Қазақ қоғамындағы батырлар институты


Қазақ қоғамындағы батырлар институты
Батырлар институтының қалыптасуы және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны мәселесі арнайы зерттеу нысаны ретінде зерттелмегенімен, еліміздің саяси-әлеуметтік даму тарихы, жекелеген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеуге арналған ізденістерде көрініс табады. Ондай зерттеу жұмыстарын Батыс Еуропа және Ресей тарихшылары мен саяхатшыларының, ресейлік басқару жүйесі шенеуніктерінің, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, кеңес дәуірі кезеңіндегі зерттеулер және еліміз егемендігін алғаннан кейін жарияланған қазақстандық тарихшылар еңбектері деп бөліп қарастырған жөн.
Осы хронология бойынша XVIII-ХІХ ғасырлардағы Батыс Еуропалық және ресейлік зерттеушілердің қазақ даласына қатысты еңбектерінде қазақ батырлары, соның ішінде Бөкенбай, Тіленші, Жоламан батырлар туралы нақты мәліметтер кездесетін авторлар бар. XVIII ғасырдың 30-ыншы жылдарында Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның ордасында болған ағылшын суретшісі әрі саяхатшысы Джон Кэстльдің Әбілқайыр хан, оның жанында болған батырлар туралы және жекелеген батырларға қатысты жазбалары өз құндылығын жойған жоқ. Атап айтқанда, күнделікті есімдері көбірек аталатындар Жәнібек батыр мен Бөкенбай батыр, одан соң Баймұрат батыр, Бүберек батыр, Асан батыр, Ақмолай батырлар. Әбілқайырдың есіміне қатысты өз пікірін «оның «Әбілқайыр» деген есімін оның атағы», «лауазымы» деп қарауға болады, өйткені Әбіл «жақсы», ал Қайыр «батыр» дегенді білдіреді. Бірақ оның жастайынан осылай аталып келе жатқанын немесе оған бұл атаудың кейін жалғанғанын анық айта алмаймын», - дейді [3, с. 110] .
П. И. Рычковтың «Орынбор губерниясының топографиясы», «Орынбор тарихы» атты еңбектерінде қазақ батырлары Арғын Жәнібек пен Тама Есет, олардың қазақ-орыс қатынастарындағы елшілік қызметтері туралы талдау [4], И. Г. Андреевтің Орта жүздің қазақтары туралы еңбегінде патша үкіметінің бекініс маңындағы халықтарды өз саясаттарын қолдауға пайдалану үшін кейбір батырларға ақшалай сыйақы беріп тұрғандығы туралы деректер кездеседі [5] .
Бөкенбай батыр жайында нақты деректер қалдырғандар қатарында Я. Гавердовский жазбасының маңызы зор [6] . Бөкенбай батырдың тарихтағы орнын анықтау турасында көптеген тарихшылар арасында жаңсақ пікірлердің ақ-қарасын анықтауда осы жазбаның алар орны ерекше болды.
Ал тарихшы Е. К. Мейендорф 1820 жылғы Бұхараға сапары нәтижесінде жазған «Орынбордан Бұхараға саяхат» атты еңбегінде: «Қырғыздар (қазақтар) рубасылары ақсақалдар, билер, батырлар, сұлтандар арқылы басқарылды . . . Батырлар деп батыл, әділ, алғыр адамдарды айтады, жорықтар кезінде олар керемет шабандоздар», - деп батырларға өз анықтамасын береді. [7, 41] Сонымен бірге Е. К. Мейендорфтың жинаған материалдары Кіші жүз өңіріндегі қазақ батырлары Жоламан Тіленшіұлы, Жәнібек тарханның немересі Мұса Дәуітпайұлы сынды батырлар қолдаған Арынғазы сұлтанның қызметіне қатысы бар деректердің болуымен де маңызды болып табылады.
Одан кейінгі Бөкенбай батыр мен оның әулеті жайында мол мағлұматтар А. И. Левшиннің еңбегінде кездеседі. Атап айтқанда, Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы жағдайларды жаза келе, А. Левшин өз еңбегінің «1730 жылдан бастап қазіргі кезге дейінгі Орта және Кіші қырғыз-қазақ ордаларына тарихи шолу» деп аталатын бесінші тарауында Бөкенбай батырға қатысты мәліметтер келтіреді [8] .
Ал И. Ф. Бларамберг Жоламан Тіленшіұлының күресі жайында: «Елек өзені бойындағы шұрайлы жерлерге ие болған казактар өтемін қанмен берді. Қазақ батыр-тархандары бастаған көтерісшілер бірнеше рет үлкен қол жинап ата қоныс үшін соғысып қан төкті. Ата қоныс жерінен айырылғанша, жан қиғанды қалады» [9], -деп жазады
Батыстық тарихнамада түркі халықтарындағы «батыр» атауын славяндардан естіп, оның ержүрек адам ретіндегі сипаттамасын алғаш жазған XVI ғасырда Московия жеріне елшілікке келген австриялық дипломат барон Сигизмунд(Зигмунд) фон Гербештейн болатын [10] .
Қазақстанның Кіші және Орта жүздерінің Ресейге қосылуынан кейін патша үкіметі өзінің отарлық саясаты белсенді жүргізу үшін аймақты нақты зерттеудің қажеттілігін түсінді. Сондықтан XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап патша әкімшілігі өз шенеуніктері мен әскерилеріне арнайы тапсырмамен өлке тарихын жаздыра бастады. Л. Мейер [11], И. И. Крафт [12], В. Н. Витевский [13], М. А. Терентьев [14], А. И. Добросмыслов[15], А. Харузин [16], А. Алекторов [17] зерттеулері осындай саясаттың негізінде жарыққа шықты. Бұл еңбектердің бәрінде де батырлар институты немесе Бөкенбай батыр және оның әулеті жайында нақты деректер болмағаны мен, қазақ батырлары, олардың есімдері, қазақтардың дәстүрлі қоғамында белгілі дәрежеде үлкен орын алған барымта, оның реттелу мәселесіне қатысты мәліметтер кездеседі. Мысалы, А. Алекторов «Баранта» атты «Оренбургский листок» журналының 1890 жылғы 22-23 сандарындағы мақаласында қазақтардағы барымтаның бұл күнде алғашқы мәнінен айырылып бара жатқандығын айта отырып, «енді біраз уақыттан соң ол өзінен-өзі жойылады», -деп ой қорытқанын көре аламыз [17, 96] . Аталған еңбектерді талдау әдісімен қолдана отырып, бірін-бірі толықтыратын, нақтылай түсетін деректер ретінде қолдану тиімді болып табылады.
Ұлттық ағартушылардан батырлар институты тарихнамасының мәселесінде қазақ тарихындағы батырлар немесе батырлық кезеңі жайында алғаш өзінің ой-тұжырымдарын жазған Шоқан Уәлиханов болды. Ол өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ қоғамы мен оның билеушілері жайында жазған еңбектерінде «батырлық» терминіне тоқталып, «Батыр - ең маңызды және беделді тұлға, ол соғыста жолбарыстай айбарлы, арыстандай қайратты болуы тиіс. Ол - айтқан сөзі халыққа өтетін, елге ең сыйлы адам», - деп жазып, «Абылай» атты мақаласында қазақ халқының Ресей мен Қытай секілді екі алып империяның арасындағы тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы қызметі мен ханның өмір сүрген уақытын «Абылай ғасыры қырғыздардың ( қазақтардың - Г. Қ. ) жауынгерлік заманы болды», - деп атап өтедi [18, 218] . Бұдан басқа XVIII ғасырдағы батырлар жайындағы ел арасында сақталған әңгімелелерді де жинап, өз еңбектерінде қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресінде ерліктерімен танымал болған көптеген батырларды атайды.
Осынау ерекше құрылымның азды-көпті зерттеуліне алаш зиялылары да өз үлесін қосты. Олардың қатарында ХХ ғасырда жазықсыз жапа шеккен алаш арыстарының бірі, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Х. Досмұхамедовтің батырлардың қазақ қоғамындағы, қазақ тарихындағы орнына қатысты мақалалары маңызды болып табылады. Оның қазақ батырларына арналған көлемді зерттеуі «Қазақ батырлары. Исатай, Махамбет» деп аталады, бұлардан басқа «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат», «Махамбет батыр», «Исатай кім?», «Родославная Жалантус-батыра, строителя медрессе тилля-кары и шир-дор в городе Самарканде», «Жалаңтөс батыр» еңбектерін атауға болады. Х. Досмұхамедов «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты еңбегінде көтерілістің басталуымен қатар, XVIII ғасырдың 30-40-ыншы жылдары болған саяси ахуалға, Әбілқайырмен бірге ант беріп, қол қойған елу алты адам деп, әр рудан қол қойған 56 адамның санын келтіреді. Олардың қатарында Қошқарұлы Жәнібек пен Бөкенбай секілді батырларға назар аударады. Осы зерттеуде Х. Досмұхамедов Әбілқайырдың орыс патшасына ант беруіне өзінің көзқарасын Әбілқайырдың хан сайлануға ұмтылысы деп білдіреді. Осыған байланысты елдің билері екіге бөлініп кетті, бір бөлегі «арғын Жәнібек пен табын Бөкембай (Бөкенбай - Г. Қ. ) болып соңына ерген елдерімен хан жағына шығып кетті», - деп жазады [19, 29 б. ] . Жәнібек пен Бөкенбайдың Әбілқайыр ханды қолдауын Х. Досмұхамедұлы Арғын және Табын руларының Орта жүз бен Кіші жүздегі аса мәртебелі болмаған жағдайынан деп есептейді. Сол тұстағы Арғынның да, Жетірудағы Табынның да саяси биліктегі орны мен жайылымдық жер мәселесіндегі дағдарыс олардың аталған мәселелерді оңтайлы шешіп алу үшін Әбілқайырды қолдап, хан жағына шығуына әсер етті деп тұжырымдайды. Кеңестік кезеңдегі таптық тұрғыдан зерттеу принципі автордың осындай пікіріне ықпал етті деп ойлаймыз.
М. Тынышпаевтың «Қазақ халқының тарихы», «Материалы к истории киргиз-казахского народа» атты зерттеулері де қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы кезіндегі азаттық күресі мен елді сыртқы жаулардан қорғап қалудағы батырлар институтының атқарған рөлі мәселесін көтеруімен құнды [20] . С. Ж. Асфендияров еңбегінде қазақ халқының тарихына қатысты деректермен бірге дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы бойынша пікірлер айтылды [21] .
Батырлар институтының кеңес дәуірі кезіндегі тарихнамасын 1917 жылғы Қазан төңкерісінен ХХ ғасырдың ортасына және 1991 жылға, яғни Кеңестер Одағы ыдырағанға дейінгі жылдар аралығында жарияланған еңбектер деп қарастыруға болады.
Осы кезеңдер бойынша алып қарағанда, П. Чулошников [22], А. Ф. Рязанов[23], В. Ф. Шахматов[24] еңбектері Қазақстан тарихын жазудың жаңа кеңістік кезеңін қалыптастырып, ұлт-азаттық күресі тарихнамасының алғышартын жасады. Аталған авторлар негізінен қазақ халқының патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы күресін зерттеумен, мысалы, П. Чулошников башқұрт батырлары мен олардың азаттық күресіндегі орнын, А. Ф. Рязанов қазақ халқының 1797-1838 жылдар аралығындағы қырық жылдық азаттық күресі және оның басшыларының тарихын, В. Шахматов Бөкей ордасы мен Исатай батыр бастаған азаттық көтерілісі тарихын зерттеумен ерекшеленеді.
ХХ ғасырдың екінші жартысында көрнекті тарихшылар М. П. Вяткин [25], Е. Бекмаханов [26] өз еңбектерімен жекелеген қазақ батырларының басшылығымен болған көтерілістер тарихын зерттеу арқылы тұлғалар тарихын зерттеудің іргетасын қалыптастырды.
XVIII- ХІХ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары, көрсетілген кезеңдегі Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған Н. Г. Аполлова, В. Я. Басин, Б. С. Сүлейменов, А. Сабырханов, А. Нүсіпбеков, С. З. Зиманов, С. Е. Толыбеков, Р. Б. Сүлейменов, В. А. Моисеев, Н. Е. Бекмаханова, Т. Шойынбаев [27] сынды тарихшылардың еңбектерінің негізінде тақырып бойынша бірқатар сұрақтардың жауабын табуға болады.
Зерттеу тақырыбының жаңа белесі тәуелсіздігімізге байланысты басталды. М. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, Ж. Қ. Қасымбаев, З. А. Алдамжар, К. Л. Есмағамбетов, Ә. Қ. Мұқтар, Ж. О. Артықбаев, С. М. Мәшімбаев, М. Абдиров, М. Н. Сдыков, Ұ. Ахметова, И. Кенжалиев, И. В. Ерофеева, А. Ахметтердің [28] зерттеу жұмыстарында қазақ-орыс қатынастары мен Қазақстанның Ресей империясының құрамында болған тұсындағы әлеуметтік мәселелер, отарлық езгіге қарсы күрестегі батырлардың рөлі, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Әбілғазы және Қаратай сұлтандар тұсындағы жекеленген батырлардың қазақ ордасындағы саяси істерге араласуы ұлттық мүдде тұрғысынан зерделеніп, тың пікірлер тарихи оқулықтарға енді.
Батырлар институты, қазақ халқының азаттық күресі мен мемлекетілігін сақтап қалу жолындағы тарихына қатысты зерттеулерді К. Л. Есмағамбетовтің еңбектерінен таба аламыз. Тарихшы отандық тарих ғалымында орын алған Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліске қатысты «феодалдық көтеріліс», «бас көтерулер» деген пікірлерді сынға алады [29] .
Батырлар институты мәселесін айтқан тұста бұл құбылыстың қазақ халқының азаттық күресімен тығыз байланыста болғанын атап өтуге тура келеді. Сондықтан ұлт-азаттық қозғалысына қатысты көптеген еңбектер жазған М. Қозыбаев «ұлт-азаттық қозғалыс» пен «ұлт-азаттық көтеріліс» ұғымдарына талдау жасай келе, «ұлт-азаттық көтеріліс - ұлт-азаттық қозғалысының бір түрі, сөз жоқ, қарулы халық қатысқан түрі. Ал осы көтеріліс бір оқиғалық, региондық шеңберінен шығып, масштабы кеңейіп, бүкілхалықтық дәрежеге көтерілсе, ол ұлт-азаттық революция санатына көтеріледі», - деп атап өтеді [30, 21 б. ] . Одан әрі бұл тақырып бойынша Сырым, Саржан, Исатай мен Махамбет, Жанқожа, Кенесары батырлар бастаған көтерілістерді жеке-жеке зерттеудің қателігін көрсетеді.
Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымдары, әртүрлі әлеуметтік топтар мәселесі тарихшы И. Ерофееваның зерттеулерінде көтерілді. Ғалымның пайымдауынша, қазақ қоғамындағы «қарасүйектер» элитасына жататындардың бірі - батырлар. Сөйтіп, зерттеуші билерден кейінгі аталған топтың элитасына батырларды жатқызады. Жалпы автор тәуелсіздік жылдарында батырлар тақырыбында терең зерттеулер жазып жүрген танымал тарихшылардың бірі екендігін атап өтеміз. Дәстүрлі қазақ қоғамының институттарын, соның ішінде билер институтын арнайы зерттеу нысанына алған тарихшы А. Оразбаева батырлар институтына қатысты көзқарасын жаза келіп, «әлеуметтік институт ретінде батырлардың үлес-салмағы бел алған кезең XVIII ғасырда ұзаққа созылған жоқ», -деп тұжырымдайды [31, 86 б. ] . Қазақ қоғамындағы XVIII-ХІХ ғасырлардағы тархандар институтының тарихы Ө. И. Исеновтың диссертациясында сараланды. Тархандықтың негізінен қазақ батырларына берілген атақ екенін атап өткен зерттеуші «Моңғол билігі орнағаннан кейін «баһадур» (алғашқы мағынасы «батыр», «қаһарман») атауы да далалық көшпелі феодалдық атақтардың біріне айналды», - деген қорытынды жасайды [32, 25 б. ] .
Бөкенбай батыр және оның немересі Жоламан батырдың еліміздің тарихи кезеңдеріндегі ел тарихына қосқан үлесі қазақстандық әдеби туындылар арқылы да оқырмандарға танымал болды. Қазіргі кездегі қазақ әдебиетінің абызы атанған Ә. Кекілбайұлының «Үркер» тарихи романында Әбілқайыр ханның тұлғасымен қатар, хан жанындағы ең беделді әрі ханға сенімді серік болған Табын Бөкенбай батыр Қараұлының образы берілсе [38], І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Кенесары батырмен бір мезгілде тағдырлары түйіскен Жоламан батырдың бейнесі қамтылған [39] . Қазақ халқының тарихындағы азаттық күресі жоңғарлардың, қалмақтардың, хиуалықтардың, башқұрттардың қазақ даласын жаулап алуға ұмтылған шапқыншылықтары мен Ресей отаршылдығының озбыр саясатына қарсы болған халықтық көтерілстер тарих курсында жекелеп, әр көтерілістің себеп-салдары бөлек-бөлек оқытылғанымен, оларға ортақ басты себебі және өзара сабақтастығы анық көрінеді. Осындай азаттық күресінің қатарында Сырым, Тіленші, Есет, Жоламан батырлардың өзара байланыстағы әрекетін атап өткен жөн. Бұл ұлт-азаттық көтерілістердің бәрі де күнгейінен гөрі көлеңкесі мол болған патшалық Ресейдің отарлық саясаты тұсында болды. Екіншіден, осы көтерілістердің барлығы Қазақстанның батыс өңірлерінде орын алды. Мұның себептерінің бірі батыс аймақтың отарлық езгіге алдымен тап болғанына да байланысты еді. Үшіншіден, ежелден батырлығымен ерекшеленген Кіші жүз қазақтарының табиғи қайсарлығы мен ерлігіне де байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық тойында батырларды «елдік пен ерліктің көрсеткіші» атаған З. Қабдоловтың пікірі сөзімізге дәлел.
Қазақ батырларының халқымыздың азаттық жолындағы күресі, жекелеген ұлт-азаттық көтерілістер, жауынгерлік қасиет пен әскери-соғыс өнері мәселелері кейінгі жылдардығы бірқатар зерттеу жұмыстарында көрініс тапты. Олардың қатарында Ж. Жақсығалиевтің [40], Ж. Исмурзиннің [37], А. С. Байболсынованың [41], Г. Избасарованың [42], С. Б. Құрманалиннің [43], Р. Ж. Мұхамеджанованың [44], Э. Т. Тулеуованың [45], А. Б. Абдулланың [46], Х. С. Муханбеткалиеваның [47], А. Кушкимбаевтың [48], Ж. М. Джампеисованың [49], А. Балапанованың [50] және басқа да арнайы зерттеулерде біз қарасатырып отырған мәселе нақты болмағанымен жанама түрде қамтылып өтеді. Бұл еңбектерге ортақ пікірлер батырлардың қоғамда алған орнының жоғары болғандығы және Тәуке, Әбілқайыр, Абылай сынды қазақ тарихының өз заманында беделді батырлардың пікірімен санасып отырғандықтарын атап өту болып табылады. Сонымен қатар, бұл жұмыстардың бір қатарында қазақтардағы әскери соғыс өнерінің қалыптасуы, қазақ руларының ұрандары, ру туларымен таңбаларының ерлік рухты қалыптастырудағы маңызы жайы да көрініс табады. Дегенмен де тақырыптың зерттелу деңгейіне жасаған тарихнамалық шолу батырлар институты және оның ішінде Бөкенбай батыр мен оның әулеті тарихының әлі де арнаулы зерттеу нысанына айналмағанын байқатады. Нақты зерттеу жұмыстарының болмауы Табын Бөкенбай батыр Қараұлының қызметіне қатысты ақтаңдақтардың орын алуына алып келген. Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланған 2015 жылы танымал отандық тарихшылар Е. Сыдықов пен Ә. Мұқтардың «XVII-XIX ғасырлардағы қазақ хандығы» атты монография жарық көрді. Қазақ қоғамындағы басқару жүйесі мен оның ерекшеліктерін зерделей келе, авторлар саяси элитаның топтарына талдау жасайды. Біздің тақырыбымыз бойынша «батырлар өз бастауын, біздіңше, адам баласының жер бетінде пайда болу кезеңінен алады. Өйткені, қай заманда да елді бастайтын, қорғайтын тұлға керек. Осындай адамдар «ер», «батыр», «бахадүр» аталып, ерекшелене бастады» деп жазады.
Зерттеу тақырыбына жасалған тарихнамалық шолу батырлар тарихының қазіргі таңда ерекше қызығушылық тудыратын, ғылыми сұранысқа ие өзекті мәселе екендігін айғақтайды. Жоғарыдағы батырлар институты мен жалпы батырлар тарихына арналған еңбектердің өзіндік ерекшеліктерін атай отыра, тақырыптың бүгінге дейін арнайы зерттелу объектісі болмағандығын байқаймыз. Сондықтан батырлар институтының дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны, қазақ билеушілерінің саяси қызметіндегі батырлардың ықпалы, билік пен мемлекеттік мәселесіндегі батырлар қызметі, Бөкенбай батыр мен оның әулетінің тарихы әлі де терең зерттеуді талап ететін тақырыптар қатарына саналады.
1) Батырлар институтының қалыптасуы
Қазақ халқы азаттық жолында өмірін паш еткен ардақты ұлдарын әрдайым ұлығылап келген. Қазақтың батырлар жырлары жас ұрпақты ерлік жолында тәрбиелеудің аса тиімді құралдарының бірі болатын. Әр қазақ баласы жастайынан «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларын немесе «Ер Төстік» ертегісін тыңдап өсетін. Бүгінгі таңда қазақ қоғамында үлкен рөл атқарған батырлардың жеке әлеуметтік топ ретінде қалыптасуы мен дамуы және оның әлеуметтік институт ретінде жойылуы мәселелерін зерттеудің маңызы жоғары. Жоғарыда атап өткеніміздей, батырлардың өмір жолы мен қызметін зерттеу тек қана жас ұрпақты тәрбиелеуде ғана емес, дәстүрлі қазақ қоғамының ерекшеліктерін зерттеу үшін де маңызды болып табылады. «Батыр» атауы көптеген халықтарда кездеседі. Бір ерекшелігі, батыр атауы көшпелі тұрмыс кешкен, мал шаруашылығына негізделген қазақ, қырғыз, қалмақ, башқұрт, қарақалпақ және басқа да халықтармен қатар, отырықшы халықтар да кездеседі. Термин шығу тегі жағынан түркі-моңғолдық топқа жататын халықтар да, славян халықтарында да кездеседі. Осыған сүйене отырып «батыр» сөзі ержүрек, батыл адамдарды сипаттауға арналған еуразиялық ортақ атау деп санауға болады. Зерттеушілер «термин алғаш ерте орта ғасырларда пайда болды» деп есептейді. Бұл кезеңде «батыр» термині әлеуметтік мәнге ие болмағанымен жеке тұлғалық ерекшеліктерді сипаттайтын термин ретінде қоғамда қолданысқа ие болды. Батырлар башқұрттар, қырғыздар мен моңғолдар сияқты еуразиялық көшпелі халықтар арасында кездесе отырып, тек қазақ қоғамында ғана ерекше әлеуметтік мәнге ие болды. Оған Қазақстан территориясының Еуропа мен Азияның, яғни батыс пен шығыстың (отырықшы және көшпелі өркениеттер арасында) ортасындағы геосаяси орналасуы да әсер етті. Түркі халықтары арқылы «батыр» атауы славян халықтарына тараған. Оған дәлел - шығыс славяндардағы (орыс, белорусь, украин) «богатырь» (багатур) сөзін атауға болады. XVI ғасырда Московия жеріне елшілікке келген австриялық дипломат, тарихшы барон Сигизмунд (Зигимунд) фон Герберштейн (неміс тілінде Siegmund Freiherr von Herberstein6 23. 08. 1486-28. 03. 1566) «батыр» сөзінің ержүрек адам ретіндегі сипаттамасын алғаш орыстардан естіп-біледі. XVIII ғасырдың 30-ыншы жылдарында кіші жүзде болған ағылшын саяхатшы-суретшісі Дж. Кестль өз күнделігінде «батыр» (батур) қырғыздарда (қазақтарда-Г. Қ. ) «ер» («герой») деген мағына береді деп жазады [3, c. 119] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz