Ойлау мен сөйлеу



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   
Ойлау мен сөйлеу
Сыртқы дүниені толык тануға түйсік, қабылдау, ес процестері жеткіліксіз болады. Біз тікелей біле алмайтың заттар мен құбылыстарды тек ойлау арқылы ғана білеміз. Түйсік, кабылдау процестерінде сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстары жайлы қарапайым қорытындылар жасалады. Бірақ, қарапайым қорытындылар сыртқы дүние заттары мен кұбылыстарының ішкі құрылысын, оның қажетті қатынастары мен байланыстарын жөнді ашып бере алмайды. Адамның ой-әрекеті, әсіресе, түрлі мәселелерді бір-біріне жанастыра отырып шешуде өте жақсы көрінеді.
Ойлау дегеніміз сырткы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі.
Ойлау қабылдау, елестермен тығыз байланысты. Түйсік пен қабылдау танымның бірінші баспалцағы болғандықтан, олардан тыс ешбір ойлау болмайды. Ойлау сезім мүшелері арқылы алынған мәліметтерді өңдейді. Ойлау сезімдік мағлұматтардың негізінде ғана мүмкін болатын нәрсе. Елестерде жалпылағыш элементтер мол болғанмен, оның таным мүмкіндігі ойлаудан әлдеқайда төмен. Ойлаудың қамтитын шеңбері өте кең.
Адамның ойы әрқашанда сөз арқылы білдіріледі. Біреу екінші біреуге пікірін білдіргенде өзін естісін деп дауыстап сөйлейді. Ой толық сөз күйінде білдірілгенде ғана айқындалып, дәйектелініп, дәлелдене түседі. Ойлау мен сөйлеу бірдей нәрсе деп, бұлардың арасына теңдік белгісін қою дұрыс емес. Ой- сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғары формасы, сөз -ойды басқа адамдарға жеткізетін құрал. Ойдың сөз арқылы бейнеленуі арқасында адам өзінен бұрынғы ұрпақтар жинаған тәжірибе мен білімді сақтап қала алды, ойды өмірді онан әрі жақсарту мақсаттарына пайдаланды.
Тіл арқылы ойымызды басқа біреуге жеткізуді сөйлеу деп атайды. Сөйлеу пікір алысу процесінде жеке адамның белгілі тілді пайдалануы. Бір тілдің өзінде сөйлеудің сан алуан формалары болуы мүмкін. Сөйлеу жеке адамдардың арасындағы өзара түсінуді реттестіру үшін, пікір алысу үшін қызмет етеді. Сөйлеу процесі арқылы адам өзінің білімін, практикалық тәжірибесін байытып қана қоймай, сонымен қатар ғасырлар бойы жинақталған қоғамдық тәжірибені меңгеруге де мүмкіндік алады. Ойдың тілі- сөз. Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз .

Сөзді қабылдау және оны ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты. Сөзді дұрыс қабылдамай тұрып, оны ұғынуға болмайды. Жеке сөздерді қабылдаудың өзі оны ұғынуды қажет етеді. Қабылдау мен ұғыну бір мезгілде жүріп отырады, бірінсіз-бірі іске аспайды. Интонацияны қабылдау сөйлеу аппаратында, адамңың мәнерлі қозғалыстарында түрліше реакция тудырады. Мәселен , бұйрық интонациясы бойынша іс орындалады.
Адамға тəн сөйлеу әрекетінде екі сипат болуы шарт. Бұларсыз сөйлеу өзінің қызметін дұрыстап атқара алмайды. Мұның біріншісі сөйлеудің мазмундылығы, екіншісі оның мәнерлілігі делінеді. Сөйлейтін сөзде мазмұн болмаса, ол өзіндік сөздік мәнін жояды. Сөйлеудің мазмұндылығы дегеніміз екінші біреуге жеткізілетін ойдың айқындығы. Ойы саяз кісі бос сөзді болады, оның сөзі де айқын, таза болмайды.

Сөйлеудің мәнерлілігі дегеніміз адамның сөйлеу кезіндегі эмоциялық қалпын білдіре алуы, яғни әрбір сөйлемді өзінің сазымен айта алуы. Халық жақсы сөйлейтін адамдарды "сөзі мірдің оғындай екен" дейді. Мәнерлі сөйлей білудің мұғалімдік мамандық үшін маңызы зор. А. С. Макаренко бұл жөнінде: "Балалар сіздің сөзіңізден өзіңіздің еркіңізді, сіздің мәдениетіңізді, сіздің жеке ерекшелігіңізді сезіне алатындай болуы керек",-дейді.
Сөйлеу әрекеті тиісті анатомиялық аппараттардың (тіл, ерін, таңдай. ауыз қуысының бұлшық еттері т. б.) дұрыс кызмет істеуін қажет етеді.
Сөйлеу әрекеті үлкен ми сыңарларының анализдік, синтездік қызметінің нәтижесі. Бұл, біріншіден, сөйлеу органдарындағы қозғалыстарды, жазылған әріптердің түрлерін, тілдегі дыбыстарды нәзік талдаудан; екіншіден, сөздік сигналдардың бөлшектенген элементтерін байланыстырудан көрінеді. Физиологиялық тұрғыдан сөздің мәнін И.П.Павлов былай түсіндіреді: Егер айналадағы дүниеден алынатын біздің түйсіктеріміз бен елестеріміз шындықтың бірінші сигналдары болып табылатын болса, онда тіл ең әуелі сөйлеу органдарынан ми қабығына баратын кинестезиялық тітіркенулер, екінші сигналдар сигналдардың сигналы болып табылады. Олар шындықтан дерексіздену болып табылады да, жалпылауға мүмкіншілік береді, ал бұл соңғы бізге ғана тән ең жоғары ойлауды кұрайды.
Француз ғалымы Брока "адамдардың ми сыңарларының сол жақ бөлігінде (маңдай қыртысының төменгі жағында) адамның дыбыстап сөйлей алуын басқарып тұратын
жүйке орталығы бар, ал сөзді қабылдау көптеген анализаторлардың (көру,есту,қозғалыс т.б) бірлескен қызметін қажет етеді дейді неміс ғалымы Вернике, басқа біреудің сөзін есіту мидың сол жақ сыңарындағы самай бөлігінің арт жағына орналасқан жүйке орталығының қызметіне байланыстылығын айтады.
Сөзді қабылдау, оның мәнісіне түсінуде мидың есту, көру, сипай-сезу, қозғалыс зоналарын бірлескен қызметін реттестіріп отыратын сол жақ ми сыңарларының төбе, самай, желке бөліктерінің қызметі де ерекше. Сөйлеу қабілеті мидың анатомиялық функциясына байланысты болып келетіндігін мына мысалдан жақсы көруге болады. Егер оның сол жақ бөлігі зақымданса, адам сөйлей алмайтын жағдайға душар болады. Мұндай құбылысты ғылымда афазия деп атайды. Мұның үш түрі бар. Бірінде сөйлеу органдары толық сақталғанмен, қиналып сөйлейді, тілі күрмеледі, дыбыс, үн шығару қиынға соғады. Афазияның екінші түрінде адам өзі сөйлей алғанмен, басқа біреудің айтқанына түсінбейді. Мидың бір жеріне қан құйылу, оның тамырларының тығындалуы, жарақаттанып қабынуы, ісуі т.б. афазияның пайда болуына себеп болатын факторлар. Мұның емін логопед-дәрігерлер жасап отырады.
Бала тілі шықпай тұрған кезде де ойлай алады . Нəресте айналасындағы дүниені бірінші сигнал жүйесінің қызметі арқылы танып біледі . Ойлаудың бұл түрі оның танымын онша кеңіте алмайды . Баланың тілі шығып сөз арқылы үлкендермен қарым- қатынасқа түскенде ғана оның ойлау шеңбері кеңейетін болады.
Сөз бен ойдың бірлестігі алғашкы адамдардың психикасында да үлкен орын алған. Сөзбен ойлаудың арқасында ғана олар бірінің білмегенін екіншісі біліп молайта түскен. Тіл мен ойдың бір-бірімен тығыз байланыста болатындығын халық ерте кездің өзінде-ақ байқаған. Мәселен, халқымыздың "Ішімдегінің бәрі тілімде , тілімдегінің бәрі түсімде" деген мақалы адамның басындағы ойы тілінен көрінетіндігін, ал тілдің өзі адам психологиясын байқататын тамаша құрал екендігін жақсы көрсетеді. Сөйтіп, ойдың дамуы адамның нактылы іс-әрекетімен шарттас болумен қатар, оның сөйлеу мәдениетін меңгере білуімен де, сөз өнеріне жетілуімен де тығыз байланысты. Сөйлеумен тығыз байланысты жүріп отыратын ойлау процесі тек адам баласының психикасына ғана тән процесс болып табылады. Кейбір психологтардың (Леви-Брюль т. б.) айтатынындай, мәдени дамудан артта қалған халықтардың ойлауы төмен, логикасы, шорқақ дейтін теориялар ғылыми жағынан дәйексіз болып есептелінеді. Адам ойлауының эволюциялық даму жолы өте ұзақ. Ойлаудың ішкі мазмұны қоғам дамуымен бірге өзгеріп отырады. Қоғам ілгері дамып, оның ғылымы мен техникасы өскен сайын жаңа ұғымдар пайда болып, қалыптасады, бұрынғылары ескіріп қатардан шығады. Мәселен, атом бөлінбейді деген ұғым болса, қазіргі ғылым атом ядроларын сансыз бөліктерге бөліп отыр. Тағы бір нақты мысал. Белгілі АҚШ этнопсихологы Маргарет Мид (1901-1975) Тынық мұхит аралдарының бірінде, өзге дүниемен ешқандай қарым-қатынас жасамай өмір сүріп келе жатқан, бір тайпа ел бар екенін анықтады. Бұл тайпаның тіршілігіндегі көп ерекшеліктің бірі балалар да, үлкендер де қуыршақ дегеннің не екенін білмейді екен. Осы айтылғандар ғалымның Мәдениет эволюциясындағы сабақтастық (1964) сутегінде айтылған. Ғалымның əкеліп таратқан қуыршақтарына ер балалар да , қыздар дa қатты қызығып, өздерінше бөпе қылып əлдилеп , киіндіріп, ұйықтатып ойнай бастаған. Бұған қарап қыз балаларда биологиялық аналық түйсіктің оянғаны , ал ер балалар соларға еліктеген ғой деуге болар еді . Шынында да, балалардың біразы қуыршақтармен бір сəт қана ойнап, кейін жайына кетті, ал басқалары қуыршақтардың қасынан кетпей, ойындарын түрлендіре түсті. Ал, бір ғажабы, ер балалар қуыршақпен ойнауларын жалғастыра бергенде, бұл ойыннан тез жалыққан қыздар болды. Арал тұрғындары тұрмысының бір ерекшелігі де осындай еді, баланы күтіп-бағумен неғұрлым қолы бос еркектер айналысады екен. Адам сыртқы дүние құбылыстарының сырын көбірек білген сайын оның ойлауы да жетіле түседі, қазір ойлаудың практикалық әрекетпен байланысқан сан-салалы түрлері пайда болды. Адам өз ойлауының ақиқаттығын, яғни шындығы мен құдіреттілігін, өмірге жарасымдылығын практика жүзінде дәлелдеуге тиіс. Ой амалдары мен логикалық операциялар, оларды орындаудың белгілі ережелері мен жүйесінің пайда болуы адам ойлауының зор табысқа жетуінің, тарихи дамуының нәтижесі. Ойлау заңдылықтары мен ережелері сансыз қайталаудың және тәжірибеде тексерілудің нәтижесінде адам санасында бекіп, зор шындыққа айналды.
Ойлау адамның сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасау процесінде туындап отырады. Адам ойлауының мазмұнын билейтін объективтік шындық. Ойлау өзіндік ішкі қарама-қарсы қайшылықтарға толы процесс. Бұл оның дамуының және іске асуының қозғаушы күштері болып табылады. Ойлаудың пайда болуында жаңа, белгісіз нәрселерге зер салып, қызығудың да маңызы зор. Әлде де белгісіз, түсініксіз нәрсені білуге деген ынтызарлық, түрлі сұрақтарға жауап іздеп, ой әрекетімен шұғылдануға адамды итермелейді. Ойлау сұраққа жауап қайтарудан, мәселені шешуден, оның мән-мағынасына түсіне білуден жақсы байқалады. Мәселен, "Сырдария Арал теңізіне қүяды" деген сөйлемде ой туғызуғa негіз боларлықтай түрткі жок. Мұнда біреуден eстіген көріп білген мағлұматтарды жәй қайталау бар. Ал затты не құбылысты тұспалдап айтатын жұмбақтардан, айтыc өнерінен ой процесінің небір көріністерін байкауға болады.
Адам әркез өзінің алдына мақсат, міндет коя білуі кажет. Бұларды "басқа адам да қоюы мүмкін өмір тәжірибесі мен білімі жеткілікті кісі алда түрған міндетті тез аңғарады да, мәселе қоя біледі, ой процесінің бағытын айқындайды . Бұдан соң мәселені шешу, яғни ойдың негізгі кезеңі басталады. Бұл адам психологиясына ерекше әсер ететін өзекті, аса мәнді кезең болып есептеледі. ойдың кейде шындықтан "ауытқитын кездері де болады". Бұл адамды шындықтағы құбылыстар жөнінде қате көзқарасқа, теріс пікірлерге де алып келеді. Қоғамдық тәжірибенің, адам танымының тарихи дамуының барысында ғана бұлар біртіндеп, түзетіліп отырылады. Түйсік пен қабылдауға қарағанда ойлауда қателесуге мүмкіндік бар, әйтсе де, ойлау құбылыстардың мәнін екі жақтан (теория мен тәжірибе) бірдей қарастырып, тереңірек біліп отыратындықтан, кабылдау мен елестерге қарағанда әлдеқайда жоғары тұрады. Сөйтіп, ойлау сыртқы дүниені мида бейнелеудің ең жоғары формасы.
Ғылыми-техникалық прогресс "ойлайтын" машинаналарды дүниеге келтірді. Қазіргі есептегіш машиналар (оларды ойлайтын машиналар деп те атайды) өз жұмысының нәтижесін бағалай алады, программаланған нәрселерді үйрене де, оны жақсарта алуға да шамасы келеді. Машиналар белгілі ережелерге сәйкес мәтінді бір тілден екінші тілге аударады, сөйленіп түрған сөзді машина тіліне, яғни кодқа айналдырады. Мәселен, осындай машина дойбы да "ойнайды". Ол адамды ұтып кетуі де мүмкін. Бірақ оқып үйрену қабілеті жөнінен машина адамнан аса алмайды. Машинаға қарағанда адамның оқып үйренуі әлдеқайда жеңіл. Адам өзін машинаға ұтқызбас үшін, өз өнерін жетілдіріп отыруы тиіс. Машинаға тәңірдей табынатын кейбір адамдар алдағы жерде бәрін машина істейді, ал адамдар қолын қусырып, әзір асқа ие болып қарап отырады дегенді айтады. Бұл - сөз енжар, әрекетсіз адамның сөзі. Машинаның алдына тиісті міндет койып, оған программа беретін - адам. Осы міндетті коя білу үшін адамға мол білім қажет. Машинадан "ақыл" үйренуге болмайды, онда "ақыл" жоқ. Есептегіш машинаның құндылығы адамның оны дұрыс пайдалана білуіне байланысты. Бұл үшін адамға өз ойлауын үнемі жетілдіріп отыру қажет. Екінші жағынан, машина да адамның ойлау қабілетінің дами түсуіне, оның психикасының шыныға түсуіне жағдай жасайды. Әрқашанда идеяның иесі болумен бірге, машинаға тәуелді болып қалмау жағын да қарастырып отыру адамның алдында түрған ең басты міндет. Сөйтіп, есептегіш машиналар қанша "ақылды" болғанымен адам ойлауына пара-пар келе алмайды, адам ойлауы, оның барлық психологиялық қасиеттері өз қасиеттерін мәңгі-бақи сақтап қалады.
Ойлау- аса күрделі психикалық процесс. Оны зерттеумен бірнеше ғылым айналысады. Бұлардың ішінде логика мен психологияның орны ерекше. Осы екі ғылымның ойды зерттеудегі өдіс-тәсілдерінде де өзіндік айырмашылықтар бар. Мәселен, психология түрлі жас мөлшеріндегі адам ойының пайда болу, даму, қалыптасу жолын, яғни жеке адамның ойлау ерекшеліктерінің, заңдылықтарын қарастырса, логика бүкіл адамзатқа ортақ ой әрекетінің заңдары мен формаларын айқындайды, адам ойының нақты нәтижесі болып табылатын ұғым, пікір, дәлел, ой формаларының табиғатын зерттейді. Кей жағдайда бұл екеуі бірін-бірі толықтырып, ой мәдениетінің арта түсуіне көп пайдасын тигізеді.
Ойлаудың физиологиялық негіздері И. П. Павловтың бірінші және екінші сигнал жүйесі жөніндегі іліміне байланысты түсіндіріледі. Ойлау -ми кабығының күрделі формадағы анализдік-синтездік кызметінің нәтижесі, мүнда екінші сигнал жүйесінің уақытша жүйке байланыстары жетекші рөл атқарады Екінші сигнал жүйесінде жүйке қызметінің өз алдына дербес заңдары бар деуге болмайды. Сигнал жүйелерінің мидағы заңдылықтары бірдей. Олардың айырмашылықтары мынада: егер бірінші сигнал жүйесіндегі реакциялар нақтылы құбылыстарға байланысты туса, екінші сигнал жүйесі оларды жалпылап отырады.
Ойлау әрқашан анализ және синтез процестерінен басталады. Ойлау түйсік пен қабылдаудағы анализ бен синтездің жаңа мазмұнға ие болған түрі. Анализ дегеніміз ой арқылы түрлі заттар мен құбылыстардың мәнді жақтарын жеке бөліктерге бөлу. Синтезде ой арқылы заттың құбылыстың барлық элементтері біріктіріледі. Анализ бен синтез бірімен-бірі тығыз байланысты, бірінсіз-бірі болмайтын кұбылыс. Бұл екеуі бірінен-бірі ешқашан ажырамайтын ой процесінің негізгі компоненттерінің бірі. Кез келген сұраққа жауап табу, қандай болмасын бір мәселені шеше алу, анализ бен синтездің түрлі қиысуларын қажет етеді. Мәселен, мылтықты жеке бөліктерге ажыратсақ, бұл анализ (талдау) болады да, кейіннен осы бөліктерді белгілі тәртіппен кұрастырсақ синтез (топтастыру) болады. Балаларда оку, жазу, есептеу т. б. дағдылардың қалыптасу жолы да осы анализ, синтез операцияларының принциптеріне негізделген. Адам ойлауына анализ бен синтездің дәрежесі түрлі жағдайларға байланысты (жас, білім, тәжірибе т. б.) әр қилы көрініп отырады. Мәселен, бөбектің қағазды екіге бөлуі де, Эйнштейннің салыстырмалы теориясы да анализге жатады. Бірақ бірінен екіншісінің айырмашылығы жер мен көктей. Бөбектің қағазды екіге бөлуінде анализ практикалық амал ретінде көрінсе , Эйнштейннің салыстырмалы теориясында анализ теориялық ой тəсілі ретінде көрінеді.
Анализ бен синтездің негізінде салыстыру деп аталатын ой операциясы пайда болады. Салыстыруда заттардың ұқсастық, айырмашылық, қасиеттері айкындалады. Бұл операция салыстыратын заттардың бір түрлі белгілерін көрсетумен қабат, басқа белгілеріндегі айырмашылықтарын да айырып көрсетеді. Мәселен, заттарды оның түсіне, түріне, құрылысына, аткаратын қызметіне қарай салыстыруға болады.
Ойлау операциясының, күрделі түрі -абстракция мен жалпылау.
Шындықтағы заттар мен құбылыстарды жалпылау арқылы оның елеулі қасиеттерін басқа қасиеттерінен ойша бөліп алуды абстракция дейді. Мәселен, квадрат, трапеция, параллелограм деген сөздерді "төртбұрыш" деген сөзбен белгілесек, соңғысы абстракция болады. Сондай-ақ, бор, қар, қант секілді заттардың ортақ касиеті ретінде "ақшыл" деген сөзді алсақ, бұл да абстракциялық ұғымға жатады. Абстракцияға қарама қарсы процесті нақтылау деп атайды . Нақтылау - абстракциялық ұғымды соған сәйкес келетін жекe ұғымдармен түсіндіру, яғни жеке заттар мен нәрселер туралы oй . Мəселен, жылқы деген жалпы ұғымды құлын , тай , құнан , дөнен , айғыр , бие деп бөлетін болсақ , мұндағы жылқының жеке түрлері нақтылауға мысал бола алады . Нақтылау абстракцияға қарағанда, ұғымды көрнекі етіп түсіндіруге мүмкіндік береді. Жеке мысал, көрнекті құрал -нақтылаудың түрлі формалары.
Жалпылау дегеніміз бір текті заттардың, құбылыстардың ортак қасиеттерін оймен біріктіру. Жалпылау үшін заттардың ерекше маңызды белгілерін таба білу керек. Мәселен, алма, өрік, мейіз, алмұрт т. б. ұқсас белгілері жиналып келіп, "жеміс" деген жалпы ұғымды береді. Жалпылау тәсілі бізге сыртқы дүние заттарының мәнді белгілерін ажырата алуға жәрдем береді, өйткені "...ең қарапайым, қорытынды жасалуы, ұғымдардың (пікірлердің, қорытындылардың) бастапқы және ең қарапайым пайда болуы дүниенің барған сайын неғұрлым терең объективтік байланысын адамның тануы деген сөз.
Жалпылау арқылы шындықтағы заттар мен құбылыстарды белгілі принцип бойынша орналастыруды жүйелеу (систематизация) дейді. Жүйелеудің жоғары түрі классификация. Мәселен, жануарлар типке, типтен класқа, кластан отрядқа, отрядтан отбасыға, отбасыдан текке, тектен -түрге т. б. жүйеленеді. Жүйелеу арқылы өсімдіктер дүниесін, химиялық элементтерді белгілі классификацияға келтіруге болады. Осы айтылған ой тәсілі мал шаруашылығының қыры мен сырын жақсы білетін қазақтарда ерекше дамыған. Мәселен, олар шөпті ащы (көкпек, изен, жусан т. б.), тұщы (қияқ, боз т. б.), құрғақ, сулы деп бірнешеге бөледі. Шөптерді қай малдың жейтініне қарай да топтастыруға болады. Айталық, түйе үшін: жапырақ, шағыр, изен т. б.. қой жейтіндері: жоңышқа, қына десек, жылқы отына - боз , қияқ, беде, ебелек, бидайық т. б. жатқызамыз. осы тәсіліне жатады. Мәселен, жылқыны жасына орай: құнан, жабағы. тай, дөнен, бесті т. б. десек, ал жынысына қарай: байтал. бие, ат деп айтамыз. Сиыр малын: бұзау, баспақ, жынысына карай тайөгіз (еркегі), қашар (ұрғашысы) т. б. деп бөледі.

Ойлау ой операцияларымен коса ой формаларынан да тұрады. Ойдың бастапқы формасы болып ұғым есептеледі. Ұғым дегеніміз заттар мен кұбылыстар туралы ой. Ұғымда заттардың жалпы және негізгі касиеттері бейнеленеді. (Мәселен, мектеп, оқушы, мұғалім т. б. әр текті ұғымдар). Ұғымдар арқылы адам танымының үзақ процесінің нәтижесі қорытылады. "Адамның ұғымдары қозғалмайды емес, қайта мәңгі қозғалып тұрады, бірі екіншісіне құйылып отырады, мұнысыз олар нағыз өмірді көрсетпейтін болады"".

Ұғымдар дара және жалпы болып бөлінеді. Мәселен, "Шымкент қаласы", "Ғ.Мұратбаев" дара ұғым болса, "кітап", "адам", "жұлдыз" т. б. жалпы ұғым болады. Кейде жинақтаушы ұғым да болуы мүмкін. Мәселен, "жиналыс" (студенттер жиналысы), "кітапхана" (балалар кітапханасы) т. б. Бала мектепке келгесін ғылыми ұғымдарды меңгере бастайды, оның білім, дағдыларының түсуі ғылыми ұғымдардың негізін меңгере білуге қолайлы жағдай туғызады. Әрбір ұғымда белгілі мазмұн болғандықтан, ол ұғымды бірден меңгеру оңай емес. Бұл үшін ойлау тәсілін меңгере білу қажет. Мәселен, "Ана тілі" сабағында мұғалім үй жануарлары мен жабайы аңдар түралы түсіндіргенде, олардың бір-бірінің негізгі өзгешеліктерін көрсетумен қатар, ұқсастыктарына баса назар аудартады. Осының нәтижесінде балада "жабайы аңдар". "үй жануарлары" дейтін бөлек ұғым пайда болады. Баланың логикасын дамыту, ұғымдарын өсіру наукандық жұмыс емес. Ол әрбір сабақ үстінде мектептегі барлық тәлім тәрбие процесінің барысында ұдайы жүргізілетін жұмыс.
Мұнда оқушылардың жас ерекшелігі де қатты ескеріледі. Мәселен, екінші сынып оқушыларына сөз таптарын түсіндіргенде, мұғалім зат есімдердің септелуін, олардың классификациясын, математика сабағында "бөлінгіш", "бөлгіш" сияқты ұғымдарды бірінен-бірі олардың өзіндік белгілеріне қарай ажыратқызса, бала ұғымының қалыптасуы ойдағыдай жүріп отырады. Кез-келген ұғым жалпылай алудың нәтижесі. Бастауыш сынып оқушылары құбылыстардың сырттай ұксастықтарына көбірек мән беретіндіктен, жалпылау көбінесе олардың сыртқы белгілеріне жасалады. Мәселен, оқушыларға "күн", "өсімдік", "жануар" ұғымдарын түсіндіргенде, "күн жарқырайды" немесе ",жылытады" "өсімдік өседі", "шөпті мал жейді"," "сиыр үй жануары" , "ол сүт береді" . "құс ұшады, сайрайды" т. б. деп келеді де аталған нәрселердің тек сыртқы белгілерін келтіріп, оның ішкі мәніне бармайды. Бала өзі көрмеген нәрселерді жалпылауға келгенде қиналады. Мәселен, төменгі сынып оқушылары китті көбінесе балық деп санайды. Өйткені киттің суда жүзетіндігі, сыртқы түрі балыққа ұқсас екендігі рас. Мұғалім киттің ауамен дем алатынын, балаларын сүтпен қоректендіретінін айтып түсіндіргенде де бала оны балықтың бір түріне жатады деп ойлайды.
Төртінші сыныптағылардың жалпылауларымен заттың ішкі мәнін, оның негізгі ерекшелігін, байланыстарын бейнелей алушылыкты байқауға болады. Мәселен, олар су, ауа, металл т. б. денелердің қысым ұлғаюшылық секілді жалпы белгілеріне карап, бұларды "өлі ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ КҮРДЕЛІ СӨЙЛЕУ ТІЛІ БҰЗЫЛЫСЫ БҰЗЫЛЫСЫНЫҢ ОЙЛАУ ӘРЕКЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Ойлау және сөйлеу
Ойлау мен сөйлеу туралы жалпы түсінік
Психология ғылымындағы ойлау мен сөйлеу арақатынасы
Ойлау, сөйлеу
Әрбір жас кезіндегі балалардың ойлау мен сөйлеудің теориялық талдамасы
Ойлау туралы түсінік
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ОЙЛАУ МЕН СӨЙЛЕУІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ СӨЙЛЕУ ӘРЕКЕТІ МЕН ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ЗЕРТТЕУ
Ойлау, қиял және творчестволық iс
Пәндер