Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі
МАЗМҰНЫ
1. Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі
1. 1. А. Байтұрсыновтың өмірі.
1. 2. Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық, саяси және мемлекеттік қызметі
1.3. А.Байтұсыновтың шығармашылық қызметі.
2. А.Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасы.
2. 1. А. Байтұрсынов шығармашылық мұрасының зерттелуі
2.2. А. Байтұрсыновтың қазақ рухани мәдениетіне қосқан үлесі мен тигізген әсері
2.3 А.Байтұрсыновтың философиялық ойларының қазіргі қазақ рухани мәдениетіндегі алатын орны және заман талабымен үндестігі
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына он жылдан астам уақыт өтіп, елімізде саяси-экономикалық, әлеуметтік жүйеде қайта жаңғыру үрдістері жүзеге асып, әлемдік жаңа даму үрдісінің ықпалымен мемлекетіміз халықаралық деңгейдегі өркениетті мемлекеттің бірі болуға ұмтылуда. Қазақстан қоғамының демократизациялануға бағыт алуы, қол жеткізген демократиялық бостандықтар елдің саяси-экономикалық жағдайының тұрақтанып, нығайып, өркенденуіне үлкен жол ашты.
Халқымыздың рухани оянуы тәуелсіздігіміздің әміршең болу шартының бірі болып саналады. Елімізде жүргізілген экономикалық реформалармен қатар халықтың сана-сезімі де заман талабына сай өзгерді. Ұлттық философия осы үрдістің қозғаушы күші болып табылады. Философия қоғам жаңаруының басты бағытын теориялық тұрғыда талдап, саралайды.
Ұлттың алынбауға тиісті үш қамалы бар. Оның бірі -- ұлттық ахуал, екіншісі - ұлттық тіл, үшіншісі - ұлттық өнері мен салт- дәстүрі. Ұлт өміріндегі осындай маңызды мәселелер жөнінде терең ойлар қозғап, соны пікірлер айтып, әлі де өзектілігін жоймаған тұжырымдамалары бар XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының мұралары халық руханиятының құндылығы десек қателеспейміз.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев: "Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттілігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн" - деп, 1, 270 б. орынды атап өткенін ескерсек, Алаш зиялы қауымының арманы тәуелсіз елімізде жүзеге асып жатқанын мойындауымыз керек. Өркениетке аяқ басқан елімізде уақыттың талабы да жоғары болуда, сондықтан халқымыздң қоғамдық-саяси, әлеуметтік мұралары мен рухани қазынасын зерттеу қиын тәртібіндегі өзекті мәселеге айналуда. "Өзінің философиясы жоқ елдің тәуелсіз рухани мұрасы мен дамуы болмайды, әр уақытта басқа факторларға тәуелді болады" - деп, [2, 28-31 66.] жазды қазақтың философ ғалымдары Ж.М. Әбділдин, М.С. Орынбеков. Біздің ғалымдарымыз қазақ философиясын дүниежүзілік мәдениет шеңберінде қарастырып, халқымыздың бай ауыз әдебиетін, философиясын, рухани құндылықтарын жоғары теориялық зерттеу дәрежесінде қарастыруда. Еліміз егемендік алғаннан бері бұл мәселелерге азаматтық позиция тұрғысынан баға беруге мүмкіндік туды.
Азаттық ой мсн ел еркіндігіне жол салған дара тұлғаның бірі ұлы ағартушы, ғалым-лингвист, түркітанушы, қазақ зиялы қауымының абыройлы көсемі, "туған тілді түрлеуде" өлшеусіз еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынов болып табылады. Ол XX ғасырдың басында қазақ қоғамының өмірінде жаңа бағытқа бет бұрған қайраткерлердің алдыңғы шебінде болып, қазақ мәдениеті мен қоғамдық ой-сананың дамуына орасан зор үлес қосты.
Жаңа өлең түрі - мысал арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен И.А. Крылов туындыларын аударып, халыққа ұғымды идеяларымен қоса, жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді өзі қосып, халықты ынтымаққа шақырып, ғибрат алатын мысал философиясын ұтымды дамытады. Адамдардың мінезі, өмір ағысы, заманға байланысты көптеген оқиғаларды, әсіресе, патша отаршыларының зорлық-зомбылығын, халықтың мүшкіл жағдайын бірде ашық айтса, бірде астарлап жеткізеді.
Сәкен Сейфуллин. "Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды" деген мақаласында Байтұрсыновты "Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атаман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен, халықтың намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған, патша заманында жалғыз Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды" - деп, 4 сипаттауы да осыны дәлелдейді.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2003 жылғы халыққа жолдауында мына мақсаттарға ерекше назар аударылған: "мемлекетгік тілде әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білім берудің толымды қорын жасау" 5]. Осы жағынан алғанда біз жахандануға қазақ тілі арқылы жетеміз деп пайымдасақ, А. Байтұрсынов шығармашылығындағы философиялық пайымдауларының маңызы зор деп түсінеміз. Осы орайда біз аталмыш зерттеу жұмысында А. Байтұрсынов еңбектері бойынша біз философиялық көзқарасын жүйелеп, бір арнаға түсіруге талпыныс жасадық. Сонымен бірге А. Байтұрсыновты біз замандасымыз деп айта аламыз, себебі оның еңбегіне кетерілген мәселелер біздің бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелермен үндесіп жатады. Оның философиялық ой-толғамдары, дүниетанымдық тұжырымдарының біздер үшін берері мол, әлі келер ұрпақ та одан тағлым алатыны сөзсіз. Осылай ұрпақ жалғастығы, дәстүр жалғастығы ұштасады. А. Байтұрсыновтың Алаш қозғалысының көрнекті өкілі бола отырып, жергілікті басқару жөнінде 8 мақала жазуының өзі бүгінгі заманмен үндесіп жатқанын көрсетеді. Ұлттық мемлекет тұрғысынан алғанда қазақ зиялылары осындай диалектикалық үрдісті шешудің бағыт-бағдарламаларын жасады.
Тақырыптың өзектілігі қазіргі Қазақстан қоғамында жүйелік қайта құрулармен де айқындалады деп ойлаймыз, себебі, тоталитарлық жүйеден өркениетке бет бұрып жатқанда рухани құндылықтарымызды Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы бойынша ой елегінен өткізіп, талдау жасау философия тарихында үлкен орын алады деп есептейміз, сондықтан бұл тақырып бүгінгі таңда толығымен зерттеу нысанасы болып табылады.
Зерттеу жұмысының зерттелу деңгейі Бұл күні тәуелсіз мемлекет болып танылған Қазақстанның өткені, бүгіні, келешегі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан айшықтары аясында халқымыздың іргелі ел болып қалыптасуында ерен еңбек еткен тұлғалардың аяулы есімдері алтын әріптермен жазылып, Отан тарихынан өздерінің тиісілі орнын алуда. Жүзжылдықтар тоғысында тәуелсіз елінің тарапынан Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, реформатор-ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы Ана тілдің айбары омырау медалі және ≪Ғасыр саңлағы≫ алқа белгісімен марапатталды. Ғалым есімі оралған 1988-ші жылдан, оның шығармалары қайта басылып, әрі тәуелсіздік кезеңнің ғалымдары танымдық алғысөздер жазып келеді. Сондай-ақ, филологтар, әдебиетші, тарихшы, заңгер, журналист, философ, педагог т.б. мамандықтары бойынша шығармашылығы, ағартушылық, қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлігіне қатысты 50-ге жуық кандидаттық, 20-дан аса докторлық диссертациялар қорғалды. Әлбетте, бұл жазылған ғылыми зерттеулер біліктілігі жағынан өз салалары бойынша толық меңгерілген тақырыптар екені даусыз. Тарихи тұлғаның шығармашылық мұрасын тікелей зерттеп, кемеңгердің кемел білім-ілімін келешек ұрпаққа таныту мақсатында жасалған жұмыстар легі өсуде. Ғалым мұрасы мен ғұмырына арналған бірнеше кітаптар жарық көрді. Атап айтсақ, тілші-ғалым Р.Сыздықова, Ахаңның немере інісі С.Кәкішев), Өзбекстан елінің ғалымы М.Д.Жусупов (Фонемография Ахмета Байтурсынова и фонология сингормонизма. 1995.-176 б.), физик-ғалым М.-Х.Сулейманов (Яркий носитель духа человечности. 1997.-18 с.), филолог-ғалым Байтелесова Ж. Негасимая звезда в плеяде казахской интеллигенции. 1998.-78 с., Публицистика Ахмет Байтурсынова. 1998.-78 с.), тілші, әдіскер-ғалым А.Қыдыршаев (Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы. 1998.-132 б.), жазушы Б.Ілияс (Алтын бесік. 1998.-260 б.), ақын-журналсит Н.Бектемісұлы (Ахмет ұшқан ұя. 2001.-128 б.), әдебиеттанушы-ғалым А.Ісімақова (Возвращение плеяды. 2002.-294 с.), түркітанушы ғалымдар Ф.Ашнин, В.Алпатов, Д.Насилов (Репрессированная тюркология. 2002.- с.), жазушы Қ.Сәрсекеев (Ұлт ұстазы немесе Алаштың Ахметі жайлы ой-түйін. 2003.-80 б.), журналист-ғалым С.Оспанұлы (Ахмет өскен ақындық орта. 2004.-204 б.), әдебиеттанушы-ғалым Ө.Әбдиманұлы (Қазақ газеті. 1993.-168 б., Ахмет Байтұрсынұлы: зерттеу-эссе. 2007.-296 б.), әдебиеттанушы Ұ.Еркінбаев (Әдебиет танытқыштың теориялық негізі. 2008.-136 б.), Р.Имаханбетова Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны. 2010.-304 б.), А.Ойсылбай (Ахмет Байтұрсынұлының Әдебиет танытқышындағы сөз өнері мен поэтика мәселелері. 2015.-164 б.) т.б. тарихшы ғалымдардың көлемді тақырыпта қарастырған ғылыми зерттеулері бір төбе. Бұдан бөлек академик-ғалымдар: М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, З.Ахметов, З.Қабдолав, Р.Нұрғали, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, К.Сағадиев, М.Жұрынов т.б. талдаған ғылыми зерттеу мақалалар қаншама десеңізші.
Мұрағат деректер бойынша қарастырсақ, ахметтанудың ғылыми тұжырымдалуы - 1919 жылдан басталады. Мәселен, өзге ұлт өкілдерінен 1919 жылы А.Н.Самойлович Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы деген ғылыми мақала жазса, кейін бұл үрдіс жалғасын табады [1]. Самойловичтің осы мақаласы кейін 1930 жылы А.Байтұрсынұлы түрмеде отырған тұста, Мәскеудің Литературная энциклопедия атты жинағының 1-томына кіреді [1, Б. 305-306]. Бір ғажабы, орыс ғалымдары арасында жеке адам баласының басында болып жататын түрлі қайшылыққа қарамастан, ғылымдағы жетістіктері жоғары бағаланған. Өз Отанымызда А.Байтұрсынұлының қазақ жұрты үшін жасаған жұмыстары қасақана халық жауы деп қараланып жатқанда, тағы орыс ғалымдары аталған жинақтың 1931 жылы жарық көрген 5-томына Қазақ әліпбиін Байтурсуновский алфавит деп енгізеді [2, 23-б.]. Міне, нағыз ғылымдағы адалдық, ғылыми жетістіктің бағалануы!
1924 жылы Е.Д.Поливанов Қазақ-қырғыздың жаңа (Байтұрсынов) орфографиясы [3], 1928 жылы Н.Ф.Яковлев Әліпби құрылымының математикалық жүйесі туралы ғылыми мақалалар жазды [4]. 1974 жылы А.Н.Кононов Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы атты ғылыми анықтамалық-мәліметтер бергені тарихтан мәлім [5, 115-б.]. А.Самойлович мақаласында Ахметтің ғалымдық қайраткерлігін биографиялық анықтамалық шолуға сыйғызған, қазақ ғалымын: ...қазақ тілі орфографиясының реформаторы, қазақ грамматикасы және қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушы деп жазды [1]. Осы ғылыми тұжырымды негізге алып, ахметтануды 1922 жылғы М.Дулатұлы мен Е.Омаровтың мақалаларынан да ертерек, 1919 жылдан бастаған дұрыс. Себебі, жоғарыда аталған А.Самойлович мақаласында Ахметтей қоғам қайраткерінің 1919 жылға дейін жасаған сан алуан жұмыстарын ғылыми анықтамалыққа сыйғызған. Зерттеуші мәліметіндегі: көрнекті қазақ ақыны, жорналшы, педагог деген танымдық сипаттаулар дәл сол уақытта қазақ ағартушысының атқарған негізгі жұмыстары болатын. Ал қазақ зиялылары тарапынан 1922 жылдан бастап зерттеліп, бағаланып жүрген Қазақ газеті туралы А.Самойлович ... қазақ халқының қоғами-мәдени санасын оятушы басылым деп, айырықша атап айтты. Бұл күні әдебиеттану ғылымында төлтума деп тануды ұсынған Қырық мысалдағы қазақы сипат пен өрнекті тілді ...Байтұрсыновтың тілі лирикалық шығармаларында қарапайым, өзінің бай, көркем, поэтикалық мәнерімен ерекшеленеді дейді. Міне, өзге ұлт өкілі орыс ғалымы берген нақты әрі құнды ғылыми тұжырымдаманың қазақ зиялыларынан 3 жыл бұрын айтылғанын мойындауға міндеттіміз [1]. Қорыта айтқанда, А.Самойловичтің сипаттамасы алғашқы танымдық ғылыми бағалау. Бұл - А.Байтұрсынұлының ғылымдағы қайраткерлігіне айтылған тұңғыш анықтама. Зерттеуші Ахаң туралы айшығын қазақтың бірінші көрнекті лингвист-ғалымы деп түйіндеген [1, Б. 305-306].
1924 жылы Қазақ әліпби жөнінде профессор Е.Д.Поливанов Ортаазия мемлекеттік университетінің бюллетінде жариялаған мақаласында: ...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика - деп бағалайды [3, Б. 35-43]. Ғалымға берілген осы бағаны отандастары қалай қабылдады?! Бұл жөнінде тұлғаның рухани шәкірттері бір жыл бұрын, 1923 жылы М.Әуезов, Т.Шонанов, Е.Омаров мақалаларында осы емле туралы бірі: ...Ақаң түрлеген ана тілі десе, екіншісі: ...Жаңа алфавит тіліміздің таза сақталуына, ...әлемдік мәдениетпен араласуға, ...халық мектептерінің өркендеу жолына алып адым жасағаны анық деп, ал үшіншісі: Қазақ әліпбиі мен Қазақ тілінің дыбыс және сөз жүйесі атты оқулықтарының өн бойына сыйғызған өзекті өзгерістерінің өзі қазақ грамматикасына бөлекше реңк әкелді деп, өз тұсында қазақ жұртшылығы тарапынан зор қошеметтелгенін айтады.
1928 жылы Н.Ф.Яковлевтің Математический формула построение алфавита атты мақаласының мән-маңызын ашып, ғылыми айналымға түсіру - бүгінгі қазақ тілі ғылымындағы лингвист-ғалымдардың еншісіндегі міндет.
Осы мақаланың Байтұрсынұлы әліпбиіне қатысты тұстарына тоқталсақ, мұнда зерттеуші Ахметтің әліпби түрлеу, түзу барысында Үндестік заңын толық сақтағанын, дыбыстарды жүйелеуде өте икемді қалып тапқанын айтады [4]. Жалпы, қоғам қайраткерінің өмiрi мен қызметiне қатысты мақалалар өз елімізде негізінен, оның 50 жасқа толу мерейтойы қарсаңында жазылып. мерзiмдi БАҚ-та жарияланды. Мәселен, тұлғаға деген ең алғашқы құрмет 1922 жылы 2-тамызда Ташкенттегі Қырғыз-қазақ институтында алты алаштың баласы бас қосқан салтанатты жиында тұңғыш рет көрсетiлген. Деректерге сүйенсек, А.Байтұрсынұлының Ташкентке сапарының басты мақсаты - Түркiстандағы екi облыс Жетiсу мен Сырдарияны Қазақстанға қосу болған. Бiрақ сол жылғы Ташкент қаласында шыққан Ақ жол газетi бетiндегi Лайықты қошемет атты мақалада Ахмет Байтұрсынұлының iс-сапарынан гөрi, оның жеке басына көрсетiлген ықылас, игі тілек туралы жазылғандығы айтылады [6]. Мақаланы 10-қыркүйекте Алматыда шығатын Тiлшi газетi қайта көшiрiп басады. Аталған мақалаларды журналист-ғалым Т.Қожакеев пен әдебиеттанушы Д.Қамзабекұлы 1991 жылы кирилл жазуына түсiрiп, ғылыми ортаға тың дерек әкелді. Әрине, iзденiс барысында бiрлi- жарым кемшiлiктер жiберiліп жатады. Мысалы, Т.Қожакеев Тарихи деректер бұрмаланбасын (1991) мақаласында Д.Қамзабекұлының Социалистiк Қазақстан газетiнiң 12-қаңтардағы Лайықты қошемет мақаласының қайта жарияланымдағы кеткен қателiктерге ескерту жасады. Атап айтсақ, материалдың орынсыз қысқартылуы, мақала соңындағы А.Ж. белгiсiнiң автор ретiнде дұрыс көрсетiлмеуi. Жасалған ескерту еленіп, Д.Қамзабекұлы Қазақ әдебиетi апталығына Ақаңның алдында (1996), А.Байтұрсынұлының Ташкентке сапары (1997) мақалаларын жазды. Соңғы мақаласы жан-жақты талданып, 1997 жылы жарық көрген Руханият ғылыми зерттеуіне енді.
Асылы, мұрағаттағы деректерді сұрыптауда аса сақтық пен табанды ыждаһаттылықты басты нысанада ұстаған жөн. Мәселен, осы Лайықты қошемет атты мақаланы ғалым еңбектерiне жатқызып жүр. Нақтырақ, 2001 жылы Ұлттың ұлы ұстазы библиографиялық-анықтамалықтың 250-бетiнде: 96-реттiк нөмiрде, яғни Лайықты қошемет Тiлшi. - 1922. 10 қыркүйек. Ташкенттегi қазақтарды көшiрiп әкелу деген көрсеткiшпен А.Байтұрсынұлының еңбектерi тiзiмiне енген. Бұл жаңсақ пайым. Өйткенi, кiтаптың 190-бетiнде: А.Байтұрсынұлының өмiрi мен еңбектерi туралы әдебиеттер қосымшасының 362-реттiк нөмiрінде: Лайықты қошемет Социалистiк Қазақстан.-1991. 12 қаңтар. Бұдан 68 жыл бұрын. Материалды газетке әзiрлеген Д.Қамзабекұлы деген мәлiмет бередi. Демек, қос материалдың аты айтып тұрғандай әрі басылым көру мерзiмiнiң бiркелкілiгi, оның түрлi авторға тән еместiгiн айғақтайды. Т.Қожакеевтiң Халқымен қайта қауышты қайран ерлер мақаласында осы аталған материалдың, яғни ғалымға көрсетiлген құрметтiң зерттелуiне сүйенсек, мақала авторы А.Байтұрсынұлы емес, керісінше тұлғаға жасаған зор iлтифатты Лайықты қошаметке сыйғызған өзге қаламгер. Атын көрсетпеген. Мақалаға Ш-н деп қол қойған [6, Б. 191-205; 124, Б. 355-358].
Мақаланың авторы әлi күнге ашылмағанын әдебиетші Д.Қамзабекұлы Мақала соңындағы Ш-н қаламгердiң кiм екендiгiн бiле алмадық дей келе, өз ой-тұжырымын: ...1922 жылдың тамыз айында ташкенттiктер А.Байтұрсынұлын саясат адамы емес, ғалым ретiнде қарсы алды. Бұл қазақ ғылымының абыройының артқандығын көрсетедi. ...сапарында А.Б. Түркiстандағы екi облысты Қазақстанға қарату мәселесiн тиiстi орындарда сөз еткен де болуы керек. Бұл қосылудың қажеттi екенiн зиялыларға дәлелдеген де шығар. Бiрақ, ол жағы Ақ жол газетiнде жазылмапты. Қалай дегенде де газет А.Байтұрсынұлын ғалым есебiнде және бiр мәшһүр етудi көздеген тәрiздi - деп қорытады [7]. Зерттеушінің айтуынша, Мәскеудің Әдебиет энциклопедиясы басылымына Абай мен Ахмет туралы деректi Смағұл жiберген. Әдебиетшінің пайымына сүйенсек, ...С.Сәдуақасұлы А.Байтұрсынұлының тұлғасын - ұлт руханиятына сапалы өзгерiс әкелiп отырған жаңа кезең, тарихи асу деп санаған дейдi.
Баяндама туралы танымын ғылыми айналымға түспеген (түсу бұйырмаған), жұқанасы жазушы, санаткерлердің естелігінде қалған А.Байтұрсынұлының елу жылдық мерейтойында жасаған С.Сәдуақасұлының Ақаңның алдында атты баяндамасы - Кеңес тұсындағы инерциялы ағартушылықтың бағдарламасы (Ахмет проғрамды - жосық депті) сынды еңбек болған деп жазады. Баяндаманың түпнұсқасы әлі күнге табылмады [7, Б. 99-107].
Тарихи баяндама хақында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі С.Мұқанұлының ...Садуақасұлы Байтұрсынұлын мақтай жөнелмей, сатылап жетті. Оның баяндауынша қазақ халқының бес көсемі бар, олар: Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай, Ахмет. Смағұлдың сатылауына негіз бар болатын. Хан Кене - тәуелсіздік үшін күресте мойымаған, рухы жеңілмеген қайраткердің, Шоқан, Ыбырай, Абай - күрескер рухты қағазға түсіре алған, дара шапса да жалғыздығын білдірмеген, халқының намысы болып жанған ағартушылардың, Ахмет қателіктен сабақ алған толқынның, білім мен бірлікті, білік пен байыпты қатар ұстаған зиялылардың рәмізі еді. Сондықтан С.Садуақасұлы сатысын - жүйелеу деп қараған орынды деген пікір айтқанын жазады Д.Қамзабекұлы талдау мақаласында [7].
Қазақ зиялыларының көзін көріп, сөзін естіген Ғ.Ахмедов ...осы баяндамада С.Садуақасұлы Ахаңның өмірі мен ғылыми, әдеби еңбектері жайында өте мазмұнды пікірлер айтты дейді [8, Б. 23-37]. Сол 1923 жылғы Ахаңа арналған жиынның бас-аяғына дейін түгел қатысқан Ғалым ағай: ...жиында кейбіреулердің аузынан айтылып жүрген өрескел жағдайдың болмағанын, өзінен басқа Қ.Бадыровтың қатысқанын, әрі оның сөзін растайтынын айтады. С.Сәдуақасұлы Ахаңды замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауға болмайды. Бұл кісі қазақ халқының алғашқы алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса, солай жасап жүрген емлемізді түзеп, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам. Сондықтан бұл кісіні ұстасымыз деп қарап, өзімізден әлдеқайда жоғары ұстап, қадірлей білуіміз керек деп қорытындылады сөзін дейді әдебиетші-ғалым Ғ.Ахмедов [9, Б. 32-33].
Ахмет Байтұрсынұлы мен оның серiктерiне Ташкенттiк зиялылар тарапынан қонақасы берiлгенi, бұл рәсiмнiң тойдан гөрi, ойдың мерекесi болғаны жөнiнде Ақ жол газетiнiң тілшісі: ...Банкетте жетi түрлi халықтың адамы болды: қазақ, қырғыз, өзбек, тәжiк, ноғай, орыс. Қонақта болғандар әр елдiң ...өкiлеттi елшiлерi хүкiмет мүшелерi, профессорлар, бiлiм комиссиясы һәм газет басқармасы сықылды мекемелердiң адамдары≫ - деп жазады [9, Б. 193-196.]. Түркiстандық И.Табынбаев қайраткердің өмiр жолы, ортасы, шығармашылығы жөнiндегi баяндамасын газет уәкілі түгелдей хатқа түсiрген. И.Табынбаевтың лебізіндегі: ...Ахмет ағай қазақ халқының бiрiншi мұғалiмi, ұстазы. Бiрiншi рет басталған, бұрын ешкiм ескермеген жұмыстың (...) ауыртпалығы Ахаңның басына түстi. Бiрақ Ахаңның қайраты таспаса, қайтпады, ақылы аспаса, саспады. ...тiзесiн түрменiң терезесiне үстел қып, Ахаң қаламын тартпай жазумен болды деген жүрекжарды ілтифаттарынан замандастарының А.Байтұрсынұлын зор құрмет тұтқанын көреміз. Қоғам қайраткерінің ерекше қасиеттерiн даралай көрсетiп, жеке-жеке атап көрсетеді: 1).Қазақтың әдеби тiлiнiң негiзiн салушы. Қазақты А деп бастап оқытып, надандықпен күресушi бiрiншi ұстазымыз; 2).Оқу iсiне, жазуға жаңалық кiргiзген данамыз; 3).Патша үкiметiнiң зұлым саясатымен күресiп, қарсы пiкiрiн таратқан қаһарманымыз; 4).Қазақ халқының қай жағынан болса да көсемi деп, танымдарын Ақ жол үнқағазында паш ете отырып, Ахметті темiрқазыққа теңеген [9, 103-б.].
1922 жылы Орынборда шыққан Қазақ өлкесiн зерттеу қоғамы еңбектерi басылымында М.Дулатұлының А.Байтұрсынұлы Байтұрсынов, Е.Омаровтың А.Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі мақалалары жарияланған. Бұл материалдардың 1922 жылы жариялануы кездейсоқтық емес еді. Қос мақаланың кейiн А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты жазылған зерттеулерге негіз болғанын айту ләзiм. Шындығында, ахметтану мәселесінде - М.Дулатұлы мен Е.Омаровтың мақалалары дереккөзі болған. Мәселен, Мәскеулік басылымдар: Әдеби энциклопедия мен А.Кононовтың түркітанушылар сөздігіндегі сiлтемелік көрсеткiш соның айғағы. Және Е.Поливанов, Н.Яковлевтердің зерттеулеріне де осы материалдар негiзгi болғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл деректер отандық ғалымдардың да еңбектерiнде кеңiнен пайдаланып жүргендiгi баршаға аян.
Әдебиетші академик Р.Нұрғали ...алаштың екі алып азаматы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы ауылдас, аталас, ең бастысы бұлардың ұлы күрес жолындағы рухани туыстығы - қазақ тарихындағы қымбат та қастерлі беттердің бірі деп бағалайды [10, Б. 12-35]. Ол М.Дулатұлын - ахметтанудың негізін салушы, Міржақып - алғашқы ахметтанушы деген тұжырым жасады. Әлбетте, М.Дулатұлы қазақ ортасынан шыққан бірінші ахметтанудың негізін салушы екені даусыз. Ал Міржақыптың алдына одан бұрын Ахмет туралы жазған А.Самойловичті шығарсақ, мұнан Міржақыптың ахметтанушылығы төмендемейді. М.Дулатұлының очеркімен қатар, Е.Омаровтың мақала жазғаны аталғаны болмаса, ғылыми ортада қажетті дәрежеде талданып, таратылмай келеді.
Е.Омаров Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі деген мақаласында қайраткерді ...күллі қазақ даласы біледі, оның талантын жоғары бағалап құрмет тұтқанымен, бәрібір оны дұрыс түйсініп бағалай білмейд деп жазады [11, Б. 26-38]. Елдес Ахметтің қазақ грамматикасына ерекше өзгерістер кіргізіп, баға жетпес жаңалық әкелгенін қазақ жұртының санасы әлі түсініп те, түйсініп те болған жоқ. Мейлі Байтұрсынұлының қаламынан ертеден келе жатқан қазақ тілінің ережелері қамтылған кағидалар мен көп томдықтар жазылмаса да оның Қазақ әліпбиі мен Қазақ тілінің дыбыс және сөз жүйесі оқулықтарының өн бойына сыйғызған өзекті өзгерістерінің өзі, қазақ грамматикасына бөлекше реңк әкелгенін тілші- мамандарға ғылыми жүйеде талдауы арқылы түсіндіреді. Қазақ грамматикасында ертеде қаншама оқулықтар жазылса да, олардағы өзгерістердің аңғарылмайтынын, ислам дінімен кірген араб жазуының қадимшеленген нұсқасының да қазақ дыбыстарының ерекшеліктерін қамти алмағанын айтады. Ал Ахметтің көлемі шағын ғана оқулықтарына аз сөзбен, саз жүйені сыйғызған жаңалығы, реформатор тарапынан түрленген қосар дыбыстардың қазақ тіліне тән түрлі дыбыстарды дәл бере алатынын нақты деректермен көрсетеді. Ғалымның үзеңгiлiс замандасы Т.Шонанұлы да 1923 жылы тұлғаның ғылыми қайраткерлігі туралы Ахмет Байтурсунович Байтурсынов в области народного просвещения и литературы деген ғылыми мақала жазған. Мақала жарияланбаған. Т.Шонанұлының қолжазбасын мемлекет мұрағаттың қорынан алып, жұртшылыққа ұсынған мұрағат қызметкерi әрi филолог Б.Байғалиев. Оның дайындауындағы материал 1992 жылы жарық көрдi. Деректi мақаланы Әдеби мұра ретiнде ұсынған Жұлдыз журналы редакциясы: ≪...Оқырман назарына ұсынылып отырған мақала 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жасқа толған мүшелтойына арнап жеке кiтап ретiнде шығару мақсатымен орыс тiлiнде жазылған. Бiрақ жарық көрмеген. Мақала қолжазбадан аударылып берiлiп отыр. Қолжазбаны Қазақ ССР Мемлекеттiк Орталық архивiнiң №544 қорынан алып жариялауға дайындаған - Бейсенбай Байғалиев≫ деген маңызы зор мәлімет береді [12, 123-б.]. Осы ақпараттық мәлімдемеде бiрiншiден, 50 жасты мүшелтой деп жаңылысады, бұл негізінен мерейтой. Мұсылмандардың жыл қайыруына сүйенсек, алғашқы мүшел - 13 жас, осыған 12-ні еселеп отырасыз. Сонда келесі мүшел - 25, 37, 49 болып жалғаса береді. Мақаланың қолжазбадан дайындалғаны айтылғанымен, түпнұсқаның тағдыры туралы ақпарат бермеген... Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында деп аталатын бұл мақаланың ғылыми ортаға беретiн жаңалықтары аса құнды. Лингвист Т.Шонанұлының мақаласындағы ерекшелiк - А.Байтұрсынұлының өлеңдерiнен алынған үзінділердің орыс тiлiне аударылуы мен олардың шығу тарихына түсiнiк талдау беруi. Сондай-ақ, тұлғаның қазақ халқына жасаған қызметi туралы: ...қиын кезеңде Ахмет алғашқы болып дауыс көтерiп, қазақ мектебiн бiр жағынан, дүмше молдалардан, екiншi жағынан патша миссионерлерi ықпалынан құтқару үшiн қызмет еттi - деп жазады [12, 125-б.]. Оның тiл саясатында кемеңгер күрескер екенi және қазақ үшiн жаңа әлiпбидi тұңғыш рет түрлеп-түзудегi ірі құбылыстың тiзгiнiн ұстағанын ғылыми тұрғыдан дәлелдейдi. Т.Шонанұлы жаңа әлiпбидiң ерекшеліктерін былайша жіктейді: Бiрiншiден, А.Байтұрсынұлы әлiпбиi тiлiмiздiң таза сақталуына. Екiншiден, әлемдiк мәдениетпен араласу жолын жеңiлдетуi. Үшiншiден, халық мектептерiнiң өркендеуiне алып қадам жасағаны анық деп жазады. 1915-1916 жылдары Түркi халқының тiлi таласқа түскенде Ахметтің ана тiлiмiздi қорғап, Шекiспей, бекiспейдi мақаласы мен Туған тiлiм деген өлең жазғанын айтады. Ғылыми талдауында мақала мен өлеңнен үзiндiлер келтiрген.
1998 жылғы Қазақ газетi басылымында Шекiспей, бекiспейдi деген мақала мен Туған тiлiм атты өлеңнiң 1916 жылы Қазақ газетiнiң 167-санында жарық көргенiн, мақаланың авторсыз, ал өлеңнiң Байқаушы деген бүркеншек есiммен берiлгенi туралы қысқаша ақпараттық мағлұмат берілген [13, Б. 505-524]. Мақала жинақтың 265-267-беттерінде берiледi, өлең мәтіні қарастырылмаған. Ғылыми зерттеулердi сараптау барысында Туған тiлiм, Дағдарыс атты өлеңдері жөнiнде әдебиетші Б.Байғалиевтiң 1989 жылы Жетiсу, Коммунизм таңы облыстық газеттерде танымдық мақалаларын кездестірдік [13]. Өлеңдер Ахметтің аты ақталғаннан кейiн жарияланғанына қарамастан, алғашқы қайта жарық көрген 1989, 1991 жылдардағы әдеби шығармалар жинағына енбеді.
Зерттеу жұмысының деректік негізі Т.Шонанұлының мақаласы - ғалымның 125 жылдық меретойына орай шығарылған Ұлттық рухтың ұлы тiнi атты ғылыми жинақта: Мақала әуелгi, орыс тiлiндегi нұсқасында тұңғыш жарияланып отыр. Қолжазба - Қазақ КСР Мемлекеттiк Орталық архивiнен алынды: №544 қор, 1-тiзбе, 104-б деген ерекше-ескертумен жарияланды [13, 39 б.]. Осы жерде назар аударатын жайт: осындай сiлтеменi Б.Байғалиев 1995-ші жылы Санат баспасынан, тарих ғылымының докторы, профессор Қ.Тәкеновпен бiрге дайындап шығарған Т.Шонанұлының Жер тағдыры - ел тағдыры атты қайта басылған кітабының 216-бетiнде: Т.Шонанұлының мақалалары атты хронологиялық тiзiмде де 6-реттiк кезекте айырықша атап өтеді. Мұнда 104-б дегеннiң орнына iс деп көрсеткен. Көрсетілген сiлтемелер бойынша қолжазбаның түпнұсқасымен танысу үшiн ҚР ОММ-ның 544-қор, 1-тізбе, 104-б.-ке сұраныс жасағанымызда, папкiнiң бос екендігі анықталды. Құнды дерек қолды болған. Өкініштісі, тарихи деректі құжаттармен танысуда мұндай суыққолдылық жиі кездеседі. Мұндай келеңсіздіктің белең алуы ұлттық мәдени болмыстың төмендігінен. Болмаса менде ғана болсын деген мешеулiктен туған пендешілік. Басқаша теңеу жоқ. Осыған ұқсас ахуалдар Республикалық ұлттық кiтапханада да орын алған. Мәселен, Байтұрсынов Ахмет түрмеде жатқанда чекиспен әңгiме атты мақаламен танысу үшiн Торғай таңы газетiнiң 6-шы маусымдағы 85-ші нөмiрiн, 1991 жылғы тiкпенi көтерткенiмiзде сұраныс жасаған нөмір орнында жоқ болды. Н.Машақанованың Байтұрсын мен Ақтас деген мұрағат құжаттарын сөйлеткен деректi мақаласын мемлекеттік мұрағаттағы тарихи деректермен салыстыра оқу үшiн Жұлдыз журналының 1990 жылғы 10-нөмiрiнің 200-203-беттерiнiң қырқылғанын көрiп, қатты қынжылдық. Мұндай дөрекі өрескелдiк - адамдардың адалдығының кемдiгi, мәдениетінің жадаулығы.
Мәселен, Туған тiлiм атты өлеңнiң Т.Шонанұлы мақаласында берiлетiн алты жолды, яғни, Кенің бай, келімің мол туған тілім, Дыбыстың сөз теріп буған гүлін. Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен. Мен ... құтыла алмас қусам білім. Мен болман болдырамын татар десең, Мен жатпан босағаңда жатар десең деген үзiндi 1916 жылғы нұсқамен салыстырғанда өлеңнiң бiрiншi шумағы мен соңғы шумағының екі жолы қамтылғаны анықталып, бұл өлеңнің авторы бір адам екені белгілі болды. Өлеңді 1989 жылы Б.Байғалиев бірнеше рет БАҚ-та жариялады.
Орыс тілді ортаға (аудиторияға) ұғынықты болсын деген ниетпен осы өлеңді Т.Шонанұлы былай аударған: ...Богат и гибок мой родной язык, Звуки образуют чудный букет слов. Ты быстр, обгоняешь бегунов, Ты несешь нам культуру. Тебя ничем не заставить отатариться, Тебя не заставить валяться в передней. Салыстырып-сараптауда бiрiншi шумақтың 4-тармағындағы оқылмай көп нүкте қойылған екiншi сөздiң тосып деген сөз екенiн, жетiншi шумақтың 2-тармағындағы босағаңда деген сөздiң бiр бөлмеңде деп жазылғанын анықтадық. Дегенмен, бұл болмашы өзгерiстер өлеңнiң мазмұнына нұқсан келтiрмейтінiн, қайта босағаңда деген сөздiң мәндiрек, тiптi ұйқас буын болып, жатық оқылатынын аңғардық. Т.Шонанұлы бұл сөзді жуан буын жасау үшін әдейі өзгертсе керек. Алмастың ажарын алмас ашады деген ғұлама Гейненiң ғибратына жүгiнсек, Телжанның - Ахметтi, Ахметтiң - Телжанды түзетулерi өте жарасымды емес пе?! Телжанның осы арнау-мақаласы бүгінгі тәуелсіздік кезеңнің әдебиеттану ғылымындағы қалыптаса бастаған ахметтанудың бағыт-бағдарларын анықтауда, нағыз көмекші. Сондықтан Т.Шонанұлын ахметтанушылардың бірегей білгірі деп тануымыз орынды.
Зерттеу жұмысының мақсат міндеттері. Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолынан бастап, артына қалдырған мұраларын зерттей отыра қоғамдық-саяси өмірінде алатын орны мен атқарған роліне баға беру болып табылады.
Алға қойған мақсаттарды орындау үшін келесі міндеттер қойылады:
oo А. Байтұрсыновтың өмірін зерттеу;
oo Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық, саяси және мемлекеттік қызметін талдау;
oo А.Байтұсыновтың шығармашылық қызметіне талдау жүргізу;
oo А. Байтұрсынов шығармашылық мұрасының зерттелуі барысын айқыштау;
oo А. Байтұрсыновтың қазақ рухани мәдениетіне қосқан үлесі мен тигізген әсерін анықтау;
oo А.Байтұрсыновтың философиялық ойларының қазіргі қазақ рухани мәдениетіндегі алатын орны және заман талабымен үндестігін талдау.
Зерттеу жұмысының методологиялық және әдістемелік негіздері. Зерттеуде негізінен тарихилық принципін, яғни құбылысты тарихи жағдаймен тығыз байланыста қарастыру, тарихи таным дамуының әрқилы кезеңіндегі өзгерулерді және мәселені шешуге дилектикалық тұрғыдан келу, яғни диалектикалық принцип пен ғылыми обьективтілік принциптері басшылыққа алынды.
Зерттеуде алға қойған мақсатқа жету үшін мынадай арнаулы тарихнамалық әдістер қолданылды: талдау, салыстырмалы-тарихи хронологиялық, өзектілік. Бұл әдістерден басқа мынадай жалпы ғылыми әдістер де қолданылды: дедукция, индукция, талдау, жинақтау, диалектикалық материализм.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тараудан, пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімінен тұрады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дәулетті отбасында дүниеге келген. Ахметтің ұлы бабасы-Үмбетей ру басына айналған үлкен ата.
Байсейіт атадан жалғыз, оның әкесі Қалқаман Көшейұлы (5 ағайынды). Қалқаманның сүйегі - Арғын.
А.Байтұрсыновтың замандасы әрі қаламдасы М.Әуезов 1923 жылы Ахметке арнаған мақаласында, оның тегі жөнінде. ... Сүйегі-Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Түбек. Ақаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты -- Байтұрсын деген мәлімет береді [1, 17 б.].
Ахмет Байтұрсынов 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, 1895 жылы ОММ-нің Педагогикалық кеңесінің шешімімен бастауыш училищенің оқытушысы деген атақ беріледі.
1896-1901 ж.ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады. 1902-1904 ж.ж. Омбыда Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымын атқара жүріп, бұратана ұлтының санасын ояту мақсатында И.Крыловтың мысалдарын аударады.
1905 жылы қазақ оқығандарымен бірге Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, тарихта белгілі Қарқаралы құзырхатын (петициясын) жазады. 1905-1908 ж.ж. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі болып, екі міндетті қатар атқарады. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалады. 1910 жылы 9-наурызда Орынборға жер аударылады.
1911 жылы Маса өлеңдер жинағы жарияланып, Қырық мысал кітабы екінші рет басылым көреді. Осы жылы Айқап журналында Қазақ һәм түрлі мәселелер, Қазақтың өкпесі, Қазақ жерін алу турасындағы низамдар, бұйрықтар, Закон жобасының баяндамасы, Тағы да народный сот хақында, Жер жайынан, Жазу тәртібі, Кітаптар жайынан, Бастауыш мектеп т.б. өзекті мақалалары жарияланады.
1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Осы жылы Оқу құралы қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. Айқап журналында Қазақ жерін алу турасындағы низам, Шәйзіман мырзаға, Қазақ һәм төртінші Дума мақалалары жарияланады. Шора журналында Қазақша сөз жазушыларға, Қазақ газетінде Көшпелі һәм отырықшы норма, Шаруа жайынан, Жер жалдау жайынан, Земство, Білім жарысы, Оқу жайы т.б. келелі мақалалары басылады.
1913-1918 ж.ж. қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, Қазақ газетін шығарды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметін атқарады. А.Байтұрсынов Қазақ газетінің бірінші санындағы халыққа арнауын былай деп аяқтады: Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін Қазақ деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесер қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы [2, 3 б.].
Қазақ газетінің дәл сол кездегі тарихи мәнін Ахмет Байтұрсынов осы басылымның бірінші нөмірінде былай деп көрсетті: Әуелі, газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын білу жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ.
Екінші, газет жұрттың уланбасына медет нәрсе. Олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп ғалым адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық етіп тұрады.
Үшінші, газет халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттерден жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте молайып, пікірі ашылып, қыр асты жетпекші.
Төртінші, газет халықтың дауысы. Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады, деген тұжырым арқылы мерзімді баспасөздің қоғамда алатын орнын, оның саяси маңызын барынша айқындап берді. Қазақ газеті либералдық-демократиялық бағыттағы идеяларды білдірді. Тұтас алғанда қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуымен таныстыра білген Қазақ газеті Алаш партиясының дауысына айналды.
Осы тұста әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін әкімшілік А.Байтұрсыновқа бірнеше мәрте (1914-1915) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды. Бұл -- үшінші рет қамалуы [1, 18 б.].
1918-1919 ж.ж. Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда үкіметінің жетекшілерінің бірі әрі оқулықтар жазу жөніндегі Комиссиясының құрамында қызмет етеді. Осы жылы Революция и киргизы мақаласы Жизнь национальностей атты басылымда жарияланады. 1917 жылы патшаның тақтан құлауын Ахмет Байтұрсынов зор қуанышпен қарсы алып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен қазаққа бостандық, теңдік әперу үшін саяси күрес майданына араласты.
1917 жылы Ақпан революциясының жеңісінен кейінгі елдегі революциялық процестердің қарқынды дамуы барысында Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан либерал-демократиялық көзқарастағы қазақ интеллигенциясының өкілдері ұлттық партия құру жоспары бойынша өз жоспарларын жүзеге асыруға кірісті.
1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында І-ші жалпықазақтың съезде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Тәуелсіз автономия құру идеясын ұсынды [3, 101 б.].
І-ші жалпықазақтың съездің қортындасында Алаш ұлттық саяси партиясы құрылды. Әлихан Бөкейханов қазақ халқының көсемі, партия басшысы болып сайланды. Бірақ қоғамда аласапыран ахуал қалыптастырған большевиктердің төңкерісі Ахмет Байтұрсынов және оның серіктерінің қазаққа дербес ұлттық автономия алып береміз деген әрекеттерін тұйыққа тіреді. Алаш қозғалысы білімсіз кедей-кемшіктің қалың тобырына арқа сүйеген жүгенсіз коммунистік қозғалысқа қарсы тұруға ол заманда қауқарсыз еді. Осыны түсінген және халқымен бірге болуды ойлаған Ахаң 1919 жылдың наурызында Кеңестер өкіметі жағына өтті, алғашқы өлкеде құрылған Революциялық комитет құрамына енгізілді. Ахаңдай ірі тарихи тұлғаның беделі уақытша болса да большевиктерге де қажет болды. Ол екі жылдай Республика халық ағарту комиссары қызметінде болып, қазақты ағарту ісіне, осы саланы аяғынан тұрғызуға қыруар еңбек сіңірді.
Қазақ халқының қоғамдық ой-санасының дамуындағы барлық саяси қозғалыстар А.Байтұрсыновтың есімімен байланысты. Ол бейбіт ұлттық либерализмнен Октябрь революциясын және Совет өкіметін тануға дейінгі саяси даму кезеңдерінен өтті [4, 202 б.].
1919 жылғы жаз бен күзде Ахмет Байтұрсыновтың инициативасымен Қазревком өз мәжілістерінде Алашорданың батыс бөлігімен байланыс жасау және оның басшыларымен келіссөздер жүргізу үшін арнаулы өкілдер жіберу мәселесін талай рет талқылады. Қазревкомның және оның төрағасы қызметін көп жағдайда өзі атқарған Ахмет Байтұрсыновтың осы мәселедегі табандылығы Торғайда болған оқиғаларды қайталамау және Алашорданың батыс бөлімінің түгелдей Совет жағына шығуын қамтамасыз етпесе де, оның Совет өкіметіне бейтарап жағдайда болуын жүзеге асыру ниетінен туындаған еді. Түптеп келгенде Алашорданың батыс бөлімін ақтардың одақтасы болудан совет өкіметі жағына шығару Орал өңіріндегі азамат соғысын тезірек аяқтаудың алғы шарттарының бірі еді [4, 206 б.]. Шын мәнінде, Ахаңның және оның серіктерінің Кеңес өкіметі жағына кездейсоқ өтпегені белгілі. Бұл туралы Ахаңның өзі Жизнь национальностей журналында 1919 жылы 3 тамызда жазған Революция және қазақтар атты мақаласында төмендегідей пікір білдірген еді: Егер де бұрын бір топ адамдар патша чиновниктері атынан қырғыздарды (қазақтарды) жауапсыздықпен қамап, әр түрлі зорлық-зомбылықтарға жол берген болса, дәл осындай қылықты шет аймақтарда большевик-коммунистер деген атты жамылған осындай және басқадай адамдар тобы байқатты. Патша өкіметі кезінде, бұрын мұндай жағдаймен ымыраға келмеген мен және менің пікірлестерім, енді тағы да осындай істер Советтің Ресейде түгелдей орын алуда деп ойлап ымыраға келмей кеңес өкіметін мойындауғы қарсы болдық. Бірақ монархиялық билік бағытындағы Колчактың пайда болуы осы және басқа билік туралы ойлауға мәжбүр етті. Сонда біз қырғыз (қазақ-Т.О) халқының ежелгі арманы оңшыл ма әлде солшыл ма әйтеуір, жүзеге асар болар дегенге көзіміз жеткендіктен жергілікті большевиктердің іс-әрекеті біздерге ұнамды көріне қоймаса да кеңес өкіметі жағына шыққанды жөн көрдік [4, 241 б.]
Ахмет Байтұрсынов және оның серіктері, шын мәнінде кеңестік билікті амалсыз мойындады. Бірақ Ахаң ешқашанда қазақ халқының рөлін көтеру және қазақ елін ұлтық тұрғыдан дербес ету идеясынан бас тартқан емес. Ол 1920 жылы 17 мамырда В.Лениннің атына хат жолдап, ... Ресейде коммунистер көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, оның үстіне олар шет аймақтарда аз немесе мүлде жоқ, -- дей келе қазақ жерінің билігін қазақтан шыққан комунистер қолына беруді талап еткен еді [5, 4 б.].
Осы жылдың 12 шілдесінде Ахмет Байтұрсынов тағы да Т. Рысқұлов, Н.Ходжаев, З.Валидов, Ә.Ермеков, Х.Юмагулов тәрізді түркі халықтарының көрнекті тұлғаларымен бірге В.Ленинге хат жолдап, оның бұрынғы отарлаушы ел пролетариаты яғни орыс жұмысшы табы шеткері аймақтардағы отар елдер еңбекшілерін азат етеді деген қағидамен және панисламизмге қарсы күреске шақырған ұранымен өздерінің келіспейтінін ашық мәлімдеді [6, 354 б.].
1920-1922 ж.ж. Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады.
1922-1925 ж.ж. Қазақ Халық ағарту Комиссариаты жанындагы Ғылыми- әдеби комиссиясының төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz