СЫН ЕСІМ. СЫН ЕСІМНІҢ ЖАЛПЫ СИПАТЫ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 20 бет
Таңдаулыға:   

СЫН ЕСІМ

СЫН ЕСІМНІҢ ЖАЛПЫ СИПАТЫ

Есімдер деп аталатын сөздердің ішіндегі зат есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы - сын есім.

Семантикалық жағынан зат есім әр алуан заттық ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы болса, сын есім неше алуан сыр-сипатына байланысты ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы ретінде бөлінеді. Сөйтіп, сын есім деп заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін (түр-реңін) және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табын айтамыз.

Сын есімнің семантикалық мағынасы оның морфологиялық ерекшеліктерінен де, синтаксистік қызметтерінен де сараланып айқын көрініп отырады.

Морфологиялық сипаттары жағынан да сын есімнің өзіне ғана тән, өзге есімдерден басқаша ерекшеліктері бар. Мысалы, сын есімнің табиғи қызметі зат есімге анықтауыш мүше болса, зат есімге тіркесіп негізгі қызметін атқарғанда сын есім ешқандай өзгеріске ұшырамайды: анықталатын зат есімге көптік, септік, тәуелдік формаларының қайсысында қолданылса да, оны анықтайтын сын есім зат есімнің формасына үйлеспейді де, қиыспайды да. Сын есім өз семантикалық ерекшелігіне қарай, затты сыр-сипат ( сапа, түр, рең, салмақ, көлем т. б. ) жағынан анықтайды, бірақ ол (сын есім) анықтауыш қызметін атқарып тұрғанда, еш уақытта да тәуелденбейді, көптелмейді және септелмейді.

Зат есімге тән көптік, септік жалғаулары зат есімнің де, сын есімнің де қызметтерін бірдей атқаратын синкретикалық омоним сөздерге (мысалы: салқын, көк, суық, жарық, жүйрік, терең т. б . ) қажетінше жалғана берулерімен қатар, белгілі бір контексте қолданылу ыңғайына қарай субстантивтенетін сын есімдерге (мысалы: үлкенге үлкенше, кішіге кішіше қызмет ет; ескіге жаңа, жаңаға ескі - өлшеуіш т. б. ) жалғана береді. Сын есімде көптік, тәуелдік, септік категориялары болмағанымен, оның өзіне тән ерекше шырай категориясы бар. Бұл ерекшелік те - сын есімнің зат есімнен бөлінерлік, өз алдына дербес категория екеніне дәлел.

Сонымен бірге, бір алуан сын есімдер зат есімді анықтауларымен қатар, етістікті де анықтап, үстеу сөздердің қызметтерін атқарады. Мысалы: Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін (Абай) ; Өлке бойындағы қалың тал мен қамыс ақырын қозғалып сыбырлайды (С. Сейфулин) ; Семіз сөйлеп, арық шыққанша, арық сөйлеп, семіз шық (мақал) . Сөйтіп, кейбір зат есімдердің әрі субстантивтік ( ауылдың сыртында қалың қамыс бар ), әрі адъективтік ( қамыс қора ) қызметі болатыны сияқты, кейбір сын есімдер де әрі адъективтік, әрі адвербиалдық қызмет атқарады. Бұдан сын есімде шырай категриясымен қатар , адъективтік және адвербиалдық қызмет барлығы да көрінеді.

Сын есімде өзге сөз таптарымен (мысалы, зат есіммен, үстеумен т. б. ) әрі ортақ, әрі формалас жұрнақтармен қатар, тек туынды сын есім ғана жасайтын арнаулы жұрнақтар бар; сын есімнен сын есім тудыратын шырай жұрнақтары бар. Бұлар да сын есімнің морфологиялық формалары болып есептеледі.

Синтаксистік жағынан қарағанда, сын есім, өзінің табиғи жаратылысына сәйкес, үнемі зат есімге анықтауыш ретінде жұмсалуға лайық. Өйткені қандай белгі болса да, дәйім затқа иек сүйейді. Мысалы: Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек (Абай) .

Сын есім баяндауыш та бола алады және баяндауыштың құрамына да ене береді. Мысалы: Төрт бөлмелі тас үй салқын да жайлы ( Ғ. Мүсірепов ) . Ол тапал, төртпақ екен де, мен ұзын, жіңішке екенмін ( Ә. Әбішев ) .

Зат есім мен сын есімнің тіркесу қабілеттерінде де елеулі айырмашылық бар. Мысалы, зат есімге септеулік шылаулар тіркесе береді. Ал сол септеулік шылаулардың ішінен тек сияқты, секілді, тәрізді, сықылды дегендерден басқа бірде-біреуі тікелей өз мағынасында, өз қызметінде жұмсалғанда, сын есімге тіркеспейді. Керісінше, күшейту үстеулері ( өте, аса, тым, тіпті, керемет, орасан, ересен т. б. ) сын есімге еркін тіркесе бергенімен, олар зат есімдерге тіркеспейді. Мысалы: өте жақсы, аса биік, тым ащы, тіпті жалқау, керемет жүйрік, орасан зор деп айту қалыпты норма бола тұрса да, өте адам, тіпті жылқы, тым шөп деп айтуға болмайды. Сөйтіп, септеулік шылаудың сын есімге тіркеспей, зат есімге еркін тіркесуі, сондай-ақ, сапалық үстеулердің сын есімге тіркесіп, зат есімдерге тіркеспеуі бұл екі сөз табының - зат есім мен сын есімнің синтаксистік жағынан бір-бірінен ажырайтын ерекшеліктері болып саналады.

Егер де екі я онан да көп жалаң сапалық сын есімдер бір-бірімен қабаттасатындай болса, олар бірін-бірі анықтамайды да, біріне-бірі бағынбайды да, әрқайсысы өз тұстарынан тікелей зат есімге қатысты болады, демек, өздерінің қатыстары бар зат есімді анықтайды. Мысалы: Ызғырық суық сұр бұлт, Аспанды тегіс қаптаған (Б. Майлин) ; Ермек оқтай түзу, ұзын, биік, кең жолмен келеді ( Ғ. Мұстафин ) . алғашқы сөйлемде суық және сұр деген сапалық сын есімдер біріне-бірі бағынбай, әрқайсысы тікелей бұлт деген зат есімді әр тұрғыдан анықтап тұрғаны сияқты, екінші сөйлемдегі түзу, ұзын, биік, кең деген сын есімдер де бір-біріне бағынбай, жарыса жол деген зат есімнің әр түрлі сипатын білдіріп тұр.

СЫН ЕСІМНІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ТОПТАРЫ. Сын есімдер заттың әр алуан сыр-сипаттары мен белгілерін тікелей де, басқа заттардың қатынастары арқылы да білдіреді. Осындай жалпы сипаттарымен байланысты, сын есімдер семантикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай, сапалық ( негізгі ) сын және қатыстық (туынды) сын деп аталатын екі салаға бөлінеді. Бұл сындардың қай-қайсысы болса да қандай?, қай? (қалай?) деген сұрауларға жауап береді.

Сапалық сын есімдер деп мағынасы жағынан заттың әр алуан сыр-сипатын, атап айтқанда, түрі мен түсін ( ақ, қара, қызыл, көк, сұр т. б . ), сыры мен сапасын ( жақсы, жаман, тәуір, нашар т. б. ) көлемі мен аумағын ( үлкен, кіші, ауыр, жеңіл т. б. ), дәмі мен иісін ( ащы, тәтті, күлімсі ) білдіретін және заттың басқа да қасиет-белгілерін білдіретін сөздерді айтамыз.

Әдетте, сапалық сын есімдерге ешбір қосымша формаларсыз тұрып-ақ, заттың әр қилы сыр-сипатын білдіретін түбір сөздерді жатқызу салты бар. Бірақ бұл қағиданы үнемі тапжылмайтын қағида деп қарамау керек, өйткені қазіргі кезде түбір сөз сияқтанып көрінетін көптеген формалар тарихи даму тұрғысынан қарағанда, тиісті қосымшалар арқылы я басқа тәсілдер бойынша жасалған туынды сөздер болып келеді. Мысалы: ұзын, үлкен, қызыл, ащы, момын, ашық, жабық, жалпақ сияқты сапалық (негізгі) сын есімдердің бәрі де ертеректе туынды сөздер болған, демек, олар ұзақ, үлкейген, қызғылт, ашыған, тұшыды, момақан, ашылды, жабылды, жалпайған сөздерімен түбірлес болған. Солай болса, мағынасы жағынан сапалық сын есім деп, морфологиялық құралымы жағынан негізгі сын есім деп есептелетін сөздердің саны да, сапасы да үнемі бір аяда қалмай, бірте-бірте ұдайы дамып отырады. Осыған сәйкес, ертеректе туған сындарды ғана емес, кейінгі кездерде жұрнақ (я басқа тәсіл) арқылы жасалған туынды есімдердің кейбіреулерінде де негізгі, сапалық сындардың грамматикалық қасиет-сипаттары болып отырады ( қараңғы-қараңғылау, қараңғырақ, қап-қараңғы; таныс - таныстыру, танысырақ, тап-таныс т. б. )

Сапалық сындар жалпы сын есім деп аталатын сөз табының негізгі ұйытқысы есебінде қызмет етеді. Олай дейтін себебіміз - жалпы сын есімге тән негізгі категориялық ерекшеліктер мен сипаттардың бәрі де сапалық сындардың бойында болады. Осы ерекшеліктеріне қарай, демек, бүкіл сын есім категориясына өзек ретінде қызмет ететіндігіне қарай, өзге сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалған туынды сын есімдер де, семантикалық даму процесі арқылы адъективтенген сөздер де бірте-бірте сапалық сын есімдердің сыр-сипаттартына ие болып, сол топқа көшіп отырады. Ал, сапалық сындардың сын есімдерге арқау болып қызмет ететін негізгі белгілері мыналар: біріншіден, сапалық сындарға тән сөздердің бәріне де ұлғайту, кішірейту жұрнақтары және әредік сынның әр қилы реңін білдіретін шырай категориясының жұрнақтары қосылады; екіншіден, оларға сындық белгіні күшейте я өсіре түсу үшін қолданылатын үстеме буындар жамалады; үшіншіден, олар аттрибуттық семантикалық ерекшелігіне қарай ( жақсы оқушы ), адвербиалдық ( жақсы оқиды ) қызмет атқарады. Міне, осы аталған негізгі үш белгі сапалық сын есімдердің әрі қатыстық сындардан ерекшеленетін, әрі жалпы сын есім атаулыға тән категориялық белгілері болып есептеледі.

Сөйтіп, сапалық сын есімдерге -рақ (-рек, -ырақ, -ірек), -лау, (-леу, -дау, -деу, -тау, -теу) жұрнақтары талғамай, жалғана беруімен ( сарырақ, сарылау, жақсырақ, жақсылау, үлкенірек, үлкендеу т. б. ) қатар, белгінің жетімсіздігін я бәсеңдігін білдіретін -ғыш (-қыш, -гіш, -кіш), -шыл, (-шіл), -ша (-ше), -ң (-аң, -ең) тәрізді жұрнақтар да бірен-сарандап ( сарғыш, ақшыл, сұрша, қуаң т. б. ) жалғанады; сондай-ақ, сапалық сындарға күшейткіш үстеме буын да іркілмей ( ап-анық, түп-түзу, күп-күрең т. б. ) үстеле береді. Бұл формалар аласа, биі, кішкене, арық, семіз, жуан, жіңішке, толық, нәзік, қалың, жұқа, кең, тар, қою, сұйық, ыстық, ащы, тұщы, көк, қара, қоңыр, жақын, кәрі, жас, сынық, бүтін, сирек, қызық сияқты сапалық сын есімдерге (бәсеңдік реңін білдіретін жұрнақтан басқалары) жатырқамай жамала береді.

Қатыстық сын есімдер деп бір заттың белгісін басқа бір заттың я іс-амалдың қатысы арқылы білдіретін сөздерді атаймыз. Осы ерекшелігіне қарай, қатыстық сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы басқа есімдер мен етістіктерден жасалады да, заттың сыртқы түрі мен түсіне, кескіні мен келбетіне, сыры мен сынына, ішкі қасиеті мен сипатына, мекен мен мезгілге және басқа да сол сияқты белгілеріне қатысты сындық ұғымдарды білдіреді. Мысалы: балалы үй базар, баласыз үй мазар ( мақал ) дегендегі балалы, баласыз деген туынды сын есімдер үйдің баласы барлығы мен жоқтығына қатысты белгілерді білдіреді. Сол сияқты, Шоқпардай кекілі бар (Абай) ; Бұл - жазғы жайлы қоныс (М. Әуезов) ; Көтеріңкі күлкінің шыққан жеріне жұрт топырлай бастады ( Ғ. Сланов ) ; Өткір пышақ қол кесер (мақал) деген сөйлемдердегі шоқпардай, жазғы, жайлы, көтеріңкі, өткір деген туынды сын есімдер шоқпар, жаз, жай деген есімдерге, көтер, өт деген етістіктерге қатысты сындық белгілерді білдіреді. Ал, осы қатыстық сындардың сыртқы грамматикалық көрсеткіштері - -дай, -ғы, -лы, -іңкі, -кір жұрнақтары.

Сөйтіп, қатыстық сындар зат есім, үстеу, етістік сияқты басқа сөз таптарынан болатындықтан, олардың (қатыстық сындардың) нақтылы мағыналары да өздерінің жасалуына негіз болған сөздерімен байланысты. Осы себептен қатыстық сындардың мағыналары өздерінің төркіндес (жасалған) сөздерінің синонимі сияқты болып келеді. Мысалы: аталық борыш - атаның борышы; ауылдағы адам - ауылда тұратын адам; ауыспалы қызыл ту - ауыстырылып отырылатын қызыл ту. Өздерінің бастапқы төркіндерінен алшақтап кеткен ұзақ ( әңгіме ), тұнық (су), ашық ( сөз ) сияқты негізгі сын есім делініп саналатын, бастапқы ұза ( ұзады ), тұн (тұнды), аш ( ашты ) деген етістіктерден жасалған я туған сындарды алсақ, олардың мағыналары да қаншалықты алыстады дегенімізбен де, өздерінің бастапқы төркіндерімен мағыналас (синонимдес) келеді.

СЫН ЕСІМНІҢ МОРФЕМАЛЫҚ ҚҰРАМДАРЫ. Ақ, қара, сары, көк, сұр, биік, үлкен, аласа, жылы, жұқа, қалың, тік, ірі, кіші сияқты сапалық сын есімдерді алсақ, қазіргі кезде олардың қай-қайсысы болса да, тиісті морфемаларға бөлшектенбейтін түбір сөздер есебінде қабылданып, ежелден келе жатқан негізгі сын есімдер ретінде түсініледі. Ал, бойшаң, алғыр, білгір, өткір, ашпалы, жаппалы, қаллық, ауыдық, жазғы, күзгі, ұшқалақ, ұшқыр, ұйымшыл, уайымшыл, ұққыш, көнбісті, көнтерлі, басқы, бастапқы, сөзшең, сөзуар, сияқты қатыстық сын есімдерді алсақ, олардың бәрі де тиісті түбірлер мен жұрнақтарға мүшеленетін туынды сөздер есебінде қабылданып, белгілі қосымшалар арқылы жасалған туынды сын семідер екені аңғарылып тұрады.

Сөйтіп, сын есімдерді морфемалық құрамдарына қарай, негізгі сын есімдер және туынды сын есімдер деп бөлуге болады. Бірақ оларды осылайша жіктеу шартты нәрсе екенін есте ұстау қажет, өйткені қазіргі кезде негізгі сын деп жүрген сөздердің көпшілігінің төркінін талдап қарағанымызда, туынды сындар болып келеді. Мысалы: тұнық, суық, сұйық, сирек, жазық, толық, ашық, жабық, иік, жетік, тілік, сергек сияқты сындар бастапқы тұн, суы, ары, сұйы, сире, жаз, тол, аш, жап, и, же, тіл, сергі деген етістіктерден туған. Сондай-ақ, ащы, тұщы сияқты сындардың әуелгі формасы ашты, тұшты дегендерден болған да, кейін белгілі дыбыстық өзгерістерге ұшырап, бөлінбейтін түбір сөздерге айналып кеткен. Ал, толы, пісі, кіші сындары да бастапқы толық, пісік, кішік деген формалардан ықшамдалған, кебу (отын) сияқты сындар да кеп, кебік деген етістіктерден туған. Әрине, мұның бәрі де бір күнде емес, замандар бойы тілдің грамматикалық құрылысы мен негізгі сөздік қорының қарым-қатынасынан туып, тілдің даму заңына лайық бірте-бірте қалыптасқан және сол заң бойынша орныққан.

СЫН ЕСІМДЕРДІҢ ЖАСАЛУЫ

Сын есімдер морфологиялық (синтетикалық), синтаксистік (аналитикалық), морфологиялық-синтаксистік (семантикалық) тәсілдер арқылы жасалады.

Морфологиялық (синтетикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады.

Синтаксистік (аналитикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы ( ақ сары, ақ сұр, ақ шабдар, ақ шұбар, ақ көк т. б. ), негізгі сындар м ен туынды сындардың бір-бірімен тіркесуі арқылы ( ақ көйлекті, қара пальтолы т. б. ), зат есім мен туынды сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы ( көп балалы, ауыз жолды, жібек көйлекті ), негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы, қосарлануы арқылы ( үлкен-үлкен, үлкен-кіші, таулы-таусыз, елді-күнді ) жасалады.

Морфологиялық-синтаксистік (семантикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздің семантикалық жағынан бірте-бірте дами отырып, адъективтенуі арқылы (мысалы: басқа, өзге, шала-жансар т. б. ) жасалады.

Бұл тәсілдің ең негізгісі, әрине, синтетикалық және аналитикалық тәсілдер, ал семантикалық тәсіл тіпті өнімсіз.

ЕСІМДЕРДЕН СЫН ЕСІМ ТУДЫРАТЫН

ӨНІМДІ ЖҰРНАҚТАР

1. -қы, -кі, -ғы, -гі жұрнағы арқылы кейбір зат есімдерден, есімдіктерден, үстеулерден, сондай-ақ, жатыс септік формасындағы сөздер мен әредік шығыс септіктегі сөздерден туынды сын есімдер жасалады. Ондай туынды сын есімдер және олардың мағыналары мынадай:

1) Мекендік ұғым білдіретін кейбір зат есімдерге, үстеулерге, сондай-ақ, жатыс және шығыс (сирек) септік формаларындағы есімдерге қосылып, мағыналары солардың лексикалық мазмұндарына қатысты туынды қатыстық сын есім жасайды. Мысалы: ауызғы, төргі, түпкі, ішкі, төменгі, жоғарғы, орталықтағы, заводтағы, цехтағы, үюлі, түрулі, санаулы, бүктеулі т. б.

2) Мезгілдік ұғым білдіретін кейбір зат есімдер мен есімдіктерге, мезгілдік үстеулерге жалғанып, мазмұндары солардың нақтылы лексикалық мағыналарына қатысты туынды сын есімдер жасалады. Мысалы: кешкі, түскі, күзгі, жазғы, көктемгі, түнгі, күндізгі.

2. -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті қосымшасы арқылы мынадай туынды сөздер жасалады:

1) Негізгі және туынды зат есімдерден, олардың нақтылы лексикалық мағынасына қарай (соған байланысты), белгілі бір заттың я басқа бір құбылыстың бар екенін (барлығын) я мол екенін (молдығын) білдіретін туынды сын есімдер жасалды. Мысалы: арлы, атақты, әдепті, әсерлі, байыпты, икемді, инабатты, пайдалы, шөпті, ағашты, сулы гүлді, сиырлы, балалы т. б.

2) Қосарланған зат есімнен де, сын ессімнен де, сан есімнен де, үстеуден де мағына жағынан әрі қосарланған сол екі сөздің де мазмұндарымен тікелей байланысты, әрі екеуінің де мазмұндарын қоса қамтитын күрделі сын есімдер жасалады. Мысалы: ағалы-інілі, ойлы-қырлы, таулы-тасты, өзенді-сулы, үлкенді-кішілі, бұрын-соңды, жоғарылы-төменді т. б.

3) екі-үш сөзденқұралып, суреттеме атаулар есебінде қызмет ететін әр алуан тіркестерден де күрделі сын есімнің мағынасы жоғарыдағы ( -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті ) формасы тіркесіп жасалатын сын есімнің мазмұнына қарама-қарсы, демек, заттың жоқтығын білдіретін сын есім ( таусыз, сусыз, баласыз, ақылсыз, білімсіз т. б. ) жасайды. Сонымен қатар, бұл қосымша конкретті, абстракт зат есімдерге, есімдіктерге, жалпы атау сөздерге жалғана береді. Мысалы: баласыз, кітапсыз, көліксіз, білімсіз, мұңсыз, түйсіксіз, ашусыз, ақылсыз, даусыз, сенсіз, бізсіз т. б.

4. -шыл, -шіл қосымшасы зат есім, есімдік, әр тарапты сөздерге жалғанып, олардың лексикалық мағынасына сәйкес, белгілі бір іс-әрекетке бейімділікті, икемділікті, құмарлықты білдіретін қатыстық сын есім жасайды. Мысалы: ұйқышыл, сауықшыл, күлкішіл, шайшыл, зорлықшыл, ұйымшыл, өзімшіл, турашыл, ойшыл т. б.

5. -дай (-дей, -тай, -тей) негізінде өзі жалғанған сөзден салыстыру, ұқсату мәні бар туынды сын есім жасайтын қосымша бола тұрса да, бұл форма бір алуан сөздерге жалғанып туынды үстеулер де жасайды.

1) Зат есімдерге жалғанады. Мысалы: аттай, әкедей, таудай, үйдей, судай, кісідей, самолеттей т. б.

2) Есімдіктерге жалғанады. Мысалы: мендей, сендей, ондай, біздей, өздеріндей, анадай, мынадай т. б.

3) Сан есімдерге жалғанады. Мысалы: жүздей, мыңдай, елудей, қырықтай, отыздай т. б.

4) Есімше формаларына жалғанады: жабысқандай, болжағандай, жылардай, өлердей, баратындай, оқитындай т. б.

6. -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік.

1) Зат есімдерге жалғанып, олардан әр сөздің нақтылы мағынасына қатысты қасиеттерді білдіретін туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: орталық, қоғамдық, қалалық, азаматтық, жолдастық т. б.

2) Мезгіл атаулары мен әр қилы бұйым атуларына жалғанып, солардан мезгіл, өлшеу мөлшерімен байланысты туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: айлық, жылдық, апталық, тәуліктік, көйлектік, пальтолық, бірер қайнатымдық, екі-үш асымдық т. б.

3) Есімдіктерге жалғанып, олардан белгілі бір жаққа қатыстықты білдіретін туынды есімдер жасайды. Мысалы: өздік, сендік, мендік, қандайлық, қаншалық т. б.

7. -лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес екі морфемадан ( -да+с ) құралған осы құранды қосымшалар бірде құрамындағы компоненттері (бөлшектері) жеке-жеке бөлшектенетін жұрнақтардың тіркесі есебінде жұмсалса, бірде ондай компоненттерге бөлшектенбейтін бір тұтас күрделі жұрнақ ретінде қолданылады. Мысалы: аралас, ыңғайлас, қадірлес, сыйлас сияқты сөздердегі -лас, (-лес) қосымшасын іштей жеке-жеке бөлуге болады; ал, құрбылас, дәмдес, пікірлес, көмектес, елдес, мұңдас дегендердегі -лас, (-лес) формасын олай етіп ажыратуға болмайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қатыстық сын есімдер
Ескерткіштер тіліндегі сапалық сын есімдер
Сапалық сын есімдер
Сын есімнің семантикалық және граматиқалық сипаты
СЫН ЕСІМНІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫ
Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңдегі сын есімнің танылуы
Түрік тілдеріндегі сын есім категориясының зерттелу тарихы
Сын есім шырайлары
Зерттеудің практикалық мәні
Сын есімнің категориялары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz