Археология ғылымы. Археологиялық ескерткіштер түрлері



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 41 бет
Таңдаулыға:   
Лекция№1. Археология ғылымы
1. Археология ғылымы және оның қалыптасуы
2. Археология ғылымының ерекшеліктері
3. Археология ғылымының салалары мен бөлімдері
Археология ғылымы және оның қалыптасуы. Археология – тарих ғылымдарының
бірі. Ғылым аты гректің archaios- көне және logos- сөз (ғылым) сөздерінен
шыққан. Негізінен алғанда заттық деректемелер арқылы адамзаттың арғы
дәуірлерін таниды.
Бастапқыда археолог деп көне дәуірлермен шұғылданған зерттеушіні
атаған. Алғашқы қазба жұмыстары (көне замандардағы және орта ғасырлардағы
көнеліктерді жерден қазып алуды көздеген патша және билеушілер әрекеттерін
есептемегенде) ХVІІІ ғасырдың басында жүргізілді 1711 ж.. Ол кезде
Италиядағы антик заманның Помпей қаласын аршып алу жұмыстары басталды. Бұл
жұмыстар бастапқыда шұңқырлап қазу сияқты ғылыми әдістер әлі қалыптаспаған
заманда басталса да, заман өте зерттеудің жетілген үлгілері қолданысқа
енеді. Бұл орайда XIX ғасырдағы итальян археологы Фиорелли үлкен еңбек
атұарды. Жерорта теңізінің жағалаулары мен аралдарында, континентті
Европада және Азияның, Африканың жекелеген аймақтарында жүргізілген қазба
жұмыстары археологияны ғылым ретінде қалыптастырды. Жазу мәдениеті шыққанға
дейінгі алыс замандар осы жолмен зерттеле бастады, археологияның зерттеу
әдістері молығып, ұғымдары анықталды.
Теориялық археологияны дамытуда, қола ғасырын тануда скандинавиялық
зерттеушілер Томсен, Ворсо, Монтелиус, ал ертетасты зерттеуге француз
Мортилье ерекше үлес қосты. Өзге бір археологтар сенсациялық жаңалықтар
ашты. Мәселен, ағылшын Эванс Жерорта теңізіндегі қола ғасырының Крит
мәдениетін ашты. Неміс Шлиман аңызды Троя қаласының орнын Түркия жеріндегі
Ғиссарлық төбесінен тапты. Қазу жұмыстарының ғылым қалыптастырып келе
жатқан әдістерін қаражат иесі Шлиман ескермей, ескерткішке көп нұқсан
келтірсе де, ол археологияға деген өз қызығушылығын өзгелерге де, әлем
жұртшылығына да дарыта білді. ХIХ ғасыр соңында көне Троя қаласын археолог
Дерпфельд дұрыс зерттеп, Шлиманның қателерін түзеді. Сөйтіп, жер бетіндегі
өткен замандардың таңғажайып өркениеттері көпшілікке әйгілі болды, тас
ғасыры, оның кезеңдері, қола дәуірі, ертетемір туралы түсініктер әдебиетке
енді.
Ресейдегі алғашқы археологиялық зерттеулер барлау сипатында 18 ғасырдың
бірінші ширегінде жүргізіле бастады. Бірінші Петр заманында және одан кейін
көнеліктер іздестірілді және соған байланысты көптеген ескерткіштерге
нұқсан келтірілді. Көнеліктерді төбешілер (бугровшиктер) тонады. Жағдай ІІ
Екатерина заманында ғана оңала бастады. Орыс жеріндегі қорғандар да әуелі
дұрыс зерттелмей, шұңқырлап қазып, заттар ғана іздестірілді. Патшалық
Ресейде ғылыми әдістерді археологтар Городцов, Фармаковский, Спицын сияқты
зерттеушілер орнықтырды.
Қазақстан жерінде алғашқы қазба жұмыстарын әйгілі ғалым В.Радлов
жүргізді. 1865 жылы ол Шығыс Қазақстанда, Бұқтырма өзенінің жоғарғы
ағысындағы Үлкен Берел қорғанын қазды.
Кеңестік замандағы Қазақстан археологиясының негізін салушы
зерттеушілер қатарында Әлікей Марғұлан, Сергей Черников, Кемал Ақышев,
Әбдіманап Оразбаев, Мир Қадырбаев бар.

Әдебиеттер:
1. Авдусин Д.А. Основы археологии: Учебник для вузов по специальности
История М., 1989.
2. Мартынов А.И. Археология: Учебник. М., Высшая школа, 2000.

Лекция № 2-3 Археология ғылымының негізгі ерекшеліктері

1. Өткенді заттық деректемелер негізінде зерттеу.
2. Арғы, негізінен алғанда, жазу шыққанға дейінгі замандарды тану.
3. Археологиялық барлау және қазба жұмыстарын жүргізу
Археология, сонымен, арғы дәуірлерді зерттеуді қолға алды және ол
дәуірлерді танудың өзіндік әдістерін қалыптастырды. Бүкіл тас ғасыры,
көптеген аймақтардағы мыстытас, қола ғасыры, ертетемір заманы, ерте орта
ғасырлар тек қана археологиялық мәліметтер арқылы, археологиялық зерттеу
әдістерінің күшімен зерттеледі. Сонымен бірге, жазу мәдениеті дамыған
аймақтар мен замандар үшін де археология тарихты тануға өзінің зор үлесін
қоса алады. Бұл жағдайды есепке алғанда, археология тарихты тарих ғылымы
дамыған орталықтарда жасалған жазба деректемелер арқылы жазудың олқылығын
толықтырады, тарихи даму туралы мейлінше әділ қорытындылар жасайды. Ежелгі
және орта ғасырларды сипаттаумен қатар, кейінгі замандардағы құбылыстар мен
материалдық мәдениет белгілерін ашуға да жәрдемдеседі.
Археология ғылымының салалары мен бөлімдері. Зерттелетін дәуірлерге
байланысты, археология ғылымының салалары қалыптасқан.
1. Әуелгі немесе ең көне заман археологиясы. Негізінен, тас ғасырымен
шұғылданады. Тас ғасырының кезеңдерімен шұғылданатын салалары:
ертетас, ортатас пен жаңатас археологиясы. Сонымен бірге, мыстытас,
қола ғасыры археологиясы да осы салаға жатқызылады.
2. Ертетемір, антик заманының археологиясы. Біздің жағдайда – ежелгі
көшпелілер археологиясы.
3. Ортағасырлық археология. Қазақстан жағдайында ортағасырлық қалалар мен
көшпелілер мәдениеттері археологиясы.
Зерттеу кезеңдері бойынша белгіленетін салалар:
1. Далалық археология. Ол ескерткішті орналасқан жерінде (жер бетінде,
топырақ қабатында, су астында) барлап және қазып зерттейді.
2. Лабораториялық (зертханалық) археология. Зертханаларда, ғылыми-
зерттеу мекемелерінде әр сала мамандарының қатысуымен жүргізіледі.
Заттардың, деректемелердің физикалық, химиялық құрамы, ерекшелік
қасиеттері танылады.
3. Теориялық археология. Зерттеулер қорытындыланады, тарих ғылымына
қатысты жаңалықтар айтылады. Мұны кейде кабинеттік археология деп те
атайды, өйткені бұл зерттеу кезеңінде археолог кәдімгі тарихъшы сияқты
жұмыс істейді.
Зерттеу әдістеріне байланысты да археологияның жеке салаларын
белгілеуге болады:
1. Дәстүрлі археология. Бұл 18-20 ғғ. басындағы зерттеу әдістерінің және
оны дамыту негізінде жүргізілетін зерттеулер.
2. Әуе археологиясы. Ескерткіштерді ұшақ, тік ұшақ арқылы зерттеу. 20 ғ.
20 жылдарынан басталады ( ағылшын Кроуфорд), ал ғарыш аппараттары
арқылы зерттеу осы күндері басталған.
3. Су асты археологиясы. Теңіз жиектерінде (шельфтік аймақтар), көл, өзен
астында қалған құрылыстар мен заттарды, суға батып кеткен кемелерді
зерттеу. 20 ғ. 20 жылдарынан басталған (француз Пуадебар).
Ғылым саласы, оқу пәні ретінде археологияның бөлімдері:
1. Археологияға кіріспе. Негізгі деректемелері, ескерткіш түрлері,
зерттеу әдістері қарастырылады және үйретіледі.
2. Археология тарихы.
3. Археологиялық мәдениеттер (әлем, құрлық, аймақтар шеңберінде
оқытылуы). Қазба адамдар, ең байырғы археологиялық мәдениеттерден
бастап уақытнамалық ретпен мәдениеттердің алмасуын, олардың өзіндік
түрлі белгілерін қарастырады.
4. Жеке бір мемлекет археологиясы. Археологиялық мәдениеттердің
уақытнамалық ретпен белгілі бір мемлекет шеңберінде қарастырылуы.
Біз адам қоғамының қалыптасып дамуы жайлы тарихи деректердi зерттеу
арқылы танып бiлемiз. Дерек ретінде адамзаттың өткен тарихынан мысқалдай
болса да мәлiмет беретiн кез келген зат есептеледi. Тарих ғылымында
деректердi үлкен екi топқа бөлiп қарастыру қалыптасқан. Оның бiрiншiсi –
жазба, екiншiсi – заттай деректер. Археология екiншi топқа жататын заттай
деректердi зерттеумен айналысады. Заттай дерекке, қайсыбiр заманда адам
баласының қолынан шыққан кез келген бұйым жатады. Олар атқарған қызметiне
қарай еңбек құралдары, қару-жарақтар, тұрмыстық заттар болып
топтастырылады. Осындай танымдық деректерден басқа, ғылымда археологиялық
ескерткiштер деген түсiнiк те бар.
Археологиялық ескерткiштер: мекенжайлар және жерлеу ескерткiштерi
болып екiге бөлiнедi. Археологиялық ескерткiштердiң басым көпшiлiгi осы екi
топқа кіреді. Бұлардың ешқайсысына қатысы жоқ ескерткiштер бар. Олар:
өндiрiстiк құрылыстар мен рухани мәдениет жәдiгерлерi. Бұлардың бiрқатары
мекендердiң iшiнде (шеберханалар, мешiттер, храмдар т.б.), бiрқатары
мекендерден тысқары жерлерде (суару жүйелерi, тастағы таңбалар, кен алған
орындар т.б.) орналасуы мүмкiн.
Ежелгi адамдар тұрып, өз тiршiлiгiнiң iздерiн қалдырған мекен-
жайлар археологиялық ескерткiштердiң iшiндегi ең көп таралған түрi. Осындай
мекен-жайлардан үйлердiң қалдықтары жиi кездеседi. Темiр ғасырына жататын,
сыртында қорғаныс құрылыстары бар мекенжайлар археологияда қалашықтар деп
аталады.
Археологиялық ескерткiштердiң келесi бiр түрi – жерлеу
ескерткiштерiнiң де ғылыми маңызы үлкен. Жерлеу ескерткiштерiне тастан
салынған склептер, үстiне тас немесе топырақ үйiлген обалар, түркi
дәуiрiнiң зираттары және қарапайым жер қабiрлер жатады. Бiздiң елiмiзде
жерлеу ескерткiштерiнiң ең көп тараған түрi – жер қабiрлер мен үстiне
топырақ немесе тас үйiлген обалар.
Мекенжайларды қазу барысында мамандар ежелгi адамдардың тiршiлiк
iздерi сақталған қабат – мәдени қабатқа тап болады. Мәдени қабаттың қандай
тереңдiкте жатқаны мен оның қалыңдығы аса маңызды. Мәдени қабаттың қандай
тереңдiкте жатқанына және одан табылған заттарға қарап, бұл жердi адам
баласы қашан және қанша уақыт мекендегенiн анықтауға болады. Мысалы, темiр
ғасырының мекенжайлары жердiң бетiне жақын орналасса, тас дәуiрiнiң
тұрақтары әдетте жердiң бетiнен едәуiр тереңдiкте сақталған. Кейде бiр
мекенжайдың орнында әртүрлi археологиялық кезеңдерге жататын бiрнеше мәдени
қабат кездесуi мүмкiн. Мекенжайдағы тiршiлiк үздiксiз ұзақ уақыт жалғасқан
жағдайда мәдени қабат бiрiнiң үстiне бiрi түседi. Оларды құрамында ешқандай
археологиялық артефактiлер кездеспейтiн, құмнан немесе топырақтан түзiлген
аралық қабат бөлiп жатуы мүмкiн. Бұндай жағдайда мекенжайдағы тiршiлiк
белгiлi бiр уақыт аралығында үзiлiп, араға белгiлi бiр уақыт салып қайта
жалғасқан деуге болады.
Археологиялық мәдениет түсiнiгi бiр мезгiлде, бiр жерде дамыған
шаруашылығы мен құрылымы жағынан бiр тектес ескерткiштерден алынған еңбек
құралдары, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдары секiлдi археологиялық
заттардың кешенiн қамтиды. Кейде археологиялық мәдениет өздерiнiң
шаруашылығы мен рухани дамуы жағынан бiр-бiрiне жақын, шығу тегi, тiлi,
материалдық және рухани мәдениетi ортақ бiр этникалық адамдар
қауымдастығына тән болуы мүмкiн. Археологиялық мәдениеттер әдетте, шартты
түрде алғаш зерттелген жердiң атымен (Атбасар, Андрон, Беғазы-Дәндiбай
т.б.) немесе археологиялық ерекше белгiлерiне қарай (Катакоба, Бесшатыр,
Тасмола т.т.) аталады. Археологиялық мәдениет заттай деректердi жiктеу
(классификация) мен жүйелеудiң (систематизация) негiзi болып есептеледi.
Барлық археологиялық заттар мәдениеттiң қайсы бiр түрiне жатады.
Адам қоғамының тарихын олардың негiзгi еңбек құралдарының қандай
материалдан жасалғандығына қарай археологиялық кезеңдеу қалыптасқан. Осы
кезеңдеуге орай бүкiл адамзат тарихы тас, қола және темiр ғасырларына
бөлiнедi. Өз кезегiнде бұл ғасырлардың әрқайсысы жеке кезеңдер мен
мәдениеттерден тұрады. Дәуірінің ұзақтығы мен өзiндiк даму ерекшелiктерiне
қарай бұл ғасырлар әркелкi. Мәселен, тас ғасыры басқаларына қарағанда
едәуiр ұзақ уақытқа созылған. Осы ұзақ мерзiмге созылған тас ғасыры кезiнде
тас еңбек құралдары үздiксiз дамып, оларды жасау әдiстерi де жетiлiп
отырды. Осыған орай адамның өзi де өзгерiп, тәжiрибесi артты. Сондықтан да
тас ғасыры ғылымда палеолит (көне тас), мезолит (орта тас) және неолит
(жаңа тас) болып, үш кезеңге бөлiнедi. Олардың әрқайсысынан аймақтық
(территориялық) және мерзiмдiк (хронологиялық) тұрғыдан ерекшеленетiн
энеолит (мысты тас) тас пен қола ғасырларының ортасындағы аралық кезең
болды.
Адамзат тарихында қола ғасыры мыс пен қалайының қосындысынан
алынатын қоланы адамның игерген уақытынан басталады. Бұл ғасыр оңтүстiк
аудандарда б.з.д. үшiншi мыңжылдықтан басталса, солтүстiк аудандарда
кiшкене кешеуілдеп қалыптасты. Ақыр соңында темiр өндiрудiң қыры мен сырын
жаппай меңгерген шақ б.з.д. VІІІ ғасырдан бастап, адам баласы темiр
ғасырына қадам басты.
Сонымен археологиялық кезеңдеу негiзгi еңбек құралдарының эволюциясымен
оларды жасау әдiсi негiзiнде құрылды. Археологиялық деректердiң өзiндiк
ерекшелiктерiне сай заттар мен мәдениеттердiң мерзiмiн (хронологиясын)
анықтау арнайы әдiс пайдалануды қажет етедi. Осыған орай археологиялық
мерзiмдеуде нақты және салыстырмалы мерзiмдеу деген екi түрлi әдiс
қолданылады.
Салыстырмалы әдiс – кез келген мәдениетке немесе кезеңге тән
заттарды олардың жасалу әдiсi мен материалына қарай бұрын ғылымда жасы
анықталған заттармен салыстыру арқылы жүзеге асырылады.
Нақты мерзiмдеу жаратылыстану ғылымдарының әдiс-тәсiлдерi арқылы
жүзеге асырылады. Мәселен, калиоргонды (радиоактивтi элементтердiң ыдырау
мерзiмiне қарай), геохронологиялық (жер қыртысының жылдық қатпарларын
есептеу арқылы), дендрохронологиялық (ағаштың жылдық сақинасына қарай)
мерзімдеу әдістері. Әдетте, нақты мерзiмдеу үшiн бiрнеше әдiстер
қорытындысының жиынтығы алынады.

Әдебиеттер:

1. Қазақстанның көне алтыны. Альбом. (құраст. Ақышев К.) А., 1983.
2. Исин А.И. Шыңғыстау, Берел, Шілікты, Абыралы: 1999-2003жж.
Археологиялық зерттеулер. Семей, 2004.
3. Исмагулов О. Этническая антропология Казахстана. А., 1982.

Лекция № 4-5 Археология деректемелері мен ескерткіштері
1. Археология деректемелері
2. Археология ескерткіштері
Археологиялық деректемелер туралы түсінік. Археологиялық
ескерткіштерден алынған заттар және қалдықтар археологиялық деректемелерге
жатқызылады.
Батыс ғылымында археологиялық деректемелерді тарих алдындағы немесе
тарихқа дейінгі және ерте тарих деректері деп бөлу дәстүрі қалыптасқан.
Сонымен қатар, ағылшын тілді шетел ғылымында археология деректемелері
тарихи деректемелерден бөлек, антропология ғылымының шеңберінде
қарастырылады.
Археологиялық деректемелердің ең басты ерекшелігі: деректемелер барлау
және қазба жұмыстарының нәтижесінде табылады. Сол арқылы алыс дәуірлер
тарихы жасалып, кейінгі дәуірлер жөнінде түсінік толығып
отырады.Археологиялық деректемелер дәуіріне, зат материалына, жасалу
әдісіне байланысты жіктеледі.
Деректемелерді зерттей отырып тұрмыс-тіршілікке байланысты құбылыстарды
ашуға болады. Тарихи қорытынды жасалғанда деректемелерден алынатын
мағлұматтар тоғысады., яғни синтезделеді. Зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын
археологтардан әр деректің өз маманы қалыптасады. Мәселен, тас құралдарының
маманы, керамиканы зерттеуші, әшекей-бұйымдарды танушы, т.б.
Археологиялық деректемелердің көпшілігі жердің астынан қазылып алынады.
Олар, әдетте, толық күйінде жетпейді: сынық, фрагмент, тотық түрінде
кездеседі. Сол себепті оларды дұрыс қазып алу, қалпына келтіру және сақтау
өте маңызды.
Археологиялық деректемелер түрлері. Деректемелер негізін көне заманнан
жеткен заттар құрайды, олар көнеліктер, қалдықтар деп те жазылады. Адам
жасаған немесе еңбегімен өзгерткен заттардың бәрі артефакт деп аталады.
Бұл термин, әсіресе, тас ғасыры мүлкіне байланысты жиі қолданылады, себебі:
тас құралдарының функционалды қызметін дәл анықтау қиын.
Археологиялық деректер табылу жағдайына, сақталу деңгейіне және олармен
жұртшылықтың танысуына байланысты әртүрлі аталады. Археологиялық
деректемелердің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, оларды бірнеше
топқа бөлуге болады:
1. Еңбек құралдары. Жасалған шикізаты, дәуірі есепке алынады. Мысалы:
тас, мыс,темір құралдары. Сонымен қатар, құралдар атқаратын қызметіне
қарай да жіктеледі.
2. Қару үлгілері. Жасалған шикізаты және қызметі бойынша жіктеледі
Мысалы: шабуыл, қорғаныс құрал-жабдықтары. Сыртқы келбеті мен пішіні
есепке алынып, түр-түрімен зерттеледі.
3. Тұрмыс заттары. Аса үлкен топ. Бұған киім-кешек бөлшектері, заманында
қолданылған заттар жатады.
4. Ыдыс. Ғылымда ыдыстар тиянақты жіктелді, олар ескерткіштердің уақытын
білуге, мәдениетіне сипаттама жасауға үлкен көмек көрсетеді.
Археологиялық мәдениеттердегі ыдыстардың көпшілігі – керамикалық
ыдыстар.
5. Ат әбзелдері. Көбінесе көшпелілер мәдениеттеріне тән. Ауыздықтар,
сулықтар, үзеңгілер, айырбастар. Сүйектен, қоладан, темірден жасалуы
мүмкін. Мәдениеттерге сипаттама беруге үлкен көмек көрсетеді.
6. Өнер туындылары. Бұған көркем әшекейлер, көне суреттер, мүсіндер,
ғимарат қалдықтары, жазулар жатады.
7. Сүйек қалдықтары. Олар адам, мал, аң-құс сүйектері болып бөлінеді. Бұл
деректеме тобын дұрыс тану үшін анатомиялық және зоологиялық білім
қажет.
Археологиялық деректемелердің бір ерекшелігі – олардың толық, тұтас
күйінде жетпейтіндігінде. Көп жағдайда бөлшектермен, фрагменттермен жетеді,
өзгерістерге ұшырайды, деформацияланады, диффузияланады, ыдырайды. Қатты
тотыққан металл, шіріндіге айналған ағаш пен тері сақталуы нашар
деректемелер қатарына жатады. Сол себепті, археологиялық деректемелер түрлі
препараттар арқылы қалпына келтіруді және арнайы жабдықтардың пайдалануымен
сапалы сақтауды талап етеді. Консервациялық жұмыстардың бір бөлігі далалық
жағдайда жүзеге асуы керек. Сонда ғана заттар мен қалдықтар маңызды
мағлұмат бере алады.
Археологиялық ескерткіш туралы түсінік. Кейбір ғылыми әдебиет пен
оқулықтарда археологиялық ескерткіштер мен археологиялық деректемелерді бір
деп дәріптейтін түсінік бар. Шындығында, бұл ұғымдардың айырмашылығын
байқауға болады.
Археологиялық деректемелер адам жасаған немесе икемдеген заттар, сүйек
және құрылыс қалдықтары болғанда, оларды кабинеттік, зертханалық (
лабораториялық ( жағдайларда зерттеп, тануға болады.
Археологиялық ескерткіштер өз орнында зерттеледі. Жоғарыда айтылған
деректемелер ескерткіштерден алынады, яғни ескерткіштер ірі объект, оны
кабинеттік, лабараториялық жағдайда зерттеу мүмкіншілігі шектеулі. Онда
олардың сызба жоспарлары, фото, видео бейнелері ғана қаралады.
Археологиялық ескерткіш жеке жерлеу орны, қоныс, құрылыс болуы мүмкін,
ол белгілі жер, су немесе мекен атымен аталуы мүмкін.
Археологиялық ескерткіштерді зерттеудің бірнеше кезеңдері бар:
1. Ескерткіштер туралы мәліметтер іздестіру
2. Ескерткіштерді тіркеу, картаға түсіру
3. Ең толық өлшемдерін анықтау
4. Ескерткіштерді қазу
5. Алынған материалдарды зерделеу.
Археологиялық ескерткіштер түрлері. Дәуірлері бойынша зерттеледі,
негізгі екі түрі бар:
1.Қоныстар
2.Қорымдар молалар
1. Ертетас заманынан қалған адам қонысының жалғыз түрі-тұрақ
болды.Тұрақтарды аң аулау және терімшілікпен айналысқан байырғы адамдар
қалдырған. Олар тұрақтау мерзіміне қарай ұзақмерзімді, ортамерзімді және
қысқамерзімді аталады.
Ұзақ мерзімді тұрақтарда мәдени қабат қалыптасуы мүмкін, топырақ
қабаттарында тас құралдары, адам мен хайуанат сүйектері аршылып жатады.
Көптеген дәуірнамалық анықтаулар ұзақмерзімді тұрақтарды зерттеу
нәтижесінде жасалған. Өйткені, топырақ қабаттарының қалыптасуының
геологиялық заңдылықтары бар, демек, геологиялық уақытнама арқылы тас
ғасыры ескерткішінің де мерзімін болжау мүмкіндігі бар. Ортамерзімді
және,әсіресе, қысқамерзімді тұрақтарда табылатын тас заттар және сүйектер
аз болады және мұндай ескерткіштердің табылуы да қиын.
Тұрақтар орналасуы бойынша ерекшеленеді. Бірі үңгірлерде, жартас
қуыстарында, өзен-сулардың жар қабақтарына жақын орындарда, оқшау тұрған
тау шоқыларында болған. Табиғат жағдайы, жыртқыштардан сақтану
мүмкіндіктері ескерілген.
Ортатас және жаңатас замандарында адам тұрақтары жетіле түскен, ал
жаңатаста едәуір дамыған қоныс түрі пайда болды. Сол себепті, жаңатас және
қола ғасыры замандарындағы адам орныққан жерлер тұрақ терминімен емес,
қоныс атауымен белгіленеді.
Қола ғасырында қоныстар едәуір қуаттанады, олардың кейбірінің қоршау,
қорғаныс белгілері бар.
Ертетемір заманында қоныстардың іріленуі жалғасын табады, олардың
қалашық түрі қалыптасады. Бірақ бүл өзгерістер егіншілікпен шұғылданған
аймақтарда ғана байқалады, көшпелілер қоныстары кішірек келбеттерімен
белгілі және олар сирек. Қорғаныс құрылыстары (қабырға, ор, дуал(
қалыптасқан қоныстарға кенттер мен қалашық, қалалар жатады.
Жалпы, қоныс (орысша - поселение( бірнеше археологиялық дәуірлердің
құрылыстарына қолданылатын ортақ атау.
Қорымдар, немесе байырғы замандардың жерлеу орындары, негізінен
алғанда, жаңатас заманынан бергі уақытқа ғана тән. Дамыған түрлері қола
дәуірінде және ертетемір мен ерте ортағасырларда қалдырылған.Адамның
мәдениетінің, рухани өмірінің, діни нанымдарының күрделенуіне байланысты
жерлеу орындарында түрлі құрылыстар тұрғызылды, олардың белгілі бір
мәдениетке тән ерекшеліктері қоныстармен салыстырғанда тіпті көп. Сол
себепті, тарихты тануға аса үлкен септігін тигізеді. Жабық комплекс болып
келетіндіктен, қорымдарда табылатын заттар өзінің жақсы сақталуымен
ерекшеленеді. Белгілі мәдениетті сипаттағанда неғұрлым мазмұнды да толымды
мәліметтер ұсына алады. Әсіресе, байырғы тайпалар мен халықтардың діни-
нанымдарын, жерлеу ғұрпын, мәдениетін қорымдық табылулар арқылы зерттеу
табысты келеді.
Жерлеу ғұрпының ең қарапайым үлгілері қазба адамда- палеоантропта да
болған. Мәселен, неандарталь адамын жерлегенде, шұңқыр қазбаса да, басына
тас жастап, бетін ағаш бұталармен жапқан. Мұндай жерлеу үлгілері Алдыңғы
Азияда тіркелген.
Жерлеу ғұрпы дамыған жаңатас заманында терең емес мола шұңқырлары
қазыла бастайды, оларды таулы жерде таспен бастыру әдісі шығады. Қола
ғасырында шеңбер, төртбұрыш түріндегі қалама тас қоршаулар, тас тақталармен
қоршау үлгілері қалыптасады. Мұндай құрылыстар Сарыарқа жерінде көп.
Ертетемірде адамдар арасында билікті және қуатты әлеуметтік топтардың
шығуына байланысты ірі, патшалық деп аталған оба-қорғандар да тұрғызылған.
Орта ғасырларда мазарлық құрылыстар кең тарайды.
Ерте замандарда (қола ғасыры, ертетемір, ерте ортағасырлар( қорымдық
құрылыстардың ішінде Қазақстан жерінде неғұрлым жиі тарағаны қорғандар
немесе обалар. Жалпы, жерлеу орындары сыртқы сипатына қарай екі үлкен түрге
бөлінеді:
1.Үйіндісі бар жерлеу орны
2.Үйіндісіз жерлеу орны
Үйіндісі бар жерлеу орындары түркі терминімен қорған деп аталады.
Қорғандар: жер қорған немесе тас қорған күйінде кездеседі. Яғни, үйіндісі
топырақтан, қиыршық тас араласқан топырақтан, малта тастардан немесе
сындырылған ірі тастардан тұруы мүмкін. Аралас конструкциялы қорғандар да
кездеседі.
Адамдардың әлеуметтік жіктелуіне байланысты: зәулім патшалық қорғандар,
үлкен, орта, кіші қорғандар болады.
Алғашқы қорғандар далалық жерлерде мысты тас заманынан бастап, ал
орманды аймақтарда орта ғасырларда ғана тұрғызылған.
Кескін-келбеті бойынша қорғандар: дөңгелек, ұзын, ұзынша, төртбұрышты
келуі мүмкін. Өзге де түрлері бар. Үйіндінің құрылымы әр мәдениетте
әртүрлі. Қорғандар шеткі белгілерімен де ажыратылады. Мәселен, ор немесе
дуалға ұқсас қабырғалармен, тас сақиналармен қоршалуы мүмкін. Қазақстан
жеріндегі қола заманының қорғандық құрылыстары – қоршау түрінде кездеседі.
Археологиялық ескерткіштердің өзге түрлері. Өндіріс орындары. Бұл топқа
тас және қола ғасырларындағы шеберханаларды, қола және ертетемір
заманындарындағы кеніштер мен балқыту орындарын жатқызамыз.
Өндіріс орындарынан еңбек құралдары табылып жатады, ол материалдар да
жіктеліп, түрлерін және қызметін анықтау арқылы бір кездегі қоғамның даму
деңгейіне баға беріледі.
Көне ғибадатханалар, табыну, еске түсіру орындары. Қола ғасырынан
бастап кездеседі.
Ескерткіштердің тағы бір тобына – көлік және суландыру жүйелері жатады.
Олар – белгілі бір материалдық қалдықтарын сақтаған байырғы керуен-сауда
жолдары, ескі каналдар мен арықтар. Осы құрылыстарды табу арқылы
тайпалардың араласуын, шаруашылық және мәдени байланыстарын танимыз.
Ескерткіштердің ерекше түріне – қазыналар жатады. Қазына- белгілі мақсатпен
бір кездері қалдырылған заттар жиынтығы, көбінесе соғыс пен стихиялық
апатқа байланысты жер қабатында, құрылыс қабырғасында жасырылған заттар.
Жақсы сақталуымен, әсем жасалған заттардан тұратындығымен ерекшеленеді.
Ортағасырлық қазыналардың көбі металл ақшалар болып табылады. Шаруашылық
және өнер тарихын тану үшін аса маңызды.

Әдебиеттер:

1. Қазақстанның көне алтыны. Альбом. (құраст. Ақышев К.) А., 1983.
2. Исин А.И. Шыңғыстау, Берел, Шілікты, Абыралы: 1999-2003жж.
Археологиялық зерттеулер. Семей, 2004.
3. Исмагулов О. Этническая антропология Казахстана. А., 1982.

Лекция № 6-7 Археологиялық зерттеу әдістері
1. Археологиялық барлаулар
2. Қазба жұмыстары
3. Археологиялық зерттеулер әдістері

1. Археологиялық барлаудың мақсат-міндеттері. Археологиялық ескерткіш
туралы толымды мағлұматты археологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің
нәтижесінде жиюға болады. Археологиялық барлау – қазу алдында немесе
экспедицияның арнайы жүргізілетін негізгі жұмыстарының бірі. Археологиялық
барлаудың мақсат-міндеттері:
Біріншіден, ескерткіштерді есепке алу, орналасуын археологиялық
картаға түсіру. Ол үшін, таңдап алынған аймақ толық барлаудан өткізіледі.
Бұл- тұтас барлауды қажет етеді. Оған археологтар, өлкетанушылар,
көнеліктерге жанашырлық білдіретін өзге адамдар қатыстырылады. Ол белгілі
әкімшілік - географиялық аймақтарда жүргізіледі Зерттеу жұмыстарын
жоспарлап, қорғау жұмыстарын жүргізу. Тізімге алу, оған сипаттама жасау
арқылы паспортын құрастырып, мемлекеттік бақылауға алынуына жағдай туғызу.
Екіншіден, жаңа ескерткіштерді ашу. Жинақталған және жүйеленген
негізгі мәліметтер толықтырылады, археологиялық кезеңдерді ажырату.
Үшіншіден, ескерткішті толық зерттеп шығу үшін- қазу алдындағы барлау
ұйымдастыру.
Төртіншіден, ескерткіштерді қорғап, сақтау – бүліну қаупі төнген
немесе авариялық жағдайдағы ескерткіштерді сақтауға бағытталады.
Барлауға дайындық. Барлау алдында үлкен даярлық жұмыстары жүргізіледі.
Бұған зерттеу алаңын іріктеп алу, жүріс-тұрыс құралдары, карта бойынша
маршрут жасау, жоспар жасау кіреді. Негізгі мақсат белгіленіп алынуға тиіс.
Археолог осы аймақ жөніндегі археологиялық және өлкетану әдебиетімен, сол
жердің географиясымен және климатымен танысып шығуы қажет. Жыл мезгілін
таңдап алудың маңызы зор. Біздің еліміздің оңтүстігінде, мысалы, ең қолайлы
мезгіл- күздің соңы. Бұл уақытқа ішкі бассейндердің су деңгейінің
төмендігі, шөп жамылғысының жоқтығы, жердің жаппай жыртылып тасталуы тән
болып келеді. Күн тәулігінің ең жақсы уақыты- ашық күнгі таңертеңгілік
немесе кешкілік өйткені бүйірден түскен жарық рельефтің оншама байқала
қоймайтын егжей-тегжейлерін табуға мүмкіндік береді.
Барлау құрал-жабдықтары жеңіл, жинақы да, сонымен бірге, ең
қажеттілерін қамтуы тиіс, аспаптар, еңбек құралдары, орау материалдары
болуы керек. Бұдан басқа барлауға қатынасушылардың документтері мен жұмыс
жүргізуге деген рұқсаты болуы қажет.
Барлаудың дәстүрлі әдісі. Археологияның жаңадан пайда болған салалары
барлау жұмыстарына да өзгерістер әкелді. Әуе археологиясының негізгі жұмыс
түрі- археологиялық барлауға жатады. Аэрофотобейнелеу және биіктен
түсірілген суретке- дишифровка жасау арқылы жасырын археологиялық
ескерткіштер тізімге алынады, жоспарға түсіріледі. Әуе археологиясы арқылы
тұтас барлау мақсаттары жүзеге асады. Тізімге алынған ескерткіштер саны
дәстүрлі барлаумен салыстырғанда он еседей көп болуы мүмкін.Барлаудың осы
әдісімен жер бетінде сыртқы белгілері жоқ ескерткіштердің көбі табылады.
Барлауды аэрофотобейнеге түсіру арқылы да жүргізуге болады. Сол
себепті, барлаудың екі түрі қалыптасқан, олар: дәстүрлі және күрделі
техникалық.
Дәстүрлі – жаяу немесе көлікпен жүру арқылы барлау.
Күрделі техникалық барлауға жататындар: электрлі – жер астына тоқ
жіберу арқылы барлау; магнитті- жер астындағы магнит желісінің ауытқуларын
тексеру арқылы қазбай зерттеу әдісі; ұшақпен және су асты техникасымен
барлау.
Барлауға Археология институтының Дала комитеті беретін ашық парақ
арқылы рұқсат етіледі.
Барлаудың жаңа әдістері. ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап қалыптасты.
ХХ ғасырдың ортасынан бастап электрлі және магнитті барлау жақсы дамыды.
Бұл барлау салалары жер астындағы құрылыстардың орналасу өлшемдерін
белгілеуге және белгілі бір затты дәл табуға мүмкіндік береді.
2. Қазба жұмыстарына рұқсат. Археологиялық жұмыстарға рұқсатты
жергілікті оқу орны немесе ғылыми мекеменің өтініші бойынша республикадағы
яғни Археология институты береді. Археология институтында дала комитеті
жұмыс істейді. Ол түскен өтініштерді қарастырып, сол бойынша шешім
шығарады. Рұқсат арнайы білімі бар,археологиялық экспедицияларға қатысқан,
далалық жұмыс түрлерімен жақсы таныс адамдарға беріледі. Рұқсатсыз өз
бетімен қазба жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады және ол заңсыз деп
танылады.
Археологиялық барлау және қазба жұмыстарына рұқсаттың төрт түрі
қалыптасқан:
№1 ашық парақ - толық көлемді қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат.
№2 ашық парақ - шектеулі жер жұмыстарына рұқсат.
№3 ашық парақ – археологиялық барлау жұмыстарына рұқсат.
№4 ашық парақ – кезек күттірмейтін немесе авариялық жағдайдағы, бүліну
қаупіндегі ескерткішті зерттеу үшін рұқсат.
Соңғы жылдары Білім және ғылым министрліінің жеке зерттеушілерге
берілетін лицензиялары арқылы рұқсат беріліп жүр.
Жұмыстар аяқталған кезде Археология институтына толық есеп беріледі.
Қазба жұмыстарына дайындық. Дайындық бірнеше сатылы:
1. Теориялық білім алу. Ғылыми әдебиеттерді меңгеру.
2. Археология кабинеттеріндегі, мұражайдағы экспонаттармен танысу.
3. Зерттелетін кезең бойынша жарияланбаған зерттеулер, қолжазбалармен
танысу.
4. Қазба жұмыстарына қажет жабдықтарды дайындау.азба жұмыстарын
жүргізудің жоспарын жасау.
Барлауға қарағанда дайындық жұмыстары едәуір ауқымды.
Ғылыми қызметкердің міндеттері. Әрбір жасақ немесе экспедиция құрамында
арнайы дайындықтан өткен ғылыми қызметкер немесе бірнеше мамандар еңбек
етеді. Қазба басшысы және ғылыми қызметкердің басты міндеттері:
1. Қазба орындарын белгілеу.
2. Қазушыларды орналастыру, еңбек тәртібі мен еңбек қауіпсіздігін
қамтамасыз ету.
3. Жұмыс кезеңдерін белгілеп отыру.
4. Қазу, тазалау, табылған заттарды орап салу жұмыстарын қадағалау.
5. Далалық құжатнаманы дұрыс жүргізу, күнделік, жоспар–сызбаларды сапалы
жасау.
Негізгі жұмыс құжаты – дала күнделігі. Онда қазу кезеңдері сипатталады.
Ескерткішті зерттеу кезінде түрлі жоспар-сызбалар, тілік сызбалары,
табылған заттардың масштабтағы суреттері, ескерткіш деңгейлерінің
өлшемдері, табылу орнының тіркемелері, басқа да өлшеулер, фото, видео
материалдар жасалынады. Осының бәрі өз кезегінде, дәл уақытында
тіркемеленуі тиіс.
Қазбаны белгілеу. Ескерткіштің болжаулы көлемі шөптен тазартылады,
тамыры терең өсімдіктер жұлқып алынбайды. Шөп күрекпен көлденең қиылады.
Тазартылған жерде қазба көлемі дәлірек айқындалады.
Қазылатын қорған болса, қазбаның орта тұсы анықталады. Орталық қазық
үстіне буссоль немесе компас қойылады да, оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс
бағыттары белгіленеді. Анықталған бағыттарға орталық қазықтан жіп тартылып,
әр метрге қазықтар қағылады, бұрыш дәлдігі 90° сәйкес келуі керек. Дәлдік
геометриялық әдіспен, Мысыр үшбұрышы теоремасымен тексеріледі (үшбұрыш
катеттер квадраттарының қосындысы гипотенуза квадратына тең). Шаршылар торы
жасалып, оның рет саны жоспарда көрсетілгені жөн.
Қиындыны, яғни прфильді қадағалап отыру үшін: солтүстік-оңтүстік,
батыс- шығыс бағыттарымен орталық жал (орысша - бровка) қалдырылады. Оның
ені 50-60 см болуы мүмкін, кейін қырланып, ені сәл кемиді. Қазылатын қоныс
болса, төртбұрышты қазба орындарда қиындылар қоныс қабырғалары арқылы
тексеріледі. Қазба көлемі тым үлкен болса, белгілі қашықтықта қазбада
алынбаған топырақ бағаналары қалдырылады.
Қоныстарды қазғанда қазба көлемі едәуір үлкен, әдетте, 100-400 м2
келеді. Тым көлемді болса, қатпарлардың қиындыларын белгілеу қиынға соғады.
Мәдени қабатты табу үшін қоныстарда шурф салынады, оның көлемі шаршыға
ұқсас келуі керек. Ол бір бағытты траншеяға, ал траншеялар қазба алаңына
ұласуы мүмкін. Қоныстағы шаршылар 2х2 м болып белгіленеді.
Археология үшін басты бағыт – солтүстік. Жоспарларда ол үшкір
бағдаршамен беріледі.
Қазу және тазалау әдістері. Ескерткіштер біртіндеп көлденең қатпарлар
бойынша қазылады. Қатпарды қию үшін- тік күрек, топырақты алу үшін – қалақ
күрек қолданылады. Қатты топырақты ою үшін - сүңгі (лом) қолданылуы мүмкін.

Топырақ жіңішке, сәл қиғаштау қиылады, алынған топырақ үгіледі,
тексеруден өтеді. Қазушының бірі топырақты қиюмен, екіншісі- алумен,
үшіншісі- тазалаумен шұғылданады. Мәдени қабаттағы топырақ аса мұқият
тексеріледі. Әрбір тазаланған қатпардың жоспары салынады. Мәдени қабатты
бірден тұтас алуға болмайды. Қазу кезінде табылған заттар толық
тазаланғанша орнында қалуы тиіс. Қазу кезінде құрылыстар бүлінбеуі керек.
Тереңдегенде қабырғалар құлап кетпеу үшін тіреулер қою қажет. Ең маңыздысы
– бұзбау, тек жоспары салынған соң қажетінше тереңдеу. Сөйтіп, құрылыс
қатпарлары тексеріледі. Қазба баспаналаларды ашу үшін ғана емес, олардың
арасындағы жерлерді тексеруге де ұйымдастырылады. Кейбір жағдайларда
қоныстың стратиграфиясы құрылыстар арқылы анықталады.
Қазақстандағы қорымдардың көбі – қорғандар, ал қорғандар тізбек
түрінде кездеседі. Қола ғасырының қорғандары көбінесе орталық құрылыс
төңірегіне топтала орналасады. Аралас конструкциямен салынған қорғандар жер
қорғандарына қарағанда көп. Тасты және қиыршық тасты, малта тасты
үйінділерден тұрғызылғандары да кездеседі.
Қорғандар, әдетте, секторлар бойынша қазылады, бұл әдіс жер
қорғандарын зерттеу үшін аса тиімді. Қорғандардың көлемі үлкен болса,
шеңберлеп қазу әдісі қолданылуы мүмкін. Мұндайда қазу шеткі шеңберден
басталады. Төрт сектормен қазып шығу әдісі көптеген жағдайда ескерткіш
ерекшеліктерін жақсы анықтауға мүкіндік береді.
3. Мәдени қабат туралы түсінік. Мәдени қабат – адамның тұрмыс-
тіршілігінің белгілері сақталған жер қыртысы.
Археологияда мәдени қабатты зерттеу үлкен орын алады. Мәдени қабатта
байырғы адамдардың заттары, сүйек, құрылыс қалдықтары және өзге де
археологиялық белгілер сақталған.
Жер бетіндегі топырақ, өсімдік ерекшеліктері және табиғи-климаттық
жағдай оның қалыптасуына әсер етеді. Мәселен, жер ылғалды немесе сортаң
келсе заттардың сақталуы қиындайды. Шөлейт және қуаң аймақта, тастақ
жерлерде мәдени қабат қалыптаспауы мүмкін. Аса ылғалды аймақтарда заттар
тез ыдырап, олардың ұзақ сақталуына жағдай қолайсыз келеді.
Егіншілік және отырықшы тірліктегі тайпалар мекендеген жерлерде мәдени
қабат табылуы неғұрлым ықтимал. Себебі, олар бір жерде ұзақ уақыт өмірлерін
өткізген. Тұрғындардың тығыздығы, өзен алқаптарындағы табиғаттың
қолайлылығы мәдени қабаттың қатпарлануына тиісті жағдай туғызады. Мәдени
қатпарлардың қалыңдығы өсе түседі. Мысалы, Шығыс Европадағы орыс
қалаларының орнында мәдени қабаттың қуаттылығы немесе қалыңдығы 7-8 метрге
дейін жетеді. Орталық Азияның кейбір оазистерінде өткен тұрақты өмір 15-20
метрлік мәдени қабатты құрайды. Сол сияқты, ерте тастың кейбір үңгірлерінде
қуатты мәдени қабат табылуы мүмкін. Көшпелілер мәдениеттерінде жылжымалы
шаруашылықтың кең тарауына байланысты, мәдени қабатты табу қиын.
Бұрынырақта, мәдени қабатты зерттеу қалыптаспаған болатын, есепке ірі,
бағалы заттар алынып, ұсақтарына мән берілмеді, кейіннен сынық-қалдықтардың
өзі мол тарихи түсінік беретіні анықталды. Сол арқылы уақытнамалық
анықтаулар жасалынып, табылған комплекстер бір мәдениет аясына
біріктіріледі.
ХХ ғасыр археологиясында қалыптасқан әдістер мәдени қабатты тұтас
археологиялық ескерткіш ретінде қарастырады. Бір жерде бір немесе бірнеше
мәдени қабат болуы мүмкін. Бұзылмаған бөліктерде мәдени қабаттар көлденең,
жердің бұдырын қайталаған ретпен орналасады. Арасында таза немесе стерильді
белдеулер болуы мүмкін. Қатпарлар жоғарыдан төмен қарай зерттелуі керек.
Аса көлемді болса, шурф немесе траншея салынады.
Құрылыс топырақтың орналасу ретін бұзатыны белгілі, яғни түрлі
құрылыстар салу кезінде мәдени қыртыс бүлінеді, мұндайда уақытнамалық
анықтама жасауға құрылыс көкжиегі есепке алынады. Құрылыс көкжиегі
жоғарыдан төменге қарай рет санымен көрсетіледі.
Мәдени қабат әлсіз және қуатты болуы мүмкін. Неғұрлым қуатты мәдени
қабат қалалардың орындарында қалыптасады. Ол біртіндеп қалыңдайды. Бірнеше
ғасырар бойғы мекеннің мәдени қабаты айқын көрінеді.
Мәдени қабаттың қалыңдауына немесе жойылып кетуіне табиғат факторлары
барынша әсер етеді.
Ертетас заманындағы ескерткіштерде мәдени қабат көп кездеспейді,
өйткені тұрақтардың көпшілігі- қысқа мерзімді. Қазақстанда мәдени қабаты
жақсы қалыптасқан ертетас ескерткішінің бірі – Қаратау аймағындағы Қарасу
(Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ).
Мола ескерткіштердің кейбірінде мәдени қабат болуы мүмкін. Мәселен,
қорған үйінділеріндегі құрбандық іздері, мал сүйектері, күл.
Мәдени қабатты зерттеу қиындығы – жер жұмыстарының ауқымдылығында.
Байырғы ірі мекендердің мәдени қабаттары толық зерттеліп шығуы үшін ұзақ
уақыт қажет. Мәселен, антик заманының әйгілі Помпей қаласы 18 ғ-дан бастап
қазылуда, жер жұмыстары әлі аяқталмаған. Қазақстанның орта ғасырлардағы
Отырар, Талғар, Далалық Ақтөбе қалалары да ондаған жылдар бойы қазылып
келеді.
Стратиграфиялық зерттеудің маңызы. Стратиграфия– латын сөзі, stratum-
қабат, grapho- жазу, яғни археологиялық ескерткіштердің орнында пайда
болған қыртыстарды зерттеу әдісі.
Адамзат тарихының өте ерте дәуірлерін сипаттаған кезде геологиялық
стратиграфия қолданылады. Атап айтсақ, мұзданудың және мұзаралықтарының
геология ғылымы қалыптастырған атаулары бар. Адамзат тарихына сәйкес
келетіндері ертетас дәуіріне жатады. Кейінгі археологиялық дәуірлер де
стратиграфиялық әдістің қолдануымен зерттеледі.
Қоныстардағы қазба қабырғалары кең, көлемді келсе, шаршылардың
түйіскен нүктелерінде жер бақандары қалдырылады. Қазба тереңдегенде олар
аласартылады, уақытында қиындысы графикалық әдіспен салынып отыруы тиіс.
Қорғандарды қазғанда солтүстік - оңттүстік, шығыс - батыс бағыттарымен
қазылмаған жал (орысша - бровка) қалдырылады. Қазба терең болмаса, жал
бұзылмаған күйінде сақталады. Алдыңғы қиындылары қағаз бетіне түскенде,
тереңдегенде аласартылуы мүмкін. Қиынды сызбасы –профилі сапалы жасалғанда
ескерткіштен алынатын тарихи мағлұмат толыға түседі, уақытты дәл анықтауға
септігін тигізеді.
Стратиграфиялық әдіс көне қоныстарды зерттеген кезде қолданылады.
Стратиграфиялық тізбек немесе қатарлар арқылы жоғарғы және төменгі
қабаттардың уақытнамасы анықталады. Стратиграфиялық әдіс қорғандық
ескерткіштерді де зерттеуде маңызды қызмет атқарады. Ескерткіштердің салыну
уақытын, құрылыстың қалыптасуын, құрылымын анықтайды.
Ашық және жабық комплекстер. Археологияда ескерткіштерді сипаттауда
ашық және жабық комплекстер деген ұғымдар қолданылады.
Қоныстардың көпшілігі ашық комплекстерге жатады. Мұндағы заттар мен
қалдықтар ұзақ уақыт бойы жинақталған, оларды бір уақытқа жатқызу, мәдени
қабат бүлінген болса, қиындықтар туғызады.
Ашық комплекстегі заттар мен қалдықтар әр замандікі болуы мүмкін.
Стратиграфиялық және типологиялық әдістер оларды ажыратуға мүмкіндік
береді. Ашық комплекстегі деректемелер көбіне қираған, бөлшектенген,
өзгерген түрінде ұшырайды.
Жабық комплектердегі заттар бір мезгілді мегзейді, бір заманның
қолданыс заттары болуы неғұрлым ықтимал. Көбінесе бір мәдениетке жатады.
Мәселен, моланың ішіндегі заттар бір уақытта көмілді, яғни зат
жинақталуының уақыт тұтастығы бар. Олар бір дәуірдің, бір заманның заттары.
Арнайы камерада қойылғандықтан жабық комплекстегі деректемелердің сақталу
сапасы жоғары келеді. Сондықтан, оның уақытнамалық көрсеткіштері ашық
комплекстерге қарағанда айқын, абсолюттік уақытнамаға жақын. Жабық
комплекстердің көмегімен мәдениетті анықтау жеңілірек. Жабық комплекстерге
жерлеу комплекстерімен қатар бір мезетте табиғат апатынан немесе жойқын
соғыс салдарынан жойылып кеткен қоныс - қалалар да жатады. Мәселен,
жанартау атқылағанда қоныс-қалалар күл астында қалуы мүмкін. Антик
заманының Помпей қаласы, міне, осындай жабық комплекс түріндегі ескерткіш.
Мұндағы өмір көрінісі бір уақыт кескінін көрсетеді.

Әдебиеттер:

1.Археология – М., Наука, 2014.
2. Байпаков К.М., Таймагамбетов Ж.К., Жумаганбетов Т. Археология
Казахстана. - Алматы., 2013.
3. История Казахстана с древнейших времен до наших дней в 4-х томах. Т.1. -
Алматы., 2015.
4. Алпысбаев Х.А. Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана. - А.,
2012.

Лекция № 8-9 Археология зерттеулерінің тарихы

1. ХVІІІ ғ. зерттеулер.
2. ХІХ-ХХ ғғ. Зерттеулер

        (ХVІІІ – ХІХ ғ. басы) – археология қалыптасуының алғашқы даму
кезеңі. Бұл кезде скиф-сақ қорымдары, антикалық қалалар, қола дәуірі
қорғандардың алғаш қазылып, археологиялық мұралардың қорлануы басталған.
Дегенмен, бұл кезеңдегі археологиялық ізденістерді дердес ғылыми
зерттеулер деп айтуға болмайды. Өйткені археологияның ғылыми әдістемелік
тәжірибесі әлі түпкілікті қалыптаспаған кез-ді. Жүргізілген қазба жұмыстары
әуесқойлық деңгейдегі, ескерткіштерден көне бұйымдарды қазып алумен
шектелген-ді.
Еуропа мен Ресейде археологиялық зерттеулердің негізгі қарқыны
ғылыми энциклопедизм қалыптаса бастаған ХVІІ ғасырдан басталады. Еуропада
археология ғылымы өткен тарихқа деген қызығушылық артқан ағартушылық
дәуірдегі қажеттіліктен туды. Археологияның алғашқы тәжірибесі Везуви жанар
тауы (вулканы) атқылаған кезде қираған (79 ж.) Помпей мен Геркуланум
қалаларының орнын қазудан басталды. Помпейді қазу арқылы осыдан 1600 жылдан
артық уақыт бұрын өмір сүрген қала тұрғындарының тіршілігін сипаттайтын
мәліметтер алынды. Зерттеу барысында тұрмыстық заттар мен еңбек құралдары,
т.б. олжалар қаншалықты маңызды дерек екендігіне ғалымдардың көзі жетті.
Археология мен оған қатысты заттар жайлы алғашқы мәліметтер ХVІ –
ХVІІ ғасырларының өзінде белгілі бола бастаған. Бірақ бұл археология
ғылымының басы емес еді. Осы кезде Ресейдің қоластына жаңадан енген шығыс
аймақтарды өз еркімен игеруге әрекет жасаған еркін белсенділер көп болған.
Оларды қызықтырған бос жатқан жерлердің табиғаты, минералдық шикізаттары,
сонда тұрған адамдардың әдет-ғұрпы мен археологиялық ескерткіштері болды.
Сондай алғашқы игерушілердің қатарында В. Поярков, Е. Хабаров, С. Дежнев
секілді көптеген есімдері тарихқа айналған тұлғалар бар.
Сібір мен Алтайдың жеріндегі қорғандарды қазып, ішіндегі алтын,
күміс заттарды алу үшін қазу науқаны басталды. Қазып алынған көне заттар
Тобыл, Томск және Краснояр базарларында сатылды. Археологиялық заттарды
негізгі сатып алушылар елшілер мен ақсүйектер болатын. Ресейде
археологиялық коллекциялар алғаш осылай жиналды. Кейбір көне бұйымдар
осындай жолмен шетелдерге де кетіп жатты. Сібірді игеруші Демидов сыйлаған
І Петрдің Сібірлік коллекциясы осылай пайда болды. Археологиялық
заттарды Петербургке сібірлік шонжар М.П. Гагарин де жіберіп тұрған.
Мемлекет тарапынан археологиялық ескерткіштерді қорғап, көне
заттарды жинау әрекеттері Ресейде ХVІІІ ғасырдан бастап жолға қойыла
бастады. Осы істің басы І Петрдің 1718 жылы Сібірлік коллекцияны алғаннан
кейін шығарған жарлығы. Жарлықта: Егер кімде-кім жерден немесе судан көне
заттар тауып алса... алып келсін, ол үшін заттың құнына қарай төлем
төленеді, – делінген. Екінші жарлық бойынша табылған заттың орны және
өзін сызып алу туралы айтылған. Ең алғашқы археологиялық қазбаны 1722 жылы
Сібірдегі Абакан-Перевозной ауылының маңында Г.Д. Мессершмид пен Ф.И.
Страленберг жүргізді. 1733 – 1743 жылдары аралығында В.И. Беринг басқарған
алғашқы академиялық экспедиция Сібір мен Қазақстан жерінде зерттеулер
жүргізді. Экспедицияның мақсаты жаңа кірген жерлердің топографиясы,
геологиясы мен тарихын зерттеу болатын. Экспедицияның мүшелері И.Г.
Гмелин, Г.В. Стеллер, Г.Ф. Миллер, С.П. Крашенинников, И. Фишер, Л.
Делаклоер, А.Иванов, М. Ушаков және Я. Линденаулар Сібір мен Қазақстанның
археологиялық ескерткіштері жайлы мол материал жинады.
1768 – 1774 жылдары Еділ бойы, Урал, Сібір мен Қазақстан
халықтарының тарихын, географиясы мен этнографиясын зерттеу мақсатымен
ұйымдас тырылған екінші академиялық экспедиция Қазақстанда археологиялық
зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедиция мүшелері П.С.Паллас, И.П.
Фальк, И.Г. Георги, ІІ.И.Рычков, Х.Барданес археологиялық ескертіштерді
топтастыруға үлкен үлес қосты. П.И.Рычков өзінің Топография Оренбург
ская атты еңбегінде өзі кездестірген кен алған жерлерді, мыс, қорғасын
және қалайы қорытатын орындарды сипаттап кетті.
1763 жылы А.П. Мельгунов Украинада скифтердің үлкен обасын қазды.
ХVІІІ ғасырда орыс тарихшысы В.Н. Татищевтің археология ғылымына қосқаны
мол болды. Ол түрлі тарихи деректерді жинаумен, археологиялық
ескерткіштерді бақылаумен де айналысты. Тіпті, археологиялық материалдарды
жинақтау туралы нұсқау құралын да дайындаған. Ол тарихты география,
археология және этнграфиямен бірге зерттеуді қолдаған.
Бұл кезеңде осы күнгі түсініктегі археология ғылымы қалыптаспаған,
алдына қойылған мақсат, міндеті мен ғылыми зерттеу әдістемесі жоқ
болатын. Дегенмен, археологиялық ескерткіштер мен көне заттарға деген
қызығушылық көбейіп, сол кезеңге сай ғылыми теория қалыптасты. Мәселен, В.
Татищев скиф, сармат және славяндардың пайда болуы жайлы теориялық тұжырым
жасауға әрекет жасаған.
ХІХ ғасырда қанат жайған үлкен көлемдегі қазба жұмыстары
археологияның ғылымы ретінде дамуына ықпал жасады. Еуропа археологиясындағы
бірқатар жетістіктер өзінің оң әсерін тигізді. Помпей мен Вульчи
зиратындағы қазбадан кейін Ассирияның астанасы Ниневиде Г.Лэйяр
жүргізілген зерттеуі тамаша табыстар әкелді. Археология Ашшурбанипалдың
кітапқанасының 20 мыңнан астам сына жазу мәтінін әлемге сыйға тартты.
Мысырды жүйелі зерттеу жұмыстары басталды. Осының бәрі археология
мүмкіндігін көрсетіп, археологиялық қазбаларға қанат бітірді. Ресейдің
оңтүстігінде антикалық ескерткіштерді зерттеу басталды.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында дат ғалымы К.Ю. Томсен
археологиядағы әйгілі ашылыс үш ғасыр жүйесін жасады. Ол Копенгаген
музейінде жиналған археологиялық заттарды олардың жасалған материалдарына
қарай топтастыра келіп, адамзат баласы тас, қола және темір кезеңдерін
басынан өткізген деген тұжырым жасады. Ол осы ұлы жаңалығын өзінің
Северные древности (1831) және Каталог музея в Копенгагене (1836) атты
еңбектерінде тұжырымдаған. Адам баласының тарихын археологиялық тұрғыдан
кезеңдеудің басы осы жаңалықтан басталды. Томсеннің археологиялық кезеңдеу
жүйесін жалғастырушы оның шәкірті Я. Ворсо неолит пен қола дәуірі
ескерткіштерін зерттеу барысында мезгіл анықтаудың салыстырмалы әдісінің
нақты заттарға негізделген тәсілін ғылымға әкелді. Ол өзінің жаңалығын
Новое подразделения каменного и бронзового века (1859) атты еңбегінде
жариялады. Томсен мен Ворсоның жаңалығын француз археологы Г. Мортилье
жалғастырды. Ол ежелгі тас құралдар сапасы жағынан бәрі бірдей еместігін
аңғарды. Құралдардың бірсыпырасы дөрекі де тұрпайы болса, басқалары едәуір
жетілген. Осындай ерекшеліктеріне қарай Мортилье көне тасты бірнеше
кезеңдерге бөліп оларға шартты түрде табылған жерінің атын берді (Ашель
үңгірінен табылған тас құралдарды ашель дәуірі құралдары деп атаған). Тағы
бір дат археологы С. Нилсон көне заттарды осы күнгі дамуы жағынан артта
қалған қоғамдардың құралдарымен салыстыру арқылы белгілі бір теңдестіру
жасауға болатындығын байқаған. Оның ұсынған тәсілі кейіннен салыстырмалы
мерзімдеудің бір бөлігін құрады. Осы ашылған жаңалықтар әлемдік
археологияның дамуына үлкен үлес қосып, Ресейдегі археологиялық ойдың
қалыптасуына ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Археология ғылымы
Тәуелсіз Қазақстандағы археология кезеңі
Археологиялық ескерткіштер және олардың түрлері
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ
Тарих ғылымдарының докторы
Мәдени мұра саласындағы проблеманың қазiргі жай-күйiн талдау
ТҮРКІСТАН ҮЙІРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ ЖӘНЕ ЖЕТІСУДАҒЫ ЖҰМЫСТАРЫ
Қазақстанның Оңтүстік бөлігінің тарихи карталарын құрастыру негіздері
Алтын адам жәдігерінің зерттелуі-ұлттық құндылық
Орталық Қазақстан ерте көшпелілерінің әлеуметтік құрылымы
Пәндер