Ұлықбек Есдәулеттің поэзиясындағы табиғат тақырыбына шолу


МҚТӘ-23
Жүніс Айдана
Ұлықбек Есдәулеттің поэзиясындағы табиғат тақырыбына шолу
Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығындағы табиғат бейнесі өзінше ерекшеленіп, табиғатқа тіл бітіп, ақынның суреттеуі арқылы өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп тұрады. Қазақ лирикасының кемелдену, толысу кезеңінде өзіндік үн қосып, өзгелерден дараланып, өзіндік қолтаңбасын анық танытатын ақынымыз - Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығы ерекше құбылыс.
Т. Медетбек айтқандай, «Ұлықбек Есдәулетов - үнемі ізденіс үстінде жүретін бұл ақын өлеңдері бүгінде бұрынғыдан да ауқымын кеңейтіп, бұрынғыдан да тереңдей түсті. Оның өлеңдері енді қазіргі қазақ поэзиясының принципті сәттіліктері мен перспективті тенденцияларына арналған еңбектерде сөз бола алатындай деңгейге көтерілді дей аламыз. Оның образды ойлау жүйесі бүгінде кең ауқымдағы, кейде бүкіладамзаттық, кейде тұрмыстық характерлердегі ассоцияларды қамти алатын қабілетке ие. Бұл сөз жоқ, ақын масштабының кеңдігін, оның толысып өскендігін көрсетсе керек» [1, 22 б. ] .
1973 жылы ақынның «Қанат қақты» жыр кітабындағы «Көздеріңе ғашықпын» жинағына алғы сөз жазған Қ. Мырзалиев Ұ. Есдәулеттің таланттылығын бағалап, «сөзі салиқалы, салмақты, иланымды» екенін өлеңдері арқылы дәлелдеп, «Жортқанда жолың болсын? // Жолдасың өлең болсын!», - деп баталы сөз айтқан.
Ұ. Есдәулеттің «Алматы. Ақпан» өлеңінде лирикалық қаһарманның күйі тұрмыс тірішілікпен қат-қабат болып көрінеді. Өлеңді толығымен келтірсек:
Терезені ашып ем, қар ұшып кірді,
Бөлмені басқан буменен жарысып кірді,
Мұнарлы түнде қан-сөлсіз қылаңытқан Ай,
Атжүйріктей боп аспанға жабысып тұрды.
Тұншығып қалған бір әлем - құпия бәрі,
Жұмбағын шешіп кім оны түсіне алады?
Түрікпендердің төңкерген қауға бөркіндей
Қарауытады бұтақта құс ұялары.
Бетіме қонған мамық қар еріп барады,
Жербауырлаған аппақ бу тобық қағады.
Жұмыртқа басқан сиқырлы самұрықтай боп,
Тыныштық жатыр түбіті көміп қаланы.
. . . Зілзала өтіп, Зайсанда ақсарбас сойып,
Қауқылдап ауыл жатыр-ау
Бас, жамбас қойып.
. . . Қар жауған түнгі қаланың көшесіне ұқсар,
Көңілім менің тапталар-тапталмас болып [3, 47 б. ]
Қыс суреттері лирикалық қаһарманның көңіл-күйіне сай өрілгендігі және бірер сәттегі көңілінің бейқамдығы «Қар жауған түнгі қаланың көшесіне ұқсар, // Көңілім менің тапталар-тапталмас болып» өлең жолдарында байқалады. Ақын «көңілін қар жауған түнгі қаланың көшесіне» ұқсатуы, яғни тыныштықты қалауы айтылса, «Көңілім менің тапталар-тапталмас болып» тармағында жаңа жауған қардың басылып, тапталып қалатыны белгілі, сондықтан да лирикалық қаһарманның көңілі осы қар жауғандай күйде болатынын айтқысы келеді. Лирикалық қаһарманның көзіне «Ай қан-сөлсіз қылаңытқан» болып көрінуі де нанымды. Өйткені, лирикалық қаһарманның көңіл-күйінің бір нәрсені ойлаудан біраз қобалжып тұрғаны аңғарылады. Бұл ретте назар аударатыны - айдың «қан-сөлсіз қылаңытқан» деп суреттелуінде, өйткені айдың қан-сөлсіз болуы, оның үнемі боз болып, суық тартатынын білдіретінін, жалпы айтқанда айдың сипатын көрсетіп тұрса, ал ақынның «Атжүйріктей боп аспанға жабысып тұрды», - деуінен лирикалық қаһарманның көзімен айдың орналасу дәлдігі мен бірқалыпта өзгермей тұратынын әсерлі беруінен ақын шеберлігін бағамдаймыз. «Тұншығып қалған бір әлем - құпия бәрі, // Жұмбағын шешіп кім оны түсіне алады?», - деген өлең жолдарынан лирикалық қаһарманның барлық адамзатты үнемі толғандыратын тылсым дүние туралы да назарынан тыс қалмағанын көреміз. Сонымен қатар, бұл екі жолды өлеңдегі бір ерекшелік Ұ. Есдәулеттің стилінде, тіл шеберлігінде. Мысалы: «Әлемнің тұншығып қалғандығы» лирикалық қаһарманның айтқысы келген ойын өрбіте түскен. Ақынның көркемдігі де бірден көзге түседі. Әсіресе, теңеулерді құбылтып қолдануға шебер. Мысалы: «Түрікпендердің төңкерген қауға бөркіндей // Қарауытады бұтақта құс ұялары» жолдарынан адам аңғара бермейтін құбылыстарға, яғни ұяның түр, пішініне зер салуы да лирикалық қаһарманның зейінді, зеректігін, әрі тапқырлығын көрсетеді. Қ. Мырзалиев айтқандай «Ұлықбектің көзі - суретшінің көзіндей. Қиядан шалады» [3, 6 б. ] - демекші, дәл, тура ақынға айтылған сөз.
Үшінші шумақтағы «Жұмыртқа басқан сиқырлы самұрықтай боп, // Тыныштық жатыр түбіті көміп қаланы», - дегенде қарды, қардың жаууын тыныштыққа ұқсатады. Лирикалық қаһарман үшін тыныштық-дала мен қар бірдей сияқты. Бұл тармақтардан қар сипатының өзіндік ерекшелігі (бұл жерде айтпағымыз - жаңбырдан, бораннан, дауылдан және т. с. с ) көркемдеуіш құрал - теңеудің көмегімен ашылған. Демек, қар - самұрықтың жұмыртқасындай боп, тыныштықтың, яғни қардың түбіті қаланы көміп жатыр. Бұл ретте ақын «түбіт» сөзін босқа алмаған. «Түбіт» сөзі ұлттық өрнекті білдірсе, ұлпа қардың түрін, қардың мамықтығы мен жұмсақтығын, тез еріп кететіндігін өрнектеу үшін де жұмсалғанын бағамдаймыз. Қорыта келгенде, бұл өлеңдегі лирикалық қаһарман беймаза күй кешсе де, көбінесе әртүрлі жағдайдағы құбылыстарға дайын тұратын, сергек лирикалық қаһарманды тани аламыз.
Ақынның «Күз келді» деп аталатын өлеңі екі шумақтан тұрса да, өзіндік ойын нақты аңғарта алатындай туынды екені сөзсіз.
Астанаға күз келіпті-ау тағы да,
Бір кездегі көрік, сәулет бақшада аз.
Дәурен сүрген бұтағынан - тағынан,
Құлап жатыр жапырақ боп патша - жаз.
Жыпырлаған жаңбыр жерге бас ұрып,
Шытырлаған шығарады саз бөтен.
Қимастықпен Алатауға асылып
Жылап тұрған бұлттар емес, жаз ба екен? [3, 12 б. ]
Орыс әдебиетінде табиғатты суреттеу Пушкиннен басталатын болса, оның табиғаты бір жанды, тіршілік иесіне ұқсап тұрады. Сол сияқты Ұ. Есдәулетте де бір жапырақтың күз мезгілінде құлауын «патшаның тағынан құлауына» ұқсатады. Жаз ұғымын бір жапыраққа сыйғызып жібергенінен ақынның шеберлігін көреміз. Табиғатты осылай ерекше бейнелеу поэзияда сирек кездеседі. Өйткені, мұнда ешкім айтпаған ой және осы күнге дейін салынбаған сурет бар. Бұл - Ұ. Есдәулеттің поэзиядағы жаңалығы. Ақын сонысымен дараланады. Жаз мезгілінің күз маусымына ауысуын сәтті жеткізген. Алғашқы шумақтағы «Дәурен сүрген бұтағынан - тағынан, // Құлап жатыр жапырақ боп патша - жаз», - дегенінен алдымен, жазды жапырақ сияқты құлап жатыр деуі де қазақ әдебиетіндегі тың қолданыс, әрі дерексіз ұғымды заттандыру болса, екіншіден, күздің келіп, жаздың кетіп бара жатқаны лирикалық қаһарман үшін бір кезде дәурен сүрген патшаның тақтан құлап қалуына ұқсатып, соны жалаң баяндаумен емес, образбен берген. Осыдан-ақ, Ұ. Есдәулеттің суреткер ақын екендігін мойындауға құқылымыз. «Патша - жаз» ақынның тың қолданысы екенін де айта кеткен жөн. «Жыпырлаған жаңбыр жерге бас ұрып, // Шытырлаған шығарады саз бөтен» тармақтарында көп тамшылардың жерге тамып жатқандығы «жыпырлаған», «жылап тұрған бұлттар» сөз тіркестері арқылы, ал сол жаңбырдың дыбыс сипатын «шытырлаған» сөзімен, ал бұлттың биіктігін «Алатауға асылып» деуінен ақынның сөздерді орны-орнымен ұтымды қолданғандығын аңғарамыз. Сайып келгенде, лирикалық қаһарманның жазға деген қимастық сезімі, жаз мезгілін ұнататындығын байқастаймыз. Ұ. Есдәулет жаз бен күздің жырланып бітпегендігін, мәңгі жырлана беретін тақырып екендігін өзінің осы өлеңі арқылы дәлелдей түседі.
Қаламгердің «Тереземді жаппаймын» өлеңі жастық шақта жазылған туындыларының бірі. Өлеңде лирикалық қаһарманның қуанышты көңіл-күйі, жастық лебі, бір нәрсеге үміттенуі, яки жастық оты байқалады. Лирикалық қаһарман табиғаттан рахаттанады, жас лирикалық қаһарман табиғаттың барлық қызығын, көркін бірден қызықтағысы келеді, әрі қызығына тойғысы келмейді.
Терезені жапшы дейсін,
Жаппаймын,
Жабуға да батпаймын.
Жауып қайтем, ашық тұрсын, досым-ау,
Табиғаттың барлық көркі осынау.
Өпсін мені аппақ ерні Айдың да,
Ұмыт болсын бір сәт барлық қайғым да.
Мен жатайын рақаттанып талықсып
Өзім туған табиғаттың қойнында.
Табиғат сұлулығына тәнті болуымен лирикалық қаһарманның бір сәт болса да, мұңнан арылғысы келіп, табиғатпен тілдескенді, бөліскенді қалайды. Ұлықбек Есдәулеттің басқа ақындардан ерекшелігі - табиғаттың аясында, небір далада жатып қызықтамайды, түн уақытында (түн мезгілі екендігін «Өпсін мені аппақ ерні Айдың да», «Жанарымнан от ұрласын жұлдыздар», «Жас тәнімді өпсін менің түнгі ызғар» тармақтары айқындап тұр) үйдің немесе бір бөлменің ішінен, сырттан тамашалайды. Табиғатты ауыл өмірімен емес, қала тіршілігімен жырлайды, қала адамының көзімен қарайды.
Тереземнен үйге кірсін шың-құздар,
Жанарымнан от ұрласын жұлдыздар.
Мен жаппаймын тереземді дәл бүгін,
Жас тәнімді өпсін менің түнгі ызғар.
Жырда лирикалық қаһарманның жастық сезімі де бой көрсетуі орын алған, бұл заңды да, өйткені жырда жастық кезге байланысты сөздер кездеседі. Мәселен, алғашқы шумақтағы «Балғын қайың шашын өрсін бөлмеме, // Көбелектер қонақтасын төсіме», - дегендегі «балғын» сөзі, «Мен жаппаймын тереземді дәл бүгін, // Жас тәнімді өпсін менің түнгі ызғар» тармағындағы «жас тәнімді» тіркесі лирикалық қаһарманнның жастық шағынан елес береді.
Ашық тұрсын сұлулықтан несібе,
Мен өзімді бөлем одан несіне?
Балғын қайың шашын өрсін бөлмеме,
Көбелектер қонақтасын төсіме.
Жалпы өлеңнен лирикалық қаһарманның құштарлығын, ынталығын, сергек ойлылығы мен алға ұмтылуын зерделейміз. Осы өлеңде ескеретін бір жайт, лирикалық қаһарманның ой-мұратының тереңдігінде жатқанына көз салу. «Терезені жапшы дейсін, // Жаппаймын, // Жабуға да батпаймын». // Перзентімін табиғаттың өзінің, // Терезеден төнсін оның көзі мың. // Күннің нұры оятқан соң қытықтап, // Қоңырауын қақсын таңда сезімім! [3, 13-14 б. ], - өлең жолдарынан лирикалық қаһарманның көздегені терезе арқылы табиғаттың көркін қызықтау емес әрине, мақсат терезені жабу, жаппауда да емес. Демек, «терезе» сөзіне лирикалық қаһарманның үлкен ой, ауқымды бір ұғым сыйғызғысы келгеніне ұқсайды. Жалпы табиғат өлеңдеріндегі Ұлықбек Есдәулеттің лирикалық қаһарман ерекшелігі - тар бөлмеде отырғанымен, ол бүкіл табиғатты өз бөлмесіне сыйдырып жібереді («Тереземді жаппаймын» өлеңіндегі «Тереземнен үйге кірсін шың-құздар», «Балғын қайың шашын өрсін бөлмеме» өлең жолдары) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz