Шешендік өнердің пайда болу тарихы


- Шешендік өнердің пайда болу тарихы
Сан ғасырлық тарихы бар шешендік өнердің қай кезде туып, қалай қалыптасып дамығанын үзілді-кесілді айту қиын. Сөз жоқ, түркі халықтары соның ішінде қазақ шешендік өнерінің түп-төркіні тереңде екені анық. Ғалымдардың айтуына қарағанда, біздің дәуірімізге дейін де ежелгі түркілерде билер кеңесі болғандығы жайлы Дьяконовтың дерегінен білуге болады. Герадоттың жазуы бойынша, мидиялықтарда халық кеңесі болғандығын білеміз, сондай-ақ ең ардақты ақсақалдар кеңесінің болғандығы да даусыз. 1
Ендеше, осындай келелі кеңестерге қатысып, сөз сөйлеген шешендердің болғанына да күман келтіруге болмайды. Сондай адамның бірі - шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 620-555 жылдары өмір сүрген скиф Анахарсис. Біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырда жасаған скиф ханзадасы Анахарсистің сөз өрнегіне, өмірі мен өнеріне көңіл аудармайтын болсақ, онда бұл қазақ шешендік өнерінің тарихы үшін де, оның байырғы өкілдерінің рухани мұрасы алдында да үлкен айып болар еді . . .
Анахарсис скиф даласынан Эллада еліне біздің заманымызға дейінгі 594 жылы келеді. Анахарсис скиф және эллин халықтарының өмір-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы кәсібі туралы 800-ден астам шешендік сөз, толғау қалдырған. 2
Өзінің мән-мазмұны терең сөздері, ғажайып ақыл-ойымен танылған дала данышпанының есімі көп елдерге тарайды. Эллада жұртында Анахарсистің ғұлама деген аты кеңінен мәлім болады. Тіпті “Скифиялық Анахарсис жеті ғұламаның бірі ретінде” (Секст Эмпирик) аталады. 3
Сонымен көне дәуір оқымыстыларының жазбалары арқылы бізге жеткен скиф ханзадасының тапқырлығы мен тауып айтқан шешендік ой-тұжырымдары қазақтың би-шешендерінің сөздерінен алшақ еместігін ескерсек, шешендік өнердің бастау-көзі де арыда екені аңғарылады. Зерттеушілердің Анахарсисті ежелгі түркі шешендерінің бірі ретінде қарауы да орынды. Өйткені түркі халықтары соның ішінде қазақ халқы да біздің заманымызға дейін бірқанша жыл бұрын өмір сүрген сақтар мен ғұндардың ұрпағы.
Түркі халықтары соның ішінде қазақ халқына тән фольклорлық мұралар V-VІІІ ғасырларда тасқа жазылған руналық жазулардан кейде жоқтау, кейде мадақтау ыңғайында айтылған шешендік сөздердің, өлеңдік ұйқастардың, мақалды тіркестердің не бір көне үлгілерін көреміз. 4 Бұдан шығар түйін сол - талайды тамсантқан шешендік өнердің бастау-көзі арыдан тамыр тартқаны даусыз.
Бір кездері Сырдария өңірін мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан Қорқыт айтыпты дейтін ұтымды нақыл-тақпақ, даналық-өсиет сөздер де халық арасында кеңінен мәлім. Бұдан шығар түйін “Қорқыт кітабының” қазақ шешендік өнерінің бастауларына қатысы бар деуге болады. “Тым ерте кездерде шыққан таңбалар, әдепкі жазу-сызулар, өлеңді тіркестер, мақал-мәтелді жолдар, толып жатқан өлеңдер, аңыз-әңгімелер - осылардың бәрі-дағы халқымызды бейнелі ойға, шешендік өнерге жетелеген”5.
“Сүйектен өтер сөзді” ажарлы да айшықты айта білу екінің бірінің қолынан келмейді. Айтар ойын ашық та айқын тапқыр-татымды жеткізу - шешенге қойылар басты талаптың бірі. Сондықтан шешеннің сөзін көптің жаны жадырап не жабырқап, тұщына, қызыға тыңдауы шарт. Осындай шеберлікке жетудің басты құралы - тіл. Өйткені тіл арқылы шешеннің сөз байлығы мен ой даналығы танылады. Тумысынан сөзге бейім халықтың ішінен небір сөз маржандарын қиыннан қиыстырып айтатын шешендер көп шыққан.
Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас жел толқытса, шығады.
Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса, шығады, -
деп даланың ойшыл данасы Асан қайғы айтқандай, көмескі тартқан “таза мінсіз асыл сөздердің” тоқсан толғауын парақтайтын кез келді.
Қазақ халқы шешендіктің құдірет-күшіне ерекше ден қойған. Сыртқы жаудың, ішкі даудың түйткіл-түйіндерін дуалы шешен-билер әділ үкім-биліктерімен шешіп отырған. Ежелгі Грек, Рим мемлекеттеріндей шешендер тәрбиелейтін арнаулы мектептері болмаса да, халық от ауызды дарынды шешендерді ерекше құрметтеген және “тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады” деп тапқыр ділмарлардың дәлел-дәйегімен айтқан сөздеріне тоқтай білген. Өнер атаулының бәрінен сөз өнерін биік қойған. Майқы бидің (ХІІ ғ. )
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Езге айтқан тура сөз
Құмға сіңген сумен тең, -
деуі осыны аңғартады.
Өмірдің өз қажеттілігінен туған шешендік өнер халықтың қоғамдық-әлеуметтік жағдайларына байланысты қазақ елінде кеңінен дамыған және оның бірнеше факторлары болған. Олар:
- Халықтық әдет заңы жүйесі;
- Халықтық сот билігі жүйесі;
- Халықтың әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты;
- Халықтың ақындық, жыраулық өнері;
- Халықтың айтыс өнері;
- Халықтың тарихи тағдыры мен дүниетанымы. 6
Шешендік өнер халықтың әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарған. Көпшілікті сендіре, иландыра айтылған шешен-билер сөзі үкім ретінде қабылданып, елдің ішкі бірлігінің нығая түсуіне де әсер етіп отырған. Шешен көптің бірі емес, білімділік, ақылдылық, ділмарлықтың басын қосқан дана тұлға “Өзінің сөзімен қылмысты және алдамшы айыпкерлерді адамдарға жек көрсетіп, жазалап құлатады, ал өзінің дарын күшімен кінәсізді соттан және жазалаудан арашалай алады. Ол жасқаншақ және жалтаң халықты ерлікке жігерлендіреді, оны адасудан алып шығады. Жексұрындарға қарсы кекті тұтандыра алады, парасатты ерлерге қарсы күншілдікті өшіреді, ақырында ол бір ауыз сөзімен, жағдай талап еткенде, адамның қандай болмасын құмарлық сезімін қоздыра да, баса да алады”7.
Шешендік те ақындық сияқты шындықты батыл да батыра айтуымен ерекшеленеді. Мәселен, ел жақсылары бас қосқан бір үлкен жиында Тезек төре Бөлтірікті жақтырмай, үй иесіне: “Жағы тыным таппай отырған мына заржағың кім еді?” - деп, білсе де білмеген болып сөйлейді. Сонда Бөлтірік:
Менің атым - Бөлтірік,
Шаршы топта сөйлеймін.
Қара нөсер төктіріп,
Бұзық пенен тентекті
Айдауыма көндіріп,
Қара аспанды басына
Қара тастай төндіріп.
Айтыспақ ойың бар болса,
Кетемін сөзбен өлтіріп, 8 -
деп уытты сөзбен буған екен.
Қазақ шешендері арнаулы мектептен өтпесе де, көпті көрген, көпті білетін қариялардан, белгілі шешендерден тәлім, үлгі-өнеге, бата алған. Алдымен бата алуға келген талапкерді сынап көрген, сөзге тартып сауал қойған, қабілет-қарымын байқаған. Содан кейін ғана тілектестік білдіріп, ықыласын берген. Мысалы, Жанқұтты шешен он жеті жасында беделді би Шабанбайға:
- Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? - деп сұрайды. Сонда Жанқұтты:
Адал болсаң, судай бол,
Су арамды кетіреді.
Мықты болсаң, жердей бол,
Жер жаһанды көтереді, -
дейді. Жауабына разы болған би Жанқұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде ризалығын білдіріп:
Аллаңа жағам десең, азанды бол,
Ағайынға жағам десең, қазанды бол.
Халқыңа жағам десең, әділ бол,
Судай таза бол,
Жердей берік бол,
Аймағың суат болсын,
Сөзің халқыңа қуат болсын! 9 -
деп батасын беріп аттандырған екен.
Бұл - белгілі шешен бидің даналық сөзі. Осы шағын ғана бата-тілектен халқымыздың кемеңгер-кеңдігі мен тәлім-тәрбиесі анық аңғарылады. Сөз өнерін қуған жас талапкерге бұдан артық қандай ақыл-кеңес болуы керек?! Бұл - кез келген адамның көкейіне қонатын сөз.
Қазақ шешендерінің сөздері ауызша айтылып, халық жадында сақталған. Дер кезінде хатқа түспегендіктен, олар бастапқы қалпын сақтаған деп айту қиын. Шешендік сөздерді әу баста жеке адам айтқанымен, кейін ауызекі тарап, көптің елеп-екшеуінен, өңдеуінен өткен, біртіндеп халықтық мұраға айналған. Осыған орай шешендік сөздер бірнеше нұсқалы болады. Басқаша айтқанда, кейбір шешендік сөздер әр адамның атынан айтыла беретіндіктен, бірнеше нұсқада кездеседі.
Би-шешендердің жауға қару, дауға дәру болған өнегелі ойлары таңғажайып тапқырлықтары шешендік айтыс, билік-бітімдерде туып дамыған. Сондай-ақ көпті көріп, көпті білетін дана да даңғыл, ұшқыр ойлы қарттардың келелі кеңесте төгілдіре айтатын өнеге-өсиет сөздері аз болмаған. Сондықтан халқымыз ұтымды сөзге ұйып, тапқырлыққа тағзым еткен. Қарпи айтқан қанатты сөздерді жадында сақтап, асыл қазынасына балаған.
Шешендік сөздерді мазмұнына қарай (шартты түрде болса да) шешендік арнау, шешендік толғау және шешендік дау деп үшке бөледі. 10 Шешендік арнау белгілі бір адамға арнайы айтылған сөздер шешендік арнауға жатады. Бірде Наурызбай болыстың үйіне Досбол шешен барыпты. Үй иесі көптің алдында Досболдың үстіндегі жұпыны киімін мазақ ете сөзбен қағытады. Сонда Наурызбайдың мұқатқанына шыдай алмаған Досбол былай депті:
Алма мойын көк үйрек,
Көлден көлге қонысар.
Кедейден шыққан би болса,
Нашарды жақтап болысар.
Азаматы сай, аты сай
Көшсе, нуға жетеді,
Азаматы сай, шоты сай,
Қазса, суға жетеді.
Көлде жүрген қоңыр қаз
Шөл қадірін не білсін.
Шөлде тұрған дуадақ
Көл қадірін не білсін.
Атасы билік құрмаған,
Анасы үлгі көрмеген,
Сен сияқты занталақ
Ел қадірін не білсін.
Шешендік арнау әзіл-сын, сәлем, бата-тілек және шешендік жұбату (естірту, көңіл айту) түрінде айтылады. Қаз дауысты Қазыбектің әкесі қыз таңдап, біраз үйленбей жүріпті. Ойламаған жерден бір жиында аяғы ақсақ, көзі қыли бір жас қызға көңілі ауып, құда түсіп үйленеді. Келдібектің замандастары оның әйелінің кемістігін айтып әзілдей беріпті. Әзіл-қалжыңды түсіне білетін ақылды келіншек сыпайы ғана:
Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын,
Келдекеңмен сондай тату, жақсы-ақпын.
Татулықтың белгісіндей тамаша
Төрт бошанды билейтін ұл таппақпын, -
деп жауап беріпті. Бұл - әзіл түріндегі сын.
Арнаудың бір түрі - шешендік сын. Шешендік сынның түрлері көп. Шешендік арнауды кейде сәлем түрінде жолдайтын болған. Борбас деген бай бүкіл үш жүзге сауын айтып той жасайды. Тойына Байдалы биді де шақырыпты. Тойға мінетін аты болмай қалған би байға:
Дұғай сәлем Борбасқа,
Көкірек бірге, жан басқа.
Сұлулығы өзіндей,
Жүйріктігі өзімдей,
Ат жіберген торы қасқа.
Байдалы мінер әр топқа
Даңқы кетер жан-жаққа, -
деп сәлем жолдаған екен.
Шешендік арнау жерге, малға, адамға байланысты айтыла береді. Соның ежелгі үлгілерінің бірі - Асан қайғының атынан жерге қатысты айтылатын сөздер. Асан қайғы Желмаяға мініп, желдіртіп жер аралайды.
Шідерті өзенін көргенде: “Мына ішркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат бір айда майға бітетін жер екен. Бос жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтын жылқының өрісі екен, ” - депті. Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: “басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда дұрыс екен, ” - деп баға берген екен.
Көшпенді халық үшін төрт түлік, соның ішінде жылқы малының қадірі ерекше болған. Ел ішінде атқа байланысты айтылатын шешендік ділмар сөздер де сақталған. Солардың бірі - Досбай бидің айтқаны:
Қарабайыр қазан ат,
Қара жолда қалдырмас.
Қара жолда қалдырып,
Қанатыңды талдырмас.
Тобан аяқ торыны
Тойға мінбе, қойға мін.
Құлан аяқ құланы
Қойға мінбе, тойға мін.
Бұл аттың жүйрік, шабанын салыстыра айтқан сын.
Адамға қарата айтылатын шешендік арнаулар да көп. Онда жақсы мен жаман адамдарды қарама-қарсы қойып, әрбірінің өзіне лайық орны болатынын тағылым етеді. Шағырай шешен айтты дейтін мына сөзге назар аударайық. Ол:
Жүрегің соғып тұрғанда,
Қаның толық тұрғанда,
Миың істеп тұрғанда,
Майданға түс деп тұрғанда,
Серпілмеген адамды
Саңылаусыз наданды,
Болар ма екен жан деуге,
Отырмын жақын мал деуге, -
дейді.
Жалындаған жастықтың қадірін білуге, “Саңылаусыз надан” болмай, “майданға түс” өз орныңды тап деп тұрғандай болады.
Шешендік арнау адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты болып келетіндіктен, адам болмысындағы жақсылы-жаманды қасиеттерді санамалай отырып, таным-тағылым берерлік шешендік арнаулар да аз емес. Мысалы Төле бидің:
Аларды біліп, бермегеннен без,
Ел-жұрты қашып, ермегеннен без,
Үйіне қонақ қонбағаннан без,
Көптің айтқанына болмағаннан без, -
деген жолдары үйіне қонақ қонып көрмеген, беруді білмейтін сараң, ел-жұрты сыйламайтын қадірсіз, көптің айтқанына көнбейтін ақылсыз адамға берілген сын-мінездеме. Әрі ондайлардан аулақ болуды үндейді.
Он екі жастағы Ер Жәнібекке көңілі толған нағашы атасы:
Біреу болса өзі екен,
Көк шолақтың көзі екен,
Өне бойын кептеген
Қызыл желді сөз екен.
Иығында шам-шырақ
Заулап жанып тұр екен,
Көк бөрі дарып жүр екен, -
депті. Бұл - болашақта әйгілі батыр, ақпа-төкпе шешен болған ЕрЖәнібекке берілген әділ баға.
Сан салада айтылатын шешендік сөздердің бір түріне шешендік толғаулар жатады. Шешендік толғауда өмір-тіршіліктің сыры туралы халықтың көзқарасы байқалады. Бір мысал келтірейік:
Ну қарағай құласа,
Орнына арман-шыршалар
Жапырақ шығып, гүлденіп,
Бұтақ шығып, бүрленіп,
Қиядан ұшқан қыран құс
Қонақтап өтпес демеңіз.
Айдын шалқар суалса,
Бұлақ болар сарқырап
Теңіз болар жарқырап
Аққу жүзіп бетінде
Тұрақтап өтпес демеңіз.
Тұлпар орға жығылса,
Артында қалған құлын-тай
Құнан-дөнен болғанда
Тұлпарлық етпес демеңіз.
Ақ сұңқар торға шырмалса,
Ұяда қалған балапан
Қара қанат болғанда
Дуадақ ілмес демеңіз.
Қарызыңыз өлсе, бітеді.
Шам жарығы сөнсе, бітеді.
Қанша қызық дәурен сүрсең де,
Дүние қызығы өлсе, бітеді, -
деп, Шоқай би айтқан екен деген толғауда “орнында бар оңалар” дейтін философиялық тұжырым айтылады. Дүние қызығының соңы - өлім екенін еске салады.
Шешендік толғау: шешендік нақыл, шешендік мақал, шешендік мысал, шешендік жұмбақ және шешендік жауап болып бөлінеді. 11
Шешендік нақылды көпті көрген қариялардың, шешендердің ұрпағына қалдырған аманат-өнегесі деуге болады. Бірде көп алдында Тұрымбет жырау ой оралымын былайша өрген екен:
Әуреленбе, жігіттер,
Болдырам деп болмасты.
Дүние үшін шатасып,
Егескен жан оңбас-ты.
Жақыны қаза болған адамның қайғысына ортақтасып, көңіл айтып жұбату не қаза болған жақындарына арнайы естірту халқымыздың арыдан келе жатқан жақсы салты. Адамгершілікпен астасып жатқан бұл салт күні бүгінге дейін ел өмірінен елеулі орын алған. Шешендік арнаулардың кейбірі осындай қаза-қайғыға байланысты айтылады.
Жалғыз баласының қазасына қайғырып басын көтермей жатқан Ерден батырға Досбол мен Шоқай келіп көңіл айтады. Ерден жатқан орнынан қозғалмапты. Сонда Досбол:
- . . . Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі, әлемді жалмап жатса да өмірінде тоймаған қара жердің талысы! Ерден-ау, өткенге өкінбе, келмеске күйінбе, өлім деген - ұзақ жолдың алысы. Өлмек хақ, тумақ хақ, барлық жанның қабыр емес пе барысы? - дейді.
Бұдан ары сөзді жалғаған Шоқай:
- Ей, батыр, Ерден, басыңды көтер жерден! Құдайдан да құдіреттімін деп, мейманасың тасып кеткен екенсің кердең?! Мыңды көзімен көрген. Әулие болсаң әкеңді де, балаңды да алып қалуға әлің қане келген?!
Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді.
Өлімді ер көтереді,
Ауырды нар көтереді!
Ер емес пе едің талай құқайды көрген? Тағы да айтамын, басыңды көтер жерден! Құнсыз беріп, пұлсыз алды, нең бар еді құдайға берген?! - дейді ашына.
Ерден төсегінен көтеріліп, жүзін орамалымен сипап:
- . . . Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы, ардақтыларым едің аяулы, саңлақтарым едің санаулы! Көңілде қайғы шемен-шер, төбелерің көрінбеген соң күтіп жатыр едім, өздеріңдей асыл ерлерді! - деп құшақтаса көрісіп, көңіліндегі нала-құсасын тарқатысып, үш-төрт күн болып, көңілін демеп, қайғысын бөлісіп аттанған екен.
Ағайыннан жат болсаң,
Ерте бақыт қонбас-ты.
Өкінгенмен өткенге,
Орны оның толмас-ты, -
Ағайынды жат санап, дүние үшін егесіп таласпауды насихат етеді, нақыл-ақыл түрінде айтады. Талай рет топты жарып сөз ұстаған Ақтайлақ би:
Жақсы адамның белгісі
Кісі хақын жемейді.
Жақсыны жәбірлеме,
Өлсе, аруағы жебейді.
Ілмелеп сөзді елейді,
Тәңірдің ісі таразы,
Кірге салып көп, азды
Бар мен жоқты теңейді, -
деп жақсы адам мен жаман адамды қатар алып сөйлейді. Халықтық қасиетті алға тартады. Жақсы адамдардың қадір-қасиетін білуге үндейді. “Тәңірдің ісі - таразы” екенін есертеді. Нақыл сөздер жастарды адамгершілікке баулиды.
Шешендік мақал жас ұрпаққа өмірдің белгілі бір шындығын астарлап-жанамалап жеткізе отырып, ақыл-кеңес айтады. Санаңа салып салмақта деген ишара жасайды.
Жақсы адамға мал бітсе,
Ағайынның жоғына қарасады.
Жаман адамға мал бітсе,
Көрінгенмен итше таласады, -
деген шешендік мақалды жоқ-жітікке қарасуға, қайырымдылық көрсетуге кеңес береді.
Шешендік сөздердің мазмұн-мағынасы кең. Ол тек билік-бітім түрінде ғана айтылып қоймай, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде мақалдап та, мысалдап та, жұмбақтап та, ақыл-нақыл түрінде де айтылған. Соның бірі шешендік мысалда біреудің басынан өткен құбылыстарды айтқан болып, сан адамның басына келетін көпке ортақ жайларды ғибрат етеді.
Ата-ананың қадірін
Балалы болып байқадым.
Ағайынның қадірін
Қаралы болып байқадым.
Жан ашырдың қадірін
Жалалы болып байқадым.
Мұндай жағдай көп адамның басынан өтуі мүмкін. Өзің балалы болғанда ата-ананың орнын жақсы ұғасың. Басыңа іс түскенде жақын-жанашырдың қадіріне жетесің дегенді құлақ қағыс етеді.
Шешендік жұмбақ кейде бір адамның ақыл-ой тапқырлығын, парасат-пайымын сынап байқап көру мақсатында да айтыла береді. Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдар жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанда:
- Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, - дейді Төле би.
- Айтыңыз, айтыңыз!
- Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.
Отырғандар таң-тамаша болады.
- Бұл не деген жұмбақ! Осындай да жұмбақ бола ма?
- Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз, - дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рұқсат, рұқсат.
- Бір дегеніміз - бірлігі кеткен ел жаман,
Екі дегеніміз - егесіп өткен ер жаман,
Үш дегеніміз - үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман,
Төрт дегеніміз - төсектен безген жас жаман,
Бес дегеніміз - белсеніп шапқан жау жаман,
Алты дегеніміз - асқынып кеткен дерт жаман,
Жеті дегеніміз - жас келіншек жесір қалса, сол жаман,
Сегіз дегеніміз - серпілмеген қайғы жаман,
Тоғыз дегеніміз - торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе, сол жаман,
Он дегеніміз - оңалмас кәрілікке дауа болмас деген , - дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, - деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.
Би-шешендер кейде бір істі жұмбақтап тұспалмен де бітіріп отырған. Ертеде үш би (Төле, Қазыбек, Әйтеке) қазақ еліне келген елшінің аман қайтуына ашық сөйлеспей-ақ, астар-тұспалмен пәтуаласып келіседі. Шешендік жұмбақ адамның ой-өрісін кеңейтеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz