Біржан мен Сара айтысының шындығы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 25 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны
Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .3
І тарау. Біржан мен Сара айтысының тарихи маңызы ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... 6
ІІ тарау. Біржан мен Сара айтысының шындығы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .8
ІІІ тарау. Ыбырайым Мамановтың Біржан мен Сара жөніндегі сауалнамасы ... ... 18
Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .26
Пайдаланылған әдебиеттер ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 28

КІРІСПЕ

Біржан-Сара айтысы төңірегіндегі дау - өткен ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейін бітпей келе жатқан мәселе. Айтыстың ақиқаты бір ғасырдан астам уақыт бойы қазіргі таңға дейін шешілмеген жұмбақ болып келе жатыр. Біржан-Сара айтысы шын мәнісінде болды ма?, Бұл айтыстың авторы - Әріп Тәңірбергенов деген шындық па? деген сұрақтарға өздігінше жауап бермеген ғалым кемде-кем. Бір ғалымдар тобы айтыс тарихта болды десе, екінші тобы айтыс болмаған, айтысты Әріп өз ойынан құраған деседі. Тіпті бір топ ғалымдар - Біржан мен Сара айтысқан, алайда біршама уақыт өткеннен кейін Әріп қағаз бетіне түсіріп, жариялаған деген тұжырымдарды ұстанады. Осы даудың ақ-қарасын ажырату мақсатында Қайым Мұхамедхановты тер төккен. Оның 1959 жылы Жұлдыз газетіне жариялаған Б.Кенжебаевпен бірігіп жазған Біржан-Сара айтысының авторы кім? , 1995 жылы жарық көрген Абайдың ақын шәкірттері атты кітабында да ұсынған тұжырымдары бар.
Біржан-Сара айтысы жайында Қайым Мұхамедханұлынан бөлек, Жамбыл ақыннан бастап, І. Жансүгiров, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, І. Омаров, Б. Кенжебаев, Қ. Мұхамедханов, Н. Баймұратов, Т. Қалилаханов, С. Қайнарбаев, Ө. Есназаров, Ш. Ахметов, Е. Ысмайлов, М. Имашев тағы басқа әдебиет өкілдері тыс қалмаған. Мұндай әдебиет тарихына есімі алтын әріппен жазылған ғалымдардың зерттеу жұмыстарына баға беріп, сүзгіден өткізуге дәрежеміз жетпегені анық. Алайда, ғылыми жұмыстың мақсатына жету жолында екі тараптың ой-пікірін саралап, Қайым осы тараптағы еңбегі қаншалықты шындыққа жанасатыны жайлы тұжырымымызды беруге бел байладық.

Ғылыми жұмыстың өзектілігі: аталмыш айтыс мәселесі барысында елуден артық ғалымның айтыс жөніндегі көзқарасымен таныстым. Бірден аңғаратыны - екі тараптың қатып қалған ұстанымдары бар. Яғни, айтыс болды деушілер Жүсіпбек Шайхисламов Сараның өз аузынан қағазға түсірді десе, екінші бір топ Айтысты жазған - Әріп ақын деген қатып қалған қағида. Даудың шешімін таппай келе жатқандығының да басты себебі, осы - бірін бір естімеу. Біздің мақсатымыз осы мәселенің күрмеуін шешіп, өз тұжырымымызды ұсыну.
Ғылыми жұмыстың мақсаты: Біржан-Сара айтысының ақиқатын анықтау.
Ғылыми жұмыстың міндеттері:
oo Біржан-Сара айтысының тарихи маңызын саралау;
oo Біржан мен Сара өміріне байланысты хронологиялық деректерді салыстыру;
oo Біржан-Сара айтысы жөнінде тарихи ақпараттарды жинастыру;
oo Әріп ақынның бұл айтысқа қатысын анықтау;
oo Ыбырайым Мамановтың жүргізген сауалнамасын саралау;
oo Өз тұжырымымызды ұсыну.

Ғылыми жұмыстың жаңалығы: ғылыми жұмыстың мақсатына жету барысында айтыс жайлы тың ақпараттар ұсынылады. Айтыстың авторы - Әріп ақын екендігі анықталады.

І ТАРАУ. БІРЖАН МЕН САРА АЙТЫСЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ

Біржан мен Сара айтысы - өзінің құрылысы мен мазмұны жағынан болсын, көркемдігі жағынан болсын, қазақтың ақындар айтысының ішіндегі үздігі. Біржан мен Сара айтысы айтыстың екі түрін де (қыз бен жігіт айтысы, ақындар айтысы) толық қамтиды. Бір жағынан, бұл шаршы топта сөз таластырған саңлақ ақын жігіт пен шешен ақын қыздың дарынды айтысы болса, екінші жағынан, ру атынан сөйлейтін екі ақынның да айтысының үлгісі болып саналады.
Біржан да, Сара да - көпке мәлім, тарихта белгілі адамдар. Біржан сал Қожағұлұлы бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында 1834 жылы туып, сол жерде 1897 жылы қайтыс болған. Біржан жас шағынан әнге, өлеңге әуестенеді. Өнер жолына түскен табиғи талант иесі көп ұзамай-ақ, әнші ақын, сал Біржан деген атаққа ие болады. Ел аралап, ән салып, айтысқа түсіп, ойын көркі, той көркі атанады. Арқаның ардагер әнші-композиторлары Жарылғапберді, Ақан, жаяу Мұса, Балуан Болақ, Естай сияқты өнерпаздар Біржанның әншілік мектебінен шыққан. Біржан көптеген ән шығарды. Оның Көкшетау, Жанбота, Ләйлім шырақ, Адасқақ, Жамбас сипар сияқты әндері - қазақ музыка мәдениетінің алтын қазынасына қосылған үздік туындылар.
Біржанның басқалардан ерекшелігі - ол жай ақын ғана емес, сонымен бірге әнші де. Оның даңқы - әуелде әнмен жайылған адам. Бірақ ол - әнді әрі шығарушы, әрі тамаша орындаушылығымен қатар, әніне лайық сөз өрнегін, бояуын таба білген ақын да. Біржан мен Сара айтысындағы асқақ, өр сөздердің түп-тамыры да осы қысқа-қысқа ән мәтіндерінде жатыр. Біржанның Сарамен айтысы - бүкіл халық игілігі, халықтың тамаша сүйсініп тыңдайтын өлеңі болады.
Сара Тастамбекқызы бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. Тұрмыстан туысымен таяқ жедім деген Сара жастайынан әкесі қайтыс болып, жоқшылық тақсіретін тартады. Ән мен күй, асқақ жыр өнерлі Сараны ынтықтырып, оны өз биігіне бастайды. Сара талай белгілі ақындармен сөз сайысына түскен, талай жүйріктерге алдырмаған.
Біржан мен Сара айтысының тақырыбы - әйел теңдігі. Айтыста феодалдық заманның қатал да ащы шындығы бейнеленген. Қазақ әйелдерінің аянышты, қайғылы халі суреттелген. Қалың мал - қазақ әйелдерін шырмаған ескіліктің мықты торы, айтыста сол қырсықты ескі әдет-ғұрыпқа, салт-санаға наразылық білдіріледі. Біржан Сараның осындай аянышты халіне күйінеді. Ақын қыз сол кездегі әйелдердің ауыр тұрмысын, әйелді тұтқын еткен дін тұзағына да наразылығын білдіреді.
Айтыстың негізгі өзегі әйел бостандығы болса да, мұнда айтыстың дәстүрлі әдісі бойынша, өз рубасыларын, би-болыстарын дәріптеу, мадақтау сияқты қайшылықтар да кездеседі. Соның өзінде де Біржан сөздерінде жаңа бағытқа аз да болса талпыну бары байқалады.
Халық айтыстары, негізінен, екі ақынның бір-бірінің қай жағынан болсын кемшілігін табуға құрылады. Бұл әдіс Біржан мен Сара айтысында да бар. Біржан Сараны сүріндіру үшін оның күйеуінің нашарлығын тілге тиек етеді. Ақыры, сол Жиенқұлдың айналасынан ұзатпай, Сараны жеңеді.
Екеуі де айтыста өздерінің адамгершілік, ақындық сипаттарымен көрінеді. Біржан да, Сара да - үздік өнер иесі. Бір-бірінің бойындағы осы қасиеттерді қапысыз тани біледі. Өлшеусіз талант, әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері - өзінің көркемдік жағынан бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан, көркемдік, сұлулық жағынан да қазақ әдебиетінің төрінен орын алады.

ІІ ТАРАУ. БІРЖАН МЕН САРА АЙТЫСЫНЫҢ ШЫНДЫҒЫ

Бұл тақырыпқа алғаш көзi түскен адам: Жындының сандырағы деп таңданып қалуы да ғажап емес. Бiрақ бұл таңқаларлықтай тың дүние емес. Уақыттың ағымымен кез келген ғылым саласында елеулі өзгерістер болып, ескінің орнын жаңа басып жатады, көнеден келе жатқан қателіктердің орнын ақиқат басады.Сол секілді әдебиетте қайта таразылауды, түзетудi тiлейтiн, әлi күнге дейiн өз шешiмiн таппай келе жатқан нәрселер аз емес. Осындай, кезiнде терiс таңылып, қисық бiткен мәселенiң бiрi - Бiржан-Сара айтысы.
Бiржан-Сара айтысы туралы шындыққа көз жеткiзу үшiн асқан ғұлама болудың қажетi шамалы, бәрі айдан анық. Алайда, бір ойды ұсынғаннан кейін оны дәлелдеу - кез келген ғылым сүйенетін принцип. Әдебиеттен азды-көптi хабары бар, көзқарақты адам айтысты асықпай зер салып оқып шықса, оның әртүрлi сарындағы екi ақынның асығыста ала-құла айтылатын сөз қағысы емес, көп дайындықтан, ұзақ толғаныстан кейiн, бiр тыныс, бiр стильде қағазға түскен, бiр ғана ақынның тұтас туындысы екенiне шәк келтiрмейдi. Бiрақ, соған қарамастан, қырқыншы, елуiншi жылдары әдеби қауым арасында: Бiржан мен Сара айтысты ма, айтыспаса ол жырды кiм шығарды? деген мәселе төңiрегiнде ұзақ-сонар пiкiр таласы болған. Ол кезде де тарихта ондай кездесудiң болмағанын, айтысты Бiржан мен Сараның атынан Әрiп Тәңiрбергенов шығарғанын дәлелдеп айтқандар болмады емес, болды. Бiрақ өтiрiктiң тасы өрге домалап тұрған заманда шын сөзге ешкiм құлақ аспады. Бiреулер: Бiржан мен Сара пәленбайыншы жылы Жетiсу жерiнде кездесiп, айтысыпты деген мифтi қолдан жасап алды да, жырды шығарған авторды өз еңбегiнен бөлiп тастады. Сөйтiп, әдеби өмiрде көпе-көрiнеу тағы бiр қиянатқа жол берiлдi.
Менің түсінігімде Біржан-Сара айтысының авторы - Әріп ақын. Бұл ойдың келуіне зерттеу жұмысым әсер етті. Ең алдымен ойымды түбегейлі бұрған ғалым - Қайым Мұхаметханов. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында белгiлi ғалым Қайым Мұхаметхановтың Абайдың ақын шәкiрттерi атты үш кiтаптан тұратын зерттеу еңбегi басылып шықты. Кешiгiп жарық көргенi болмаса, бұл Қайым ағамыздың жарты ғасырдан берi үздiксiз зерттеп келе жатқан төл тақырыбы. Бейнет түбi - зейнет деген рас екен. Бiр кезде Алашордашыларды дәрiптегенi үшiн талай таяқ жеп, қуғын көрген ғалымның сол еңбегi қазiр Абайтануға қосылған үлкен үлес, тың жаңалық болып отыр. Бұл кiтаптарда Абайдың өз ұрпақтары: Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкiтай, Әубәкiр шығармалары, Абайдың ақын шәкiрттерi: Әрiп, Көкбай, Әсет, Уәйiс, Мұқа мұралары жан-жақты талданып, олардың бұрын еш жерде жарияланбаған жыр-дастандарына мол орын берiлген. Үшiншi кiтаптың тең жарымы Әрiп Тәңiрбергенов өмiрiне арналған десе де болғандай. Бiз бұл сапар Мұхаметханов еңбектерiн тұтастай талдап, саралауды әдебиетшiлердiң үлесiне қалдырып, ғалымның тек Әрiп шығармаларына, оның iшiнде өзiмiзге қозғау салған Бiржан-Сара айтысына қатысты пiкiрлерiне ғана тоқталамыз.
Зерттеушi бұл еңбегiнде бүгiнге дейiн өз бағасын ала алмай келе жатқан Әрiптiң ақындық өнерiне жан-жақты талдау жасап, оның Абай шәкiрттерiнiң iшiндегi ең көрнектiсi болғанына нақты деректер келтiредi. Әрiп - жай талант иесi ғана емес, мұсылман медресесiнде оқыған, сонан соң Семей қаласындағы училищенi орысша үздiк бiтiрген, өз заманының аса бiлiмдi адамы. Ол араб, парсы, орыс, қытай тiлдерiн жетiк меңгерген кiсi. Абай өлген соң арттағы жас қауым ендiгi жерде Әрiптi ұстаз тұтқанын көремiз. 1924-жылы Әрiп қайтыс болғанда, оның шәкiрттерi көптеген жоқтау өлеңдерiн шығарып, ақын есiмiн құрметпен еске алады. Медреседе Әрiптен тiкелей дәрiс алған Шұғыбан Қауметов:
Абайдың iзiн басқан данышпаным,
Аянбай надандықпен алысқаным,
Орыс, қытай, арабтың тiлiн бiлiп,
Ғылымның шыңына өрлеп ғарыштадың, -
деп жоқтаса, сол кезде жиырмадан жаңа асқан жас перi Шәкiр Әбенов:
Шөктiң бе, бес Байыстың шөңгел нары,
Қайғыңа ортақ болды жас пен кәрi.
Ғылымнан он екi пән хабардар боп,
Кеудеңе түсiп едi күн дидары.
Өнерге қолың создың бала жастан,
Қорытқан құрыштай боп қара тастан.
Батыс пенен шығысқа қанат жайып,
Бүркеген надандықтың бетiн ашқан, -
деп көсiлген екен.
Мұхаметханов, осылайша, Әрiптiң өзге ақындардан мойны озық, өте дарынды, бiлiмдар адам болғанын жан-жақты сипаттай келiп, Бiржан-Сара айтысына тоқталады да, оны басқа емес, Әрiп шығарғанына бұлтартпас дәлелдер келтiредi. Жалпы, Бiржан мен Сара Жетiсу өңiрiнде жолығып, айтысты дейтiндер тарихи фактiлердi белiнен басып, ғылымға көрнеу зорлық жасағаны болмаса, екi ақынның жас мөлшерi, өмiр сүрген жылдарының өзi-ақ бұл жорамалды жоққа шығарады.
Мәселен, Бiржанның туған, өлген жылдары туралы кезiнде С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, Е.Ысмаилов сияқты ғалымдар түрлiше пiкiр айтып келгенiмен, ең соңында зерттеушiлер: Бiржан 1834-жылы туып, 1897-жылы 63 жасында қайтыс болды деген ортақ түйiнге тоқтағаны мәлiм. Ал, ақын Сараға келсек, қазақ энциклопедиясының оныншы томында: Сара Тастанбекқызы 1878-жылы туып, 1916-жылы 38 жасында қайтыс болды деп ап-анық жазылған. Әзiрше бұл фактiге күмән келтiрген ешкiм жоқ. Осыған орай, Талдықорған жұртшылығы 1978-жылы Сараның 100 жылдығын, 1993-жылы 115-жылдығын атап өттi.
Ал айтыстың өз тексiне жүгiнсек, ақындар кездескенде, Бiржан 37 жаста (Екi жыл отыз беске келгенiме), Сара он жетiде (Сол кезде он жетiде ақын Сара). Бiржанның жасымен есептесек, екеуi 1871-жылы (1834 + 37 = 1871) кездескен болады. Ал Сараның жасы бойынша, айтыстың өткен мерзiмi 1895-жылға (1878 + 17= 1895) тура келедi. Бiрақ бұл екi жоба да айтыстың болғанын терiске шығарады. Өйткенi айтыс 1871-жылы болды дейiн десең, ол кезде Сара әлi жарық дүниеге келмеген. Ал, 1895-жылға тоқтайын десең, Бiржан ол кезде 37 емес, 61 де. Сонау Көкшетаудан Жетiсуға Сараны iздеп келiп айтыспақ түгiл, соңғы бiрнеше жылда ауыр науқасқа шалдығып, бiлегiне арқан батып жатқан кезi. Бұл туралы Бiржанның өзi:
Саясы кем болады қу қайыңның,
Жiгiтке керегi не уайымның.
Келгенде алпыс жасқа қонды қонақ,
Бiлмеймiн не қыларын құдайымның [5], -
деп анықтап айтып кеткен. Бiржан мен Сара айтысқан деп тiзеге салушылар жан-жақты терең зерттеуге бармаса да, тым құрыса жоғарыда келтiрiлген қарапайым арифметикаға жүгiнбегенiне таң қаласың. Зерттеушiлер Әрiпке қырын келiп отырған заман ауқымын байқаған да, айтыс болды деп қаулы шығара салған.
Тегiнде, Бiржан сал өзiнiң ән-өлеңдерi мен кейбiр көңiл күй толғауларын шығарғаны болмаса, эпикалық үлкен дүниелер жазбаған, аламан айтыстарға қатыспаған адам ғой. Сара да солай. Егер ақын Сара он жетi жасында Бiржанмен тiресiп, анадай ғажайып жыр тудырған болса, сонан кейiн де сол теңдес талай айтысқа қатысар едi ғой. Алайда ол кездегi тiзгiн ұстаушылар мұндай жәйттерге назар аудармаған. Ал Әрiп болса - айтысқа келгенде шашасына шаң жұқпас нағыз жүйрiктiң өзi. Ол айтыс өлеңдерiн қолма-қол суырып салып та, жазып та шығарған. Әрiптiң өмiр бойы Көкбаймен, Әсетпен сөз қағысып өткенi, Боранбай, Қуанышбай сияқты ақындармен жазып айтысқаны белгiлi. Ал оның айтыс түрiнде жазылған Тәуке-Ұрқия дастаны стиль, сөз қолданысы, ру намысын көтермелеуi жағынан Бiржан-Сараға сондай ұқсас. Бiрақ бұл шығармаларды ешкiм де салыстырып жатпаған.
Байыптап қараған кiсiге, Бiржан-Сараның сюжеттiк құрылысының өзiнен-ақ шығарманы айтыскерлер емес, үшiншi бiр адамның жазғаны ап-анық көрiнiп тұр. Автор ең алдымен айтыстыратын ақындарын былайша таныстырып алады.
Қызы екен ақын Сара Тастанбектiң,
Жақыны заты Найман Есiмбектiң.
Сауық қып Садыр, Матай жиылысып,
Ауылына алдырыпты Тұрысбектiң.
Аулына Тұрысбектiң Сара кептi,
өлеңдi жүндей сабап дүрiлдеттi.
Сол кезде он жетiде ақын Сара,
Жел сөзге адам болмас одан ептi[7], -
деп Сараны көкке көтере дәрiптеп, көз алдыңнан өткiзсе, одан ары:
Сараның атын бiлген Арғын, Найман,
Шыққан жүйрiк Аталық, Қаптағайдан.
Баласы Қожағұлдың серi Бiржан,
Сараны iздеп кептi әлдеқайдан[7], -
дей келiп, Бiржанның қасындағы оншақты жолдасымен Сараның елiне қалай жеткенi, екеуiнiң Тұрысбек қажының ауылында қалай кездескенi баяндалды. Кәдiмгi қисса-дастандарда ұшырасатын авторлық баяндау. Бұл - әсiлi, Әрiп және Әсет сияқты дастаншыл ақындарға тән қасиет.
Сонан соң, Бiржанның руы Керей бола тұра, оның Арғын атынан сөйлейтiнi, Сараның руы Матай бола тұра, оқиғаға тiкелей қатысатын Маман, Тұрысбек, Есiмбектерден басқа өз руының бiрде-бiр адамын ауызға алмай, кiлең Әрiппен рулас Қаракерейден шыққан тұлғаларды мақтайтыны да көңiлде көп сұрақтар туғызса керек едi. Бiрақ, амал не, мұндай маңызды жайларды ескеруге де ол кездегi адамдардың мойны жар бермеген.
Олай болатыны, бiзде соңғы кезге дейiн мынадай бiр қатып қалған ұғым белең алып келдi. Айтыс десе болғаны, оны мiндеттi түрде екi ақынның топ алдында қолма-қол суырып салып айтқаны деп түсiнiп келдiк. Егер Бiржан мен Сара кездеспесе, бұл айтыс қайдан шықты дедiк те, екеуiн қалайда жолықтырудың амалын қарастырдық. Бiржан-Сара секiлдi терең мазмұнды, әрi соншалық көркем, айшықты теңеу, эпитеттерi мол, көп адамдардың есiмi аталатын көлемдi дүниенiң табан астында шықпайтыны, тiптi солай айтылады деген күннiң өзiнде, оны қаз-қалпында есте сақтау мүмкiн еместiгi ешкiмдi ойландырмаған. Сол кезеңде әдебиет теориясының негізін қалап жүрген ғалым Ахмет Байтұрсынов Әдебиет танытқыш еңбегінде айтыс жайлы былай дейді:
Айтыс бастапқы кезде шын мәнiнде екi ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде ақындар айтысты өз жанынан шығаратын болған. Яғни екi ақынның айтысқаны қылып, екi жағының да сөзiн өзi шығаратын болған. Сөйтiп, айтыс шын айтыс емес, тек шығарманың түрi болуға айналды. Адамның, елдiң, яки бүкiл жұрттың келiссiз iстерiн, мiнездерiн, пиғылын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзi қылып шығаратын болған дептi ұлы ғұлама. Бұл сөздер тура Бiржан-Сараға қаратып айтылғандай. Соған қарағанда, Ахметтің бұл айтыстың қалай туғанын, жазылу мәнiсiн жақсы бiлгенiнде күмән жоқ.
Зерттеушi Мұхаметхановтың Бiржан-Сара айтысының қашан шыққаны және не себептi жазылғаны жайында келтiрген дәлелдерi де талас тудырмайды. Айтыс 1890-жылдар шамасында шықты деген болжамы да көңiлге қонарлық. Өйткенi, Әрiптiң Бiржан-Сарасы Абайдың Мен жазбаймын өлендi ермек үшiн деген өлеңiне жауап ретiнде, ет қызумен, iле-шала шыққан ғой. Ал Абай өлеңiнiң 1889-жылы жазылғаны белгiлi. Ендеше Айтыстың туған, тараған мерзiмi 1890-1891 жылдардың төңiрегi деуге әбден болады. Екi жыл отыз беске келгенiме деп Бiржан аузынан айтылатын отыз бес - бiздiңше, 1856-жылы туған Әрiптiң өз жасы. Ал, Сара бұл кезде он жетiге келiп отырса, оның туған жылы сәл ары, 1873 болуы да ғажап емес.
Ал айтыстың жазылу себебiне келсек, Абай жоғарыда аталған өлеңде Мұнда жоқ алтын иек, сарыала қыз деп, Әрiп шығармаларындағы шығыс поэзиясынан жұққан басы артық бояуларды қатаң сынаған болатын. Сол өлеңде ондай сындар Шәкәрiм мен Көкбайға да айтылған. Соңғы екеуi ащы сынды iнiлiкпен көтередi де, Әрiп оны басқаға жорып, ер-тоқымын бауырына алып шамданады. Сөйтiп, ұстаз бен шәкiрт арасына осылайша алғаш рет сызат түседi.
Әрине, мұндайда Тобықты мен Сыбан арасындағы ежелгi iрге жаулық та әсерiн тигiзбей қойған жоқ. Бұрыннан берi-ақ Арғын мен Найман, Тобықты мен Сыбан арасындағы бәсеке Әрiп пен Көкбайдай ақындардың сөз жарысына арқау боп келе жатса, Бiржан-Сарада бұл тақырып өзiнiң шырқау биiгiне жетедi... Тегiнде, Әрiп - Тобықтыға жиен, көкше Қаратайдың қарындасынан туады. Сондықтан да ол Тобықтының iшкi өмiрiн, ру арасындағы қақтығыстарды жақсы бiлген. Семейде тiлмаш болып жүргенде, Тобықтының кей iстерiне араласқан да кезi бар. Құнанбай әулетi Жiгiтектiң Базаралы, Балағаз бастатқан он жетi адамын Сiбiрге айдатқанда, Әрiптiң Жiгiтек жағында болғаны белгiлi. Базаралы айдаудан оралғанда әдейi алдынан шығып, оған арнап шығарған өлеңi де бар... Бiржан-Сарада Сараның аузымен айтылатын:
Ант ұрған аты құрсын Абай деген,
Жылатты мұсылманды талай неген.
Болғанда қасиеттi жақсы кiсi,
Қасқырдай өз күшiгiн қалай жеген? -
дейтiн жолдар басқа емес, жаңағы айдауға кеткен Жiгiтек кiсiлерiн меңзеп отыр. Айтыста Тобықты жуандары қатарында Абай атына да ащы сөздер айтылады. Мұны - Әрiптiң Абайдан бiржола безiнуi емес, ру намысына бой алдырған бiр тұсы, немесе азуы шығып қалған ақынның ұстазға жон көрсетуi деп ұғынуымыз керек.
Әрiптiң Бiржан-Сараны шығаруына түрткi болған бiр себеп - жоғарыда айтылғандай, ру арасындағы бәсеке болса, екiншi себеп - Сараны көкке көтере дәрiптеу, ақынның өз қолы жетпеген, сүйгенiне қосыла алмаған Сарадай арудың мұңын айтқызу екенi айдан анық. Олай дейтiнiмiз: Әрiп пен Сара - жай таныс-бiлiстер емес, бiрiн-бiрi шын сүйген ғашықтар. Әрiп Қапал уезiнде тiлмаш боп тұрғанда, Сарамен сан рет кездесiп, көңiл жарастырғаны мәлiм. Ақынның бұл кездегi жүрек сыры Сараға деп аталатын ұзақ толғауында шынайы көрiнiс тапқан.
Жар тұттым әуелден-ақ өзiме арнап,
Нәзiк бел, қиғаш қасты, қалам бармақ.
Жiгiтке ләзiм едi iздемегi
Ал жарға уақып едi күтiп алмақ.
Жаманға жақсы тұрып көзiн салса,
Жiгiттiң сонан едi көңiлi қалмақ.
Әншейiн анау-мынау сүймесiңдей
Жiберген емес едiң сөзбен алдап, -
деген жолдарға қарағанда, екеуi махаббат айдынында бiраз уақыт тербелген тәрiздi. Осы өлеңге жазған Сараның жауап хаты да бiздiң болжауымызды растай түседi.
Толғанып терең ойға баттым, ағай,
Бiр таңға көз iле алмай жаттым, ағай.
Жаралы жүрегiме от боп тидi,
Әр сөзi сiздiң жазған хаттың, ағай.
Сөзiм жоқ жалғыз ауыз қарсы қояр,
Әр сөзiң ем секiлдi дерттi жояр.
Қорғаған бұтағымен бәйтерек ең,
Қай жағынан болса да көңiл тояр, -
деген сөздерден Сараның да Әрiпке зор сенiм артқанын, жоғары бағалағанын көремiз. Айтпақшы, жоғарыдағы толғаудың бiр жерiнде Әрiп өзiнiң Сараға арнап кiтап жазғанын еске салады.
Жасты көз, жылаулы сөз ғарiп едiм,
Ғамкiн көз әр тарапқа жаутаңдаған.
Шығардым мен кiтап қып әзiл үшiн,
Сорлымын арманымды тауыса алмаған...[8]
Осындағы кiтап шығардым деп отырғаны Бiржан-Сара айтысы екенi айтпаса да түсiнiктi. Бұл шығармаға Сара да үлкен мән берiп, Әрiптi өмiр бойы мақтаныш тұтқаны байқалады. Ақын апамыз Қош бол, елiм деген соңғы өлеңдерiнiң бiрiнде:
Дәм татқан қадiрлi елге тартып бұйрық,
Осы бiр он ауыз сөз менен сыйлық.
Хикая кiтап жазып бере алмадым,
Әрiптей болмаған соң хатқа жүйрiк,[8] -
деген жолдарды Сара, бейне, өзi туралы кейiн талас пiкiрлер туатынын сезiп, әдейi жазғандай әсер қалдырады.
Абайдың көзi тiрiсiнде-ақ, Арқа мен Жетiсу жерiне тарап кеткен бұл айтысты Әрiп шығарғанына кезiнде ешкiм шүбә келтiрмеген. Бұл орайда, 1940-жылы Семейдiң Екпiндi газетiнде басылған Әрхам Кәкiтайұлы Ысқақовтың естелiгi көңiл аударарлықтай: Бiржан-Сара айтысы ерте кезде шыққан едi. Абайдың да тiрi кезi. Бұл айтысты Әрiп шығарғаны анық дескен болатын дейдi Абайдың немере iнiсi. Тобықтыға, оның iшiнде Құнанбай әулетiне тiл тигiздi деп, бұл ел қатты дүрлiгедi. Ру намысына шапқан Тобықтының Қуанышбай деген ақыны Әрiпке өлеңмен хат жолдайды.
Әрiпке сәлем айттым үш қайтара,
Айтысты деп оттапсың Бiржан-Сара,
Басыңда байлауың жоқ бiр ант едiң,
Сайтан болып кетерсiң бара-бара, [8] -
деп басталатын ұзақ өлеңде Әрiптiң өзiн де, елiн де жамандап, жер-жебiрiне жетедi... Әрiп те есесiн жiбермеген, Қуанышбайдың өлеңiне қолма-қол жауап қайтарған.
Елiмсiң естiмеген, сақ-тоғалақ,
Салған ба сөзге құлақ ит сұғанақ.
Мен дадаң Қуанышбай депсiң өзiң,
Кiм едiң сен албасты доп-домалақ?[8] -
деп Қуанышбайды бiраз жерге апарып тастайды да, Абайға тiл тигiздiң деген мәселеге келгенде:
Абайды ұнасады мақтағанға,
Болат қой екi дүздi сақтағанға.
Алтынға дым тигенмен қараймайды,
Жұдырық қан артынан боқтағанға,[8] --
деп, Абайдай асылдың анау-мынау сынға мұқалмайтынын айтады. Байқайсыз ба, ағайынның қанша өкпе-наласына қалып отырса да, Әрiп: айтысты мен жазбадым деп ақталмаған.
Қуанышбай ақынның жаңағы өлеңiн 1933-жылы Абайдың толық жинағына берген мақаласында Iлияс Жансүгiров те пайдаланған екен: Бiржан сал мен Сараның айтысын өлең қылатын Найманның Әрiп тiлмашы Сараға Құнанбай ауылын жамандатады... Әрiптiң Бiржан сал мен Сараның айтысын сырттан жазып, жанынан өлең шығарғанына қарсы тобықтының Қуанышбай ақыны мынадай өлең жазыпты деп Iлекең жоғарыдағы өлеңдi түгел келтiрген. Демек, Сараның ауылдасы, көзi тiрiсiнде онымен талай рет жүздескен, Жетiсу өңiрiндегi тарихи оқиғаларды өте жақсы бiлетiн Iлияс Жансүгiров те Бiржан-Сара айтысын Әрiп шығарғанына еш күмәнданбаған.
Зерттеушi Мұхаметханов өз кiтабында Әрiптi көзiмен көрген, оның алдынан дәрiс алған, жырларын жаттап өскен бiраз ақындардың естелiктерiн келтiрiптi. Мәселен, Төлеу Көбдiков, Нұрлыбек Баймұратов, Қуат Терiбаев, Сапарғали Әлiмбетов, Шұғыбан Қауметов, Шәкiр Әбенов, Сәду Машақов сияқты ақындар Бiржан-Сараны өмiр бойы Әрiп шығармасы деп санап келгенiн бiрауыздан атап өткен. Олардың бәрiн тiзiп отыруға мүмкiндiк жоқ. Әйтсе де, осы тұста ұлы жырау Жамбылдың естелiгiн келтiре кеткенiмiз жөн болар.
Қайым Мұхаметханов 1940-жылы Әрiп шығармаларын кiтап қып бастыру мақсатымен Алматыға келiп, бiраз уақыт аялдайды. Бiр күнi Ғали Ормановпен жолығып қалады да, бұл кiсi де Сараның ауылдасы ғой деп, Бiржан-Сара айтысы туралы пiкiрiн сұрайды.
- Бiржан мен Сара айтысқан емес, айтысты деген бос сөз. Оларды айтыстырып жүрген - Әрiп ақын ғой. Әрiптi Жамбыл да бiледi екен, әңгiме арасында айтып отырады, - дейдi Ғали.
Ғали Орманов - ол кезде Жамбылдың хатшысы. Мұхаметханов әлгi сөздi естiген соң Ғалиға жабысып, Жамбылдың естелiгiн өз аузынан жазып берудi өтiнедi.
- Жарайды. Бiр-екi күнде өзiм де Жамбылға барайын деп отырмын. Барған соң әңгiме қозғап көрейiн, - дейдi Ғали да қарсы болмай.
Арада он шақты күн өткенде, уәдесiнде тұрған Орманов Жамбылдың естелiгiн Мұхаметхановқа табыс етедi. Ұлы жырау Жамбылдың аузымен айтылып, қазақтың үлкен ақыны Ғали Ормановтың қолымен көшiрiлген сол естелiк қазiр де ғалым архивiнде сақталуы. Оның мазмұны мынадай:
Онда Жамбылдың 45-46 жастардағы кезi екен. Осы Ұзынағашта бiр топ бар деген соң, мен де бардым, - дейдi Жамбыл. - Алматыдан да жiгiттер келiптi, солар жатқан үйге түстiм. Бiлiмдi, беделдi жiгiттер екен... Жұрт қолқалаған соң азырақ өлең айттым. Қонақтардың iшiнде бiр қызылшырайлы, сары жiгiт менiң сөзiме ден қойып отырған тәрiздендi. Даң-дұң басылған соң, бiреулер Бiржан мен Сараның айтысын сөз қылды. Бiрер ауызын жатқа айтысты. Осы өлеңдi шығарған Әрiп ақын мынау болады дедi Сейiт деген жiгiт. Әлгi қызылшырайлы, сары жiгiт - Әрiп екен. Алматыда қызмет iстейдi екен өзi... Сөз әлпiне қарағанда, бұл да бiр кесек ақын-ау деген ойға келдiм. Таныса жүрейiк деген соң, сол топқа өзiм мiнiп барған жақсы ерiмдi бердiм оған. Бұдан кейiн де жолығып жүрдiк. Өзi өлеңдi жазып шығарады екен. Бiржан-Сараның көп жерiн жатқа айтып жүрдi.
Жамбылдың бұл сөздерi ақиқатқа толық сай келедi. Шынында да, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Айтыс жайында
Айтыс жайлы
АЙТЫСТЫ ОҚЫТУ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ
Қазақ шешендіктеріндегі сөйлеу түрлері
Біржан салдың лирикалық өлеңдері
ТҰРМЫС - САЛТ ЖЫРЛАРЫ. Тұрмыс-салт жырларының басты түрлері
Қазақ ескілігінің бір үлкен саласы айтыс өлеңдер
Қыз бен жігіт айтыстары
Қыз бен жігіт айтысы
Қазіргі айтыс тілінің ұлттық мәдени сипаты
Пәндер