ЕТІСТІК. ЕТІСТІКТІҢ ЖАЛПЫ СИПАТЫ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 95 бет
Таңдаулыға:   

ЕТІСТІК

ЕТІСТІКТІҢ ЖАЛПЫ СИПАТЫ

Етістік - тіліміздегі сөз таптарының ішіндегі ең күрделі және қарымы ең кең грамматикалық категория. Етістіктің күрделілігі мен қарамдылығы оның аса өрісті лексика-семантикалық формаларымен, көсіліңкі синтаксистік қызметімен тығыз байланысты.

Етістіктің лексика-грамматикалық сипатының мейлінше өрісті болатын себебі - ол семантика тек субъектінің іс-әрекетін ғана емес, табиғат ауқымында, қоғам өмірінде ұшырасатын, адамның абстракты ойы мен санасы арқасында туатын неше алуан амал, әрекет, іс, қимыл, қозғалыс, жай, күй сияқты процестерге қатысты ұғымдарды түгел қамтиды. Етістіктің осы бай семантикасы, оның түр-түрі, қашан да болсын, мезгіл я шақ ұғымымен ұштас болады.

Етістіктің лексика-грамматикалық формаларының бай болатын себебі - ол формалар амал-әрекеттің болу мезгілін, жүзеге асу кезеңін және олардың өту сипатын, яғни бағыты, қарқыны, тынуы тәрізді жайларды бағдарлатады, демек, етістік формалары осы және олардан өзге әр түрлі құбылыстардың көрсеткіштері есебінде қызмет етеді. Бұлардың үстіне, етістіктен етістік тудыратын, есімнен етістік тудыратын семантикалық, аналитикалық тәсілдердің жүйелерін, олардың нақтылы үлгі-нұсқаларын қоссақ, етісітік деп аталатын сөз табы форма жағынан орасан бай категория екені ашыла түседі. Шынында да, форма байлығы жағынан етістікке өзге бірде-бір сөз табы, солардың ішінде формасы ең бай саналатын зат есімнің өзі бара-бара түсе алмайды.

Етістіктің лексика-семантикалық мағынасы мен формаларының байлығы оның өзіне тән әрі алуан лексика-семантикалық, лексика-грамматикалық және грамматикалық категорияларынан тіпті айқын көрінеді. Мысалы, етістіктің өзіне лайық сөз тудыру жүйесі, ол жүйенің неше қилы формаларымен қатар, өзіне ғана тән сөз түрлендіретін де формалары бар. Ал шақ, рай, етіс, амалдың жүзеге асу (өту) сипаты сияқты жүйе-жүйе категориялар - етістіктің семантика жағынан ең бай формалары, сондай-ақ, етістіктің өзге семантикалық және морфологиялық формаларынан мазмұны да, тұрпат-түрлері де өзгеше есімше, көсемше деп аталатын категорялары бар. Бұлар, бір жағынан, етістікті басқа сөз таптарынан ерекшелендіретін формалар болса, екіншіден, солармен ұштастыратын айрықша функциялары бар категориялар. Бұл аталған формалармен жарыса өмір сүріп, тіркестегі өзге сөздердің мазмұнына өзінше үлес қосып, қажетіне қарай, олардың формаларына да өзгеріс енгізіліп отыратын болымдылық және болымсыздық, сабақтылық және салттық категориялары да бар. Бұлар етістіктің нағыз категориялық сипаттарының белгілі көрсеткіштері делініп есетелінеді.

Етістіктің осындай әр қилы категорияларының мағыналары да, синтаксистік қызметтері де, әдетте, сол етістіктің өзге формаларымен және өзге сөз таптарына тән сөздермен қарым-қатынасқа түскенде айқындала түседі. Өйткені әр форманың мағынасы да, қызметі де көбінесе сөйлемде, белгілі сөз тіркесінің ауқымында анық ашылады. Мысалы, етістіктің кейбір формаларының тек қана баяндауыш болуы, кейбір формаларының сөйлемнің барлық мүшелері есебінде қолданылуы сияқты грамматикалық құбылыстартек сөйлем ішінде, сөз тіркесе ауқымында ғана анықталады. Сонымен бірге, етістіктің семантикасы сол сөздің құрамы мен құрылысына астасып жатса, керісінше, қызметі оның семантикасы мен формасына ұштасып отырады. Сол себептен етістік формаларының сыр-сипаттарын бір-біріне байланыстырмай, алды-алдына талдау, қашан да болсын, ағат болмақшы.

ЕТІСТІКТІҢ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

Етістіктің лексикалық құрамында қашан да болса, солардың әрқайсысының өзіне тән лексикалық мағынасы болады. Солай бола тұра лексикалық мағыналары қаншалықты басқа-басқа болғандарымен, сол етістіктің бәрі де, ең алдымен, мазмұнындағы барлығына да ортақ сипат есебінде танылатын семантикалық ерекшеліктеріне қарай бір сөз табына телінеді. Дегенмен де, лексика-грамматикалық белгілері бірыңғай жеке сөз саналатын етістіктердің өздерін іштей бір-біріне мағына жағынан жарқындықтарына, өзара функция жағынан орайластықтарына қарай топ-топқа бөлуге болады. Мысалы, оларды осы тұрғыдан алып, іштей: амал-әрекет етістіктері ( босат, көтер, күрес, ки, сыз, өлше т. б. ), қимыл-қозғалыс етістіктері ( ауна, аудар, домала, жыт, қаш, секір т. б. ), қалып-сапа етістіктері ( жат, жантай, тұр, тос, күт, ұлғай т. б. ), ойлау-сөйлеу етістіктері ( айт, сөйле, де, ескер, жатта т. б. ), өсу-өну етістіктері ( балала, жапырақта, гүлде, өс, өн т. б. ), бағыт-бағдар етістіктері ( бар, кел, кет, қайт, әпер, әкет т. б. ), көңіл күй етістіктері ( жыла, қайғыр, өкін, күл, қуан т. б. ), бейнелеу-еліктеу етістіктері ( жарқыра, күркіре, дүркіре, тарсылда, сыртылда, сырқыра т. б. ), дыбыс-сес етістіктері, көру-есту етістіктері; мінез-құлық етістіктері деген сияқты әлденеше топқа бөліп, саралуға болады. Сонадай-ақ, сыртқы түр-тұрпат ұқсастықтарына немесе мағына-мазмұны жақын, алшақ, қашықтықтарына қарай олар омоним етістіктер, синоним етістіктер, антоним етістіктер деген тәрізді топтарға да жіктеуге болады.

Етістіктер мағынасына қарай топтастыру мәселесі де, басқа сөз таптары сияқты, белгілі бір мақсатқа я нысанаға орайлас құрылуы қажет. Өйткені доғарыдағы топтаулар лексикалогия, лексикография, семасиология, стилистика, тіл тарихы ғылымдары үшін қонымды болғандарымен, грамматиканың талап-талғамы үшін, әрине сондайлықты ұғымды бола қоймайды. Ендеше, етістіктің грамматикалық формалары мен қызметтерін дұрыс айқындау үшін, оларды формалардың, туынды синтетикалық және аналитикалық формалардың семантикалық құрылымдарына орай жіктеп, сыр ашу - олардың формалары мен мазмұндарының арақатынастарын анықтауға тиімді де, қонымды да болмақ. Себебі - грамматикалық семантика, қашан да болсын, сөздің құрылысы мен құрамына байланысты болады. Сондықтан жұрнақ арқылы жасалатын туынды етістіктер мен кемі екі сөзден құралатын күрделі етістіктердің семантикалық құрылымы жайында - оларға арналған тиісті тақырыптарда сөз болмақшы да, төменде тек түбір етістіктердің семантикалық жүйесі жөнінде қысқаша түсінік берілмекші. Өйткені, әдетте, есімдерге және басқа сөз таптарына қатысты (байырғы я кірме болуы шарт емес) сөздерден жұрнақ арқылы туған жалаң етістіктер де, кемі екі сөзден құралып жасалған күрделі етістіктер де барлығы тіліміздегі ежелгі түбір етістіктердің семантикалық жүйесіне, морфологиялық формасына және синтаксистік функциясына орай құралып, солардың негізгі заңдарына лайық қалыптасып отырған. Онан қала берді, байырғы түбірлер, қашан да болсын, өзге туынды етістіктерге, әсіресе мағыналық құрылымы мен грамматикалық функциясы жағынан әрі ұйытқы, әрі өрнек есебінде қызмет еткен. Ал сол байырғы түбір етістіктердің грамматикалық семантикасына, соған сәкес қалыптасқан негізгі функциясына қарай төмендегідей үш салаға бөлуге болады:

Бірінші сала. Бұларға өздеріне тән негізгі лексикалық мағыналарын дәйім толық сақтап отыратын, соған орай, дербес, грамматикалық қызметтерін түгелімен атқарып отыратын түбір етістіктер жатады. Бұл етістіктер өздерінің негізгі мағыналарын ұдайы сақтап отырады да, үнемі жетекшілік қызметінде жұмсалады. Түбір етістіктердің негізгі көпшілігі осы топқа жатады. Мысалы: аз, айт, ас, аш, бақ, ем, ек, ер, ес, жар, жаз, жақ, жел, жең, жорт, и, илан, кеш, кір, күл, көн, қада, қала, қама, қыс т. б.

Екінші сала. Бұл топқа өздеріне тән негізгі лексикалық мағыналарын толық сақтап, сөйлемде дербес мүше болумен қатар, басқа бір жетекші (негізгі) етістікпен тіркескенде, лексикалық мағыналарын не жартылай, не бүтіндей жоғалтып, оған (жетекші етісікке) қосымша грамматикалық мағына ғана үстеп, жәрдемші ретінде де қызмет атқаратын түбір етістіктер жатады. Бұл етістіктер, сөйтіп әрі негізгі, әрі жәрдемші (әрі жетекші, әрі көмекші) етістіктер есебінде жұмсалады. Мұндай бірде жетекші, бірде көмекші болатын етістіктердің саны тілімізде отыз шамалы. Оларға, мысалы, мына етістіктер жатады: ал, бар, баста, бақ, бер, бол, бір, біл, де, ет, жат, жүр, жібер, кел, кет, көр, қал, қара, қой, қыл, отыр, сал, таста, тұр, тұс, шық т. б.

Үшінші сала. Бұл топқа енетін етістіктер саны аз. Оларға өздеріне тән әуелгі лексикалық мағыналарын я жартылай, я бүтіндей жоғалтатын, тек қана грамматикалық мағына жамап, грамматикалық формаға лекер болып қызмет ететін яғни біріңғай көсемше есебінде ғана жұмсалатын е, еді, екен, жазда етістіктері ғана жатады.

ІІ. ЕТІСТІКТІҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ ЖӘНЕ ЖАСАЛУ ТӘСІЛДЕРІ

Морфологиялық құрылымы жағынан етістіктер жалаң етістіктер және күрделі етістіктер деп аталатын екі асалаға бөлінеді. Осымен қатар етістіктің аналитикалық етістіктер деп аталатын түрлері де бар.

а) Жалаң етістіктер

Жалаң етістіктерге түбір етістіктер және жұрнақ арқылы жасалған туынды етістіктер жатады. Мысалы: ек, жек, оқы, жаз, кел, аяқта, баста, қолда, арала, сабала, сүйреле, шапқыла, үймеле, кіріс, жуын, айтқыз т. т.

Жалаң етістіктер, сөйтіп құрылымына қарай, түбір етістіктер және туынды етістіктер деген екі топқа жіктеледі.

Түбір етістіктер деп арнаулы мофологиялық бөлшектері жоқ, демек, қазіргі кезде морфологиялық жағынан түбір және жұрнақ деп бөлшектеуге болмайтындай етістік формалары аталады . Мысалы: аз, ал, айт, алда, арба, ат, ас, аш, ақ, бар, бас, бат, бер, без, бол, байла, баста, бақырай, де, ез, ер, ес, жет, жала, жыла, же, жел, жебе, жорт, жи, жар, жаз, жүз, жүгір, илан, тасы, тара, тос, тол, тоқы, түс, үр, ұқ, шал, шай, шаш т. б.

Бірақ, өзге түбір сөздер сияқты, етістік түрі де тарихи дамып отыратындықтан, олардың қатары да бірте-бірте толығып, көбейіп отырған, сол есептен түбір етістіктердің ішінде бұрын ұзақ замандар бойы, туынды сөз есебінде жұмсала-жұмсала келіп, бірте-бірте түбірі мен жұрнағын ажыратуға болмайтындай болып кеткен сөздер бар. Мысалы, жоғарыдағы етістіктердің ішінен: айт (ай+т), алда (ал+да), байла (бай+ла, бау+ла), бақырай (бақ+ырай), жыла (йығ+ла), баста (бас+та) дегендерді, сондай-ақ, тоқта (тоқ+та), тоқыра (тоқ+ыра), болыс (бол+ыс), сөйле (сөз+ле), тула (ту+ла, шегін (шек+ін), шегер (шек+ер) т. т. тәрізді қазіргі шақта түбір саналып жүрген етісітктерді алсақ, жақша ішінде көрсетілгендей, әуелі түбір сөздер мен жұрнақтардан кейбіреулері деформаланбай-ақ, кейбілеулері деформаланып бөлшектенбейтін түбірлерге айналып кеткен. Дәл, сол сияқты, әр алуан өзгерістердің нәтижесінде бұрын бөлшектенетін, қазір бөлшектенбейтін омоним етістіктер пайда болған. Мысалы: су жылы-ды және жылы су; бала тоң-ды және тоң қатты дегендердегі сияқты әрі етістік әрі есім болып түбірлер ғана емес, әрі етістіктің, әрі есімнің жұрнағы болатын қосымшалар да - осындай даму заңдарына лайық қалыптасқан формалар. Ал түрегел (тұра кел), әкел (алып кел), әпер (алып бер), әкет (алып кет), өйт (олай ет), сөйт (солай ет) тәрізді бірігеден құралған түбір етістіктер де, әрине, жоғарыда айтылған қағидалардың бір айғағы екені шексіз. Осыларға орай байырғы түбір етістіктерді түпкі я негізгі түбір және көнеленген түбір деп шартты түрде бөлуге де болады.

Сонымен, қазіргі тіліміздегі етістік түбіріне неше қилы формалар (есімше, көсемше, рай, етіс, шақ т. б. ) тудыратын қосымшалардың барлығы алып тасталғанда, сақталатын яғни, әрі қарай тағы да бөлшектеуге болмайтын я келмейтін түпкі бөлшек болады. Мысалы: бер-іл-ген; бер-іл-се, бер-гіз-дір-т-іп-ті, бер-гі-іп-ті . . . деген формалардың бәрі де ортақ түпкі бөлшек бер бөлшегі түбір саналады. Сол сияқты, сөйле-ді-м; сөйе-т-тім; сөйле-т-тір-дім; сөйле-с-тір-ді-ң-дер; сөйле-ген . . . тәрізді формалардың түпкі түбірі - сөйле сөзі болады. Бұл сөздің төркіні - сөй+ле екені аян бола тұрса да, көнеленіп қалыптасқан сөйле түбірін сөй+ле деген бөлшектерге саралау бөлшектерге қысынсыз, өйткені, қазіргі тілімізде сөй деген сөз атымен жоқ. Ендеше, осы сияқтанған, әбден тұтасып бір тұлға болып қалыптасқан формалар (мысалы: ұйықта - үйқы, болыс - бол т. т. ) түбір сөз саналады және түбір сөз ретінде қабылдануға тиіс.

Тілімізде осындай түбір етістіктер екінші шақ тапқа тікелей бұйру я тікелей айту мағынасын ( сен оқы ; сен сөйле . . . ) білдіріп, бұйрық (императив) я тілек (оптатив) рай формасымен түрлес те, орайлас та болатындықтан, грамматикада бұйрық тілек (императив - оптатив) райның жетекші түрінің екінші жағының формасы саналады. Бірақ бұл түбір лұғат жеке-дара сөз ретінде саналғанымен, сөйлеу тілінде басқа қызметте (функцияда) жұмсалмайды, тек айт-айттап, жүр-жүрлеп, оқы-оқылап . . . деген тәрізді қайталама түрде ғана (күшейту үшін) қолданылады. Осы ерекшелік түбірден есім түбірлерін басқана етіп, ерекшелендіріп тұрады, өйткені тіліміздегі есім түбірлері атау түрінде жеке-дара тұрып та қилы-қилы қызмет атақара береді. («Етістіктің негізгі және оның грамматикалық сипаты» деген тақырыпты қараңыз) .

§ 78. ТУЫНДЫ ЕТІСТІКТЕР

Туынды етістіктерге, әдетте, түбірлерден арнаулы жұрнақтар арқылы жасалған етістіктер жатады. Туынды етістіктерді тиісті түбір және жұрнаққа бөлшектеуге болады, бірақ ол туынды тұлға есебінде қолданыла береді. Мысалы: ой+ла, той+ла, тер+ле, сүр+ле, ем+де, көз+де, тоқпақ+та, іс+те, сын+а, мін+е, мол+ай, ес+ей.

Туынды етістіктердің семантикалық құрылымы. Жұрнақ арқылы жасалатын (туатын) әрбір туынды етістіктің семантикасы, әдетте, оның құрамына енетін түбір (туынды сөз) мен қосылатын жұрнақтың мағыналарынан құралады. Мысалы, тұзда, үтікте, шегеле, емде, сына, міне деген сияқты туынды етістіктерді алсақ, бұларға тұз, үтік, шеге, ем, сын, мін деген зат есімдердің түпкі мағыналары негіз болған да, оларға қосылған - да (-те, -ла, -де), -а (-е) жұрнақтары бұл зат есімдерді етістікке айналдырған. Мысалы: бүк-ірей, бүк-ши, ұрт-та, көз-де, жол-ық, сау+ық, шұбар+т, оң+ал, оң+ғар, жаңа+р, таза+р, тең+е, жылтыр+а, жоғары+ла, ілгері+ле дегендерде: бүк, ұрт, көз, жол (зат есімдер), сау, шұбар, оң (сын есімдер) жоғары, ілгері (үстеулер) сөздері тиісті жұрнақтар арқылы етістікке айналып тұр.

Жұрнақ арқылы жасалатын туынды етістіктердің мағыналары, негізінен алғанда, жоғарыда айтылғандай, құрамындағы екі компоненттің (түбір мен жұрнақтың) мағыналарынан құралса да, ол екеуінің құрамы бір-бірімен ажыралмайтындай болып бірігеді де, туынды форма бір бүтін тұлға (единица) есебінде тұтасады. Осы есептен кейбір туынды етістіктер (туынды есімдер де) бөлшектенбейтін болып, түбір сөз қалпына көшеді. Мысалы, мықта, алда, бауызда, тула, мұзда, шөлде, тоқта, тоқыра, байызда, байла . . . тәрізді туынды етістіктердің түбірлерінің ( мық, ал, бұғаз, ту, мұз, шөл, тоқ, байыз, бай ) негізгі мағыналары әр қилы дәрежеде көмескіленіп, кейбіреулерінде тіпті мүлде жоғалып, түбір етістік қалпына көшкен. Бірақ тұзда, үтікте, шегеле . . . дегендерден, әрине, олай болмай, тек есімнің етістікке айналған аңғарарлықтай ( тұз сал; үтікпен бас я тегісте; шеге қақа я шегемен бекіт ) грамматикалық мағына ғана қабылданады. Ал, егер оларға (туынды етістіктерге) негңз болған я болатын есім сөз әуелі өзі етістіктен туған форма болса, ондан есім негізі мен туынды етістіктің қатысы бір-біріне жақындай түседі. Мысалы, ұйықта етістігінің ең әуелгі төркіні ұйы деген түбір етістік болған, ол түбірге - қы жұрнағы қосылып ( ұйы+қы ), туынды зат есім ( ұйқы ) жасалған, осы ұйқы деген негізден жасалатын ұйықта деген етістік ұйқы, ұйықта деген екі сөздің мағыналарынан да гөрі әрі төте, әрі әлдеқайда абстракты мәнді (семантиканы) білдіреді.

Дегенмен, туынды етістіктің семантикалық құрылымна оған негіз болатын есім сөздің мағынасы үлкен әсер етеді. Өйткені есім сөздің қызметі неғұрлым саяз я шағын болса, етістіктің мағынасы да соғұрлым тайыз я тар болады ( бұрғы+ла, асфалть+та ) ; керісінше, есім сөздің қызметі кең я өрісті болса, етістік те соншалықты өрелі, көп мағына болады (қолда, көзде) . Бірақ, осы айтылғандай, сөздің тайыздығы мен кеңдігінің арысын я шегін белгілі бір өлшеумен (атайық, см, мм, км немесе мг, г, кг, т. т. ) немесе межемен айқындау қиын, өйткені кейбір туынды етістіктерді алсақ, олардың есім сөздің мағынасын тек етістікке айналғандығынан ғана аңғаруға болады ( ара+ла, бетон+да ) да, кейбір туынды етістіктердегі есімнің мағынасы оның негізгі қызметімен мейлінше бірігіп, миласып кететінінен ( адам+да, у+ла, шу+ла, қу+ра ) көруге болады. Ал бір алауан туынды етістіктердің мағыналарында зат пен әрекет (іс) жарысы жүріп екеуі көрініп отырады ( божы+ла, жұдырық+та, кілт+те, қамшы+ла, арқа+ла, тізе+ле ) . Ендігі бір туынды етістіктердегі туыныды сөздер делексикаланып (бастапқы мағынасынан айрылып), туынды етістік сөздің төркінінен (есімнен) біржолата қол үзіп (метафора есебінде қолданылып) кетеді деуге болады. Мысалы: (аң) аула, аңда, байла, баста, бауызда, көзде, қолда, мұзда, сақта, сөйле, шөлде, шөлірке, таста, тула, тыңда секілді туынды бағдарласақ, я деформаланудың нәтижесінде ( бұғанда, сөзде, бағла ), я ұзақ уақыттар бойы аса жиі қолдану нәтижесінде ( мұзда, шөлде, шөлірке, сақта, тула ) я қызметтерінің кеңдігі, өрістілігі арқасында ( бас+та, қол+да, тас+та, тың+да ) немесе басқа да солар сияқты себаптердің нәтижесінде өздерінің негіздерінен алшақтап кеткені көрінеді. Мұны, аңысын аңдады, сөз сөйледі, тың тыңдады той тойлады, ой ойлады дегендердегі толықтауыштар мен баяндауыштардың арақатнастарынан да байқауға болады.

Жұрнақ арқылы жасалатын туынды етістіктердің математикалық құрылымының осы айтылғандай аса күрделі және түрлі-түрлі болу себебі - олардың бұрын я соң жасалуына, сирек я жиі қолданылуына я түбір (есім) сөздің функциясының шағын я өрістілігіне, жалғанатын жұрнақтардың елгезектігіне, семантикасына және басқа да солар сияқты жағдайларда байланысты болса керек.

§ 79. ТУЫНДЫ ЕТІСТІКТІҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Етістік түбірдің семантикалық ерекшеліктері
Етістік. Етістіктің категориялары және ерекшеліктері
Етістік күрделі грамматикалық категория
Етістіктің қазақ тілінде зерттелуі
Модификациялық етістіктер
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕР
Етістік форманттарының қазақ тіліндегі құрылымдық жүйесі
Етістіктен етістік жасайтын жұрнақтар
Құранды етістік. Күрделі етістіктің құрылымы: сыңарлары, мағынасы
САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz