Мұхтар Әуезов тағылымы


Ф. 7. 03-03
Х. Таджиев
«Мұхтартану» пәнінен
Лекциялар жинағы
Х. Таджиев
Мұхтартану
Оқу құралы 5В011700, 6В01710 -Қазақ тілі мен әдебиеті және 5В020500, 6В02310-Филология: қазақ тілі мамандықтарында оқитын студенттерге сол сияқты «Мәдениет және спорт факультеті», Тарих және педагогика факультеттері бойынша білім алатын студенттеріне арналған.
ШЫМКЕНТ, 2022 ж.
ӘОЖ 37. 091. 33:81:82
ББК
Х. Таджиев
Мұхтартану. /Дәрістер жинағы. - Шымкент: М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, 2022ж. -117 бет.
Оқу құралы 5В011700, 6В01710 -Қазақ тілі мен әдебиеті және 5В020500, 6В02310-Филология: қазақ тілі мамандықтарында оқитын студенттерге сол сияқты «Мәдениет және спорт факультеті», Тарих және педагогика факультеттері бойынша білім алатын студенттеріне арналған.
Қазақ әдебиеттану ғылымының дербес бір саласы болып қалыптасқан Мұхтартану ғылымы - бұл күндері жан-жақты дамыған, өсіп жетілген іргелі саланың бірі. М. Әуезов творчествосы жүйелі түрде оқытылып, терең мазмұнда таныту үлкен мақсатты көздейді. Ғасырлар бойы арманы болған азаттыққа енді ғана қолы жеткен өскелең ұрпағының санасына ұлы жазушының сан қилы өмір жолын, әлемдік деңгейге көтерілген шығармашылық сапарын оқыту арқылы ұлттық болмыс, тәрбиелік тағылым беру жүзеге асырылады. Әуезов мұрасы - ұлттың рухани байлығы. Мұхтартану курсының басты мақсаты айқын міндетінің бірі де осы рухани байлықты игеру, игілікке жарату болып саналады.
Оқу құралы қазіргі жаңартылған білім беру жүйесіндегі мемлекеттік стандартқа сәйкес, «Мұхтартану» пәнінің жоспары мен бағдарламасы талаптарына сәйкес құрастырылған.
«Мұхтартану» атты оқу құралы күндізгі оқу бөлімінің студенттеріне және барлық білімгерлерге арналған.
Пікір білдіруші: Ж. Байымбетова - ф. ғ. к., доцент, ОҚМПИ.
А. Қалшабеков- ф. ғ. к., доцент, М. Әуезов атындағы ОҚУ.
Н. Омаров- ф. ғ. к., доцент, М. Әуезов атындағы ОҚУ.
Оқу құралы басуға М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың Оқу-әдістемелік кеңесі ұсынған, хаттама № . « » . 2022 ж.
ISBN © М. Әуезов атындағы Оңтүстік
Қазақстан
университеті.
1-лекция.
Кіріспе лекция. Мұхтартану ғылымы және оның қалыптасу кезеңдері. М. Әуезовтің "Өз жайымнан мағлұмат" автобиографиясындағы тарихи деректермен жазушының өмірі және шығармашылығы.
Қамтылатын мәселелер:
1. Мұхтартану ғылымы және оның міндеті мен мақсаты.2. М. Әуезов шығармаларының маңызы.
3. Мұхтартану ғылымының қалыптасуы.
4. Мұхтартану ғылымын зерттеген ғалымдар. Мұхтар Әуезовке байланысты жазылған ғылыми еңбектер.
5. Жазушының ата-тегі, өскен ортасы. Құнанбай мен Әуез әулеттерінің арақатынастары. Абай шығармаларының жазушыға әсер ықпалы.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов шығармашылығын оқуда бірнеше мақсаттар көзделді. Ең алдымен курстың мақсаты мен міндеті айқындалды, одан әрі бағдарламалық талаптарға сай М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық өнері, қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі, жазушының әлем әдебиетінен алатын орны сияқты күрделі мәселелер қамтылды. Сонымен қатар жас ұрпаққа тәлім-тәрбиелік тағылымы күшті Әуезовтің өзі айтқан өсиет, аманат сөздер мен ол туралы айтылған даналық сөздер де топтастырылды. Мұның бәрі бағалы дүниелер екені түсінікті.
Бұл уақытқа дейін өзіміз де ұлы тұлға жайында аз-кем дүниелер жазған екенбіз, ол еңбектерді де ретіне қарай қосқанды жөн санадық. Әсіресе жазушы Әуезовтің ғалым Ысмайыловпен арадағы шығармашылық қарым қатынасы, олардың арасындағы «сенген көңіл, сеніскен бейіл» жайында білгенімізді ортаға салдық. Бұл дүниелердің шәкірт жүрегіне бір шапағаты тисе болғаны деп ойлаймыз.
Қазіргі уақыт, соның ішінде білім беру саласы жаңа халықаралық нормаларға, стандарт жүйесіне көшіп, сапа менеджмент жүйесіне ерекше қөңіл бөлетін уақыт екені мәлім жайт. Осындай сапа жүйесін одан әрі дамытып, жетілдіріп жатқан тұста әдістемелік бағытты да естен шығармаған жөн. Сол себепті біз де осы лекциялар курсын дайындау барысында әдістемелік көмек беру жағын да ескердік, аталған шараларды жүзеге асыру мақсатында Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылық өнерін тереңірек таныту мақсатында бақылау жұмысын ұйымдастыру, курстық және дипломдық жұмыс тақырыптары, тест сұрақтары, қажетті әдебиеттер тізімі секілді мәселелер де кеңінен қамтылды. Мұның бәрі мұхтартану ғылымын жетік білгісі келгендерге өз көмегін тигізетіні сөзсіз.
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы өскелең, күн сайын кемелденіп келе жатқан ғылым - мұхтартану ғылымы, осындай іргелі саланың жас ұрпақ санасына сіңе беруіне шапағаты тиетін бір шараны хал-хадірімізше жасадық, игілігін жас шәкірттер көріп жатса мақсат-мұраттың орындалғаны.
М. Әуезов шығармаларының әдебиет әлеміндегі маңызы зор. Қазақ әдебиеттану ғылымының дербес бір саласы болып қалыптасқан Мұхтартану ғылымы - бұл күндері жан-жақты дамыған, өсіп жетілген іргелі саланың бірі. М. Әуезов творчествосы жүйелі түрде оқытылып, терең мазмұнда таныту үлкен мақсатты көздейді. Ғасырлар бойы арманы болған азаттыққа енді ғана қолы жеткен өскелең ұрпағының санасына ұлы жазушының сан қилы өмір жолын, әлемдік деңгейге көтерілген шығармашылық сапарын оқыту арқылы ұлттық болмыс, тәрбиелік тағылым беру жүзеге асырылады. Әуезов мұрасы - ұлттың рухани байлығы. Мұхтартану курсының басты мақсаты айқын міндетінің бірі де осы рухани байлықты игеру, игілікке жарату болып саналады.
Мұхтартану ғылымының қалыптасуы жазушының алғашқы еңбектерінен бастау алады. Мұхтартану - Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттейтін қазақ әдебиеттану ғылымының бір саласы. Жалпы алғанда Мұхтартану ғылымы күн санап дамып, жетіліп, өркендеп келе жатқан келешегі мол ғылым. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті бір саласы ретінде ілгері жылжып келеді. Теориялық тұрғыдан жетіліп, өзіндік мектебі қалыптасып келе жатқан бұл саланың алдында аса күрделі мақсаттар мен міндеттер тұр. Сондай іргелі мақсат, міндеттердің ұдайы шешімін тауып отыру, жүзеге асырудың маңызы орасан зор. Өркениетке ұмтылған ұрпақ бұл ғылымнан сусындайды, нәр алады, керегін үйренеді. Бұл ғылым күн өткен сайын кемелденіп, қанат жайып, қазақ халқының ғылым, білімге құштар ұрпағына қызмет істей береді.
Мұхтар Әуезов феномені туралы айтылып, жазылып жүрген ой-пікірлер, зерттеулер баршылық. Дегенмен, қаншама мол жазылып, айтылған сайын мұхтартанудың проблемалары артып, тереңдеп өсе береді. Жаңа сыр-қыры ашылып, жаңа міндеттер жүктеле түсері сөзсіз.
«Абай жолы» роман-эпопеясын Луи Арагон XX ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі деп бағаласа, Шыңғыс Айтматов XX ғасырды - Әуезов ғасыры деп атады. Ал, президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Әуезовті тану - қазақты тану, Қазақстанды тану» деген сөзді айтты. Шын мәнінде М. Әуезов XX ғасыр әдебиетінде ғажайып құбылыс, феномен екендігі ешқандай күмән тудырмайды. Оның мәңгілік туындыларын жан-жақты терең зерттеп тану ғасырдан ғасырға жалғаса береді.
М. Әуезов творчествосының тұтас тұлғасының қадір-қасиеті, құдіреті неде? Оның өзгешелік, еркшелік сыр-сипатын қалайша тауып, тани аламыз? Бұл - өте күрделі, дәуірлік мәселе. Оны әрбір кезең, әрбір ұрпақ өзінше таниды. Керек болса, әрбір жеке оқырманның өз Әуезові бар. М. Әуезовтің тұтас бүтін бітімін танып білу үшін алдымен оның сан қырлы творчестволық мұрасын жекелей, сатылай тануымыз керек.
Қазірше, басы ашық объективті жағдай: біріншіден, М. Әуезов тумысынан, табиғатынан айрықша дарынды болып жаратылған. Екіншіден, туып-өскен ортасынан, айналасынан алған тәлім-тәрбиесі, бойына терең сіңіріп өскен нәрі өте құнарлы болған. Үшіншіден, мұсылманша медресе мен орыс мектебінен, Ташкент, Петербург университеттерінен түбегейлі терең білім, таным алып жетілген. Төртіншіден, жастайынан үлкен қоғамдық, мемлекеттік қызметтер атқарып, ел тірлігінің тұтқасын ұстап, келелі мәселелеріне араласқан. Бесіншіден, семинарияда оқып жүрген кезінен бастап, күнделікті газет-журналдар шығарысып, үзбей атсалысып еңбек еткен, қаламгерлік өнерге ерте жетілген. Алтыншыдан, әдебиет пен өнер-ғылымның, мәдениеттің адам өмірінде, қоғам тірлігінде атқаратын қызметін ерте танып, кәміл түсінген. Міне, осы аталған объективті жағдайлар Әуезовтің терең де заңғар, нәрлі де нәзік суреткерлігінің негізгі бір қыры - оның кемеңгерлік ойшылдығында, ғұлама ғалымдығында, өткір сыншылдығында жатқандығы да анық.
Мұхтартану ғылымын зерттеген ғалымдар. Мұхтар Әуезовке байланысты жазылған ғылыми еңбектер. М. Әуезовтің шығармашылығы жайлы тұңғыш пікір «Сарыарқада» (1917ж. №2) «Талап азаматының», «Еңлік-Кебек» пьесасын алғаш рет қойылуы жайлы жазылған «Игілікті іс» хабары. Жазушының шығармалары 1921 жылдан бастап жариялана бастады да, көркемдік кесек болмысы көзі қарақты әдебиетшілердің назарын бірден өзіне аударады. «Еңлік-Кебек» пьесасы туралы «Еңбекші қазақ» газетінің (5. 01. 1927ж. ), С. Мұқановтың «Тілші» (2. 10. 1925ж. ), Мұстафаның «Еңбекші қазақ» (18. 03. 1928ж. ), «Бәйбіше-тоқал» хақында, Даниалдың «Ақжол» (23. 12. 1923ж. ), Смағұлдың «Еңбекші қазақ» (31. 10. 1926ж. ) газеттерінде мақала, рецензиялары жарияланды. Бұлар да сол кезде өріс алып келе жатқан саяси-әлеуметтік сындардың бет алысы байқалғанмен де жалпы алғанда екі пьесаны дұрыс бағалауға ұмтылушылық байқалады. Жазушы шығармашылығы хақында алғаш жылы пікір білдіргендердің қатарында К. Кемеңгеров, М. Мұстанбаев, С. Садуақасов, Ш. Тоқжігітов сияқты қазақ зиялылары бар. Қазақстанда таптық күрестің күшейе түсуіне байланысты «Алашшыл Әуезовтің шығармаларындағы «жат идеялар» сынала бастады. 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында ұлтшыл жазушыларды, ішінде Әуезов те бар, қаралаған мақалалар көбейді. Оған «Қазақ ұлтшылдығының жас идеологтарының бірін», «Алаш орданың белсенді қайраткерлерінің бірі», «қазақ байшылдығының ұлтшыл идеологы» шығармаларында «қазақтың тұрмыс-тіршілігін өткенді көксеген қазақ байының көзімен көреді, қазақтың алашшыл ескілігін жырлайды: қазақтың хандарын, аңызға айналған батырларын, данышпан билерін, ардагер ақсақалдарын, феодал сал-серілерін мадақтайды» («Советская степь», 19. 04. 1929ж. ) - деген сияқты саяси тұрғыдан ауыр «айыптар» тағылды. ҚазААП-тің тұсында Алашорда әдебиетін - ішінде Әуезов те бар - әшкерлеу істері негізгі міндеттердің бірі саналды. С. Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932ж. ) атты кітабында басқа да алашордашыл жазушылармен бірге М. Әуезовке де жеке тарау арналып, шығармалары идеялық жағынан сыналды. Бүкіл 30-жылдары М. Әуезовке «Алашшыл», «Байшыл», «Ескішіл» деген сияқты айыптар тағылып, кей туындылары «зиянды» деп танылды. 1942 жылы «Абай» романының бірінші кітабының жарық көруіне байланысты, романды қазақ әдебиетінің зор табысы санаған Б. Кенжебаевтың, Е. Ысмайыловтың, Т. Нұртазинның, Ғ. Мүсіреповтің т. б пікірлері жарық көрді. 1947 жылы «Абайдың» екінші кітабы шықты да алғашқы екі кітапқа 1949 жылы бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. «Абай» туралы одақтық баспасөз бетінде В. Жирмунскийдің, Л. Климовичтің, З. Кедриннің, М. Фетисовтың, П. Скосыревтың т. б. мақалалары жарияланып, жылы лебіздер білдірілді. Соғыстан кейінгі жылдарда идеологиялық күрес күшейе түсті де М. Әуезовтің шығармашылығы қайтадан таптық тұрғыдан сын нысанына айналды. Жазушының ұлтшылдығы жайлы бір ғана 1951 жылы 15-тей мақала жарияланған. Әуезовтің шығармашылығындағы «буржуазиялық-ұлтшылдық сарындар», «идеялық» кемшіліктерді сынауға республика баспасөзімен бірге Мәскеудің «Правда» (30. 01. 1953ж. ) газеті де атсалысты. М. Әуезовке қарсы соңғы шабуылды 1971 жылы Мәскеудің «Вопросы литературы» журналы жасады. Ондағы негізгі пікір «Абай жолы» шын мәніндегі роман емес, аңыз-әңгімелердің жиынтығы дегенге сайды. Әуезовтің шығармашылығының ғылыми тұрғыдан зерттеліне бастауы «Абай жолы» роман-эпопеясының аяқталып, 1959 жылы Лениндік сыйлық алуына байланысты болды. 1957 жылы «Абай жолына» арналған ғылыми-шығармашылық конференция өтіп, материалдар «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» деген атпен кітап болып шықты. Әуезовтің алпыс жылдық мерейтойы кезінде ол туралы 25 мақала жарияланса, 70, 80, 90, 100 жылдықтары тұсында жазушының шығармашылығы жайлы жазылған мақала, зерттеулердің саны мен көлемі арта түсті. М. Қаратаевтың «М. Әуезов», Ы. Дүйсенбаевтың «М. Әуезов», А. Нұрқатовтың «М. Әуезовтің творчествосы», Е. В. Лизунованың «М. Әуезовтің шеберлігі», Л. М. Әуезованың «Қазақстан тарихы М. Әуезов шығармашылығында», «М. Әуезов шығармаларында Қазақстан проблемалары», Ә. Байтанаевтың «Шын шеберлік», Р. Нұрғалиевтің «Әуезов және алаш», «Трагедия табиғаты», «Күретамыр», К. Сыздықовтың «М. Әуезов - әдебиет сыншысы», «Мұхтартанудың беймәлім беттері», Б. Майтановтың «М. Әуезов - суреткер» сияқты монографиялық еңбектері Мұхтартанудың әсем күмбезін одан әрі биіктете түсті. «Абай жолы» эпопеясы басқа да қоғамдық ғылым салаларының зерттеу обьектісіне айналды. М. Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөзі» (1979ж. ) шықты. «М. Әуезов және фольклор», «М. Әуезов және театр», «М. Әуезов және өнер», «М. Әуезов және әлем әдебиеті» деген сияқты тақырыптар зерттеліне бастады. «М. Әуезов творчествосы бойынша библиографикалық көрсеткіш» (1917-1971 ж. ж. ), «М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» жасалынды. М. Әуезовтің шығармашылық мұрасы жайлы ондаған диссертациялық жұмыстар жазылды. ЮНЕСКО-ның шешімімен 100-жылдық тойы 1997 жылы халықаралық көлемде өткізілуіне байланысты М. Әуезов туралы зерттеулер жаңа өрістерге шықты. Баспасөз бетінде жүздеген материалдар жарияланды; ондаған зерттеу, естелік, көркем кітаптар жарық көрді. М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Мұхтар мұрасы - Наследие Мухтара» (1997ж. ), «М. Әуезов үйі» ғылыми орталығы «М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «М. Әуезов туралы естеліктер» (1997ж. ), «Мұхтар әлемі» атты ұжымдық кітаптар шығарды. Мерейтой қарсаңында шыққан М. Мырзахметовтің «Әуезов және Абай», «Абайтану тарихы», Т. Жұртбаевтың «Талқы», «Бесігіңді түзе», Р. Бердібайдың «Мұхтар шыңы», К. Сыздықовтың «Мұхтартанудың беймәлім беттері», З. Қабдоловтың «Менің Әуезовім», З. Ахметовтың «М. Әуезовтің роман-эпопеясы», Р. Нұрғалиевтің «Әуезов және Алаш», Ө. Күмісбаевтың «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» сияқты еңбектері Әуезовтің әдебиеттегі әсемдік әлемін жарқырата түсті: егеменді елдің ұлттық мүддесі тұрғысынан жазушы шығармашылығын жаңаша бағалаған тың сөз болды. Ә. Молдахановтың «М. Әуезов - фольклортанушы», А. Тайжановтың «М. Әуезовтің дүниетанымы» (орыс тілінде) т. б. сияқты кітаптарда ұлы жазушының дарын қырлары түрлі жақтарынан зерттелді. М. Әуезовтің туыстары Г. Омарханова мен Ә. Әзиевтің «Мұхтар аға», Л. Әуезованың «Тұңғышы едім әкемнің» атты естеліктер кітабында жазушының өмір жолына, жеке басына қатысты деректер мол. Д. Досжановтың «Мұхтар жолы» (1998 ж. ), «Алыптың азабы» (1997 ж) шығармаларында М. Әуезовтің ұлы тұлғасы көркемдік тұрғыдан бейнеленеді.
Жазушының ата- тегі, өскен ортасы. Құнанбай мен Әуез әулеттерінің арақатынастары. Абай шығармаларының жазушыға әсер ықпалы. Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шыңғыстау деген жерде дүниеге келген. Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортаазиялық түркі әдебиетімен таныс кісі болған. Ол бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, атасы Әуез де Абай ауылымен іргелес отыратын, сыйлас көңілді, құдандалы, дос-жар адамдар еді. Абай ауылымен қатар болған аралас-қүраластық, ұлы ақынның шәкірттерімен және балаларымен бір ортада өсу жас Мұхтардың рухани жағынан өсіп-жетілуіне игі әсерін тигізді. Жас Мұхтар хат танығаннан кейін-ақ атасының ықпалымен ауыз әдебиетінің үлгілерін, Абай өлеңдерін жазып алып, жаттап үйренеді. Классикалық түркі әдебиетінің жекелеген нұсқаларымен таныстығы да осы кезеңде басталған. Бұл жағдай алғыр ойлы, зерек баланың сөз өнеріне деген құмарлығын тым ерте оятады.
1908 жылы Мұхтарды немере ағасы Қасымбек Семейге алып келіп, орыс мектебіне түсіреді, осыдан кейін ол бес жыл қалалық училищеде, төрт жыл мұғалімдік семинарияда оқып, білімін көтереді. Осы тұста М. Әуезов орыс әдебиетінің шығармаларымен кеңінен танысады, өзі де қаламгерлік қадамын бастайды. Оның тұңғыш күрделі шығармасы - «Еңлік - Кебек» драмасы 1917 жылы, семинарияда оқып жүрген кезінде жазылды.
Мұхтар Әуезов - халқымыздың қайта өрлеу ауқымындағы ренессанстық тұлға. Ол өзінің энциклопедиялық құлашты білімімен, асқар талантымен рухани өмірдің көптеген салаларында жарқырап көрініп, бүкіл қазақ мәдениетіне ықпал жасады. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамы қойған талаптар оны сол кезеңдегі басқа да аса көрнекті қазақ зиялылары сияқты әрі жазушы, әрі ғалым, әрі қоғам қайраткері болуға еріксіз ұмтылдырды. Бұл қайта өрлеу дәуірінің міндеттері еді. Сол себепті де Мұхтар Әуезовтің сан қырлы таланты оның өнердің қазақтар үшін бұрын белгісіз болып келген түрлері мен жанрларын түңғыш қалыптастырушылардың қатарынан көрінуіне айқын жол ашты. Әуезов - қазақ елінен шыққан тұңғыш кәсіби драматург, ұлттық театрдың тұңғыш режиссері әрі үйымдастырушысы, тіпті тұңғыш кәсіби әдебиеттанушы да. Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүріп оқушы-студент кезінің өзінде-ақ ұлы Абай туған өлкеде, атақты Ойқұдық жайлауында екі киіз үйді жалғастыра тігіп, оның «Еңлік-Кебек» атты тұңғыш пьесасы бойынша спектакль қойылды, ал кейін бұл пьеса ұлттық драматургияның інжу-маржанына айналды, жазушы есіміндегі қазіргі академиялық драма театры 1926 жылы өз шымылдығын осы спектакльмен ашты. М. Әуезов сонымен бірге түңғыш әдеби киносценарийлер мен опера либреттоларының алғашқы авторы болды.
Мұхтар Әуезов дарынының кең ауқымында ұлы жазушы таланты мен ірі ғалым - ойшылдың таланты табиғи ұштасып жатыр. Оның жазушылық лабораториясында бір ғана көркемдік идея - ұлы Абай тағдыры асқақ міндет ретінде оның бүкіл өмірінде құлшынысына қанат берді де, өзінің өзекті тақырыбы да Абай болды, шығармашылық өмір жолының басталуында Абай тұрса, ғылыми қызметінде де Абай тұлғасы басты зерттеу обьектісі болды. Бала кезінен Абай өлеңдерінен сусындап, ақын әлемінің құдіретті қуатын бойына сіңіріп өсті, барлық баянды өмірін тұтас дерлік ұлы ақын өмірбаяны мен әдеби мұрасын зерттеуге, насихаттауға, кеңестік қоғамдағы тоталитарлық жүйенің шабуылынан қорғауға арнады, қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа саласы - Абайтану ғылымының негізін қалап дамытты, өзінің ұлы Абай туралы баға жетпес зерттеу еңбектерімен ғұлама ақын рухын көтерді, қайта тірілтті, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы екендігін толық дәлелдеп берді де, оны жеке дара тұлға ретінде емес, бүкіл түп тамырымен халық мәдениетінің қалың қойнауына бойлаған алып тұлға ретінде бейнелей, зерттей отырып, туған ұлтының сана-сезімін жаңа сатыға көтерді, сөйтіп қазақ әдебиетін дүниежүзілік аренаға көтеріп, әлемдік әдеби процесске қосты.
Мұхтар Әуезов - өз бойында ренессанстық негізді жинақтаған, өз талантының сан қырлы байлығымен туған халқының рухани қуатын неғұрлым толық бейнелеген қайталанбас тұлға. Бұл тұста жазушы, ғалым, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, ойшыл Әуезовтің асқан зор күш-жігері біртұтас арнаға құйылып жатыр. Оның ұлылығы да осында.
Мұхтар Әуезовтің артында қалған бай әдеби-ғылыми мұрасы - әдебиетшінің, оның қаламгерлік қарымының ой-арманы мен мақсат-мұратының биік мүдделері туралы сыр шертуге үлкен темірқазық. Жазушы-ғалымның өлмес туындылары ұлы суреткердің жеке басының зиялылығының, асқақ азаматтығының, қаламгердің шығармашылық кызметте де, өмірде де шексіз адал болуының жарқын өнегесі болып қала береді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz