МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ПЕДАГОГИКА ТУРАЛЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Р. Қ. АРАЛБАЕВА
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ПЕДАГОГИКА
Оқулық
Алматы, 2012
ӘӨЖ 373.2
ББК 74.102
А 75
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Оқулық республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен
Пікір жазғандар:
психология ғылымдарының докторы, профессор Х. Т. Шерьязданова; педагогика ғылымдарының докторы, профессор С. Н. Жиенбаева; педагогика ғылымдарының докторы, профессор А. Нұғысова.
Аралбаева Р. К.
А 75 Мектепке дейінгі педагогика: Педагогикалық факультеттердің 5В010100 Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша дайындалатын студенттерге арналған оқулық Р.К. Аралбаева. - Алматы: Жоғары оқу орындарының қауылдастығы, 2012 ж. - 220 бет.
ISBN 978-601-80311-3-7
Мектепке дейінгі педагогика курсы тұлғаның бастапқы қалыптасу және оның заманауи қоғамның мәдениетіне араласу кезеңі ретіндегі мектепке дейінгі балалық шақтың мән-мағынасын түсіну аясында студенттердің мектепке дейінгі білім берудің теориясы мен практикасын меңгеруге бағытталған. Оқулық студенттерді кәсіптік функцияларын біліктілікпен орындауға базалық ғылыми дайындауды - мектепке дейінгі мекемелерде балаларды тәрбиелеу, балалар бақшасы педагогикалық ұжымына жетекшілік етуді және мектепке дейінгі білім беру педагогикалық колледждерінде сабақ беруді қамтамасыз етеді.
ӘӨЖ 373.2
ББК 74.102
(C) АРАЛБАЕВА Р.Қ
(C) ҚР жоғары оқу орындарының
ISBN 978-601-80311-3-7 қауымдастығы
Түсінік хат
Мектепке дейінгі педагогика курсы тұлғаның бастапқы қалыптасу және оның заманауи қоғамның мәдениетіне араласу кезеңі ретіндегі мектепке дейінгі балалық шақтың мән-мағынасын түсіну аясында студенттердің мектепке дейінгі білім берудің теориясы мен практикасын меңгеруге бағытталған. Курс студенттерді кәсіптік функцияларын біліктілікпен орындауға базалық ғылыми дайындауды - мектепке дейінгі мекемелерде балаларды тәрбиелеу, балалар бақшасы педагогикалық ұжымына жетекшілік етуді және мектепке дейінгі білім беру педагогикалық колледждерінде сабақ беруді қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі педагогика курсындағы өзіндік жұмыс теориялық, аксиологиялық, технологиялық, зерттеушілік және заманауи мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу проблемаларына тұлғалық көзқарастардың жиынтығы ретінде біріктірілген.
Өзіндік жұмыстың нәтижелілігі курсты оқыту процесінде студенттердің субъективтік ұстанымын құру және студенттердің өздігінен білім алу белсенділігін дамытуды қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі педагогикада практикалық сабақтарда педагогикалық пәндер циклін оқу барысында меңгерген білімі мен біліктерін ары қарай қалыптастыру жұмысы жалғастырылады: әдебиетті теориялық талдау, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу процестерін және бағдарламаларын жобалау және құру, мектепке дейінгі мекемелерде педагогикалық үрдістерді диагносттау және мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту.
Мектепке дейінгі педагогика курсы бойынша практикалық сабақтар жүйесі мектепке дейін білім берудің қазіргі заманғы теориялары мен тұжырымдамаларының мән-мағынасын саналы түрде түсінудің қажеттілігі, мектепке дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің өмірдің талабы екендігі, мектепке дейін тәрбие беру практикасында педагогикалық теорияны шығармашылықпен қолдана білу, қойылған проблеманы шешуде студенттердің өз көзқарастарын толыққанды негіздей білу жүйесін жасай білуі тұрғысынан қарастыруды көздейді. Көптеген шығармашылық тапсырмаларды студенттер жұмыс топтарында орындайды, ол болашақ педагогтың командада жұмыс істей білу білігін қалыптастыруда, педагогикалық проблемаларды шешудің ұтымды жолдарын табудың бірыңғай стратегиясы мен тактикасын жасауда аса маңызды.
Практикалық сабақтарда студенттердің білігін қалыптастыру түрлі жаттығуларды орындау түрінде, іскерлік ойындарда әртүрлі рөлдер орындау барысында, білім жобаларын жасау және педагогикалық ситуацияларды модельдеу түрінде жүзеге асырылады. Әрбір сабақта проблеманы талқылау пікірталас сипатында өтеді, көпнұсқалы ізденістер қарастырылады. Пәнаралық байланыс орнату, философиялық, психологиялық, тарихи-педагогикалық білім мен жеке тәжірибені интеграциялау - сабақта қарастылатын мәселе бойынша студенттердің өз көзқарастарын негіздеу үшін аса маңызды.
Өзіндік жұмыс Мектепке дейінгі педагогика курсын оқыпүйренуде студенттің дербес білім алу бағытын анықтауға мүмкіндік туғызуды көздейді.
Мектепке дейінгі педагогика курсын меңгеруде сәттілік тілеймін!
Автор
1-ТАРАУ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ОҚУ ПӘНІ РЕТІНДЕ
Жоспар
1.1 Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде. Ғылымның пәні. Негізгі санаттары.
1.2 Мектепке дейінгі педагогиканың теориялық негіздері.
1.3 Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі функциялары мен міндеттері.
1.4 Педагогикалық білім жүйесі. Мектепке дейінгі педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы.
1.5 Мектепке дейінгі педагогика оқу пәні ретінде.
1.1 Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде. Ғылымның пәні. Негізгі санаттары
Мектепке дейінгі педагогика - баланы туғаннан бастап мектепке барғанға дейінгі тәрбиелеу мен дамыту туралы ғылым.
Бұл тақырып мектепке дейінгі педагогиканың барлық курсының кіріспе бөлімі болып табылады. Ол педагогика ғылымының негізгі санаттары, функциялары, пәні, міндеттері туралы түсінік береді. Тақырыптың мазмұнын ашқанда ғылым ретіндегі мектепке дейінгі педагогиканың жоғары оқу орнында оқытылатын пән ретіндегі педагогикадан айырмашылығын қарастырамыз, оның басқа ғылымдармен байланысын, педагогикалық ғылымдар жүйесіндегі орнын анықтаймыз.
Мектепке дейінгі педагогикаға ғылым ретінде анықтама бермес бұрын, ең алдымен, ғылым ұғымына анықтама беру қажет.
Ғылым (жалпы философиялық түсінікте) - қоғамдық сана түрі, ол білім алу іс-әрекетін және оның нәтижесін - әлемнің жалпы ғылыми көрінісінің негізінде жататын білім жүйесін қамтиды. Бұл қоршаған әлемнің мағыналық қасиеттері мен заңдылықтарын ашуға бағытталған адам іс-әрекетінің ерекше түрі.
Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің мағыналық қасиеттері мен заңдылықтарын ашуға бағытталған.
Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде біріне-бірі ұқсамайтын үш негізгі элементтермен сипатталады: ғылымның пәні, ұғымдықсанаттық аппараты және зерттеу әдістері.
Сонымен, біз тақырыпты қарастырудың жалпы жоспарын құрып алдық. Мектепке дейінгі педагогиканы ғылым ретінде сипаттау үшін үш сұраққа жауап беруіміз керек:
Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде нені қарастырады?
Ол қандай санаттарды және ұғымдарды қолданады?
Жаңа ілімді ашу үшін ғылым қандай зерттеу әдістерін пайдаланады?
Осы сұрақтарға жауап беру арқылы біз мектепке дейінгі педагогиканы ғылым ретінде сипаттаймыз. Ғылымның пәнін еске түсірейік. Ол берілген ғылым қарастыратын процестер мен құбылыстардың жиыны.
Мектепке дейінгі педагогиканың қарастыратын пәні мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, оқыту және білім беру процестерінің мағыналық қасиеттері мен заңдылықтары болып табылады.
Сонымен, мектепке дейінгі педагогика мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу, оқыту және білім беру процестерінің арасындағы және өз ішіндегі объективті байланыстар мен мағыналық (басты, анықтаушы) қасиеттерді қарастырады. Ғылымның пәні оның зерттеу облысын және зерттеу әдістерінің бағытталған саласын айқын белгілеп көрсетеді.
Мектепке дейінгі педагогиканың ұғымдық-санаттық аппаратын анықтау үшін ұғым және санат деген не екендігін еске түсіру керек.
Санаттар - нақтылы бір ғылымның неғұрлым жалпы және іргелі ұғымдары. Басқа бір ғылым үшін осы санаттардың өзі тек қана ұғым болуы мүмкін. Бұл ұғым тұрғысынан қорытудың жоғарырақ деңгейі.
Ұғым - заттар мен құбылыстардың мағыналық қасиеттерін, байланыстары мен қатынастарын бейнелейтін ойлау түрі.
Зерттеу пәніне сүйене отырып берілген ғылымның іргелі ұғымдарын (санаттарды) бөліп көрсетуге болады. Ол - тәрбиелеу, оқыту, білім беру. Мектепке дейінгі педагогика тұрғысынан бұлар санаттар болады. Бұлар ең маңызды, жетекші, бұл ғылым үшін неғұрлым жалпы ұғым.
Мектепке дейінгі педагогиканың жетекші ұғымдарының мазмұнын ашайық. Бұл санаттарды әртүрлі ғалымдар әртүрлі әдіснамалық тұрғыдан қарастырғандығын атап өткен маңызды. Соның салдарынан - көбінесе бір-біріне қайшы келетін көптеген түсініктер орын алды. Әрбір маман бұл ұғымдарды білуі және олардың мазмұнын анықтауда өзінің негізгі көзқарасы болуы тиіс. Ғылымның ұғымдық-санаттық аппаратын меңгеру маманның педагогикалық мәдениетінің қажетті компоненті болып табылады.
Тәрбиелеу санаты ғылымда кең мағынада, тар және локальдік мағынада қарастырылады.
Тәрбиелеу (кең мағынада) - бұл аға буынның кіші буынға өмірге және еңбекке дайындығын қамтамасыз ететіндей әлеуметтік тәжірибесін беру процесі.
Тәрбиелеу (тар мағынада) - бұл тәрбиеленушілердің тұлғалық сапаларын, өзіне және қоршаған дүниеге көзқарас жүйесін қалыптастыру үшін мақсатты және бағытты түрде жүргізілетін процесс.
Локальдық мағынада тәрбиелеу - баланың қандай да бір қасиетін, тәртіп әдеттерін қалыптастыру.
Мектепке дейінгі мекемелерде білім беру процесінің теориясы мен әдістемесін қарастырғанда біз тәрбие берудің тар мағынадағы анықтамасына сүйенеміз.
Оқыту ұғымының мазмұнын анықтаудың көптеген нұсқалары бар. Олардың бір-бірінен айырмашылығы авторлардың бұл процестің функцияларын, мақсаттарын және нәтижелерін қалай түсінетіндіктеріне байланысты. Мысалы, Ю.К.Бабанский оқыту процесін педагог пен балалардың мақсатты, бағытты, ретті өзгеріп отыратын өзара ықпал әрекеті ретінде ашады, оның барысында оларды тәрбиелеу, дамыту, білім беру міндеттері шешіледі.
П.И.Пидкасистыйдың психологиялық-педагогикалық сөздігінде оқыту аға буынның өсіп келе жатқан ұрпаққа қоғамдық қатынастар, қоғамдық сана, мәдениет және еңбек өнімділігі, белсенді өзгерістер жөніндегі білім және қоршаған ортаны қорғау тәжірибесін мақсатты, бағытты, ұйымдастырылған түрде беруі деп түсіндіріледі.
И.Я.Лернер оқытуды балалардың әлеуметтік тәжірибе мазмұнының белгілі бір бөлігін меңгеру мақсатындағы педагог пен балалардың мақсатты, бағытты өзара ықпал әрекеті деп түсінеді. Бізге бұл анықтама көбірек көңілге қонымды сияқты, себебі оқыту тек қана білімді, іс-әрекет тәсілдерін меңгеруді көздемейді, сонымен бірге айналамен қарым-қатынас жүйесін, шығармашылық іс-әрекет тәжірибесін меңгеруді де қамтиды.
Білім беру ұғымы ҚР-ның Білім беру туралы Заңында жүйелі түрде қарастырылған. Білім беру адамның, қоғамның, мемлекеттің мүддесі үшін мемлекет белгілеген білім деңгейін меңгеруде азаматтың қол жеткізген нәтижелерін көрсететін тәрбие мен оқытудың мақсатты және бағытты процесі ретінде қарастырылады.
В.В.Краевский білім беруді адамзаттың қоғам өміріне қатысуға дайындауда тәрбие мен оқыту және адамның, қоғамның, мемлекеттің мүддесінен тұратын мақсатты түрдегі іс-әрекеттің ерекше түрі ретінде анықтайды. Ю.К.Бабанский білім беруді оқушылардың ғылыми білім жүйесін, таным білігі мен дағдыларын меңгеру процесі мен оның нәтижесі, соның негізінде дүниеге көзқарас, тұлғаның адамгершілік және басқа да сапаларын қалыптастыру, шығармашылық қуаты мен қабілетін дамыту деп түсінеді.
Бұл мектепке дейінгі педагогика үшін жетекші ұғымдардың анықтамаларының аз ғана бөлігі. Әрбір педагог іргелі кәсіби санаттарды талдай келе, оның мазмұнын анықтайды және қандай да бір автордың көзқарасын бөлісуге хақысы бар.
Мектепке дейінгі педагогика сөздігінде философия үшін жетекші болатын көптеген басқа ұғымдарды (заңдылық, мәнділік, принцип, субъект және т.б.), психология үшін (даму, жеке тұлға, психика, эмоционалдық ахуал, ойлау және т.б.), тәнтану үшін (ми, қаңқа, бұлшық ет тонусы, физиологиялық ерекшеліктер және т.б.) және т.с.с түсіндіреді. Мектепке дейінгі педагогика адамды, қоғамды барлық қырынан зерттейтін ғылымдардың тілін пайдаланады. Оның тілі бай, жан-жақты, бұл мектепке дейінгі педагогика пәнін жан-жақты сипаттауға мүмкіндік береді.
Мектепке дейінгі педагогиканы ғылым ретінде сипаттайтын үшінші элемент - зерттеу әдістері. Бұл әдістердің көмегімен педагогикалық практиканы оқып-үйрену және қорыту, өз бетімен ғылыми зерттеулер жүргізу жүзеге асырылады. Оларға: әдебиетті оқу және талдау, эксперимент, әңгімелесу, сауалнамалар жүргізу, интервью, байқау, тәуелсіз мінездемелер беру, педагогикалық құжаттарды, балалардың іс-әрекет нәтижелерін талдау және т.б. жатады. Бұл мәселені толығымен алдымызда арнайы тақырыпта қарастырамыз.
Ғылымның пәнін айқындап, мектепке дейінгі педагогиканың негізгі санаттарын анықтағаннан кейін оның функциялары мен міндеттерін ашуға көшеміз.
Сұрақтарға жауап беріңіз?
Мектепке дейінгі педагогика нені қарастырады? Қолда бар ақпараттың негізінде оның пәнін көрсетіңіздер.
Педагогиканың ғылым ретіндегі қарастыратын пәні не? (Тұлғаны тәрбиелеу, оқыту және білім беру процестерінің мағыналық қасиеттері мен заңдылықтары).
1.2 Мектепке дейінгі педагогиканың теориялық негіздері
Мектепке дейінгі педагогиканың теориялық негіздері философияның, жаратылыстану ғылымдарының (биология) деректеріне, балалар психологиясы мен педагогикалық ойлар тарихы салаларындағы теорияларға, озат педагогикалық тәжірибеге негізделген. Осыдан мектепке дейінгі педагогиканың жалпы теориялық негіздерінде төрт негізгі аспектілерді бөліп көрсетуге болады: философиялық, психологиялық, жаратылыстану-ғылымилық және тарихи-педагогикалық.
Философиялық негіздері. Педагогикалық зерттеулер мен педагогикалық процестерді ұйымдастырғанда және жүзеге асырғанда диалектиканың - материяның дамуының, сананың және қоғамның (қозғалыстың үздіксіздігі және материяның дамуы, санның сапаға ауысуы, детерминизм, жүйелілік, дамудың қозғаушы күші ретіндегі қайшылықтардың бірлігі мен күресі, таным мен практиканың бірлігі және т.б.) неғұрлым жалпы заңдары туралы ғылымның жалпы принциптері ескеріледі.
Мектепке дейінгі педагогиканың жаратылыстану ғылыми негіздерін И. М. Сеченов және И. П. Павловтың жоғарғы жүйке әрекеті туралы ілімі мен олардың оқушылары және зерттеушілер - В. М. Бехтеревтың, Н. Е. Введенскийдің, А. А. Ухтомскийдің, П. К. Анохинның, Н. М. Щеловановтың, Н. И. Касаткинның, Н. Л. Фигуринның, Н. М. Аксаринаның және т.б. онтогенезде жоғарғы жүйке әрекетінің дамуы жөніндегі зерттеулері құрайды. Олар баланың психикалық әрекетінің нейрофизиологиялық тетіктері шартты рефлекторлық сипат алатындығын, ол мектепке дейінгі жастағы баланың қалыптасуына, генетикалық бағдарламаларды жүзеге асыруға, сол сияқты сыртқы әсерді, оның ішінде тәрбиені де жүзеге асыруға пісіп жетілу процесі ретінде әсер ететіндігін көрсетті.
Зерттеушілер баланы туған сәттен бастап тәрбиелеген жөн екендігі туралы тұжырымға келді, себебі шартты рефлекторлық әрекеттің даму заңдылықтарының бірі сол, баладағы әрбір келесі рефлекс алдыңғыдан тезірек және жеңілірек болады.
И. М. Сеченов пен И. П. Павловтың үш тұтастық - ағза мен сыртқы ортаның, барлық органдар мен ағза жүйесінің біртұтас ашық биожүйе ретіндегі және психикалық және физикалық даму тұтастығы мектепке дейінгі мекемелерде педагогикалық процесті ұйымдастырудың физиологиялық негіздемесі болады.
Динамикалық стереотип жөніндегі ілім мектепке дейінгі балалардың
күн тәртібін құру негізінде жатады. Динамикалық стереотип - білік, дағды, тәртіп әдеттерін қалыптастыру негізі, ол жаттығудың оқыту мен тәрбиелеудің әдісі ретіндегі тиімділігін көрсетеді. Тәрбиелеудегі даралау әдісіне қойылатын талаптар жоғары жүйке әрекетінің түрлері жайындағы ілімнен, жеке адамның түрлі анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерінен тұрады.
Онтогенезде сигнал беруші екі жүйенің дамуы туралы теориялар баланың тілінің, ақыл-ойының, физикалық, эстетикалық және тәрбиелеудің басқа да бағыттарының дамуының психологиялықпедагогикалық негізін анықтайтын табиғи-ғылыми базасы болады. Солардың негізінде оқытудың әдістері мен құралдарына ұсыныстар жасалады.
Мектепке дейінгі педагогиканың психологиялық негіздерін мыналар құрайды:
Л. С. Выготскийдің адамның тәртібі мен психикасын дамытудың мәдени-тарихи теориясы, ол жасаған жас ерекшелік кезеңдері, сензитивтік кезеңдер, жақын арадағы даму аймағы, дамыта оқыту теориясы;
А. Н. Леонтьевтің әрекет бала дамуының шарттары, құралы және даму көзі екендігі туралы ілімі;
П. Я. Гальпериннің ойлау әрекетін сатылап қалыптастыру теориясы, Н. Н. Поддьяковтың еңбектері, Л. А. Венгердің мектепке дейінгі кезеңде баланың интеллектуалды даму ерекшеліктері туралы еңбектері;
А. В. Запорожецтің мектепке дейінгі балалық шақта бала дамуының амплификациясы теориясы;
Д. Б. Элькониннің бала ойынының психологиясы және психикалық даму кезеңдері туралы теориясы;
В. Т. Кудрявцевтің мектепке дейінгі балалық шақтың әлеуметтікмәдени феномені туралы тұжырымдамасы және т.б.
Мектепке дейінгі педагогиканың тарихи-педагогикалық негіздерінің түп-тамыры тереңде жатыр. Халықтық педагогика мен әртүрлі елдер мен әртүрлі дәуірдегі философтар мен педагогтардың прогрессивтік идеялары мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі дамуының бастауы болды. Тарихтан негіз алған мектепке дейінгі кезеңде балаларды оқыту мен тәрбиелеудің гуманистік идеялары, балалардың құқығын қорғау жайындағы ойлар, дара дамыту, тұлғаны сыйлау, мектепке дейінгі жастағы әрбір баланың әлеуетін дамыту қажеттілігі мектепке дейінгі білім берудің заманауи теориясының негізіне жатқызылды.
Бұрынғы кеңес одағында мектепке дейінгі педагогика бойынша зерттеулердің жеткілікті түрде кең сипат алуы мектепке дейінгі тәрбие берудің қоғамдық жүйесінің құрылуымен байланысты көрсетіледі. Мектепке дейінгі тәрбиелеуді дамытуда Н. К. Крупская, Е. И. Тихеева, А. С. Макаренко, Е. А. Флерина, Л. К. Шлегер, А. В. Суровцева, В. И. Логинова, П. Г. Саморукова үлкен рөл атқарды. Қазақстанда Н. Құлжанованың қызметін атап көрсетуге болады.
Нәзипа Құлжанованың шығармашылығының ең жемісті салаларының бірі - тәрбие тақырыбындағы еңбектері. Бұл мәселелерді ол баспасөз беттерінде көтеріп қойған жоқ, тіпті мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін оқу-әдістемелік құралдар-жеке кітаптар да шығарды. 1923 жылы Орынборда шығарған Мектепке дейінгі тәрбие, 1927 жылы Қызылордада жарық көрген Ана мен бала атты кітаптары біздің кезімізде де сұранысқа ие.
Әлемдік педагогикада тұңғыш рет баланы ертеден бастап тәрбиелеудің ғылыми негізделген жүйесі жасалды. Оны жасағандар: М. Щелованов, Н. Л. Фигурин, Н. М. Аксарина, Е. И. Радина. Мектепке дейінгі жаста баланы физикалық тәрбиелеу мәселелерімен Е. А. Аркин, А. И. Быкова, Е. Г. Леви-Гориневская, және т.б. шұғылданды. Мектеп жасына дейінгі балалардың ақыл-ой тәрбиесінің теориясы мен практикасында Е. И. Тихееваның, Ф. Н. Блехердің, А. П. Усованың, А. М. Леушинаның, А. И. Сорокинаның, В. И. Логинованың, П. Г. Саморукованы және т.б. еңбектерінің маңызы зор. Тәрбие теориясына ғалымдар А. В. Суровцева, Ф. С. Левин-Щирина, Р. И. Жуковская, Т. А. Маркова және т.б. көп үлес қосты.
1960 жылы әлемде бірінші КСРО ПҒА-ның мектепке дейінгі тәрбие ғылыми зерттеу институты ашылды, 1981 жылға дейін оның директоры А. В. Запорожец болды. Бұл институттың базасында мектепке дейінгі білім берудің әртүрлі бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілді. Кіші жастағы балаларды тәрбиелеу лабораториясына Е. И. Радина басшылық етті, 1970 жылдан бастап - А. М. Фонарев басқарды. Дене тәрбиесін беру лабораториясына М. И. Кистяковская жетекшілік етті. Эстетикалық тәрбие және көркем шығармашылық лабораториясының меңгерушісі Н. А. Ветлугина болды. Ақыл-ой тәрбиесі мәселелері А. П. Усованың, Н. Н. Поддьяковтың, Ф. А. Сохиннің, А. М. Леушинаның, В.
И. Логинованың, П. Г. Саморукованың жетекшіліктерімен жүргізілді. Адамгершілік тәрбиесі лабораториясына В. Г. Нечаева басшылық жасады. Мектепке дайындау Т. В. Тарунтаеваның, Т. И. Бабаеваның жетекшілігімен жүргізілді. Зерттеу нәтижелері жарияланып отырды, балабақшалардың жұмыс практикасына, педагог кадрларды даярлау практикасына енгізіліп отырды.
Негізделген теориядан қазіргі заманғы ғылым бастау алды. Мектепке дейінгі педагогиканың жаңа бағыттары дамып келеді, мектепке дейінгі білім берудің жаңа теориясы мен технологиясы жасалды. Ең бастысы, қолда бар тәжірибені талдап, оның жетістіктері мен кемшіліктерін сараптап, оны дамыту және осының негізінде ғылымизерттеу жұмыстарын жүргізу. Жаңа зерттеулердің қажеттілігі заман талабының, қоғамдық өмірдің өзгеруімен, адамның үздіксіз білім алу мақсаттарының модификациясымен анықталады.
1.3 Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі педагогиканың ғылым
ретіндегі функциялары мен міндеттері
Мектепке дейінгі педагогика ғылымының ерекшеліктерін түсіну үшін оның функцияларын, оның шешетін міндеттерін қарастырайық.
Функция - бұл міндет, іс-әрекет аясы, тағайындау, рөл, іс-қимыл мен амалдардың жиынтығы. Мектепке дейінгі педагогиканың функцияларын анықтауды жалпы ғылымның функцияларын түсінуден бастау керек. Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде негізінен бес функция атқарады.
Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі функциялары
Суреттеушілік - зерттеудің эмпирикалық (тәжірибелік, бастапқы) деңгейіне сәйкес келеді. Педагогикалық фактілер мен құбылыстардың жинағын, олардың классификациясын қамтиды.
Түсіндірушілік (негізгі) - педагогикалық құбылыстардың мәнін ашуға бағытталған, яғни олардың шығуын, құрылымын, берілген құбылыстың даму заңдылықтарын қарастырады. Функция зерттеудің теориялық деңгейіне сәйкес болады.
Жобалаушы-құраушы - педагогикалық әрекеттің нақты технологиясын жасау, білім беру процесіндегі педагогикалық қарымқатынастың жобаларын, бағдарламаларын, түрлері мен әдістерін жасауды білдіреді.
Прогностикалық - оқыту мен тәрбиелеудің заңдылықтарын танып білу негізінде болашақта педагогикалық жүйенің дамуын болжауды жүзеге асырады.
Дүниетанымдық - қоғамдық ортада педагогикалық сананы белсенді түрде қалыптастыруға бағытталған.
Мектепке дейінгі педагогика педагогикалық практикаға бағыттаушы рөл атқарады. Мектепке дейінгі педагогика балабақшаның, отбасының тәрбиелік және оқыту өзара ықпалдастығының бірлігін, мектепке дейінгі мекеме мен мектеп жұмысының сабақтастығын қамтамасыз етеді. Мектепке дейінгі педагогика мектепке дейінгі білім берудің мазмұнын, әдістерін, құралын және қажетті нәтижені негіздейді.
Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі міндет-тері мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметінің сұраныстарымен анықталады. Сонымен қатар, ғылымның міндеті бар тәжірибені біліп түсіндіріп қана қоймай, практиканың ары қарай дамуын бағдарлау, жаңа перспективалық педагогикалық технологияларды жасау, нақты педагогикалық практиканы жетілдіру міндеттерін де атқарады.
Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі міндеттері:
Мектепке дейінгі білім беру жағдайларына лайықтап тәрбиелеу мен оқытудың жалпы заңдылықтарын бейімдеу және негіздеу (мектепке дейінгі жастағы балаларға лайық тәрбиелеу мен оқытудың заңдылықтарының әсерінің ерекшеліктерін зерттеу).
Мектепке дейін білім берудің жаңа тұжырымдамалық әдістерін негіздеу, олардың нақты іс жүзіне асырылу әдістерін қарастыру (балабақша - мектеп кешендерінің, мектепке дейінгі жеке мекемелердің, балалардың мектепте қысқа мерзімде болу топтарының (мектеп жанындағы мини-орталықтар) оларды теориялық тұрғыдан негіздеуді, олардың қызметінің тиімді болуының тетіктері мен шарттарын жасауды талап етеді).
Мектепке дейін білім берудің мемлекеттік стандартын және мектепке дейінгі мекемеде оқыту мен тәрбиелеудің бағдарламаларын жасау.
Мектепке дейінгі мекемелерде балалар әрекетінің дамытушы түрлерін психологиялық-педагогикалық тұрғыда негіздеу. Оларды ұйымдастырудың мүмкіндіктері мен құралдарын сипаттау (мектепке дейінгі мекемеде баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін олармен қандай жұмыстар жүргізу керек).
Білім беру мекемесі жағдайында мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің, оқытудың, дамытудың педагогикалық технологияларын жасау (педагогикалық технологиялардың компоненттерін, оның нәтижелілік көрсеткіштерін, іс-қимыл тетіктерін, өзара ықпал нұсқаларын негіздеу).
Мектепке дейін тұлғалық-бағдарлық білім беруді жүзеге асырудың мазмұнын, түрлерін, әдістерін, педагогикалық шарттарын айқындау, педагогикалық технологияны дараландырудың жолдарын іздестіру.
Озат педагогикалық тәжірибені үйрену, қорыту, теориялық тұрғыда негіздеу.
Мектепке дейінгі мекемеде білім беру процесінің барысын және нәтижелерін бағалау әдістерін құру.
Білім берудің әртүрлі бағдарламаларын жүзеге асыру жағдайында педагогтың шығармашылық қызметінің мүмкіндіктерін анықтау. Педагогикалық импровизацияның принциптері мен шарттарын анықтау.
Заманауи педагог-кәсіби маманның моделін құру, оны негіздеу, мектепке дейінгі мекемедегі педагогикалық қызметтің тиімділігін бағалаудың критерийлері мен жетістікке жету жолдарын айқындау.
Айқындалған міндеттерді жалғастыру, ірілендіру немесе, керісінше, бөлшектеп нақтылау. Әдебиетті талдау негізінде біз ғылымның алдында тұрған бірқатар негізгі міндеттерді айқындадық.
Тұрақты атқарылатын міндеттер тобымен бірге мектепке дейін білім беру практикасының бір мезгілдік қажеттілігімен анықталатын міндеттер де болады. Мысалы, экологиялық тоқырау мектеп жасына дейінгі балаларды экологиялық тәрбиелеу бағдарламаларын, оларға әдістемелік ұсыныстар жасау қажеттілігіне әкелді; мектептердің жанында мини-орталықтар құру олардың қызметін теориялық және әдістемелік тұрғыдан негіздеу қажеттілігін тудырды. Егер біздің жоғарыда айқындаған міндеттеріміз жүйелі түрде жүзеге асырылып отыратын болса, мұндай міндеттердің аясы үнемі өзгеріп отырады.
Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде өзінің даму жолында ғалым зерттеушілердің назарын аударатындай бірқатар проблемаларға жолығады. Бұл практика мен өзара ықпалдастық, мектеп жасына дейінгі балаларды оқытудың, тәрбиелеудің және дамытудың жаңа теориялары мен әдістемесін жасау, жастары әртүрлі топтардағы бұл процестердің ерекшеліктерін талдау; мектепке дейінгі мекеме жағдайында мектеп жасына дейінгі балалар мен педагогтардың психикалық және физикалық жағдайын сақтап, қолдау көрсету проблемаларын шешу; топтарда жайлы эмоционалдық ахуал болу тәсілдерін іздестіру; дамытушы орта ұйымдастыру проблемаларын шешу; мектепке дейін білім беруді дараландырудың теориясы мен технологиясын және т.б. жасау. Туындаған проблеманы шешу жолдарын теориялық және практикалық тұрғыда негіздеу мектепке дейінгі педагогиканың тұрақты міндеттер аясын құрайды.
1.4 Педагогикалық ғылымдар жүйесі.
Мектепке дейінгі педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы
Соңғы жүзжылдықта адамзаттың адамды зерттеу мәселелері оның дамуының барлық кезеңдерінде анағұрлым алға жылжыды. Жаңа білім қорының өсуіне, шынайы өмірдің әртүрлі салаларына педагогикалық ойдың таралуына байланысты педагогиканың жаңа салалары пайда болды. Сүйтіп, педагогика озінің қалыптасуы мен дамуының ұзақ жылдарында тәрбие туралы ғылымның тармақталған жүйесіне айналды.
Тәрбие туралы ғылымдар жүйесінің іргетасы жалпы педагогика, ол адамды тәрбиелеудің заңдылықтарын зерттейді, кез келген типтегі және түрдегі тәрбие беру мекемелеріндегі оқу-тәрбие процесінің негіздерін жасайды.
Тәрбие жүйесіндегі ғылымдар жүйесінде жас ерекшелік педагогикасына қатысты салалар ерекше орын алады. Олар балалық шақтың барлық кезеңдерінде жас ерекшелік даму ерекшеліктеріне сәйкес туғаннан бастап есейгенге дейін балаларды оқыту мен тәрбиелеудің заңдылықтарын зерттеумен шұғылданады. Жас ерекшелік педагогикасының нысаны бала, ал зерттеу пәні - балалық шақтың түрлі сатыларындағы (ерте жас, мектепке дейінгі жас, мектеп жасы) оқутәрбие жұмысын ұйымдастырудың заңдылықтары, әдістері, құралдары, технологиялары.
Мектепке дейінгі педагогика - бала өмірінің алғашқы күнінен бастап (туғаннан мектепке барғанға дейін) оны тәрбиелеу, оқыту және білім беру туралы ғылым. Педагогика ғылымдарының басты саласы ретінде мектепке дейінгі педагогиканың негізін салушы Я.А. Коменский. Оның Ұлы дидактика атты кітабында алғашқы рет мектепке дейінгі тәрбие жүйесі берілген. Я.А. Коменский теориясының коптеген қағидалары заманауи педагока үшін де өзекті.
Заманауи мектепке дейінгі педагогика, біріншіден, тәрбиелеу және оқыту процесін, оның мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын, ұйымдастыру түрлерін, оны жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерін, құралдарын; екіншіден, бұл процестің баланың дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына әсерін қарастырады. Мектепке дейінгі педагогика қолданбалы функция да атқарады - тәрбиелеу мен оқытудың жаңа, неғұрлым жетілдірілген бағдарламалары мен әдістерін жасаумен шұғылданады. Әлеуметтік ғылым бола отырып, жас ұрпаққа білім беру саласында заманауи қоғам талаптарымен тығыз байланыста болады. Мектепке дейінгі педагогика білім беру жүйесін дамыту тенденциялары мен перспективаларын, тәрбиелеуді ұйымдастыруды қарастыратындықтан оның прогностикалық рөлі басым екендігі күмән тудырмайды. Ғылыми болжам негізінде тәрбиелеудің жаңа тұжырымдамалары, білім стандарттары жасалады; балаларды жанұя және мектепке дейінгі мекеме жағдайында тәрбиелеудің теориялық негіздері мен технологиялары қарастырылады, түрлі типтегі, оның ішінде балама типтегі мектепке дейінгі мекемелердегі оқу процесінің ерекшеліктері зерттеледі (1-сызба).
1-сызба
Педагогикалық ғылымдар жүйесі
Мектеп педагогикасы түрлі оқу мекемелерінде (бастауыш және орта мектепте, лицейде, гимназияда және т.б.) оқушыларды тәрбиелеу мен оқытудың заңдылықтары туралы бай ғылыми мағлұматтар жинақтаған педагогика ғылымының ең ерте салаларының бірі болып табылады. Кәсіптік-техникалық білім беру педагогикасы жоғары білікті жұмысшыларды даярлауды қарастырады.
Орта арнайы білім беру педагогикасы қалыптасу және даму сатысында. Ол білім берудің мазмұны мен түрлерін және арнайы орта оқу орындарында кәсіби тәрбиелеу проблемаларын қарастырады.
Жоғары мектеп педагогикасы жоғары оқу орны жағдайындағы оқу-тәрбие процесінің заңдылықтарын, жоғары білім алудың ерекше проблемаларын қарастырады.
Коррекциялық педагогика дамуында түрлі кемістіктер мен ауытқушылықтары бар балалар мен үлкендерді тәрбиелеудің, білім берудің және түзетудің теориялық негіздерін, принциптерін, әдістері мен құралдарын жасайды.
Естімейтін және нашар еститіндерді оқыту мен тәрбиелеу мәселелерімен сурдопедагогика шұғылданады, көзі көрмейтіндерді оқыту мен тәрбиелеу мәселелерімен - тифлопедагогика, сөйлеу кемістіктері барлармен - логопедия, ақыл-есі кемдерді оқыту және тәрбиелеу мәселелерімен - олигофренопедагогика шұғылданады.
Педагогика тарихы түрлі тарихи дәуірлердегі педагогикалық идеялардың дамуын педагогикалық практикамен бірлестікте қарастырады.
Дербес әдістеме педагогикалық ғылымдардың ерекше тобын құрайды, ол білімнің нақты саласын (мектептегі оқу пәндерін) оқытудың заңдылықтары мен ерекшеліктерін қарастырады.
Өмірге қоғам талабына сәйкес соңғы кезде педагогиканың отбасы педагогикасы, этнопедагогика, өндірістік педагогика, әлеуметтік педагогика және т.б. салалары пайда болды.
Педагогика, басқа ғылымдар сияқты, басқа ғылымдармен, әсіресе адамзаттық ғылымдармен өзара тығыз байланыста дамиды.
Жоғарыда атап көрсетілгендей, педагогика философияның негізінде жетілді, содан тармақталып бөлініп шықты. Педагогика өзалдына дербес ғылым бола отырып, философиямен, оның салаларымен байланысты үзбейді. Қандай да бір философиялық тұжырымдамалар кез келген педагогикалық теорияның негізінде жатады. Философиялық ғылымдармен байланыс педагогикаға тәрбиелеу мақсаттарын анықтауда, адамның мәнін, табиғат пен қоғамның даму заңдарын және т.с.с.-ды түсінуге көмектеседі. Педагогика философияның адамгершілік эстетикалық тәрбие проблемаларын шешуге ықпал ететін этика, эстетика сияқты салаларымен тікелей байланысты.
Әлеуметтану деректері - заманауи қоғамның жағдайы туралы философиялық білімнің тағы да бір саласы - педагогикаға оқыту мен тәрбиелеудің көкейтесті проблемаларды ғылыми тұрғыдан зерттеуді орталықтандыру үшін қажет. Мысалы, әлеуметтанушылар облыста, қалада, ауылда және т.с.с. балалардың мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиеге жеткілікті дәрежеде қамтылмағандықтары жөнінде ақпараттар берді. Соның салдары ретінде, балалардың мектепте оқуға дайындығының төмен екендігі анықталды. Педагогтың алдына: мектепке дейінгі мекемеге бармайтын балалардың даму деңгейін қалай
2 - 7463
көтеру керек деген проблема туды. Үйде тәрбиеленетін балалардың жанұясына түрлі көмек түрлері қарастырылды; халыққа қосымша көмек аясы дамытылды; мектептердің жанында мектепалды топтар ашылды және т.с.с.
Педагогика адам психикасының даму заңдылықтарын зерттейтін психологиямен етене байланысты. Педагогика, өз кезегінде, балалардың психикалық процестерінің, тәртібінің жағымды өзгеруіне ықпал ететіндей тәрбиелеу мен оқытуды қалай ұйымдастыру керек деген мәселелерді зерттейді. Барлық педагогикалық проблемалардың психологиялық негіздемесі бар. Ақыл-ой тәрбиесі проблемасы таным процестері мен ақыл-ой даму теориясына сүйенеді; тәрбиелеу заңдылықтары тұлғаның психологиялық теориясын ескеру арқылы ашылады. Педагогикалық іс-әрекет қорытындылары психологиялық көрсеткіштер негізінде шығарылады. Мысалы, оқыту нәтижелері жөнінде білім көлемі, оның беріктігі, бейнелілігі, қорытылғандығы, ақыл-ой іс-әрекетінің қалыптасқандық дәрежесі бойынша бағаланады. Балалардың тәрбиеленгендігі істерінің мақсаттылығымен, оны түсінгендік мөлшерімен, өздігінен істей алу деңгейімен және т.с.с. көрсеткіштермен анықталады. Оқыту мен тәрбиелеу аясындағы кез келген мәселе психологиялық-педагогикалық ұстанымды талап етеді.
Психология мен педагогиканы интеграциялау шекаралық салалар - психопедагогиканың, педагогикалық психологияның тууына алып келді.
Анатомия и физиология - адамның биологиялық мәнін, әрбір жас ерекшелік кезеңіндегі организмнің даму ерекшеліктерін түсіну үшін негіз болады. Жоғары жүйке әрекеті туралы ғылыми білімді педагогика балалардың физикалық және психикалық дамуын басқарудың заңдылықтарын зерттеу үшін пайдаланады. Сол білім бала өмірін реттеуде, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруда, білім беру мекемелерінде, әсіресе ерте және мектепке дейінгі жастағы балалар үшін пәндік-материалдық ортаны құру принциптерін зертеуде негіз болады.
Бүгінгі күні балалардың денсаулығы ойдағыдай емес (әлеуметтік зерттеулер нәтижелері бойынша), бұл педагогикадан медициналық ғылым салаларымен аса тығыз байланыс орнатуды талап етеді. Педагогиканың жаңа саласы - балаларды оқыту мен тәрбиелеудің арнайы жүйесін жасайтын емдеу педагогикасы қажет болды. Ішімдікке, нашақорлыққа қарсы тәрбиелеу мен білім беру бағдарламасын жасау үшін медицина мен педагогиканың күш біріктіруі қажет болды.
ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында педагогика генетика, кибернетика, информатика сияқты ғылымдармен өзара ықпалдастықты күшейтті. Соның нәтижесінде педагогикалық теория диагностика және дарынды балаларды тәрбиелеу бағдарламаларымен, математикалық логика, компьютерлік технология, бағдарландырылған оқыту идеяларымен және әдістерімен және т.с.с.-мен толықтырылды.
Сүйтіп, қоғамның заманауи даму кезеңінде оқыту, тәрбиелеу, білім беру проблемаларын шешуде жалғыз педагогиканың күші тиісті нәтиже бере алмайды, оларға ғылымаралық көзқарас қажет болады.
Педагогика өзінің қалыптасу және даму жолында (XVII ғасырдан бастап) әртүрлі санаттағы (жасына қарай, тәрбиелеу бағытына қарай, кәсіби бағытына қарай және т.с.с.) адамдарды тәрбиелеу туралы ғылым жүйесіне айналды. Педагогикалық ғылымдар жүйесі салыстырмалы түрде бұрын педагогиканың саласы болып келген, кейінде одан бірте-бірте бөлінген өзіндік ғылымдардың бірлігін көрсетеді. Ондай ғылымдар жеткілікті. Педагогикалық ғылымдар жүйесінің іргетасы - жалпы педагогика. Педагогика ғылымдарының қазіргізаманғы жүйесіне педагогика тарихы, жалпы, мектепке дейінгі, мектеп педагогикасы, жоғары оқу орны педагогикасы, андрогогика (үлкендерге білім беру туралы ғылым), әртүрлі пәндерді оқыту әдістемелері, әлеуметтік, арнайы педагогика жас ерекшелік педагогикасының бөлімі, оның алғашқы салалары болып табылады. Педагогика ғылым ретінде адам туралы ғылымдармен тікелей байланысты (2-сызба).
2-сызба Мектепке дейінгі педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы
Сұрақтарға жауап беріңіз?
Осы байланыстарды табыңыздар да, кестеде көрсетіңіздер және ол байланыстарды сипаттаңыздар.
Бұл сұрақты әрқайсысыңыз өз бетіңізше ашып көрсетіңіздер, ол үшін бұл тақырыптың 3 тапсырмасын орындаңыздар. Кестені лекция конспектісінің материалдарына орналастырыңыздар.
1.5 Мектепке дейінгі педагогика оқу пәні ретінде
Мектепке дейінгі педагогиканы ғылым ретінде қарастыру арқылы оның білімгерлер оқитын пән ретіндегі педагогикадан қандай айырмашылығы бар екендігін анықтаймыз. Салыстырмалы талдау жүргізейік.
МДП ғылым ретінде
МДП оқу пәні ретінде
1. Педагогикалық процестер мен құбылыстарды анықтайды, түсіндіреді, болжам жасайды, тәрбиелеу, оқыту, білім беру заңдылықтарын қарастырады.
1. Ғылым ретіндегі МДП негіздерін (заңдылықтарын, принциптерін, теорияларын, технологияларын), яғни МДП-ның ғылым ретіндегі негіздерінің дидактикалық тұрғыдан бейімделген мазмұнын қамтиды.
2.Түсіндірушілік, суреттеп баяндаушылық, болжаушылық, құраушытехникалық, дүние-танымдық функцияларды жүзеге асырады.
2.Білім алушылар үшін оқытушылық, тәрбиелеушілік, дамытушылық функцияларын атқарады.
3.Ғылым адамзат мәдениетінің элементі болатын тың жаңа білімді объективті түрде ашу деңгейінде жұмыс істейді.
3. Білімгер пәнді оқып үйренгенде субъективті жаңалық - өзі үшін бір тың жаңалық ашады.
Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде де, оқу пәні ретінде де білімгерлер үшін әртүрлі педагогикалық құбылыстарды көрсетеді. Олардың негізгі айырмашылықтары мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі және оқу пәні ретіндегі педагогикалық білімнің, олардың функцияларының көлемінде, күрделілігінде, объективтілігінде (субъективтілігінде), жаңалығында.
Біз мектепке дейінгі педагогиканы ғылым ретінде қарастырып, оның жетекші ұғымдары мен санаттарын айқындадық, пәнін, міндеттерін, функцияларын, теориялық негіздерін, басқа ғылымдармен байланысын ашып, педагогикалық құбылыстар - ғылым мен оқу пәнін өзара салыстырдық.
Өзіндік жұмыс тапсырмалары:
Ғылым ұғымының түсіндірмесін жеке сөздіктеріңізге жазып алыңыздар, анықтамалардағы мағыналы сөздерді көрсетіңіздер, маңызды жалпы белгілерін бөліп көрсетіңіздер. Осы белгілердің негізінде мектепке дейінгі педагогиканың өзіндік ғылым екендігін дәлелдеңіздер.
Педагогика ғылымының бастауларын қарастырыңыздар. Оларға қысқаша жазбаша сипаттама беріңіздер. Тапсырманы орындау үшін әдебиеттер тізімін пайдаланыңыздар.
Мектепке дейінгі педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы, Мектепке дейінгі педагогика педагогика ғылымдары жүйесінде кестелерін жасаңыздар. Оларды талқылауға дайындалыңыздар. Тапсырманы орындау үшін әртүрлі авторлардың Мектепке дейінгі педагогика оқулықтарын, Педагогикалық энциклопедияны пайдаланыңыздар.
Ұсынылатын әдебиет
А. К. Меңжанова. Мектепке дейінгі педагогика.- Алматы: Рауан, 1992.
Дошкольная педагогика. В 2 ч. Под ред. В. И. Логиновой, П. Г. Саморуковой. - М., 1988.
Драгунова О. В. Дошкольная педагогика: С.1.- Чебоксары, 2003.
История дошкольной педагогики Под ред. Л. Н. Литвина. - М., 1989.
Козлова С. А., Куликова Т. А. Дошкольная педагогика. М., 2001.
Основы дошкольной педагогики Под ред. А. В. Запорожца, Т. А. Марковой. - М., 1980.
Мектепке дейінгі педагогика: Оқу құралы Жұмабекова Ф. Н.- Астана: Фолиант, 2008.-336 б.
В. С. Мухина. Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы. - А.: Мектеп, 1986.
Нормативті құжаттар
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. - Астана, 2007 ж.
Декларация прав человека. Права ребенка: Основные международные документы. - М., 1992.
Конвенция о правах ребенка. - М., 1989.
Қазақстан Республикасының Бала құқығы Заңы. - Астана, 2007 ж.
Мемлекеттік жалпы міндетті ерте жастағы туғаннан 3 жасқа дейінгі балаларға білім беру стандарты. Негізгі ережелер - Астана, 2007.
Мемлекеттік жалпы міндетті мектепке дейінгі жастағы 3 жастан
5 жасқа дейінгі балаларға білім беру стандарты. Негізгі ережелер.- А., 2007.
7. Мемлекеттік жалпы міндетті 5-тен 6-жасқа дейінгі мектепалды дайындық балаларға білім беру стандарты. Негізгі ережелер. - А., 2007.
2-ТАРАУ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ПЕДАГОГИКАДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІ
Жоспар
2.1 Тақырыптың негізгі ұғымдарының мазмұны.
2.2 Ғылыми-педагогикалық зерттеу логикасы.
2.3 Мектепке дейінгі педагогиканың зерттеу әдістері.
2.1 Тақырыптың негізгі ұғымдарының мазмұны
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда пайдаланылатын әдістерді, ғылыми-зерттеу жұмыстарының логикасы туралы айту үшін тақырыптың негізгі ұғымдарын ашу қажет.
Ғылым жаңа фактілермен, жаңа біліммен толықтырылған жағдайда ғана дамиды. Оларды жинақтау және жан-жақты түсіндіру үшін, деп көрсетеді В. А. Сластенин, зерттеудің ғылыми негізделген процедурасы мен әдістерін түсіну қажет. Ғылыми негізделгендігі әдіснама арқылы жүзеге асады.
Әдіснама - ғылыми-таным іс-әрекетін құрудың принциптері, түрлері және тәсілдері туралы ілім. Ғылымның әдіснамасы зерттеу компоненттерін - оның нысанын, пәнін, мақсаты мен міндеттерін, оларды шешудің қажетті зерттеу құралдарын анықтайды, зерттеу міндеттерін шешу процесінде оның барысының ретін қалыптастырады. Сонымен, педагогикадағы әдіснама (мектепке дейінгі педагогикада) шынайы өмірді педагогикалық тану және өзгертудің теориялық ережелерінің жиынтығы ретінде қарастырылады.
Педагогика саласындағы зерттеу дегеніміз (мектепке дейінгі педагогиканы) - жаңа білім алуға негізделген білім беру заңдылықтары, олардың құрылымы және тетіктері, мазмұны, принциптері мен технологиялары туралы ғылыми қызмет процесі және нәтижесі (В. А. Сластенин, Е. Н. Шиянов). Педагогикалық зерттеулер педагогикалық қызмет фактілері мен құбылыстарын суреттейді, түсіндіреді, болжам қояды.
Өзінің бағытына қарай олар:
фундаменталды - олардың нәтижесі қорытынды тұжырым-дама, ол педагогиканың теориялық және практикалық барысын қорытады немесе педагогикалық жүйені дамытудың моделін ұсынады;
қолданбалы - олар педагогикалық процестің жекелеген жақтарын терең зерттеуге, педагогикалық практиканың заңдылықтарын ашуға бағытталған; оның нәтижесі белгілі теориялық қағидаларды ескере отырып нақты ғылыми-практикалық ұсыныстарды жасап негіздеу болып табылады.
Мектепке дейінгі педагогика және білім беру саласындағы педагогикалық зерттеулердің сапасының негізгі критерийлері: өзектілігі, жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы. Зерттеудің бұл критерийлерге сәйкестік дәрежесін оның маңыздылығы мен сапалық деңгейі анықтайды.
Ғылыми педагогикалық зерттеулер белгілі бір логика бойынша жүзеге асырылады.
Логика (грек сөзі. logikos - талдау, талқылауға құрылған) - ісәрекетті жүзеге асырудың бірізділігі, реті (алгоритм).
Ғылыми-педагогикалық зерттеудің логикасы - бұл ғылымизерттеу жұмысын жүргізуді жүзеге асыру реті, зерттеу амалдарының реттелген және негізделген алгоритмі. Осы амалдардың логикасына сүйене отырып, зерттеуші ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырады. Бұл мәселені тақырыптың екінші сұрағы аясында қарастырамыз.
Әрине, ғылыми зерттеуді жүзеге асыру үшін құралдар қажет екендігі түсінікті. Бұл құралдар - зерттеу әдістері.
Әдістер (грек сөзі. methodos - зерттеу, тану жолы) - нақты міндетті шешуге бағындырылған шындықты теориялық немесе практикалық меңгеру амалдарының, тәсілдерінің жинағы.
Сонымен, біз әдіснама ғылыми-таным іс-әрекетінің құрылу принциптерін, түрлерін, тәсілдерін негіздеп беретіндігін білдік. Ғылыми-педагогикалық зерттеу логикасы зерттеу амалдарының алгоритмін, ал әдістер - ғылыми-зерттеу міндеттерін шешу тәсілдері, педагогикалық шындықты танып білуді жүзеге асыратын құрал деп түсінеміз.
2.2 Ғылыми-педагогикалық зерттеулердің логикасы
Тақырыптың бірінші сұрағын ашу үшін біз педагогикалық зерттеу деген не екендігін анықтадық, зерттеу бағытына қарай олар фундаменталды және қолданбалы болатындығын көрсеттік. Шартты түрде В. А. Сластенин зерттеу бағдарламасын екі бөлімге бөледі: әдіснамалық және процедуралық. Әдіснамалық зерттеудің әдіснамалық аппаратын құруды (өзектілігін, тақырыптың толыққанды ашылғандық дәрежесін, проблеманың қойылуын, қарама-қайшылықтарды, нысанын, пәнін, мақсатын, міндеттерін, болжамын, зерттеудің әдіснамалық негіздерін, негізгі ұғымдардың берілуі, зерттеу нысанын алдын ала талдау) қарастырады.
Екінші ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz