Мұхтар Әуезов әңгімелерінің көркемдік ерекшелігі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 17 бет
Таңдаулыға:   
Титул

Абстракт
Тақырыптың өзектілігі: Әлемдік ірі құбылыс, ғұлама жазушы М.Әуезов қазақ халқының рухани байлығын бүкіл дүние жүзіне паш етті. Өзінің саналы ғұмырын қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, тарихы мен ұлттық өнеріне арнады. Ол әдебиеттің бар саласында да қажырлы еңбек етті. Жазушының артынан қалдырған мол мұралары публицистика, драматургия, проза, көркем аударма тұрғысынан болса, ғылыми мұрасы фольклортану, әдебиеттану сияқты ірі салаларды қамтиды.
М.Әуезов - қазақ халқының ғасырға жуық өмірінің рухани шежіресін жазған, ұлт келбетін бар шындық айшықтарымен көрсете алған ірі тұлға. Ол XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірін дүниеге әкелген нағыз кемел шығарманың авторы ғана емес, талғампаз зерттеуші. М.Әуезов арқылы төрткүл дүние Абайды танып, Абай арқылы Азияның кіндігіндегі көшпенділер елі тарихын зерделеп, дала пәлсапасына қанығады.
Зерттеу нысанасы: Қаламгер шығармаларында ұлттық болмысты сөз өрнегімен өріп, қазақ әдебиеті мен мәдениетін жаңа сатыға көтерді. Бүкіл халықтың ой-санасының алтын арқауына айналған рухани құндылықтарымыздың жарқырай көрініп, дамуына біршама ықпал етті. Ендеше ұлы суреткердің шығармашылық жолының бастауын зерттеу нысанасы етіп, сол арқылы Семей кезеңіне, руханият ісіне, өмір, тұрмыс сырына, уақыт тынысына ден қою − әдебиеттану ғылымы үшін аса зор міндет.

Кіріспе
Алғашқы жазба мәдениет, Шумердiң қыш ыдыстары, ежелгi мысырдың папирустары, Вавилон мен Аккадтың сына жазуынан бастап мыңжылдықтардың, барлық ғасырлар мен дәуiрлердiң, барлық мәдениет пен өркениеттiң қатаң сұрыптауынан өтiп, бiзге жеткен таңғажайып туындыларды жинақтаған ХХ ғасырдың ғаламат басылымы - iрiктелген Данте мен Шекспир, Толстой мен Томас Манн қатарынан, Горький мен Шолохов қатарынан - ұлы ескерткiштер жинағы 250 томының екi томы Мұхтар Әуезовке тиесiлi болуы кездейсоқ жайт емес. Әлемнің классикалық 250 томының 2 томы Әуезовтің шығармашылығы.
Абай жолы эпопеясының өзі дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылса, оның бірқатар шығармалары ағылшын, албан, араб, армян, әзірбайжан, башқұрт, белорус, бенгал, болгар, бурят, венгр, вьетнам, грек, голланд, грузин, испан, қырғыз, серб, француз, қарақалпақ, словак, тәжік, татар, тува, түрік, түркімен, өзбек, хинди, парсы, поляк, пушту, румын, ұйғыр, украин, урду, фин, якут, чех, эстон, қытай, корей, латвия, литва, мари, молдован, монғол, неміс тілдеріне аударылған.
Мұхтар шәкірттік дәуірді басынан өткермей, әдеби майданға білек түре кіріскені тырнақалды шығармаларынан-ақ айқын аңғарылады. Көркем сөз құдіретін ерте ұғынған жазушы қазақ әдебиетіне құбылыс болып енді. Ұлттық сөзді биік белеске көтерді. Сол себепті М.Әуезовтің ұлы шығармалары қазақ халқының көнермес асыл мұрасы, ар-абыройы болып қала бермек. Дала данышпаны Абай - қазақтың асқар биігі, өлең сөздің үлгісі болса, қара сөздің хас шебері М.Әуезов туындылары адамзаттың рухани қазынасына айналған қымбат құндылықтардың бірі болып табылады.
Мұхтар Әуезовтің 20-30 жылдарындағы жазылған шығармаларының барлығына дерлік Кеңес үкіметінің алғашқы дәуіріндегі өмір кезеңі қамтылғанымен, кеңестердің іс-әрекетін көтере дәріптеу, көзсіз мақтау, мадақтау жоқ. Үйлену, Оқыған азамат, Ескілік көлеңкесінде, Кінәмшіл бойжеткен сынды әңгімелерінде жаңа қоғамның жаңалықтары бой көрсеткенімен, бұларда кеңестік дәуірдің зор жетістіктеріне сүйсіне қарау жоққа тән. Жазушының бұл уақытта жазған шығармалары ішінде Жуандық әңгімесінде ғана Кеңес үкіметіне зор үміт артып, сеніп қарау байқалады. Алайда, шығарма соңы кеңестерді арқау еткен жатақтың опық жеп, жерінен айырылып, көшіп кетуіне ойысады.
М. Әуезовтің шығармаларының табиғатын тану, талдап-таразылау ұдайы жүргізіліп, оның кесек те көркем шығармалары негізінде сан алуан ғылыми ізденістер нәтижесінде бағалы зерттеулер туды. Жазушы шығармашылығы тақырыптық, жанрлық деңгейде қарастырылып, тарихи деректерді көркем шындық дәрежесіне жеткізіп бейнелеудегі шеберлік іздері талданып, қаламгердің шығармашылық жолы, өскен ортасы туралы еңбектер жарық көрді. Сонымен қатар, М.Әуезовтің прозашы, драматург, абайтанушы, фольклортанушы, аудармашы, философ, әдебиет тарихшысы, сыншысы ретінде зерттеу объектісіне айналып, бұған қатысты ғылыми-теориялық тұжырымдар жасалды.
М. Әуезов шығармашылығындағы ұлт-азаттық сарындардың табиғатын айқындау, 20-30 жылдардағы жазушы әңгімелеріндегі идеяның көркемдік-эстетикалық тұрғыда бейнелеуін, осы кезеңдегі ортақ авторлық көзқарастың негізгі ұстанымдарын анықтау қаламгердің бейнелеуде қолданған әдіс-амалдарын нақтылау жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады.
Алаш идеялары қатарында М.Әуезовтің азаттық үшін күрескен қайраткерлік тұлғасы сомдалды, қызыл империяның саясатын қазақтың мүддесі тұрғысында парасаттылықпен зерделеп, дүние таным эволюциясын айқын аңғартты.
Мінекей, осының өзі Мұхтар Әуезовтің - тек қана қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі әлемдік әдебиеттің қайталанбас ұлы тұлғасы екендігін дәлелдейді.

Негізгі бөлім
Мұхтар Әуезов әңгімелерінің көркемдік ерекшелігі
Заманымыздың ұлы суреткері М.Әуезов - тарихта сирек кездесетін жан-жақты, терең білімді, парасатты, шын мәніндегі асқан талант иесі. Ұлы жазушы М.Әуезовтің көркем мұрасы - біздің төл әдебиетіміз, бүкіл адамзат мәдениетінің жетістігі. Оның асқан шеберлікпен жазылған әңгімелері ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын қорына енеді.
1916-1917 жылдары қолына қалам алған М.Әуезов өз тұсындағы өзгерістерден еш бейтарап қала алмады. Патшалық құрылыстың құлап, елдің ескі отаршыл құрылысқа қарсы атой салуы жас қаламгерді әлеуметтік өмірге араластырды.
Жазушының алғашқы кезеңдегі шығармаларының көлемдісі де, көркемі де прозаның әңгіме, повесть жанрларында жазылды. М.Әуезов жиырмасыншы жылдардың бас кезі мен орта шенінде көптеген әңгімелер (Қорғансыздың күні, Жетім, Жуандық, Ескілік көлеңкесінде, Кім кінәлі, Барымта т.б.) жазып, оларда ескі қазақ ауылының алуан түрлі әлеуметтік шындығын реалистік дәстүрде бейнелейді, қоғам өмірінің, халық тіршілігінің терең қатпарларын, ішкі қайшылықтарын білгірлікпен суреттейді. Өмірдің ақиқат ағысын, типтік құбылыстарын зерттеу - жазушыға қазақ коғамының көкейкесті мәселелерін көтеруге мүмкіндік берді.
Алғашқы әңгімесі Қорғансыздың күні 1921 жылы жарияланды. Жазушының бірталай әңгімелері 1922-1923 жылдарда Сана, Шолпан журналдарында басылған. Олар: Кешкі дөң басында, Түнгі ауыл, Қысқы күнгі дала, Қысқы түн, Сыбанның моласында, Текшенің бауырында, Сөніп жану. Ал Жетім, Барымта, Ескілік көлеңкесінде, Жуандық т.б. әңгімелері 1924 жылдардың жемісі.
Қорғансыздың күні (1921) -- М.Әуезовтің алғашқы жарық көрген әңгімесі. Шағын шығармада қоғам бойын жайлаған дерттің бір көрінісі зор көркемдік қуатпен ашылған. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлықка шыдамай, боранда үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді. Қорғансыздын күні өзінің көркемдік бітімі жағынан қазақ әдебиетіне жаңа өрнек енгізді. Қорғансыздың күні атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерілді. Осыдан бастап өрбіген қазақтың көркем прозасы... уақ жанрда да, повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар туғызып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын алды, -- деген С.Мұқановтың пікірінде зор шындық жатыр. Әңгіменің құрылысы шымыр, көркемдік бояулары қанық, оқиғалары мен адам мінездері мейлінше шыншыл. Мұнда М.Әуезовтің кейінгі шығармаларында тереңдеп қалыптасқан ерекшеліктер де көрініс берді. Ең негізгісі Қорғансыздың күнінде қазақ прозасында тұңғыш рет өмір ағыстары мен қаһармандар мінезі тұтас бірлікте көрсетілді.
Негізінен Мұхтар Әуезов әңгімелері трагедияға құрылған. Шығарма тақырыбы, оқиға барысы, сюжеттік желісі, кейіпкерлер арасындағы тартыста қарама-қайшылықтар кездесіп отырады. Аталмыш әңгімелерінде зұлымдық, жауыздық, озбырлық үстемдікке шығады. Бас қаһармандар қайғылы халге ұшырап, оқиға трагедиямен аяқталады. Жазушылық жолын драматургиядан бастаған және оны өнерінің өзге салаларымен қатар жарыстыра, өмірінің аяғына дейін дамыта жетілдіріп, құбылта құлпыртып әкелген Мұхтар Әуезов 1921 жылы Қорғансыздың күні әңгімесін жазды.
Қорғансыздың күні оқырманның көз алдына байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі баяндайды. Қорғансыздар тұрмысы неткен ауыр! Егер бүгінгілер өз отандастарының күні кешегі осы халін білмесе, қазіргі жайын да жете бағалай алмас еді. Бұл ретте Қорғансыздың күнінде зор тәрбиелік мән жатыр.
Әңгіме аса әсерлі табиғат суретінен басталады: С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында созылып жатқан көлденеңі он шақырымдай, бірақ ұзыны тәуір болғанмен енсіз кереге сықылды жалғыз жал. Не бауыр, не сыртында ықтасын жер жоқ. Арқалық жағадай жалғыз болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да панасы болмайды. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды [1, 5].
Жазушының даланы соншама қатігез етіп суреттеуі тегін емес. Қазақтың жадау күйін, оған жаны ашымастық қыстан жаман қысып жіберген хал-ахуалын бейнелеуге бұл сурет оқушыны даярлайтындай. Алыстан қарағанда да бұдыры жоқ жалаңаш, көруге аса көңілсіз Арқалықтың осы түрі оқырманды бірден-ақ бір түрлі оқыс, оқшау сезімге салып, сүреңсіз табиғаттың әлдеқандай бір беймәлім сырынан секем алғызады. Құлазыған құла тұз, жалаңаш жон, қаһарлы қыс, бұрқаған боран... Бұл өңірдегі табиғаттың осы көрінісінің өзі-ақ әлдебір жұпыны, жоқ-жітік халдің хабаршысындай адамға ауыр ой салады. Сонда бұл сурет тек қана табиғат көрінісі емес, сол кездегі заман сипаты, адам тағдыр-тірлігінің түрі тәрізденеді.
Күшікбай туралы аңыздан кейін әңгіменің негізгі арқауы басталып, өріле береді: қаңтар айының батар күні дүниені қызыл сәулесіне бөліп, тағы да оқырман көз алдына өзгеше сурет жаяды: Күнге жақын тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған темірдей қып-қызыл болса, одан алысырақ тұрғандары асыр нұрдың буын ғана жалатқандай. Бұл бұл ма, күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген, тіпті күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астында қызғылттанып көрінеді.
Енді міне, Күшікбайдан асатын қара жолдың үстінде Арқалықты бетке алып, қала жақтан бір пар атты келе жатыр. Жайдақ сары шанаға биіктеп салған жеңіл жүгі бар, жақсы киінген екі жігіт [1, 7]. Екі қоңыр аттың қажығандығын білдірмей көшір божы қаққан сайын ығыса жөнеліп, сар желіп келе жатқанын суреттеген жерлерді оқығанда, дәл осы шана үстінде бейне өзіңіз отырғандай боласыз. Қар үстінде жайлы жылжыған жайдақ шананы қос қоңырдың божы қағылғанда жылдам тартып, ызғыта бере жөнелгені соншалық түйсіндіреді. Мұндағы сурет те жадағай емес, дәл жазушы өзінің кенеулі ойын, керек суретін беретін орамдар мен детальдарды ғана таңдап алған.
Тегінде, шын мәніндегі нағыз үлкен талант өзінің өнер өрісінде жаттығу жасап, онша ұзақ күйбеңдейтін болса керек. Әуезовтің осынау алғашқы әңгімесінің өзінде өзгеге ұқсамайтын өзіндік мәнер-машығы бар; кібірткісіз көсіле жөнелген жорға қаламның ізі сайрап жатыр. Мұндағы шұрайлы тіл, шырайлы стиль, дараланған адам характерлері, нәзік лиризм, терең психологизм нәтижесінде, нақты әлеуметтік ортаның айқын сипатын беретін таза, мөлдір шындық Сәбит Мұқановтың дәл айтылған тұжырымын сөзсіз растайды: Қорғансыздың күні атты алғашқы әңгімесін Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерді [3, 255].
Әңгімені оқып шыққан оқушы үлкен ойға шомады. Бұл үйелмен ғана ма қорғансыз? Иісі қазақ қорғаны кім?, - деген сауалдар еріксіз мазалайды. Осындай үлкен мәселе көтерген жас жазушының кең құлашына, сезімнің, ойдың небір нәзік иірімдерін соншалық бай тілмен дөп басатын шеберлігіне қайран қаласың. Мұхтар Әуезов әңгімелерінен біз қазақ елінің сол кездегі хал-ахуалын айнадай көреміз. Ол айнадан алдымен қазақтың жабырқау жүзін көреміз.
Кім кінәлі? деген әңгіменің бас кейіпкері Ғазиза бойжеткен қыз. Ол атастырған күйеуіне тигісі келмейді. Өйткені Ісләм деген жігітіне ғашық. Ата-бабаларының дәстүрін бұзғаны үшін Ысмайыл ақсақал қызы мен әйелі Қалиманға қатты ашулы. Бірақ көшпенді жұртта әйелдің орны бөлегірек. Мұны жас жазушы айнытпай суреттейді. Қыздың өз тағдырын өз қолына алғысы келетіні көшпенді елдің ерекшеліктеріне байланысты еді.
Жазушының Кім кінәлі? әңгімесі көңілсіз аяқталады. Кінәлінің кім екендігін тек әрбір оқырман ғана анықтамақ. Байырғы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық туралы, адамдар арасындағы қым-қиғаш қайшылық, әйел басындағы ауыр хал, айықпас мұң, қайғы хақында жазушы сол жиырмасыншы жылдардың жемістері Қорғансыздың күнінен Қараш-қараш оқиғасына дейінгі екі аралықта тағы да бір алуан әңгімелер топтамасын жазды: Оқыған азамат, Қыр әңгімелері, Үйлену, Ескілік көлеңкесінде, Барымта, Кінәмшіл бойжеткен, Қаралы сұлу, Жуандық т.б. Өгейлік, өктемдік құрбаны болған қорғансыздар тағдыры бұл әңгімелерде де қатал реализм арнасында үлкен суреткерлік күшпен бейнеленеді.
Тақырыбы ортақ, сюжеті желілес осы әңгімелердегі ұнамды кейіпкерлерді бір жерге жисақ, бәрі қосылып, ескілік көлеңкесіндегі қорғансыздың аянышты ауыр халін әр қырынан әсерлі танытып қана қоймайды, сол ескіліктің еңбек адамдарын еркінен айырып, қараңғы қапас түнекте тұншықтырып абақты екенін, одан құтылудың жолы біреу-ақ, ол тек қана азаттық үшін айқас екенін аңғартады. Бұл, әрине, "Шыншыл суреткердің шындықты шынайы суреттеуінің күші деп білген жөн [2, 250], - дейді академик Зейнолла Қабдолов. Десек те, дәл осы арада сыншыл реализм әдісінің осындай күштілігімен қатар осалдығы да ап-анық көрініп тұр: осынау зәбір көргендер мен жапа шеккендер қанаушылар қиянатына қанша ашынғанмен, кейде тіпті ашуға мінгенмен, оларға қарсы бел шешіп күресе алмайды: бас кейіпкерлердің бәрі дерлік өз қарсыластарымен батыл тіктесе алмай, көбіне құлап түседі, өздерін құрбандыққа береді. Трагедия - драматургияның қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы, қат-қабат өмірдің объективті қайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі тұлғаның қайғы-шері, мұң-ызасы эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен оқырманға (көрерменге) берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сұрапыл шындықтарын айқара ашып, қопара бейнелейтін іргелі жанры [4, 38], - дейді академик Рымғали Нұрғали. Әрине қалыпты өмірдің өзіндік тілек, талап, шарттары мен тарихи, трагедиялық тұлғаның мақсаты арасындағы күрес, конфликт, тартыс атаулының әр қоғамда, әр дәуірде, әр әлеуметтік, ұлттық ортада сан алуан форма, көрінісін тудыруы - объективті заңдылық.
М.Әуезовтің алғашқы кезеңдегі жазылған әңгімелерін көтерген проблемасы жағынан профессер Ә.Қоңыратбаев 4 салаға бөледі. 1.Интеллигенция тақырыбы; 2. Қазақ қызы мен оқымысты проблемасын сөз ететін шығармалар; 3. Әйел мәселесі; 4. Езілген шаруа тақырыбы.
Оқыған азамат (1923), Кінәмшіл бойжеткен (1925), Сөніп жану (1923) деп аталатын әңгімелер тақырыбы қазақтың болашағынан дәметкен ізденістерге толы. Оқыған азамат әңгімесінің оқиғасы негізінде қалада болады. Аурудан қайтыс болған Мақсұт деген жолдасының Хадиша деген әйелін алған Жұмағұл тек жолдасының әйеліне ғана ауыз салып қоймайды. Келе-келе ашкөзденіп кешегі жолдасы Мақсұттың үйіне оның мұрасына қол сұғады. Мақсұттың жесірі Хадиша да Жұмағұлдың өзіне сай дүниеқоңыздың дертіне шалдыққан жан. Тойымсыздық пен ар-ұяттан безген Хадиша мен Жұмағұл кешегі ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әлем әдебиеті Мұхтардың шығармалары арқылы ұлы
М.Әуезов өмірінің шығармашылығына әсері
М. Әуезов әңгімелеріндегі тақырып пен идея
Мұхтар Әуезов – балалар жазушысы
Мұхтар Әуезов шығармаларын интерактивті әдістер арқылы оқыту әдістемесі
Мұхтар Әуезов әңгімелерін орта мектептерде оқыту әдістемесі
Мұхтар Әуезов шығармаларының ерекшелігі мен орта мектепте оқытылу мәселелері
МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ӘҢГІМЕ ЖАНРЫН ОҚЫТУ
Әдебиетте әңгіме жанрының оқыту маңызы
Әңгіме жанрының ерекшеліктері
Пәндер