Қазақстан және халықаралық ұйымдар туралы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан және халықаралық ұйымдар

ТМД-ның құрылуы. Қазақстан ТМД және Орталық Азия кеңістігінде. 1991 жылы қарашада Ново-Огаревода жеті республика (Ресей, Белорусия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан) жаңа мемлекетаралық құрылым - Тәуелсіз Мемлекеттер Одағын құру жөніндегі ниеттерін білдірді. Одақтың сақталуына мүдделілік танытқан жетілік басшылары 1991 жылдың 25 қарашасы күні жаңа одақтық келісімге қол қоюға уағдаласты. Алайда, ол бірнеше себептерге байланысты жүзеге аспады. Бұл келісімге тек М. Горбачев қана қол қойып, жобаны басқа республикалардың қарауына жіберді. Шын мәнінде республикалар 1991 жылдың 1 желтоқсанына белгіленген Украинадағы жалпыхалықтық референдум қорытындыларын күтіп отырды. М. Горбачевтың КСРО-ны сақтап қалуға жанталасқан жігерін құм қылып Украина халқы толық тәуелсіздікті қолдап дауыс берді. Бұрынғы одақтың ішінде Ресейден кейінгі екінші орын алатын - Украина бірауыздан тәуелсіздікті таңдады. Осының жалғасындай, 1991 жылғы 8 желтоқсанда Брест маңындағы Беловеж орманында Белоруссия, Ресей, Украина басшылары: 1922 жылы одақтық келісімге қол қойған КСРО құрылтайшылары КСРО халықаралық құқықтың толыққанды субъектісі ретінде өз ғұмырын тоқтататынын мәлімдеді. Бұл келісім 1922 жылғы КСРО-ның құрылуы туралы келісімді тоқтатып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрудың алғышартын қалыптастырды. Осы келісімнен кейін КСРО-ның құрамындағы одақтас республикалар құқықтық кеңістіктен шығып қалды. Осындай қиын-қыстау сәтте Қазақстанның басшысы Н.Ә. Назарбаев 1991 жылдың 13 желтоқсанында Ашхабадта түркі тілдес республикаларға кездесуді ұсынды. Бұл кездесу барысында олар Беловеж келісімінің маңыздылығын саралап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіру жөнінде шешім қабылдады. Алайда, ең шешуші кездесу - 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қаласында өтіп, КСРО-ның ыдырап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуы заңдастырылды. Орталық Азия республикалары және Қазақстан басшылары Алматыда бұрынғы КСРО құрамына кірген он бір мемлекет басшыларының саммиті аясында бірқатар ресми құжаттарға, яғни 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Минск қаласында Белоруссия, Ресей, Украина қол қойған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын кұру туралы келісімнің хаттамасына, Алматы декларациясына, ТМД-ның координациялық институттары туралы келісімге, ТМД елдері басшылары Кеңесінің БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдарда мүше болу туралы шешімдеріне қол қойылды. Бұл кездесуде КСРО-ның құқықтық мұрагері ретінде Ресей Федерациясының БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі туралы өте маңызды мәселе шешілді. Алматы кездесуіне қатысушылар бірнеше маңызды құжаттар қабылдады. Саммитте достастыққа кірген мемлекеттер аумағының тұтастығын мойындау; әскери-стратегиялық күштерді біртұтас басқару және ядролық қаруға біртұтас бақылау орнату келісілді. ТМД-ның жоғары басқару органдары Мемлекет басшыларының және үкімет басшыларының кеңесі құрылып, достастықтың ашықтығы жарияланды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: Егеменді ел ретіндегі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының стратегиясын жемісті жүзеге асыру үшін қолайлы сыртқы саяси жағдай қалыптастыру керек. Ол үшін мемлекеттілікті нығайту, модернизацияға бағытталу, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді сақтау, сонымен қатар ТМД, әлемдік қауымдастық шеңберінде ықпаласуды арттыру, ­ деді. Сыртқы саясаттың негізгі мақсаты ­ қолайлы сыртқы саяси ортаны қалыптастыру және саяси, экономикалық реформалардың негізінде елдің тұрақты дамуына оңтайлы жағдайды туғызу болып белгіленді.
1992 жылы қаңтар айында Қазақстан Еуропалық қауіпсіздік және өзара көмек Ұйымына (ЕҚӨКҰ) кірді. Ал, 2 наурызда Біріккен Ұлттар ұйымына қабылданды. Елбасы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-сессиясында баяндама жасады.
Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саяси доктринасының діңгегі - көпбағытты саясат ұстану қағидасы. Көпбағыттылық - әлемде елеулі рөль атқаратын және Қазақстан үшін қарым-қатынаста маңызды болып табылатын мемлекеттердің барлығымен достық әрі әріптестік байланыс орнату деген сөз. Президент сөзімен айтсақ: Қазақстан геосаяси жағдайы және экономикалық әлеуетіне орай тар, аймақтық деңгейдегі мәселелермен шектеліп қалуға құқығы жоқ. Бұлай істеу, тек елдің көпэтникалы халқына ғана емес, сонымен қатар әлемдік қауымдастыққа да түсініксіз болар еді. Қазақстанның болашағы - Азиямен де, Еуропамен де, Батыспен де, Шығыспен де байланысты. Осындай саясат жүргізгенде ғана біз Қазақстанның қауіпсіздігіне төнетін қатерлерден сақтана аламыз. Елдегі экономикалық және саяси жаңаруларға сыртқы саяси қолайлы жағдайды нығайта аламыз. Сыртқы қоршаған орта қолайсыз болса, таяу және ұзақ мерзімге белгілеген мақсаттарымызға жетуіміз екіталай. Елбасының көпбағыттылық қағидасы өзін толық ақтады. Көпбағытты саясатты ұстанудың арқасында Қазақстан ұлттық мүддесін тиімді қорғап, халықаралық кеңістікте өз алдына дербес әрі ықпалды мемлекетке айнала алды.
Әлемде мұнай, газ, көмір және уран кендері қоры жағынан жетекші орындардың бірін алып отырған Қазақстанға әлемдік қауымдастық ХХІ ғасырдағы негізгі қуат көздерінің бірі ретінде қарайды. Сонымен қатар экспортқа шығаратын астық көлемі де үлкен. Қазақстан сыртқы саяси қызметінің басты бағыттарын анықтауда осы геосаяси факторларды ескереді.
Қазақстан Республикасы көпбағытты саясат ұстану негізінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ сыртқы саяси басымдықтардың тұрақты жүйесін қалыптастырды. Қазақстан өзінің сыртқы саяси стратегиясын қалыптастыруда әлемдік күштердің алуан түрлілігін ескерді.
Қазақстан өз қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін ең жақын және тарихи дос көрші мемлекеттермен де, Таяу және Орта Шығыс едерімен де, демократияшыл индустриясы дамыған мемлекеттермен де берік байланыстар орнатып, интеграциялық процестерді күшейте түсу бағытын ұстанып отыр.
Қазақстан ТМД, ОАЭО және ЕурАзЭҚ сияқты ұйымдар арқылы посткеңестік кеңістіктегі ықпалдастыққа ұмтылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Сыртқы саяси тұжырымдамасында ТМД шеңберіндегі ынтымақтастыққа басымдық берілген. ТМД-ны құру туралы декларация 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында қабылданды. Тәуелсіз Мемлекеттердің Достастығы - бұрынғы Кеңес Одағының елдерін біріктіретін әрі саяси, экономикалық, мәдени және басқа да байланыстарды өрбітетін жалғыз ұйым болып табылады. ТМД-ның құрылу тарихында Қазақстанның да шешуші рөл атқарғандығын ескеруіміз керек. Қазақстан Президентінің ТМД шеңберіндегі ықпалдастық пен ынтымақтастық процестерін тиімді ету мақсатындағы бастамалары, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық және әскери-саяси өзара қарым-қатынастарын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Олар: Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (Азия кеңесі, АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын, Еуразиялық экономикалық қауымдастықты және Біртұтас экономикалық кеңістікті құру болып табылады.
Қазақстан ТМД кеңістігіндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Орта-Азиялық ынтымақтастық ұйымы сияқты басқа да аймақтық ұйымдар қызметіне белсене араласады. Ең басты мақсат - жаңа әлемдік тәртіп жағдайында аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Қазақстан экономикалық, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, гуманитарлық салада ТМД шеңберінде ынтымақтастықты кеңінен жүзеге асыруда. Қазақстан экономика саласындағы ықпалдасуды өзара қарым-қатынастың іргелі қағидасы ретінде ұстануда. Себебі, сауда-экономика саласындағы ынтымақтастық Достастық елдерінің экономикалық мүдделерін үйлестіруге мүмкіндік береді. ТМД елдерінің экономикалық дамуының әр түрлі деңгейлерін ескерсек, онда олардың экономикалық тұрғыдан бірлесу процесінің оңай шаруа еместігін де аңғарамыз. Кедендік одақты, Валюталық Одақты құру және қаржылық ықпалдастықты дамыту мәселелерін шешу ісі қарама-қайшылықтарға толы әрі күрделі жағдайда жүзеге асуда. Дегенмен, нақты іс-шаралардың орындалғандығын да айтуымыз қажет. Мәселен, 1994 жылы ТМД елдері Еркін сауда аумағын құру туралы келісімшартқа қол қойылса, 1995 жылы Қазақстан, Ресей және Белоруссия мемлекеттері арасында Кедендік одақ құрылды. Кедендік одаққа 1996 жылғы наурызда Қырғыз Республикасы, 1998 жылы сәуірде Тәжікстан Республикасы қосылды. Кедендік одақтың атқарушы органдары Мемлекетаралық кеңес пен Интеграциялық комитет болып табылады. Кедендік одақты құрудағы негізгі мақсат тауарлардың, көрсетілетін қызметтің, капиталдың, жұмыс күшінің ортақ нарқын белгілеу болды. Кедендік одақ шеңберінде салық заңнамасы мен көлік саласына қатысты бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Елбасы Кедендік одақтың Мемлекетаралық кеңесінің төрағасы ретінде 1998 жылдың басында ТМД-да біртұтас гуманитарлық және ақпараттық кеңістік құру жөніндегі ұсыныстардан тұратын - Қарапайым адамдарға қарапайым он қадам жасайық атты бастамасын ұсынды. Бұл - билік пен халық арасын жақындата түсті.
Сонымен, Қазақстан ТМД шеңберінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ынтымақтастықты кеңінен жүзеге асырып келеді. Қазақстан үшін күн тәртібінен түспейтін өткір де өзекті мәселе - халықаралық лаңкестік және экстремизммен күрес болып табылды. Елбасы Қазақстан халқына арнаған 2006 жылғы Жолдауында Лаңкестікке, ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз қару-жарақты таратуға, есірткі саудасы мен басқа да осындай қатерлерге қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту қажеттігін баса айтты. Еліміз ТМД елдерінің біріккен әскери жаттығуларына, лаңкестікке қарсы орталық қызметіне, халықаралық лаңкестікпен және экстремизммен күресу бағдарламасына, есірткіге қарсы күрес мақсатында жүргізілетін әскери жаттығуларға қатысып, тәжірибе алмасып келеді.
ХХ ғасырдың 90 жылдарында басталған ықпалдасу процесі ХХІ ғасырдың басында жаңа деңгейге көтерілді. Достастық аумағында ықпалдасудың бағыттар мен соны кезеңі басталды. Қазақстан Республикасының өзіндік ықпалдасу принциптері қалыптастырылды. Ол, біріншіден, кез келген ықпалдасу төменнен шынайы экономика секторымен қолдануы керек, ал саясаткерлер ісі - осы процеске бағытталуы керек; екіншіден, ықпалдасу процесі объективті себептерден туындауы керек және мемлекеттердің бірігуге ұмтылысынан, еркіндік принципіне негізделуі тиіс; үшіншіден, ықпалдасудың нақты стратегиясы мен шынайы мақсаттары қажет; төртіншіден, мемлекеттің сыртқы саясатының басым бағыты ретінде мойындалуы керек; бесіншіден, көп деңгейлі ықпалдасу, ықпалдастық орталықтарын қалыптастыру. Қазақстан басшысы интеграциялануды елімізді тұрақтылыққа, прогреске, экономикалық және әскери-саяси тәуелсіздікке апаратын жол ретінде анықтады. осыған орай ТМД ұйымын реформалаудың қазақстандық бағдарламасын ұсынды. Президент Независимая газетаға берген сұхбатында: ТМД елдері үшін ықпалдастық, ынтымақтастық - экономикалық тиімділік қана емес, ертеңгі күнге деген сенімділік, рухани - психологиялық тұрақтылық та болып табылады, - деп мәлімдеді.
Қазақстан ықпалдасудың негізгі бес бағытын негізге алады. Олар: көші-қон саясатын, біртұтас көлік-коммуникациялар жолын дамытуды, білім мен ғылым интеграциясын дамыту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен шекара аралық қылмыспен күрес. Жалпы, бүгінгі күні ТМД қызметі нәтижесінің мардымсыздығы мүше мемлекеттердің басқа деңгейдегі байланыстарды орнатуға итермеледі. Мәселен, ТМД шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастық нәтижелі болмағандықтан, мүше-мемлекеттер өзара екі жақты қарым-қатынастар арқылы ықпалдастықты жүзеге асыруда. Соның бірі - Орталық Азия аймағындағы процестер.
Орталық Азия мемлекеттеріне кезінде КСРО құрамына кірген Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан жатады. 4 млн. шаршы метр аумақты алып жатқан бұл мемлекеттер - пайдалы кен қазбаларына бай өлке. Батыс пен Шығыс елдерінің қызығушылығын тудырып отырғандығы да анық. Бүгінгі күні Орталық Азия аймағы жаһандық һәм әлемдік саяси картадан өз орнын іздеуде. Аймақ тұрақтылығы мен үдемелі дамуының басты жолы - аймақтық ықпалдасуды Қазақстан сыртқы саясатында жаһандану қауіптеріне қарсы тұрудың ең тиімді тәсілі ретінде таңдап отыр. Бұл процесс су-энергетикалық қорларын және транзиттік-көліктік әлеуетін ұтымды пайдалану, аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру, лаңкестікке, діни экстремизмге және есірткі бизнесіне қарсы күресті біріге отырып шешуге мүмкіндік береді. Орталық Азиядағы ықпалдастық процесі 1994 жылы Орталық Азия Одағын құрудан басталды. Оның негізі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы (БЭК) жасалған келісім-шартпен қаланды. Аймақтық ықпалдастықта 1997 жылы Бішкек қаласында қол қойылған Мәңгілік достық туралы келісім-шарттың маңызы зор. Келісім-шартта өзара қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен халықаралық аренада өзара қарым-қатынасты орнату мәселесі басты орынға қойылған.
Аймақтық өзара қарым-қатынастағы қарама-қайшылықтарға байланысты Орталық Азия ынтымақтастық жобасы бірнеше мәрте қайта қаралып, аймақтық құрылымдар жетілдірілді. Нәтижесінде, 1998 жылы Орталық Азия Одағы Орталық Азиядағы экономикалық қауымдастыққа айналды. 1996 жылдан Ресей, 1999 жылдың шілдесінен Грузия, Түркия және Украина бақылаушы мәртебесіне ие болды. Орталық Азиядағы экономикалық қауымдастыққа 1998 жылы Тәжікстан қосылды. Ал, 2001 жылы Орталық Азиядағы экономикалық қауымдастық Орталық Азиядағы ынтымақтастық ұйымына (ОАЫҰ) айналды. ОАЫҰ шеңберінде президенттер халықаралық су-энергетикалық консорциум және есірткіге қарсы коалиция құру туралы шешім қабылдады. 2004 жылы Душанбе қаласында өткен Орталық Азиядағы ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында ұйымға Ресей Федерациясы қосылды.
2005 жылы ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру туралы бастамасын аймақ басшылары оң қабылдады. 2005 жылы Орталық Азия Ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде бұл аталған ұйым Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) бірікті.
ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК қарым-қатынас жүйесінде. Еуразиялық экономикалық қоғамдастық - 2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында халықаралық экономикалық ұйым ретінде Кедендік Одаққа қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған ЕурАзЭҚ құру туралы шартқа сәйкес құрылды. ЕурАзЭҚ бастауы 1994 жылы Чолпан ата қаласында (Қырғызстан) Орталық Азия Одағы шеңберінде өткен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекет басшыларының кездесуінде Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы қабылданған шешіммен байланысты.
ТМД шеңберінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың қалыптасуы Достастық елдерінің ықпалдастықтың жаңа деңгейіне ұмтылатындығын көрсетті. ТМД-ның ішкі мәселелері де ықпалдастықтың жаңа деңгейін қажет етті.
Бұл ұйымға Қазақстан, Белоруссия, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Молдова республикалары мүше, ал Украина бақылаушы мемлекет болып табылады. ЕурАзЭҚ құру негізіне Кедендік одақты және Біртұтас экономикалық кеңістікті тиімді қалыптастыру мақсатында қалыптастырылған сауда-экономикалық ынтымақтастық тұжырымы алынды. Мемлекетаралық Кеңес, Интеграциялық Комитет, Парламентаралық Ассамблея және Қоғамдастық Соты ЕурАзЭҚ-тың басқару органдары болып белгіленді.
2003 жылы мамыр айында БҰҰ ЕурАзЭҚ-ты халықаралық ұйым ретінде мойындады. ЕурАзЭҚ-тың 2003 жылдың 27 сәуірде Душанбе қаласында өткен Мемлекетаралық Кеңесінде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтағы іс-ахуалы және интеграциялық ынтымақтастықты жеделдету жөніндегі ұсыныстар туралы баяндамасы тыңдалды.
Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы келесі қадам - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ). Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт 1992 жылы ТМД шеңберінде Достастық елдерінің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери-саяси ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылғандығы белгілі. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа ресми түрде 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында қол қойылды. Келісімге ТМД-ның алты мемлекеті - Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан қол қойды. Кейіннен Белоруссия қосылды. Ұйымның жоғарғы органы - Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі. Сонымен бірге, өкілетті өкілдерден тұратын Тұрақты Кеңес, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі, Қауіпсіздік кеңестер хатшылық комитеті, ұйымның бас хатшысы, ұйым хатшылығы қызмет жасайды.
Тәуелсіз Қазақстан кеңестік жүйеден кейінгі кеңістікте орналасқан елдермен ТМД, ЕурАзЭҚ ұйымдары шеңберінде экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды қалыптастырды. Бүгінгі күні бұл ұйымдар шеңберіндегі қарым-қатынастың басым бағыттарының бірі - көші-қон мәселесін шешу болып отыр. Ал, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруда ҰҚШҰ-ның маңызы зор.
Қазақстан тек Орталық Азия аймағында ғана емес, Еуразия аймағында да ықпалдастыққа ұмтылуда. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының алатын орны ерекше. Ол бүгінгі күні қол жеткізген нәтижелерімен ерекшеленеді. Олар: аумақтық мәселені шешу; лаңкестікке қарсы күрестегі жетістіктер; әскери саладағы тығыз ынтымақтастық; басқа халықаралық ұйымдармен байланыс орнату; экономикалық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы нақты жобалар.
1996 жылы 26 сәуірде Шанхайда бес мемлекет - Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан Шекара аймағында әскери салада сенімді бекіту туралы келісімшартқа қол қойып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының негізін қалады. Сол кезде ұйым Шанхай бестігі деп аталғанымен, кейін 2001 жылғы саммитте Шанхай бестігіне Өзбекстанның қабылдануымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деп аталды. Саммиттен кейін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құру туралы декларация жарияланды. Сонымен бірге Лаңкестік, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы деп аталатын тағы бір маңызды құжат қабылданды. Сөйтіп, аймақтық саясатта алғаш рет лаңкестік, сепаратизм және экстремизм ұғымдарына анықтама берілді. Ақиқатында, бұл құжат АҚШ-тағы 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасына 3 ай қалған уақытта қабылданған еді. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы әскери одақ емес, ол аймақтық қауіпсіздік саласындағы ықпалдастықпен қатар, экономика саласындағы байланыстарға ұмтылатын ұйым болып табылады.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (Азия кеңесі, АӨСШК). АӨСШК құру туралы идеяны ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы 5-қазандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынды. Ұйымның негізгі мақсаты - Азия аймағындағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты көп жақты қарым-қатынастарды орнату және осы мәселелерді шешу барысында ынтымақтастықты нығайту.
І саммитте екі маңызды құжатқа - Алматы актісі мен АӨСШК Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы диалогқа қолдау көрсету туралы декларацияға қол қойылды. Осы құжаттар негізінде АӨСШК Азиядағы дау-жанжалдар мен қақтығыстарды реттеу мақсатындағы форумға айналды.
2004 жылы қазан айындағы АӨСШК мүше елдерінің ІІ кездесуінде Сенім шаралар каталогы қабылданды. Бұл әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы шаралар жиынтығынан тұрды. АӨСШК-ке мүше мемлекеттер басшыларының шешімімен Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылы БҰҰ 47-сессиясында кеңесті құру туралы идеясын қолдау ретінде 5 қазан Азия кеңесі күні болып жарияланды. АӨСШК аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторына айналды.
ІІ саммит 2006 жылы маусым айында өтті. 2007 жылғы желтоқсан айынан бастап Азия кеңесі БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды. Қазақстан - АӨСШК құру туралы идеяны ұсынушы ғана емес, осы идеяны іс жүзіне асырушы мемлекет. Бұл еліміздің ұйым төрағалығына екі мерзімге, яғни 2002-2006 жылдардағы (бірінші мерзім) және 2006-2010 жылдардағы (екінші мерзім) сайлануынан да көрінеді. Бүгінгі күні еліміз АӨСШК-тің 2010 жылы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстандағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдар: әлемдік тәжірибе
Халықаралық экологиялық құқықтық ынтымақтастығы
Қазақстан Республикасы және халықаралық аймақтық ұйымдар -ынтымақтастықтың құқықтық мәселелері
Дербес мемлекет иммунитетінің құқықтық негізі
Халықаралық құқық субъектісі
Халықаралық ұйымдардың қызметтері және жіктелуі
Коммерциялық емес ұйымның құқықтық мәртебесі
Халықаралық экономикалық ұйымдар
ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕП БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АУДИТТІҢ СТАНДАРТТАРЫНА КӨШУ КЕЗЕҢДЕРІ
ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК ҚАРЖЫЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТТІҢ АҚПАРАТТЫҚ БАЗАСЫ РЕТІНДЕ
Пәндер