Абылай хан драмасының тарихи - фольклорлық негіздері


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

«Абылай хан» драмасының тарихи-фольклорлық негіздері

Жоспар

Кіріспе

Негізгі бөлім

І. Драма сюжетіндегі тарихи оқиғалардың дәлдігі

1. 1 Абылайдың ресми ғұмырнамасындағы қарама-қайшылықтар

1. 2 Тарихи деректердегі қазақ-жоңғар қатынастарының драмада ұтымды бейнеленуі.

ІІ. Қазақ фольклорындағы Абылай хан бейнесі және драмадағы ерекшелігі.

1. 1. Абылай хан жайлы аңыз-әңгімелердегі эпостық сарындар мен драмадағы хан тұлғасы.

1. 2. Абылай хан туралы тарихи дастандар мен драмадағы авторлық шешім.

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Дипломдық жұмыстың өзектілігі: Ә. Кекілбаевтың «Абылай хан» драмасы - ХVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғар экспансиясына қарсы күресін бейнелейтін туынды. Драмадағы Абылай бейнесі тарихи деректер мен ел аузында айтылып жүрген аңыз-әфсаналар негізінде жасалған. «Абылай хан» драмасы тәуелсіз қазақ қоғамының руханиятында абылайнамалық туындылардың қатарын көбейтіп қана қоймай, сол дәуірдегі Қазақ хандығының сыртқы және ішкі саясатынан хабар беріп, ұлттық салт-сананың болмысын әсерлі жеткізеді.

Үш жыз жылдан астам уақыт отаршылдық қамытын киген халқымыз үшін, бағзы замандағы хан-сұлтандарымызға, би-шешендерімізге, батыр қолбасшыларымызға деген жаңаша көзқарас, әділ баға беру - тәуелсіз қоғамның қасиетті парызы. Ә. Кекілбаевтың драмасында Абылай ханның көшбасшылық қасиеті мен адами қыры, оның қазақ қоғамындағы рөлі, хандықты сақтап қалуға деген батыл қимылы, айналасындағы батырлар, би-шешендер, жыраулар толықтай көрініс тапқан. Шығарманың композициялық құрылымы да ерекше. Драманың соңы Абылай ханның арманымен аяқталып, көрерменін өркениетті әлемге шақырып, ой тастайды.

Абылай хан туралы тарихи деректер Мәскеу мұрағаттарынан бөлек, қытай жазбаларында да ұшырасады. Бізге Мәскеу мұрағатының қорындағы құжаттар көбірек таныс. Үш жүзге бас болған хан туралы мәліметтерді сол кезеңдегі Ресей империясының белді де беделді әскерилерінің бір-біріне жазған хаттарынан, жоғарыға мәлімдеген баяндама құжаттарынан біле аламыз. Мәселен: майор Мюллер, генерал-майор Неплюев, Гладышев, Яков Ерофеев, полковник Павлуцкий, Орынбор генерал-губернаторы Давыдов, генерал-майор Тевкелев, грав Воронцов, поручик Гуляев, Орск бағытының бас қолбасшысы полковник Родестон, генерал-майор Фонвейнмарн және т. б тұлғалардың жазбаларында Абылай жөнінді бірқатар мәліметтер беріледі. Бүгінде бұл құжаттар Абылай ханға тарихи тұрғыда әділ баға беруде өз септігін тигізетіні анық.

ХVIII ғасырдағы Қазақ ханына қатысты зерттеулерді революцияға дейін орыс зерттеушілері жүргізді: П. С. Паллас, Н. Г. Андреев, А. И. Левшин, В. В. Радлов, Н. П. Рычков, Г. Н. Потанин, И. Фольк, Г. С. Спасский, Н. М. Ядренцев, И. Г. Георгий, Н. А. Арисов сынды тұлғалар Абылай ғұмырнамасын, оның тұлғалық-көшбасшылық қасиеттерін саралау арқылы, Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымына, тарихы мен салт-дәстүріне баға беруге тырысып бақты. Империя тұсындағы зерттеулерді тұңғыш қазақ ғалымы Ш. Уәлихановтың «Абылай хан» мақаласы одан әрі тереңдете түсті. Кейіннен ханға қатысты ел аузындағы деректерді М. Ж. Көпейұлы пен Ш. Құдайбердіұлы қағазға түсірді.

Патшалық Ресей заманында, коммунистік Кеңес заманында Абылай ханға қатысты әртүрлі кертартпа, бұрыс пікірлер беріліп келді. Империя кезінде Абылайды тек Орта жүздің сұлтанына ғана балап, империяның сахарадағы бағынышты «дала губернаторы» ретінде санап келсе, кеңестік жүйе Абылайды шынжыр балақ шұбартөс Орта Азиялық феодалдардың көсемі ретінде көрсетіп келді. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Абылайға қиянат жасаудан кеңестік қызыл империя Ресей патшалығын шаң қаптырып кетеді. Себебі, патшалық Ресей тұсында Абылайды күллі қазақтың ханы ретінде ғана мойындамады. Оның 1740 жылы Орынборға келіп, бодан болуға ант бергендігіне, ірі державаға деген «бағыныштылығына» аса мән беріп келді. Ханға қатысты зерттеулерге, сіңірген еңбегін дәріптеуге, шығармаларға арқау етуге тосқауыл қоймады.

Қазақ даласына кеңестік билік орнаған сәттен бастап, қызыл жүйе ұлтымыздың бетке ұстар тұлғаларын тарих бетінен өшіруге кірісті. Төңкеріске дейінгі ұлт тарихын жоққа шығаруға дейін барды. Ұлтының егемендігін, тұтастығын сақтаған Абылай хан да саяси науқанның құрбанына айналды. 1924 жылы ХVIII-XIX ғасырдағы қазақ тарихына шолу жасаған зерттеуші А. П. Чулошниковтың монографиясында Абылай туралы сөз қозғалмауы солақай саясаттың басы еді. Бұл туралы М. Тынышпаев: «Отыз жылдық қазақ пен қалмақ күресінің кезіндегі атақты батыр Абылай хан туралы бірде-бір сөз айтпаған», - деп Чулошниковқа деген өз наразылығын білдірді.

Ұлы Отан соғысы кезінде халықтың рухын ояту мақсатында әр ұлттың ел қорғаған батырлары жайында там-тұмдап шығармалар жарық көріп жатты. Осы сәтті ұтымды пайдаланған зерттеуші Б. Кенжебаев 1943 жылы «Абылай» кітапшасын шығарды. Зерттеуші Абылай ханға маркстік-лениндік көзқарастың аясында баға бере отырып, ханды елін, жерін басқыншылардан азат еткен, ұлт жанашыры ретінде әділ баға берді. 1944 жылы тарихшылар А. Панкратова мен М. Әбдіқалықовтардың бастамасымен жазылған «Қазақ ССР тарихы көне заманнан бүгінгі күнге дейін» кітабы Абылай ханға әділ баға бергенімен, кеңестік тапшыл тарихшылардың тарапынан аяусыз сынға алынды. Олар: «Абылай саясаты қазаққа кеселден басқа ештеңе әкелмеді» деген қорытындыға келді.

Б. Кенжебаевтың кітапшасынан кейін, М. Әуезов те, Абылай ханды қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинақтау аясында әдебиетімізге енгізгісі келді. Әйтседе, кеңестік шығыстанушы А. Н. Смирнованың 1947-1948 жылдары бірінен соң бірі жарық көрген монографиясы Әуезовтің бастамасын бесігінде тұншықтырды. А. Н. Смирнованың монографиясында өлең-жырлардың тек ханды қаралайтын тұстарынан ғана үзінді келтірілді. Ал 1952 жылғы Қазақ ССР тарихында: «Абылайдың билік жүргізген уақыты халық жадында зорлық-зомбылық пен қиянаттың кезеңі» деп бағаланды [1, 181-182] .

Дипломдық жұмыстың мақсаты: Жазушы Ә. Кекілбаевтың «Абылай хан» драмасының сюжеттік желісіне негіз етіп алған, ханға қатысты тарихи әрі фольклорлық деректерді сұрыптай отырып, жазушының шығармашылық лабароториясына тереңінен үңілу. Ә. Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясына зерттеу жүргізу арқылы драмадағы автордың көркемдік шешімін анықтау.

Абылайға қатысты жазылған көркем шығармаларда фольклорлық деректер басым. Ханның замандастары: Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Тәтіқара жырау, Көтеш жыраулардың толғауларынан, ел аузында айтылып келген аңыз-әңгімелерден халық жадында ханға қатысты түсінік қалыптасып келді. Патша заманында, кеңестік жүйеде Абылайға қатысты тарихи құжаттардың қолжетімсіздігінің салдарынан әдеби туындылардың біршамасында аңыз-әңгіме сарыны басым болып келеді. Халық аузындағы деректерге сүйене отырып, К. Жанатайұлы, К. Көшекұлы, Ш. Жәңгірұлы, М. Абайұлы, Д. Саурықұлы, М. Ж. Көпейұлы, О. Нұралыұлы сынды ақындар ханның аңызға бергісіз өмірін шығармаларына арқау етті. Бұл олқылық ХІХ ғасырдағы ақындардың дастандарына ғана қатысты деуден аулақпыз. Ол - ХХ ғасырдың екінші жартысынан кейін жазылған тарихи романдарға да тән дүние. Зерттеуші Ә. Тарақов «Абылай хан» монографиясында: «Алайда тарихи романдарда Абылай бейнесі фольклор және сол дәуірдегі ақын-жыраулар шығармалары негізінде жасалды. Тарихи туындыларда деректер де орын алды. Тарихтың өзі қайшылықты жағдайда жазылғандықтан, әрі Абылай, Кенесары билігі «даулы» мәселеге айналғандықтан, тарихи роман жанрында құжатнама толық пайдаланылмады [2, 6-7] .

Ә. Кекілбаевтың «Абылай хан» драмасынан бұрын, ең алғаш рет Абылай ханға драма арнаған қаламгер - Қалихан Бекхожин. Автордың 1940 жылы «Ұлан асуы» драмасы Абылай ханға арналса, «Науан батыр» поэмасы оның немересі, әйгілі батыр Наурызбай мен оның ағасы Кенесарыға арналды. Бір өкініштісі, Қалихан Бекхожиннің де туындысы жоғарыда аттары аталған авторлардың шығармаларына жасалған қиянатқа тап болды. Кеңестік жүйе драманы цензурадан өткізбей, авторды қудалады.

Ә. Кекілбаевтың «Абылай хан» драмасы төрт бөлімнен («Сайыс», «Арбасу», «Нартәуекел», «Жорық») тұрады. Драмада аты аталатын жиырма алты кейіпкерлердің барлығы да - өмірде болған, тарихта аты қалған тұлғалар. Драмаға тарихи сипат беріп тұрған тарихи тұлғалар мен олардың ауыздан-ауызға тарап кеткен, басынан өткерген оқиғалары. Драмада суреттелетін оқиғалардың бірі тарихи құжаттарға енсе, енбегені халықтың аңыз-әңгімесіне негіз болған.

  1. Абылайдың Сабалақ, Әбілмансұр атануына қатысты.

Қазақ хандарының ішінде есімі ерекше аталатын Абылай хан туралы аңыз-әңгімелерде, тарихи жыр-дастандарда, жыраулардың авторлық толғауларының біршамасында ханның жетімдік тауқыметін тартқаны, жалшылықта өткен күндері баяндалады. Бізге ауыздан-ауызға жеткен осы деректердің негізінде Абылай ғұмырнамасының хронологиялық ресми тарихы пайда болды. Әрине, фольклорлық шығармалардың түп-төркіні реалды оқиғаларға қатысты екендігі даусыз. Ауыз әдебиеті белгілі бір тарихи оқиғалардың негізінде қалыптасты. Дегенмен, ауыздан-ауызға айтылып жеткен, сол деректердің бұрмаланбағандығына ешкім де кепілдік бере алмайды. Осыған орай, фольклорлық мұраны түгел дерлік шынайы және ресми тарих деп қабылдауымыз тарихқа жасалған қиянат болар еді. Ғылым мен білімнің дамуы барысында әлемдік өркениеттің әр кезеңінде тарих пен фольклорды салыстыра зерттеп, ақиқатты табуға ұмтылады. Зерттеу барысында, таразының басын тең ұстай алмаған мектептер де кездесті. Олар фольклордан тарих жасауға бел буды. Шынайы тарихты фольклордан іздеушілердің бағыттары бұрыс болды деп кесіп айту да қиын. Себебі, мұрағаттағы тарихи құжаттарда кейбір тарихи оқиғалар кездеспеуі де мүмкін. Ал, халық жадында сан ғасырлар бойы сақталып келген мәліметтер белгілі бір кезеңді, сол замандағы дәуір тынысын, танымал тұлғаның атқарған қызметін, оған халықтың берген бағасынан хабар береді.

Абылайдың жетімдігі, Сабалақ атанып үйсін Төле бидің түйесін баққандығы, «Қалың қазақ елім деп, Сарыарқа туған жерім деп» жаяу-жалпылай келген-келмегендігін нақтылау үшін, оның шынайылығына көз жеткізу үшін тарих деректерге көңіл бөлгеніміз абзал. Фольклорлық мұраның барлығын шындық деп қабылдауымызды тарих кешірмейді. Ақиқат пен аңыздың ара-жігін ажырату үшін алдымен фольклорлық шығармаларға сараптама жасап, тарихи құжаттармен салыстыру қажет. Бұл туралы зерттеуші Е. Б. Сыдықов «Хан Абылай: таным мен тағлым» кітабында құнды пікір білдіреді: «Аңызға айналған қандай да болмасын белгілі бір тарихи факті уақыт өте келе өзгеріп, қалыптасқан тарихи жағдай мен сол тұста өмір сүрген ұрпақтың көзқарасына орай бейімделіп, сұрыпталады әрі өңделеді. Ескі түсініктерді жаңа ұғымдар, танымдар, түсініктер ауыстырады. Сөйтіп ол үнемі қозғалыс, өзгеріс үстінде болады. Мұндай пайым - халық мұрасын зерттеушілердің арасына тұрақты орныққан пікір. Сондықтан аңыздарды тарихи оқиғалардың тура баяны емес, халық тарапынан сұрыпталған, сан ұрпақтың сүзгісінен өтіп, екшелген ауызша дерек қоры деп бағалаған орынды. Халықтық сипаты бел алып отыратын аңыздарда қандай да бір тарихи оқиғалардың баяны, сол оқиғаларға қатысушы тұлғаның бейнесі, іс-әрекеті кейінгі ұрпақтың көзқарасы мен біліміне орай, қалауына, арман-аңсарына қарай дүркін-дүркін жаңғырып, өзгеріп отырады. Бұның Абылай туралы халық шығармашылығының қазанында қайнаған рухани қазынаға да қатысы бар» [3, 10-11] .

«Абылай хан» драмасы-жанры жағынан халықтық қаһармандық драмалық дастан. Драма «Сайыс», «Арбасу», «Нар тәуекел», «Жорық» деп аталатын төрт көріністен тұрады, 26 сахналық рөлден құралған.

1. ХVІІІ ғасырдағы тарих сахнасындағы дүбірлі дүниені, аласапыран кезеңді алғашқы «Сайыс» көрінісіндегі диуананың сөзінен байқаймыз.

Диуана:

Тағы да дабыл қағылды,

Тағы да дүние қағынды.

Үсті түседі астына,

Асты шығады үстіне,

Әрлі-берлі сабылады,

Бір-біріне шабынады,

Арбасады, айқасады,

Шайнасады, шайқасады [4, 2 ] .

2. Осыдан кейін жырау мен аталықтың диалогі басталады. Абылайдың кісі қолында өскендігін драмада қаламгер мына сөздер арқылы кейуананың аузына салады.

Кейуана:

Жолбарыс жонды бір жігіт,

Атымды баптап,

Құманымды ұстап,

Шықпай қойды маңымнан,

«Сарыарқа туған жерім ед,

Атқосшы қып әкет деп»,

Аттанарда шаужайыма жармасты

«Тумаса да, туғандайым», -деп

Әзер қиды әз Төле.

Жолда Атығай-Қарауыл

Дәулетбайға соғып ем,

Жата қалып жалынды:

«Жорық сайын жаудан өлім бар, балам,

Тұяқсыз қалуға айналдым,

Алсам да, талай жас иіс,

Бірінен перзент сүймедім.

Атқосшыңды маған қи,

Бауырыма басып, бала етем»

«Бас билігі өзінде,

Сұра, - дедім өзінен»

Көнген болды-ау атқосшы,

Тегін емес бұл жиын. . [ 4, 4-5] .

Драмада Абылайды Атығай-Қарауылдың байы Дәулет байдың асырап алғандығы жайы Бұқар жырау аузынан айтылады. Осыдан кейін Ораз аталық баланың тарихын одан әрі өрбітеді. Қазақтың бір сұлтанына (Уәли сұлтан) жау шапқанын, тірі қалған бір әйелден баласын алғанын, келіншекті бір сартқа жалшылыққа, ал сәбиді Жаныс Қарабайға бергенін мәлімдейді. Одан әрі Ораз аталықтың:

«Өрістегі күңіңнің,

Жолдан тапқан олжасы», -

Дедім-дағы алдына,

Тастадым дәруіш дорбасын,

Ел ішіне тараттым,

Бір қаңқудан соң бір қаңқу,

Бір-біріне тимесін деп әлегі,

Күтуші мен баланы,

Бірін-бірі көрместей қып,

Екі айырып жібердім. [4, 6] .

Драманың «Арбасу» бөлімінде тұтқынға түсіп, жоңғар зынданында жатқан Абылайға Бұқар жырау мен Ораз аталықтың бейнесі көрініп, жас сұлтанмен тіл қатысады. Сондағы Бұқардың айтқаны:

Қазаққа сен келгенсің,

Мойныңа іліп сауғаңды.

Анаң анық болса да,

Әкең күмән әуелден,

Жұрт тегіңе таңғалды.

Хан есігін сығалап,

Бай түйесін қырға айдап,

Би жылқысын Сырға айдап,

Сабылып жүрген Сабалақ.

Жолыңды құдай оңғарды [ 4, 16] .

Драмада да Сабалақ атанған сұлтан тұтқыннан босап, хан көтерілгенше Әбілмансұр аталады. Иә, Бұқар жырау мен Ораз аталықтың сөздерінде ханның өткеніне қатысты ауыз әдебиетінде кең тарап, «реалды» әрі «ресми» деректерге айналып үлгерген элементтер ұшырасады. Бұл автордың драманың көркемдік бояуын қанық етуі үшін фольклорға сүйенгендігін көрсетеді. Бірақ, Ә. Кекілбаевтың тарихи деректі құжат емес, драма жазып отырғандығын ескеруіміз қажет. Ол үшін драматургке қандай да бір кінә тағуымыз орынсыз. Әйтседе, драманың тарихи-фольклорлық негіздерін анықтау үшін Абылайдың шын есіміне, лақап атына қатысты тарихи деректердің де өз айтары бар.

Тұңғыш қазақ ғалымы, Абылай ханның шөбересі Ш. Уәлиханов «Абылай хан» мақаласында атасының өмірбаяны жайында баяндайды. Ғылыми ортада тұлға болып қалыптасқан Шоқан мақаласында айтарын «қазақтың аңыздары бойынша» деп жазуы аңызды шынайы оқиға ретінде қабылдамайтын ішкі ұстанымын көрсетеді. Шоқан: «Атасы (Оның да аты Абылай) Түркістанның билеушісі болып тұрған. Батырлығымен, батылдығымен аты шығып, сол үшін «қанішер» деген қаһарлы да, құрметті атаққа ие болған кісі. Бірақ, баласы Уәли әкесінің даңқын асыра алмай, Түркістанды басып алған көрші билеушілердің бірінің қолынан қаза табады. Қалтқысыз берілген бір құлының арқасында ғана он үш жасар Абылай аман қалады. Адал құл өз түлегін ертіп, қазақ даласына тартты. Ақсүйек ағайын туғандары сыртқа тепкен жас Абылай қырға келіп, Жақсылық руының бір байына малшы болады [5, 111] .

Шоқанның тағы бір мақаласында ханның балалық шағына қатысты бірінші аңызға толықтырылу енгізілген. «ХVІІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар» мақаласында Жақсылық руының шонжарының, адал құлдың есімі аталады. Мақалада: «Аңыз бойынша, Түркістаннан қырға (қазақ даласына) ең жақын туысы Әбілмәмбет ханға жол тартқан Абылай Ораз құлмен бір атқа мінгесіп келеді. Қалыптасқан жағдай оны біраз уақыт Қарауыл руының Жақсылық атасындағы Дәулетбай деген бай кісінің жылқысын бағып күн көруге мәжбүр етеді. Дәулетбайдың әйелі сырттан келген жас баланың әкеп бермесе өзі ешқашан сұрап ас ішпейтінін, ішкеннің өзінде де, тартынып отыратынын, жуылмаған ыдыстан ешқашан ас алмайтынын байқайды. Бұл қазаққа тән емес мінез құлық еді; баланың бекзаттығы Дәулетбайдың да, назарын аударып, Ораздан баланың жөн-жосығын, тегін сұрайды. Бар шындықты білген Дәулетбай Абылайға үйірден ең жақсы ат мінгізіп, Әбілмәмбет ханға апарады. Абылайға тарту етілген ат атақты Шалқұйрық еді. Шалқұйрық жас сұлтанның алғашқы жорықтарында сенімді серігі бола береді. Соның арқасында Абылай өзіне батыр атағын алады, қазақ құрметіне ие болады [6, 217] .

Көріп отырғанымыздай, Шоқанның екі мақаласында да, ханның азан шақырылып қойылған есімі Әбілмансұр екендігі айтылады, жалшылықта жүргенде Сабалақ атанғандығы жөнінде бір ауыз сөз кездеспейді. Егер Шоқанның заманында Сабалақ, Әбілмансұр есімдерінің болғандығы туралы мәлімет болғанда мақаладағы сөйлемдер де өзгеше болар еді. «Он үш жасар Абылай аман қаладының» орнына «он үш жасар Әбілмансұр аман қалады», я болмаса «Бар шындықты білген Дәулетбай Абылайға» орнына «бар шындықты білген Дәулетбай Сабалаққа» дегенді жазуы керек еді. Тағы бір айта кетерлігі, Абылай туралы айтылып жүрген әңгімелер туралы қандай да бір құжаттық дәлел болғанда, Шоқан «аңыз бойынша» деп емес, «тарихи деректер бойынша» деп қадап көрсететін еді.

Абылайдың азан шақырып қойылған есіміне байланысты ақиқатқа көз жеткізу үшін, алдымен аңыз-әңгімелердің нұсқаларына талдау жасағанымыз жөн. Аңыз-әңгімелердегі ортақ сарынды, қарама-қайшылықтарды тапқаннан кейін, тарихи құжаттар негізінде қорытынды жасауға әбден болады. Салыстыра келсек, халық ауыз әдебиетінің поэтикасына тән ортақ белгілер - жалшылықтағы баланың өзгелерден ерек жаратылысы, аруағының мықтылығы, бай босағасында жүріп шын есімін жасырып, лақап атымен жүруі сынды сарындар МәшҺүр Жүсіп хатқа түсірген мына бір аңыз нұсқасында баяндалады. Аңызда: «Он екі жасар бала күнінде қасында Оразаулық деген сарт екеуі Түркістан шәһәріне келіп, Әбілмәмбет патшаға қызметкерлік қылды. Ол жерде орнығып тұра алмай, Ұлы Жүз Үйсін Төле бидің түйесін бағып жүрді. Онда да байырқалап тұра алмады. Сарыарқаға шығып, Атығай-Қарауыл деген елдің ішіне келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бақты. «Атың кім?» - деп сұрағанға «Атым Сабалақ», - депті. Бай бәйбішесіне айтыпты: «Мынаны жалшыдай көрме, мұны күте гөр, осы Сабалақ анық сарт емес. Ана Оразаулық сарт болса болар: көзі алақандай болып, табаны түйенің табанындай жап-жалпақ болып, көзі адамды ішіп-жеп, аузынан суы ағып, ес-түссіз отыра береді. Мынау Сабалақтың еш нәрсемен ісі жоқ, ойлағаны ғақыл-ой, езу тартып күлмейді, қабағын шытып кейімейді. Алты күн, алты түн аш жүрсе де, өз қолымен құйып ас ішпейді және жарты аяқ ас ішсе де сарқытын кісіге бермесе көңілі көншімейді. Жерге отырмайды. Далада жүрсе сайын дала болса да киімін астына шешіп салып отырады және ұйықтап жатқанда үсті жап-жарық болып тұрады. Сыйлап ұстай гөр, қасиеті болып бір нәрсеге ұшырап жүрмейік», - деп жазады [7, 303] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясын оқыту әдістемесі
Қазақ драматургиясының жанрлары
Батыр Баян поэмасы
Абылайдың Қытаймен соғысы
Малайсары батыр
Сәкен Сейфуллиннің туғанына 110 жыл
Мағжан Жұмабаев шығармалары
Қазақ ұғымындағы түс жору
Қазақ аңыз әңгімелеріндегі Абылай хан бейнесі
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының көркемдік қабаты
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz