Т. Ахтанов прозасындағы қаһарманның адамгершілік әлемі


КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Адамгершілік, ар-ождан мәселесі - адамзат тарихының өнбойында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат. Бүгінде барша адамзат өркениеттің өзгеше биігіне көтерілген үшінші мыңжылдыққа қадам басар кезеңде де рухани асыл мұрат - адамгершілік, азаматтық парыз, ар тазалығы өзекті қалпында қала бермек.
Бүгінгі таңда барша ізгі ниетті адамды елеңдетіп отырған үлкен көкейкесті мәселе - ғасырлар бойы тірнектеп құраған адам баласының рухани байлығының құнсыздана бастауы. Сондай-ақ мыңдаған жылдар бойы ұрпақтар санасының елегінен өтіп, жинақталған рухани игіліктердің арзандауына, ең бастысы адамгершілік асыл қасиеттердің төмендеуіне, тіршіліктің алтын қазығы іспеттес махаббат сезімінің әлсіреуіне жол беруде. Батыс Европа, Италия, Америка елдерінде рухани құлдырау өріс алуда. Бұл жағдай енді ғана қаз басып келе жатқан біздің мемлекетіміздің жастары арасында да көрініс беруде. Еш мән-мағынасы жоқ, тек қана дыбысқа кұрылған даңғаза музыка, кісіні қорлау, зорлау турасында жазылған детектив кітаптар, ату, асу, небір адам жаны түршігерлік оқиғалар туралы түсірілген кинофильмдер адамдар санасына кері әсерін тигізуде. Адамды рухани мәңгүрттікке жетелеуде.
Ендеше Т. Ахтановтың “Үндістан хикаясы”, “Шынтас”, “Махаббат мұңы” повестері, “Қаһарлы күндер”, “Боран” романдары адамның адамды көбірек түсінуіне және адам баласының өзі ұғынып болмаған бойындағы түрлі жағымсыз қасиеттердің түп себебінің неден өрбитінін мейлінше нәзік жеткізе алуымен құнды. Бұл тұста “Шындықты қызарта да, бозарта да боямай, ақиқат қалпының бар заңдылықтарымен көрсету, өмір ағысының, адамдар қатынастарының мазмұнына зерттей үңіліп, әр әрекет пен құбылыстың себебін терең ашу адамгершілік мәселесі мен қоғамдық әлеуметтік проблеманы ұштастыра, жымдастыра өру - Тахауи Ахтанов прозасының басты ерекшелігі ” /1, 126/, - деген ғалым Н. Ғабдуллин пікірі өте орынды.
Олай болса, адамгершілік арды серік еткен жазушы шығармаларының мәні мен мағынасына тереңдей ену арқылы Т. Ахтановтың туған әдебиет тарихынан алар орнын саралау біздің басты парызымыз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ көркем прозасының дамуына елеулі үлес боп қосылған Т. Ахтанов шығармаларының көркемдік қасиеті, қаламгер шеберлігі, тіл айшығы жайында байыпты толғамдарды М. Базарбаев, Р. Бердібаев, А. Нұрқатов, С. Қирабаев, Н. Ғабдуллин, Ә. Кекілбаев, Р. Нұрғалиев, Х. Есенжанов, Т. Тоқбергенов, Т. Сыдықов еңбектерінен кездестіреміз.
Т. Ахтанов шығармашылығы туралы баспасөз бетінде көптеген әдеби-сын мақалалар жарық көрді, Ол мақалаларда қаламгер шығармаларының біраз қырлары сөз болған. Солардың ішінен Ш. Елеукенов, М, Атымов, Ә. Нарымбетов, Қ. Құттыбаев, С. Әшімбаев, Б. Тоғысбаев, Қ. Қуандықов, Н. Оразалин, Ш. Нүрпейісованың мақалаларын атап өткен орынды.
Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы дос-жарандарының естеліктері, мерейтойларына байланысты замандас жазушылардың, қаламдас інілері Қ. Мұхамеджанов, С. Сейітов, Е. Домбаев, Т. Әлімқұлов, Т. Медетбеков, Ш. Мұртазаев, Б. Мұқай, Г. Бельгер, Б. Қорқытов, М. Мәжитов, С. Жұмабеков, Д. Исабеков, Т. Нұрмағамбетов, Г. Ахтанова, Ә. Сарай мақалалары қаламгер шығармашылығы жайында ой қорытуға біраз материал бар екенін аңғартады.
Т. Ахтанов прозасындағы рухани-адамгершілік ізденістер жүйелі түрде зерттеу жұмыстарына нысан болмаса да, қаламгер творчествасына арналған жекелеген әдеби-сын еңбектер мен мақалаларда сөз болып жүр. Біз диплом жұмысын жазу барысында сол еңбектердің мақсатымызға қажетін арқау еттік.
Адамгершілік проблемасы - әдебиеттану ғылымында өте жиі сөз болған, бұл күнде жан-жақты дамыған өте күрделі, теориялык мәні мол мәселе. Сондықтан да ғалымдарымыздың назарын үнемі аударып келеді.
Әдебиеттің алтын діңгегі ретінде уақыт озған, заман өзгерген сайын жаңа көркемдік тәсілдермен шешімін тауып келе жатқан адамгершілік, мораль мәселелері әдебиеттану ғылымында да өзгеше қырынан жаңаша дамуда. Өйткені адам жаны диалектикасының әдебиеттегі сыр-сипатын әлі де жан-жақты қарап, көңіл бөлетін жайттар көптеп саналады.
Біз Т. Ахтанов кейіпкерлерінің бойындағы заман рухына лайық болмыс, бітім, адамгершілік сапаларын тани білуге, оны бейнелеуде тың идеялық-көркемдік ерекшеліктері мен стильдік ізденісін айқындай түсуге ден қойдық.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Жазушы Т. Ахтанов романдарындағы рухани-адамгершілік ізденістерді зерттей отырып, оның қазақ әдебиетінің дамуындағы орнын, өзіндік шығармашылық даралығын айқындау.
- жазушы романдарының идеялық-тақырыптық өзгешелігіне, ондағы адамгершілік мәселесінің қойылуы мен шешіміне көңіл бөле отырып, тәрбиелік-өнегелік мәнін ашу.
- жазушы романдарын жан-жақты талдау үстінде оның әдеби процестегі маңызын көрсету, қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын пайымдау.
- образ жасаудағы бейнелеу құралдарының қолданылу принциптерін зерттеу.
- кейіпкер таңдау, оның жан-дүниесін, адамгершілік ізденістерін шынайы қалпында суреттеу шеберлігін таныту.
Зерттеу нысанасы (объектісі) ретіңде Тахауи Ахтановтың “Қаһарлы күндер” (1956), “Боран” (1966) романдары алынды.
Жұмыстың теориялық, методологиялық негіздері. Зерттеу барысында А. Байтұрсынов, М. Әуезов, З. Ахметов, З. Қабдолов, А. Нұрқатов, М. Базарбаев, Р. Бердібаев, Н. Ғабдуллин, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, Р. Нұрғалиев, М. Қаратаев, М. Атымов, Ш. Елеукенов, Ж. Дәдебаев, Б. Майтанов, З. Бисенғали, Т. Есембекояв және т. б. ғалымдардың ғылыми-еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Т. Ахтанов прозасы оның ішінде романдары жүйелі түрде диплом жұмысының талаптарына сай зерттеліп отыр.
- жазушы романдарының идеялық-такырыптық, көркемдік
ерекшеліктері зерттеу барысында ашылады.
- жазушының кейіпкер сомдаудағы суреткерлік шеберлігінің қырлары ғылыми тұрғыдан дәйектеледі.
- суреткерлік танымының өзгеше екендігі тұжырымдалып, талант қолтаңбасы қазақ романының дамуына қосқан үлес-салмағы айқындалады.
- қаламгердің кейіпкер болмысы мен характерін ұлттық мінезге сай етіп психологиялық нәзіктікпен ашудағы дара қолтаңбасы арнайы зерттелінеді.
Зерттеу әдісі. Т. Ахтанов шығармашылығының қазақ көркем прозасындағы көркемдік қуатын, қазақ әдебиетінде алар орнын, қаламгер шеберлігін, жалпы романдарындағы адамгершілік проблемасын зерттеуде салыстырмалы, объективті-аналитикалық талдау әдістерін басшылыққа аламыз.
Диплом жұмысының ғылыми-практикалық мәні. Диплом жұмысының нәтижелерін орта, арнайы, жоғары мектептерге арналған оқулықтар, оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде “Қазіргі қазақ әдебиеті” курсында дәріс беру ісінде, әрі 1960-70 жылдардағы көркем проза жайына арналған арнаулы курс пен семинарларда пайдалануға болады.
Диплом жұмысының құрылымы кіріспеден, негізгі екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында әдебиеттер тізімі берілген.
І ТАРАУ
Т. АХТАНОВ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ҚАҺАРМАННЫҢ АДАМГЕРШІЛІК ӘЛЕМІ
Әдеби шығарманың басты ізденісі - адамгершілік, ар-ождан мәселелері. Адамның мінез-құлқын рухани ұлы мұраттар биігінде шыңдау мен тәрбиелеуде әдебиеттің қызметі өлшеусіз. Әдебиетіміздің сонау балаң шағынан қазіргі өркениеттік биік шыңдарына дейін көркемсөз зергерлерінің қаламынан туған ғажайып дүниелердің барлығын бір арнаға тоғыстырып жатқан көркемдік түйін қаһарманның рухани-адамгершілік әлемі екені баршамызға аян.
Әділдік пен әділетсіздіктің, адалдық пен зұлымдықтың, махаббат пен ғадауаттың, жақсылық пен жамандыктың алысы адамзаттың барлық заманына тән. Мәдениет пен білім көркейген, ғылым мен техника дамыған заманымызда олардың түрі өзгергенмен заты өзгерген жоқ. Бүгінгі өмірімізде кездесетін келеңсіз жайттар тоғышарлық, мансапқорлық, өзімшілдік, пайдакүнемдік дерті жоғарыда аталған адамға жат қасиеттердің жаңа түрі екені еш дау тудырмайтыны белгілі.
Біздің зерттеу объектіміздегі Т. Ахтанов шығармаларында басты тұлғаның адамгершілік әлемі, міне осындай кеселдермен күрес үстіндегі әрекеттері арқылы ашылады. Жазушы шығармашылығына тоқталмас бұрын, суреткер қалам тартқан уакыт әдебиетіне қысқаша көз жүгіртіп өткенді жөн санаймыз. Бұл қаламгер прозасындағы адамгершілік ізденістердің ара салмағын айқындауда аса қажет. Тахауи Ахтанов әдебиетке соғыстан кейін келген буын өкілі болғанымен көркем әдеби туындыларын 50-жылдардың екінші жартысынан бастап қана ұсынды (Жазушы оған дейін сын жанры мен көркем аударма саласында жұмыс істеді) . Бұл уақыт, яғни 1956 жылдар әдебиеттегі жаңғыру кезеңі болатын. Партаяның XX съезі (1956) әдебиетке жаңаша көзқараспен карауға негіз болды. Саяси ұрандар мен науқандардан әдебиет біршама алшақтады. Әдебиет өзінің төл мәселесіне ден қойды, яғни адам жанының нәзік иірімдеріне көңіл бөліп, адамды сұлулыкқа әсемдікке, ізгілікке тәрбиелеуді басты мақсатына айналдыра бастады. Бұл жөнінде белгілі ғалым Р. Бердібаев: “Адамдарды көбіне станок немесе қырман басынан көрсетіп, өндіріс проблемалары маңындағы айтыс, таластармен көлем көбейту кеміп, мінездер кақтығысын, тіршіліктің төте “өз ” сауалдарын молырақ айту өсті, демек белгілі дәрежеде өмір өрісін гармониялы түрде ашу артты” /2, 157/, - деп жазады.
Сонымен қатар бұл кезде соғыс тақырыбы қайта қаралып, көркем әдебиет соғыстың жеке адамдар тағдырына тигізген әсерін, жалпыадамзатқа әкелген зиянын ашуға ұмтылды. Жазушылар соғыстың саяси мәніне емес, соғыстағы, қиын уақыттағы адамдар бойындағы сапа дәрежесіне көңіл бөлді. Бұған Б. Момышұлы, Т. Ахтанов, С. Бақбергенов, Н. Ғабдуллин шығармалары дәлел. Бір сөзбен айтқанда әдебиет жаңаша бір үрдіс, яғни адамды моральдық жағынан жан-жақты тәрбиелеу тенденциясы дами бастады. Жазушылар қай тақырыпта қалам тербемесін алдарына адамды рухани құндылықтар биігінде тәрбиелеуді мақсат етіп қойды. Әсіресе бұл тенденция 60-жылдардың екінші жартысынан бастап терең тамыр жайды. Дегенмен қоштасар сәті жақындаған XX ғасырдың 70 жылында үстемдік еткен кеңес үкіметіндегі идеология әдебиеттің дамуына кері әсерін тигізбеді деп те айта алмаймыз. Әдебиетте ғылыми-техникалық прогресстің адамзатқа тигізіп жатқан пайдасы басты орынға қойылды, ал шын мәнінде адам баласына әкелетін зияны ескерілмеді, тек жақсы жағынан көрсету көзделді. Адамгершілік қасиеттер де бір идеологияның, бір партияның қалыптасқан моральдық категорияларына негізделді, яғни адамды социалистік идеалдар (коммунизм құрылысшысы, ең бақытты, ең сәулетті, ең салауатты адам коммунистік партияның мүшесі, т. б. ) тұрғысынан тәрбиелеу басты мұрат болды.
Жоғарыда айтылған пікірлерімізді дәлелдеу үшін ғалым Ш. Елеукенов пікіріне тоқталғанды жөн көрдік: “Бізден кеткен қателік - социалистік реализм әдісін карилік қағидаға, социалистік бұлдыр мұраттарға қызмет етсін дегеніміз, Жазушыны өмірден идея ізде деу орнына, саяси идеяларды “ұрықтандыратын” амал іздеуге итермелегеніміз. Сондықтан көп шығарма шындықтан көз жазды, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрді. Мәселен өндірістік романды алыңыз, Соңғы жылдары технология проблемасы имангерлік, адамгершілік проблемалармен қоса талданатын болды, мұның өзі тәп-тәуір жетістік деп бағаладық. Бірақ өндірістік жанр әдебиетті шығанға шығарды ма? Дүние жүзі әдебиетін былай қойғанда одақтық әдебиеттің асыл қорына қосылған бұл жанрдан қандай жетістігіміз бар? Өндірістік роман дейтіннің өрісі тар. Одан философиялық ой, жанды ұлттық характер, терең психологизм іздеп жарымайсың. Себеп сол, өндірістік роман кейіпкерінің әлеуметтік функциясы сыңар жақ келеді” /3, 222-223/.
Дұрысында әдебиет ең алдымен адам жанының ең бір ұрымтал тұстарын дәл тауып, адамды өмірдің өзіндегідей шынайы қалпында суреттеп, оқырман жүрегіне жол тауып жатуы тиіс. Арнасы кең бұл талаптар өмірлік қағидалардан тысқары бір партияның көзімен бағдарланған социалистік реализмнін тар аясына сыймады. Сөйтіп социалистік реализм деп айдар тағылған әдебиеттегі қалыптасқан стеореотипті, канондық шарттарды бұзған жаңашыл туындылар туа бастады. Бұған ұлы жазушы М. Әуезовтің “Өскен өркен” романы мен әңгіменің атақты шебері Ғ. Мүсіреповтің “Сөз жоқ соның іздері” атты әңгімесінен бастау алған бір топ прозаиктеріміздің шығармаларын атап өтуімізге болады. Мәселен, осы кезде жарық көрген С. Шаймерденовтің “Мезгіл”, С. Омаровтың “Күншуақ”, Н. Ғабдуллиннің “Өмір қымбатсың маған”, Ә. Таразидің “Құйрықты жұлдыз”, Ә. Кекілбаевтың “Бір шөкім бұлт”, Ш. Мұртазаның “Табылған теңіз”, “Белгісіз солдаттың баласы”, Б. Соқпақбаевтың “Менің атым - Қожа” т. б. повестердің елеулі орны бар. Бұл туындылар әдебиетте қалыптасқан жеке адамның тұлғасын еңбекке, өндіріске, шаруашылыққа байланысты ашудан мүлдем бас тартады. Кейіпкердің жан әлеміне ену арқылы моральдық-этикалық мәселелер жан-жақты көркем шындықпен жазылды. Бұл қазақ әдебиетінде, оның ішінде проза жанрында жаңа ізденістер - адамгершілік ізденістердің қанат жая бастағанын көрсетті. Осы кезең әдебиетіне тек қана гуманистік дәстүр тірек болған жоқ, сонымен қатар жазушылар рухани жоғары адамның образын сомдауға күш сала отырып, философиялы тереңдікке бойлады, яғни өмірдің мәнін жете түсіндіруге тырысты және шын мәніндегі адамның бойындағы қайырымдылық, шыншылдық, қажырлылық, әділдік, адалдық, ар-ожданы биіктік т. б. сияқты адамдық асыл қасиеттердің шешіміне жалпыадамзаттық рухани игіліктер биігінде қарады. Әдебиеттің ең басты рухани мұраты - адамгершілік ізденістер кеңестік әдебиеттің 70-80 жылдарында жаңаша бетбұрыс алды. Осы орайда шығармашылық ізденістерін "табиғат және адам", "соғыс пен бейбітшілік", "техникалық жетістік және оның адамзат дамуына әсері" сияқты ғасырдың ең үлкен күрделі сұрақтарын барша адамзаттық рухани-адами құндылықтармен бірлікте қарастырған жазушылар болды.
Бұл тенденция прозамызда Ә. Кекілбаев, О. Бөкеев, Д. Исабеков, С. Мұратбеков, Ә. Тарази, М. Ысқақбаев, С. Санбаев сияқты қаламгерлер есімімен тығыз байланысты. Және де осы ізденістің көш басында біздің зерттеу нысанамыздағы халық жазушысы Тахауи Ахтановтың прозалық шығармалары тұрғанын айтпауға болмайды.
Қаламгер адамгершілік ізденіске қалай келді? Моральдық-этикалык, рухани-адамгершілік ізденістер суреткердің алғашқы шығармаларында қалай көрініс тапты? Міне, осы сауалдардың басын ашу үшін жазушының шағын прозалық шығармаларына қысқаша сипаттама берген орынды деп ойлаймыз.
Т. Ахтановтың суреткерлік талантының табиғатын, азаматтық позициясын, жазушылық беталысын саралаған алғашқы шығармасы - “Күй аңызы” (1956) . Мұнда автор адамдық бақыт пен жеке бастық эгоизм арасындағы тартысты көрсетеді. Егер “Күй аңызы” көзсіз эгоизмді адамдық бақыт жолындағы саналы құштарлық, арман-тілек жеңгенін айтса, “Алыстан жеткен сарын” (1959) әңгімесінде адамзат баласы ғасырлар бойы арыла алмай келе жатқан рухани кесел - нәпсіқұмарлықты сөз етеді. Өз-өзін жақсы көретін, өз бақытын, өз жан рақатын бәрінен де жоғары қойған ақылсыз, ерке хан қызы жау елінің батырына өзін бір аймалату үшін әкесін, халқын, отанын құрбан етеді. Сөйтіп, атағы жер жарған Аяз қала бір ғана адамның тойымсыз нәпсісінің астында қалады.
Қаламгер адам баласын небір келеңсіз жайттарға бастайтын эгоизм табиғаты жайында сөзді бұл екі әңгімесімен аяқтамайды. “Қызғаныш” (1959) әңгімесінде оның бүгінгі күнгі көрінісін берген. Жазушы бұл әңгімесінде табиғатынан талантты жігіт Жұмабекті көп қолпаштау мен мадақтаудың салдары “өзімшілдік” дертіне шалдықтырғанын шеберлікпен бейнелейді. Сондай-ақ бұл шығармасында өнерді жеке қара басының пайдасына айналдыруды көздеген суретші Доғал бейнесінде жасайды. Ол: “Эксперт комиссиясында “Қайыңдарымды” үш мыңға ытқытып жібердім” деп арзан дүниесін қымбатқа сатқан кәсіпқой ептілігіне риза болады. Доғал образы арқылы жазушы өмірдегі тоғышарлықтың өнердегі көрінісін көрсетеді. Әңгімеде Жұмабек пен Доғалға қарама-қарсы суретші жігіт Ермек пен қарапайым қыз Роза бейнесі жасалған. Ермек өнердің шын жанашыр адамы ретінде әсер қалдырса, Роза дүниеге шынайы қарайтын, сезімтал жан ретінде көңілімізге нәзік сыр құяды.
ТАхтановтың психологтық талантын танытқан әңгімелерінің бірі - “Жоғалған дос”. Мұнда автор адамгершілік арды, азаматтық парызды аяқ асты еткен опасыз Мырзахмет пен оның арбауына түсіп, адал махаббатын қор еткен ана - Ғайни өмірінен әңгіме қозғайды. ТАхтанов бұл шығармасында адалдық пен опасыздықтың қарсылықты образын жасайды.
Шағын әңгімелерде көрініс берген адамгершілік мәселесі повестерінде жазушының басты ізденісіне айналады. Осы тұста кезінде М. Әуезовтің өзі жоғары бағалаған "Махаббат мұңы" (1960) повесі туралы айтпай кетуге болмайды.
Т. Ахтанов “Махаббат мұңы” повесінде эгоизмнің адамды адамгершіліктен ада қылатын сұрқия сипатын ашып береді. Бұл повесінде де алдыңғы әңгімелеріндегі сияқты өнер адамының образын жасайды. “Күй аңызында” күйші, “Қызғанышта” суретші өмірін, “Алғашқы әнде” композитор өмірін сөз етсе, “Махаббат мұңында” ақын өмірін арқау етеді. Мұнда 15 жасынан өлең жаза бастаған, айнала тіршіліктен тек қана сұлулықты, іңкәрлікті көре білген, көкірек көзі ояу, сезімтал ақын қыз Ләззат өмірін сөз етеді.
Ләззат 3 курста оқып жүргенде әдебиет үйірмесінің жетекшісі Нияз ақынмен танысады. Періште көңілді - Ләззат әккі жігіт Нияздың арбауына түсіп қалады. Аппақ, адал көңілмен берілген Ләззат сезімін Нияз аяққа басады. Ләззат өзі сүйген Нияздың кемшіліктерін көрмейді. Өзінің адал махаббатына жасаған Нияз опасыздығын сезбейді. Тек көп жыл өткен соң редакцияның тапсырмасымен Нияз өлеңдерін оқып шыққаннан кейін ғана оның кім екеніне көзі жетеді. Ләззат Нияздың осы уақытқа дейін әдебиетке масыл болып келген жалған ақындығын таныды. Сол арқылы алдында тұрған адамның өзінің кіршіксіз таза махаббатының алдында сондай мүсәпірлігін көріп жерінеді. Сөйтіп өзінің адал махаббатын таптаған опасыз жанмен біржолата қоштасады.
Ахтанов бұл шығармасында адалдықты серік еткен Ләззаттың рухани әлемінің биіктігін көрсетсе, өзін ғана ойлайтын Нияздың адамгершіліктен айырыла бастаған рухани бейшаралығын танытады. Эгоизмнің сиқыр күші рухани әлсіз Ниязды біржолата соқыр қылып тастайды.
Жазушы эгоизмді табиғи кемтарлық емес, үлкен әлеуметтік кесел ретінде суреттейді. Ниязды осындай күйге, яғни өзімшілдік дертіне жолықтырған оньң жалғыз ақылсыздығы ғана емес, айнала қоршаған ортасы. Ол орынсыз мақталды, орынсыз баға мен қолпаштауға ие болды. Міне, мұның бәрі келіп онсыз да рухани әлсіз Ниязды адамгершілік сипаттан тұлдыр жексұрындыққа бастады. Бір сөзбен айтқанда Т. Ахтанов адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді әшкерелеп қоймайды, оның қайдан, неден тамыр жаятынын ашып көрсетеді. Шағын әңгіме, повестерінде етек алған бұл үрдіс романдарында жазушының шығармашылық басты қазығына айналды.
Енді жазушының басты бағдарымыздағы романдарына жеке тоқтала отырып, ондағы қаһармандардың рухани адамгершілік әлеміне барлау жасалық.
“Қаһарлы күндер” романы - көркемсөз шебері Тахауи Ахтановтың прозадағы тұңғыш көлемді шығармасы. Ол алғаш 1956 жылы жарыққа шықты. Роман жарыққа шығысымен-ақ әдеби жұртшылықтың, оқырман қауымның назарына ілікті. Туынды туралы Ә. Нарымбетов, А. Нұрқатов, Қ. Құттыбаев, І. Омаров, Ә. Нүрпейісов, С. Әшімбаев т. б. сыншы-ғалымдар өз пікірлерін білдіріп, сын мақалалар жазды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz