арқылы анықтауға назар аударады. Осы бағыттың негізінде психолингвистика, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, әлеуметтік лингвистика және паралингвистика сияқты пәндер туындады. «Бұрын сөз бен тіл адамнан тыс алынып зерттелінген болса, соңғы кездері ХХғ. соңы - ХХІ ғ. басы) антропоцентризм (антропоөзектілік) ұстанымы қазіргі заман тіл білімінің басты белгісіне (зерттеу ұстанымына) айналуда. Анығырақ айтқанда, қазіргі тіл маманы тілдің ішкі құрылысына ғана емес, сол сөзді кім айтты, қандай мақсатпен айтылды деген мәселеге назар аударуы тиіс, себебі адамдардың белсенділігі сөздерден танылады, қоршаған орта, алған нысанасына байланысты пікірінде білдіріледі» [18, 37 б. ] .
«Антропоцентризм» сөзі бүгінгі таңда әр түрлі мағынадағы қолданысқа ие. Бұл терминге ең алғаш грек философиясында Протогор: «Барлық заттардың иесі - адам» деген түсініктеме береді. Орталығында «адам» жатқан бұл принциптің негізінде адам табиғат берген қасиеттермен шектеліп қана қоймай, оған өзінің де үлесін қосуға тиесілі. Яғни адам - табиғат иесі. Ол өзін қоршаған ортаны өңдеуге, өзгертуге мүмкіншілік жасай алады, басқаша айтқанда, өзінің шығармашылық қабілетімен адами мәдениетті қалыптастырады [19, 207 б. ] . Мәдениет болған жерде оның тілі де дамып, ол сол тіл арқылы көрініс береді. Яғни әрбір халықтың мәдениетінде әмбебаптылық бар, сол сияқты әрбір тілдің семантикасында сол халықтан хабар беретін адамның психикасымен тікелей байланысты өзіндік «қолтаңбасы» бар.
Қазіргі уақыттағы шетел және орыс лингвистикасындағы антропоцентристік ізденістердің ғылыми іргетасы В. Гумбольдт, Ф. Боас, Б. Л. Уорф, Ф. Соссюр, В. Штейнталь, Л. Вайсбергер, Ф. И. Буслаев, А. Н. Афанасьев, Р. Якобсон, Н. Топаров, В. В. Иванов, В. Н. Телия, В. В. Воробьев, А. Вежбицкая, Е. М. Верещагин, В. Г. Костомаров, Ю. С. Степанов, А. Д. Арутюнова, В. Маслова т. б. зерттеулері нәтижесінде қалана бастады [20, 8-б. ] . Ал қазақ топырағында бұл мәселені ең алғаш сөз қылғандар қатарына А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Х. М. Нұрмұқанов т. б. сынды ғалымдар еңбектерін жатқызуымызға болады.
Лингвистикадағы антропоцентризм туралы З. Д. Попова мен И. А. Стернин былай дейді: «Лингвистикадағы антропоцентризм тілдік механизмдерді игертуді адамдарға жақындастыра отырып, лингвистикалық ізденістерді танымдық тұрғыдан зерттейді» [21] . Демек, бұдан шығатын қорытынды ең әуелі сөзді емес, сол сөздерді
жасаушы адамдарды толығымен игерген жағдайда ғана лингвистика өз мақсатына жетеді. Өйткені біз зерттеу нысаны ретінде алып қарастырып отырған психикалық жай-күйлер лексикасының табиғатын толығымен ашу (түсіну) үшін олардың қалай және қандай жағдайдан туындағанына көз жеткізіп алуымыз керек. Себебі психикалық жай-күйлердің өздігінен пайда болмайтыны және оған адамның тікелей қатысы бар (орталығында адам) екендігін айтпаса да түсінікті. Ең әуел баста сөзден бұрын адаммен бірге оның психикалық жай-күйлері туындағанын (бірнәрсені ұнату, ұнатпау немесе бірнәрседен қорқу, қорықпау т. с. с. ) да айта кетуіміз керек. Бұған Э. Оразалиеваның А. А. Леонтьевтің пікірі жайлы өз еңбегінде көрсеткен мына бір ойы дәлел бола алады:
«Тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі және тілдің сипаты арасындағы сәйкестік немесе тілде көрініс табатын жүйе мен қабілет арасындағы байланыс олардың динамикалы әрі олардың біріне-бірі ауысып өте беретін өзгешелігіне қатысты болады», - деп атап көрсете келіп, тілде байқалатын әлеуметтік және психологиялық сәйкестіктер қазіргі қазақ тіл білімінде де тіл мен ойлаудың ара қатынасын, олардың бір-біріне әсерін, адамның сөйлеу әрекеті арқылы айғақталатын болмысын, ерекшелігін танымдық негізде лингвистикалық тұрғыдан дәйектеуге мүмкіндік беріп отыр. Тілге таза грамматикалық тұрғыдан ғана емес, терең философиялық, логикалық, танымдық тұрғыдан көңіл аудару нәтижесінде туындаған бұл өзгешеліктер адамзат тілінің функционалды-семантикалық, психофизиологиялық, әлеуметтік даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік беруде» [22, 173 б. ] .
Ғалым С. Б. Қоянбекова: «Адам тіл арқылы жай ғана ақпарат алып немесе ақпарат беріп қоймайды, сонымен қатар әрдайым өзінің қоршаған ортаға, құбылысқа деген көзқарас, сезімін, субъективті қарым-қатынасын тіл
арқылы жеткізіп отырады. Осылайша тіл адамның ішкі көңіл-күй толғанысы мен сезімін де жеткізудің басты құралына айналған. Психологияда адамға тән сезімдердің 500-ге тарта түрлері белгілі болса, олардың әрқайсысының тілдік жүйедегі мазмұны мен көрінісі сан алуан. Себебі тілдің басты міндеті адамға қызмет ету, ал адам - сан қырлы, күрделі құбылыс. Қазіргі ғылымның дамуындағы антропоцентристік бағыт адамды интеллектуал тұлға ғана емес, оны эмоционалды-менталды қырынан да қарастырады. Тілдің адамнан тыс тұрған жеке құбылыс емес, адаммен бірліктегі, бірін-бірі анықтайтын күрделі құрылымдар болып саналатыны да сондықтан. Тілдің ең кіші бірлігі дыбыстан бастап мәтінге дейінгі тіл бірліктерінің барлығы адамның қандай да бір ішкі эмоциясы мен көңіл-күйін жеткізуге қызмет етеді. Тіл тарихи категория ретінде өзінің дамуы барысында эмоцияны сыртқа шығарудың түрлі тілдік тетіктерін қалыптастырады» - деген тұжырым жасайды. [23, 3 б. ] .
Осыған байланысты адамның ішкі әлемі және оның психикалық жай-күйі туралы қазақ тіл білімінде де қызығушылық арта түсті.
Қазіргі қазақ тіл білімінде антропоцентристік бағыттың алғашқы нышандары адамның танымдық ерекшеліктерін (ойлау, қабылдау, сөйлеу т. б. ) танытатын зерттеу жұмыстарында көрініс табуда. Бұл саламен айналысып жүрген ғалымдар қатарында Ж. Манкеева, Б. Момынова, Н. Уәлиев, Э. Оразалиева, А. Ислам, Г. Смағұлова, Ә. Алмауытова, Г. Снасапова, Қ. Жаманбаева, Б. Қасым т. б. еңбектерін атауға болады.
Психологиялық жай-күйлерге деген қызығушылықтың нышаны сонау антикалық заманнан, атап айтқанда, Аристотельдің еңбектерінен бастау алады десек те болады. Аристотель ұят, қорқыныш, қайғы т. б. жай-күйлерге түсініктеме беріп, олардың адамға тигізетін әсерінің
артықшылықтары мен кемшіліктерін талдап түсіндіріп берген [24, 31 б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz